ҚҰстар – біздің досымыз құлжанова Роза Абдуллақызы



Дата17.10.2019
өлшемі84.07 Kb.
ҚҰСТАР – БІЗДІҢ ДОСЫМЫЗ
Құлжанова Роза Абдуллақызы

Қызылорда қаласындағы №5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнаулы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиешісі


Мақсаты: Құстардың түрлерімен танысу, құстар туралы мағлұмат беріп, түсініктерін дамыту. Құстардың жыл мезгіліндегі адамға тигізер пайдасын танып білу. Құстарды қорғауға, бағалауға, табиғатты аялауға үйрету.
Тәрбиелік: Туған жерін, табиғатын сүюге, құстарды қорғауға тәрбиелеу.
Түзету: Ой-өрісін дамыту, өз ойларын еркін жеткізуге, жан-жақты ойлау қабілеттерін дамыту.
Түрі: Ашық тәрбие сағаты.
Көрнекілігі: Құстардың суреті, құстар туралы кітаптар, слайд, шарлар, нақыл сөздер.
І. Барысы: Ұйымдастыру кезеңі: Оқушылардың ынтасын аудару.

ІІ. Кіріспе: (слайд қосылады)
Тәрбиеші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар бүгінгі «Құстар – біздің досымыз» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер. Балалар, біздер жыл сайын көктем айында қанатты достарымыз құстар мерекесін тойлаймыз. 1906 жылдың 1 сәуірінде құстарды қорғау туралы Халықаралық конвенция қабылданған болатын. Қазір аталған құжатты әлем елдерінің барлығы дерлік қолдады. Міне, сол мереке биыл да келіп жетті. Өлкеміз, өзен мен көлдеріміз, тау мен бақшаларымыз құстардың қиқуына бөленді. Табиғатты құрайтын бөліктердің бірі – құстар. Халық ежелден-ақ құстарға әуес, оларға деген сүйіспеншілік шексіз дәріптеп, ең жақсы көретін адамын құсқа теңеген. Халық өз ортасынан щыққан саңылақ ұлдарын сұңқарға теңесе, төгілте ән шырқайтын әншісін бұлбұлға, ел үшін, Отан үшін жанын қиған батырларын қыранға, елден асқан сұлуды аққуға теңеген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туындағы қыран құс Қазақстандықтардың биікке ұмтылуының, болашаққа самғауының белгісі.

Ал, енді балалар, слайдқа назар аударайық.


Слайд: 1. «Құстардың түрлері».

2. «Құстарға қамқор болайық».

3. «Биші құстар.»
1-жүргізуші:

Құстар, құстар келеді,

Жерді шуға бөледі.

«Көктем келді!» - деп бізге,

Жақсы хабар береді.

Қазақстанда 500-ге жуық құстың түрі бар екен. Олар табиғатты зиянкестерден қорғайды. Құстар табиғатқа сән береді. Үй құстары және дала құстары болып бөлінеді. Қыстап қалатын құстар және жыл құстары болады.


2-жүргізуші: Үй құстарына: тауық, әтеш, қаз, үйрек жатады. Дала құстарына қарлығаш, торғай, сауысқан, дуадақтар жатады. Орман құстарына тоқылдақ, құр, жапалақ, көл, өзен құстарына жабайы үйрек, қаз, аққу, бірқазан, тау құстарына қыран, бүркіт, лашын жатады.
1-жүргізуші: Қыстап қалатын құстар торғай, көгершін, қарға. Жыл құстары дегеніміз салқын түссе жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде қайта ұшып келетін құстар. Ол құстарға қарлығаш, аққу, қараторғай, бұлбұл, тоқылдақ, үйрек, тырна, көкек жатады.
2-жүргізуші: Халық «Көкек келді – көктем келді» дейді. Жер беті жасыл көрпе жамылып, жауқазындар гүлдейді. Осы кезде көкек келеді. Не деген ғажап «Көкек, көкек» деп ән салады. Сондықтан, «сәуір» айы «көкек» айы деп аталады.
1-оқушы (көкек):

Жаршысы көктемнің «көкек» дейді мені жұрт.

Өз атын айтар құс менмін.

Көктемді күтсең мені күт.

Мен өте пайдалы құспын.

Зиянды құрттарды жеймін.


2-оқушы (торғай):

Мен торғаймын, торғаймын,

Суықтанда тоңбаймын

Құрт-құмырсқа шіркейден

Бау-бақшаны қорғаймын.
3-оқушы (үкі):

Үкі едім түнде ұшып қалықтаған

Құртудан зиянкесті жалықпаған

Үкімді үлпілдеген киелі деп

Бұрыннан-ақ адамдар тағып алған.
4-оқушы (сауысқан):

Ала қанат сауысқан,

Қалдықты жеп тауысқан.

Мен зиянды жәндіктерді, құрттарды,

Тышқандарды құртамын.

5-оқушы (тоқылдақ):

Дәрігермін орманға,

Құрт шіркей көп ол маңда

Тоқылдатам жатпаймын

Торғайларды баптаймын.
6-оқушы (бұлбұл):

Мен даланың әншісі,

Тәңсәріден жырлайтын.

Кең даланың малшысы,

Қиялдана тыңдайтын.
7-оқушы (бүркіт)

Мен бүркіт көк күмбезде қалықтаған,

Қияға қанат қағып шалықтаған.

Құс ішінде қырағы болғандықтан,

Атандым қыран бүркіт жалықпаған.
8-оқушы (тырна)

Жылы жақтан бір хабар, әкеледі тырналар,

Тырау-тырау тырналар, көктем мынау тырналар.

Қатар түзеп,

Көкте жүзер тырналар.
9-оқушы (қарлығаш):

Мен адамның досымын.

Мекенінде тұрамын.

Шыбын келсе кәсібім,

Ұстап жеймін, қырамын.

Тазалаймын үй ішін,

Шыбын деген кеселден.

Ел аузында мақтаулы,

Санитармын төселген.
1-жүргізуші: Осы жерде Төле бидің «Қарлығаш әулие» атануы неліктен екенін айта кеткен жөн сияқты.
2-жүргізуші: Ерте заманда жоңғарлардың шапқыншылығында жұрт жансауғалап, күндік жерден қашып жатқанда Төле би ақ үйін тігіп, қанен-қаперсіз отырады. Жоңғар басшысы: «мынау менің қаһарымнан қорықпайтын, қашпайтын қандай адамсың», - дейді. Төле би сол кезде айтқан екен Менің көшуіме бір жағдай мүмкіндік бермеді. Үйге қарлығаш ұя салды, халқымыздың салты бойынша қарлығаштың ұясын бұзу қиянат. Қарлығаш халқымыз сыйлаған құс. Балапандарына обал болады ұясын бұзсам деген екен. Мына сөзге халықты қырып келе жатқан жоңғар басшысы да тоқтаған екен. Төле би атамыз осылай «Қарлағаш әулие» атанған екен.
«Қос қарлығаш» әні
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар, біз құстар туралы біраз мағлұмат жинадық, олардың пайдалы екенін білдік, енді көрініске кезек берейік.
Көрініс: Аққу бейнесіндегі қос қыз бала шығады, әуен қосылады. Бір бала садақпен аққуды атуға ыңғайланғандай болады. Қазақтың ұлттық киімін киген бала жүгіріп шығады да, қолын қағып жібереді.
10-оқушы:

Тоқтат! Тиме аққуға,

Мендейлердің атын ал, түйесін ал.

Тиме аққуға! Аққудың киесі бар.

Мендейлердің затын ал, киесін ал.

Тиме аққуға! Аққудың иесі бар.

Тимеңдерші көлімнің көркі болсын.
Аққулар:

Құс сұлуы аққумыз,

Табиғат көрік сыйлаған.

Мылтығын кезеп еш мерген,

Атуға мені қимаған.
11-оқушы:

Құстарды біз атпаймыз,

Қыста жемдеп баптаймыз.

Қамқор болып бәріне,

Қорғау заңын сақтаймыз.

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар!

«Ей, қазақтың ұланы,

Болғайсың дала қыраны.

Жер, суын қорғау елімнің,

Емеспе басты ұраны», - дегендей еліміздің табиғатын, құсын қорғау парызымыз дегім келеді. Енді құстар туралы сұрақтарға жауап беріп көрейік. (Слайд)
1-сұрақ: Құстың негізгі баспанасы? (ұя)

2-сұрақ: Қай құстың мүлде ұясы болмайды? (көкек)

3-сұрақ: Қай құсты аң аулауға пайдаланады? (бүркіт)

4-сұрақ: Сирек кездесетін құстарды қандай кітапқа енгізеді? (қызыл кітап)

5-сұрақ: Суда жұбын жазбай жүретін, ең әдемі, достыққа берік құс? (аққу)

6-сұрақ: Құстың атымен аталатынкісі есімдерін кім біледі? (Бүркіт, Сұңқар, Сандуғаш, Қарлығаш, Тоты, Аққу, Бұлбұл, Лашын)

7-сұрақ: Қандай құс ертеде хат тасушы атанған? (көгершін)
12-оқушы: Көгершін – дүние жүзінің халықтары үшін бейбітшілік белгісі болған құс.

Бейбітшілік құсы – менмін көгершін,

Жер жүзінде бейбіт еңбек көгерсін.

Аспан тұнық, шат көңілді болайық,

Ақ ниетті адал жандар көбейсін.
«Ақ көгершін» әні (хор)
Тәрбиеші: Жарайсыңдар, балалар! Сұрақтарға жақсы жауап бердіңдер, бейбітшілік құсы ақ көгершін туралы әнді өте керемет орындадыңдар, енді слайдқа назар аударайық. «Ойла да, ойлан» ойынын ойнаймыз. Көп нүктелердің орнына керек сөйлемді қойыңыз.

«Құстар қалай ұшады» (Слайд)

1) Қарға ұшар ...

2) Шағала ұшар ...

3) Үйрек ұшар ...

4) Қаз ұшар ...

(қаңқылдап, сымпылдап, шаңқылдап, қарқылдап)
Келесі «Құстар қалай дыбыстайды» (Слайд)

1) Тауық ... (қыт-қыттайды)

2) Қарға ... (қарқылдайды)

3) Бұлбұл ... (сайрайды)

4) Торғай ... (шиқылдайды)

5) Қарлығаш ... (шықылықтайды)

6) Әтеш ... (шақырады)

7) Көгершін ... (уілдейді)

8) Шағала ... (шаңқылдайды)
Енді 2 оқушы шығып тақтаны екіге бөліп, өздері білетін құстардың атын жазып, жарысады.
Көрнекіліктермен таныстыру.

Қорытынды:

Тәрбиеші: Балалар, өте дұрыс кей құстардың түрлеріне, қалай дыбыстайтынына тоқталдық. Халқымыз табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны тұрмыс тіршілігіне арқау етіп, қолдана білген екен. Құстарға байланысты халық болжамдарын айтайық. Мысалы: (Слайд)

1) Жыл құсы қаптап келсе, көктем ерте келеді деген.

2) Бозторғай ән салса, күн ашық болады деген.

3) Жаңбыр жауарда қарғалар у-шу болады екен.

4) Қаз не тауық бір аяғымен тұрса, аяз болады деп шамалаған.

Құстар – табиғаттың байлығы, ауыл шаруашылығының белсенді көмекшісі, табиғаттың көркі екен. Құстар табиғатты құлпыртып, адамдардың көңіл-күйіне жақсы әсер береді. Құстарға қамқор болып жүрейік. «Құстар – біздің досымыз» дей отырып, бүгінгі тәрбие сағатын аяқтаймыз.



Оқушылар бүгінгі тәрбие сағатына жақсы қатысып, өз білімдеріңізді жақсы көрсете білдіңіздер, көп рахмет, сау болыңыздар.



Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет