ТАҒылым мен аманат



жүктеу 0.66 Mb.
бет1/4
Дата02.05.2016
өлшемі0.66 Mb.
  1   2   3   4
ТАҒЫЛЫМ МЕН АМАНАТ

Адамның ғұмырында, Абай айтқандай, өзіңе-өзің есеп беретін нысаналы тұстар болады. «Ар ұялар іс қылмас адам зерек» (тағы да Абай) дегенді еске алып, «жүрегіңе үңіліп», жан қыртысын ашуға ұмтыласың. Сонда кей ісіңе сүйініп, кей қылығыңа күйініп, өткен өмірдің көбіне өкініп, азына қанағат тұтатының бар. Мүшел жылдың табалдырығын аттап, қырық жыл бойы сананы сарғайтқан «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдықтың соңғы нүктесі қойылған соң, өзімді ұзақ бәйгеден кейін бойын суытқан жүйріктей сезіндім. Сонда барып: осы бір аңсарлы да азапты, бодандық пен бостандықтың басыбайлы да тәуелсіз сезімдері жүйкені жүйкелей өрген жолға қашан, қалай және кімдердің ықпалымен түсіп кеттім, қаламгерлік мақсатпен іздеп тапқан тақырыбым ба, жоқ, кездейсоқ қызығудан туды ма, әлде тумысыма біткен заңдылық бар ма – деген сауалдарға жауап іздедім. Қазіргі жеткен жерімді межелесем, өмірдің өзге олжасын білмеймін, әйтеуір ұстаздан жолым болыпты. Солардың рухани демеуі мен үнсіз қақпайы арқылы қазіргі таңдаған мақсат соқпағына түіп, тағылымын алып, аманатын арқалап өмір сүріппін. Көркем сөздің дәмін тұщытып, он үш жасымда санама ой салған мектептегі ұстазым Жәңгір Исайынқызынан бастап, «біздің сүйікті де сүйкімді профессорымыз» Хайыржан Бекхожинге және өмір ұстаздарына тікелей қарыздар екенмін. Сондай адал да аяулы жандар болмаса, қаншама таланттың көзі ашылмай, жолынан жаңылып қалар еді. Қалайда олар туралы ойланып барып, қолға қалам аламын.

Деп жүргенде кітап сөресінен ғалым Ғалия Майкөтованың «Хайыржан Бекхожин – журналист, публицист» деген кітабі кездейсоқ көзіме түсіп, парақтап қалғанымда ... үстіме суық су құйып жібергендей болды. Сөйтсем, қазақ журналистикасының «ақ бас бурасы», журналистика кафедрасының тұңғыш меңгерушісі, журналистика факультетінің тұңғыш деканы, журналистика саласынан қорғаған алғашқы ғылым кандидаты, тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессор, өрімдей өріп жүрген қаламгерлердің ұстаздарының ұстаздарының ұстазы (иә, қазір ол тәрбиелеген төртінші толқын қалам қызметінде, мысалы: Бекхожиннің шәкірттері – Т.Амандосов, Т.Қожакеев, Ә.Ыдырысов, С.Байжанов, олардың шәкірті – Р.Нұрғали, А.Сейдімбек, Ә.Мархабаев, Қ.Сұлтанов, олардың шәкірттері – А.Сәдуақасов, Т.Жұртбай, Ж.Кенжалин, С.Әбдірахман, Е.Байжанов, олардың балалары – бүгінгі жураналистер – Абай, Дастан, Сұңқар) Хайыржан Нұрғожаұлы Бекхожиннің туғанына өткен жылдың желтоқсан айының аяғында 100 (жүз!) жыл толыпты! Бәлкім қарбалас күндердің қарсаңы болғандықтан ба, шәкірттерінің шәкірттері сол күнді бейғам өткізіп алыпты. Ұстаздың аманатын арқалаған бір шәкірті ретінде, қолыма асығыстау қалам алып, мыңның ұстазы болған бір тұлғаны, ұмытылмайтын есімді еске сала кеткім келді және сол ұстаздың: «Қазір үндеме. Күндері туады. Сонда дайын бол», – деген өсиетті қатаң аманатын құпиялау күйде орындаумен жүргенде, оның өзінің бейнесін қалтарыста қалдырып алғаныма өкінемін. Сондықтан да, Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың тағылымын көріп, аманатын тәуелсіз күнге жеткізген «біздің сүйікті ақ бас бурамыздың» (Несіпбек қойған ерке есім) әруағы алдына кішірейе отырып, жалпы, қиын заман, қилы кезеңге қарамастан алаш идеясын бойында ұстап, құпия түрде ұрпақтарға жеткізген профессор Хайыржан Бекхожиннің алдына мені жетектеп әкелген ұстаздардың аманаты туралы пікірді алаш идеясы және дәстүрлі тағылым жалғастығы төңірегіндегі нақты естелікке ұйытқанды жөн көрдім.

Сонымен, Алаш тақырыбына кездейсоқ келмеппін, оған белгілі бір тұлғалардың, соның ішінде тікелей ықпалы болыпты. Олар мені жасымнан алашшыл етіп тәрбиелепті. Бұл аңсар әкемнің әңгімесінен басталыпыты. Әкем Құдакелді 1931-32 жылдары осы алаштың шырғалаңына ұшыраған адам. Сол кісі жарықтық: «Ақаң ба, Ақаң, әкеміз-ғой» – деп айтып отырушы еді. Басқаны, жамандап жатсаң үндемейтін, ал біреу Ахмет Байтұрсыновтың атын атап жағымсыздау сөз айтса сыпырта жөнелетін. Содан кейін: «Қинамайды атқаны, қинамайды түрмесіне жапқаны. Қинайды тек өз итіңнің балағыңнан қапқаны» – деген өлеңін айтатын.

Бала кезімнен сөзге деген ынта-жігерімнің барын сезетінмін. Оған қоса мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі Жәңгір Исайынқызы көркем шығарманы мәнерлеп түсіндірген кезде, шыбынның ызыңы ғана естілетін. Керемет шешен. Шығарманы оқымасаң да оқығандай әсер алатынсың. Ал «Абай жолын» түсіндіргенде әр образдың ішіне кіріп, өзін сол талдаған кейіпкерінің орнына қойып, жеріне жете талдайтын. Абайдың бейнесіне оның сөздерін кіріктіріп отыратын. Құнанбай образына келгенде тіпті жанып кететін, бір сабақтан бір сабақ қызықты өтіп, эпос оқығандай әсер беретін. Бір күні балалық ғашық сезім туралы «Қош, махаббат» деген шығарма жаздым. Мұғалім: «Мынау өз басыңнан өткен секілді-ғой» – деді. Келесі сабақта сол шығарма талқыға салынды. Балалық сезімімді өзгеге жария етпеген балауыз шақта, ұстазым менен болашақта жазушы шығатынын кесіп айтты (Айтпақшы, менің сол мектепте жазған екі әңгімем 1967-1968 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналында Т.Құдакелдин деген атпен жарияланды. Алғашқы қаламқыны да сонда алдым). Сөйтіп, ұстазымның ықпалымен «Абай жолын» 5 класта бірінші рет, 7 класта екінші рет қайта оқып шықтым.

Қысқасы, біздің ауылда Абайды білмесең, Әуезовті білмесең, адам емессің. Осындай қызды-қыздымен бірде «Абай жолындағы» жағымсыз кейіпкер Әзімхан жөнінде еркін шығарма жаздым. Әзімханның өз сөзіне, атқамінерлердің мінездемесіне қарағанда, ол бүкіл қазақтың қамын ойлайды. Ал авторлық мәтінде және Абайға сөз ауысқанда, оны кекете жөнеледі. Бұл қалай? Әуезов: «Әзімхан образын дұрыс жазбаған ба, бұл кім?»,– деп әдебиет үйірмесін жүргізетін Ақылима мұғалімге сұрақ қоймаймын ба? Ол кісі дүрсе қоя берді. Шындығында да, Әуезовке күдіктене қарайтын мен кіммін? Жасып қалдым. Талқығы қатысып отырған сынып жеткекшісі, Жәңгір мұғалімнің жолдасы, математикадан сабақ беретін Төкен Ғабдуллин ағай оңашалап: «Ол туралы білгің келсе сен Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқы. Содан Әзімханды тауып аласың»,– деді. Сонымен, Сәкеннің кітабын оқып кеп жіберсем, жаңағы Әзімхан – Әлихан Бөкейханов болып шықты. Енді «Тар жол, тайғақ кешу» жөнінде шығарма жаздым. «Сейфуллин алашты дұрыс көрсетпеген, Әлихан қазақтың қамын ойлаған азамат. Демек Әуезов өз кітабында Әзімхан образын дұрыс бермеген»,– деп мысал да келтірдім. Әлгіні класс, одан мектеп үйірмесі болып талқылады. Жәңгір мұғалім демалысқа кеткен. Орынындағы апайға бұл көзқарас жақпады. Ақыры осындай шығарма жазғаным үшін, ата-аналар жиналысына салып, соның шешімімен: «Әзімхан бейнесі арқылы Әлиханды дәріптеді»,– деп шешім қабылдап, мені мектептен шығарып жіберді. Мектеп директоры Серікқазы Мейірханов пен Жәңгір мұғалім демалыстан қайтып келген соң бәрі де қалпына келтірілді. Енді Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін» оқытты. Онда да: «Мағжан оңбаған, буржуазияның жыршысы, бірақ Мағжан мені Омбыға алып келіп оқуға түсірді, қасына алып жатты, костюмін киюге берді. Мағжан махаббат өлеңдерін ғана жазатын ақын еді, күйдім-сүйдім деген өлеңдерін оқитын, мен жасампаз қоғам жайлы, таптық өлеңдерімді оқимын. «Сен тап, тап!» деп тақылдама дейтін»,– деп жазады. Былай қарасаң, Мағжанды жамандап отырған сияқты, бірақ арасында оның жасаған жақсылығын да жоққа шығармайды. Осыдан-ақ алаш ұлдарының жаман болмағанын, қайта еліне қамқор болғанын түйсіндім. Ырғызбайдың тұқымы Сирақбай Досмағамбетов ақсақал Шәкәрімнің дастандарын көшіртіп қоятын. Соның әсерімен «Еңлік –Кебек» трагедиясына қатысты тура осындай күйді басымнан қайыра кешірген соң және университетке бірінші жылы емтихан тапсырғанда да осы тақырыпта арандап қалғандықтан да, әдебиет пен алаш идеясының астарлы ағысын түсіне бастадым.

Алаш идеясы туралы аңсарлы тылсым осылай басталыпты. Орайы келгенде айта кетейін, ұзақ жылдар бойы Жәңгір апайдың үнсіз сіңірген сол тәлімінің сырын дәп баса алмай жүрдім. Өткен жыл Семейге барғанда ұстазымды тауып алып, сексеннің орталап қалған апайыммен өткен күндерді еске алып, көз жасымызды бір сығып алған соң, Әзімхан бейнесінің астарын сұрадым. Сонда ұстазым: «Бізге әдебиет пәнінен Ғалиакпар Төребаев дәріс берді: өзің сенбеген көркем шындықты қабылдама, шығарманы өзің қалай сезінесің, солай сендіре талда. Сонда шындық ашылады – деп миымызға сіңіріп, сабақты спектакль қойылып жатқан сақнаға айналдырып жіберетін. Сол адамның әсері», – дегенде ғана, маған аңсарлы алаш идеясының түп тамыры «Алашорданың» тікелей өзіне апаратынын бір-ақ білдім. Өйткені, Ғалиакпар Төребаев – Ахмет Байтұрсыновтан, Міржақып Дулатовтан, Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс алған, Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен бірге «Ес-аймақ» ойын-сауық отауын құрысқан, алашшыл жастардың «Талап» ұйымының мүшесі болатын. Сол тағылым сүзіліп барып, ұстаздырдың ықпалымен қиян шеттегі ауылдың қиянпұрыс бөзөкпесінің санасына дән сепкенін қараңызшы.

Қош, сонымен мектепті осындай қиқыматпен бітіріп, алғашқы жылы тағы да сол алаштың кесірінен оқуға түсе алмай (ол өзі дербес әңгіме), келер жылы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінің табалдырығын аттадым. Сол жылы, яғни, алдыңғы 1968 жылы қабылдау емтиханы кезінде пара алған бір топ оқытушы сотталған екен. Тамыр-таныстықтың тамыры кесіліп тұрған сәтте біз секілді тұрмысы жүдеу жанұялардан шыққан Жүрсін Ерманов, Несіпбек Айтов, Жанболат Әупбаев, Айтуған Шәйімов, Нұрқасым Әмірғалиев, Құрманғазы Бексайынов, Есен Сафуанов, Асқар Егеубаев, Төлеген Берішбаев, Намазалы Омашев, Қосылған Әбжанов сияқты көгенкөздер оқуға түсті. Әуелі ақын болғым келді (Алғашқы екі кітабым да өлеңдер жинағы). Бірақ менің бетімді ұстаздарым сол кездің өзінде басқа жаққа бұрып жіберіпті.

Университетте курстың тең жартысы: «Тарихымызды білгіміз келеді»,– деген желеумен шет тілі пәні ретінде араб тілін оқыдық. Айтуған Шәйімов, Мұратқан Қаниев, Құрманғазы Бексайынов, Дәуітәлі Стамбеков, Жүрсін Ерманов, Нұрқасым Әмірғалиев, Несіпбек Айтов, Жанболат Әуіпбаев қатарлы курстастар ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде «Айқап» пен «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Сана», «Әйел теңдігі», «Құс жолы» басылымдары мен сол жылдары шыққан сирек кітаптарды алдырып оқитынбыз. Кейін бұлардың біразы сырт тартып кетті. Тек Құрманғазы ғана «Ақ жол» газетіндегі публицистика» деген тақырыпта дипломдық жұмыс қорғады.

Ал біздің ынтамыз үдей түсті. Ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев С.Бегалиннің, С.Машақовтың, Ж.Елебековтің үйіндегі М.Дулатовтың «Оян, қазақ», Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі», Мағжанның «Өлеңдері» сияқты кітаптарды алып келіп, үйінен шығармай оқытты. Қазақ баспасөзінің тарихынан бізге қазақ журналистикасының «ақ бас бурасы», кафедра меңгерушісі профессор Хайыржан Бекхожин дәріс берді. Мінезі жұмсақ, аяғын баппен басатын, тамағы бүлкілдеп барып дауысы шығатын, көзілдірігі көзінен түспейтін, қарапайым нағыз профессордың өзі. Кітапхананың сирек қорын жағалап жүргендіктен бе, бізді іш тартатын сияқты көрінетін. Туған бауыры Қалижан Бекхожиннің «Жеті дастан» атты жинағындағы соңғы сөзінде ерекше ілтипатпен атап, жасынан оқу қуған ағасын мақтай еске алатын тұсын малданып, өзімізше жас ақынсынып, жұқалап қана еркелеп қоятынбыз. Жылдың аяғында, менің «Айқап» журналындағы публицистика» атты курстық жұмысымды өзіме айтпастан студенттердің республикалық олимпиадасына ұсынып, орын алып беріпті. Марапатынан көрі он сом сыйақысына курстың жартысын түстендіргендегі алған абыройым әлі естен кетпейді.



Сөйтсек, аяулы ұстазымыз бізге «ен салып» жүр екен. Күзде, дәлірек айтсам қазан айының ортасында шақырып алып: «Әй бала, сен айтқанды тыңдайсың ба. Өзің маған шәкірт болғың келе ме? Өлеңді Сырбай мен Қалижан да жазады» – деді. «О, не дегеніңіз», – деймін. «Мен саған бір сыр айтамын. Келіссең де, келіспесең де тісіңнен шығармайсың. Мен ұзақ жылдар бойы өзіме сенімді шәкірт іздеп жүр едім. Уақыт келіп қалды, көзім саған түсіп тұр. Менің айтқанымды істейсің бе?». «Істеймін», – дедім. «Онда үш шартым бар: бірінші – осы айтылған сөз осы жерде қалады, екінші – тура менің айтқан тапсырмамды ғана орындайсың, үшінші – одан алған біліміңді, оның нәтижесін қашан сол мәселе анықталғанша ешкімге, ешқашанда білдірмейсің»,– деді. Уәде бердім. «Жоқ, дұрыстап ойлан. Алашты білесің ғой? Сол туралы»,– деді. «Әрине, білемін». «Менің саған тапсырмам мынау. Мен ғана емес, бүкіл қазақ қарыздар Ахаң – Ахмет, Жахаң – Міржақып, Әлихан секілді аяулы азаматтар менің ұстаздарым болған еді. Солардың парызын өтейін деп әр жылдары екі шәкірт дайындап едім. Біреуінен ештеңе шықпады. Екіншісі ауылға кетіп қалды (Сөйтсек ол қазіргі белгілі деректанушы профессор Зарқын Тайшыбай ағамыз екен). Енді саған таңдауым түсіп тұр. Мен саған олардың еңбектерімен қайдан, қалай танысудың жолын көрсетемін. Күндердің бір күнінде ол кісілердің де заманы туады, сол шақта сен дайын болуың керек. Оқып болғаннан кейін өзіме емтихан тапсырасың»,– деді. Өрекпіген жүрегімізді басып үлгергенше деканымыз Тауман Амандосовтың алдына алып барды: «Тауман, мына баланы білесіңбе?», «Білеміз. Тура айтыңызшы, бұл Жұртбаевқа не керек өзі. Жатақхана жоқ», «Әй, білесің бе дедім ғой, – деп қолындағы таяғын көтере берді. – Бұл енді менің шәкіртім болады», «Сол ма. Ойбай, болды. Ей, Жұртбаев, енді қайда кетсең онда кет. Қыздар, мына Жұртбаевта жұмыстарың болмасын. Болды, Хайреке, болды, таяғыңызды түсіріңізші» – деді жарқылдай күліп. Содан кейін келесі есікке кірді. Орындықта отырған әйгілі Темірбек Қожакеев ыңырана қозғала беріп еді, Хайрекең: «Ей, Темірбек! Мына баланы білесің бе?», – деді, «Білсек қайтеді екен, студенттерді өздеріңіз профессор басыңызбен сүйреп жүріп жаман үйретесіз. Содан кейін оқу оңа ма?», «Білесің бе?», – тағы да таяғын көтеріп Темкеңнің столының үстіне жақындата берді, – «Қойдық ойбай, Хайреке. Сіз қалжыңдап тұр ма десем? Не керек, ей, өзің айтсаңшы», «Бұл – бүгіннен бастап менің шәкіртім. Жұмысың болмасын», «А, солай ма? Сонда сабақ беруге қақымыз бар ма, жоқ па?», «Жұмысың болмасын», «Болды, болды. Әй, Жұртбаев көзіме көрінбе, сен үшін сабаққа профессор Бекхожин қатысып, профессор Бекхожин емтихан тапсыратын болды ғой. Айтқаныңыз болсын, Хайреке»,– деп шығарып салды. Енді бұрыла бергенімде таяғымен арқамды нұқып, алдыма түс дегендей белгі берді. Желкелегендей болып университеттің сол кездегі ректоры Өмірбек Жолдасбековке алып барды. Хатшы қыз хабарлап үлгергенше Өмкеңнің өзі қарсы шығып, қауқылдаса қарсы алып, жөн сұраса кетті. Состиып мен тұрмын. Бір кезде Хайрекең: «Өмірбек! Мынау әнеу күні саған айтқан бала...», – дегенше болған жоқ, ректор хатшы қызын шақырып, табан астында ұлттық кітапхананың сирек қорына ілеспе хат жаздырып, қолын қойып берді. Шыққан соң таяғымен санын қақты. Қасымда жүр дегені. Темір қақпанға түскенімді сонда бір-ақ білдім. Университеттен шығып, Күләштің көшесін өрлеп, сылбыр жүрісті ұстазымнан не озып кете алмай, не қашып кете алмай, сағат жүріп Абай даңғылындағы ұлттық кітапханаға жеттік-ау. Жаңа ғимараттың дәлізінде ақ алмастай өткір, сөзі өктем, шешен де еркін сөйлейтін етженді бір әйел қарсы алды. Екеуі кездескен беттен «Үй, ақбас! Әй, келіншек!» – деген сықылды тосаңдау сөздерді емін-еркін қолдана сөйлесті. Мені ұмытып кеткен сияқты. Хайрекеңнің, биязы ұстазымның мұндай қалжыға шеберлігін кім білген. Таңданып, қысылып, оңашалау барып тұрдым. Бір кезде таяқ көтерілді. Қасына жетіп бардым. «Мынау әлгі мен айтқан бала...» – дей бергенде: «Үй, кәрі сайтан, бағанадан бері неге айтпайсың. Тосып қалды ғой. Бәсе, ресторанға шақырғалы келді ме десем. Сендей сараңнан не шығады дейсің. Балам, сен анау есіктен басыңды қылтитып көрсетесің де, сирек қорға барып отырасың. Мен керек кітаптарды өзім апарып беремін, өзі алып кетемін. Бара бер», – деді. Сөйтіп, сирек қорда емес, арнайы құпия қорда істейтін Сәуле Мұсатайқызы Ақынжанова апаймен «ақ бас бура» мені осылай таныстырды. Сәуле апай – қазақтың алғашқы этнограф-ғалымы, Хайрекеңнің құрдасы марқұм Едіге Масановтың жары, ежелден әзіл-қалжыңы жарасқан жандар екен, ғалым Нұрболат Масановтың анасы. Сөйтсем, алдын-ала ректормен де, апаймен де келісіп қойып, архивте еркін отырсын деп Таукең мен Темкеңнен бостандық алып беріп, өзінше мені еркінсіткені екен.

Сөйтіп архивте алаш азаматтарының деректерін іздестіріп, көшірме жасап, көп күндерді өткіздік. Апайдың арқасында кітапханада сақталған деректердің негізімен танысып шықтым. Тоғыз айдан кейін Сәуле апай: «Ал, балам! Мендегі материалдар осыменен бітті. Ана ақбасқа сәлем айт, рахметін дұрыстап айтсын», – деді күліп. Оқығандарымды тағы бір апта қайталап алып Хайрекеңе осы сәлемді жеткіздім. Опера театрының Күләш атындағы көше жағындағы кафеге ертіп барып, ұстазымның өзі емтихан алып:«Енді мұны ұмытып, есіңнен шығар. Олардың заманы келеді. Біз көрерміз, көрмеспіз, бірақ сол кезде сен дайын бол»,– деп, өзі мұз салынған шампан ішіп, маған лимонад пен балмұздақ әперіп отырып батасын беріп еді жарықтық. Кітапханада өткізген сол күндерім өмірдегі үлкен олжамның бірі болды.

Содан, жиған білім бойға сыймай, уәдені ұмытып, жазушылар одағындағы Мұхтар Мағауинге барып, алаштанудан дәріс оқығым кеп кеткені. Тыңдап болып, бар болғаны: «Жалпы бағытың дұрыс екен» – дегенде қоңылтақсып-ақ қалдым. Соны білгендей алаштың арғы тегінен бастап өзіне тән мақтанышпен ытырыла жөнелгенде, шаң қауып қалдым. Бұл білгенім, кіріспе емес, жай ғана бағыт алу екенін түсіндім. Енді түбегейлеп отырмасам да, аптасына бір-екі рет кітапхананың сирек қорына бас сұғып тұрдым. Көңілім – ғылымда емес, өлеңде еді.

Жылжып соңғы курс та келді. Хайрекеңмен сәлем дұрыс, ішкі ұғыныс бар. Таукең мен Темкеңнің менде «жұмысы» жоқ. Диплом жетекшімнің берген тәліміне сай болсын, көңілінен шықсын деп, тақырыпты қиындатып алдым. Содан диплом қорғауға он күн қалғанда кафедраға бардым. Хайрекең жалғыз отыр екен. Сәлемді алды. Ешнәрсе қаперінде жоқ. Мен болсам диплом жұмысын жазып бітіріп, Несіпбектің жұбайы Манатқа машинкаға бастыруға беріп қойғамын. Жетекші оқып, пікір жазып, қол қоюы керек қой енді. Сәл қитығыңқырап: «Түк сұрамайсыз ба? Кетемін онда», – дедім. Басын көтеріп алды: «А, дипломды не істеп жатырсың?», «Жазып, тасқа бастыруға беріп қойдым», «Жетекшің кім?». Ал керек болса! «Тарих ғылымдарының докторы, қазақ журналистикасы тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор Хайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин», «А, солай ма? Дұрыс екен. Тақырыбың қандай еді?», – деп аңырып қалды, «Қазақ» газетіндегі публицистика», «Не, не, не дейсің?»,– деп иегі кемсеңдеп, жанары жарқылдай от шашып, қолын таяғына апара бергенде, зытып бердім. Есікті жауып үлгергенімде сарт ете қалған таяқтың үні мен «Подлец – сатқын!» – деген сөз қоса жетті. Соңғы сөз жаныма қатты батты. Расында да, тақырыпты жетекшінің өзімен неге келіспегенмін, оның үстіне «ешкімге тіс жармаймын» деген уағданы бұзып тұрмын. Қорғауға он-ақ күн қалды. Енді не істеймін деген оймен есіктің жақтауына ілінулі тұрған хабарландыруға көзім түсті. Күзде берілген диплом тақырыптыры. Қолым: «Сырбай Мәуленов – публцист» деген жазудың үстінде тұр екен. Еш белгі жоқ. Дипломсыз қалатын емес. Есікті ақырын аштым да жапсарынан: «Кешіріңіз, тақырыбым – «Сырбай Мәуленов публицист» екен», – дедім. «А, бәсе, сол дұрыс. Кел. Сен енді бітіргелі тұрған жас мамансың. Арандап қаласың. Алаш тақырыбы әлі ашылған жоқ. Берген сөзде тұру керек. Ананың есебіне бір іліксең өмірі құтылмайсың. Осы тақырыбың дұрыс. Сырбай мен Қалижанды білесің-ғой. Екеуі де ақын. Ал ақындар ақымақ келеді. Екеуі де ақымақ. Сен Сырбайға бар да, кітабін алып, бірдеңе деп жаза сал. Өзім көмектесемін», – деді.

Сырбай – классик ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы. Қалижан – арыстан ақын. Осымен екінші рет қайталап отыр. Бір сыры бар шығар – деген оймен Сырағаңның қабылдауына кірдім. Жардай боп төрде отыр. Бүрік саусақтарымен бетін тыр-тыр қасығанда дыр-дыр еткен дыбыс шығады. «Сөйле, бала!» – деді. Диплом жұмысым сіз туралы. Публицистиканы қалай жазасыз, деректі қалай жинайсыз, оны қалай іріктейсіз, шығармашылық шеберханаңыз қалай – деген сияқты дәрістік сұрақтарды қойып жатырмын. Тыңдап отырды да: «Бала! Менде ешқандай шеберхана деген жоқ. Менің үйімде жеті қасқыр бар. Жетеуінің де ауызы арандай. Соларды асырау үшін таңертең сағат тоғызда қызметке келемін. Алдымен астыдағы «Қаламгердегі» Рымкештің қолынан мынадай қырлы стақанға толтырып коньякты тартып аламын да, соның қызуымен мына есік алдындағы екінші Рымкеш апайыңа келіп, құдайдың ауызыма салған сөзін айтып, бес бет толтырамын. Ол екі жүз елу жол мақала, отыз бес теңге ақша болады. Мына саусақты көрдің бе, иілуге келмейді, сонымен былай бір сызып, шекесіне қол қойып, баспаханаға жіберемін. Міне, менің журналистикалық мектебім осы. Ал жинақтарды мен қатарға қоспаймын. Өлеңдерім де шашылып қала береді. Атың таныс. Өлең жазасың ба? Алып кел, газетке басып берейін. Айтпақшы жетекшің кім?», «Профессор Хайыржан Бекхожин», «А, ой бала, бағанадан соны айтпайсың ба. Болды, болды, ендігі ақылды сол кісіден сұра. Болды. Болды», – деп қолтығымнан ұстап, есіктен шығарып-ақ жібергені.

Қап, енді қайттым. Әлгі, ақымақ, ақымақ деп қайталап айтқаны шын болды. Екеуімен де арасы дұрыс емес екен-ау. Ендеше, басқа тақырып неге бермеді. Әй, өзіне барып айтпасам болмас. Кафедраға ширақ басып кірдім: «Өзіңіз жек көрген адамға неге жібересіз. Сіздің атыңызды айтып едім, кабинетінен қуып шықты», «Қалай?», «Осылай», «Айттым ғой саған, ақындар ақымақ келеді деп. Ештеңе етпейді. Кітапханаға барып қарай сал» – деп тұрғанда есік тасыр-тұсыр ашылды. Көйлегінің бір жағасы костюмнің ішінде, екінші жағасы сыртында, екі қолтығында майы сыртына шыққан сар қорап қағаз: «Ой, арысым-оу, ардағым-оу! Алашымның көзі! Алашым-оу, ардағым-оу! Бізді де адамның қатарына қосатын кезіңіз болады екен-ау. Жаңа бір бала келіп, сіздің атыңызды атағанда зәрем ұшып кетті ғой. Қане, мынаны тездетіп жіберейік. Сыртта көлік күтіп тұр. Ә, жаңағы осы бала ғой деймін», – деп Сырағаң күңірене кіріп келіп Хайрекеңді бассалды. Содан соң қорапты асығыс ашып өзі коньякты құя бастады, шампанды маған ұстатты. Төрт-бес бәліштің майы шығып қағаздың үстінде домалап жатыр. Рахттанып Хайрекең отыр. Ой, алла! Бір адамды екінші адам дәл осылай қадір тұта алады екен-ау! Ардағым, алашымның көзі деп еркін айтады. Тебіреніп кеттім. Демек, Қалижанмен дос болғаны, еркелегені шығар. Маған да бір құйып ұсына беріп еді, Хайрекең «пыс» дегендей болды: «Болды, болды, сіз айтсаңыз болды. Ой, арысым-оу, ардағым-оу! Алашымның көзі!» – деп солқылдата жөнеліп, енді қағысып жатқанда мен ығысып кеттім. Сол шамырқанумен бірден кітапханаға тартып, жеті күннің ішінде дипломды қолына табыс еттім. Өзінің хатшысына тасқа бастырып, Мұзафар Әлімбаевті (ол кісі де бас редактор) рецензент етіп бекітіп, оны өзі жаздыртып алып, қорғауға қатыстырып, сыбағамызды түгендеп берді. Міне, бұл тағылым ба – тағылым, аманат па – аманат. Кісі сыйлай білудің үлгісі ме – үлгісі. Ұстаздық қамқорлық па – қамқорлық. Алаш зиялыларының бекзатты тәрбиесінің тәлімін бойына қапысыз сіңірген қайран ұстаз!



Сөйтсем бұл мінез Нұрғожа әулетінің ата қасиеті екен. Сол мінезді қазақ поэзиясының арыстаны Қалижан ағадан көргенде, шын бекзаттылыққа анық көзім жетті. Қайырымды ұстаз өмірден өтіп, жыл уағы келген тұста, «Жұлдыздың» тапсырмасымен қазақ дастандары туралы сұхбат алуға Қалижан ағамыздың үйіне бардым. Сол күнгі көрген оқиға мен естіген сыр дербес бір хикаят. Содан оңаша жұмыс бөлмесіне келгесін, сөзарасында әңгіменің еркін өрбуі үшін Хайрекеңнің шәкірті екенімді айтып қалдым. Қалекең орынынан атып тұрды. Көзінен жасы ыршып кетті. Сағынып жүр екен. Содан соң жоғарыдағы алаш тақырыбын, диплом хикаясын айтып бергенімде, арыстан ақын өксіп жіберді. Дереу, жеңешемізді шақырып, қайтара тамақ салдырды. Сол әңгіме үш күнге созылды. Сырағаңның «Алашымның көзі» дейтін себебі, ол кісінің үйіндегі жеңгеміз Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың немере қарындасы екен және соғыстан жараланып келген ақын Қостанайда Хайрекеңнің қол астында қызмет істепті, талай қиындыққа кезіккенде қамқор аға болыпты. Шынында да, Алашымның көзі дейтін де, ардағым дейтін де жөні бар екен, Сырағаңның.

Қалекең – Қалижан Бекхожин ағамыз шығарып салып тұрып: «Сен бүгіннен бастап маған сәлем берме. Мен енді саған өзім сәлем беріп тұрайын. Өйткені сен Хайрекемнің көзісің. Сөйтіп, сағынышымды басайын», – деді. Арыстанның уәжіне кім қарсы тұра алсын, «құп» дедім. Өйткені мұны арыстан мінезді, бала жанды таза ақынның қалжыңа баладым. Содан бір күні Қалағаң жазушылар одағына келе қалды. Мен жылдамдата жетіп барып едім: «Кет» – деді. Тағы ұмтылып ем, тағы да «Кет» – деді. Өңі жылы, өзі күліп тұр, сөзі анау. Еріксіз үшінші қабаттағы бөлмеме бардым. Біраздан соң тырпылдаған аяқ пен тықылдаған таяқ дауысы естілді. Ішім қылып ете қалды. Қалекең. Атып тұрдым. Қолын кеудесіне апарып: «Ассалаумағалейкум!» – деп сәлем берді. Сонда баяғы сөзі есіме түсіп, мен де: «Уағалейкумассалам, алаштың арыстаны»,– дедім. Соңғы сөзден секем алды да: «Саған қарсы шықпаймын. Ал мен парызымнан құтылдым, Қайрекеңнің құрметі үшін сәлем бердім, маған беретін сәлеміңді енді бер. Жаңағы «Кет» дегеніме кешір. Үйден шыққанда Хайрекемді ойлап шыққамын. Аға деген өте қадірлі тұлға. Оның қадірін Баукең жақсы білуші еді. Екеуміз қатты дос болып, біраз думанды күнді бірге өткіздік. Екеуміздің де мінезіміздің оңып тұрғаны шамалы. Бір жолы түнде ұрсысып қалдық та, екеуміз екі жаққа кеттік. Таңертең ерте одаққа келдім. Екінші қабаттағы терезенің алдына барып отырдым. Бір уақытта Бауыржан келді. Ұзын дәлізде ары, бері жүрді де қойды. Мен – оған, ол – маған қыр көрсетіп, сәлемдесе қоймадық. Бір кезде, зады ауылдан келген-ау деймін, жастау жігіт Бауыржанға «Ассалаумағалейкум» – деп сәлем берді, Баукең бір қарады да жүріп кетті, қайырылғанда жаңағы жігіттің қасынан әдейі жанай өткенде, ол тағы да «Асалаумағалейкум» – деді қол қусырып. Іздегені сол болса керек, дауысын қатты шығара: «Сен мені танып сәлем беріп тұрсың ба?» – деді. «Иә, иә, Бауке. Сіз қазақтың атақты батыры Бауыржан Момышұлысыз», «Жоқ, сен мені білмейді екенсің. Шын білсең айтшы, мен кіммін?», «Ойбай, Бауке! Сізді кім білмейді. Сіз аты аңызға айналған...», – дей бергенде: «Отставить! Білмейсің. Мен анау терезенің алдында отырған қазақтың ұлы ақыны Қалижан Бекхожиннің ағасымын»,– дегенде орнымнан атып тұрып, «Ассалаумағалейкум, Бауке» – деп қолымды ала жүгірдім. Міне, ағаның қадірін қалай білу керек. Марқұм Ғалекең де, Ғали Орманов та менен екі жас үлкен еді. Кешке Әлкей Марғұлан үшеуміз серуенге шығамыз. Бір жолы Әлекең аспанға қарады да, үйіріліп келе жатқан бұлтты көріп: «Әй, Ғали! Қол шатырмды алып келші. Күн жауатын сияқты» – деді. Ғалекеңнен маған қарап: «Әй, Қалижан! Жүгіріп барып Әлекеңнің қолшатырын алып кел» – деп мені жұмсады. Мен қай бір жүйрік адаммын, өзім де жетпістемін, оның үстіне Әлекеңнің үйі үшінші қабатта, асыққан боп аяғымды тарпылдата бердім. Шіркін, кіші болып, жұмсайтын адамың болғаны қандай жақсы. Сен енді елпектеме. Хайрекең – сенің ұстазың, менің – ағам, демек сенің жолың үлкен. Бұдан кейін ағаңның тілін алып тұр. Елпектеп жетіп келме», – деді. «Е, бопты» – дедім. Содан бастап Қалағаңның төбесі көрінген бетте орынымда қата қалатын болдым. Ол кісі тарпылдата аяғын сүйрете басып келгенше біраз уақыт өтеді. Қашан көзі жұмылғанша, сәлемін бергенше – мен төре, сәлемін берген соң – ол төре болып жүрдік. Өткен өмірінің, әсіресе, қиянатты кезеңдердің біраза құпиясын айтып еді. Ол басқа әңгіменің өзегі. Көзін ашып көргені, ауызын ашып сүйгені Мирасгүлмен менің ұлым Сұңқар бірінші классқа бірге барып, бір класста оқыды. Бұл да ағалық, інілік базыналыққа үлкен жол ашты. Бірақ соның барлығында да бірінші ол кісі сәлем беріп жүрді. Кейде қасыма жақындай бергенде алыстаңқырап тұрған сәтіміз де болды, бірақ оның айыбын сәлемін берген соң оп-оңай қайтаратын. Қайран, «ақ бас бура» – Хайракең алпыс тоғыз жыл өмір сүріп, пәниден өтті. Ол кезде бұл қарттың жасы сияқты еді, енді қарасам, оның де желкесі бізге көрініп қалыпты.

Хайркеңнің ғылымдағы үлесін докторлық диссертациясының оппоненті академик Әлкей Марғұланның: «Хайыржан Бекхожин бір поезд құрамасы әрең сүйрейтін газет-журналдарды ақтарып шықты. Сондықтан оның есімі бірден академиктік атқа лайық», – деген бағасы толық анықтап береді. Ал одан бұрынғы «Дала уәлаяты газеті» туралы зерттеуі, жанама атпен жазылған мақалалардың аттарын тауып, олардың ғылыми өмірбаяндарын жасаудың өзі де үлкен қияметті жұмыс еді. Кандидаттық диссертациясының оппоненті Е.Бекмаханов жоғары бағалаған сол еңбегі үшін қырқыншы-елуінші жылдары ұлтшыл атанып, Б.Кенжебаев екеуі қатар талқыға түсіп, қуғыннан әзер аман қалғаны да, облыстық газеттің бас редакторының орынынан алынуы да ащы, сабақ алатын шындық. Ол туралы Ғ.Майкөтованың еңбегінде байсалды баяндалып өтіпті.

Хайрекем – ұстазым әулие екен. Оның аманатын орындау шындығында да маған бұйырыпты. Алаш туралы Хайрекеңнің маған аманттап кеткенінен құлағдар болса керек, Олжас Сүлейменов 1988 жылы қаңтар айында бізді сол кездегі жоғары соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазыңның үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сен солардың тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол»,– деп еді. Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген жоғары соттың төрағасы: «Біздің ұлтымызға жаны ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе – саған сенемін. «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Онымен Жоғары соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер»,– деді. Қазыхан екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы мен менің әйелім Әмина Сейітқызының кластасы екенін білген соң: «Ендеше күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады»,– деді.

Сөйтіп, 1988 жылы көкек айында «Алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, О.Сүлейменовтің атынан Г.В.Колбинге Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат жолданды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков хатшы болып келе қалды да, 4-қарашада бас прокурордың ресми қарсылығы жасалып, академик Ж.Әбділдин бастатқан үкімет комиссиясы құрылып, іс қайырымен аяқталды. Сөйтіп, әулие Хайрекеңнің – алаш ардагерлерінің алдындағы, менің – Хайрекеңнің алдындағы парызым өтеліп, ұлт көсемдері ақталды. «Ұраным – Алаш» атты кітабымдағы тергеу деректері сонда жинақталды. Бұрын Алаш қозғалысы туралы анықтамалар мен энциклопедияларға Хайыржан Бекхожиннің аты кірмей қалғанына өкініп, соған кінәлі шәкіртінің бірі екенімді мойындай отырып, соның орынын осы жолдармен толтырғым келді.

Алаш идеясының саңлауын сезуге мүмкіндік берген мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі Жәңгір Исайыноваға, тарих пәнін санама сіңірген Сағынтай Керімқұловқа, сынға салып сынақтан өткізген Исабек Шыңғысбаевқа, құпия түрде санама сіңірген Рымғали Нұрғалиевке, Мұхтар Мағауинге, қадірменді алаштың «ақ бас бура» ардагері Хайыржан Бекхожинге шәкірттік, сол ұстаздың парызын өтеуге жағдай жасаған Олжас Сүлейменов пен Бекежан Тілегеновке інілік тағзым.

Әлкей Марғұланның алпыс жасқа толған тойында айтқан: «Осы бір айтулы күні ең алдымен, менің кім болып шығатыныма көзі жетпей, өздерінің асыл арманымен өмірден өткен өзімнің ата-анамды есіме алғым келеді»,– деген сөзін осы жолдар жазылып жатқанда алаш мұрасын жатқа білетін, жоғарыда аталған Гүлнардың әкесі Сейітбек Нұрқанов ағамыз біздің есімізге салды. Әлекеңнің сол сөзін мен де өзімнің әке-шешем Құдакелді мен Хадишаға, ғұлама ұстазым профессор Хайыржан Бекхожинге қаратып айтқым келеді. Өйткені, Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың атының тізгінін бір-ақ рет ұстап, сол үшін түрмеге түссе де, өмір бойы атын қастерлеп өткен Құдакелді Жұртбайұлының да рухы осы жолдарды жазған кезде бізді қолдап отырғаны кәміл.

АРЫЛУ

(Қорытынды орынына)



Сонымен, арасында аз үзіліс жасап барып үш жыл бойы қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жинақтаған «Алашорда» қайраткерлеріне қатысты тергеу ісін көшірген дәптердің соңғы беті де жабылуға жақын қалды. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан ұл мен қыздар жаппай қудаланып, партия, кеңес қызметкерлерінің арасынан да ұлтшылдар табылып, тергеу жүргізіліп жатқан тұста жасырын жазылып алынған (ішінара таспаға түсірілген) қатираның соңына – әр томға, әр адамға, әр жауапқа қатысы қысқаша сипаттамалар жазылыпты. Зады, КПСС Орталық Комитеті «қазақ ұлшылдығы» туралы қаулы қабылдап жатқанда да осынау «аса құпия құжаттарды» жариялаудың мүмкіндігі түптің-түбінде туатынына сенген сияқтымыз.

Сол күндердің әсерінен туған алаң ба, жоқ, бұл құжаттардың қайтып қолға түспейтініне көз жеткендіктен бе, әлде аяулы алаш зиялыларының бейнесін жүректе сақтап қалуға деген шексіз ыстық сезім бе, кім білсін, түрме психологиясына қатысы бар-ау деген ойларымыз бен ескертпелер де қағазға түсіпті. Дәл қазір нақ сол кездегідей аңсарлы болмағанымен де, бұл жазбалардың ұмытыла қоятындай жөні жоқ, онда келер жылдардың зерттеушілері де зер сала жүретін ой ұшқындары бар екен. Әсіресе, алаш зиялыларының тағдырына ықыласты зиялы қауым үшін танытар емеуіріні мен айтар астары да бар сияқты. Сондықтан да, «Ұраным – Алаш!..» атты әфсананың тікелей жалғасы болып табылатын үшінші бөлімдегі пайымдаулардың арнасы бұрынғы «әннен өзгерек» болатындықтан да, деректердің жиналуы, салыстырылуы, жазылуы жиырма жылға созылған кітаптың қорытындысын дәптердегі сол сипаттамалармен аяқтауды жөн көрдік.

Тергеу ісімен танысу, барлық елеулі оқиғалар сияқты кездейсоқ әрі табиғи түрде басталды. «Табиғи болуының» себебі, алаш идеясы бала жасымнан маған таныс, тіпті, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» Әзімхан бейнесі мен Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» алашорда қайраткерлері туралы деректермен ұлт көсемдерінің жағымсыз бейнесін салыстыра әдеби кеш өткізіп, мектеп қабырғасынан айға жуық шеттеп қалғанымыз да бар болатын. Университетте курстың тең жартысы: «Тарихымызды білгіміз келеді»,– деген желеумен шет тілі пәні ретінде араб тілін оқыдық. Айтуған Шәйімов, Мұратқан Қаниев, Құрманғазы Бексайынов, Дәуітәлі Стамбеков, Жүрсін Ерманов, Нұрқасым Әмірғалиев, Несіпбек Айтов, Жанболат Әуіпбаев қатарлы курстастар ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде «Айқап» пен «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Сана», «Әйел теңдігі», «Құс жолы» басылымдары мен сол жылдары шыққан сирек кітаптарды алдырып оқитынбыз. Кейін бұлардың біразы сырт тартып кетті. Тек Құрманғазы ғана «Ақ жол» газетіндегі публицистика» деген тақырыпта дипломдық жұмыс қорғады.

Ал біздің ынтамыз үдей түсті. Ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев С.Бегалиннің, С.Машақовтың, Ж.Елебековтің үйіндегі М.Дулатовтың «Оян, қазақ», Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі», Мағжанның «Өлеңдері» сияқты кітаптарды алып келіп, үйінен шығармай оқытты. Қазақ журналистикасының «ақ бас бурасы» (Несіпбек қойған), профессор Хайыржан Бекхожин біздің бірінші курстағы «Айқап» журналындағы публицистика» атты курстық жұмысымызды ешкімге айтпастан студенттердің олимпиадасына ұсынып, республикалық марапатқа ие болдырғаны да бар.

Сөйтсек, аяулы ұстазымыз бізге «ен салып» жүр екен. Күзде шақырып алып: «Мен саған бір сыр айтамын. Келіссең де, келіспесең де тісіңнен шығарма. Өзің маған шәкірт болғың келе ме? Ендеше мен бір сенімді шәкірт іздеп жүр едім. Өлеңді Сырбай мен Қалижан да жазады. Мен ғана емес, бүкіл қазақ қарыздар менің ұстаздарым бар еді. Солардың парызын өтейін деп әр жылдары екі шәкірт дайындап едім. Біреуінен ештеңе шықпады. Екіншісі ауылға кетіп қалды (Сөйтсек ол Зарқын Тайшыбай ағамыз екен). Енді саған таңдауым түсіп тұр. Сен оларды біліп жүр. Мен саған олардың еңбектерімен қайдан, қалай танысудың жолын көрсетемін»,– деді. Өрекпіген жүрегімізді басып үлгергенше университеттің сол кездегі ректоры Өмірбек Жолдасбековке алып барып, табан астында ұлттық кітапхананың сирек қорына ілеспе хат жаздырды. Одан ұлттық кітапханаға жетектеп апарып, сирек қордың емес, арнайы құпия қорда істейтін Сәуле Мұсатайқызы Ақынжанова апаймен жеке таныстырды. Тоғыз айдан кейін өзі емтихан алып, ризашылығын білдіріп: «Олардың заманы келеді. Біз көрерміз, көрмеспіз, бірақ сол кезде сен дайын бол»,– деп батасын беріп еді.

1987 жылы қаңтар айында Жазушылар одағының жанынан Құқық комиссиясын құрып, мені төрағалыққа бекітіп, желтоқсан оқиғасына қатысты деректерді жиып, хабардар етіп отыруды тапсырған және жоғарыдағы жайдан мағлұмдар Олжас Сүлейменов 1988 жылы қаңтар айында бізді сол кездегі жоғары соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазыңның үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сен солардың тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол»,– деп еді. Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген жоғары соттың төрағасы: «Біздің ұлтымызға жаны ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе – саған сенемін. «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Онымен Жоғары соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер»,– деді. Қазыхан екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы мен менің әйелім Әмина Сейітқызының кластасы екенін білген соң: «Ендеше күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады»,– деді.

Сөйтіп, бұл дәптердегі алғашқы көшірмелер Жоғары Соттың кеңсесінде түсіп еді. 1988 жылы көкек айында «Алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, О.Сүлейменовтің атынан Г.В.Колбинге Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат жолданды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков хатшы болып келе қалды да, 4-қарашада бас прокурордың ресми қарсылығы жасалып, академик Ж.Әбділдин бастатқан үкімет комиссиясы құрылып, іс қайырымен аяқталды. Сөйтіп, әулие Хайрекеңнің – алаш ардагерлерінің алдындағы, менің – Хайрекеңнің алдындағы парызым өтеліп, ұлт көсемдері ақталды.

Кейін Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары С.Қ.Әбдірахмановтың рұқсатымен 1988-1992 жылдары аралығында және 1997 жылы комитеттің архивімен барынша еркін отырып танысуға мүмкіндік алдым. Сөйтіп, бұл деректер алғашында Қауіпсіздік Комитетінің Алматыдағы ғимаратының жанындағы жер үйде, содан кейін бас кеңесенің солтүстік қанатындағы 2-қабаттағы 14-бөлмеде жазылды. Қауіпсіздік Комитетінің полковнигі Қараби Мұхаметқалиев пен Шыңғыс Салықбаев сынды азаматтар бізге барынша еркіндік берді. Сол үшін де оларға ілтипат білдіремін.

Алаш идеясының саңлауын сезуге мүмкіндік берген мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімі Жәңгір Исайыноваға, тарих пәнін санама сіңірген Сағынтай Керімқұловқа, сынға салып сынақтан өткізген Исабек Шыңғысбаевқа, құпия түрде санама сіңірген Рымғали Нұрғалиевке, Мұхтар Мағауинге, қадірменді алаштың «ақ бас бура» ардагері Хайыржан Бекхожинге шәкірттік, сол ұстаздың парызын өтеуге жағдай жасаған Олжас Сүлейменов пен Бекежан Тілегеновке інілік тағзым.

Әлкей Марғұланның алпыс жасқа толған тойында айтқан: «Осы бір айтулы күні ең алдымен, менің кім болып шығатыныма көзі жетпей, өздерінің асыл арманымен өмірден өткен өзімнің ата-анамды есіме алғым келеді»,– деген сөзін осы жолдар жазылып жатқанда алаш мұрасын жатқа білетін, жоғарыда аталған Гүлнардың әкесі Сейітбек Нұрқанов ағамыз біздің есімізге салды. Әлекеңнің сол сөзін мен де өзімнің әке-шешем Құдакелді мен Хадишаға қаратып айтқым келеді. Өйткені, Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың атының тізгінін бір-ақ рет ұстап, сол үшін түрмеге түссе де, өмір бойы атын қастерлеп өткен Құдакелді Жұртбайұлының да рухы осы жолдарды жазған кезде бізді қолдап отырғаны кәміл.

Бұл әфсананың осындай рухани тарихын еске ала отырып, енді, дәптердегі сыпаттамаларға орын беремін.

Тергеу: контрреволюциялық-террорлық, басмашылық ұйымның (жетекшісі Дінмұхамед Әділев); кеңес үкіметіне қарсы құрылған Орынбордағы астыртын ұйымның (жетекшісі Ахмет Байтұрсынов); шет ел интервенциясының күшіне сүйенген Ташкенттегі контрреволюциялық ұйымның (жетекшісі Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедов) «қылмысты істерін» өзара байланыстырып, дабыл қағарлықтай әшкерелеу бағытында жүргізілген. Голощекин тергеу үрдісін бақылап отырған. Одан алынған мәліметтерді тергеу қорытындысы шықпай тұрып-ақ баяндамаларына пайдаланған.

Тергеу жауаптарының мазмұнынан тұтқындалған адамдардың еркіндікте жүрген кезіндегі өзара қарым-қатынасы, деңгей-дәрежесі анық аңғарылады. «Алашорда» үкіметі мүшелерінің, яғни, самодержавие тұсында түрменің дәмін татып, сынақтан өткен, алғашқы топта тұтқындалған қайраткерлердің жауаптары бір ыңғайда, бір мағынада, аумағы өлшемді ұғыммен берілген. Олар сөз арасына кездейсоқ адамдардың атын атамаған, жанама оқиғаларды кіріктірмеген. Идеясы, мақсаты, күрес жолы, сенімі мен пайымдары да ұқсас Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Халел Ғаббасовтың, Елдес Омаровтың жауаптары бір жерден шыққан. Бір қызығы, тергеушілер оларды «жүздік жақындықтарына» қарап топқа бөліпті (мысалы, бірінші топ – А.Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейдазым Қадырбаев, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков, Елдес Омаров; екінші топ – Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленов; үшінші топ – Мұхамеджан Тынышбаев, Жұмақан Күдерин, Біләл Сүлеев). «Қазақы қарға тамырлық» бұл адамдарға тән емес екенін тергеушілер ескермеген сияқты.

Керісінше, жауапқа тартылғандар бір-бірін жақтыра бермейтінін тергеушіге «ұмытпай ескертіп отырған». Мысалы, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков бір-бірімен сөйлеспейтіндігін атап көрсетеді. Алайда Ә.Ермеков ауруханада жатқанда Х.Досмұхамедов оның көңілін сұрай барғаны сөз арасында білініп қалады. Сондай-ақ М.Әуезов: «М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті «Сұғанақ сұр» атты шығармамда сынағанмын»,– дейді. Тұрар Рысқұловтың бажасы Жаһанша Досмұхамедовтің адресі арқылы Сарымолдаевқа жолдаған хатты оның рұхсатынсыз Қожановқа оқытып, оның тінту жүргізгені қамтылған өмірлік шындықты көркем шығармаға арқау еткенін мекзей отырып, сол арқылы «қазақы әдіске салып» олар туралы айғақ беруден бас тартқан. Сондықтан да мұндай көрсетінділер абайлап пікір қорытуды талап етеді.

Әлихан Бөкейхановтың жауабы қысқа да нұсқа. Ойын шымырлата қорытып: «Маған «Алашорданы» білесіз бе?,– деп сұрақ қойма. Мен – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» кеңесінің төрағасымын, «Алашорда» үкіметінің төрағасымын. Сондықтан да оның іс-әрекетіне толық жауап беремін. Ал «Алашорда» кеңес өкіметін мойындап, оның бұрынғы іс-әрекеті үшін ешкім де, ешқашан да жауапқа тартылмайтыны туралы Ленин қол қойған келісімнен кейін, ол үкімет тарихтан кетті. Егерде Лениннің қолы оның өзі өлген соң жүрмей қалса, онда үшінші адам болып Сталин қол қойған. Ол келісім күшін жойған жоқ. Жойса, келісім бойынша, маған хабарлар еді. Мен Сталиннен ондай хат алғамын жоқ. Әлде сендер оны мойындамайсыңдар ма? Онда маған жазбаша жазып беріңдер. Ал жазбасаңдар, демек, ол келісім күшінде, одан да келесі сұрағыңа көш»,– деген мазмұнда жауап берген.

Бұл кісінің мысы қашанда басым тұратынын көрген жанның бәрі (Әлкей Марғұлан, Халижан Бекхожин, Ғалым Ахмедов, Мариям Мұқанова, Валентина Николаевна Әуезова) айтып еді. Тіпті тұтқындауға келген «жандыаларлар» да оны басына алмапты. Бұған Лиза Әлиханқызы Бөкейханованың:




  1   2   3   4


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет