Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасындағы тыныс белгілерінің қолданысы



жүктеу 434.31 Kb.
Дата02.05.2016
өлшемі434.31 Kb.
: ld
ld -> -
ld -> Шпаргалка " Мұртты обалар" көп тараған аймақ "Ақ жалды жүйрік аттардың иелері" деп аталған тайпа "
ld -> Қазақстан тарихының тақырыбына шпаргалкалары Адамзат тарихы дамуының ең алғашқы кезеңі? Тас дәуірі
ld -> Разработка научно-технологических основ производства катализаторов дегидрирования для синтеза изопрена
ld -> Учебно-методическое пособие для студентов геологического факультета Казань 2004 Печатается по решению
ld -> Реферат Основные элементы и профессиональные правила оформления рекламного объявления
ld -> Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін «электрондық үкіметтің» шлюзімен біріктіру мүмкіндіктерін зерделеу жөніндегі жұмыс жоспары
ld -> Абай Құнанбайұлы Жүрегіңнің түбіне терең бойла
ld -> Төлеу Көбдіковтің елінде


Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасындағы тыныс белгілерінің қолданысы

МАЗМҰНЫ
Кіріспе................................................................................................................3

І Пунктуацияның теориялық негізі...............................................................5

ІІ Романдағы ажыратушы тыныс белгілердің қолданысы

2.1 Ажыратушы үтір…..................................................................................10

2.2 Ажыратушы қос нүкте............................................................................14

2.3 Ажыратушы сызықша..............................................................................16

2.4 Ажыратушы нүктелі үтір..........................................................................23

ІІІ Романдағы бөлуші тыныс белгілердің қолданысы

3.1 Оқшау сөзді сөйлем құрылымдарында қойылатын бөлуші тыныс

белгілері...........................................................................................................24

3.2 Сөйлемдегі жалпылауыш сөздердің тыныс белгісі..............................28

3.3 Сөйлем құрылымында қолданылатын өзге тыныс

белгілері...........................................................................................................31

3.4 Тыныс белгілерінің қабаттасып қолданылуы.........................................35

Қорытынды......................................................................................................40

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі..................................................................42

Кіріспе
Курстық жұмыстың өзектілігі. Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы тыныс белгілерін дұрыс қолданудың негізгі жолдарын, сөйлемнің синтаксистік ерекшелігін және сөйлемдегі кейбір сөздердің мағынасын, сөйлемнің интонациясын ескере отырып, ойдың берілуін анықтау. Тыныс белгілерінің түрлерін, олардың өзіндік қызметін анықтау.

Зерттеу нысаны. Романдағы тыныс белгілерінің қолданысы, түрлері, сөйлемге қатысты жұмсалатын әрбіреуінің мағынасына, синтаксистік құрылысына және интонациясына негізделуі қаралады.

Зерттеу жұмысының мақсаты. Жұмыстың негізгі мақсаты – романда қолданылатын тыныс белгілердің түрлері мен қызметі, мағынасын анықтау.

Курстық жұмыстың мақсатын орындауда қойылған міндеттер:


  • Сөйлемнің немесе бүтіндей мәтіннің тыныс белгілерін дұрыс қою үшін негізгі үш белгіге сүйену қажет, соны ашу;

  • Сөйлемнің түрлерін анықтай білу;

  • Тыныс белгілерін қызметіне қарай топтастыру;

  • Шығармадағы тыныс белгілерін жүйелі талдау;

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Әр түрлі сөйлем құрылымдарында қойылатын кез-келген тыныс белгісі арқылы сол сөйлемнің мағынасы да, синтаксистік құрылым ерекшелігі де, интонациясы да бейнеленетіндігі үш белгіге негізделіп қойылатыны анықталды.

Курстық жұмыстың дереккөздері. Зерттеудің дереккөздері ретінде ғылыми-теориялық еңбектер мен зерттеулер пайдаланылды. Соның ішінде, Әуелбаева Ш., Мұсабекова Ф., Сыздық Р., Ғабдулина М.Ғ., Есматова М.Т т.б тілші мамандардың еңбектерін атауға болады. Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасынан жинақталған мысалдар жүйеленіп, сұрыпталды.

Зерттеу әдістері. Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романында қолданылатын тыныс белгілерінің қызметін анықтау барысында, олардың мағыналық құрылымын қарастыруда сипаттама әдіс, салыстырмалы әдіс, талдау, т.б. әдістер қолданылды.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Аталмыш жұмыстың нәтижелерін “Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы” арнайы курсында көмекші құрал ретінде қолдануға болады.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Бұл жұмыс, яғни тыныс белгілерінің қолданысы, мағыналық және құрылымдық сипатын тану, қазақ тіл біліміндегі пунктуация мәселесіне, оны дұрыс қоя білуге бейімдеу осы саланың теориялық негізіне аз да болса үлес болып қосылады.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Курстық жұмыс кіріспе және негізгі мәселелерді қамтитын екі тараудан, қортындыдан тұрады. Жұмыс соңында әдебиеттер тізімі көрсетіледі.

І ПУНКТУАЦИЯНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ

Пунктуация – бір нәрсені жазғанда, оқығанда, айтқанда ойды басқаға түсіндіру үшін қолданылатын тыныс белгілері ережелерінің жиынтығы. Пунктуация – тыныс белгілері туралы ілім, ол айтылмақшы ойды екі ұшты етпей, дәл, түсінікті де тиянақты етіп білдіру үшін қолданылады. Бұл – тыныс белгілерінің негізгі қызметі. Тыныс белгілері бір сөйлемдерді немесе сөздер тобын айтқанда, оқығанда, ауызекі тілде болатын кідірісті де, дауыстың қалай құбылуын да білдіреді. Бұл – тыныс белгілерінің қосымша, көмекші қызметі.

Пунктуация негіздері мен жүйесі – жете зерттелмей келе жатқан проблемалардың бірі. Көп жылдық зерттеу тарихы бар орыс пунктуациясының негіздері жайында үш түрлі көзқарастың /мағыналық, грамматикалық, интонациялық принциптер/ қалыптасқаны белгілі. Орыс пунктуациясын зерттеуші ғалымдардың бір тобы тыныс белгілерінің қолданылуын сөйлемнің мағынасына /логикалық принципке/ негіздесе, екінші тобы оны сөйлемнің грамматикалық ерекшелігіне негіздейді, ал үшінші топтағылар пунктуацияның негізі – интонация деп көрсетеді. Ф.И. Буслаев, С.И.Абакумов, Н.С. Поспелов сияқты ғалымдардың еңбегінде пунктуация негізін мағыналық принципке тіреу басым болса, Н.И. Греч, С. Булич сияқты лингвистердің зерттеулерінде грамматикалық принцип шешуші болып келеді, ал А.М. Пешковский, Л.В. Шерба еңбектерінде интонациялық принцип басым. Орыс пунктуациясын көп зерттеген атақты ғалым, профессор С.И. Абакумов тыныс белгілерін қолдануда интонациямен санаспауға болмайды деп келіп, жалаң интонацияға ғана жүгінбей, сөйлемнің мағынасы мен синтаксистік құрылымына да сүйенудің қажет екенін көрсетеді. Бұдан сөйлемге қатысты жұмсалатын әрбір тыныс белгісі оның мағынасына да, синтаксистік құрылымына да, интонациясына да негізделеді деген ой анық байқалады. Сөйлемнің немесе бүтіндей мәтіннің тыныс белігілерін дұрыс қою үшін, үш түрлі негізге сүйену керек. Олар мыналар:


  1. Сөйлемнің синтаксистік ерекшелігі.

  2. Сөйлемнің мағынасы.

  3. Сөйлемнің интонациясы.

  1. Әр тілдің сөздерді тіркестіру, олардан сөйлем құрау жолдары бар. Басқа тілдердегі сияқты, қазақ тілінде де сөйлемнің негізгі екі түрі (жай сөйлем, құрмалас сөйлем) бар. Бұлар өзара әлденеше жолдармен жасалады. Сөйлемнің түр-түріне және сөйлемдегі сөздердің қолданылуына қарай әр түрлі тыныс белгісі қойылады. Мәселен, хабарлы сөйлемдерден кейін нүкте қойылады, сұраулы сөйлемнен кейін сұрау белгісі, лепті сөйлемнен кейін леп белгісі қойылады. Сөйлем ішіндегі қаратпа, одағай сөздер, оңашаланған мүшелер сөйлемнің басқа мүшелерінен белгілі бір тыныс белгісі арқылы, жалпылауыш сөздер сөйлемнің бірыңғай мүшелерінен не қос нүкте, не сызықша арқылы ажыратылады. Тыныс белігісі сөйлемнің түрлеріне, құрылысына, сөйлем мүшелерінің жасалу жолдарына, сөйлемдегі сөздердің тіркесу тәсілдеріне байланысты қойылады. Мұны тыныс белгісінің сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне байланысты қойылуы дейміз.

  2. Сөйлемнің тыныс белігісін дұрыс қою үшін, оның синтаксистік ерекшелігімен қатар, сол сөйлемдегі кейбір жеке сөздердің мағынасына да назар аудару қажет. Өйткені бүтіндей бір сөйлемнің немесе ондағы кейбір жеке сөздердің мағынасы белгілі бір тыныс белігісін қоюды керек етеді. Мысалы: Ол рас айтты. Ол рас, бүгін келмекші деген екі сөйлемдегі рас сөзі екі мағынада қолданылып тұр, әсіресе, қос нүкте, тырнақша, жақша, сұрау, леп белгілері сөйлемнің мағынасына негізделіп қойылады. Мысалы:

Қайтсін, қолы тимепті,

Өлеңші, әнші есіл ер! (Крылов-Абай)

дегенде, леп белігісі сөйлем кекесінді, әзіл-сықақ мағыналы болғандықтан қолданылып тұр.

Суреттеп және көрдім жүзі жарқын,

Ойладым: «Оңдырған-ау баққан халқын!»

Соншама құны толық, пұлды түйме

Артында қалдырмас па «жақсы даңқын» (С. Торайғыров).

Бұл мысалдағы тырнақшалар тырнақшаға алынған сөздердің кекесінді, қарама-қарсы мағынада қолданылғандығынан қойылып отыр. Тыныс белгісі сөйлемнің, сөйлемдегі кейбір сөздедің мағынасына қарай да қойылады.



  1. Тыныс белгілерін дұрыс қолданылудың ендігі бір негізі – интонация. Мысалы, белгілі бір хабарлы сөйлемді айтқанда, оқығанда сөйлем соңында кідіріс болады. Сөйлемнің бірыңғай мүшелерін оқығанда, олардың әрқайсысынан кейін және құрмалас сөйлем құрамына енген әрбір жай сөйлем арасына кідіріс болады. Сұраулы, лепті сөйлемдерді оқығанда, дауыс көтеріңкі шығып, айрықша интонация байқалады. Сөйлеу тіліндегі мұндай интонация жазба тілде белгілі бір тыныс белгісін қоюды қажет етеді. Мысалы, «Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер», «Адамдықтың белгісі – иіліп сәлем бергені, шын достықтың белгісі – көп кешікпей келгені» деген сөйлемдердегі сызықшалар бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен немесе заттанған есімшелерден жасалғандықтан қойылып тұр. Бұл сызықша қоюдың грамматикалық белгісі. Сонымен бірге бұл сөйлемдерді айтқанда, сызықша қойылған жерлерде кідіріс жасалады. Бұл – сөйлемдегі, ондағы жеке сөздерді айту интонациясы. Сөздерді, сөз тіркестерін айту интонациясы жазуда тыныс белгілері қойылатын жермен үнемі сай келе бермейді. Ауызекі тілде сөйлемді, сөйлемдегі сөз тіркестерін айтқанда жасалатын түрлі-түрлі кідірістерден кейін тыныс белгісін қоя беруге болмайды. Мысалы, «Бермегенді беріп ұялт», «Қайтып кірер есікті қатты жаппа», «Біреу білмегенді біреу білер», - деген сияқты сөйлемдердегі бермегенді, есікті, білмегенді дегендерден кейін ауызекі тілде кідіріс жасалып айтылады. Бірақ соған қарамастан, бұл сөздер сөйлемнің баяндауышына тікелей қатысты болғандықтан, олардан соң үтір немесе басқа бір белгі қоюға болмайды. Тыныс белгілерін қолдану жалаң бір принципке ғана сүйенбей, барлық үш принциптің бірлігіне негізделеді.

Пунктуация негіздері - қазақ тіл білімінде аз зерттеліп келе жатқан проблемалардың бірі. Қазақ тілі пунктуациясын алғашқы зерттеушілердің бірі С. Жиенбаев. Ол «Сөйлемнің тыныс белгілері» деген еңбегінде: «Мәтіннің негізгі элементі – сөйлем» деп санайды да, тыныс белігілерін сол сөйлем аясында қарастырады. «Сөйлемнен тыс қолданылатын тыныс белгілері болмайды» деген тұжырымға келеді. Пунктуация білімін меңгеру ана тілінің синтаксисін жете білумен тікелей байланысты екенін ескертеді.

Профессор М. Балақаевтың қазақ тілі пунктуациясына арнап жазған мақалалары бар. Ол тыныс белгілерін дұрыс пайдаланудың негізгі дауыс ырғағымен байланысты болады, кейде тыныс белгілерін дұрыс қойып жазудың шарты дауыс ырғағы /интонация/ болмай, грамматикалық белгілері негіз болады деген.

Пунктуация туралы мәселе Ф. Мұсабекова еңбегінде де сөз болған. Ол тыныс белгілерінің қойылуын жеке принциптер тұрғысынан қарастырған. Ф. Мұсабекова былай дейді: «Тыныс белгілері сөйлемнің бірдей құрылысына қарай, бірде мағынасына қарай, бірде айтылуына қарай қойылады деу дұрыс. Бірсыпыра тыныс белгілері сөйлемнің құрылысына байланысты қойылады. Қос нүкте, нүктелі үтір, сызықша, үтір, жаңа жол синтаксистік құрылысқа сүйеніп қойылады. Жақшы, сұрау белгісі, леп белгісі, нүкте, көп нүкте, тырнақша т.б. сөйлемнің мағынасына негізделіп қойылады».

Кез келген сөйлем: жай сөйлем немесе құрмалас сөйлем, бір сөзді не көп сөзді сөйлем – аталған үш принциптің тұтасқан бірлігі негізінде жасалады. Белгілі мағынаны білдіріп, арнайы интонациямен айтылатын тіліміздегі алуан түрлі синтаксистік құрылымдардың өзіндік ерекшеліктеріне сай, қазақ тілі пунктуациясын құрайтын тыныс белгілері мынадай екі түрлі қызмет атқарады:



  1. мәтіндегі әрбір сөйлемнің /жай не құрмалас/ шекарасын белгілеп, сөйлем компоненттерінің жігін ажырату;

  2. күрделенген сөйлем ішіне кірістірілген түрлі синтаксистік оралымдарды ерекшелеп, ондай сөйлемдердің тура және қосымша синтаксистік байланыс белгілерін айқындау. Осыған орай, тыныс белгілері ажыратушы және бөлуші тыныс белгілері болып үлкен екі топқа бөлінеді. Ажыратушы және бөлуші тыныс белгілерінің қолданылуындағы бір ерекшелік мынадай: ажыратушы тыныс белгілері сыңар жақты, жеке-дара жұмсалады (Жем көп болса, мал да күйлі болады); бөлуші тыныс белгілері көбінесе екі жақты, жұп болып қолданылады (Біздерді, жастарды, қызу еңбек күтеді).

Ажыратушы тыныс белгілері мәтіндегі бір сөйлем мен екінші сөйлемнің шекарасын ажырату үшін, синтаксистік тура мағынада келген өзара тең дәрежелес синтаксистік компоненттердің (сөйлем мүшелерінің, құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің) ара-жігін көрсету үшін қолданылады. Ажыратушы тыныс белгілерінің жиі қолданылатын екі түрін атап өтуге болады:

1) сөйлем соңына қойылатын тыныс белгілері / нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі, көп нүкте, бұлардың қабаттаса қолданылған түрлері/;

2) бірыңғай мүшелерді және құрмалас сөйлем компоненттерін ажыратушы тыныс белгілері (үтір, сызықша, қос нүкте, нүктелі үтір). Сөйлем соңына қойылатын ажыратушы тыныс белгілерінің жазу мәдениетін қалыптастырып, пунктуациялық сауаттылықты арттыруда атқаратын ролі зор. Бұл топтағы тыныс белгілері жазба жұмыстарында өте жиі қолданылып, қажетті қызмет атқарады.

ІІ РОМАНДАҒЫ АЖЫРАТУШЫ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ

2.1 Ажыратушы үтір
Ажыратушы үтір бірыңғай мүшелер мен құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің арасына қойылады. Бұл шығармада бірыңғай мүшелердің арасын ажырату үшін қойылған сөйлем құрылымдары көптеп кездеседі. Мысалы, Кішілеу ғана шүйке бас, сопақ бет, қоңырқай жүзді кісі /13-бет/. Дуня апай маған ондай еш нәрсе айтқан да, сездірген де емес. Осындағы аталған шылаулар – жалғаулықтар емес, әрбір бірыңғай сөзден соң келіп, оның лексикалық мағынасын күшейтіп тұратын демеулік шылаулар. Бұлардың жалғаулық қызметінде жұмсалатын кездері де болады. Сонымен бірге, бірыңғай мүшелер жалпылауыш сөзбен байланысып тұрады. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелермен қызметтес, тұлғалас болып, оларға ортақ жинақтау мәнін білдіріп тұрады. Бұндай сөз байланыстыруды автор өте жақсы берген. Мысалы, Қамқа әжем, әкем, Дариға жеңгем, Зәуреш, барша жақын, туған, қатар-құрбым – бәрі кейін қалды /38-бет/. Басталған соғыс та, бүгін станцияның ойран-ботқасын шығарған жау самолеттері де, Боряның қазасы да, біздің осы дүрлігісізміз де – мына маң басқан, байыпты тіршілікке жанаспайтын бөлек нәрсе сияқты /110-бет/. Бірыңғай мүшенің теориялық жағына келсек, грамматикалық қызметі, грамматикалық мағынасы бір, айтайын деген ойды сипаттап, ашып, әр түрлілігін көрсететін тілдік құрал. Жалпылауыш сөзсіз келген бірыңғай мүшелердің арасына ажыратушы үтір қойылады. Мысалы: Ас пісіру, от жағу, ыдыс-аяқ жуу ұсақ-түйек шаруа сияқты /159-бет/. Кей сөйлемдерде бірыңғай мүшелері жалғаулықты шылаулармен байланысады, ондай жағдайда араларына үтір қойылмайды. Мысалы: Емшектегі баласы бар екі келіншек: Наташа мен Валя /107-бет/.

Бастауышы бірыңғай есімше тұлғалы болып, баяндауышы есім сөзден болған сөйлем құрылымы да кездеседі. Мысалы, Жүк түсіргені, үй тіккені, жер ошақ қазып қазақ астына от жаққаны – бәрі қызық. Мұнда жылқының кісінегені, қойдың маңырағаны, ошақтың будақтаған кешкі түтіні – бәрі жаңа, бәрі таза /56-бет/.

Тыныс белгілерінің шешілмей, қиындық келтіріп жүрген басты-басты мәселесі - оңашаланған айқындауыштың тыныс белгісі. Сөйлемде белгілі бір мүшенің мағынасын басқа сөзбен түсіндіріп, нақтылап сипаттайтын мүше де болады. Айқындауыш екі түрлі болады: 1) оңашаланған айқындауыш, 2) қосарлы айқындауыш.

Өзінен бұрын тұрған сөзді айқындап, дәлдеп түсіндіретін бір я бірнеше сөзді оңашаланған айқындауыш дейміз. Романда автор оңашаланған айқындауыштарды да жиі қолданған. Соған тоқталсақ,

1) Оңашаланған айқындауыш мүше екі жағынан үтірмен бөлініп жазылады. Мысалы, Тура өз ауылым, ошағыма, Қамқа әжеме қайтып оралғандай.../273-бет/

2) Оңашаланған айқындауыштың алдынан ғана сызықша қойылатын сөйлемдер де бар. Мысалы: Арқасын қара орманы – қалың еліне тіреп қойып соғысатын майдан емес, оңы мен солы, алды мен арты айнала жау, орман паналап, сай сағалап, түн жамылып соғысып жүрген жандар /282-бет/.

3) Оңашаланған айқындауыш сөйлемнің соңында келсе, айқындалатын сөзден кейін сызықша қойылады. Мысалы: Бұл үйдегі менің тағы да бір көз тоқтататын жиһазым бұрышта ілулі тұрған кішілеу икона – құдайдың суреті /185-бет/.

Кейбір оңашаланған айқындауыштар өзінің түсіндіретін сөзімен яғни, яки, не болмаса, мысалы, әсіресе, басқаша айтқанда, т.б. сияқты сөздер арқылы байланысады. Мұндайда оңашаланған айқындауыш сөздермен қоса екі жағынан тиісті тыныс белгілерімен айырылады. Мысалы: Ол қазіргі мүшкіл халімді алдыма көлденең тосып, еріксіз ертеңгі күнімді, яғни болашағымды ойлатады /156-бет/. Бұл өңірде, әсіресе өзеннің бер жағында, Носовец айтқандай, табиғаты тамаша жер осы екен /357-бет/.

Айырушы үтір романда құрмалас сөйлемдердің жай сөйлемдерін ажырату үшін қолданылады. Қазақ тіліндегі көп бағыныңқылы сабақтас сөйлем компоненттері әрі сабақтаса, әрі салаласы байланысады. Романда осы құрылымға негізделген сөйлемдер жиі кездеседі. Мысалы: Есіктен әрі қарай өтейін десем, сеңдей сығылысқан адам, тұмсығым бататын емес, қатты демігіп, ентігімді баса алмай есікке көлденең тұтқан тақтайға асыла кеттім /53-бет/.

Өзімнің үйреншікті ортамнан, орнықты, сабырлы тіршілігімнен шығып, аумалы-төкпелі, белгісіз беймаза дүниенің ішіне кіріп бара жатқанымды сезіп, бойымды үрей билейді /54-бет/.

Кейде ойым алай-дүлей ұйытқып, кейде бойым да, ойым да жалқау тартып, меңіреу халге түсіп осы үйде тұра бердім /158-бет/.

Берілген көп басыңқылы сабақтас құрмаластағы бағыныңқы сөйлем әрбір басыңқы сөйлеммен жеке-жеке сабақтаса байланысса, ондағы басыңқы сөйлемдер өзара бір-бірімен салаласа байланысып, ыңғайлас салалас сөйлем ретінде жұмсалған. Мұндай құрылымдар аралас құрмалас сөйлем болады.

Құрмалас сөйлем құрамындағы компоненттердің арасына ажыратушы үтір қойылады:

1) Салалас құрмаластағы жай сөйлемдер арасына қойылатын үтір:

Ыңғайлас салалас: Қысылғанымнан от көседім, қазан ошағымды айналдыра бердім /310-бет/. Дулатты көк шөптің үстіне еркін еңбектетіп қоя бердім, өзім ас қамдап жаттым /328-бет/.

Жалғаулықты қарсылықты салалас: Қамқа әжемнің осы сөздері құлағымда қалды, бірақ мен ол кезде бұл сөздердің мән-мағынасмын ұққан жоқ едім /79-бет/. Аздап шөлі қаңғасын жүрмек болады, бірақ «Ертеңгісін ойламаған ерден без» деген, алда әлі екі жүз шақырым жол бар /63-бет/.

Талғаулықты салалас: Жұмаш әлі ұйықтап жатыр, сендер еш нәрсені сезер емессіңдер /79-бет/. Балсұлу мені маңдайымнан сипап мүсіркемейді де, көргенде емешесі құрып жалпылдап та жатпайды /59-бет/.

Кезектес салалас: Бірде тұяқ дүрсілі әлсірегендей болады, бірде жердің еңсесін басып тастаған қою қара аспанды жыртып шыңғырған дауыс естіледі /7-бет/.

2) Сабақтас құрмаластағы жай сөйлемдердің арасына қойылатын ажыратушы үтір:

Шартты бағыныңқылы сабақтас: Қолымыз бос болса, баратын шаруаға бірге барамыз /11-бет/.

Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас: Арада бір сағат өтпей, тамақ та дайын болды /61-бет/.

Қимыл-сын бағыныңқылы сабақтас: Сәкең үн-түнсіз орнынан тұрып, қайта киіне бастады /58-бет/.

3) Көп бағыныңқылы сабақтас: Балбыраған жайлы ұйқыдан оянып, арқамнан ауыр жүк түскендей бүкіл денем босап, жеңілденіп, баяу рахаттанып, жылы төсекте осылай жата берсем. Жай шырылдап бастап, ұяң тыныштықты бұзып, лезде айқайға басып, кішкене зілмәңкені басына көтерді /205-бет/.

Бірыңғай мәнді жарыспалы көп бағыныңқылы сабақтас: Осы сенімді, жылы денеден айрылып қалатындай қорқып, кейде тас қылып қысып, құшақтап аламын. Иегіме сақал біткенше, туған еліме күн гауһарын сепкенше, жанымды жаралады /286-бет/.

Әр түрлі жарыспалы көп бағыныңқылы сабақтас: Дауысым күмілжіп, сөзімнің артында бір қалтарысы барын айқын сезіліп тұрса да, Носовец қазбаламады /277-бет/.

Сатылы көп бағыныңқылы сабақтас: Күйісін іркіп, таңырқағандай мойнын бұрып, маған бір қарап алып, тостағандай көзі дымқыл тартып сөлдіреп тұр /284-бет/.

4) Аралас құрмалас сөйлемдер: Аз уақытта бір аңғарғаным, бұл жерде онша шенге қарай қоймайды екен, өйткені шен беріп жоғарылатып, шенін алып төмендетіп отыратын жоғарғы жағың жоқ, жұрт жоғарғыларға қарап алақтамай, тек қолынан келетін адамдарды ғана сыйлайды /287-бет/.


    1. Ажыратушы қос нүкте

Ажыратушы қос нүкте сөйлем мүшелерінің грамматикалық және логикалық қарым-қатынасын білдіреді, ойдың жалпыдан жалқыға, жалқыдан жалпыға қатысын көрсетеді. Қос нүктенің негізгі қызметі – сөйлем мүшелерінің арасындағы түрлі қарым-қатынастарды көрсету.

Ажыратушы қос нүкте компоненттері жалпылама-түсіндірмелі қатынаста жұмсалған құрмалас сөйлем құрылымдарында қойылады.

1) Жалпылама сыңар - жеке сөйлемнен, ал түсіндірмелі сыңар бірнеше сөйлемнен жасалған іліктес салалас құрмалас сөйлемдерде ажыратушы қос нүкте қойылады: Тек түр шамасын ана жолғыдай, сырттай ғана топшылаймын: дауысына қарай өзі топас, ақымақтау болар деп түйемін /187-бет/. Емшектегі баласын кеудесіне қысып алған Ираида Ивановнаны бірден таныдым: етегі желпілдеп, қайқаң-қайқаң жүгіреді /75-бет/.

2) Компоненттері жалпылама-түсіндірмелі қатынаста келген аралас құрмалас сөйлемдерде ажыратушы қос нүкте қойылады. Келесі күні дүние құлпырып шыға келіпті: кешегі жауған ұлпа қар қыстың аязды қарындай шақыраймай, октябрьдің аласа күнінің солғын сәулесіне малынып, төңіректің ажарын ашып, алысты айқындап берген /159-бет/. Ұрыс екі-үш күн бұрын болыпты: өліктер ескіріп, иістене бастаған, беттері де қарайып кеткен, түрлерін ажырату қиын /155-бет/. Шығысқа қарай кетіп бара жатқан адам көп: үйеме жүк тиеген, оның үстіне бала-шаға, еркек-әйелі жыпырлап мінген екі-үш машина өтті, оқта-текте салдырлаған арбалар кездесіп қалады, ал қалғанының бәрі жаяу-жалпы /104-бет/.

3) Екі компоненті де дара сөйлемдерден жасалып, ой түйіні келесі бөлікте шешілетін іліктес салалас құрмалас сөйлемде де ажыратушы қос нүкте қолданылады. Мысалы: Бір сәтке көңіліме келе қалған осы алдамшы тәтті сезімді бұзғым келмейді: жаңағы естіген жаман оқиға – Светаның кетіп қалғаны туралы жалған елес /147-бет/. Мұндай жерге сызықша қоймай, қос нүкте қоюдың бір себебі - екінші сөйлемнің тұрлаулы мүшелері, көбінесе, атау тұлғада келіп, өзара сызықша арқылы ажыратылады. Сондықтан сызықшаны қабаттай бермей, қос нүкте қою дұрыс болады.

4) Іліктем салалас құрмалас сөйлемнің компоненттері былайша мынадай мағыналық байланыста болғанда, араларына қос нүкте қойылады. Мысалы, Мұндайда әйелдер қандай берекесіз: шыңғырып, бақырып азан-қазан болып жатыр /355-бет/. Сырт кескінінде «мен мұндалап» көзге түсер ешнәрсе жоқ: орта бойлы, кеуделі, толықша денелі, кішілеу қайқы тұмсық, аққұба әйел /73-бет/.


    1. 2.3 Ажыратушы сызықша

Сызықша да үтір сияқты жиі қолданылатын тыныс белгісі. Сызықша мағынаға, интонацияға, сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне байланысты қойылады. Ажыратушы сызықша, негізінен алғанда, компоненттері түсіндірмелі-жалпылама қатынаста жасалған іліктес салалас құрмалас сөйлемдерде қойылады.

1) Қазіргі қазақ тілінде іліктес салалас құрмалас сөйлемге орын тәртібі жағынан жалпылауыш сыңары түсіндірмелі сыңарынан бұрын келетін түсіндірмелі-жалпылама синтаксистік құрылымдар ғана жатқызылып жүр. Алайда тіл фактілеріне қарағанда қысқасы, бір сөзбен айтқанда, демек, сайып келгенде сияқты жалпылау-жинақтау мәнді қыстырма сөздердің қатыстырылуы арқылы іліктес салалас құрмалас компоненттерінің орын тәртібін алмастыра қолдану жиі кездеседі. Мұндай жағдайда олардың тыныс белгілері де өзгереді: қос нүкте орнына сызықша қойылады. Мысалы: Өртті сөндіріп болды: лапылдаған жалын көрінбейді, бықсыған түтін басылар емес. Лапылдаған жалын көрінбейді, бықсыған түтін басылар емес – қысқасы, өртті сөндіріп болды /102-бет/.

2) Санама түсіндірмелі компоненттері ма, ме шылаулары арқылы жасалып, талғаулы немесе өзара ыңғайлас, кезектес қатынаста жұмсалған іліктес салалас құрмалас сөйлемдерде ажыратушы сызықша қойылады. Мысалы: Садырбайдың күрең биемен сөйлесуі осымен бітті ме, әлде оны қорғанның ар жағынан естілген айқай-шу бөлді ме - әйтеуір, ол тоқтай қалып, құлақ салды. Әлде даладан бөгеу көрінгенмен ерке самал есіп өтті ме, әлде дер кезінде сусындағанына мәз бе – егістік манадан гөрі бой жаза түскендей. /91-бет/.

3) Іліктес салалас құрмалас сөйлемнің ерекше бір түріне алғы сыңардағы баяндауыштары сол, сонша, соншалық, сондай сөздерінен жасалған құрылымдар жатады. Алдыңғы сөйлем грамматикалық жақтан дербес сөйлем болғанымен, ондағы ой мазмұны толық ашылмай, келесі сөйлемге сілтеніп отырады; екінші сөйлем алғы сөйлемді түсіндіріп, ондағы ойды жинақтау үшін қолданылады. Мысалы: Еркін сөйлеуім былай тұрсын, әлі тілімді сындыра алмай келгенім сондай – орыстың сөзін әр әрпін баттитып, сірестіріп айтам /70-бет/. Сейілхан ағамның жұрттан бөлек тағы бір мінезі сол – бір жерде қоныс теуіп тұрақтап отыра алмайды /61-бет/.

Көп жағдайда мұндай сөйлемдердегі сол, сонша, сондай сөздерінен болған баяндауыштар айтылмай, түсіп қалады да, аталған құрылым құрмалас сөйлем болудан қалады. Мысалы: Бір жақсы жері – әжем бұған көп назар аударған жоқ. Бұларға көрші – қырық-елу қадамдай жерде өз үйін тігіп жатқан Сейілхан ағам да осының бәрін көріп тұр екен / 58-бет/.

Ажыратушы тыныс белгілері ықшамдалған сөйлем құрылымдарында қойылады. Қазақ тіліндегі қайсыбір сөйлем құрылымдары өз құрамындағы сөздердің айтылмай, түсіп қалуы нәтижесінде қалыптасады. Бұл құбылыс құрамдық жағынан ықшамдап, белгілі дәрежедегі стильдік талаптарға жауап береді. Бұларды ықшамдалған сөйлем құрылымдары дейміз. Мысалы: Полктың әйелдер советі – біз үшін /13-бет/. Қызыл эмаль жалатқан төрт бұрышты жалғыз кубигі бар – кіші лейтенант /10-бет/.

Басқа тілдердегі сияқты, қазақ тілінде де баяндауыштар тек жіктік жалғаулы етістіктерден ғана емес, сондай-ақ әр түрлі тұлғадағы (атау, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғаулары, шылау және түрлі жұрнаққа біткен) сөз таптарынан жасалынып, айтылмақ ойды біршама аяқтап, байымдауға қажетті мағынаны толық жеткізе алады. Бұл жағдай қазақ тіліндегі сөйлемдердің ықшам қолданылуға жиі ұшырауымен тікелей байланысты. Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романындағы ықшамдалған сөйлем құрылымдары мен оларға байланысты қойылатын тыныс белгілерін төменгі топтарға бөліп қарастыруға болады.




Бастауыш пен баяндауыш арасына қойылатын сызықша

Бастауыш пен баяндауыш арасына сызықша қою – ықщамдалған сөйлем құрылымдарына тән құбылыс. Сондықтан мұндай сызықшаны ықшамдалуға байланысты қойылатын сызықша дейміз.

Мұндай жағдайда сөйлемнің баяндауышы зат есімнен немесе зат есім мағынасындағы сөз таптарынан жасалады. Сонымен қатар, бастауыш пен баяндауыш арасын ажыратушы сызықша мына төмендегідей негізгі сөйлем құрылымдарында қойылады.

1. Бастауышы да, баяндауышы да атау тұлғада келген сөйлем құрылымдарында қойылатын сызықша.

а) Есім баяндауыштың ІІІ жақ жіктік жалғауын қабылдамауы сөйлемді ықшамдайды. Мұндай жағдайда бастауыш пен бяндауыш арасына сызықша қойылады.

Мысалы: Қалған азығым – кішкентай Светаның жұдырығындай ғана қатып қалған қара нан /395-бет/. Баяғыдай өзінен үлкен-кіші балаларға бірдей бас болып жүрген «Вовка командир» - штаб бастығының баласы /72-бет/.

Бастауыш пен баяндауышы есімшеден болған сөйлем құрылымдарында да сызықша қойылатын тұстары бар. Мысалы, Соншама қысылып қалғаны – мені сыйлағаны /391-бет/.

Бастауышы тұйық етістіктен баяндауышы есім сөз табынан болатын сөйлем құрылымы да кездеседі: Жаудың тылында, партизан болып соғысу – салт басты, сабау қамшы ер азаматтың өзі әзер шыдайтын қиямет нәрсе /376-бет/.

ә) Есім баяндауыш құрамындағы көмекші етістіктер айтылмаса, сөйлем ықшамдалып, бастауыш пен баяндауыш арасы сызықшамен ажыратылады. Мысалы: Мұнда жалғыз ғана бағаланатын нәрсе – батырлық /371-бет/. (Мұнда жалғыз ғана бағаланатын нәрсе батырлық болатын.) Кішкентай адам – Николай Топорков /367-бет/. (Кішкентай адам Николай Топорков болып табылады.)

б) Модаль сөздер және басқа грамматикалық тұлғалар есім баяндауыш құрамында жұмсалса, сөйлем ықшамдалып, бастауыш пен баяндауыш арасына сызықша қойылады. Мысалы: Қасымбек – партизан /350-бет/. (Қасымбек партизан шығар. Қасымбек партизан ба? Қасымбек партизан болып жүр екен.)

в) Бастауышты баяндауыш мүше анықтап тұрған жағдайда араларына сызықша қойылады. Мысалы: Сейілхан ағамның әйелі Балсұлу – сол кісінің қарындасы /194-бет/.

2. Баяндауышы есім сөз бен үшін шылауының тіркесінен жасалған сөйлем құрылымдарында қойылатын сызықша.

Бәрі де – балалар үшін /28-бет/.

Ықшамдалған құрылымда айтылмаған мүшенің (толық сөйлемдегі баяндауыштың) синтаксистік қызметі үшін шылауы мен зат есім немесе зат есім мәнінде жұмсалған сөздердің тіркесінен жасалған мүшеге ауысады. Бұл тіркес ықшамдалған сөйлемнің баяндауышы болады. Мұндай сызықша ықшамдалған сөйлемдегі ойды біршама аяқтауға қатысты болып, баяндауыш құрыман енген үшін шылауының синтаксистік қызметін айқындай түседі.

3. Бастауышы тәуелдік жалғаулы есімшеден не есімше қатысты сөзден жасалып, баяндауышы мезгілдік үстеулерден, сілтеу есімдіктерінен жасалған сөйлем құрылымдарында қойылатын сызықша: Сенің айтқан сөзің – осы. (Сенің айтқан сөзің осы емес пе еді?) Оқығаным – қазір. Естігені – кеше.

Мұндай баяндауыштар субстантивтену ыңғайда жұмсалады. Сондықтан толық құрылымдағы предикаттық мәнді беруші грамматикалық тұлғалар (шылаулар, көмекші етістіктер) айтылмай, сөйлем ықшамдалады.

Ықшамдалған мүшенің синтаксистік қызметін жаңғыртушы компонент түрлерінің бірі емес, бірнеше мүмкін нұсқалары болуы ықтимал. Ықшам құрылымның толық түріндегі мүмкін нұсқалардың жуық көріністері мынадай:

а) Толық сөйлемнің бастауышы ортақ болса, ондағы баяндауыш жіктелген есім сөз табынан болса, ажыратушы сызықша қойылады. Бұл қолданыс та шығармада орын тапқан. Мысалы: Мен сұлу әйел емес – адаммын /344-бет/.

ә) Толық сөйлемнің ырықсыз етістіктен болған баяндауышы айтылмаса, оның бастауышы ықшамдалған сөйлемнің баяндауышына ауысады. Мысалы: Барлаушыларға - алғыс. (Барлаушыларға алғыс беріледі.)

Сызықша – сөйлемнің мағыналық әрі грамматикалық жағын айқындаушы белгі. Мысалы: ««Шырағың сөнбесін» - Т. Ахтановтың шығармаларының ең шыңы» деген сөйлемдегі «Шырағың сөнбесін» деген сөзден соң айтуда дауыс үзілісін жасамай, жазуда ол сөзден кейін сызықша қоймай жазсақ, онда оқырман «Шырағың сөнбесін» деген сөзді «Т. Ахтанов» деген анықтауышы ретінде қабылдап, сөйлемді басқа мағынада түсінуі мүмкін.

Бастауыш пен баяндауыш арасына қыстырма сөйлем түссе, онда ол жақшаға алынады да, бастауыштан кейін тұруға тиісті сызықша жақшаның екінші сыңарынан соң қойылады. Мысалы: Саудагердің біреуі (көздері ойнақшыған сақалды бір мұжық) – жауынгерлердің қасына жақындады.

Сөйлемде айтылмай қалдырылып кеткен мүше орнына сызықша қойылады. Мысалы: Кішіпейілділік, әдептілік, сыпайылық, салмақтылық – адам көркі.

Түсіндірмелі құрылымда келген аралас құрмалас мынадай формада берілген. Мысалы: Менің бұл тығылған жер кепем, сыртынан қарағанда бейсауат көзге тіпті байқаусыз; үстіне топырақ шығармай, күзгі жаңбырдан қарауытып кеткен өлең шөппен бұтаның мұртын жапырмай үлкен шыршаның түбіне қарай үңгіп қазған қуыс – бұрын партизандардың құпия қоймасы болса керек /243-бет/.
Ортақ мүшеге ықшамдалған сөйлем құрылымдарында қойылатын сызықша мен үтірлі сызықша

Мұндай ықшамдалудың ерекшелігі – онда сөз түсіп қалмайды, екі не одан да көп сөйлемдерден жасалған синтаксистік құрылымдағы кейбір мүшелер әрбір сыңарда қайталанбай, соңғы сыңарда бір-ақ рет айтылады. Мысалы: Олардың алдында астыңғы қабаты – кірпіштен, үстіңгі қабаты ағаштан салынған шатырлы үй тұрады. Олар кейде – түгел, кейде кездесіп жұмыс істейді. Біреу – күрегін, біреу – балтасын, біреу арасын алып сапқа тұрды. Мен орыстармен – орысша, қазақтармен қазақша сөйлесе беремін. /138-бет/.

Мұндай құрылымдарда әр түрлі орындарда жұмсалған ортақ мүшелер ғана емес, сонымен бірге, міндетті түрде, қос сыңарлы екі не бірнеше салыстырмалы жұп ыңғайлас мүшелер болады. Мәселен, жоғарғы мысалдардағы бірінші сөйлемде мынадай жұп ыңғайлас мүшелер бар: асты– кірпіштен, үсті – шатырдан.

Ортақ мүшеге ықшамдалған сөйлем құрамында бірыңғайлас мүшелер ерекше көзге түседі. Ықшам құрылымдағы мұндай ыңғайлас мүшелерді әдеттегі бірыңғай сөйлем мүшелерімен қатар қоймай, ерекше қарастырған жөн. Аталған синтаксистік категорияның өзіндік ерекшеліктерін ескере келе, оны, шартты түрде, салыстырмалы жұп ыңғайлас мүшелер деп атаймыз.

Сөйлемнің бірыңғай мүшелері мен салыстырмалы жұп ыңғайлас мүшелердің негізгі айырмасы мынады: бірінде әр түрлі сөздерден жасалған мүшелер бір-ақ қатарға түзіледі де, қалған мүшелер қайталанады; екіншісінде әр түрлі сөздерден жасалған мүшелер, кемінде, екі қатарлы болып, қалған сөздер қайталану арқылы ортақ мүшелер болады. Қысқасы, салыстырмалы жұп ыңғайлас мүшелерге тән ажырым мүшелер әдеттегі бірыңғай мүшелерден жасалған сөйлем құрылымдарында қолданылмайды.

Аталған синтаксистік категориялардың бір-бірінен айырмасын төмендегі кестелерден байқауға болады.

Салыстырмалы жұп ыңғайлас мүшелі ықшамдалған сөйлем құрылымдары салалас, сабақтас және аралас құрмалас сөйлемдердің сыйыстырылуынан жасала береді.

1) Қарсылықты мен себеп-салдар салаласты байланыстыратын жалғаулықтар түсіп қалған жағдайда, екі жай сөйлемнің арасына сызықша қойылады: Былай да ойладым, олай да ойладым – ойыма ешнәрсе келмейді /283-бет/. Есіктің киізін олай итерем, бұлай итерем – ашылмайды /39-бет/.

2) Сабақтас құрмалас сөйлемдердегі басыңқы сөйлемдер ықшамдалады да, бағыныңқылары толық айтылады. Мысалы: Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен. (Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады.) (Мақал)

3) Салалас құрмаластардан жасалған сөйлемдердегі сыңарлардың арасына сызықша қойылады: Екі жылдан асты - өткізе алмай жүргенім осы уақыт /360-бет/. Бір жиренішті сезім – жалғыздық пен қорғансыздық сезімі тұла бойымды кеулеп, құлазытып бара жатты /375-бет/.

















































    1. 2.4 Ажыратушы нүктелі үтір

Нүктелі үтір, негізінен, жай сөйлемдердің арасына қойылатын тыныс белгі. Өзара ыңғайлас, тең дәрежелі, іштей үтірмен ажыратылатын түсіндірмелі компоненттер арасына нүктелі үтір қойылады:

1) Жалпылама-түсіндірмелі қатынаста жасалған құрмалас сөйлемдегі түсіндірме компоненттер нүктелі үтірмен ажыратылады:

Кеудеңнен қашан жаның шығып кеткенше үміт деген ит үзілмейді екен; алдыңғы қатардағыларды сыпырып шығарып жатқан ажал ұстарасы дәл маған тақалғанда тоқтап қалар ма екен; кеудемде әлсіз бір есек дәме болады екен /240-бет/. Әйелдер күйеулерінің қолтығына тығылады; балапанын қорыған тауықтай балаларын байырларына тартып алады; жақын адамдар бір-біріне тығылады; көңілі босағандарына жұбаныш айтып, аз да болса медет болып жатыр /237-бет/.

3) Өзара ыңғайлас, тұлғалас болып түзілген бірнеше сабақтас құрмалас сөйлемдерден жасалған аралас құрмалас сөйлемдерде нүктелі үтір қойылады: Ұлың өссе, ұлы үлгілілермен ауылдас бол; қызың өссе, қызы үлгілілермен ауылдас бол. (мақал)

4) Төрт не одан көп жай сөйлемдерден жасалған күрделі салалас құрмалас сөйлем құрылымдарында нүктелі үтір қойылады:

Ауыр аптап ыстық ауа мүлгіп тұр; ыстық өтіп күнсіген бетін ынтыға самал іздегендей, бірақ жел лебі білінер емес; қарауытқан көкшіл аспаннан төгілген күн нұры күйдіріп барады; өзеннің арғы бетінде, қарсы алдымыздан сарғайып көлбіп, сұлы егістігі жатыр; әр жеріне аралас жусан шығыпты; бір де бір масағы селт етсейші.

Қазақ тілі оқулықтары мен пунктуациялық әдебиеттерде нүктелі үтір қойылатын синтаксистік құрылымдардың нақты жүйесі жасалып, бір ізге келтірілмеген. Олар әр әдебиетте әр түрлі беріліп жүр.



ІІІ РОМАНДАҒЫ БӨЛУШІ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ

3.1 ОҚШАУ СӨЗДІ СӨЙЛЕМ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНДА ҚОЙЫЛАТЫН БӨЛУШІ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ

Сөйлем құрамындағы сөздер тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелерден және оқшау желіде келген түрлі синтаксистік оралымдардан тұрады. Атап айтқанда, жай сөйлем ішіне оқшау сөздер (қаратпа сөз, қыстырма сөздер мен сөйлемдер, одағай сөз, жоқ, иә сөздері), басыңқы сөйлем ішінде қолданылған бағыныңқы сөйлемдер және төл сөздер жиі кірістіріліп отырады. Жай сөйлем ішіне кірістірілген мұндай синтаксистік категориялар сөйлемнің негізгі мүшелерімен (тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелерімен) тікелей байланыспай, өз алдына сөйлемдегі синтаксистік байланыстың екінші (қосымша) желісін жасайды, жай сөйлемді күрделендіріп, сөйлем ішінде әр түрлі тыныс белгілерінің қолданылуына негіз болады. Аталған синтаксистік категориялардың қатысымен жасалған жай сөйлемдерді күрделенген сөйлемдер деп атасақ, ондай құрылымдарда қойылатын тыныс белгілерін бөлуші тыныс белгілері деп атаймыз.

Сөйлемде жиі қолданылатын синтаксистік категориялардың бір тобына оқшау сөздер (қаратпа сөздер, қыстырма сөздер мен қыстырма сөйлемдер, одағай сөздер және оқшау мәнде жұмсалған жоқ, иә сөздері) жатады. Сөйлем құрамында айтылса да, оның мүшелерімен грамматикалық байланысқа түспейтін сөздерді оқшау сөздер дейміз.

Үтірлердің дара және күрделі болып жұмсалуы оқшау сөздердің сөйлемдегі орын тәртібіне байланысты: оқшау сөз сөйлемнің алдында және соңында келсе, бір жағынан, сөйлем ортасында келсе, екі жағынан да үтірмен бөлінеді. Тура желілі сөйлемнің бір компонентіне қатысты түсіндірмелі сөйлем (немесе дербес мәнді сөздер мен сөз тіркестері) бөлуші жақша арқылы ерекшеленеді. Мысалы: Жаз жайлайтын жалпақ адырлардың арасында жатқан Қыналы мен Жосалы көлдері (екеуінің де жағалауын қалың қамыс пен қоға көмкерген, мал суаратын арнаулы жері болмаса – су жиегіне жете алмайсың), қырдағы ұзындығы екі шақырым сырт суреті картадағы Каспий теңізінен аумайтын қара сор (бетіне қап-қалың болып тұз қатқан сордың дәл жиегінде тұп-тұщы, мөлдір бұлақ бар), бір кездегі менің жазғы мекенім еді /56-бет/. Шынымды айтсам, биылғы күздей нағыз мазасыз қатерлі кезеңде Абан Қасымбектің жоқтығын білдірмеді, иесіз қалған кішкене шаңыраққа өзі қамқор, өзі ие болып, бар ауыртпалығын арқасына салып алды, тіпті сырт көзге де кішкентай екі баласы бар шағын жорық семьясы болып көрінетінбіз /388-бет/.

Оқшау сөздер үш түрлі болады: 1) қаратпа сөз, 2) қыстырма сөз, 3) одағай сөз.

Сөйлеуші біреудің (тыңдаушының) назарын аудару үшін оның атын атайды немесе үлкенді-кішілігіне, лауазым-атағына лайық сөздерді қолданады. Ол сөздерді қаратпа сөз дейміз. Т. Ахтанов «Шырағың сөнбесін» романында оқшау сөздерді көп қолданады. Қаратпа сөз көбінесе кісі есімінен, адамға қатысты сөздерден болады. Ол сөз тіркесі түрінде де, бірнеше сөздің бірыңғайласуы арқылы да беріледі. Мысалы, Есіңізде болсын, Еділбаев, бұл біздің үлкен кемшілігіміз /335-бет/.

1. Қаратпа сөз сөйлемнің басында тұрса, одан кейін не үтір, не леп белгілері қойылады. Мысалы, Қарғам, кішкентайым, лағым, қорықпа! Қалқам-ай, аяқ жетпес алысқа кеттің ғой.../219-бет/

2. Қаратпа сөз сөйлемнің ортасында тұрса, екі жағынан, соңында тұрса, алдынан үтір қойылады. Мысалы, Көңіліңді бас, Надя, мұның не соншама! Көңіліңді бас! /198-бет/ Жеті қараңғы түнде қайда барасыз, қонып кетпейсіз бе, Степан Петрович /197-бет/.

Сөйлемде негізгі айтылған ойға сөйлеушінің көзқарасын білдіретін оқшау сөз болады. Мысалы, Ұзынша сопақ беті төрт бұрышты, терең әжім тіліп өткен бет бедерінің де қыры сынбаған, толыспаған тарамыс тұлғасы да қатаң – қысқасы, бір қарағанда түрі кісіге түрпідей тиетін адам екен /152-бет/. Бұл сөйлемде қысқасы деген сөз айтылған ойға сөйлеушінің сенімін білдіріп тұр. Сөйлемде айтылған ойға сөйлеушінің түрліше көзқарасын білдіретін оқшау сөзді қыстырма сөз дейміз. Мағынасына қарай қыстырма сөздер бірнеше топқа бөлінеді.

1) кейбір қыстырма сөздер қуанышты, ренішті, аяушылықты, өкінішті білдіреді. Мысалы, Амал қанша, бағыт бір болғанымен, осындай жол айрықтары ұшырасып отырады. Абырой бергенде, Света екеуіміз ебін тауып қызыл вагонның ірге жағына өтіп алғанбыз /54-бет/.

2) кейбір қыстырма сөздер сенушілікті, мақұлдауды, мойындауды білдіреді. Мысалы, Рас, түр-түсін көрмесем де маған осы адам таныс сияқты /162-бет/.

3) кейбір қыстырма сөздер ойдың шамамен ғана не сенер-сенбестікпен айтылғанын білдіреді. Мысалы, Байқаймын, манағы күндіз келген осы болар, сыртынан көргенімде ірі денелі кісі еді, мынаның даусы да тура үйдің төбесінің астынан, биіктен естіледі /160-бет/. Бәлкім, жолдағы бір үйге бұрылар, не өтіп кетер /159-бет/. Мүмкін, осының бәрі жазмыш шығар /158-бет/.

4) кейбір қыстырма сөздер айтылған ойдың кімнен, қайдан шыққанын көрсетеді. Мысалы, Меніңше, кейде үндемеген де жақсылық /143-бет/. Сіздіңше, бір оттан құтылып, өртке тап болып, алдымда қандай пәле тұрғанын білмейді дейсіз бе? /136-бет/

5) кейбір қыстырма сөздер бір ойдың алдыңғы жақта айтылған оймен байланысын қорыту ретінде айтылады. Мысалы, Буыным қалтыраса да өттім, әйтеуір /142-бет/.

3. Сөйлемдегі айтылған ойға байланысты сөйлеушінің түрліше көңіл-күйін білдіретін сөздерді одағай дейміз. Одағай сөз сөйлем басында келіп, жай көтеріңкі айтылып тұрса, соңынан үтір қойылады. Мысалы: Астапыр-аллау, осы күрсініс жанымды жай тапқызды; қасіретті қасірет жуады екен ғой /206-бет/. Апыр-ай бір қайырылып қараса екен /199-бет/.

Егер одағай сөз аса көтеріңкі дауыспен айтылса, одағайдан кейін леп белгісі қойылады. Мысалы: Ойбай! Ойбай! Воздух! Воздух! Жау самолеті! Жау самолеті! /89-бет/.

Романда одағайдың тыныс белгісі грамматикалық ережелерге сай қолданылған. Ол ереже: а) одағай сөйлем басында келгенде, одан кейін үтір не леп белгісін қой. Мысалы: Япыр-ай, Раечка, сен қайтер екенсің? /47-бет/. Түһ, сен де.../34-бет/ ә) одағай сөйлем ортасында келсе, екі жағынан үтірмен оқшауланады. Мысалы: Солдат күйеу, әй, бері кел /40-бет/. б) одағай сөйлем аяғында келсе, алдынан үтір қойылады. Мысалы: Ол Қадырбай шалдың сарықарын боп қалған тоқалына да қол салыпты дейді, ойбау-ай, бетім-ау /32-бет/.

3.2 СӨЙЛЕМДЕГІ ЖАЛПЫЛАУЫШ СӨЗДЕРДІҢ ТЫНЫС БЕЛГІСІ

Романда бөлуші қызмет атқаратын тыныс белгілері бірыңғай мүшемен байланысқан – жалпылауыш сөздермен , екіншісі – жалпылауыш сөздерден басқа грамматикалық тұлғаларда қолданылады. Жалпылауыш сөздерден басқа бірыңғай мүшелерді жинақтаушы грамматикалық тұлғалар сөйлемнің тура желісін өзгертпейді. Мұндай жағдайда бірыңғай сөздер сөйлемде бірыңғай мүшелер болып қызмет атқарады. Ал сөйлемдегі бірыңғай мүшелерді жинақтаушы жалпылауыш сөздер сөйлемнің тура желісінде жұмсалып, бірыңғай мүшелерді екінші желіге ығыстырады.

Бірыңғай мүшелермен қызметтес, тұлғалас болып, оларға ортақ жинақтау мәнін білдіретін сөзді жалпылауыш сөз дейміз. Жалпылауыш сөз сілтеу (мыналар), жалпылау (бәрі, баршасы, барлығы) есімдіктерінен, жинақтау сан есімінен (екеуі, үшеуі, т.б.) және зат есімнен болады. Мысалы: Жұрт тарай бастағанда Айдынғали, Жақсылық, Михаил – үшеуі оңаша қалған еді.

Жалпылауыш сөздің орын тәртібіне қарай бірыңғай мүшелермен байланысын мынадай екі түрде көрсетуге болады:

1. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшеден бұрын қолданылады;

2. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден кейін қолданылады.

Қазақ тіліндегі жалпылауыш сөз сөйлем құрамындағы түрлі мүшелерді айқындап, онымен қабаттаса қолданылуға тым икем синтаксистік категория болып табылады. Сондықтан бұлардың қатысымен түзілетін сөйлем құрылымдарының түр-түрі өте көп болуы ықтимал. Осындай категориялардың бірі – сөйлем басында келген бірыңғай мүшелерден жасалған құрылымның қазақ тілінде өнімді қолданылатын негізгі үш түрін сөз етуге болады:

Біріншісі – жалпылау есімдігіне қатысты бірыңғай мүшелерден. Мұндай сөйлем құрылымдарындағы компонент зат есім немесе субстантивтенген есім сөздерден жасалған бірыңғай сөздерден түзіледі; ал жалпылауыш компонент тәуелденген жалпылау есімдігінен жасалады. Мысалы: Еден жуатын шүберек, шелек, сыпырғыш – бәрі бір бұрышта, шамасы, үйді осыларға даярлап жақында ғана жудырып шықса керек /137-бет/.

Екіншісі – жинақтық сан есімге қатысты бірыңғай мүшелермен байланысқан жалпылауыш мүше. Мұндай сөйлем құрылымдарындағы айқындаушы компонент бірыңғай жұмсалған жіктеу есімдіктерінен, кісі аттарын білдіретін жалқы есімдердің санамалануынан немесе олардың аралас қолданылуынан жасалады; ал айқындалушы компонент тәуелденген жинақтық сан есімнен болады. Мысалы: Мен, сен, Қасымбек – үшеуіміз бір үйде тұра аламыз /43-бет/. Ираида Ивановнаның күйеуі, Николай және Қасымбек – үшеуі жиналыстан соң орталыққа аттанды /47-бет/.

Үшіншісі – қысқасы, бір сөзбен айтқанда, не керек, әйтеуір сияқты жинақтаушы қыстырма сөздердің қатысымен жұмсалған есім сөздерден болатын жалпылауыш сөзге қатысты бірыңғай мүшелерден жасалған сөйлем құрылымдары да кездеседі. Мысалы: Мәдениет сарайына жұмысшы жастар, студенттер, оқушылар – бір сөзбен айтқанда, кілең жастар жиналды. Кілең әйелдер айқайлап, шабалаңдап, тұс-тұстан бажылдап – қысқасы, күзетшінің бес тиынға керегі жоқ екен /73-бет/.

Бұл шығармада жалпылауыш сөздердің тыныс белгілері мынадай жағдайда қойылған:

1. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшеден бұрын тұрса, соңынан қос нүкте қойылады. Мысалы: Сырт кескінінде «мен мұндалап» көзге түсер ешнәрсе жоқ: орта бойлы, кеуделі, толықша денелі, кішілеу қайқы тұмсық, аққұба әйел /73-бет/. Менің бір байқағаным, үлкен станцияларда абыр-сабыр, аласапыран: артынып-тартынып, чемодан, түйіншегін арқаланып, жанығып жүрген халық /80-бет/.

2. Бірыңғай мүшелердің алдында жалпылауыш сөз тұрып, соңында сөйлемнің басқа мүшелері келсе, бірыңғай мүшелерден бұрын қос нүкте, олардан кейін сызықша қойылады. Мысалы: Емшектегі баласы бар екі келіншек: Наташа мен Валя – тіпті олақ екен /107-бет/. Сонау, көз ұшындағы көкжиекке дейін жердің беті: қарайған дүние, қыбырлаған мал – ап-анық мөлдіреп тұрады /131-бет/.

3. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден кейін келсе, оның алдына сызықша қойылады. Мысалы: Тұла бойым тітіркеніп, тісім тісіме тимей дірдек қағам, үрей мен аяз – бәрі бүгін айрықша /144-бет/. Ұзынша сопақ беті төрт бұрышты, терең әжім тіліп өткен бет бедерінің қыры сынбаған, толыспаған тарамыс тұлғасы қатаң – барлығы бір қарағанда, түрі кісіге түрпідей тиетін адам екен /152-бет/.

Аталған сөйлем құрылымдарындағы айқындалушы мүше зат есім немесе зат есім мағынасында жұмсалған есімдерден болған жалпылауыш сөзден жасалады да, айқындаушы мүше өзара тұлғалас, дәрежелес бірыңғай есім сөздерден түзіледі. Мысалы: Мал басы кеткесін, Қамқа әжемнің, қайтыс болған шешемнің бұйымдарын: сақина, білезік, сырға, шашбау, шолпы – күмістен болған соң өткізіп, соған берген азын-аулақ азықты қорек етіп келіп едік, енді о да таусылды /174-бет/. Кей үйде тіпті екеуден: Құдайдың өз суреті, баласын кеудесіне қысып тұрған құдайдың шешесі Мариям ананың суреті – икона қалыпты /185-бет/.



3.3 СӨЙЛЕМ ҚҰРЫЛЫМЫНДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӨЗГЕ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ
Әрбір тыныс белгісі - әр сөздің, әрбір сөйлемнің мағыналарын дәлелдеп, дұрыс түсіндіруші шартты белгі. Олай болса, аяқталған ойды білдіретін тілдің бір бүтін бөлшегі сөйлем болса, ол бір сөзден де, бірнеше сөзден де құралады. Сөйлем арқылы адам өзінің айтайын деген ойын, пікірін екінші біреуге ауызша не жазбаша түрде жеткізеді. Сөйлем сазына қарай қойылатын тыныс белгілері сөйлемдегі айтылатын оймен тығыз байланысты болады. Осындай тыныс белгілерінің қатарына жататындар сөйлем аяғында қойылатын нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі, көп нүкте және сөйлем ішінде құрылымы ерекше, түсіндірмелі сипатта қолданылатын сөйлем желісі келетін жағдайда жақша және тырнақша, төменде романда кездесетін осы аталған тыныс белгілеріне тоқталамыз.

Әжесі әуелде көп-көп ертегілер айтқан: «Жұпар қорығы», «Құламерген» - бәрі де айтылып еді (М.Ә.). Бұл мысалда қос нүкте, тырнақша, үтір, сызықша және нүкте сияқты тыныс белгілері қатысып тұр. Мұндағы қос нүкте сөйлемнің құрмалас екендігін және олардың өзара іліктес қарым-қатынаста тұрғандығын көрсетеді; тырнақша ертегілердің атауы екендігін білдіреді, үтір ол сөздердің бірыңғай мүше түрінде айтылғандығын, сызықша бірыңғай мүшелерге ортақ жалпылауыш сөз бар екендігін, нүкте сөйлемнің тиянақтылығын әрі хабарлау мәнінде айтылғанын аңғартады.

Осы сөйлемнің соңында автордың фамилиясы мен атының бас әріптері жақшаға алынып, әрқайсысынан кейін нүкте қойылған. Мұндағы нүкте кісі атының қысқартылып алынғанын аңғартса, жақша сол сөйлемнің кімге тән екендігін (авторын) ескертуді білдіреді. Ауызекі сөйлеуде кідіріс жасаған жерлердің бәрінде тыныс белгісі қойыла бермейді. Жұпыны үйдің аз ғана жиһаз мүлкі маған атам заманнан тұтынып келе жатқан дүниелігім тәрізді әбден үйреншікті болып кетті /184-бет/. Бұл сөйлемнің екі жерінде кідіріс жасалса да, ешбір тыныс белгісі қойылмайды. Оынң себебі; бұл – бір ғана жай сөйлем, құрамындағы сөздер өзара байланысып, ешбір тыныс белгісімен бөлуді қажет етпей тұр. Егер үзіліс жасаған жерлерге тыныс белгісін қоя берсек, сөз бен сөздің арасындағы грамматикалық байланысты орынсыз үзген болар едік.

Көп нүкте (...) мағынаға байланысты қойылатын тыныс белгісі. Көп нүкте түрлі себептермен ойдың аяқталмай қалғандығын білдіреді. Атап айтқанда:

1. Бір нәрсе жөнінде айтайын деген пікір, ұмытылып қалғандықтан, оны үзілді-кесілді еске түсіруде көп нүкте қойылады. Мысалы:Әсіресе жаңағы бір таныс дауыс... Жоқ, Қасымбектің даусы... Жоқ /223-бет/

2. Айтылып келе жатқан кейбір пікірлерді айтып жатудың артық екендігін білдіру үшін қойылады. Мысалы: Екі еркектің алдында ұялу, қысылу ... жоқ, ол туралы тіпті ойлағаным жоқ /264-бет/.

3. Кездейсоқ болған іске таңдануды, сүйсінуді, назалануды көрсетеді. Мысалы: Әлі де алмағаны бар шығар бұл жауыздың.../375-бет/ Енді... несі бар, енді ... мұндайда ... топырақтары торқа болсын /254-бет/

4. Үзіндінің түгел алынбағандығын білдіреді. Мысалы: Мен де жоқ болам... Жоқ болам... Осы ой тұла бойымды мұздатып барады.../239-бет/ Сонша жерден ауылға жалаңаш қайтқаным... чемоданымның бір бұрышы бықсып жанып жатыр /97-бет/.

Көп нүкте кей жағдайда сөйлем басында келеді. Ол айтылмақшы ойдың алдында жасырын бір ойдың барын көрсетеді. Мысалы: ...Усачев дегеннің даусын естігенім болмаса, түр-түсін көре де алмай қалдым /170-бет/. ... «Адам деген қызық нәрсе ғой, кейде түсінбейсің» деп бастап еді ол /378-бет/.

Көп нүкте саны (...) үш нүктеден аспауы керек. Сөйлем хабарлау интонациясымен айтылса, көп нүктенің өзі, сұраулық интонациямен айтылса, сұрау және көп нүкте (?..), лептік интонациямен айтылса, леп белгісі мен көп нүкте (!..) қойылады. Басыңды оққа байлау?.. /376-бет/ Аман келгеніне қуанам!.. /372-бет/ Ешбір есепке келмейтін, есесі толмайтын адамның жанын да мына соғыс қарапайым, қатал есепке салып қойғаны ма?.. /373-бет/ Үзілген... Әрине үзілген!.. /369-бет/

Сұрау белгісі сұрау мәнді айтылған сөйлем құрылымында қойылады. Сұраулы сөйлемнің өзіне тән интонациясы болады: бас жағы көтеріңкі айтылып, соңғы жағы онша бәсеңдемей, көтеріңкі қалыппен тынады. Мысалы: Іштен шыққан сәбиіне іркіп қалған мейірі, сарқып бере алмаған махаббаты ана мойнында өтелмес парыз болып кететінін сезді ме екен сонда? /367-бет/

Леп белгісі лепті және бұйрықты сөйлемдерден соң қойылдады. Лепті сөйлемді айтқанда, дауыс ырғағы сөйлем соңында көтеріңкі қалыпта болады. Лепті сөйлемнің құрамында көбінесе одағай сөздер, күшейткіш мәнді сөздер, демеулік шылаулар және басқа да күшейткіш мәнді сөздер болады. Мысалы: Ол халықтың адал ұлы! Сендей сатқынның баласы емес! /333-бет/ Сөйлемде белгілі бір сөздің орынсыз айтылғанына немесе оған кекесінмен қарағандығын білдіреді; бұл да сол сөзден не сөз тіркесінен кейін жақша ішіне алады.

Тырнақша синтаксистік құрылым мен жеке сөздерді немесе сөз тіркестерін атап, мағынасын анықтап тұрған жағдайда қойылады. Біреудің айтқанын жеке-жеке сөздер, сөйлемдер тырнақшамен жазылады. Мысалы: Екі Мусяны шатастырып алмас үшін, жұрт бұл келіншектің атын «Күлегеш Муся» қойған-ды /17-бет/. Мұндағы орыс әйелдері менің Нәзира атымды «Надяға» айналдырып алған /18-бет/.

Диалог емес төл сөз тырнақшаға алынады. Мысалы: Тек «мен Борядан ұзынмын, мен мұнда тұрам» деп, араларына басқа бала кіріп кетсе, оған көнбейді /20-бет/. Өңі жайдары, сондай көңілді, «оу, ерте тұрыпсыңдар ғой» деп келе жатып, менің кетуге оңтайланып тұрғанымды байқап: «қой, таң атпай қайда барасың, қазір завтрак ішеміз, отыр» деп құшақтап алып екі бетімнен кезек сүйді /25-бет/. «Үрпиіп» дейтінім, қараңғы болса да, оның дауысынан үрпие қарағанын сездім /43-бет/.

Шығарма, өлең, т.б. қойылған аттар тырнақшаға алынады. Мысалы: «Смуглянканы» қосылып айта бастадық /205-бет/.

Ойын, әдет-салт аттары тырнақшаға алынады. Мысалы: Қамқа әжем бізге «ақ сүйек» ойынын ойнатқанды ұнататын /288-бет/. Боря, Боря, таптым, «Сүзеген ешкіні» ойнайық /81-бет/.

Объект етіп алынған жеке сөйлемдер, сөздер не сөз тізбектері, әріптер, буындар тырнақшаға алынады. Мысалы: «Жеңіс» деген менің шұрқ-шұрқ тесік қалқансыз, осал әйел жүрегіммен емес «қабырғасын қақыратып сөксе де» қайыспайтын Носовец сияқты мықтылардың шіміркпейтін болат жүрегімен жасалатын нәрсе болар /385-бет/.

Белгілі бір ұйым атаулары да тырнақшаға алынып жазылған. Мысалы: «Өжет топтың» ісін үлгі етіп, өзгелерге көлденең тартып отырады /368-бет/.

Шығарма ішінде алынған біреудің айтқан сөзі тынрақшаға ажыратылып жазылады. Мысалы: «Енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деп қақпайлап айтатын Қамқа әжем /364-бет/.

Төл сөз диалог ретінде келсе, әр адамның сөзі тырнақшаға алынып жазылады. Мысалы: Қасымбек : «Отағасы, обоз да соғыс» деп тыйып тастаған, «Әрине, обозсыз соғыс болмайды ғой... Бірақ баламның кегін өз қолыммен қайтарсам деп едім» - деп шал қинала тұрып тәртіпке бағынған /352-бет/.

Сөздің астарлы, кекесін, қалжың мәнінде айтылғандығын білдіретін сөйлем құрылымында тырнақша қойылады. Мысалы: Сақал-шашы мамықтай аппақ, жұрт оны «Кузьмич» десе де, мен өзімше «Ақшұнақ шал» деп атап кеткем /352-бет/.

Жақша сөйлем ішіндегі белгілі бір сөздің мағынасын немесе ойға қатысты басқа бір ойды жол-жөнекей түсіндірген жағдайда қойылады. Мысалы: Осыдан Николай тірі қалса, ертең тағы бір әйел алар да (бұл соғыстан кейін әйел жағы тапшы болмас), дызылдаған намысы басылар /346-бет/. Ренжісетін еш нәрсе болған жоқ, бірақ енді, ұрысқақ әйелге сылтау жоқ жерден-ақ табылады ғой («Есіктің алдын күнде қоқытасың, ылғи мен сыпырам ба?», «Жолға суды төккен?», «Самаурынның шоғын өшірмей төгіпсің, үйімізді өртемексің бе?») /11-бет/.


    1. ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІНІҢ ҚАБАТТАСА ҚОЛДАНЫЛУЫ

«Шырағың сөнбесін» романында тыныс белгілерінің қабаттаса қолданылуы да көптеп кездеседі.

Әрбір тыныс белгісінің өзіне лайық қызметі бар, соған орай олардың да белгілі орындары болады. Тыныс белгілерін қалай болса солай қабаттастырып қоя беруге болмайды. Сондықтан тыныс белгілерінің қабаттасып келетін орындары туралы мынаны білген жөн:

1. Бір сөйлемде кейде екі жақша да қабаттасып келеді. Мысалы: Бір жігітпен екі рет сөйлесіп тұрғаныңды көрсе (обалына не керек, біріншісіне онша мән бермейді) сөзге ілігіп жүре бересің (ал менболсам Қасымбекпен талай кезедстім) /35-бет/.

2. Кейде сызықша қойылуға тиісті жерге сұрау, леп белгісі, көп нүкте, нүкте, үтір қойылуға тиіс болса, сызықша да олармен бірге қабаттасып қойыла береді. Сызықша осы белгілерден соң ғана қойылады. Мысалы: Қасымбек мырс етіп күліп жіберді: - О-ой, ол кісі қатал кісі,- деп маған қарай аударылып түстім. –Сен оның жүрердегі маған айтқан сөзін білесің бе? /40-бет/ шынымды айтсам, тура генералдың алдында тұрғаннан бетер қысылдым,- деп Қасымбек кішкене күліп алды. – «Сенің өзің шайма жігіт емес пе едің?» дегені, бетіме тіке қарап /40-бет/.

Тырнақша сұрау белгісімен, нүктемен, леп белгісімен, көп нүктемен, үтірмен қабаттасып қолданыла береді. Ал сызықша төл сөзге қатысты болмаса, тырнақша сыртына қойылады. Мысалы: Қамқа әжем елпілдеп көрген жоқ, ең ықыласы түсіп кеткенде басымнан иіскеп «бара ғой, қалқам» - деп қоя беретін /41-бет/.

Жеке сөздер бірыңғай мағынада әрқайсысы тырнақшаға алынып жазылса, бүтін сөйлемнің құрылысына қарай басқа тыныс белгілері тырнақшадан соң қойылады. Мысалы: «Қашан жетеміз!», «Қашан жетеміз» - деп қайта-қайта менің екі көзім сол жақта, кенет құлағыма алыстан талып шыққан гүріл естілді /49-бет/.

3. Тырнақша алдына қойылған сұрау, леп, я көп нүкте, қос нүкте сияқты тыныс белгілері тырнақшаның жабылатын екінші сыңары соңынан қойылмайды, тырнақшаның алдыңғы сыңарының алдынан ғана қойылады. Мысалы: Бойымды мұздатып, адам шошығандай жаман бір нәрсе келе жатты. «Апа... Апам жоқ... Апатайым...» /78-бет/ «Не істейміз, а? Не істейміз?» - дейді дәрменсіз кескінмен /99-бет/.

4. Сөйлем мен сөйлемнің, не сөйлем мүшелерінің арасында жақша тұрса, жақшаның алдыңғы сыңарынан соң қойылуға тиісті үтір ол жерге қойылмайды, ол жақшаның екінші сыңарының сыртынан қойылады. Мысалы: Жаз жайлайтын жалпақ адырлардың арасында жатқан Қыналы мен Жосалы көлдері (екеуінің де жағалауын қалың қамыс пен қоға көмкерген, мал суаратын арнаулы жері болмаса – су жиегіне жете алмайсың), қырдағы ұзындығы екі шақырым сырт суреті картадағы Каспий теңізінен аумайтын қара сор (бетіне қап-қалың боп тұз қатқан сордың дәл жиегінде тұп-тұщы, мөлдір бұлақ бар), бір кездегі менің жазғы мекенім еді /56-бет/.

5. Нүкте, сұрау белгісі, леп белгісі, көп нүктелер жақшаның алдыңғы сыңары алдынан қойыла береді. Мысалы: Міне қызық. (Қолына ұстап тұрған бұйрықтың көшірмесіне қарайды). Шынымен де сонда апарып берем бе? /46-бет/.

6. Жақша ішінде тырнақшаға алынған лепті, сұраулы, хабарлы сөйлем болады. Егер ол сөйлем лепті болса, леп белгісі тынрақшаның соңғы сыңарынан бұрын қойылады, мұндай жағдайда сұраулы сөйлемнің тыныс белгісі де осылай қойылады. Мысалы: Ол немістердің кейпін, тұлғасын анықтап байқай алмады («ол жұрттың қимыл, тұлғасын керемет аңдағыш!»)

7. Үтір мен тырнақша да қабаттасып келе береді. Мысалы: Зәрем ұшып, сол толғақтың қайтып оралуынан қорқам, «Келмесе екен, келмесе екен, кідіре тұрса екен...» - деп тілеймін /263-бет/.

8. Түсіндірмелі бағыныңқы сөйлемдерден соң, үтір қабаттастырылп қойылмайды. Мысалы: Ертең... жақсылық боп... соғыс жеңіспен бітіп... Қасымбек аман келіп... /343-бет/

Тыныс белгілерінің қосымша қызметтері жайында

Үтір кейде салалас құрмалас сөйлемде нүктенің орнына қолданылады. Мысалы: Арқамдағы Светаны қолыма алып құлай беріп едім, самбырлаған дауыстар да естілді, Дулат та келіп бауырыма тығылды /403-бет/. Күннің қызыл шұнақ аяз екенін де сезбесе керек, құлақшынының бауы байлаусыз, дөңгелек келген етті сарғыш беті нарттай /360-бет/.

Салалас құрмалас сөйлемдегі әр жай сөйлемде сұраулық мағына болса, сұраулық белгісінің орнына үтір қойылып, сұрау белгісі сұраулық мағынасы бар сөйлемнен соң қойылады. Мысалы: «Күйеуің бар ма еді, қайда еді, соғыста ма?» - деп бастырмалатып, түп-тұқиянымды қазбалап, мазамды алып барады /409-бет/. Аяқ-қолың аман ба, тамағың тоқ па, киім-кешегің бүтін бе, қолғап тоқып берейін бе?- деп сұрағандай болды /408-бет/.

Үтір кейде оңашаланған мүшені бөлуде сызықшаның орнына қолданылады. Мысалы: Ол – менімен бір класта оқитын баланың – Қуантайдың, әкесі Төлеген /194-бет/. Жақын жерде, жолдың сол жағында – көгалды бұлақ басында, жеті-сегіз үйлі қоңырқай ауыл отыр екен /104-бет/.

Сызықша кейде оңашаланған мүшені бөлуде жақшаның орнына қолданылады. Мысалы: Ол қазір мүшкіл халімді алдыма көлденең тосып, еріксіз ертеңгі күнімді – болашағымды - ойлатады /156-бет/.

Нүктелі үтір кейде баяндауыштары бір тұлғада келген сөйлемдер арасында нүктенің орнына жүреді. Мысалы: Полицайлардың да ұзын санының қанша болғанын білмеймін; Дуня апайдың үйіне жиналып арақ ішкендері бесеу ме еді, алтау ма еді, онысын да анық аңғармаппын; жалғыз аты-жөнін білетін «ескі танысым» Усачев /278-бет/.

Қос нүкте де құрмалас сөйлемнің алдыңғы сыңарының маығнасын соңғысы анықтап түрса, соңғысы алдыңғысын толықтырып, нақтылап тұрған жағдайда қойылады. Мысалы: Бұл жігітті таныдым: анады, қысты күні немістер осындай бір қапылыста тиіскенде мені ат шанамен алып қашатын қайқы тұмсық ақ сары жігіт, кейін талай кездесіп, көріп жүрдім: есімі Саша болатын /318-бет/.

Бір сөйлемде әрі лептік, әрі сұраулық мағына болса, сұрау белгісі мен леп белгісі қабат қойылады. Сөйлемнің сұраулық мағынасы басым болса, онда әуелі сұрау белгісі қойылады. Егер сөйлемде лептік маығна басым болса, алдымен леп белгісі, одан соң сұрау белгісі қойылады. Мысалы: Айтпақшы, Қасымбек осында деген жоқ па еді?! /263-бет/. Кісі өлтірген ел емес пе, Наймандарда Тобықтыға қарайтын не бет болсын!? /246-бет/.

Шығармада төл сөз бен автор сөзі де қолданылған, оның интонациясы мен тыныс белгілеріне тоқталайық. Ауызекі сөйлегенде, төл сөз бен автор сөзі бір-бірінен интонация арқылы да ажыратылады. Төл сөзді сөйлем хабарлы да, сұраулы да, лепті де болып, әрқайсысы өзіне лайықты интонациямен айтылса, автор сөзі түріндегі сөйлем әрқашан хабарлау интонациясымен айтылады; сонымен қатар бұлардың арасындағы екінші бір айырмашылық – төл сөз тұтас алғанда автор сөзінен көтеріңкі дауыспен айтылып ерекшеленеді. Мысалы: Ол әдетінше айтам деген жаңалығы кеудесіне сыймай, мойнымнан құшақтап алып: -Қыз-ау, сен әлгі демалысқа келген кәмендірді көрдің бе?- деді /33-бет/.

Төл сөз бен автор сөзі қалай орналасса да, олардың жігінде әрқашан кідіріс болып отырады. Жазуда төл сөз автор сөзінен белгілі бір тыныс белгілері арқылы бөлінеді. Төл сөзге байланысты қойылатын тыныс беліглерін ішінара екі топқа бөлуге болады: а) төл сөздің интонациясына байланысты қойылатын тыныс белгілері; ә) төл сөзді автор сөзінен айыратын тыныс белгілері. Алғашқы топқа төл сөзді сөйлемнен кейін қойылатын үтір, сұрау, леп және көп нүкте сияқты белгілері жатады да, соңғы топқа қос нүкте, тырнақша, сызықша жатады. Мұнымен қатар, кейбір тыныс белгілері – мәселен, үтір, нүкте, қос нүкте – автор сөзіне байланысты қосалқы қызмет атқарады.

Төл сөз бірде тырнақшаға алынса, екінші бір жағдайда диалог ретімен жазылып, алдына сызықша қойылады. Қазіргі жазу практикасында біреудің ақиқат айтқан нағыз төл сөзі көбінесе диалог ретімен сызықша арқылы беріліп жүр де, «ішкі төл сөз», ойлаған ойы түріндегі төл сөз, айтылуға тиісті болып, сыртқа шықпаған төл сөз және «жалған» деп аталатын төл сөз тырнақшаға алынады.

Төл сөздің тыныс белгілері орын тәртібіне қарай топтағанда, мына түрде болады, яғни төл сөз – автор сөзі. Мысалы:

-Қыздар командир болмайды, - дейді ол.

–Жоқ, мен болам, - деп балалар тағы да жамырай шулап кетеді /21-бет/.



Автор сөзі – төл сөз – автор сөзі. Мысалы:

Оның әйелімен ақылдасқысы келгені, менен күткен сұрағы да осы еді, соны айтқызып алған соң, өп-өтірік: - Ойбай-ау, мен оны ойламаппын-ау. Бәсе, не апарсақ екен?- деді /10-бет/. Содан кейін жайнамазын бүктеп қолтығына қысып, тостағанды маған ұстатты да: -Жүре ғой, балақайым, апаңның басына барып келейік, - деді /45-бет/.



Төл сөз – автор сөзі – төл сөз. Мысалы:

-Я, десейші, жап-жақын жерде тұрып, қанша уақыттан бері бір бара алмап едік, - деп Қасымбек менің сөзімді іліп әкетті. – Енді міне, сәті де келді /10-бет/. –Апырай-ай-ә, - деді абан қинала қипақтап, - қолдан келер көмегім болмай тұр-ау сізге /100-бет/.

Диалогқа құрылған сөйлем құрылымы да көптеп кездеседі. Кейіпкерлердің арасында болған әңгіме, қарым-қатынас, пікір алмасу, т.б.

Мысалы:


-Ол станцияда поезд болмаса қайтеміз?

-Келесі станцияға барамыз.

-Сонда немене, солай жаяу жүре береміз бе?

-Жүрмегенде не істейсің? Немісті тосып алайын деп пе едің? /106-бет/


ҚОРЫТЫНДЫ


Тыныс белгілерін дұрыс қоя білу – сауаттылықты арттырады, әрі синтаксисті жете меңгеруге көмектеседі. Тіліміздегі сөздер синтаксистік қызмет атқару үшін, сан алуан байланысқа түседі. Тыныс белгілерін дұрыс қолданудың негізгі жолдарын, сөйлемнің синтаксистік ерекшелігін және сөйлемдегі кейбір сөздердің мағынасын, сөйлемнің интонациясын жете меңгеру үшін, біріншіден, қандай грамматикалық заңдылықтарға байланысты қандай тыныс белгілерінің қойылатындығы және соған байланысты ережелерді, екіншіден, қандай тыныс белгілерінің мағынаға байланысты қойылатындығын, үшіншіден, қандай тыныс белгілерінің интонацияға ғана негізделетінін білу қажет.

Жұмыста сөйлемдерді талдар алдында тыныс белгілеріне қатысты осы теориялық мәселелер сөз болады. Содан кейін теориялық ережелеріне сай Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» шығармасындағы сөйлем құрылымында тыныс белгілердің қолданысы, ерекшелігіне тоқталдым.

Қазақ пунктуациясының алдында тұрған бір міндет – жеке ақын-жазушыларымыздың пунктуацияларын зерттеу.

Бұл міндеттің бірі - жоғарыда талданып отырған роман. Романда кездесетін тыныс белгілердің қолданысын талдау барысында мынадай мәселелер қаралды:


  • Романдағы ажыратушы тыныс белгілердің қолданысы;

  • Романдағы бөлуші тыныс белгілердің қолданысы;

  • Оқшау сөзді сөйлем құрылымдарында қойылатын бөлуші тыныс белгілері ;

  • Сөйлемдегі жалпылауыш сөздердің тыныс белгісі;

  • Сөйлем құрылымында қолданылатын өзге тыныс белгілері;

  • Тыныс белгілерінің қабаттасып қолданылуы.

Зерттеу жұмысымыздың нәтижесі бойынша мынадай қорытынды-тұжырымдама жасауға болады: аталмыш романда сөйлемге қатысты жұмсалатын әрбір тыныс белгісі оның мағынасына да, синтаксистік құрылымына да, интонациясына да негізделетіні анықталды. Сөйлем мағынасы сөздер арқылы да, грамматикалық тұлғалар арқылы да, интонация арқылы да беріледі.

Сонымен, «Шырағың сөнбесін» романында тыныс белгілерінің барлық түрі қолданылады және әрқайсысының ойды білдірудегі қызметі ерекше. Оны берілген мысалдардан көре аламыз. Шығармада үтірдің бірыңғай мүшелердің арасына қойылуы, оңғашаланған айқындауыштарда қойылуы, оқшау сөздердің орын тәртібіне қарай бірде бір жағынан, кейдеғ егер сөйлемнің ортасында тұрса, екі жағынан қойылатыны көрсетілді.

Шығармада сызықша бірнеше жағдайда қойылады, мәселен, бастауыштан кейін, оңашаланған мүшенің алдынан не екі жағынан қойылады, жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден кейін орналасса, оның алдынан келетін ережелер бойынша жазылған сөйлем құрылымдары да мысалдармен дәлелденді.

.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:




  1. Аманжолов С., Әбілқаев А. Қазақ тілі. –Алматы, Мектеп, 1981.

  2. Аманжолов С., Әбілқаев А. Қазақ тілі. –Алматы, Рауан, 1993.

  3. Арғынов Х. Қазақ тілінің методикасы. Синтаксис, пунктуация. -Алматы, Мектеп, 1974.

  4. Ахтанов Т. Шырағың сөнбесін. –Алматы, Жазушы, 1983.

  5. Әуелбаева Ш. Қазақ тілі синтаксисі мен пунктуациясын оқытуға арналған құрылымдық схемалар. –Алматы, Мектеп, 1973.

  6. Әуелбаева Ш. Пунктуацияның қиын мәселелері. –Алматы, Мектеп, 1977.

  7. Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. –Алматы, 1991.

  8. Ғабдулина М.Ғ., Есматова М.Т. Қазақ пунктуациясының теориялық және практикалық мәселелері. –Петропавл, 2007.

  9. Ғабдулина М.Ғ., Есматова М.Т. Қазақ пунктуациясын орта мектепте оқыту. –Петропавл, 1998.

  10. Иванова В.Ф. История и принципы русской пунктуации. –Ленинград, 1965.

  11. Кәтенбаева Б.Ш. Қазақ тілін оқыту /әдістемелік нұсқау/. –Алматы, Мектеп, 1985.

  12. Кәтенбаева Б.Ш. Қазақ тілін оқыту /әдістемелік нұсқау/. –Алматы, Рауан, 1990.

  13. Қараев Ә. Қазақ тілі. –Алматы, Ана тілі, 1993.

  14. Құлмағанбетова Б. Қазақ тілін оқыту методикасы. –Алматы, Мектеп, 1988.

  15. Мұсабекова Ф. Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы. –Алматы, Ана тілі, 1991.

  16. Мұсабекова Ф. Жай сөйлемнің пунктуациясының негіздері. –Алматы, Мектеп, 1973.

  17. Нұрмаханова Ә.Н. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы, Мектеп, 1982.

  18. Оралбаева Н., Абылақов Ә. Қазақ тілі. –Алматы, Ана тілі, 1992.

  19. Оралбаева Н., Әбдіғалиева Т. Практикалық қазақ тілі. –Алматы, Ана тілі, 1993.

  20. Серғалиев М., Айғабылов А. Қазіргі қазақ әдеби тілі. –Алматы, Ана тілі, 1991.

  21. Сыздықова Р. Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш. –Алматы, Мектеп, 1994.

  22. Хасенова Ә., Бектұров Ш. Қазақ тілі оқулығына методикалық нұсқау. –Алматы, Мектеп, 1993.

  23. Ысқақов А., Хасенова Ә. Тыныс белгілері. –Алматы, 1961.

  24. Шапиро А.Б. Основы русской пунктуации. –Москва, 1968.







©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет