Сот тәжiрибесi мейiрхан Әмiров



Дата03.05.2016
өлшемі106.17 Kb.
СОТ ТӘЖIРИБЕСI
Мейiрхан Әмiров,

Оңтүстiк Қазақстан облыстық

сотының судьясы
Жер дауын шешу

аса сақтықты қажет етедi


Жер дауы – қазақ қоғамында тамыры тереңнен тартатын, тарихтың талай елегiнен өткен, көнеден келе жатқан дау. Сол үшiн де бiздiң ата-бабаларымыз қанша кикiлжiң мен қырғи қабақ әрекеттерге барған. Заманның ағымына қарай бүгiнде жер дауы жаңаша сипат, жаңа мазмұн алып отыр. Оған себеп, базарлы экономика – нарықтық қатынасқа сәйкес жерге жеке меншiк құқығы белгiленiп, ол сатылатын, сатып алынатын тауарға айналды. Осыған байланысты жерге меншiк құқығына қатысты дау-дамайлар соттарда жиi қаралатын болды. Республика Жоғарғы Сотының тапсырмасымен Оңтүстiк Қазақстан облыстық соты 2006 жылы аудандық және оған теңестiрiлген қалалық соттарда жер дауы төңiрегiнде қаралған iстерге шолу жасаған едiк. Солардың бiрқатарын оқырман назарына ұсынып, талдап көрелiк.
Ата Заңымызда жер мемлекеттiң меншiгiнде болатындығы, сонымен қатар, заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн екендiгi (6-бап) көрсетiлген.

2003 жылдың 20 маусымында қабылданған ҚР Жер кодексi негiзiнде жер құқығы қатынастары – жерге меншiк құқығын және өзге де құқықтарды жүзеге асыра отырып, жер ресурстарын басқаруға, жекелеген субъектiлерге жер телiмдерiн бекiтiп беруге байланысты жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi құқықтық қатынастар болып табылады. Жер кодексiнiң 167-бабының талабына сәйкес жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртiбiмен қаралады.

Осы санаттағы iстердi шолып қарағанда, байқағанымыз, негiзiнен бiрiншi сатыдағы соттарда iстi қабылдау, сотта қарауға әзiрлеу әрекеттерi және қарау мерзiмдерi заң талаптарына сәйкес дұрыс жүргiзiлген. Сондай-ақ, сот отырысының хаттамалары да дұрыс толтырылған. Алайда, кейбiр азаматтық iстердi қарауда материалдық және процессуалдық кемшiлiктер жiберiлген.

Ол кемшiлiктердiң ең бастысы – сотқа келiп түскен талап арыздың ҚР Азаматтық iс жүргiзу кодексiнiң 150, 151-баптарының талаптарына сәйкес келетiндiгi немесе келмейтiндiгiне көңiл бөлiнбеген.

Бұған қатысты бiрнеше мысал келтiруге болады. Мәселен, сотқа берген талап арызында “МТС Ақсу” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi Сайрам ауданы әкiмiнiң 20.02.2002 жылғы № 656 шешiмi бойынша ЖШС-нiң 90 мүшелерiне Ақсуабад, Шапырашты ауылынан 85, 48 гектар жер телiмiн 49 жылғы ұзақ мерзiмге пайдалануға берiлгенiн, бiрақ, аудандық жер комитетi осы жерлердi жер үлесi жоқ азаматтарға заңсыз берiп жатқандығын және Ақсуабад ауыл мешiтiне заңсыз бергенiн көрсетiп, ол жерлерiн қайтаруды сұраған. Сайрам аудандық сотының 20.04.2006 жылғы сырттай шешiмi бойынша талап арыз қанағаттандырылған.

Iс құжаттарына үңiлсек, талапкер талап арызында және сот мәжiлiсiнде берген жауаптарында өзiнiң қандай құқығы бұзылғанын, осы дау болып отырған жер телiмдерi кiмнiң заңсыз иелiгiнде екендiгiн, кiмнен қайтарылу қажет екендiгiн көрсетпеген және талап қою құқығын дәлелдейтiн дәлелдемелер келтiрмеген. Ал, Ақсуабад ауыл мешiтi iс бойынша жауапкер ретiнде сотқа қатыстырылмаған, тiптi шақырылмаған. Осыған қарамастан бiрiншi сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырған.

Сол сияқты “Атлант” деп аталатын өндiрiстiк кооператив Енбекшi аудандық сотына арыз берiп, арызында жеке меншiгiндегi өндiрiс цехының орналасқан жер телiмiн қала әкiмi жауапкер А.Асхановқа заңсыз бекiтiп бергенiн көрсетiп, Шымкент қаласы әкiмiнiң 20.12.1999 жылғы №1082, 6.11.2001 жылғы №952 және 30.05.2005 жылғы №876 қаулыларын және тiркеуiн жарамсыз деп табуды сұраған. Ал, А.Асханов қарсы талабында “Атлант” ӨК-нiң атына тiркелген өндiрiс цехының тiркеуiн заңсыз деп табуды талап еткен. Сөйтiп, Шымкент қаласының Еңбекшi аудандық сотының шешiмiмен “Атлант” ӨК-нiң талабы қанағаттандырусыз қалдырылады да, А. Асхановтың талабы қанағаттандырылады. Iс құжаттарына облыстық соттың 14.03.1994 жылғы шешiмi бойынша “Меридиан” МП-ның қарызы есебiнен “Атлант” МЧП-ға құрылысы бiтпеген Шымкент қаласы Ленгiр тас жолы көшесiнде орналасқан өндiрiстiк цехтi қарыз есебiнен өткiзген, ал “Атлант” ӨК-i соңғысының мирасқоры ретiнде өндiрiстiк цехтi өз атына тiркеп, АК-нiң 118-бабының талабына сәйкес меншiк иесi болып танылған.

Сол кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасы “Жер туралы” Заңының 37-бабының талабы бойынша үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы, осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер телiмi заңдарда белгiленген тәртiппен меншiк құқығын әпередi.

Аталған құқықтарды бiр-бiрiнен ажыратуға болмайды. Ал, Шымкент қаласының әкiмдiгi А.Асхановқа жер телiмiн бекiтiп берген кезде, аталған заң нормаларын бұзып, ол жерде өндiрiстiк кооператив меншiгiндегi өндiрiстiк цех орналасқанына көңiл аудармаған. Сот болса материалдық заң нормаларын дұрыс қолданбай, iс құжаттарына дұрыс баға бермей, асығыс шешiм қабылдаған.

Кентау қалалық сотына Г. Мамбетова жауапкерлер Кентау қала әкiмшiлiгi, жер ресурстар басқармасы, жылжымайтын мүлiктi тiркеу орталығы, З. Батыршаева және қалалық құрылыс және саулет бөлiмiне Кентау қаласының әкiмiнiң 06.02.2002 жылғы №22 қаулысын, меншiк құқығын белгiлейтiн мемлекеттiк актiсiн, жалға беру туралы үлгiлiк шарттың және олардың мемлекеттiк тiркеуiн жарамсыз деп табуды сұрап сотқа арыз түсiрген.

Iс құжаттарына қарағанда бiрiншi сатыдағы сот талапкердiң талап арызын қанағаттандырғанда Қазақстан Республикасының Жер кодексiнiң 67, 75 баптарына негiзсiз сүйенген, себебi ол ешқандай дәлелдемелермен бекiтiлмейдi.

Қазақстан Респуликасы Жоғарғы Сотының 20.03.2003 жылғы «Соттардың азаматтық iстер жүргiзу заңнамасының кейбiр нормаларын қолдануы туралы» №2 Нормативтiк қаулысының талабы бойынша АIЖК-нiң 150-бабына сәйкес талапкерлер талап арызында, талап коюмен қатар өздерiнiң бұзылған құқықтарын және ол талаптар мен құқықтарды негiздейтiн дәлелдемелер келтiруге мiндеттi екендiгi көрсетiлген.

Г. Мамбетова өзiнiң талап арызында және сот мәжiлiсiнде берген жауаптарында оның қандай құқығы бұзылғанын және талап қою құқығын дәлелдейтiн дәлелдемелер келтiрмеген.

Г. Мамбетоваға қалалық атқарушы органы және уәкiлеттi органдар жер телiмiн жеке меншiкке және тұрақты пайдалану құқығын беретiн мемлекеттiк актi мен қаулы бермеген, сондықтан оның заңмен бекiтiлген жердi пайдалану құқығы пайда болмаған, бiрақ сот бұл негiздерге көңiл аудармаған.

З. Батыршаева жер учаскесiн алған кезде 24 қаңтар 2001 жылғы Қазақстан Республикасының «Жер туралы» Заңы қолданыста болған, сондықтан осы Заңның 34-бабының 7 тармағына сәйкес жер телiмiне меншiк құқық және тұрақты жер пайдалану құқығын беретiнi құжат – уәкiлеттi органның беретiн актiсi болып табылады.

Осы заңның 63-бабының талабына сәйкес жер учаскесiне жеке меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтату негiздерi көзделген. Ал, З. Батыршаеваның iс әрекетiнде бұл бапта көзделген негiздер жоқ және ол жөнiнде сотта ешкiм талап қоймаған.

Сол себептен бiрiншi сатыдағы соттың З. Батыршаеваға берiлген жер пайдалану құқығын беретiн мемлекеттiк актiнi заңсыз деп танығанда жауапкер Батыршаеваның заңды негiздермен және заңда көзделген тәртiппен алынған жер учаскесiне меншiк құқығынан айырып отырғаны заңға қайшы келедi.

Талапкер З. Пернебаева сотқа берген арызында Шымкент қаласы әкiмiнiң қаулысын, жер учаскесiне меншiк құқығын куәландыратын актiнi, сату, сатып алу келiсiм-шартын және жылжымайтын мүлiктi тiркеу орталығында тiркелген куәлiгiн заңсыз деп табуды сұраған.

Бiрiншi сатыдағы сот талапкердiң арызын қанағаттандыруға негiзге Шымкент қаласының әкiмi З. Пернебаеваның жер телiмiн керi қайтарып алмастан, соңғыға жер учаскесiн беру жайлы қаулыны бұзбай, С. Керiмқұловқа заңсыз қаулы шығарып, талапкердiң жер учаскесiн берiп жiберген деген уәждер келтiрген.

Iс құжаттарға қарағанда соттың бұл тұжырымымен келiсуге болмайды. Себебi З. Пернебаеваға даулы болып отырған жер телiмi Шымкент қаласы әкiмiнiң 10.08.1992 жылғы №626 қаулысы бойынша берiлген. Бiрақ ол жеке меншiк құқығын куәландыратын актiнi алмаған, яғни оның даулы жерге меншiк құқығы пайда болғаны ешқандай құжаттарымен бекiтiлмеген. Ал, З. Пернебаева даулы жерге меншiк құқығы пайда болмаса да өз бетiнше тұрғын үй құрылысын бастауға кiрiскен.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының “Соттардың жер туралы заңдардың қолдану тәжiрибесiндегi кейбiр мәселелер жөнiндегi” №2 қаулысының 16 тармағына сәйкес соттар жер дауларын қарау барысында, жер телiмдерi және оған деген құқық мiндеттi түрде мемлекеттiк тiркеуге жататынын ескерту қажет. Егер аталған құқық тiркелмеген болса, АК-тiң 118-бабы және Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар “Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу туралы” Жарлығының 2 және 3 баптарына сәйкес ондай құқық пайда болмаған деп танылады.

Ал, азаматтық iске тiркелген құжаттар бойынша З. Пернебаева жергiлiктi атқарушы органдармен даулы жер учаскесi өзiне бөлiнiп берiлгеннен кейiн 11 жыл бойы оған меншiк құқығын куәландыратын мемлекеттiк актiсiн алмаған және осы жер учаскесiне жер салығын төлеп отырғандығы туралы дәлелдi құжаттарды тiркемеген, яғни даулы жер талапкердiң иелiгiне немесе пайдалануына өтпеген, сол себептен жер учаскесi мемлекеттiк меншiгiнде болған. Осыған байланысты жергiлiктi атқарушы органы Жер кодексiнiң 18-бабының талабына сәйкес бос жатқан жер учаскесiнiң жеке меншiк құқығын С. Керiмқұловқа берген.

Бұл келтiрiлген мысалдардан байқайтынымыз, жоғарыда айтылғандай талап арыз сотқа түскен кезде кейбiр соттар оның АIЖК-нiң 150, 151 баптарының талаптарына сәйкес келетiнiне немесе келмейтiндiгiне көнiл бөле бермейдi. Арызды қабылдағаннан және азаматтық iстi қозғағаннан кейiн оны уақытылы, дұрыс шешудi қамтамасыз ету мақсатында сотта iстi қарауға және оны әзiрлеуге де жеткiлiктi көңiл бөлмейтiндерi аңғарылады. Бұған қоса материалдық және процессуалдық заң талаптары да дұрыс қолданылмайды. Сол себептен заңсыз шешiмдер шығарылады. Егер аталған осы заң талаптары толық орындалса онда ол азаматтық iстер бойынша дұрыс шешiм қабылданар едi.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 5 тармағының талабы бойынша адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс екендiгi көзделген.

Алайда, жер құқығы қатынастарынан туындаған даулар бойынша қаралған азаматтық iстердiң мән-мағынасына жете назар аударсақ, кейбiр аудандық, қалалық атқарушы органдардың Ата заңымыздың бұл талаптарын сақтамайтындығына қынжыласыз. Жер учаскелерiн жеке меншiк, тұрақты жер пайдалану, уақытша өтеулi (ұзақ мерзiмдi, қысқа мерзiмдi) жердi пайдалану (жалға алу), уақытша өтеусiз жер пайдалану құқықтары жөнiнде шешiм қабылдаған кезде, бұрын берiлiп қойған жер учаскесiн меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан заң талаптарын сақтамастан алып қою, ал жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардағы лауазымды адамдар бұл құқықтары мен мiндеттерiн заң жүзiнде атқармайтыны, заң талаптарын сақтамастан асығыс жер учаскесiн бекiту жайлы құжаттар дайындағандары анықталды. Соның салдарынан дау туындап, адамдардың арасында мемлекеттiк органдарға сенiмсiздiк туғызып, ақыры сотқа жүгiнуге мәжбүр болғаны байқалады.

Тағы бiрер мысал, Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық прокуроры Шымкент қала әкiмiнiң 01.06.2004 жылғы №1661 қаулысын және А.Мамынкулова мен Н.Қыдырғалиева, Н.Қыдырғалиев пен К.Купбаев араларындағы сату сатып-алу келiсiм шартын, меншiк иесi құқығын куәландыратын актiнi, оның жылжымайтын мүлiктi тiркеу орталығына тiркеуiнiң күшiн жоюды сұрап Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық сотына арыз түсiрген.

Қазақстан Республикасы Жер кодексiнiң 26-бабының талабы бойынша елдi мекендердегi ортақ пайдаланудағы аумақтар орналасқан жер телiмдерi жеке меншiкте бола алмайтыны көрсетiлген.

Ал, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңының 47-бабының талабы бойынша елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылатыны көзделген.

Елдi мекендердiң бас жоспарлары қаланы дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын құжаты болып табылады. Сол себептен бас жоспарда әлеуметтiк, рекреациялық, өндiрiстiк, көлiк және инженерлiк инфрақұрылымдар, демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар, құрылыс салынған және салынбаған аумақтарының ара қатынасы және елдi мекендi тұрақты дамытуды қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де шаралар белгiленедi.

Ал, iс құжаттарына қарағанда Шымкент қала әкiмi даулы жер учаскесiн А.Мамынкуловаға берген кезде бұл заң нормаларын және Жер кодексiнiң 33, 43 баптарының талаптарын сақтамастан сәулет және құрылыс органдарын қатыстырмай, жер пайдаланушылардың ортақ пайдалануындағы жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасасуына жол берiлмейтiнiн бiле тұра, Шымкент қаласы “Тараз” мөлтекауданы аумағының бас жоспары бойынша №169А,155А, 99А жер учаскелерi көзделмегенiн, осы Новая көшесi бойынан газ, жылу жүйелерiнiң өтетiнiн ескермей заңсыз қаулы қабылдаған.

Талапкер Р.Мамутханов Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотына Оңтүстiк Қазақстан облысы жер ресурстары басқармасының заңсыз әрекетсiздiгiне берген арызында Сайрам аудандық сотының 20.10.2003 жылғы шешiмi бойынша Сайрам ауданы Көлкент ауылында орналасқан фермаға меншiк құқығы танылғанын, осыған байланысты Көлкент селолық округi әкiмiнiң шешiмi бойынша ферманың астындағы 0,2594 гектар жер учаскесiне және 2 гектар жайылымға меншiк құқығы берiлгенiн, бiрақ жауапкер заңсыз жеке меншiк құқығын куәландыратын актiсiн бермей отырғанын көрсетiп, аталған құжатты берудi мiндеттеудi сұраған.

Қазақстан Республикасының Жер кодексiнiң 19-бабына сай ауылдық округi әкiмiнiң құзыретiне жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беруге жатады, ал, осы кодекстiң 43-бабына сәйкес жер учаскесiне жеке меншiк құқығы актiсiн беру жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органдар болып табылатыны көзделген.

Ал, Сайрам аудандық тұрақты жер комиссиясының 19.04.2004 жылғы №16 және Көлкент ауылдық округi әкiмiнiң 07.06.2004 жылғы шешiмдерi заңды күшiнде, оларды бұзу жөнiнде ешкiм мәселе қоймаған.

Жер кодексiнiң 148-бабының талабы бойынша жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жер учаскелерiн алып қою және беруге байланысты заңсыз шешiмдердi жою мәселелерi бойынша сот органдарына жүгiнуге құқылы. Ал, осы кодекстiң 146-бабы бойынша жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық органдардың басшылары тиiстi жердi пайдалану мен қорғау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары болып табылады.

Бiрақ, Оңтүстiк Қазақстан облысы жер ресурстарын басқару жөнiндегi аумақтық орган бұл заң талаптарын орындамаған, заңда көзделген өз құқықтарын пайдаланбаған, керiсiнше Р.Мамутхановқа әр түрлi себепсiз негiздер айтып, жер учаскесiне жеке меншiк құқығын куәландыратын актiсiн бермеген.

Сол секiлдi, С.Қартайғанов деген азамат Мақтарал ауданы әкiмiне, аудандық жер бөлiмiне тағы басқаларға Мақтарал ауданы әкiмiнiң 12.09.2005 жылғы №794, 6.10.2005 жылғы №836 қаулыларын және жалға алу құқығын беретiн актiлерiнiң күшiн жоюды сұрап арыз берген. Арызында 28.04.1994 жылы №225 Жетiсай ауданы әкiмiнiң шешiмi бойынша “Бүркiт” көп салалы шағын кәсiпорын құруына байланысты ауданның арнайы жер қорынан 5,0 гектар жер учаскесiн пайдалануға берiлгенiн, осыған байланысты меншiк құқығын куәландыратын акт алғанын, бiрақ, аудан әкiмi азаматша Ә. Баймуратованың арызы бойынша меншiк құқығын бұзып, заңмен көзделген тәртiп бойынша берiлген жер учаскесiн ауданның арнайы жер қорына қайтарып алып, ол жердi А.Темiрбеков пен Н.Тұрысбековке уақытша (ұзақ мерзiмге, қысқа мерзiмге) өтеулi жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берiп жiбергенiн көрсеткен.

Мақтарал аудандық сотының шешiмiмен С.Қартайғановтың талап арызы қанағаттандырылып, Мақтарал ауданы әкiмiнiң №794 12.09.2005 жылғы және №836 6.10.2005 жылғы қаулыларымен А.Темiрбеков пен Н.Тұрысбековке уақытша (ұзақ мерзiмге, қысқа мерзiмге) өтеулi жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретiн актiлерiнiң күшi жойылған.

Iс құжаттарына қарағанда Мақтарал ауданы әкiмдiгi Қазақстан Республикасының Жер кодексiнiң 94-бабының талаптарын өрескел бұзған, яғни, меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою тәртiбiн сақтамаған, соның салдарынан С. Қартайғановтың заңмен көзделген тәртiп бойынша берiлген жер учаскесiн ауданның арнайы жер қорына заңсыз қайтарып алып, басқа тұлғаларға бекiтiп берiп жiберген. Сөйтiп, соңғысының құқығы бұзылған.



Атқарушы органдардың жер учаскелердi екi тұлғаға немесе заңды тұлғаларға беру туралы дауына қатысты азаматтық iстер жөнiнде қабылданған сот шешiмдерiне шағым түсiрген тараптар соттарды даттайды. Бiрақ олар дауды туғызған әкiмдер жөнiнде ешқандай мәселе көтермейдi, себебi өздерi жер учаскесiн заңсыз алғанын бiледi, бiле тұра жан-жаққа арыз жазады. Сөйтiп олардың арызын қанша органдар тексерiп, жауап жазып әурешiлiкке түсiп жатады.

Бiрқатар азаматтық iстер бойынша тараптар жергiлiктi атқарушы органның, әкiмдердiң заңсыз қаулыларын бұзулары жөнiнде талап қоя отырып, моральдық зиян өндiрудi сұрайды. Өкiнiшке орай, ондай талаптар қанағаттандырусыз қалдырылады. Себебi, моральдық зиян лауазым иелерiнен, яғни, мемлекеттiк қызметкерлерден өндiрiлмейдi, ол жергiлiктi атқарушы органның бюджетiнен, яғни мемлекеттен өндiрiледi. Сөйтiп, айналып келгенде, мемлекет зиян шегедi. Ал, әкiмдер ешқандай жауапкершiлiкке тартылмайтын болғандықтан осындай заң бұзушылыққа бара бередi.
Каталог: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> 9514b69afd8379dc462572d8001c3cc0 -> $FILE
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
$FILE -> Желтоқсан жаңҒырығы намыс-ұлтты құтқаратын қасиет


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет