Соттардың мұрагерлік құқық нормаларын қолдану жөніндегі сот практикасына шолу



жүктеу 217.25 Kb.
Дата03.05.2016
өлшемі217.25 Kb.
Соттардың мұрагерлік құқық нормаларын

қолдану жөніндегі сот практикасына

ШОЛУ

Мұрагерлік құқықтық қатынастарға байланысты істерді қараудың сот практикасына жүргізілген қорыту республика соттарының мұрагерлік құқық нормаларын негізінен дұрыс қолданатынын көрсетті.

Сонымен қатар, сот практикасын зерделеу барысында белгілі бір мәселені шешу кезінде материалдық құқық нормаларының әр түрлі қолданылатыны да анықталды.

Азаматтық кодекстің (бұдан әрі - АК) 1043-бабына сәйкес, мұра қалдырушының соңғы тұрған жерi, ал егер ол белгiсiз болса, мүлiктiң немесе оның негiзгi бөлiгiнiң орналасқан жерi мұраның ашылу орны болып табылады. Мұра қалдырушының тұрған жерін анықтау кейіннен мұрагерлердің мұраға құқығы туралы куәлігін алу үшін қажет.

Кей жағдайда азамат өзінің тұрақты тұратын мекенінен жырақта, мысалы, емдеу орнында, ауруханада немесе басқа жерде қайтыс болуы мүмкін.

Осы орайда төмендегі деректі келтіре кеткен жөн. Можарова Тараз қаласы, Сағындықов көшесі, №8 үй, №28 пәтер мекен-жайы бойынша өзімен бірге тұратын анасының 12.04.2002 жылы қайтыс болуына байланысты мұраның ашылу орнын анықтау туралы сотқа арыз берген. Алайда, анасының қайтыс болғаны туралы куәлiкте марқұмның қайтыс болған орны Шымкент қаласы деп көрсетілгендіктен (ол сол кезде туыстарының үйінде қонақта болған) оған мұраға құқығы туралы куәлік берілмеген. Арыз иесі уәждерін растау үшін анасының мұрагерлік мүлік тұрған тұрғылықты жері туралы “Турксиб-2” ПИК-тің анықтамасын, сондай-ақ, өзінің бірінші кезектегі мұрагерлердің қатарына жататыны туралы дәлелдемені де келтірген.

Тараз қалалық сотының 2004 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен арыз қанағаттандырылып, сот мұраның ашылу орны Жамбыл облысының Тараз қаласы екенін анықтады.

Басқа іс бойынша осы қалалық сот азаматша Ахиллованың күйеуі қайтыс болғаннан кейін ашылған мұраның ашылу орнын анықтау туралы арызын қанағаттандырды. Қайтыс болған адам тұрған жері бойынша (Тараз қаласы, Разин көшесі, 5 үй) тіркелмегендіктен нотариаттық әрекет жасалмаған. Сот шешімді негіздей отырып, қайтыс болған Баймаханов пен арызданушы Ахиллованың арасындағы некенің тіркелгенін, олардың қайтыс болған адамға меншік құқығымен тиесілі үйде бірге тұрғанын, қайтыс болу туралы куәлiкті Тараз қаласындағы АХАЖ-дың бергенін атап көрсетті.

Келтірілген мысалдар мұраның ашылу орнын анықтау туралы арызбен сотқа шағымдану үшін негіздің жоқ екенін көрсетеді. Шындығында мұраның ашылу орнын қолдағы бар құжаттар бойынша нотариустардың өздері анықтай алар еді. Азаматтардың тұрақты мекен-жайын анықтау үшін “Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу ережесін бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 шілдедегі № 1063 қаулысы бойынша тұрған жерінде тіркелуі негіз болады. Бірақ, нотариустар мұраға құқық туралы куәлікті беру кезінде осы мән-жайды назарға алмайды.

АК-нің 1074-бабының 1-тармағына сәйкес, мұрагер өзiнiң мұрагерлiкті қабылдауға шақырылғандығы туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен бастап алты айдың iшiнде мұрадан бас тартуға құқылы. Мұрагер мұрадан бас тартатыны туралы мұраның ашылған жерi бойынша нотариусқа арыз береді және ол кейiннен күшiн жоймайды немесе қайтарып алуға болмайды.

В. Ким өзінің дүние-мүлкі жөнінде өсиет жазып, Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, 30-23 мекен-жайы бойынша пәтерін қызына мұраға қалдырған. Мұрагер өсиет бойынша мұра ашылғаннан кейін 04.02.2003 жылы нотариат кеңсесіне өз ұлының пайдасына мұрадан бас тартатыны туралы арыз береді. Кейіннен мұрагер әкесі қайтыс болғаннан кейін өзінің ауыр күйзеліс жағдайында болғанын, біраз уақыт өткеннен кейін әкесінің өсиетін бұзуға құқығы жоқ екенін түсінгенін айтып, өсиет бойынша мұрадан бас тартқаны туралы арызының күшін жою туралы сотқа қайта арыз берген. Тараз қалалық сотының 2003 жылғы 25 тамыздағы шешімімен мұрагердің мұрадан бас тартуының күшін жою туралы арызы қанағаттандырылған.

Соттың шешімінде талап арыздың неліктен қанағаттандырылғаны туралы дәлел келтірілмеген, тек ұлының пәтерді анасына қайтаруға дайын екені, қояр талабының жоқтығы ғана аталып көрсетілген.

Солай бола тұра, арызданушының әрекеті азаматтық құқықтар мен міндеттемелерді анықтауға, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталғандықтан мұрадан бас тарту бiржақты мәмiлеге жатады. Мұрадан бас тарту Азаматтық кодексте көзделген негіздер бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін. Сондықтан да өзінің пайдасына мұрадан бас тартылған жағдайда мұраны иеленіп қалуға тиіс адамның мұралық мүлікті қайтаруға келісім беруі талапты қанағаттандыру үшін жеткілікті негіз болып табылмайды.

Соттар лайықсыз мұрагерлердi мұрадан шеттету мәселелерін реттейтін АК-нің 1045-бабының нормаларын негізінен дұрыс қолданады. Лайықсыз мұрагерлерге өсиет бойынша да, сондай-ақ, заң бойынша да мұрагерліктен шеттетуге болатын, мұра қалдырушыны немесе мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған, мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруына кедергi келтірген және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдарды жатқызуға болады. Бұл мән-жайлар сот арқылы расталуы тиіс.

Мұрагердiң мұра қалдырушыны қасақана өлтiруі мұрагердi мұрагерлiктен шеттету үшін жеткіліксіз болады, бұл туралы соттың шешімі қажет.

Айталық, Ақтөбе қалалық сотының 2003 жылғы 10 сәуірдегі үкімімен Қара-балиев ҚК-нің 103-бабының 3-бөлігімен 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған. Ол 2003 жылдың 2 қаңтарында мас болып, өз пәтерінде зайыбына қол жұмсап, айтарлықтай зақымдаған. Осының салдарынан жәбірленуші сол жерде мерт болған.

Жәбірленушінің әкесі лайықсыз мұрагердi мұрадан шеттету туралы сотқа талап арыз берген. Ақтөбе қаласы №2 сотының 2003 жылғы 1 шілдедегі шешімімен арыз қанағаттандырылған.

АК-нің 1045-бабының 3-бөлігінде балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны заң бойынша алуға құқығы жоқ екені анықталған. Осы мән-жайлар соттың растауын қажет етпейді және бұл үшін балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылу фактісінің өзі жеткілікті болып есептеледі.

Сонымен қатар, мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заңмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналар және кәмелетке толған (асырап алынған) балалар сот шешімі бойынша мұрагерлік құқықтан айырылуы мүмкін.

Мысалы, Серпокрылов Ақтөбе қаласының №2 сотына жүгініп, соттан Межновтің атына берілген мұраны иелену құқығы туралы куәлікті жарамсыз деп тануды, мұрагерді мұрадан заң бойынша шеттетуді сұраған. Талапкер өзінің немересі, жауапкердің баласы қайғылы қазаға ұшырағаннан кейін жауапкердің марқұм болған баладан қалған пәтерге мұрагерлік куәлікті заңсыз түрде рәсімдеп алғанын айта келіп, шешесі 1995 жылы қайтыс болған балаға жауапкердің ешқандай моральдық, материалдық қолдау жасамағанын, баланы өзі тәрбиелеп өсіргенін дәлел ретінде келтірген.

Оның талабы соттың шешімімен қанағаттандырылды. Сот Межновтың өз баласын асырап-бағу мен тәрбиелеу міндеттерінен жалтарғанын анықтап, баласы қайтыс болғаннан кейін оның мұрасын иеленуге құқылы емес деп тапты. Соттың тұжырымдары келтірілген дәлелдемелермен расталды, атап айтқанда, жауапкер екінші дәрежедегі маскүнемдік диагнозымен наркологиялық диспансерде есепте тұрған, баланы асырап-бағу үшін алимент төлемеген, оны тәрбиелеу жөнінде көмек көрсетпеген. Бас бостандығынан айыру орындарынан босағаннан кейiн пәтерді баланың өмір сүруіне мүлдем жарамсыз антисанитарлық жағдайға жеткізген. Ақтөбе қаласы әкімінің 1995 жылғы 25 шілдедегі қаулысымен талапкер Серпокрылов кәмелетке толмаған баланың қорғаншысы болып тағайындалған.

Заң бойынша мұрагерлер АК-нің 1061-1066-баптарында көзделген кезек тәртiбiмен мұрагерлiкке шақырылады. Егер мұра АК (Ерекше бөлім) қолданысқа енгізілгенге дейін ашылса, онда мұрагерлік кезектілікке Қазақ КСР АК-нің 527-бабының талаптары қолданылады.

Қазақ КСР Азаматтық кодексінің нормаларына сәйкес, қайтыс болған адамның немерелері мұрагерлік кезекте әке-шешесінен кейін тұратыны, әке-шешесі мұра ашылғанға дейін қайтыс болған жағдайда ғана ұсыну құқығы негізінде заң бойынша мұраны иелене алатындығына қарамастан, Ақтөбе қаласының №2 соты ерлі-зайыпты Гербеевтер, тиісінше, 1982 және 1991 жылдары қайтыс болғаннан кейін олардың үйін немерелері В. Шкап мұра ретінде қабылдап алу фактісін анықтады. Іс материалдары бойынша Гербеевтердің қызы бірінші кезектегі мұрагер болғанымен, өзінің ұлы Шкаптың пайдасына мұрадан бас тартқан. Соттың шешімімен Шкаптың мұраны қабылдау фактісі анықталып, оның үй құрылысына меншік құқығы танылған.

Алайда, қолданыстағы заңнама мұраның ашылу кезінде қайтыс болған адамның немерелеріне көзі тірі ата-анасының ұсыну құқығы бойынша мұрагер болуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан сот қойылған талапты қанағаттандырудан бас тартып, бірінші кезектегі мұрагерге мұраны қабылдап алып, содан кейін мұраға иелік ете алатыны туралы түсіндіруі керек еді. Оның үстіне соттың мүліктік сипаттағы талапты мемлекеттік баж төлетпей қарағаны анықталды.

Заң бойынша қалдырылған мұраны, мұрагерлердің үлес мөлшерін өсиет арқылы өзгертуге болады. Азамат қайтыс болған жағдайда өзiне тиесiлi мүлiкке билiк ету жөнiнде өз ықтиярын бiлдiруi өсиет болып танылады. Өсиеттiң нысаны туралы жалпы ережелер, өсиет жасаудың тәртібі Азаматтық кодекспен реттеледі.

АК-нің 1056-бабының 1-тармағына сәйкес, тиiстi нысанда жасалмаған өсиет жарамсыз болады. Өсиеттiң жарамсыздығы Кодекстiң 4-тарауына, яки мәмiлелердiң жарамсыздығы туралы ережелерiне де негiзделедi.

Өсиет тұтастай не бір бөлігі жарамсыз болуы мүмкін. Өсиеттің тұтастай жарамсыздығы немесе бір бөлігінің жарамсыздылығы туралы мәселелер бойынша барлық даулар сот тәртібімен қаралады. Өсиеттің заңға сәйкестігін және тараптардың мұраға ие болу құқықтарының бар-жоғын тек сот қана анықтауға құқылы.

Сот практикасында негізінен мұра қалдырушы өсиетті куәландыру кезінде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмауына немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмеуіне байланысты мұраны жарамсыз деп тану туралы талап қою кездеседі.

АК-нің 159-бабының 7-тармағына сәйкес әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, мәмiле жасаған кезде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болған азамат жасасқан мәмiленi сот, мәмілені жасаудың салдарынан құқықтары немесе заңмен қорғалатын мүдделері бұзылған сол азаматтың немесе өзге тұлғалардың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Бұдан басқа, кейiннен әрекет қабiлеттiлігi жоқ деп танылған азамат жасасқан мәмiлені, егер мәмiленi жасау кезiнiң өзiнде-ақ азаматтың өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болғаны дәлелденсе, оның қорғаншысының талабы бойынша сот оны жарамсыз деп тануы мүмкiн (АК-нің 159-бабының 5-тармағы).

Өсиетті қалдырған адамның психикалық жағдайын анықтау үшін сот әдетте, сот-психиатриялық сараптама (адам қайтыс болған жағдайда - қайтыс болғаннан кейін сот-психиатриялық сараптама) тағайындайды.

Алматы қаласы Бостандық ауданының прокуроры мемлекеттің мүддесін қорғап, Алматы қаласының Әділет басқармасына, азаматтар Четверяковаға, Десят-никовке және Десятниковаға 2000 жылғы 18 наурыздағы өсиетті жарамсыз деп тану туралы талап қойып, сотқа жүгінді. Ол талабын қайтыс болған Попованың өсиетке қол қою кезінде денсаулық жағдайына байланысты өз әрекеттерiнiң сипаты мен мәнiн түсiне алмайтын жағдайда болғанын дәлел ретінде келтірді. Талап қою басқа азаматтық істің материалдарына негізделген болатын. Мұра қалдырушының пәтерінен үшінші тұлғаларды шығару туралы Четверякова қойған талаптан көрініп отырғанындай, 2000 жылы 18 наурызда Попова Алматы қаласы, “Көктем-3” шағын ауданы, 19-үйдегі 44-пәтерді, 2370 АҚШ доллары сомасындағы валюталық салымды және де ол қайтыс болғаннан кейін қалған барлық дүние-мүлікті Четверяковаға, 3000 АҚШ доллары сомасындағы валюталық салымды Десятниковтарға мұраға қалдыратыны туралы өсиет қалдырған. Өсиет жасалғаннан кейін Попова 2000 жылдың 25 сәуірінен 2000 жылдың 2 мамырына дейін Алматы қалалық жүйке емдеу орталығында “инвалюциялық паранойя” диагнозымен стационарлық емдеуде болған. Өсиет қалдырушы қайтыс болғаннан кейін, 2004 жылғы 19 қаңтарда жасалған №51 сот-психиатриялық сараптама актісіне сәйкес, мұра қалдырушы психикасының бұзылуына байланысты өсиетке қол қою кезінде өз әрекеттерiнiң сипаты мен мәнiн түсiне алмайтын және өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болған. Прокурордың осы дәлелдерді негізге ала отырып қойған талабы қанағаттандырылып, Өсиет АК-нің 159-бабының 7-тармағының негізінде жарамсыз деп танылды.

Сонымен қатар, кейбір жағдайларда соттардың заңда көзделмеген негіздер бойынша өсиеттерді жарамсыз деп танығаны анықталды.

Айталық, Алматы облысы Талғар аудандық сотының шешімімен Талғар мемлекеттік нотариат кеңсесінің Басағаш селосындағы филиалында 2000 жылғы 26 маусымда Чернованың Шереметтің атына жасаған өсиеті басқа мұрагерлердің талабы бойынша жарамсыз деп танылған. Сот Чернова мұраға қалдырған үй құрылысы жоспардан тыс салынған және ол пайдалануға қабылданбаған деген уәжді ғана негізге алып, жоғарыдағы шешімді қабылдаған. Алайда, жасалған өсиетті жарамсыз деп танырлықтай сотта еш негіз жоқ болатын. Керісінше, өсиет нысаны мен мазмұны, сондай-ақ, өсиет қалдырушының өз еркін білдіруі заң талаптарына толығымен сәйкес келіп тұрғандықтан, сот талапты қанағат-тандырудан бас тартуы керек еді.

Кейбір жағдайларда соттар өсиет жазылған кезде ерлі-зайыптылардың жеке үлесі жұбайлардың ортақ меншiгіндегі үлесінен бөлініп көрсетілмеген деген уәжбен өсиетті жарамсыз деп таниды. Осы орайда өсиет дегеннің мәніне тоқтала кеткен жөн. Өсиет азаматтың өзі қайтыс болған жағдайда мүлкін қалай бөлу керектігі жөніндегі билігі. Өсиетті рәсімдеу кезінде нотариус немесе өсиетті куәландыруға заңды құқық берілген лауазымды адам өсиет етiп қалдырылған мүлікке құқықтың бар-жоғын тексермейді. Өсиетте көрсетілген мүліктің бар-жоғын мұра қалдырушы қайтыс болған кезде нотариус анықтайды.

АК-нің 1083-бабына сәйкес, егер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер болмаса не мұрагерлердiң ешқайсысының мұра алуға құқығы болмаса, не олардың бәрi мұрадан бас тартса, мұра иесiз қалған деп танылады. Иесiз қалған мұра мұраның ашылған жерi бойынша коммуналдық меншiкке ауысады.

Иесіз қалған мұраны қабылдауды тек құқық ретінде ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің міндеті деп қарау қажет, өйткені мемлекеттің басқа мұрагерлерден бір ерекшелігі — мұраны қабылдаудан бас тарта алмайды.

Мұра ашылған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн мұра ашылған жер бойынша қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) аймақ әкiмi аппараты арызының негiзiнде сот мұраны иесiз қалған мұра деп таниды. Мұраны қабылдау мерзімі бойынша да ерекшелік бар, егер мұраны қорғауға және оны басқаруға байланысты шығындар оның құнынан асып түссе, онда мұра бір жыл өткенге дейін иесiз қалған деп танылуы мүмкiн.

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов аудандық сотына Уәлиханов ауданының әкімі мұраны иесiз қалған мұра деп тану туралы арызбен жүгінді. Арызда 2003 жылдың 24 ақпанында Аққұдық ауылында Степанец деген азаматтың қайтыс болғаны, оның соңында 301300 теңге сомасында ақша қалғаны көрсетілген. Қайтыс болған адамның отбасы мен туыстары болмағандықтан Қарасу селолық округінің әкімі оның туыстарын іздестіру жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарына хабарландыру жариялаған, марқұмның туыстары мен мұрагерлері табылмаған. Соттың шешімімен әкімнің арызы қанағаттандырылды.

Сондай-ақ, Өскемен қалалық сотының шешімімен “Управление ЖКХ” мемлекеттік мекемесінің ортақ меншiк құқығымен Скрипнистая мен Тидоның атына тіркелген бір бөлмелі пәтерді мұра ретінде қабылдау туралы арызы қанағаттандырылды.

Сотта пәтердің бос тұрғаны, коммуналдық төлемдер бойынша қарыздардың жиналып қалғаны, мұра ашылған уақыттан бастап бір жыл ішінде ешкімнің мұрагер ретінде мұраға құқығы туралы куәлік сұрап арыз бермегені, мұрагерлiк iстердің жүргізілмегені анықталды.

Зерделеуге түскен істердің санының жартысынан көбі мұраға құқықты сот тәртібімен тануға байланысты, оның ішінде үштен бірі мұрагерлердің мұрагерлік мүлікке құқығын тану туралы арызы бойынша қаралған, демек, заңмен белгіленген тәртіп бойынша мүлікке құқық тіркелмеген істерді құрайды.

АК-нің 1072-бабына сәйкес, мұрагер кейiн мұрадан бас тартпаса, мұрагерлiк құқығын заңда көзделген негіздер бойынша жоғалтпаса, ол мұра ашылған уақыттан бастап өзiне тиесiлi мұраға немесе оның бiр бөлiгiне (үлесiне) құқық алады. Міне, осылайша, АК (Ерекше бөлім) заңды күшіне енгеннен кейін, демек, 1999 жылдың 1 шілдесінен бастап ашылған мұраға қатысты мұраға құқық туралы куәлікті алу үшін мұраны қабылдау фактісін анықтау, мұраны қабылдауға арналған мерзімді ұзарту туралы институт күшін жойды. Бұған қарамастан республика соттары осындай арыздарды қарауды жалғастырып жатыр.

Айталық, Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық сотының 2003 жылғы 27 маусымдағы шешімімен азаматша Қадырбекованың 2001 жылдың тамызында, демек, Азаматтық кодекстің Ерекше бөлімі күшінде тұрған кезде анасы қайтыс болғаннан кейін мұраны қабылдау фактісін анықтау туралы арызы қанағаттандырылды.

Заң бойынша мұра қабылдауға құқығы жоқ адамдардың арыздары бойынша мұраны қабылдау туралы заңды фактілерді анықтау жағдайлары да орын алып отыр.

Алматы облысының Қарасай аудандық соты 1992 жылдың желтоқсанында мұра қалдырушы Асанов қайтыс болғаннан кейін ашылған мұраны оның немере інісінің қабылдау фактісін анықтаған. Мұра ашылған сәтте қолданыста болған Қазақ КСР АК-нің 527-бабына сәйкес, немере інілер заң бойынша мұрагерлер қатарына енгізілмеген болатын. Осы іс бойынша соттың шешімі тұжырымдалмаған, егер сөзбе-сөз келтірер болсақ: “сот іс материалдарын зерделеп, арыз иесін тыңдап, арыз қанағаттандыруға жатады деп санайды, себебі, арыз иесі іс жүзінде мұраны қабылдап, сол үйде тұрып, салықтардың барлығын төлеп, үйді күтіп ұстап отыр” деумен шектелген.

АК-нің 236-бабының екінші бөлігіне сәйкес, меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн. Ал аталған баптың бірінші бөлігіне сәйкес, егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншiк құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиедi.

Мұрагерлердің арыздарын қарап, шешім шығарған кезде соттардың Азаматтық кодекстің жоғарыда аталған талаптарын сақтамау жағдайлары жиі кездесті.

Айталық, 21.01.1994 жылғы сатып алу-сату шартына сәйкес Жаркент қаласы, Советская көшесіндегі 140 үйдің меншік иесі Мансурова болып табылады. Қалалық округ аппараты әкімінің 30.01.1997 жылғы өкімімен ескі тұрғын үйді қайта салуға рұқсат берілген, бірақ ол қайта салынған үйді заңдастырып үлгірмей, 17.04.2002 жылы қайтыс болған. Марқұмның ұлы Илиев 1994 жылдан бері үйде тұрып жатырмын, шешем қайтыс болды, ал әпкелерім мен ағам мұраға таласпайды деп, салынған үйге меншік құқығын тану туралы ерекше іс жүргізу тәртібімен сотқа арыз берген. Алматы облысы Панфилов аудандық сотының 29.07.2003 жылғы шешімімен арыз қанағаттандырылып, мұрагердің меншік құқығы заңдастырылған. Осы орайда сот заң тұрғысынан қателік жіберген, ол талапты қанағаттандырудан бас тартып, мұрагерлерге нотариаттық кеңсеге өтініш беруді ұсынуы керек еді.

Қостанай қалалық соты да Левченконың арызы бойынша істі қарау кезінде жоғарыдағыдай қателікке жол берген. Соттың 01.06.2004 жылғы шешімімен жылжымайтын мүлікті (қайта салынған үйді) иелену, пайдалану және билік ету фактісі анықталған.

Қарағанды облысы Сәтпаев қалалық соты Бочкареваның мұралық мүлік - бау-бақша отырғызуға арналған жер учаскесіне меншік иелігін тану туралы арызы бойынша істі қараған. Сот жер учаскесі арыз иесінің әкесіне тиесілі, бірақ ол меншік құқығын заңмен көзделген тәртіппен өз атына тіркемеген, өсиет бойынша барлық дүние-мүлкін қызына мұраға қалдырған деп тұжырым жасаған. Талапкер өзге жолмен мұраны қабылдай алмайды, осыған орай даулы жер учаскесіне иелік ете алмайды деп сот арызды қанағаттандырып, оның жер учаскесіне меншік құқығын таныған. Осы орайда сот “Жер туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, уәкілетті орган ұсынатын жер учаскесіне меншік құқығын және жерді ұдайы пайдалану құқығын беретін акт қана жер учаскесіне жеке меншік құқығын куәландыратын құжат болып табылатынын назарға алмаған. Сондықтан сот арызды қанағаттандырудан бас тартып, мұраға құқықты ресімдеу үшін нотариаттық кеңсеге өтініш беру керек екенін түсіндіруге тиіс еді.

Ақтөбе қаласының № 2 соты да Пустованың Элеватор-1 “Весна” бау-бақша ұжымындағы жер учаскесіне және бау-бақша үйіне меншік құқығын анықтау кезінде осындай қателікке жол берген. Соттың шешімімен арыз қанағаттандырылған, алайда, Ақтөбе қаласы әкімінің 10.07.1997 жылғы шешімінің негізінде арызданушының әкесіне бау-бақша егу үшін меншік құқығын беретін мемлекеттік акт істің материалдарына қоса тіркелген және осы учаскеге кадастрлық нөмір берілген. Арыз иесі мұрагерлік құқығын ресімдеу үшін нотариаттық кеңсеге өтініш беруі керек еді.

Үшінші адамдардың атына тіркелген жылжымайтын мүлікке мұрагерлік құқықты тану жөніндегі істер де ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады.

Айталық, 04.10.2002 жылы нотариус куәландырған шарт бойынша тұрғын үй-жайлар айырбасталған. Соған сәйкес, Сүйінтаевтар отбасы Тургенев көшесі, 104 үйдегі пәтерге көшіп кірген. Үй иесі Сүйінтаев 22.03.2003 жылы қайтыс болғандықтан үйді айырбастау шарты белгіленген тәртіп бойынша тіркелмей қалған. Оның әйелі сотқа мұраны қабылдау фактісін анықтау және аталған пәтерге меншік иелігін тану туралы арыз берген. Сот отырысында мұра қалдырушының әйелі және балаларымен қатар бірінші кезектегі мұрагер - шешесі бар екеніне, ал пәтер осыған дейінгі иесінің атына тіркелгеніне, демек, соттың қарауына жататын даудың туындағанына қарамастан, Ақтөбе қалалық сотының 31.10.2003 жылғы шешімімен арыз қанағаттандырылған. Сот АІЖК-нің 290-бабының екінші бөлігін бұза отырып шешім шығарғанын көруге болады. Осыған орай сот істі талап қою тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарып, арыз иесіне АІЖК-нің 150, 151-баптарында көрсетілген талаптарды сот белгілеп берген мерзімге дейін орындауы керек екенін түсіндіруі керек еді. Ал соттың ұйғарымы белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, арыз қараусыз қалдырылуға жатады.

Әдетте нотариустар ауладағы құрылыстардың тіркелмеуіне, атап айтқанда, олардың рұқсатсыз салынуына және мұраның ашылу сәтінде пайдалануға қабылданбауына байланысты оларға мұраға құқық беретін куәлік беруден бас тартады.

Мүдделі адамдар сотқа арыз бергенде осы мәселелер әрқалай шешіледі: кейбір соттар мұрагерлердің жылжымайтын мүлікке меншік құқығын таниды, ал басқалары бұл мәселелерді мемлекеттік билік органдарының, лауазымды адамдардың әрекеттеріне шағымдану тәртібімен шешеді.

Айталық, Ескендірованың Алматы облысы, Көктал ауылы, Абылай хан көшесіндегі 144-үйге меншік құқығы болған еді. Ол 2002 жылдың қарашасында қайтыс болған кезде үйдің жанында өз бетімен жалғастырыла салынған бөлме және қалқа бар болатын. Нотариус марқұмның ұлы Ниязовқа заң бойынша мұрагерлік құқығын беретін куәлік беруден бас тартқандықтан ол тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы сотқа арыз берген. Алматы облысы Панфилов аудандық сотының шешімімен арыз қанағаттандырылған.

Тағы бір іс туралы. Күзембаевтың жеке меншігінде Семей қаласының Короткая көшесіндегі 36-үйдің болғаны анықталған. Жер учаскесіне ол өз бетімен құрылыс, сондай-ақ, жалғама В-1 литерлі құрылыс салған. Құрылыстар Күзембаев қайтыс болғанға дейін заңдастырылмағандықтан оның мұрагерлеріне мұраға меншік құқығын беретін куәлік беруден бас тартылған. Мұрагерлер Семей қаласының сәулет және қала құрылысы жөніндегі комитетіне қосымша құрылысты пайдалануға қабылдау туралы арыз берген, бірақ меншік иесінің қайтыс болуына байланысты олардың арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Мұрагерлердің шағымдары бойынша Семей қаласының № 2 соты Семей қаласының сәулет және қала құрылысы жөніндегі комитетін В-1 литерлі жалғама құрылысты қабылдап, марқұмның атына құжаттарды ресімдеуді міндеттеген. Сондай-ақ, сот “ШҚО бойынша жылжымайтын мүлік орталығы” РМК-нің Семей филиалын В-1 литерлі жалғама құрылысты пайдалануға қабылдау туралы құжаттарды ресімдеуге міндеттеген.

Сот өз тұжырымдамасында мүліктің меншік иесі Күзембаевтың атына тіркелгенін, құрылыстың үйге жалғастырыла салынғанын, бірақ пайдалануға қабылданбағанын атап көрсеткен. АК-нің 60-бабында мұра қалдырушының құқығын тіркеу құқығының мұрагерлерге өту мүмкіндігі көзделген.

Осы орайда соттың марқұмның жалғама құрылысқа құқығын тіркеу құқығы талапкерге көшеді деген тұжырымдамасы құқық нормаларына негізделген.

Азаматтардың жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жасасқаннан кейін мәмілені жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығында тіркеуге үлгірмей мезгілсіз қайтыс болу фактілері жиі кездеседі. Осындай жағдайларда мұрагерлер тіркеуші органды мәмілені мұра қалдырушының атына тіркеуге міндеттеуді сұрап сотқа арыз береді.

Мысалы, Шалимова сотқа берген арызында ағасы 17.02.2000 жылы пәтер сатып алғанын, бірақ 20.05.2000 жылы мезгілсіз қайтыс болуына байланысты мәміленің тіркелмегені туралы жазған. Жылжымайтын мүлік орталығы мәмілені тіркеуден бас тартқан. Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданы №2 аудандық сотының 16.04.2003 жылғы шешімімен Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығына сатып алу-сату шарты бойынша мәмілені оның қайтыс болған ағасының атына тіркеу міндеті жүктелген. Осы орайда сот “Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттiк тiркеу туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар Жарлығының 13-бабының 5-тармағына сілтеме жасаған. Аталған баптың талаптарына сәйкес, тиiстi құжаттар тапсырылмаған жағдайда ғана жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалған мәмiлелердi тiркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тартуға жол берiледi.

Өлмесекованың Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығының әрекеттеріне щағымданып берген арызы бойынша Талдықорған қалалық соты да 11.03.2004 жылы осындай шешім шығарған. Сот арызды қанағаттандыра отырып, мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ, оның қайтыс болғанына қарамастан тоқтамайтын құқықтары мен міндеттері кіреді деген тұжырымдама жасаған.

Ал Қарағанды облысының соттарында өзгеше тәжірибе қалыптасқаны байқалады. Мысалы, Қарағанды облысы Саран қалалық сотының 27.04.2004 жылғы шешімімен Александрованың арызы қанағаттандырылып, “Қарағанды облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы” РМК-нің 01.11.2003 жылы қайтыс болған Валегжанованың атына 20.01.2003 жылы жасалған сатып алу-сату шартын мемлекеттік тіркеуден өткізуден бас тартқаны заңсыз деп танылған. Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының 02.06.2004 жылғы қаулысымен аудандық сот шешімінің күші жойылып, талаптарды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданған. Апелляциялық алқа арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдамасында АК-нің 238-бабына сәйкес, мүлiкке меншік құқығы шарт мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап пайда болады делінген. АК-нің 13-бабының 2-тармағына сәйкес, азаматтың құқық қабiлеттiлiгi ол туған кезден басталып, қайтыс болған соң тоқтатылады. Алқа азамат қайтыс болғаннан кейін азаматтық құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетi тоқтатылатындықтан “Жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы” РМК-нің марқұмның атына пәтерді сатып алу-сату шартын тіркеуден бас тартқаны заң талаптарына сәйкес келеді деген тұжырым жасаған.

Қарағанды облыстық сотының ұстанып отырған бағыты дұрыс деп санаймыз. Соттар “Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі комитеті Жылжымайтын мүлік орталығы” РМК-ге міндетті жүктей отырып, шешімде РМК-нің лауазымды адамдарының әрекеттерінің заңсыздығын, атап айтқанда, олардың азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзып отырғанын тануға тиіс. Осы орайда мұра қалдырушы тіркелуге тиіс мүліктің меншік иесі болып табылмайтындықтан оның құқықтары бұзылмаған.

Осы мәселені шешу үшін мұра қалдырушының мүлікке құқығын тіркеу нотариустың мұра ісі бойынша берген мұра қалдырушының меншік құқығын тіркеу жөніндегі мұраға құқық беретін куәліктің негізінде жүргізілуі мүмкін. Осындай куәліктерді нотариустар іс жүзінде бере бастады. Мұның өзі АК-нің 1040-бабы 1-тармағының мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi деген талаптарына қарама-қайшы келмейді. Республикалық нотариаттық палата әзірлеген осындай куәліктердің нұсқасы, назарға алынуы үшін Жоғарғы Соттың 01.07.2005 жылғы № 3-1-12-1709 хатымен облыстық соттарға жіберілген.

Мұраның ашылғанын, мұрагерлердің мұраға құқығын және басқаларды растау үшін жылжымайтын мүлікке құқық беретін құжаттар, атап айтқанда, жаңадан салынған жылжымайтын мүлікке - пайдалануға қабылдау туралы акт, қолданыстағы мүлікке - сатып алу-сату, айырбастау, сыйға беру шарттары немесе осы мүлікті иеліктен шығару жөніндегі өзге де мәмілелер осы куәліктерді беруге негіз болады. Аталған куәліктің негізінде мұрагерлер “Жылжымайтын мүлік орталығы” РМК-де мұра қалдырушының мұраға қатысты мүлікке меншік құқығын тіркеуден өткізеді де, тіркелгеннен кейін нотариус мұрагерлерге мұраға құқық беретін куәлікті ресімдейді.

Сонымен қатар, мәміленің жасалғанын растау мүмкін болмағанда не құқықтары белгіленген тәртіппен тіркелген адам мәмілені даулаған жағдайда, нотариус мұрагерлерге мұраға құқық беретін куәлікті ресімдеуден бас тартып, оларға сотқа арыз беруге ұсыныс жасауы тиіс.

Қорыту соттардың иелену мерзімінің негізінде мұра мүлкіне меншік құқығын тану туралы мұрагерлердің талаптары бойынша істерді негізінен дұрыс қарайтынын көрсетті.

Айталық, Петропавл қалалық соты 11.09.2003 жылғы шешімімен Фигурованың иелену мерзімінің негізінде үй құрылысына меншік құқығын тану туралы талабы бойынша арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Сот арыз иесінің қайын атасы Фигуровтың 1940 жылы тұрғын үйді рұқсатсыз өз бетімен салғанын, үйдің пайдалануға қабылданбағанын анықтаған. Талапкер сотқа жүгінген кезде үй иесі Фигуров, оның зайыбы және ұлы қайтыс болған. Даулы үйде Фигуровтың келіні балаларымен тұрып жатқан. Сот жылжымайтын мүлікті он бес жыл бойы иеленіп, онда тұру фактісі АК-нің 240-бабы (иелену мерзімі) бойынша меншік құқығын тануға жеткіліксіз деп дұрыс көрсеткен. Талапкер мүлікті жеке өзінің мүлкіндей адал, ашық иеленуге тиіс еді. Бұл, демек, ол өзінің меншік құқығының жоқ екенін білмеуі және білуге де тиіс болмауы керек деген сөз. Ал аталмыш іс бойынша талапкер мүлік меншік құқығымен өзіне тиесілі емес екенін білген.

Сонымен қатар осындай өтініштер бойынша істерді дұрыс қарамау жағдайлары да кездеседі.

Қостанай қалалық соты өзінің 27.11.2003 жылғы шешімімен Мальцева 2003 жылы қайтыс болған жұбайына тиесілі үйде 42 жыл бойы тұрып, салықтарын төлеп, мүлікті күтіп-ұстау ауыртпалығын көтеріп отыр деген негіздер бойынша ғана меншік құқығын анықтаған. Осы орайда сот АК-нің 240-бабын басшылыққа алған.

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық сотының 17.12.2003 жылғы шешімімен Қайруллинаның тұрғын үйіне және жер учаскесіне меншік құқығы танылған. Сот өзінің тұжырымдамасында ол 1973 жылы әке-шешесімен бірге үйді салып, онда тұрып жатыр деп куәлардың жауаптарына және Мало-Владимир ауылдық округінің анықтамасына сүйенген. Осы орайда сот даулы үй құрылысына құқық беретін құжаттардың: техникалық паспорттың, үйді пайдалануға қабылдау туралы актінің, жердің мемлекеттік актісінің жоқ екенін назарға алмаған. Сот талапты қанағаттандырудан бас тартып, талапкерге құқық беретін құжаттарды беру жөнінде тиісті органдарға өтініш беруді ұсынудың орнына үйге және жер учаскесіне иелену мерзімінің негіздері бойынша меншік құқығын тану туралы шешім шығарған.

Өз бетімен салынған жылжымайтын мүлік тек сот тәртібімен мұраға қабылдануы мүмкін, ал нотариустың мұра қалдырушының атына меншік құқығын тіркеу куәлігін беруге құқығы жоқ. Бұл өз бетімен салынған құрылысқа құқықты танудың ерекше тәртібімен байланысты.

АК-нің 244-бабына сәйкес, заңдарда белгiленген тәртiппен осындай мақсаттарға арнап бөлiнбеген жер учаскесiнде салынған, сондай-ақ қажеттi рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа қора-қопсы, құрылыс немесе өзге де қозғалмайтын мүлiк өз бетiмен салынған құрылыс болып табылады.

Жоспардан тыс салынған қора-қопсының өз бетімен салынған құрылыстан айырмашылығы, ол белгіленген тәртіппен бөлінген жер учаскесінде не қора-қопсы есепке алынып, техникалық паспорт берілгеннен кейін салынады. Жоспардан тыс салынған қора-қопсыны заң бойынша мұраға қалдыруға болады.

Айталық, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының 16.05.2003 жылғы шешімімен Лазарев көшесіндегі 33 үйге арыз иесінің 22.05.1968 жылы қайтыс болған әкесі Волковтың меншік құқығы танылған. Осы шешіммен сот мұрагерлерге олардың осы үйді мұраға қабылдауы туралы заңды фактіні анықтап берген. Өзінің шешімінде сот марқұм Волковқа 1956 жылы белгіленген тәртіппен бөлінген жер учаскесінде үй құрылысы рұқсатсыз қайта салынған деген тұжырымдама жасаған.

Алматы қаласының Медеу аудандық соты 31.03.2003 жылы Горный көшесі, 21 үй мекен-жайында жоспардан тыс салынған қора-қопсыға 22.04.2002 жылы қайтыс болған Тұрлыхановтың меншік құқығын таныған. Соттың осы шешімімен марқұмның ұлының үй құрылысын мұраға қабылдау фактісі анықталған.

Алматы қаласының Бостандық аудандық № 2 соты 01.08.2003 жылы Рахманинов көшесі, 163 үй мекен-жайындағы үй құрылысына 2000 жылдың қарашасында қайтыс болған Самсонов деген азаматтың меншік құқығын таныған.

Осы орайда соттардың дауларды қарап, мұрагерлердің мұра мүлкіне құқықтарын танығаны заңды, себебі, жылжымайтын мүлік мұра қалдырушыларға заңды негіздер бойынша бөлінген жер учаскесінде салынған.

Қорыту барысында соттардың барлық істерді ерекше тәртіппен қарап, мемлекеттік бажды ерекше іс жүргізу істері бойынша арыздарды (шағымдарды) қарағандай есептік көрсеткіштің 50 пайызы мөлшерінде төлеткені анықталды. Іс материалдарында мүлікті бағалау туралы мәліметтер болмады. Әйткенмен, сот- тың қарауына жататын құқық туралы даулы істер бойынша мемлекеттік баж “Салықтар мен басқа да бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы” (Салық кодексі) Кодекстің 496-бабында көзделгендегідей мөлшерде мүліктің құнына қарай өндірілуге тиіс еді.

АК-нің 1076-бабына сәйкес, мұраны бөлу мұрагерлердiң келiсiмi бойынша оларға тиесiлi үлестерге сәйкес, ал келiсiмге қол жетпеген кезде - сот тәртiбiмен жүргiзiледi. Мұраны бөлген кезде соттар мүлікті ғана емес, мұра қалдырушының мұрагерлердің үлесіне сәйкес өтелуге тиіс қарыздарын да ескеріп отырулары керек.

Мәселен, осы орайда мұрагерлер ағайынды Кочандардың арасында мұра мүлкін бөлу кезінде Теміртау қалалық сотының мұра қалдырушының құқықтары ғана емес, онымен бірге оның міндеттемелерінің де мұрагерлерге көшетіні туралы қағиданы негізге ала отырып, мұра қалдырушы қайтыс болған сәтте коммуналдық қызметтер бойынша төленбей қалған 467.302 теңге қарызды өтеуді өзінің 20.02.2004 жылғы шешімімен мұрагерлерге жүктегені орынды.



Жоғарғы Соттың азаматтық

істер жөніндегі алқасы



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет