Сөйтiп, «Алашорда iсi» атты әйгiлi тергеу осылай басталып, ұзынырғасы 44 адам жауапқа тартылды. Тек қанша шырғаласа да Әлихан Бөкейхановты шеңгелiне түсiре алмады. Тергеушiлердiң өзiн тергеп, тұтқындауға ерiк бермедi



жүктеу 376.51 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі376.51 Kb.
4. 08. 30 ж.
Жақып Ақбаев 8. 08. 30.

Үмбетбаев Алждарбек 8 08 31


МҰХАМЕДЖАН ТЫНЫШБАЕВ


Сөйтiп, «Алашорда iсi» атты әйгiлi тергеу осылай басталып, ұзынырғасы 44 адам жауапқа тартылды. Тек қанша шырғаласа да Әлихан Бөкейхановты шеңгелiне түсiре алмады. Тергеушiлердiң өзiн тергеп, тұтқындауға ерiк бермедi. Сонымен, «Ұлы құрбандық» шалынды. Мұны Голощекин «Партия құрылымының 10 жылдағы» атты баяндамасында: «Алашорда» қайраткерлерiнiң қақпанға түскенiн ерекше мақтанышпен мәлiмдеп:

«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм - қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуiнде ұлтшылдардың өзi берген куәлігi. Сондай-ақ, дәл осы күндерi Тынышбаевтiң, Ермеков пен Досмұхамедовтердiң тағы да бiр контрреволюциялық-ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда», - деп ұзақ уақыт екiлене сөйлеп, тергеу жауаптарынан үзiндiлердi ерекше рахаттанған сезiммен оқыды.

Ой өрiсi – өсектен, iс-әрекетi – тақтан, көзқарасы – қондырғы насихаттан аспаған, жiгерсiз жандардың «мәмiлеттерi де» мағынасыз, мәнсiз, етекбасты деректерге құрылды. Соның нәтижесiнде алыпқашпа айқайға құрылған Голощекиннiң «көсем сөздерi» де салпаңқұлақтардың сауатсыз жазылған тыңшылық жазбаларының жиынтығына ұқсады. Көбiк езулене, даурыға, шаптыға сөйлеген мемлекет басшысының өз сөзiн өзi қызықтап, есiрiп кететiнi сондай, негiзгi баяндаманы оқуды ұмытып кетiп, жарты күн мiнбеге мiнiп, бурадай шабынып тұруды әдетке айналдырды. Әлгi жандайшаптар ұйымдастырған «ұзаққа созылған қызу қол шапалақтаулар» Голощекин реттi-ретсiз балағаттаған тұста да, шапағаттаған тұста да дамылсыз соғылып, оны дәмiл-дәмiл шабыттандырып отырды.


Мұхамеджан Тынышбаевтi «Түрксiб» темiр жолының тағаны төселiп бiткенше «қалпақ астында» ұстады да, тура салтанатты ашылу ресiмiнiң қарсаңында қақпайлап шетке шығарды. Өйткенi, «Алашорданың», уақытша үкiметтiң қайраткерi, Қоқан Республикасының премьер – министрi Кеңес үкiметiне темiр жол салып бердi дегiзу – асқан арандатушылық, қастандық әрекетi болып табылатын. Сөйтiп, «ұлы құрбандықтың» екiншi легi түрменiң торына:



«1. Ермеков Әлiмхан - 6/Х. 30 ж.

  1. Тынышбаев Мұхамеджан - 4/ VIIІ – 30 ж.

  2. Досмұхамедов Халел – 14/IХ – 30 ж.

  3. Досмұхамедов Жаhанша – 31/Х – 30 ж.

  4. Қожамқұлов Нашир – 20/Х – 30 ж.

  5. Сүлеев Бiләл – 27/IХ – 30 ж.

  6. Кенменгеров Қошмұхан – 17/IХ – 30 ж.

  7. Әуезов Мұхтар – 17/IХ – 30 ж.

  8. Омаров Әшiм – 14/IХ – 30 ж.

  9. Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.

  10. Бұралқиев Мұстафа – 17/IХ – 30 ж.

  11. Ақбаев Әбдухамид – 14/VIII – 30 ж.

  12. Ақбаев Жақып – 8/VIII – 30 ж.

  13. Қадырбаев Сейдазым – 14/IХ – 30 ж.

  14. Тiлеулин Жұмағали – 2/VII – 30 ж.

  15. Мурзин Мұхтар – 14/IХ – 30 ж.

  16. Омаров Уәлихан 30/III – 31 ж.

  17. Үмбетбаев Алдарбек – 8/VIII – 31 ж.

  18. Искаков Даниал – 29/III – 31 ж.

  19. Мұнайтбасов Әбдiрахман – 23/IХ – 31 ж.»-

күндерi түстi.
Алдыңғы көсемдер толқынынан кейiнгi алаштың ең үмiттi топтары осылар едi.
Сонымен, қазақ ұлтының рухани көсемдерiнiң барлығы бiр жылдың жаппай түрмеге қамалып, жазалау саясатының құрбандығына шалынды. Қоғамның саяси және рухани, мемлекеттiк өмiрiндегi орыны мен күрес тәжiрбиесiнiң, көзқарастары мен iс – әрекеттерiнiң, тiптi, жас мөлшерiнiң айырмашылықтарына қарамастан бастары бiр көгенге қосақталып, ортақ айып тағылды. Мақсаты мен тiршiлiк тоғысы, мекенi мен мекемелерi ортақ болғандықтан да олар бiр – бiрiн бiлетiн, аралас-құралас ғұмыр кешкен. Сол таныс-бiлiстiгiнiң өзi оларға қылмыс ретiнде таңылды.

«М.Тыншбаевтің және басқалардың кеңес өкіметін құлату мақсатында құрылған астытын ұйымы туралы тергеу ісі», жоғарыда көрсетілгеніндей, «Алашорда» үкіметінің әскери кеңесінің мүшесі, Қоқан (Түркістан) автономиялы респубkикасының премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаевтан басталады.



Мұхамеджан Тынышбаев – 1879 жылы туған. 1890-1900 жылдары Верный гимназиясында оқыған. 1906 жылы Петроградтағы байланыс қатынастары институтын бітірген. Инженер-теміржолшы. 1905 жылғы революциялық қозғалыстарға белсенді түрде қатысқан және Жетісу қазақтарының арасында тұңғыш рет азаттық пен бастандық идеясын насихаттап, таратқан. «Сын отечества» (шығарушы с-р Юрицев), «Радикал» (шығ. Маргулиев), «Речь» және «Русский Туркестан» (Морозовтың басшылығымен) газеттерінің тілшісі болған. Проф. Бодуен де Куртенмен (поляк), А.Кусовпен (украйн), журналист В.Жаботинскиймен (еврей) және басқалармен бірігіп 1905 жылы автономияшыл-федералшылардың одағын құрды. «Руский Туркестан» газетіндегі «Қазақтар және азаттық қозғалысы» атты баяндама одақтың құрылтайында тәргіленіп, айып салынды. 1905-1906 Верныйда тұтқындауға астыртын бұйрық берілген, Петербургте жасырынп жүрген.1907 жылы Жетісу қазақтарының атынан мемлекеттік Думаның мүшелігіне сайланды. 1912 жылы Орынборға бақылау астына жіберлген Мемлекеттік Думаның мүшесі Ә.Бөкейхановпен, әкімшілік тұрғыдан жер аударылған А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін ашқан. Жетісуға келуге тиым салынғандықтан да 1914 жылдан бастап Самарқанда суландыру саласында, кейіннен Орта Азия темір жол торабында, Жетісу торабында қызмет етті. Самарқан, Ашхабад, Қоджент, Ташкент, Шымкент қалаларында үнемі полицияның бақылауы астында жүрді.1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің қанды оқиғалары туралы әйгілі «Түркістан генерал-губернаторы мәртебелі Куропаткинге» ашық хат жазды. 1917 жылы Уақытша Үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, 1917 жылы 24 сәуірде Түркістан автономиясының төрағасы, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда «Алашорда» үкіметінің мүшесі, заң актілерінің авторларының бірі болды. 1918 жылы Уфадағы Құрылтай жиналысы мүшелері комитетінің (Комуч) кеңесіне қатысты, 1919 жылы Колчак үкіметіне қазақ даласын басқарудың жобасын ұсынды, 1918-1919 жылдары Шығыс «Алашорданың» әскери кеңесінің мүшесі, 1920 жылы Солтүстік Жетісудағы «Алашорда» отрядын бейбіт қарусыздандырып, қазақ атты әскер полкі ретінде ұйымдастыру шарасын жүзеге асырды.1920-1924жылдары аралығында Түркістан темір жолында, Түркістан су шаруашылығы жүйесінде, Түркістан атқару комитетінің Жерге орналастыру комиссиясында бас маман, Халық ағарту институтында оқытушы болды. 1925 жылы Қызылорда қаласының көркейту жүйесінің бастығы, 1926-1930 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында жобалаушы-инженер, участке бастығы қызметін атқарды. 1930 жылы 4 тамызда түрмеге қамалды.

«Алаш» партиясының үкімет мүшелігіне ұсынған №2 үміткерге 1917 жылы 28 қазанда «Қазақ» газетінде берілген анықтамасы М.Тынышбаевтің ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік рухынан толық хабар береді. Онда:



«25 июнь жарлығы тақырыпты Жетісуда бүліншілік болғаннан бері Мұхамеджан көзге көрінерлік көп пайда келтіріп жүр. Былтыр Түркістан уәлаятына Куропаткин генерал-губернатор болып тұрған кезде Жетісудағы бүліншіліктің не себепті болғандығын, айыптың бәрі Жетісу қырғыз-қазағында емес, жергілікиі хакімдердің жауыздығынан болғандығын Куропаткинге жете түсіндіруші Мұхамеджан. Түркістан уәлаятындағы қазақ-қырғыздың жер-суы переселен мекемесінің зиянды саясаты бойынша мұжыққа алынғандығын, жергілікті халықтардың тау мен тасқа қамалып қалғандығын һам мұнан былай да жер алынатын болса, қазақ-қырғыз аса таршылықта қалатындығын анықтап доклад жазған Мұхамеджан.

1905 жылы бостандық елестеген кезде Петроградқа һар облыстан түрлі мәселелер һақында ізденуші қазақтар көп барғанда, қазақтың пәленше-түгенше деп Алашқа аты шыққан кейбіреулері арызшылардың қалтасын қанауды кәсіп қылғанда, басшылық етіп, еңбегін сатпай, қызмет көрсеткен Мұхамеджан. Ол жылдары Мұхамеджан Петрборда оқып жүрген студент еді. Сол жылғы петрборшылар Мұхамеджанның кім екенін, басқалардың кім екенін біліп қайтқан.

Мұхамеджанды өзгерістен кейін хүкімет Түркістан комитетіне ағза қылып сайлады. Түркістан уәлаятындағы бес облыс һам Бұқара, Хиуа істерін басқару үшін құрылған Түркістан комитетінің барлық 9 ағзасының екеуі қазақ еді: Әлихан һам Мұхамеджан. Мұнан көрінеді: Мұхамеджан қазақта бір болса – өзі, екі болса – екінші кісі екендігі. Жаз бойы Мұхамеджан қазақ-қырғыз һам мұжықтар үшін жәрдем сұрап, Петрборға барып қайтты» – деп жазылды.

Бұл сөздердің астарында ұлт мүддесі үшін бар өмірін арнаған алаш азаматының қайсар рухы жатыр. Қазақ тарихында зерттелмеген аса бір талқысы осы күнге дейін созылып келеді. Бұл мәселеге жанын сала кірісіп, жүздеген мың қазақты отанына қайтарып, жерге орналастырып, сол үшін басын бәйгеге тіккен адам – Мұхамеджан Тынышбаев. Түркістан генерал- губернаторына қырғынның барлық шындығын ашып айтып мәселе қойған да, уақытша үкіметтің арнайы тергеу комиссиясын құрғызған адам да – Мұхамеджан Тынышбаев. Соның нәтижесінде ұлт-азаттық көтерілісі тұсындағы жазалау отрядтарының «әскери серуені» – қанды қырғыны туралы әшкерелеуші деректер мұрағатта сақталып қалды. «Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақ жайы» атты «Қазақ» газетінің 1917 жылға 6 желтоқсан күнгі санында:



«Қазақтың» 237-ші нөмірінде Қытайға босқан қырғыз-қазақтың саны  164 мың, қырылғаны 83 мың, қытайда қалғаны 12 мың деп көрсетіліп еді. Енді бұл туралы анығырақ есеп-қисап көрсетпекшіміз. Бұл төменгі көрсетілген есеп шын мөлшерінен аз болмаса, кем емес. Пішпек, Пржевал уездерінен қашқанның бәрі қырғыз, Жаркент, Алматы уездерінен қашқанның бәрі қазақ «үйсіннің албаны). Жоғарғы 44 болыс елде барлығы 47мың 759 түтін бар, сонан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан болады. Бұл есепке қарағанда бұл елдердің босқындарының жартыға таяу адамы қырылған» – деп талдау жасады.
«Алашорданың» Жетісудағы бөлімін басқарған М.Тынышбаев дербес «Алаш» жасағын да құрды. Оған Мұхамеджан Тынышбаев, Садық Аманжолов, Ыбырай Жайнақов, Отыншы Әлжанов, С.Ақаев, Т.Дүйсебаев, Н.Ниязов, Сыртанов, Омаров, Үмбетбаев, Мәметов, М.Төлебаев, Күдербеков, Б. Сүлеев сынды алаш қайраткерлері Жетісу «Алаш» әскеріне жетекшілік етті. Олардың шұғыл түрде әскер құрмасқа амалы да жоқ еді. Жұмысшы-шаруа әскері дегенді «жазалау әскері» деп қабылдап, «жергілікті қоныс аударушы-большевиктер» қазақтардың жерін қазақтардан тазалауға барынша ұмтылды. Олар үшін бала да, қарт та, жауынгер де бәрібір кәдімгі «қарауыл» ғана болатын. Бұған қызыл комиссар Д.Фурмановтың өзі де кейін тосқауыл қоя алмай, өзі құрған қақпанның құрсауына өзі түскен еді. Большевиктер мен Жетісу казактарының жүздігінің «қызыл қырғыны» туралы М.Тынышбаев Колчак үкіметіне:

«1918 жылы облыс қазақтары қоныстанған мекеннің барлығы дерліктей большевиктердің зомбылығы астында өмір сүрді, олар алуға жарайтын нәрсенің бәрін тартып алды. Тұрғындардың дүние-мүлкін түк қалдырмай тонап алды, қазір ауыр зардап шегіп отыр, кейбір шаруашылықтар мүлдем жойылып кетті, түтін басы санағы жүргізілмеді, оны қазір жүргізу де мүмкін емес, берілген мағлұматтар шындыққа сай келмейді. Соған қарамастан бұл қазақтар 800-ден астам жасақ шығарып отыр (ал 1000-нан астам адам соғыс майданында жүр), біздің жігіттер ең жауапты шепте жүр, офицерлердің айтуынша, олар ең сенімді әрі ержүрек жауынгерлер болып саналады екен, алайда, біздің жігіттер қаруландырылмаған, немесе нашар қаруланған. «Контрреволюционер» деп айып тағылған біздің жігіттер Верныйдан, Жаркенттен, Пішпектен, Нарыннан, Гавриловкадан, Қапалдан, Лепсіден жасырын кетіп қалып, қазақ жасағын құрды, сөйтіп, Сібір отрядтарымен бірігіп шайқастарға қатысып жүр. «Алашорданың» мүшесі, Құрылтай жиналысының мүшесі, ең жігерлі қайраткер Отыншы Әлжанов Мақаншыда (Үржардың маңында) большевиктердің қолына түсіп қалды, оны аюандықпен отқа өртеп өлтірді» – деп хабарлап, жағдайды түзету жөнінде 8 баптан тұратын ұсыныс жасады.

«Алашорда» үкіметі әскери кеңесінің мүшесі және Жетісудағы босқын мен ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға көмек комитетін басқару үшін Семей қаласына келіп, бірден үкімет ісіне кіріседі. Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасовпен бірігіп заң актілері мен үкімет нұсқауларына қол қояды. Ал А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Мәрсеков бастаған «Алашорда» үкіметінің мүшелері босқынға ұшыраған қазақтардың жағдайымен танысып, қытай үкіметімен біріге отырып тиісті шара қолдану мақсатында Шәуешек қаласына аттанады. Бұл туралы Ы.Жайнақов:



«Қытай жеріменен Шәуешекке «Алашорданың» Жетісу бөлімінің барша мүшелері келді. Бұл жақта қазақ пен казак-орыстың хал-жайы қатты аянышты. Талау, асып-атудан көзі ашылмайды.Қазақ-орыс қалаларын һам ауылдарын большевиктер тобымен құртып жіберді. Үржар қаласы да таланға шалдығып, 1000-дай қазақты өлтірді. Сібір үкіметінің отряды Аякөз маңынан да естіледі. Жеңген, жеңілгенінен хабар жоқ. Хабар алуға, хабарласуға бүгін келдік. Хабарласуға қазақ отрядын түзеп жатырмыз. Жетісудағы большевиктердің саны 10 мыңнан асады…» – деп хабарлады.

«Большевик – партизан» ағайынды Мамонтовтардың қырғыны Алтай мен Алатау арасын қызыл қанға бояды. Қатыгездіктің ең анайы түрін қолданды. Шекаралық ауданнан:



«Мақаншыда большевикпен соғыс болып, Отыншы Әлжанов айуандықпен өлтірілді (тірідей отқа жағып жіберілді), Салық Амнжолұлы жараланды. Қазақ азаматтары қару-жарақтың аздығынан жеңілді. Соңғы адамды жартылай қаруланған жүздікпен Шәуешекке жібердік. Бұл жақтағы большевик әлі күшті. Сібір үкіметі тез құрал бермесе, Жетісу халқы қырылады. Алматы, Жаркент уездерінде казак – орыс станицалары қалған жоқ. Қапал, Лепсі уездеріндегі қазақ шығыны есепсіз. Пржевальскі, Пішпек уездеріндегі қазақ – қырғыздың не күйде екені белгісіз. Қазақтардан әскер жасақтау мақсатында тау арқылы Сергиопольге келдік, қорытындысын хабарлаймыз. Жайнақов, Жақыпов, Мамытов, Кәдірбеков, Ниязов» – деп жеделхат жолдады.

Қару-жарақтың жетіспеуінен қырғынға ұшыраған «Алаш» әскеріне М.Тынышбаев Семейден оқ-дәрі, қару-жарақ алып шығады. Ол бұл қаруларды «Алашорда» әскеріне өткізіп береді. Ол туралы өзінің көрсетіндісінде:



1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтовтың отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге Көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» – деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша – желтоқсан айы болатын» – мағлұмат берді.

Міне, Шығыс «Алашорда» әскері осындай қанды майданда соғысып жатқан кезде кеңес өкіметімен келісімге келуге мәжбүр болған А.Байтұрсыновтың кеңес өкіметінің комиссарларына:



«Алашорданың» шығыс бөлімшесі әзірше бұл жағдайдан беймағлұм әрі олар Колчак пен атамандардың әскерінің құрсауында. Одан тез арада шыға алмайды» деп түсініктеме беруінің астарында осындай саяси қадамдар жатыр.

Жалпы «Алашорда» әскерінің майданда табанды түрде бетпе-бет соғысқан тұрақты құрамасы осы жетісулық жасақтар. Бұлар қан майданды кеше отырып, кеңес тұсында М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың күш-қайраты нәтижесінде қысымға ұшырамай, қызыл қазақ атты әскер полкін құрды.

Міне, осындай «қылмыстары» үшін М.Тынышбаевтің тергеуге тартылмауы мүмкін емес еді.

Тергеушінің 1930 жылғы 1 қазан күні М.Тынышбаевқа қойған сұрақтары негізінен оның осы 1918–1920 жылдар арасындағы «Алашорданың» тең төрағасы және әскери кеңестің мүшесі ретіндегі атқарған қызметін қамтиды. Соның ішінде атаман Анненковпен майдан шебіндегі кездеселуеріне баса тоқталады. Жетісудың орыс, қазағын қан қақсатқан қанқұйлы ағайынды Мамонтовтардың 10 мыңдық партизанына қарсы соғысқан алаш жасағына М.Тынышбаев қару-жарақ, киім, азық-түлік апарған. Ол кезде «Алашорданың» Шығыс бөлімінің әскері кеңес өкіметі жағына шыға қоймаған кезі. Біз тым ұзақ әрі шұбалаңқылау баяндалғандықтан да, тергеудің жауабын мазмұндап қана береміз:



І. 1918 жылы Семейде қызылдардың қырғынынан (Мамонтовтың отрядының бірнеше қазақ ауылының шаруа адамдарын жаппай қыруы және тонауы, соның ішінде менің әкемнің де ауылы бар) зардап шеккендерге Көмек ретінде құрылған Комитеттің мәжілісінде Жетісудың тумасы, соның ішінде қатты зардап шеккен Лепсі уезінің тұрғыны есебінде мені төраға етіп сайлады. Жиналған қаржыға (мен Семейге келгенше жиналып қойыпты) сатып алынған қажетті мануфактураларды Анненков таланға алды, атаман Анненковтың әскерінің құрамындағы «Алашорда» полкінің командирі Тоқтамышев маған: «Анненков әскеріне арналған кіре жүгін алып жүруші» – деген куәлік алып берді. 22 кірені Аякзге әкеп, «Алашорданың» Жетісу бөлімі комитетінің мүшелері Төлембай Дүйсембаевқа, Нүсіпбек Жақыпбаевқа, Ибрагим Жайнақовқа, Садық Аманжоловқа түбіртек бойынша тапсырып бердім. Қалған кірені Романовка селосындағы Базарбай Маметовке, Мырзақан Төлебев пен Қанатхан Сыртановқа тапсырдым. Бұл 1918 жылдың қараша – желтоқсан айы болатын. Демек, мен Анненковтың штабында қызмет еткемін жоқ. Оны Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзахан Төлебаев растай алады. Сол кезде маған Үржардан Нүсіпбек Жақыпбаев: мені Анненков Үшаралға шақырып жатқаны туралы хабар жіберді. 1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік. Ол өзін қазақтардың жақсы қабылдап жатқанын айтты. Сол кезде қызылдардың келе жатқаны туралы суыт хабар келді де, біз аттанып кеттік.

Екінші рет 1919 жылы қыркүйекте кездескенімде, қарауындағы алаш эскадронын толтыруға жігіт жинап беруімді талап етті, ауылда жігіт қалмағанын айтып, бас тартқанымды алдыңғы жауаптарымның бірінде айтқанмын. Үшінші кездесуім Ақсу – Басқан күрежолында өтті. Талдықорғандағы қызылдарға 1919 жылдың желтоқсанында кеткен біздің жігіттердің – Алдаберген Үмбетбаевтің тағдырын білу үшін Ақсуға келе жатқамын. 1920 жылы қаңтарда Анненков Ақсу жолында машинамен кетіп барады екен. Қазақша киініп алсам да мені танып, амандасты. Үшаралға келуімді өтінді. Мен таяуда баратынымды айттым. Қасымда Керімбай Төлебаев бар болатын. Содан кейін Анненковты көрген емеспін. Анненковтың штабында қамдаушы болып істемегенімді Кеңсаба Үмбетбаев, Мырзақан Төлебаев, Базарбай Мамбетов растай алады.

ІІ. 1919 жылы тамызда Семейді тастап, туған ауылыма, қалың найманның ішіне келдім. Сергиопольде Салық Аманжоловқа: кеңес өкіметінің «Алашордаға» кешірім жасаған Декреті шыққанын, Байтұрсыновтың кеңес өкіметі жаққа шыққанын, осыны ескеріп, ақтар шегіне қалса, шығысқа емес, батысқа бет алуын тапсырдым. 1919 жылдың қазан – қараша айларында Мырзахан Төлебаев пен Базарбай Маметовті шақырып алып, солтүстікке қарай аяқ баспауды, қызылдарға елші жіберуді тапсырдым. Талдықорғанға Алдаберген Үмбетбаев барып, тапсырманы орындады. Күдерин 1919 жылдың қарашасында (әлде желтоқсанда), Үмбетбаев 1919/1920 жылдың желтоқсан/қаңтар айында кетті. Бұрынғыны қайталап жатпас үшін бұдан ары шұбатып жатпайын.

ІІІ. 1920 жылдың қыркүйек-қазан айларында Ташкентке келсем, мені шақырған Фрунзе де, Рысқұлов та онда жоқ болып шықты. Олардың барлығы да (Фрунзе, Куйбышев, Элиава, Викунов) Москваға кетіп қалыпты, ол жақтан қайтып оралмады. Ташкентте бұрынғы алашордашылардан Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Испулов (сол кезде таныстым) бар екен, кейіннен Иса Қашқынбаев, Көбжасанов келді. 1920/1921 жылы қыста Ташкентке Рысқұлов қайтып кеді. Ол Құлтасовпен бірге (ол Рысқұлдың бірінші әйелінің қолында тәрбиеленген) маған келіп селем берді. Мен Рысқұловты осымен екінші рет көрдім (1914 жылы алғаш көргенімде ол бала болатын, оқуға кетіп бара жатыр екен, Түлкібас ауылында оның қолына ақша ұстаттым, егер мұқтаждығы болса тағы да жіберіп тұратынымды айттым). Ол: түркістандық орыс, қазақ коммунистерінің тартысында орыс тобының жеңіске жеткенін, сондықтан да Москвада қызмет еткісі келетінін айтты. Ол кезде қазақ, қырғыз, өзбектен шыққан партия қызметкерлері (Қожанов, Асфандияров сияқты) бізді, алашордашыларды техникалық жұмысқа тарту керек деп есептейтін: иә, жер, су мәселесі жөніндегі көзқарастарымыз да онша алшақ емес болатын.

ІҮ. (Төртінші мәселе қазақ интеллигенциясының З.Валидовпен байланысы туралы қозғалады. Бұл біз сілтеме жасап отырған «Алашорда қозғалысы» атты жинақта қысқарып кетіпті. Ол туралы пікірі кейінгі көрсетіндіде қамтылатын болғандықтан да біз де пайдаланбадық – Т.Ж.).

Ү. 1922 жылы жазда маған Дулатов пен Әділев келіп: Ғазымбек Бірімжанов Германияға оқуға кетіп барады, шет елде жүрген Шоқаевқа қазақтардың жағдайын жеткізу керек, қайтарында Шоқаев өзінің шет елде не істеп жүргенін Бірімжановқа айтып жіберсін – деді, мен бұл ұсынысты қолдадым. Өзбектер де өзінің студенттеріне осындай тапсырма беріпті. Бірімжановтың бұл сапары туралы пікірімді бұрынғы көрсетінділерімнің бірінде айтқанмын.

ҮІ. (Бұл тарауда қазақ және өзбек тілдерінде әдебиеттер шығару үшін Ташкентте баспа ашуға ұмтылғандары, жер-су реформалары, Т.Рысқұловпен, Бөкейхановпен 1927 жылғы кездесуі, ауылға барып демалғаны баяндалады. «Жинақтың» ізін сақтай отырып біз де қоспадық. Бұл мәселелер өзге көрсетінділерде бірнеше қайталанып айтылады Т.Ж.).

Осы көрсетіндімді қорыта келе айтарым: түрмеде отырған екі ай ішіндегі өткен өмірім туралы үздіксіз ойларым, менің бұрынғы көзқарасымды мүлдем өзгертіп жіберді. Өткен өмірімдегі кеңес өкіметнің алдындағы кінәмді сезінемін, маған кешірім жасап, Қазақстан мен Түркістаннан тыс жерде еңбек етіп, өзімді «Алашорда» идеологиясының насихатшысы ретінде емес, ұлы СССР-дің техник-қызметкері ретінде көрсетуге мүмкіндік берулеріңізді өтінемін. М.Тынышбаев».

Тергеу ісіндегі жауаптар бірыңғай көрінгенімен, олардың көрсетіндісінің арасында өзгелердің аты-жөні кездесіп, түсінік берулерінің себебі, тергеу – сұрақ ретінде жүргізілген. Тыңшылардың мәліметіне сүйеніп берілген сұрақтарға қайтарған жауабы тергеушінің ыңғайына орай қағазға түскен. Сондықтан да оны нақты көрсетінді деп қарауға болмайды. Біз бұл жауаптарды тек түрме тарихына қатысты деректерден барынша толық мағлұмат беру үшін және олардың көрсетіндісінде айтылған адамдардың не үшін жауап беріп отырғаны түсінікті болуы үшін келтірдік. Мысалы, Х.Досмұхамедов өзінің жауабында: М.Тынышбаевтің көрсетуі жалған, мені онымен бетпе-бет кездестіріңіз – деп талап етеді. Ал М.Тынышбаев өз жауабында: Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлгенбіз. Сондықтан да оның кеңес құрылысы туралы хабары жоқ болғандықтан да, қарсы әрекетке бару мүмкін емес – дейді. Міне, осы айғақтың тонын аударып пайдаланған тергеуші Х.Досмұхамедовке: Сізді М.Тынышбаев кеңес құрылысына қарсы шықты деп отыр – деп арандатады.

1930 жылғы 6 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаевтің көрсетіндісінде астыртын ұйымды мойындағандай сыңай танытатын айғақтар кездеседі. Мұны қатты қысым мен зорлықтың нәтижесінде айтты ма, жоқ, тергеушінің өзі айғақ берген адамға да оқытпай: міне, сен туралы мына көрсетіндіде былай жазылған – деп бопсалап жауап алды ма, ол жағы белгісіз. Бұл – түрме тергеушілерінің кәнігі төселген тәсілі. Мысалы, Х.Досмұхамедов пен Ә.Ермековке, М.Әуезовке – М.Тынышбаевтің; керісінше М.Тынышбаевқа – Х.Досмұхамедовтің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің; Х.Ғаббасовқа – Е.Омаровтың; А.Байтұрсыновқа – М.Жұмабаевтің; М.Әуезовке – Ж.Аймауытовтың, Байділдиннің; Ж.Аймауытовқа – М.Әуезовтің, Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің; М.Дулатовқа – М.Есполовтың, Ғ.Бірімжановтың, Х.Болғамбаевтің, К.Жәленовтің, Ә.Бөкейхановқа – Е.Омаровтың, Ә.Байділдиннің, ал осылардың барлығына Д.Әділевтің жауаптарын қарсы қойып, өзара арандатуға тырысқан.

Бұған бір мысал 30-жылғы 6 қыркүйекте тергеушінің М.Тынышбаевқа:

Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа тағы кімдердің қатысқанын білесіз? Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімқан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданы тұрғындарының Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой” – деп жорта сұрақ қойған.

Өкініштісі, мұндай бопсаға түсіп қалғандар да бар. Ал М.Тынышбаев сондай шырғаға түспес үшін:

Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы – Т.Ж.) дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты” – деп сұрақты сөзбе-сөз қайталап жауап қайырады.

Ал енді мұны көрсетінді деуге еш келмейді. Бірақ та аты аталған адамдарға аты-жөні көрсетілген тұсты ғана нұсқап: сенің қылмысың туралы, міне, М.Тыныш баев мынадай деп көрсеткен – деп арандатқан. Сондықтан да Х.Досмұхамедовтің, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің көрсетіндісінде М.Тынышбаевтің есімінің аталуына күдіктене қарауға болмайды және өзгелерді өзінен неғұрлым алыстата түсу үшін: екеуара қатынасымыз нашар, мен оны жаратпаймын, ол мені жек көреді – деген сияқты екіұшты пікірлерді оқығанда, айыпталушы екінші адамды қорғап отыр деп есептеу керек.

М.Тынышбаевтің 30-жылғы 4 қазандағы жауабының жалпы мазмұны: Соңында қолы қойылмаған бұл көрсетіндінің басында өзінің „Алашордадағы” қызметтеріне шолу жасап келіп:

А.Байтұрсынов пен М.Дулатов ұсталғаннан кейін ұйымның жұмысын Алматыда – Ермеков, Досмұхамедов Халел, Тынышбаев, Досмұхамедов Жаһанша, Ташкентте – Қашқынбаев Иса, Әуезов Мұхтар, Қожамқұлов жалғастырды. Ташкенттегілерге Сырдария округіндегі Кенесарин Әзімхан (Шымкент), Мұсаев, Шинғалин, Қоңырқожаев (?), Әулие-Атадан – Байсейітов Әзиз, Түркістаннан – Өтегенов Садық мүше ретінде қосылды. Қазақ-монғол тарихы туралы еңбегімде қазақтың шығу тегі жөніндегі пікірлерімді алашордашыл-ұлтшыл көзқараспен жаздым, кітаптың таралуына жол бермес деген күдікпен оның көшірмесін өзімде сақтап қалдым» - деген пікірді білдіреді.

Зады, баспадан шығып, таратуға тиым салынған, бірен-саран данасы бізге жеткен тарихи шежіренің кейінгі өңделген, толықтырылған нұсқасының жағдайы қатты алаңдатса керек. Өкінішке орай, толықтырылған нұсқа із-түзсіз жоғалып кетті.



«1930 жылғы 5 қараша күнгі инженер Тынышбаевтың тергеу хаттамасы. Жауап алған ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілі жолд. Алшанский

1) Біздің Ташкенттегі ұйым 22-жылдан бастап жұмыс істеді. Голощекин жолдасқа белгілі болған құжаттарға қарағанда Орынбордағы ұйым 20-21 жылдары құрылған сияқты. Мен бұл мәселені 22 жылы сәуір айында Зәки Валидовтің сөзінен білдім. Бірде мені Халел Досмұхамедов үйіне шақырды. Сонда Міржақып Дулатов Зәки Валидов туралы әңгіме болмақ. Онда өзбектердің де өкілі келмек десті. Уағдаласқан күні бардым. Алғашқы мәселе Ташкент ұйымының жұмыс барысына арналды. Бұл Халел Досмұхамедовтің қазақ оқу-ағарту мекемесінің үйіндегі пәтерінде өтті. Отырысқа Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есболов, Дулатов, Жаһанша Досмұхамедов, мен, Бірімжанов және Иса Қашқынбаев қатысты. Дулатов не Бірімжанов екеуінің біреуі: шығыс Бұқарада Әнуар паша жүр. Оның қасында Зәки Валидов бар. Соңғысының қасында Башкириямен байланыс жасайтын башқұрт көмекшісі бар. Өзбектермен бірігіп күреспек. Зәки Валидов бұған қазақтарды да тартуды ұсыныпты. Өзбек басшылары арасынан Мінауар Қари мен Ходжаев қолдамақ екен – дегенді айтты. Дулатов, Бірімжанов, Есболов бұл мәселеге қызу араласты. Жаһанша Досмұхамедов бұған қатты қарсы болып: мұның бәрі қыртымбай нәрсе, жалғыз атты қонаққа сеніп, бастан айрылуға болмайды – деді. Мен де сөзге араластым. Мен де сенімсіздік бар еді. Ақыры ұйымды құру керек деп ұйғардық. Жаһаншада соңында келісімін берді. Әр қаладан ұйымның бөлімшелерін ұйымдастыру керек. Қажет кезінде олар іске шұғыл араласуы тиіс деп шештік. Алматы мен Шымкент қаласындағы топты ұйымдасыру маған тапсырылды. Мен Алмтыдан – Сүлейменовты, Шымкенттен – Кенесаринді ұйымға тарту керек деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ. Коммунистарді де ұйымға тарту мәселесі қозғалды. Біз оған қарсы болдық. Өйткені Қоджанов біліп қоюуы мүмкін деп қауіптендік. Сөйтіп алғашқы жұмысты Қазақстанның қалаларында ұйым бөлімшесін ашу әрекетінен бастадық. Ұйым ісіне Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер белсене араласты. Әсіресе үлкен теоретик, кеңсе мен ұйымдастыру жұмысына жетік, істен гөрі Халел Досмұхамедов теорияға бейім еді. Ал Жаһанша Досмұхамедовтің іскерлігі басым болатын. Ермековтің ұйымдастыру қабілетінің қандай дәрежеде екенін білмеймін. Бірақ ол өте шешен, айтқанына сөзсіз сендіре алатын тілмар еді.

2) Қалыптасқан тарихи жағдайды бағалауға келгенде Дулатовқа ешқайсымыздың күрескерлігіміз де, өреміз де жетпейтін. Ұйымға ешқандай ат қойылған жоқ. Қазақтардың астыртын ұйымы деген түсінік қана болды. Бұдан басқа мәселе талқыланған жоқ. Ұйым төрағасына Халел Досмұхамедов сайланды. Ұйымның хатшылығына Дулатов пен Бірімжанов ұсынылды. Бірімжанов: бұл мәселеге ақсақалдардың алаңдамауын, оны өзі жүргізетінін айтты. Ұйым алдына мынадй міндеттер қойды: 1. Зәки Валидовпен кездесу керек. Оған Бірімжанов барсын деп шешілді. Сөйтсек Бірімжанов Бұқараға барып келіпті. Бұл отырыста біз: Бұқарға Халел Досмұхамедов барсын, ол Зәки Валидовті бұрыннан таниды және дәрежелес деп пікір білдірдік. Халел Досмұхамедов қайтып келген соң бізге барлық жайды түсіндіріп берсін дестік. Бұған Досмұхамедов үзілді-кесілді қарсы болды.

3) … Ұйымның саяси – экономикалық бағытына келетін болсақ мынадай ұсыныс жасалды. Бірінші: Қазақстан Ұлттық Демокаратиялық республика болуы тиіс. Қазақстан географиялық және тарихи тұрғыдан Ресеймен де, Орта Азиямен де тікелей байланысты. Орта Азия федерациясының құрамына Өзбек, Түркімен, Қарақалпақ және басқа да ұлттар кіреді. Заң шығарушы орган парламент болуға тиісті. Үкіметті министрлер кеңсесі басқаруы тиіс. Тіпті болмаған жағдайда Кеңес үкіметінің қазіргі құрлымын пайдалану керек. Ең жоғарғы орган құрылтай болуы тиіс деген ұйғарымға келдік. Бірақ та нақты ереже қабылданған жоқ».

З.Валидов: «Бірақ Түркістан саясатының белді тұлғалары – Әлихан Бөкейхан, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсын, Мұхамеджан Тынышбаев, өзбектерден Мунауар Қари, бұхаралық Хакімзада, мырза Әбдіқадыр Мұхиддин, түрікмендерден заңгер Қақажан Бердібаев және басқалар кеңестердің қатаң бақылауында болғандықтан да құрылтайға келе алмады (445-бет)... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады...».



М.Тынышбаев (жалғасы): Болашақ үкіметтің өнеркәсіп жөніндегі міндетті талқыланбады. Ал мал шаруашылығы қазіргі қалпында қалсын дестік. Су шаруашылығы ауызға алынған жоқ. Қазақстанның жері кең. Ондағы халықтардың да көңіл-күйі әр қилы. Әсіресе жер мәселесі өте күрделі. Сондықтан да қоныс аударушыларды тоқтата тұру керек. Мал шаруашылығы мен жер өңдеуді қатар алып жүруге, жер өңдеу мәдениетін игеруге белсенді түрде көшу керек. 1922 жылғы жер туралы реформа біздің араласуымызсыз өтті. Біз ол реформаға мүлдем қарсымыз. Оның жобасына біздің ұйым мүшелері де белсене араласуға тиісті еді деген пікір білдірдік. Жалпы екі ұйым қатар жұмыс істеді. Орынбордағы ұйымға Байтұрсынов, Дулатов, Әділов, Бірімжанов, Болғанбаев, ал Ташкенттегі ұйымға Дулатов пен Бірімжанов жетекшілік етті. Екеуін де алдыңғы қатарлы ұйым деп есептедік. Айырмашылығымыз Жизақ пен Самарқан облысы Түркістанның құрамына енгендіктен де біз Зәки Валидовпен жақын байланыста болдық. Қызылордадағы үкімет екеуін де бір ұйым деп қабалдады. Дулатов екі ұйымда да белсене қызмет етті.

4) Ұйым террорлық іс-әрекетті ұйымдастыруға ұйғарым жасаған жоқ. Бірақ та Жаһанша мен Халел Досмұхамедовке үндеу жазып таратуға тиісті болды. Шымкенттегі Даулет Ибрагимов кейін бұлшарадан үмітін үзіп, бойын аулақ салды. Әнуар Паша күйрегеннен кейін және Зәки Валидовтің өкілдік мәселесі шешілмегеннен соң, ұйым қайтып кеңес құрған емес. Өз-өзінен тарап тынды. Біз Кеңес өкіметі жағына шығып өзіміздің іскерлік қасиетімізді көрсетуге тырыстық. Біз жобаның екінші нұсқасында көрсетілгендей ССРО-ның құрамындағы республика ретінде өмір сүру керектігін мойындадық. Коммунистер өкіметінде сайқымазақпен күн көре береміз деп шештік. Жер мәселесі жөніндегі 2-ші баптағы міндетті жоғарыда айтып өттім. Мал шаруашылығының қалыптасқан жүйесін бұзбау керек. Жер өңдеу мәдениетін жарыстыра жүргізу керек деген пікір сол күйінде қалды. Сондай-ақ жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге және ғылыми кітаптарды аударуға баса көңіл бөлу керек дестік. Әсіресе оқу-ағарту мен жер мәселесі жөнінде белсенді түрде жұмыс істеу керек. Жер ең алдымен жергілікті халыққа берілсін, содан кейін барып казак-орыстардың үлесін қарастыруға болады деген тұжырым ұстандық. Мен ол кезде темір жолда жұмыс істедім. Бұрын тарих пәнінен сабақ бердім. Өз дәрісімде ұлттық идеяны дәріптеп, қазақтар Кеңес өкіметінен гөрі 17 ғасырда жақсы, емін-еркіндікте өмір сүрген. Сендердің сыбағаларыңа сол өмір тиесілі еді – деген сияқты пікір білдіріп жүрдім. Тарихты нашар білгендіктен де олар менің сөзіме сенді. Мұның барлығы әрине өткен тарихи әңгіме. Жоғары оқу орындарна арналған кітаптарды құрастырып, аударуға Халел Досмұхамедов, Орынборда Байтұрсынов пен Дулатов белсене араласты. 25-ші жылдан кейін мен де араластым. Оқу пәндерін қадағалауға тиісті Сүлейеев бізге бақылау жасаған жоқ. 25-ші жылдан бастап мен құрлыспен айналыстым. Онда саясатпен айналысуға мұрша болған жоқ. Болашақ мемлекеттің мүшелерінің кім болатынын талқыланған емес. Шет елдегі қазақтар туралы мен еш нәрсе білмейміН. Ертеректе Шоқайевқа хат жазған болатынмын. Мазмұны есімде қалмапты. Жалпы алғанда Шоқайевті мен жақтырмайтынмын. Мен оны тая задам деп есептейтінмін. Шетелге өтіп кеткеннен кейінггі Шоқайевтің тағдыры не болғаны белгісіз және онымен ешқандай байланысым жоқ.

Келесі мәселеге көшетін болсақ, бұл жөнінде біздің пікіріміз қазақ өнеркәсіпшілері Смағұл Садуақасов пен Қаратілеуовтың көзқарасымен түйісіп жатты”.



5) № 1 кестеде көрсетілген негізгі ұйым мүшелері туралы айтарым мынау. Біз бұл мәселені ұйым ретінде емес құқық мәселесі жөнінде пікір алысқан аз ғана адамдардың арасындағы әңгіме деп есептеймін. Өйткені, заңды белден басып, колхоз құрлымын өтпелі саты ретінде ұсыну, сондай-ақ оған мемлекеттік құрылымның өтпелі басқышы ретінде қарау бұрын қарастырылмаған. Сондықтан да кеңес үкіметі жүйесі тарқатлыуға жақын деп ойладық… Менің миымда осы ой ұяалап алды да, мен он өшіруге тырыстым. Өнеркәсіпкер Қаратілеуов мүлдем басқа көзқараста еді. Сұлтанбековпен екі рет кездестім. Алайда бұл тақырыпта әңгімелескеміз жоқ. Бір рет мәжілісте, екінші рет көшеде кездескенімізде ол Смағұл Садвуақасовпен хат арқылы піків алысқанын айтты. Бөкейхановты Москвада 26-шы жылдан кейін көрдім. Сұлтанбеков түсінігі кең адам, сондықтан да танысқаның жөн деді. Сұлтанбековты мен алғаш рет Рұсқұлов төрағалық еткен жиналыста таныстым, тереңдеп әңгімелесудің реті келмеді.

6) Аспандияров нағыз пунктуальды адам. Түркістан республикасы тұсында жер мәселесімен тереңдеп айналысты. Аспандияров пен Қожановтың пікірі үнемі тоғыса бермейтін. Біз екеуінің қалай бірже жұмыс істейтініне таң қалатынбыз. Қожанов кей кезде тым тік мінез болатын. Ұйым туралы олар ештеңе білмейтін. Қаратілеуов сырттай ғана естуі мүмкін. Рұсқұловтың бұл туралы хабары болды ма, жоқ па он білмеймін. Рұсқұлов екеуміздің арамыздағы қатынас 26-шы жылдан соң жақсарды.

Рұсқұловпен мынадай қызық жағдайда таныстым. 1914-ші жылы Жетісу темір жолының бойындағы Түлкібас станциясында болдым. Ол ара өте бір тамаша жер еді. 15-ші жылы маған бір қазақ келіп, осы ауылда Рұсқұлов деген жігіттің жүргенін, оның оқығысы келетінін бірақ та ешқандай қаражаты жоқ екенін айтты. Мен ат жібертіп, Рұсқұловты алдырдым. Сол арада 100 сом бердім. Егер де оқу үшін ақша керек болса маған хат жазуын өтіндім. Бұл оқиғаны мен мүлдем ұмытып кеттім. 1922-ші жылы ғана баяғыда өзім көмектескен жігіттің облыстық комитете істейтінін білдім. Жазған хатыма жауап берді, мені Ташкентке шақырды. Ташкентке барғанда ол Мәскеуге кетіпті. Содан кейін 22-ші жылы ол 30 жасқа келгенде Ташкентке кедестім. Онда бір-бірімізге көмектесіп, жұмыс істедік. Ұйым туралы онымен ешқандай да сөйлескем жоқ. Жандосовпен ресми жұмыста ғана кездестім. Біздің ұйымдағылар (оны ұйым деп те айта алмаймын). Ташкенттегі коммунистермен – Аспандияровпен, Қожановпен жиі кездесіп, әңгімелесетін. Біздің пікірлеріміз оларға әсер етуі мүмкін. Түркістандық коммунистерді шынайы коммунис деуге болмайды. Коммунистер идология туралы сөйлегенде біз құлағымызды басып отыратынбыз. Бір жолы Ташкентте бір адам жерге қоныстану туралы баяндама жасады. Оған мен, Қожанов және Аспандияров қатысты. Мен баян дама бойынша сөз сөйлеп: Жерге ең алдымен жергілікті халықты орналастыру керек, егер де келген қоныстанушыларға жер жетіспесе олар келген жақтарына байта берсін дедім. 22-ші жылы Аспандияров маған қазақтар жерді орыс шаруаларынан да тиімді пайдаланатыны туралы піків айтты. Мен оған Васильевтің Жетісу облысының отарлануы туралы кітабын тауып бердім. Онда қазақтар мөлшерлі жерден 55 пұт астық алса, шаруалар 51 пұттан ғана өнім алған. Халық жиналысында Аспандияров осыған сүйеніп баяндама жасады.

7) Бөкейханов пен Щвецов Қызылордаға келгенде Қаратілеуов, Садуақасов және мен қарсы алуға дайындалдық. Мемлекеттік құрылымның соңғы өзгерістерін талқыладық. Мұны ұйымдасқан мәжіліс друге болмайды. Жай ғана піків алысуда: ірілендірілген колхоздардан көрі шағын колхоздардың пайдалы екендігін, колхоздар ірілендірсе мал басынан айрылып, өзінің құнын жоятындығын, ал шағын колхоздар мал-мүлікті сақтап қалатындығын айттық. Ет дайындау мәселесіне келетін болсақ мал басы азайып, малшылар егін салуға көшеді дестік. Бұл турасында мәжіліс еп. емес. Қоныстанушылар туралы мәселе 24-25 ші жылдары қозғалды да тоқтап қалды.

Балқаш ауданындағы қазақтардың көтерілісі туралы ештеңе білмеймін. Мұндайды тоқтату керектігін Құдайбергенов Бекмұхаметке ақпан айында айтқанмын. Аз уақыт өткеннен кейін Ермеков пен Досмұхамедовқа айттым. Олар жауап қайтармады.

8) Интеллигенттердің кеңес үкіметіне қатынасы туралы. Мен бұл сұрақтың бүге-шігесін біле бермеймін. Кеңес үкіметінің құқықтық ауытқуларға барғаны анық. Олардың оңшылдыққа қарай бұрылуы қазақ халқына молшылық әкеледі депойладым. Бұл пікірді ашық айтуға жүрексіндік, бетімізден басып жүрдік. Дулатов пен Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ешқандай да мәжіліс болван емес. Соңғы екі жылда өзгеріске қатысты айтарым: Мен 28-ші жылы Қызылордаға келгеннен соң бір айдан кейін Дулатов сотталды. Сондықтан да ешқандай түбірлі мәселемен айналыспады. Досмұхамедов пен Ермеков ешқандай ұйым болван емес дейтін шығар, шындығында да халық бытырап кетті, коллективтендіру науқаны басталды, темір жол құрлысы қолға алынды. Мына оқиға ГПУ-шілерге белгілі ме, жоқ па соны айтайын. Бастабында мені темір жол құрылыс учаскесінің бастығы етіп тағайындауды ұсынды. Бірақ та жолдастардың: жер жағдайын жақсы білесің, сондықтан да басқармада қалғаның өте пайдалы деп ақыл беруіне байланысты, басқармада қалдым. 28-ші жылы Іле тармағындағы екі учаскіде жалғыз-ақ басқарма болды. Жер бедері күрделі, темір жол салуға қиын болатын. Мені сол учаскіге көмекке жіберді. Мен онда қаржыны үнемдеу мақсатында жаңа экономикалық талдау жасап, техникалық жағдайларды есептей отырып, бір жаром – екі миллион сомды үнемдейтін жоба жасадым. Кейбір техникалық шарттар мені Қызылордаға шұғыл шақыруға байланысты орындалмай қалды. Қайтып келсем, мені орнымнан алып тастапты. Жұмыс қаржысы бұрынғыдан да көбейіп, бір разъезд артық салыныпты. Менің ұсынысымды қабыл көрмепті, бұл зерттеуімді одан әрі жалғастырып, жобаны Мәскеуге жібердім. Кейін Мәскеуден: Тынышбаевтың жобасы дұрыс деген қортынды кеді. Инженер Гоми (?) жобаны негіздеп беруді өтінді. Мен он күн отырып бұрынғы жобамды дамыттым. Жоба бойынша жұмысшылардың еңбегі жеңілдеді, касса үнемделді. Иванов және басқа участе бастықтары менің жобама тосқауыл қойды. Сонда жұмысшылардың үш-төрт айлығы еш кетті. Жобаның көшірмесін Шәкир (?) мен Рұсқұловқа жібердім. Сөйтіп, бір жаром миллон сом мемлекет қаржысы үнемделді.

Қарсақбай туралы айтарым: мұндай өнеркәсіптер неғұрлым көп болса, соғұрлым пайдалы. Қазақ өнеркәсібі дамиды. Бір мемлекетте тұрғандықтан да байлық бәріне ортақ, тек мемлекеттік ұйымдар қазақ қауымын сыртта қалдырмаса болғаны. Инженер ретінде мұны қолдаймын.

Профессор Щвецовпен Қызылорда қаласында таныстым, сондай-ақ Бөкейхановпен кездестім. Олардың саяси бағыты туралы ештеңе білмеймін. Маған Алматы қаласынан электр жүйесін жоспарлауға тапсырма берілгендіктен де біреумен кездесуге, ұйым жұмысына қатысуға уақытым болған жоқ”.

Бұдан кейін М.Тынышбаев Алматыға келгеннен соң өзінің туыстары Тұрысбековтың, Тәңірбергеновтың, Құдайбергеновтың хабарласқанын, елдің тең жартысынан астамы Қытайға жер ауып кеткенін, жүріс-тұрыстың жарым-жартылай тоқтағанын, олардың қаражат жағынан көмектесуді сұрағанын айтады.

М.Тынышбаев (жалғасы): „Жақанша Досмұхамедов үнемі ұйымнан бойын аулақ салып, оған: бұдан ештеңе шықпайды деп сын көзбен қарады. Мәдениет саласындағы жекелеген коммунистермен пікір алысулар болды, бірақ түбірлі мәселелер көтерілген жоқ. Алматыда ешқандай ұйым болған емес. Ондай құжаттарды көрген емеспін. Ташкентте де ұйым болған жоқ. Бізді ұйым емес, пікірлестер деп атаса болады. Ешқандай контрреволюциялық қаулы қабылданған емес”.

12-ші. Совхоз құрлысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық … Бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтың колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын. Турксибтің құрлысына бәріміз де ықыласпен қарадық. Москвада бір адам: Түрксиб құрылысы тұрғындардың жерін азайтпай ма, бос жер бар ма?- деп сұрақ қойды. Мен: мұның бәрі бос сөз, қазақтар көтеріңкі көңілмен жерді игеріп, тау қопарып жатыр – деп жауап бердім. Турксиб туралы , бұдан басқа айтарым жоқ».

Тергеушілер бір жыл бойы Д.Әділевтің көрсетіндісінде аты аталған адамдардың бәрін де тұтқынға алған. Соның бірі – 1931 жылы 8 тамызда ұсталған Алдаберген (Алдарбек) Үмбетбаев. Бұл азамат М.Тынышбаевтің сөзі өтетін, «Алашорда» әскерінің сапында барлаушы қызметін атқарған айтулы азамат. Өкінішке орай бұл адамға қатысты өмірбаяндық деректер тергеу ісінде де қат. Бір-екі рет қана қосымша жауап берген. Оның жауапқа тартылуына Д.Әділевтің:



«Жаздай туған жерімде болып 1922 жылы күзде Ташкентке қайтып келіп Қожановқа жолықтым. Тура сол кезде Москвадан Түркістан халық комиссариатының төрағасы Рысқұлов келді. Мен Рысқұловпен сәлемдестім. Қожанов екеуі өзара әңгімелесті. Менің сонда білгенім: Валидов Ташкентке жасырын келіпті, басмашылар қозғалысы күйрепті, Әнуар Паша із-түзсіз жоғалып кетіпті. Мен Ферғанада жүргенде Ташкент ұйымы Тынышбаевтің ескі досы Үмбетбаевты сонда жіберіпті. Соның көмегімен Валидов Ташкентке келіпті. Ол Ташкентке қайтып келген соң Кауфман станциясындағы Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүреді» – деген көрсетіндісі.

Осы мәліметтің негізінде М.Тынышбаев пен А.Үмбетбаевті беттестірген.



«1931 жылғы 8 қыркүйек күнгі Тынышбаев пен Үмбетбаевтың беттесуінің хаттамасы.

Тынышбаевқа сұрақ: Сіз Үмбетбаевты білесіз бе?

Жауап: Білемін десем де, білмеймін десем де болады.

Үмбетбаевқа сұрақ: Сіз Тынышбаевты білесіз бе?

Жауап: Білемін. Тынышбаевтің көрсетіндісімен толық келісемін. Мұны Тынышбаевтің өзі де жоққа шығармайтын шығар. 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановтың өтініші бойынша Валидовты большевиктермен келіссөз жүргізу үшін жолықтыру туралы Тынышбаев маған тапсырма берді. Ешқандай астыртын ұйымда болғам жоқ, Тынышбаевпен жақын таныс емеспін. Тынышбаев мені жеке адам ретінде жұмсады.

Тынышбаев: Үмбетбаев біздің ұйымда есепте тұрған жоқ. Өйткені менде ешқандай ұйымға мүше болған емеспін, ешқандай құпия мәжіліс пен жиналысқа қатысқаным жоқ.

Үмбетбаевтің түсінігі: 1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтың өзі де растайтын шығар.

Тынышбаевтың жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамбетовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды. Бірімжановпен жеке өзім кездесемін деп жауап бердім. Ондағы ойым тез арада Шымкентке, одан Ташкентке жүріп кетуді ойладым. Алайда әйелімнің тосыннан қайтыс болуына байланысты Шымкентте ұзақ аялдап қалдым, ол ойым жүзеге аспады. Содан кейін қайтып жастармен кездескен емеспін».

М.Тынышбаев сөз арасында А.Үмбетбаевтің жауабын жоққа шығарып, оған бұл мәселені терңдетпеу туралы емеуірін танытқан. Соның нәтижесінде А.Үмбетбаев өзінің жауабын тез түзетіп алған. Д.Әділев өзінің көрсетіндісінде: Заки Валидов Ташкентке жасырын келгенде Нәшір Қожамқұловтың үйінде жасырынып жүрді – дейді. Ал З.Валидов өзінің «Қатираларында»

«Таңертең «Иванов» бағына келдік. Мені мұнда күтіп отыр еді. Шілде, тамыз айларында досым Әбдіқадырдың көмегімен Түркістан қаласына келген Нәфиса да (З.Валидовтің әйелі, Башқұртстаннан жасырын келген – Т.Ж.) сонда келді. Бізге Ташкент пен оның төңірегінде төрт жерде жасырын орын дайындалды: бірі – осы бақ; екіншісі – Ташкенттің Бесағаш деген қышлағындағы жалдамалы пәтер; үшіншісі – Келес ауылы қазақтарының мыңбасы Әбдірахманның үйі; төртіншісі – Аблықтағы өзіміздің қора-жайымыз. Күндіз Келесте кездесіп, ж иындарды Бесағаш пен Иванов бағында өткізуге келістік» – деп жазады.

Осында көрсетілген мекенжайдың қайсысы Н.Қожамқұловтың үйі? Бес ағаш қышлағындағы жалдамалы пәтер ме, жоқ, Әбдірахманның үйі ме? Өкінішке орай Н.Қожамқұловтың тергеу ісіндегі жауаптарын хатқа түсіріп үлгермеппіз. Өжет, батыл, сауатты азамат болса керек. Оған оның түрмеде жатып аштық жариялаған мынадай бір тосын мәлімдемесі дәлел:



«Лаптев мырзаға. Егерде мәртебелі мырзамыз дәрігерлердің қорытындысын жалған деп есептеп, мені ауруханаға жібермесе, онда менің осында ит өліммен өлгенімнің сізге үлкен рахат силайтын болғаны ғой. Сіздің көңіліңізден шығу үшін, сізге рахат қана емес, қатты сүйсіндіретін бір жаңалық айтайын. Мен 11 мамырдан бастап аштық жариялаймын. Сіздің бейбастақ қылығыңыз бен қырсық мінезіңіздің жолына өз өмірімді құрбандыққа атаймын. Қожамқұлов Нашир. 11 мамыр, 31 жыл».

Бұл ерегестің қандай күйде аяқталғаны белгісіз. Бірақта Н.Қожамқұловтың ашық мысқылға көшіп, хал үүстінде жатса да қасарыса мінез көрсетуі, дерттің жанына қатты батқанын ғана емес, сонымен қатар осынау азаматтың рухының беріктігін де танытады.

Осындай беттесу Ж.Досмұхамедовпен де ұйымдастырылған.

«1931 жылғы 12 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің беттесу хаттамасы.

Тынышбаевқа сұрақ: Жаһанша Досмұхамедов сіздердің ұйымдарыңызға мүше болғанын растай аласыз ба?

Жауап: 22-жылы Ташкент қаласындағы Халел Досмұхамедовтің пәтерінде өткен бас қосуда Бұқарадағы Заки Валидовтің қозғалысы туралы Лапов (Дулатов ?) па, Бірімжанов па, біреуі хабарлама жасады. Онда Халел Досмұхамедов, Лапов (?), Бірімжанов, Нәшір Қожамқұлов (Нәшір Есімқұлов деп жазылған Т.Ж.), мен және Жаһанша Досмұхамедов қатысты. Бұлардан басқалары есімде жоқ. Заки Валидовтің қозғалысын қолдайтын ұйым құру туралы мәселе көтерілді. Жаһанша Досмұхамедов ұйым құруға және қозғалысты қолдауға қарсы болғаны есімде. Оны құруға мен ұсыныс жасаған болатынмын. Ұйым құрылды. Жаһанша бұған жолдастық көңіл жықпастықпен қарады. Міржақып Дулатовқа, Халел Досмұхамедовке, Жаһанша Досмұхамедовке ұйымның жарғысын жасау тапсырылды. Бұдан кейін екеуміз де іссапарға кеттік, Жаһанша Досмұхамедов Алматыға кетті, сондықтан да жарғы жазылды ма, жоқ па, одан хабарсызбын. Қыркүйек айында Ташкентке келсем Заки Валиди Ташкентте жүр екен. Істейтін іс қалмаған соң ұйым өзінен өзі тарап кетті. Тынышбаевтан көмек болмайтыны анық болған соң, менен күдер үзгендіктен де, ұйым жарғыс жазылды ма, жоқ па, оны маған мәлімдеген жоқ.

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: 21-22-жылдардың бірінде «Ақ жолдықтардың» (Ташкентте шығып тұрған газеттің аты – Т.Ж.) біреуі келіп: бұрынғы алашордашылардың бас қосуына шақырды. Қайда өткені есімде жоқ. Халел Досмұхамедов пен Тынышбаев, Дулатов пен Бірімжанов болды. Қалғандары есімде емес. Онда сол кезде дүрілдеп тұрған Түркістандағы басмашылар қозғалысы мен оның құрамында жүрген Заки Валидов туралы, башқұрт профессорының Түркістанды игере алмай жүргендігі, ал бұрынғы алыпсатарлармен ешқандай да бірікпеу туралы мәселе көтерілді. Бұдан кейін Халел Досмұхамедов пен Мұқамеджан Тынышбаев: Біз кеңес өкіметіне еркімізбен өттік. Ферғананың басмашылар қозғалысының басшылары бұларға да салауат беруді өтінді. Оларды әуелі қолға түсіріп, содан кейін соттап, ату жазасына бұйырмақ. Біздің де өткендегі қайраткерлігімізді бандиттік қозғалыс деп бағалап, бізді де соттамақ. Сондықтан да «Алаш» үкіметінің бұрынғы бағдарламасын жаңа заманға лайықтай отырып «Алаш» партиясының жобасын жасайық десті. Құрылтай бекіткен бұрынғы бағдарламаны өзгертуге, ұйым құруға мен мүлдем қарсы болдым. Олардың барлығы мені: Ол бағдарламаны қазан төңкерісінен бұрынғы Орынборда 1917- жылы өткен бірінші жалпы қазақ құрылтайының тапсыруымен Ғаббасов (Талғашев деп жазылған Т.Ж.) екеуің жасаған болатынсың. Сен сондағы жарғының шешімін орындамай отырсың деп мені айыптады Сейдазым Қашқынбаев. Мен өзгертуге келмейтін ескі жобадан бас тартатынымды айттым. Бірақта олардың қысымына шыдамай екі-үш күннің ішінде ескі жобаның нұсқасын дайындап беруге келістім. Онда қандай ұйымның, қандай әрекетпен шұғылданатыны туралы ештеңе де айтылмаған. Бұдан кейін мен Түркістан атқару комиисариатының тапсырмасымен Алматы арқылы Пржевальскіге іссапармен кеттім. Заки Валидовтің Ташкентке келгенінен хабарсызбын, егер келгені рас болған күннің өзінде, оны менен жасырған. Ташкенттегі бұрынғы алашордашылар маған ешқандай тапсырма берген емес, мен де ешкімге тапсырма бергемін жоқ. Осыдан кейін Тынышбаевпен де, Халел Досмұхамедовпен де араздасып кеттім де, 29-жылға дейін Алматыға келгенше олармен көріскен де жоқпын, көрсем амандаспайтын да. Сондықтан да Заки Валидовтің Рысқұловқа жолдаған хаты жөнінде еш хабарым жоқ (Жаһанша Досмұхамедов қолынт қойған).

Тынышбаевтің қарсы жауабы: Николай Семенович, Халел Досмұхамедовпен беттескенде бұл мәселе жөнінде айтылды ғой. Ал кеңес өкіметінің басмашыларға қарсы қолданған салауаты мен жүргізген сот ісіне келетін болсақ, онда оларға әуелі кешірім жасалды да, соңынан бәрі асқан қатыгездікпен атылды. Бас қосуда біз осыған тоқталдық. Бұрынғы «Алаш» бағдарламасын тағы бір қарап шығу туралы айтылды, оны тексеріп, қайтадан қарау Дулатовқа және Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерге тапсырылды. Жалпы «Алаш» бағдарламасы жөнінде ашық мәселе талқыланғаны есімде қалмапты. Ал Заки Валидовтің қозғалысына біз сенімсіздікпен қарадық та, ешқандай байланыс орнатпадық. Қызмет бабымен Алматыда да, Қарақұмда (?) жүргенде де Досмұхамедов Халелмен бұл мәселені талқыламағанымды, ұйым атынан ешкімге ешқандай тапсырма бермегенімді, тапсырма алмағанымды анық білемін (Тынышбаевтің қолы қойылған).

Жаһанша Досмұхамедовтің қарсы жауабы: Мен ешқандай да бағдарлама жасауға қатыспағанымды қатаң түрде мәлімдеймін. Ешқандай өзгертуге болмайтын «Алаш» бағдарламасын қайта жаңғырту туралы ешқандай ұйым тапсырма берген емес. Мүмкін сот бола қалған жағдайда бұрынғы «Алашорданың» бандиттік қозғалысқа ешқандай қатысы жоқ екендігіне айғақ ретінде ол бағдарлама керек болған шығар. Әйтпесе оны қалай түсінуге болады? (Жаһанша Досмұхамедовтің қолы қойылған).



Тергеуші – Попов».

Бұдан кейін осы мәселелер сан қайтара тәптіштеліп сұралған. Біз тергеу барысындағы психологиялық көңіл ауанын тереңірек беру үшін көрсетіндіні толық келтіреміз:



«№ 2370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған Мұхамеджан Тынышбаевтан 31–жылдың 3 қазан күні қосымша алынған тергеудің хаттамасы:

Маған қойылған сұрақтарға беретін жауабым мынау: ұйымның кеңесінде оған ат қою туралы ешқандай мәселе көтерілген емес. Бірінші отырыстан кейін (ол 22-жылы болды) мен Шымкент қаласындағы отбасыма кеттім.Ұйымның не істеп, не қойғанынан бейхабармын. 21-жылдың аяғында Ташкентке келгенімде бір-екі рет отырысқа қатысқаным бар. Онда Ташкентке астыртын келген Заки Валидовке қандай көмек көрсету туралы мәселе қозғалды. Ұйымға ат қою жөнінде сөз болған жоқ. Үмбетбаев Алдаберген Самарқандағы Уалидовке қалай барып қайтты, онымен бірге Ташкентке қалай келді, соның жайы айтылды. Сондай-ақ Қазақ педагогика институтындағы үйірме мүшелерінің құрамында Қожамқұлов пен Мұсаевтің бар екендігін маған Досмұхамедов айтты. Үйірменің жетекшісі Кәрім Жәленов болды. Мен одан үйірме немен айналысатынын сұрағанымда ол бұл туралы ашып ештеңе айтпады. Міне, менің үйірме мүшелігіне өтуімнің бар рәсімі осы. Ол кезде Жәленов мені жете білмейтін, сондықтан да именген болар. Қайтып ол жөнінде сұраған емеспін. Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмқхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады.

Ташкент пен Алматыдағы топтар туралы айтарым мынау: Ермеков Әлімхан мен Досмұхамедов Халел екеуі 29-жылы араздасып қалды да бір-бірімен қырғиқабақ боп жүрді. Ташкенттік қазақтар екіге бөлінді, бір тобы Ермековті жақтады, екіншісі Домұхамедовті қостады. Кім қайсысын жақтады, оны білмеймін. Менің ойымша олар рулық белгі бойынша жіктелген болуы мүмкін. Алматыдағы топ пен Ташкенттегі топтың арасындағы әңгімеде Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Бірімжановтың және де басқалардың тұтқынға алынуы туралы және семейліктер оған ташкенттік топты кінәлап отырғаны сөз болды. Ермеков кінәлілердің қатарына мені де қосақтап жіберіпті. Досмұхамедов Халел: Орынбор ұйымының тұтқындалуына семейліктер, соның ішінде Ермеков пен Ғаббасов тікелей кінәлі – деп олардың өзін жазғырды. Осы мәселе жөніндегі Досмұхамедов пен Ермековтің және олардың жақтастарының арасындағы аса жайсыз айыптасулар 28-29 жылдан бастап мен тұтқындалғанға дейін (1930 жылдың тамызына дейін) толастамады. Мен Досмұхамедовпен, Ермековпен жеке-жеке сөйлесіп: «Болар іс болды, енді оны өзгерте алмайсың, тым кешігіп қалдық. Өздерің аман қалдыңдар, енді қалайда арандап қалмау керек» – деп татулыққа шақырдым. Тұтқындалғанға дейінгі олардың қырғиқабақ болғаны сондай, бір-бірінің әр қадамын жазғырып отыратын. Досмұхамедов пен Қашқынбаев (Көшкінбаев па –?) хат алысып тұратын. Ал Ермековті Мұхтар Әуезов жақтады (Бұл туралы М.Әуезов өзінің жауабында ашық жазады –Т.Ж.).

Күдерин Ташкентке 24-жылы кетті. 20-21 жылдары студенттік ұйым құрылмаса керек. Оған ұйым жайын мен айтқан шығармын. Өйткені ол маған ру жағынан ең жақын адамның бірі. Әрбір мәселе жөнінде менімен ақылдасып отыратын. Орташалардың ұйымын құратындығы туралы маған ештеңе айтпады. Күдеринмен мен өткен жылы Алматыда кездестім. Шымкенттегі оқиғалар жөнінде құлағдар еткенімді бұрынғы көрсетіндімде көрсеткемін. Ташкентте тұрған кезімде Қазақстандағы жағдайлар туралы Күдеринге айтқан да шығармын. Қазақтарды жазалау, әсіресе, 1916 жылғы көтеріліс аса қатыгездікпен жүргізілді деп. Мұны айтпау мүмкін емес. Одан басқасы нақты есімде жоқ. Алматыдағы кездескен адамдармен арадағы әңгімемді бұрынғы жауабымда көрсеткенмін.Тілеулинді танымаймын да, білмеймін де. Ол туралы осы абақтыда отырғанда естідім.

Алдыңғы тергеу жауабы кезінде мен қатты қалжыраған едім. Сонымен қатар өзгелердің теріс көрсетіндісі де шатастырды. Сондықтан да менің көрсетінділерімде жаңсақтықтар кетіпті. Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәргілеу науқаны туралы: Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр – деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз».
Жауаптардың астарына қысқаша түсінік: Д.Әділевтің «астыртын ұйымның тізімі мен құрылымын сызған» көрсетіндісін тергеуші Х.Досмұхамедовке М.Тынышбаев сызып берді – деп сендірген. А л «Алқа» әдеби үйірмесін «астыртын ұйым» деп көрсеткен. Сөйтіп, Тынышбаев пен Досмұхамедовті бір-біріне қарсы қоюға ұмтылған. Сондай-ақ шекараға жақын орналасқан матай мен қаракерей елінің сырт асып кетуіне М.Тынышбаев жетекшілік етті, астыртын үгіт жүргізді деген айып тағып, Лепсі уезіндегі біраз адамдарды ұстап, түрмеге қамаған.


©netref.ru 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет