Тарих тағылымы



Дата25.04.2016
өлшемі108.73 Kb.

ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

КҮРЕСКЕР

ЗАҢГЕР

(Аса көрнекті қайраткер және ғалым

Мұстафа Шоқайдың туғанына 115 жыл толды)


Жақында Ұлттық кітапханада шетелдік қазақ ғалымы Абдуақап Қараның Қазақстанда жарық көрген “Мұстафа Шоқай. Өмірі. Күресі. Шығармашылығы” атты монографиясын жұртшылықпен таныстыру рәсімі болып өтті.

Түрік тілінен тәржімаланған (аударған Гүлім Шадиева) бұл кітапты репрессияға ұшыраған ұлт зиялылары мұрасын зерттеумен шұғылданатын “Арыс” қорының баспасы шығарған екен.

Автордың бұл ғылыми жұмысы қазақ, орыс, түрік, өзбек және еуропалық тілдердегі мол дерек көздерін, шетелдік мұрағаттардан тың құжаттарды айналымға тұңғыш рет бір еңбекте тартқан ауқымдылығымен ерекшеленеді. Еңбекте тәуелсіз де біртұтас Түркі Елінің туын көтеруші, қорғаушысы әм намыс жыртары, ұлы ұлт көсемі Мұстафа Шоқайдың өз елінде атқарған қоғамдық-саяси жұмыстары, одан эмиграциядағы күресі нақты деректермен өріліп, жаңғыртылған. Жазықсыз жапа шеккен ұлт қайраткерінің өз елінде “халық жауына” айналдырылуы мен халқына қайта оралуына, оның екінші өмірінің басталу, танылу жолына да шолу жасалады. Кітап соңына алғаш рет Мұстафа Шоқай еңбектерінің библиографиясы келтіріліпті: оның ағылшын, француз, орыс, түрік, шағатай (ортақ түркі) тілдерінде жариялаған жеті жүздей мақаласының және жеке басылым болып шыққан кітаптарының тізімі берілген.

Жалпы, түркиялық қазақ бауырымыз, тарих ғылымдарының докторы Абдуақап Қара жазған “Мұстафа Шоқай” монографиясының шоқайтану саласында жасалған ең сүбелі еңбек екенін атап айту ләзім Авторды осы елеулі еңбегімен құттықтай отырып, халықтың Мұстафа сынды асыл да ардақты ұлын жете тануға тырысу жұмыстарының жалғасын таба береріне сенім білдіргіміз келеді. Өйткені оның мұрасы ұшан-теңіз, оны түгел анықтау, ел игілігіне айналдыру, тұңғиығына бойлап, мейлінше зерттеп-білу істеріне әлі талай ұрпақ ынта-жігері мен күш-қуатын сарп етуі мүмкін.

Біз бүгін осы орайда оқырмандар назарына Шоқайдың саясаттағы көзқарасы хақындағы кейбір пайымдауларды ұсынбақпыз.
ХХ ғасырдың 20—40-жылдары шетелде эмиграцияда жүріп қазақтың саяси-құқықтық ойының дамуына өлшеусіз зор үлес қосқан көрнекті тұлға Мұстафа Шоқайұлы Шоқай (Шоқай-оғлы, Шоқаев) болды.

Ол Ташкент гимназиясын үздік бітіріп, Императорлық Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқыды. Оны аяқтағаннан соң, Төртінші Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясында ұйымдастыру бюросының хатшысы болып істеді.

Монархия құлағаннан кейін Түркістан өлкесін ұлттық автономия алуға даярлау жұмыстарына қатысты. 1917 жылғы сәуірде күллі ортаазиялық халықтар арасында беделі зор “Үлкен Түркістан” газетінің шығарушылар алқасына енді, ал маусымда “Бірлік туы” газетінің алғашқы редакторы болды. Осы кезде оның Түркістан тұтастығын сақтауды негіздеген маңызды ойлары баспасөз бетінде жарық көріп жатты.

Мұстафа Шоқай Түркістан мұсылмандары (яғни орыс емес халықтары) құрылтайын өткізуді қолға алған екі саяси ұйымның бірі “Шора-и-исламияны” (“Мұсылмандық кеңесі”) басқарды. (“Улема жамияты” — “Ғұламалар одағының” жетекшісі Серәлі Лапин еді). Құрылтай сайлаған Түркістан мұсылмандарының кеңесі “Милли мәркәзи” (“Ұлттық орталық”) құрамына кірді, оның төрағалығына сайланды.

1917 жылғы қарашаның ортасында Ташкент большевиктері ықпалындағы Жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары кеңестерінің ІІІ-съезінде Түркістан өлкесінің үкіметін құру мәселесі қаралды. Съезде мұсылман қауымының соның алдында өткен ІІІ-съезі атынан сөйлеген Серәлі Лапин өлкеде коалициялық үкімет құрылуы дұрыс болмағын, оның ел ерекшелігіне сәйкес болуын, яғни үкіметтің өлкедегі халықтардың үлес санына қарай құрылуы керектігін дәйектеп, үкімет мүшелерінің көпшілігі негізінен жергілікті халықтар қайраткерлерінің ішінен сайлануы қажет деген ұсыныс-талап қойған-ды.

Алайда большевиктер жергіліктілер (отарлаушылардың тілімен — туземдіктер) “маркстік тұрғыдан жетілмеген” деген желеумен, Түркістан үкіметінің құрамына түркістандықтарды, олардың өкілдерінің көпшілігі түгіл бірлі-жарымын да кіргізуден бастартты. Сонда Мұстафа Шоқай басқарған Ұлттық орталық Қоқан қаласына Түркістан мұсылмандарының Төтенше құрылтайын — ІV съезді шақырды. Бұл — кеңес депутаттары шовинистік билік құрған съезден бір апта өткенде орын алған оқиға еді.

1917 жылғы 22—24 қарашада жұмыс істеген осы ІV-құрылтай Түркістан автономиясын жариялап, автономияның құрылтайшы жиналысқа дейін істеуге тиіс уақытша үкіметін сайлады.

Сыртқы істер министрі Шоқай үкімет атынан Орынборға аттанды. Сонда өткен 2-жалпықазақ съезіне қатысты. Одан оралған соң, Мұхамеджан Тынышбаевтың отставкаға кетуіне байланысты, премьер-министр болып сайланды да, түркістандықтардың автономиясын нығайтуға бағытталған қадау-қадау батыл іс-шараларын қолға алды.

1918 жылғы ақпан айында Үкімет Ташкент большевиктері тарапынан қарулы әскер жасаған қантөгісті шабуылмен құлатылды.

Жаппай қырғыннан әрең аман қалған Мұстафа Шоқайұлы жасырын түрде әуелі Ферғана тауларынан асып, Ташкентке жетеді. Одан, 1 мамырда, әйелі Мария Шоқаймен бірге, жаралы солдат кейпінде, қаладан пойызбен Орынбор бағытына астыртын аттанады. Азамат соғысы ахуалына байланысты кезіккен түрлі қиындықты бастан кешеді. Ақтөбеде пойыздан түсіп, одан арғы жаққа түрлі көлікпен сапар шегеді. 1918 жылғы мамырда құрылған Ойыл уәлаяты үкіметіне келеді.

Жаз соңына қарай Ресейдің Құрылтайшы жиналысы мүшелерінің Самара комитеті шақырған Мемлекеттік мәжіліске қатысты, қыркүйек айында Уфадағы Комуч (Құрылтайшылар Комитеті) отырысында сөз сөйлейді. Директория деп аталған Жалпыресей уақытша үкіметіне мүше болып сайланды.

Бір топ әріптесімен Америка президентіне барып жолығу сапарына шығуға әзір отырғанында, 1918 жылғы 19 қарашада, өзін диктатор деп жариялаған адмирал Колчактың әрекеттерінен кейін, әскерилер оны Директория мүшелерімен бірге тұтқынға алады. Содан барлық үкімет мүшелері мен қызметкерлері пойызбен Челябинскіге әкелінеді. Челябинскіде Шоқай жолдастарымен қамаудан қашып шығады да, сол кезде тәуелсіз республика болып тұрған Грузияға келеді.

Тбилисиде (Тифлис) ол Кавказ мұсылмандары қоғамының жұмысына белсене араласқан. “Вольные горцы” (“Еркін таулықтар”), “На рубеже” (“Өліарада”), “Йени дүния” (“Жаңа дүние”) газеттеріне публицистикалық мақалалар жазып тұрды. 1920 жылы Қызыл Армия Грузияны басып алған соң Түркияға кетті, одан Францияға ауысты. Міне сол жақта оның қазақ саяси ойын дамытқан, жалпы әлем демократиясына ортақ қоғамдық ой-пікір қазанын тасытқан орасан зор саяси және ғылыми-публицистикалық жұмысы басталды.

Ол Париждегі орыс эмиграциясы баспасөзіне [“Дни” (“Күндер”), “Последние новости” (“Соңғы жаңалықтар”) газеттеріне], Батыс Еуропа газет-журналдарына саяси-публицистикалық мақалаларымен атсалысты. Стамбулда 1927—31 жылдары “Йени Түркістан” (“Жаңа Түркістан”), Берлинде 1929—39 жылдары “Яш Туркистан” (“Жас Түркістан”) журналдарын шығарды. Олардың бас редакторы әрі саяси жетекшісі болды.

Бірнеше ғылыми монография жазды.

Қоғамдық-саяси жұмыстардың бел ортасында жүрді. “Кавказ, Түркістан және Украина халықтарының достығы” деп аталатын, шетелде өмір сүруге мәжбүр болған бұрынғы ресейлік эмигранттар ұйымындағы белді қайраткер санатында танылды.

Парижде, Лондонда, Женевада, басқа да батыс орталықтарында өтіп тұрған әр елдегі социалистердің, түрлі реңкті барша демократия өкілдерінің басқосуларында сан-алуан әрі жемісті қызмет атқарды. Үлкен газеттерде оның өз жазғандарымен қатар, дұрысында өз жазғанынан гөрі, әріптестеріне берген мағлұматтары өте жиі жарық көріп жататын. Бүкіл дүние жүзінің аса көрнекті саяси қайраткерлерімен болып жататын барлық ресми кездесулер мен сұқбаттарға қатысу, басылымдардың көрнекті шолушы, тілшілерінің оны жақсы танитындығы, әйгілі түркістандықтың тікелей өзінен түрлі дерек алуға ұмтылатындығы Мұстафа қызметін нәтижелі етіп отырды.

Замандастарының куәлік етуіне қарағанда, Мұстафа Шоқай мәліметтер берерде, өзіне жүктелер асқан зор жауапкершілікті әрдайым терең сезініп отырған. Ол ештеңені асырып айтпаған, қайта, тіпті, деректерді неғұрлым кішірейтіңкіреп ұсынған. Бірақ, олардың дәйектілігі, дәлдігі күмән келтірмейтін, ол әрқашан тиянақтылықтан және адалдықтан айнымайтын.

Ал соның бәрі (әрине, өзінің жарияланымдары, шығарып тұрған журналдары өз алдына бір төбе) Кеңес Одағында жанталаса қарсылық білдірген үлкен шу туғызып жататын. Мәселен, “Ақ гвардия баспасөзінде жарияланып жүрген мәлімсіз емес Шоқаевтың мақалалары” мен кейбір қазақ басылымдары арасындағы “рухани бірлікті” көріп, И.В. Сталин өзінің “қатты шошынғанын” мойындаған-ды (1925). Ол кеңестік баспасөздің “Шоқаевка өз еркінен тыс орасан зор материал беруіне” тыйым салуды көздеді, яғни, идеологиялық іске, баспасөз сынына қатаң бақылау қойылуын талап етті. Олай етпейінше Қазақстанда Кеңес өкіметі емес, “Шоқаевтардың жеңіске жетуінің ақиқатқа айналуы ықтимал” деген қорытындысымен тоталитарлық билік жүйесін идеологиялық тұрғыда нығайту шараларын дәйектеді.

КСРО Орталық Атқару Комитетінің 1928 жылғы желтоқсанда өткен сессиясында Мұстафа Шоқайдың “Түркістанда жасалған кеңестік төңкерістен кейінгі екі жыл ішінде орын алған оқиғалар мен материалдар негізінде”, сол уақыттардағы “дәйексөздер мен материалдарды қиюластыра жинап алып”, шығыстағы кеңес республикалары халықтарының өмірі сүреңсіз, олар “тұйықта, кісі шошырлық жағдайда тұр деген ойға Еуропаның, социалистік қауымдардың қоғамдық пікірін иландыруға тырысуда” деген дабыл қағылды.

Бұл дүрлігіс оның “Кеңестер Орта Азияда” деген кітапшасының француз тілінде Парижде жарық көруіне (1928) орай туған еді. Кітапқа социалистер серкелерінің бірі Пьер Ренодель алғысөз бергенін, оның Түркістандағы большевизм “әкімшілігінің басқару тәсілінің қатыгездігі мен арсыздығы жағынан ескі патша режимінен еш қалыспайтынын” айтқанын, сондай-ақ кеңестік ұлт республикаларын жаңа “отар ретінде қарастыра аламыз” деуін, Шоқайдың осынау еңбегі “қанның, езгі мен надандықтың жантүршігерлік тарихы болып табылады” деген тұжырымын мінбеден күйіне сөз еткен шешен (белгілі большевик-қайраткер Шалва Элиава) “Мұстафа Шоқаев типіндегі адамдар, Ренодель типіндегі адамдар нақты өмірде не болып жатқанын талдауға тиіс емес” деген кесімді пікір білдірді. Өйткені “олар демократияның ескі формулалары жетегінде жүр” деп есептейтінін айтты.

Алайда “демократияның ескі формулалары жетегінде жүрген” Шоқай демократияның жаңа, “кеңестік формуласы” жетегімен әрекет етуші большевиктердің өтіріктерін, олардың қылмысты істерін — уәде мен нақты қадам арасындағы кешіруге болмайтын алшақтықтарды әшкерелеуін жалғастыра береді. Большевиктердің бас көсемі В.И. Лениннің: “Бізді азырақ мақтаса ғой, көбірек зерттесе ғой”, — деген “өсиетін оның шәкірттері мен ізбасарларының бойына тоқымағаны қандай өкінішті” екенін айта отырып, “Түркістан Кеңес билігі астында. Пролетариат диктатурасының мінездемесіне” деген еңбегінде (1935) кеңестік ұлт саясатының даңғаза ұраны мен нақты жүзеге асырылуын тағлымды сарапқа салады.

Коммунистік басқару тәсілінің озбыр отаршылдық сипатын әшкерелеу “Жас Түркістан” журналы беттерінде тұрақты жүргізілді. Мұнда Шоқай өзінің 1917 жылғы екі төңкеріске байланысты саяси оқиғаларға араласуда жинақтаған тәжірибесі мен түйген ой-пікірлерімен қатар, ағымдағы кеңестік тыныс-тіршілікке сол кеңес өкіметінің өз басылымдарындағы жарияланымдар негізінде талдау жасаған мақалаларын, зерттеулерін үзбей жариялап тұрды.

Кеңестік практиканы сараптай келе, Мұстафа Шоқайұлы өзінің ұлттық мемлекеттілік құрудың шарты мен маңызы жайындағы тұжырымдарын қорытып жария етіп отырды. Орыс отаршылдығының сипатын ашты, оның ағылшын отаршылдығынан айырмашылығын көрсетті. Британ отаршылдары жаулап алған жерлеріне өз халқын қоныстандырумен шұғылданбайды, оны сауда айналымына алу арқылы отарлайды, ал орыс солдатының соңына ілесіп орыс мұжығы барады да, алған жерін міндетті түрде орыс жеріне айналдырып жіберуді мұрат етеді деген ой қорытты.

Бұл қорытындысы өз алдына, құлаған патшалық замандағы жер саясаты большевизм дәуіріндегі жер саясатының зымияндығы қасында жіп есе алмай қалғаны жайындағы ойын бұлтартпас дәлелдермен дәйектеді. Кеңестердің Орта Азияда ұлттық-аумақтық жіктерге бөліп межелеу жүргізуін ескі “бөлшектеп ал да — билей бер” ұранын жаңғыртқан “сұмпайы саясат” деп бағалады.

Большевиктердің көз алдау үшін ұлт республикаларына қуыршақ басшы тағайындау практикасын да тұңғыш әшкерелеген іргелі ой білдірді. “Күллі мұсылман Шығысындағы үлгі болатын” мемлекет басына — Орталық Атқару Комитетіне кедей-кепшіктен төраға сайладық деген даурықпаны былай қойып, тіпті оның сауатсыз екендігін де “Кеңестік Өзбекстанның басты органы мақтаныш етті” деп ащы сынмен түйреп өтті.

Билеуші партияның “бағдарламасын білмейтін, хат танымау себепті оны біле де алмайтын адам, Лениннің анықтамасы бойынша — “саясаттан тыс”, яғни әлеуметтік өмір заңдарын түсінбейтін адам, социалистік мемлекеттің басшысы түгіл, өзгенің еркін жүзеге асырушы ретіндегі өз әрекетін жай ғана санасымен ұғуы неғайбыл адам” ел тағдырына қатысты жауаптылық сезімге ие болады деген ертегіні тек көлгір болшевиктік билік жасап отырғанын көрсетті.

“Үлкен террор” жылдарындағы жаппай саяси репрессиялар жүргізуге орай да ол дер кезінде тың ой айтты. Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасов, Сейтқали Меңдешевтердің кеңестік баспасөз жазғандай “Қазақстанды Кеңестік Ресейден бөліп әкетуге тырысқан халық жаулары” болмағанын, олардың, мықтағанда, қазақ халқының ұлттық мүддесі мәселелерінің кеңес өкіметі жариялаған ұлт саясаты ауқымында ғана шешіліп-орындалуын талап еткендіктен күнәһар болуы ықтимал деген пікір білдірді. Елдегі орын алып жатқан кемшіліктерге нағыз “ұлт жауы — Кеңес өкіметі жауапты”, ал “нағыз халық жауы” — нақақтан жазаланып жатқандар емес, “кеңестік жүйені ойлап тауып, оны халыққа таңып отырған адамдар” (1938) деді.

1941 жылдың күзінде Мұстафа Шоқай фашистік Германия ашқан концентрациялық лагерьлерді аралап, соғыс тұтқындарының жағдайымен танысады. Олардың абақты ахуалындағы жағдайларын жеңілдетуге тырысады. “Менің қымбатты отандастарым! ...Біздің неміс тұтқынынан босанып, өз үйімізге ораларымызға, сөйтіп бейбіт де адал еңбек етіп өмір сүруімізге Алланың жәрдемдесеріне мен сенемін, — дейді ол Сувалки қаласы маңындағы лагерьде түркістандық тұтқын-солдаттар арасына қыркүйекте келгенінде өткен митингіде. — ...Менің ең басты шаруам — сіздерді әр түрлі арнайы жұмыстарға орналастыру болып табылады. Сонда сіздердің әрқайсыларыңыз біздің болашақ отанымыз — Түркістанның құрылысына қажет мамандық ала аласыздар”.

Мұнда оның немістермен қызметтес болуының мән-мағынасы, өз парызын ұғыну нобайы, іс-қимылының бағдарламасы тұжырымдалған. Алайда фашистердің соғыс тұтқындарына көрсеткен қатыгездіктері мен айуандық азаптарын көріп-біле келе, оларды қатты айыптайды. Лагерьлерде осындай сұмдықтарға жол беріп отырған “немістердің — өздерін мәдениетті, озық халықпыз деп санауға моральдық құқы жоқ екенін” дәлелдеген ызалы хат жазып, әскери басшылыққа жолдайды.

Мұстафа Шоқай өзінің таза жүректі, адамгершілігі биік, әділдікті сүйетін азаматтығымен, адал демократтық сипатымен тек кеңес большевиктеріне ғана емес, үшінші рейх нацистеріне де керексіз қайраткер болатын. Оның содан көп ұзамай жұмбақ өлімге ұшырауының (27.12.1941) дәл сыры әлі күнге дейін анық ашылған жоқ. Жанама деректер оған Ченстохов концлагерінен пойызбен қайтып келе жатқанында, купеде тағамға араластырылып у берілгенін аңғартады. Сөйтіп бұл жәйт, Шоқай лагерьлердегі соғыс тұтқындарын аралап жүріп оба індетін жұқтырды деп таратылған хабардың лақап қана екендігін, іс жүзінде ол індеттен емес, уланудан қаза тапқан деген жорамалдың нанымды екендігін көрсетеді.

Соғыс кезіндегі фашистік концлагерьлерде болған қазақ солдаттары бұған еш күмәнданған жоқ. Мұстафа Шоқайдың идеялары, елдік мұрат туралы ой-пікірлері оның шарапатты сөзін абақты бұғауында тыңдаған жүздеген түркістандық жауынгердің жүрегіне ұялады. Лагерьде де, кейін Түркістан легионы сапына енгенде де оны ұмытпай, әрдайым қадір тұтып жүрді. “Түркістан (Түркелі) ұлттық комитетінде” істеген түркістандық қазақ, өзбек, т.б. ұлттардың жігіттері Мұстафа Шоқайды көсем ретінде таныды. Олар - Асан Қайғы (Мәулекеш Қайбалды), Қобызшы Қорқыт (Мәжит Айтбаев), Қанат Қарысбай, Сайран (Хамза Абдуллин), Дәулет Тағыберлі, Таһир Шағатай, Абдулуаһап Оқтай, т.б. - Мұстафа Шоқайдың ұлттық идеяларын өз басылымдары бетінде дамытты. Тәуелсіздікті аңсау жолында халықтың ерлік тарихын, жекелеген тұлғалар бейнесін жаңғыруға тырысты. Абылай ханнан бастап көптеген ел басы болған хандардың, батырлардың кескіндеме-суреттері тоталитарлық билік жылдары Қазақстанға солардың арқасында жеткен болатын.

Әлемдік демократиялық ойларға өзіндік үлес қосқан, күллі түркі дүниесіне, әсіресе туған қазақ халқына қымбат азамат Тәуелсіздіктің қарсаңы мен алғашқы кездерінен бастап қана өз еліне шындап таныла бастады. Ғалымдар бүгінде оның өмірі мен қызметін жан-жақты зерттеу үстінде. Қаламгерлер, кино мамандары оның қайраткерлік бейнесін сомдау жолында еңбек етіп жүр.

Алда – осынау ұлы тұлғаны мемлекеттік деңгейде танып, тарихтағы тиісті орнына қою міндеті тұр.


Б.ҚОЙШЫБАЙ-ҰРПАҒЫ
Каталог: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Материалдық құқық нормаларын қолдануда қате жіберілгендіктен жаңа шешім шығарылды ( үзінді)
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет