Ұсыныс. Пікір. Махамбет БаІтыҒҰлов



Дата25.04.2016
өлшемі69.69 Kb.
Ұсыныс. Пікір.
Махамбет

БаІтыҒҰлов,

Орал қалалық мамандандырылған

әкiмшiлiк сотының төрағасы

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық

заңдарын жетiлдiру — уақыт талабы

Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық саласында болып жатқан өзгерістер, еліміздегі құқықтық жүйені реформалауды тереңдете түсуді қажетсінеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев құқық қорғау органдарымен өткізген мәжілісінде демократияландыру үрдістерін жетілдіре отырып, тәуелсіз әрі әділетті сот жүйесін қалыптастырудың маңыздылығын атап көрсетті.

Сот жүйесін жетілдіру бағытында көптеген игі бастамалар жасалынып жатыр. Соның бірі — соттарды мамандандыру ісі.

Өткен 2004 жылдың 9 қыркүйегінде республикамыздың барлық облыс орталықтары мен ірі аудандарында мамандандырылған әкімшілік соттарды құру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің N 1437 Жарлығы қабылданып, ізінше, яғни 2004 жылғы 13 желтоқсанда, Елбасының N 1498 Жарлығымен мамандандырылған әкімшілік соттардың төрағалары тағайындалған болатын. Қазіргі уақытта аталмыш соттар өз қызметтерін бастау қарсаңында.

Бүгінгі күнге дейін шын мәнісінде судьялар әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарауды уақыттың тығыздығына байланысты қарбаластық жағдайында, асығыс атқарып келген болса, арнайы мамандандырылған әкімшілік соттардың құрылуына байланысты ендігі жерде судьялардан істерді мұқият, заң нормаларының талаптарын қатаң сақтай отырып қарау талап етіледі.

Осыған орай, тараптардан түсетін ұсыныстар да болмай қалмайтыны анық. Тоқталып өтер болсақ, мамандандырылған әкімшілік соттардың құрылуына байланысты, Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексі қабылданып, жуық арада қолданысқа енгізілсе құба-құп болар еді. Ол соттардың алдында тұрған мақсатын одан әрі айқындай түсіп, іс жүргізу барысы мен соттар қабылдаған шешімдердің сапалы болуына зор ықпал етері сөзсіз.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің кейбір баптарына өзгерістер енгізілсе деген ұсыныс туындап отыр.

Сондай ұсыныстардың кейбіреулеріне ғана тоқталсақ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 707-бабында жеке адамға, немесе заңды тұлғаға қатыс-ты айыппұл салу туралы қаулыны азаматтардың өз еркімен орындауы қарастырылған.

Осы заң талабына сәйкес, әкімшілік жауапқа тартылған адам айыппұл салу туралы қаулы шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) жазбаша нысанда кейіннен хабарлай отырып, айыппұлды әкімшілік айыппұл салу туралы қаулының заңды күшіне енген күннен кейін, не кейінге қалдыру мерзімі өткен күннен бастап 30 күннен кешіктірмей төлеуге тиіс. Егерде осы мерзімдер ішінде жеке адам, немесе заңды тұлға салынған айыппұлды төлемеген жағдайда ӘҚБҚ-нің кодекстің 708-709 баптарының талабына сәйкес, әкімшілік жазаны қолданған орган (лауазымды адам) айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату үшін сотқа жібереді. Судья айыппұл салуға құзырлы органның (лауазымды адамның) қаулысын қайталап қаулы шығару арқылы мәжбүрлеп орындауға жібереді.

Меніңше, мұндай заң нормасы судьяның органның (лауазымды адамның) шығарған қаулысының заңдылығын тексеріп, тиісті шешім алуына мүмкіндік бермейді. Тіпті судья органның (лауазымды адамның) қаулысының заңсыз екенін көре тұра, оны бұзуға құқығы жоқ.

Бұл жерде сотқа өзінің міндетінен тыс мемлекет органының қаулысын мәжбүрлеп орындату функциясы жүктелгенін, яғни сот атқару билігінің органына айналғанын көруге болады. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясына қайшы.

Осы жерде Орал қалалық соты шығарған сот қаулыларының біріне қатысты орын алған мына бір қолайсыздықты мысал етіп алуға болады.

Орал қаласының медициналық айықтырғышы өздеріне түсіп шыққан бір азаматтың үстінен хаттама толтырып, айып салады. Бірақ аталған адам заңда көрсетілген мерзімде айыбын төлемегесін медициналық айықтырғыш айып санкциясын мәжбүрлеп орындату үшін сотқа жолдайды. Сот тиісінше қаулы шығарады. Сот қаулысын мәжбүрлеп орындатуға барған сот орындаушысын көрсетілген мекен-жайда тұратын азамат таңырқай қарсы алады. Тұрақты жұмыс орны бар, отбасылы, салиқалы адам екен. Қаулыда көрсетілгендей жағдайды өмірде басынан өткеріп көрмепті. Бірақ, мекен-жайы мен аты-жөні өзінікі. Сот орындаушысы жаңылмай келіп тұр. Амалсыздан азамат сотқа өзінің кінәсіздігін айтып, арыз жазуға мәжбүр болады. Сөйтсе, жағдай былай болған. Айықтырғышқа түсіп шыққан адам жауапкершіліктен құтылу үшін, хаттамаға танысының аты-жөнін жаздырған. Айықтырғышқа түскен азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттарын егжей-тегжейлі анықтап жатпастан хаттама толтырған орган (лауазымды тұлға) жалған мәліметті сотқа дейін жеткізіп, айналып келгенде ешбір кінәсіз азаматты әбігерге салған. Мұндай жағдай билік өкілдерін мағынасыз, мәнсіз әрекеттерге итермелеп қана қоймай, азаматтардың моральдық және іскерлік беделі мен заңды мүдделерінің қорғалуына, сот билігінің мәртебесіне де нұқсан келтіретіндігі белгілі. Бұл жерде сот азаматтардың заңды мүддесін қорғаушы емес, керісінше, заңсыздықты заңдастырушылық, демек, жазалаушы органның рөлін атқарып тұр.

Қазақстан Республикасы Конституциясында көрсетілгендей, біздің елімізде сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

Менің ойымша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің барлығы сотта қаралып, әкімшілік жаза тек сот арқылы жүзеге асырылғаны дұрыс. Бұл, біріншіден, адамдардың құқығының қорғалуын, заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді.

Екіншіден, әкімшілік жазасын қолдану туралы қаулының созбалаңға салынбай, тез арада орындалуына мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы ӘҚБК-нің 539-бабының 5-бөлігінде “Осы Кодекстің 27-бабына сәйкес, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан адамның арызы бойынша осы Кодекстің 2-бөлімінің Ерекше бөлігінде көзделген кезкелген құқық бұзушылық туралы істі судья қарайды” — деп көрсетілген. Бірақ, сот тәжірибесінде заңның бұл талабы тиісті дәрежеде жұмыс жасап тұрған жоқ. Өйткені кезкелген әкімшілік құқық бұзушы заңның бұл талабын біле бермейді.

Кейбір заңгерлер, уәкілетті мемлекеттік органдардың (лауазымды адамдардың) жеке немесе заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартып, әкімшілік айыппұл сомасын өндіру туралы қаулыларын мәжбүрлеп орындату үшін тікелей сот орындаушысына жіберудің қажеттілігі туралы ұсыныстарын айтады. Ал сот орындаушысына қаулылар орындауға түскеннен кейін оның заңдылығы тексерілместен орындалуға жататыны анық.

Сондықтан осыған қатысты айта кететін жәйт, әкімшілік жауапкершілікке тартуға құзыреті бар мемлекеттік уәкілетті органдар (лауазымды адамдар) тиісті әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаған жағдайда әкімшілік істі қозғап, ол туралы хаттаманы жасақтап, оған қатысты, яғни жеке немесе заңды тұлғаның әкімшілік құқықты бұзғандығын толықтай айқындайтын дәлелдемелері мен айғақтарын іске тіркеп, сотқа жолдағаны дұрыс болар еді. Судья істі қарап, әкімшілік жауапкершілікке тартуға алынған негіздерді саралап, іс материалдарын зерделеп, жауапқа тартылған жеке немесе заңды тұлғаның кінәсы бар ма, оның әкімшілік жауапкершілікке тартылуы заңды ма, осы жақтарын анықтауы тиіс.

Бұл орайда судья істің анық-қанығына жеткеннен кейін заңды қаулы қабылдап, оны сот орындаушысына мәжбүрлеп орындату үшін орындауға жібергені дұрыс болар еді. Осы тәжірибені қолданса, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары қорғалып, азаматтардың сот билігінің әділдігіне деген сенімдері ұлғайып,сот қаулылары сапалы болып, әрі соттар қабылдаған қаулыларды орындауды азаматтардан талап ету де жеңілдей түсер еді.

ӘҚБК-нің 656-бабының 2-бөлімінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша орган (лауазымды адам) шығарған қаулыға тікелей сотқа шағым беру тәртібі азаматтық іс жүргізу заңдарымен белгіленеді деп көрсетілген. Ол ҚР АІЖК-нің 26- тарауы, 275-277-баптарында қаралған. Ал, судьяның іс бойынша шығарылған қаулысына шағым келтіру тәртібі және оны облыстық сотының судьясының қарау тәртібі әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң нормасымен белгіленген.

Не себептен, қандай құқықтық негізде әкімшілік құқық бұзушылық іс азаматтық іске айналдырылған.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық істерді орган (лауазымды адам), судья қарағанда мәжіліс хаттамасы жүргізілмейді. Ал, органның (лауазымды адамның) әкімшілік іс бойынша шығарған қаулысына келтірген шағымды азаматтық іс жүргізу тәртібімен судья қарағанда сот мәжілісіне хаттама жүргізіледі.

Болашақта осы қайшылықтар жойылып, азаматтық істер жүргізу кодексінде қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларына дау айту туралы істер бойынша іс жүргізуді Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізген дұрыс болар еді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға әзірлеу кезінде судья хаттамада көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылық әрекет Кодекстің бабы мен бөлігіне сәйкес келетінін, не келмейтіндігін тексереді.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың дәрежеленуі Кодекстің Ерекше бөлімінде қаралған нақты баптың диспозиясына сәйкес келмесе, судья ӘҚБК-нің 646-бабының 1-бөлімінің 4-тармағының талабына сай, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа материалдарын хаттама жасаған органға (лауазымды адамға) кері қайтаруға міндетті.

Егерде, істі сот мәжілісінде қарау барысында хаттамада көрсетілген әкімшілік құқық бұзушылықтың дәрежеленуі өз дәлелін таппаған жағдайда, судья әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізуді қысқарту туралы қаулы шығарады, нәтижесінде құқық бұзған адамның әкімшілік жауаптылықтан босатылуына жол беріледі.

Бұл жағдайды жетілдірген дұрыс болар еді. Өйткені, әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасын түзеген адам, әр түрлі жағдайда, мысалы: өзінің құқықтық білімінің жеткіліксіздігінен, мұқиятсыздығынан, немесе әдейі, т.б. жағдайларда құқық бұзушылықты қате дәрежелеуі мүмкін.

Сондықтан, судья сот мәжілісінде істі қараған соң құқық бұзушылықтың нақты орын алғанын анықтап, оны дұрыс дәрежелеуге құқылы болуға тиіс деп санаймын.

Мұндай жағдай әкімшілік құқық бұзушылық істердің сотта дер кезінде, яғни іс хаттама түзеген органға (лауазымды адамға) кері қайтарылып, одан қайта сотқа келіп, істің созбалаңға салынбай қаралып, құқық бұзушыға заңда көзделген тиісті әкімшілік жаза алынып, жауаптылықтан жалтарып кетпеуіне себеп болар еді.



Осы қолданыста жүрген әкімшілік құқық бұзушылық заңдарының кейбір баптарының олқылықтары жетілдіріліп толықтырылса, жоғарыда айтылған қайшылықтар жойылып, заң нормаларының және азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермес еді. Бұл — уақыт талабы.
Каталог: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> d7c7e9e25e5a30ab4625709b0032d2a4 -> $FILE
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
$FILE -> Кодекс және сот практикасы Әдiл ҚҰҚРЫҚ баев
$FILE -> Қылмыстық іс жүргізуде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тактикасы


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет