Тәубенің шарттары



жүктеу 186.96 Kb.
Дата31.03.2016
өлшемі186.96 Kb.
: files -> book -> kaz -> manhaj
manhaj -> Бандар ибн Найиф әл-Утайби «аллаһТЫҢ ТҮсіргеніне сәйкес емес басқару (билік қҰРУ) ЖӘне шешім шығару»
manhaj -> Бидғаттардың (діндегі жаңалықтардың) жаман салдарлары: 1 – Бидғаттар Аллаһтың дініне бөлінушілік салады
manhaj -> Ибн ‘Аббастың «Ал кім Аллаһтың түсіргенімен үкім етпесе, міне, солар кәпірлер» деген аятқа жасаған тәпсіріндегі «Күпірліктен кіші күпірлік»
manhaj -> Шейх Абд әл-Азиз бин Абдуллаһ Ибн Баздың, Аллаһ оны рахымына бөлесін, шерулер мәселесі бойынша берген жауаптары
manhaj -> «Әһлю-с-Сунна уәл-жәма’а кәпірлердің барлығы бір деңгейде емес деп есептейді, әрі кәпірлердің барлығына бірдей қатынас жасалады деп есептемейді»
manhaj -> Фитналар кезінде және мұсылмандардың халифасы болмаған кезде не істеу керек? Бірде Хузайфадан (Аллаһ оған разы болсын): «Қандай фитна ең жаман болып табылады?»
manhaj -> «Сәләфтардың жолына қайшы келетін адамдар екі нәрсеге түседі: не шектен шығушылыққа
manhaj -> ӘҺлю-с-сунна уәл-жама‘А ҚҰранды сүннеттен бөлек түсінбейді
manhaj -> Ислам үмметіндегі бүліктердің және бөлінудің себептері
manhaj -> «Бидғатты жақтаушылардың (әһлю-л-бид’а) мұсылмандарға тигізетін зияны кәпірлердің зиянынан да көп болуы мүмкін»
Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен!
Тәубенің шарттары
Барлық мақтауларға бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһ лайықты! Аллаһтың игілігі мен сәлемі пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың ізінен ең көркем түрде ергендерге болсын!

"Әт-Тауба" терминінің тілдік және шариғи мағынасы

Ибн Фәрис "әт-тауба" сөзінің тілдік мағынасы: "Қайту (оралу)" білдіретіндігін айтатын. Қараңыз: “Му’жәм әл-мақаис” 1/357.

Ал Ибн Мунзир: "Таба илә-Ллаһ" (Ол Аллаһқа қайтты) сөздері: "Өз күнәларынан құтылды және Аллаһқа бойұсынуға келді" деген мағынаны білдіретінін айтқан. Қараңыз: “Лисән әл-‘араб” 1/223.

Шариғатта тәубе жасау мынаны білдіреді: Аллаһтан қорыққан себепті күнәдан арылу; күнәнің жиіркенішті екенін сезіну; Аллаһқа бағынбағаны үшін өкіну; осыған ұқсас нәрселерге ендігәрі қайтпауға нақты жігерлік білдіріп шешім қабылдау және осы үшін барлық сақтық шараларын қолдану.

Имам Ибн Муфлих былай деген: "Әт-Тауба – ол өткен күнәларды жасағаны және Аллаһқа бағынбағаны үшін өкіну, осыны мәңгілікке тастауға нақты шешім қабылдау және бұл нәрсенің дүнияуи жетістікке жету үшін, не зиян нәрсені кетіру үшін емес, әрі біреу қинаған себепті емес, керісінше, Бір Аллаһ Тағаланың разылығы үшін өз қалауымен қалдыру". Қараңыз: “әл-Әдәб әш-шар’ия” 1/84.

Хафиз Ибн Хажәр былай деген: "«Әт-таубаның» шариғаттағы мағынасы – ол күнәнің жиіркеніштігі себепті оны қалдыру, оны жасағынына өкіну, оны ендігәрі жасамауға шешім қабылдау, егер біреуге жәбір көрсету орын алса, оның хақысын қайтару немесе одан кешірім сұрау". Қараңыз: “Фатхул-Бәри” 11/103.

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деген: "Тәубенің екі түрі болады, олар: міндетті түрде жасалатын (уәжіп) және қалаулы (мустахаб). Міндетті түрде жасалу керек тәубе – ол уәжіп нәрсені тастау және харам нәрсені жасаған себепті болатын тәубе. Бұл тәубенің түрі Аллаһ және Оның елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйырғандай әрбір балиғат жасына келген адамға міндет болып табылады. Ал қалаулы тәубе – бұл қалаулы (мустахаб) нәрселерді тастау және қажетсіз (макрух) нәрселерді істегені үшін жасалатын тәубе". Қараңыз: “Рисалә фи-ттауба” 21.
Тәубенің маңыздылығы және міндеттілігі

Аллаһ Тағала былай дейді: «[Оларға былай] айт: “Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Аллаһтың мейірімінен күдер үзбеңдер! Расында Аллаһ біртұтас күнәларды кешіреді. Расында, Ол - Кешіруші, Мейірімді! Өздеріңе апат келуден бұрын Раббыларыңа қайтыңдар, Оған бой ұсыныңдар. Кейін жәрдем көре алмайсыңдар”». (Зумар сүресі, 53-54-аяттар).

Хафиз Ибн Кәсир: "Бұл ізгі аят кәпірлерден және басқа адамдардан болған барлық күнәһарларға айтылған шақыру. Бұл аят күнәларды жасаудан бас тартып, тәубе жасаған барлық адамдардың күнәларын, ол күнәлар қандай болмасын, тіпті саны бойынша теңіз көбігіндей болғанның өзінде Аллаһ кешіретінін баяндайды", - деген. Қараңыз: “Тәфсир Ибн Кәсир” 4/345.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Уақыт өте келе жасап тұра алмайтын күнәсі болмаған ізгі Аллаһтың құлы жоқ». Әт-Тәбарани “әл-Әусат”. Хадис сахих. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 5735.

Осы және осы секілді хадистер әрбір иман келтірген адамда күнәлар және кемшіліктер бар екеніне меңзейді, дегенмен, күнәларының санымен және ықыласты түрде Аллаһтан кешірім сұрауларымен адамдар арасында айырмашылық бар.

Әнас (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны турасында хабар береді: «Барлық Адам баласы қайта-қайта қателесе береді, ал олардың ішінде ең жақсылары – тәубе ететіндер». Әт-Тирмизи 2499, Ибн Маджаһ 4251. Имам әл-Хаким, имам Ибн әл-Қаттан және шейх әл-Әлбани хадисті сахих деген.

Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, иман келтіргендер! Түгел Аллаһқа тәубе қылыңдар! Әрине жетістікке жетесіңдер» (Нур сүресі, 31-аят)

Сондай-ақ, Аллаһ Тағала былай дейді: «Ал кім тәубе қылмаса, міне солар залымдар!» (Хужурат сүресі, 11-аят)

Имам әл-Қуртуби былай деген: "Мұсылман үмметі барлық ізгі кісілер тәубе етуге міндетті екеніне бір ауыздан келіседі". Қараңыз: “Тәфсир әл-Қуртуби” 5/90.
Аллаһ Тағала күнәлары үшін кешірім сұраушыларды және оларды кешіруді жақсы көреді

Имам Муслим жеткізген хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Сендерден біреу шөл далада мініп келе жатқан, үстіне бүкіл тамағы және суы бар түйесі жұлынып қашып кетіп, ол оны табуға үміті үзіліп, бір талдың көлеңкесіне келіп жатқан кісі тәрізді. Сондай жағдайда жатқанда кенеттен оның түйесі, жоғалтқан бүкіл азығымен жанынан табылады, сонда ол түйесінің жібінен ұстап: "Уа, Аллаһым, Сен – менің құлымсың, ал мен – сенің Раббыңмын (Тәңіріңмін)!" - деп қуанғанынан қалай шатастырып алғанын білмей қалған құл, қалай қуанса, шындығында, Аллаһ Өзінің құлының тәубесіне одан да артық қуанады». Муслим 2747.

Аиша (оған Аллаһ разы болсын) пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Ия, Аллаһтың елшісі, айтшы, егер мен Қадір түнінің келгенін білсем қандай сөздерді айтайын?”- деп сұрағанда, ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Былай айт: ”Уа, Аллаһ, расында, Сен – Кешірушісін, Сен кешіруді жақсы көресің, мені кешір!”» - деп жауап берді. Әт-Тирмизи, Ибн Мәжәһ, әл-Хаким. Имам Әбу Иса әт-Тирмизи, әл-Хаким және шейх әл-Әлбани хадисті сенімді /сахих/ деді. Қараңыз: «Сахих әл-жәми’» 4423.
Расында, күнәсін мойындап, Аллаһқа шын ықыласпен тәубе ету – Аллаһтың сүйікті құлдары болған пайғамбарлардың амалы

‘Умар ибн ‘Абдул-‘Азиз өзінің мұсылмандарға жасайтын үндеулерінде былай жазатын:



«Арғы аталарың Адам айтқандай айтыңдар: “Раббымыз, біз өзімізге зұлымдық жасадық. Егер Сен бізді кешіріп, мейіріміңе бөлмесең әлбетте зиян етушілерден боламыз“ (А’раф сүресі, 23-аят).

Және Нұх айтқандай айтыңдар: “Егер мені кешірмесең, мейіріміңе бөлемесең, мен зиянға ұшыраушылардан болармын“ (Һуд сүресі, 47-аят).

Және Ибраһим айтқандай айтыңдар: “Ол сондай Аллаһ Қиямет Күні қателерімді жарылқауын үміт етемін” (Шу’ара сүресі, 82-аят).

Және Муса айтқандай айтыңдар: “Раббым! Рас өзіме зұлымдық жасадым. Мені кешір!” (Қисас сүресі, 16-аят).

Және Зу-ннун (Йунус) айтқандай айтыңдар: “Сенен басқа құлшылыққа лайықты ешкім жоқ! Сен кемшіліктен пәксің! Шын мәнінде мен зұлымдық жасаушылардан болдым” (Әнбия сүресі, 87-аят)». Қараңыз: “Ләтаифул-ма’ариф” 387.
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Әй, адамдар! Аллаһқа тәубе қылыңдар және Одан кешірім сұраңдар. Мен күніне жүз мәрте Оған тәубе етемін», - деп айтатын. Муслим 2702.
Тәубенің шарттары
Аллаһ Тағала алдында ықыласты түрде кешірім сұрау

Аллаһ Тағала былай дейді: «Әй, иман келтіргенде! Аллаһқа шынайы тәубе қылыңдар». (Тахрим сүресі, 8-аят)

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: "Расында, Аллаһ ықыласты түрде және тек Ол үшін жасалған амалдарды қабыл етеді!" Ән-Нәсәи 3140. Хафиз әл-Мунзири, имам әл-‘Ирақи, хафиз Ибн Хәжәр және шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деген.
Күнә жасауды тоқтату

Аллаһ Тағала былай дейді: «Сондай кәпір болғандарға: «Егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары кешіріледі...» деп айт» (Әнфал сүресі, 38-аят)

Шейх Ибн әл-Қайим: "Ықыласты түрде тәубе ету – ол күнә жасағаның үшін өкіну, оны жасауды сол мезетте тоқтату және оны ендігәрі жасамауға нақты шешім қабылдау", - деп айтқан. Қараңыз: “Мәдәрижу-ссаликин” 1/191.

Ал Аллаһтан кешірім сұрай отырып, бірақ өз күнәсін тоқтатпаған адамның тәубесі жайында айтатын болсақ, әуелгі мұсылмандар бұл жайында қатал сөздер айтқан. Мәселен, Ибн 'Аббас былай айтқан: "Күнәсіна өкінген кісі мүлде күнә істемегенмен бірдей, ал күнәсі үшін кешірім сұрап, күнәсін жалғастыратын адам Раббысын келемеждейтін адам тәрізді". Ибн Әби әд-Дунья “әт-Тауба” 85, әл-Байһақи “ас-Сунан әл-кубра” 10/154.

Имам әл-Фудәйл ибн ‘Ийәд: "Күнәдан арылмай кешірім сұрап дұға ету – өтірікшілердің тәубесі!", - деген. Қараңыз: “әл-Азкар” 492.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер Аллаһтың құлы күнә жасаса, оның жүрегінде қара дақ пайда болады, ал егер күнәсін тоқтатып, кешірім сұрап, [күнә жасағаны үшін] өкінсе дақ кетіп қалады. Егер күнәні жалғастыра берсе, дақ үлкейе береді және бүкіл жүректі орап жабады. Бұл жөнінде [Аллаһ] Тағала: «Жоқ, олардың жүректерін істеген қылықтары орап жапты» (Мутаффифин сүресі, 14-аят), - деп айтты». Әт-Тирмизи 3334, Ибн Мәжәһ 4244. Имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, имам Ибн ‘Ади, хафиз Ибн Хәжәр, шейх Ахмад Шакир және шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деген.


Күнә жасағаны үшін өкіну

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Күнә жасағанына өкіну – бұл тәубе жасау». Ибн Мәжәһ 4252. Ибн Хиббан, әл-Хаким, әз-Зәһәби, Ибн Хәжәр, әл-Бусайри, әл-Әлбәни хадисті сахих деген.

Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: "Егер адам жасаған жаман нәрсеніне өкінбесе, бұл жайт ол адамның осы күнәмен разы екеніне және оны жасаудан қайтпағанына меңзейді". Қараңыз: “Мәдәрижу-ссаликин” 1/182.

Имам әс-Синди былай деген: "Өкіну күнә жасаған себепті болу керек! Егер адам, мысалы, шарап ішкенде ақшасы кетіп қалған үшін өкінген секілді, [күнә жасағаны үшін емес] басқа бір себеппен өкінсе, мұндай өкінудің тәубеге ешқандай қатысы жоқ!" Қараңыз: “Шарх Сунан Ибн Мәжәһ” 4/492.


Кешірім сұрап дұға ету

Күнә жасаған себепті өкіну – тәубенің ең маңызды шарттарынан болғанға қарамастан, сонымен бірге ықыласты түрде өкіну үшін Аллаһ Тағаладан адам тілімен де кешірім сұрау керек. Бұны Аллаһ былай деп бұйырады: «Раббыларыңнан кешірім сұраңдар. Сонан соң Оған тәубе етіңдер» (Һуд сүресі, 3-аят)

Және Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһ Тағала былай айтады: “Әй, Адам баласы, расында, сен Менен кешірім сұрап, Маған үмітіңді тоқтатпайынша Мен сенің жасаған күнәларыңа қарамастан кешіріп отырамын! Әй, Адам баласы, егер сен аспандағы бұлттарға /’анан ас-сама1/ жететін күнәлар жасасаң, кейін Менен кешірім сұрасаң, Мен сені кешіремін! Әй, Адам баласы, егер сен Маған көлемі бүкіл жерді жауып тұратын күнә жасап, бірақ Маған, Менен басқа ешкімге құлшылық етпей2 келетін болсаң, онда Мен саған міндетті түрде, сол күнәләріңнің бәрін жабатын кешірім сыйлаймын!”» Әт-Тирмизи 3540. Имам әт-Тирмизи, имам әл-Музани және шейх әл-Әлбани хадисті сахих деген.

Сонымен қатар, кешірім сұрағанда ынта-жігер танытып, талап ету түрде сұрау керек, ал мәселен "Ия, Аллаһ, егер қаласаң мені кешір" және тағы басқа осыған ұқсас сөздерді айтудан пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтарды. Әбу Һурайра (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқанын жеткізді: «Ешқайсыраң еш жағдайда: "Ия, Аллаһ, егер қаласаң мені кешір, ия, Аллаһ, егер қаласаң мені мейіріміңе бөле" деп айтпасын, керісінше жігерлік танытсын, өйткені Аллаһты ешкім бір нәрсеге мәжбүрлей алмайды». Әл-Бухари 6339, Муслим 4/206.


Осы күнәні қайта жасамауға нақты шешім қабылдау

Аллаһ Тағала былай дейді: «Ал олар қашан арсыздық істесе, не өздеріне зұлымдық қылса, Аллаһты естеріне алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Аллаһтан басқа кім кешіреді? Сондай-ақ, олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды. Міне солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан кешірім және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей керемет!» (Әли Имран сүресі, 135-136-аяттар).

Ән-Ну’ман ибн Башир былай айтқан: "Мен ‘Умар ибн әл-Хаттабтан: "Аллаһқа шынайы тәубе қылыңдар" (әт-Тахрим сүресі, 8-аят) деген аят жайлы сұрағанымда, ол былай айтты: «Бұл – жасаған күнәң үшін өкіну және оған ендігәрі қайтпау, не оған қайтуға ынтаның болмауы»" Ибн Әби Шейба 901, әл-Хаким 2/495. Хафиз Ибн Хәжәр и хафиз әл-Бусайри хадистің иснадын сахих деген.
Зұлымдық жасалған адам алдында айыбын жуып-шаю

Егер мұсылман ұрлаған жағдайда, не біреуге материалды немесе денесіне зардап тигізсе, сол адамның айыбын түземейінше, не хақысын қайтармайынша, не кешірім сұрамайынша жоғарыда айтылған шарттар жеткілікті болмайды.

Әбу Һурайра (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқанын жеткізеді: «Өз бауырының абыройына немесе басқа бір нәрсесіне байланысты зұлымдық жасаған адам, динарлар мен дирхамдар жоқ болмайынша, одан бүгін босансын! Өйткені, егер ол адамда жақсы амалдар болса, (Ақырет күнінде, жәбір көруші оған) жәбір көрсеткеніне қарап амалдарын одан алып кетеді. Ал егер ол адамда жақсы амалдар болмаған жағдайда, жәбір көрушіден жаман амалдар алынып соған беріледі». Әл-Бухари 2449.
Тәубе тек өлім алдындағы қырылдау мен күн батыстан шыққанға дейін қабыл болады

Аллаһ Тағала былай дейді: «Ал жамандықты өздеріне өлім келгенге дейін істеп: “Енді шынайы тәубе қылдым” дейтіндердің тәубесі қабыл болмайды» (Ниса сүресі, 17-18-аяттар).

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Аса Құдыретті, әрі Ұлық Аллаһ пендегің тәубесін өлім алдындағы қырылдауларын шығарғанға дейін қабыл етеді», - деп айтқан. Әт-Тирмизи 2537. Имам ән-Нәуәуи мен шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деген.

Әбу Мусадан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хабарда пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Аллаһ Тағала күндіз бір жаман іс жасаған кісіге тәубе жасасын деп түнде Өзінің Қолын созады, және түнде бір жаман іс жасаған кісіге тәубе жасасын деп күндіз Өзінің Қолын созады. Осылай күн өзінің бататын жерінен шықпайынша жалғасады», - деп айтқан. Муслим 2759.

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет уақыты батыстан күн шықпайынша келмейді, ал ол сол жерден шыққанда және осыны адамдар көргенде, олардың барлығы иман келтіреді, бірақ ол мезет оларға имандары еш пайда бермейтін кезде болады», - деп, келесі аятты оқыды: «Раббыңның белгілерінің кейбіреулері келген күні, бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімі бойынша бір қайыр істемеген біреудің иманы пайда бермейді» (Ән’ам сүресі, 158-аят). Әл-Бухари 4635, Муслим 157.
Күнә жасағаннан кейін тездетіп тәубе жасау керек жөнінде

Жасаған күнә үшін тәубені бірден жасау керек, себебі неғұрлым күнә жасағаннан кейін тәубе ету ұзаққа созылса, соғұрлым ол рухына тамырын жаяды. Аллаһ Тағала былай дейді: «Расында, Аллаһ жамандықты білмей істеп, кейін дереу тәубе еткендердің тәубесін қабылдайды». (Ниса сүресі, 17-аят)

Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, сол жақ кітапшаның иесі (жаман істерді жазатын періште) күнә жасаған мұсылман құлдың кітапшасының үстінде өзінің қаламын алты сағат бойы ұстап тұрады. Егер ол тәубе етіп, Аллаһтан кешірім сұраса, сол күнәні лақтырып жібереді. Олай жасамаса бір күнә деп жазады», - деген. Әт-Табарани "әл-Кабир" 2/25, әл-Байһақи “Шу’аб әл-иман” 2/349. Хасан хадис. Қараңыз: «Сахих әл-жәми'» 2097.
Ашық күнә жасап немесе ашық бидғатқа (дінге енгізілген жаңалыққа) шақырған немесе соны жасаған адам тәубесін жария түрде жасау керек

Бидғаттарды немесе басқа күнәларды ашық жасаған немесе сол күнәларды рұқсат етілген деп жариялаған, немесе бидғат жасау арқылы басқа адамдарды адасушылыққа түсірген әрбір адам ашық түрде тәубе етіп, істеген ісі адасушылық және күнә екенін жұртқа түсіндіруі тиіс! Бұған дәлел Аллаһ Тағаланың мына сөздері: «Расында, Біз түсірген ашық үкімдер мен тура жолды Кітапта адамдарға баян еткеннен кейін, оны жасырғандарды Аллаһ лағынет етеді, әpi барлық лағынет етушілер лағынет етеді. Бірақ тәубе еткендер, істегендерін түзеткендер және шындықты баян еткендер басқа. Мен солардың тәубелерін қабыл етемін, өйткені Мен – ерекше Мейірімдімін» (Бақара сүресі, 159-160-аяттар).

Шейхул-Ислам Ибн Тәймия былай деп айтқан: «Кім күнәні жасырын істесе, жасырын тәубе етсін және ол өз күнәсі туралы жариялап айтпауы керек. Ал егер Аллаһтың құлы күнәні жария істесе, онда ол тәубесін де жария істеуге міндетті». Қараңыз: “Мәжму’ул-фәтауа” 15/302.

Шейх Ибн әл-Қайим былай деп айтқан: «Бидғатқа шақырған кісінің тәубесінің шарттарының бірі – ол сол адасушылық пен бидғатты түсіндіріп беруі және тура жолға нұсқауы қажет!» Қараңыз: «‘Уддату-ссабирин» 93.

Хасан ибн Шақиқ былай деген: “Бірде біз Ибн әл-Мубаракпен бірге болған кезде, оған бір кісі келді. Ибн әл-Мубарак одан: «Сен әлгі жәһмисің бе?!» - деп сұрады. Ол: «Иә» - деп жауап берді. Сонда Ибн әл-Мубарак: «Менің қасымнан кет, әрі ешқашан қайтып келме!» - деді. Әлгі кісі: «Мен тәубе еттім ғой!» - деп айтты. Бұны естіген Ибн әл-Мубарак: «Сенің бидғатың қандай айқын болған болса, тәубең де тура солай айқын болмайынша - жоқ!» - деді”. Ибн Батта “әл-Ибана әс-суғра” 154.
Және егер күнә жасаған Аллаһтың құлы жоғарыда айтылған тәубенің шарттарын шариғат бекіткендей жасаса, пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Күнәсіна тәубе еткен адам - күнә жасамаған адамға тең!» - деп айтқан уәдесіне қуансын. Ибн Мәжәһ 4250, әт-Табарани 1028. Хафиз Ибн Хәжәр және шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.
Тәубеге қатысты маңызды мәселелер
Күнәдан кейін ізгі амалдар істеу қажеттілігі туралы

Күнәдан кейін ізгі амалдар жасау сол күнәнің өшуіне себеп болады, ол жайында Аллаһ Тағала былай деді: «Расында, ізгі амалдар жаман амалдарды жояды!» (Һуд сүресі, 114-аят)

Ал Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Жаман амал жасап, кейін ізгі амал жасаған адам – үстіне қысып сауыт киілген адам секілді. Бір ізгі амал жасаса, сауыттың бір жүзігі босайды, кейін басқа (ізгі амал жасаса), екіншісі (босайды), осылай ол (шешіліп) жерге құламайынша». Ахмад 4/145, әт-Табарани "әл-Кабир". Хафиз әл-Мунзири, әл-Хайсами және шейх әл-Әлбани хадисті сахих деген.
Тәубе намазы

Әбу Бакр (оған Аллаһ разы болсын) былай деген: "Мен Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқанын естідім: «Егер Аллаһтың бір құлы күнә жасаса, осыдан кейін дұрыс түрде дәрет алса, сосын екі ракағат намаз оқып, Аллаһтан кешірім сұраса, Аллаһ оны міндетті түрде кешіреді». Кейін келесі аятты оқып берді: «Ал олар қашан арсыздық істесе, не өздеріне зұлымдық қылса, Аллаһты естеріне алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Аллаһтан басқа кім кешіреді? Сондай-ақ, олар істеген істеріне біле тұра қасарыспайды. Міне солардың сыйлықтары Раббылары тарапынан кешірім және астарынан өзендер ағатын жұмақтар. Олар онда мәңгі қалады. Амал істеушілердің сыйлықтары нендей керемет!» (Әли ‘Имран сүресі, 135-136-аяттар)". Әбу Дауд 1521, әт-Тирмизи 406, Ибн Мәжәһ 1395. Имам Әбу ‘Иса әт-Тирмизи, хафиз Ибн Кәсир, шейх Ахмад Шакир және шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деген.


Ең жақсы кешірім сұрау дұғасы

Шаддад ибн Аус (оған Аллаһ разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді:



«Аллаһтан кешірім сұрап жасаған дұғалардың мырзасы (патшасы) мына сөз: "Ия, Аллаһ, Сен – менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты еш нәрсе жоқ; Сен мені жараттың, ал мен – Сенің құлыңмын, мен Саған берген уәдеме күшім жеткенше бекем боламын. Өзім жасаған зұлымдықтан пана іздеп Өзіңе сыйынамын, Сенің маған жасаған мейіріміңді мойындаймын, сондай-ақ жасаған күнәләрімді мойындаймын, кешір мені, өйткені, расында, Сенен басқа ешкім күнәләрді кешірмейді!" Осы сөздерге адам толығымен сеніп күндіз айтса, сосын сол күннің кешіне дейін қайтыс болса, онда Жәннат тұрғындарының қатарында болады, сондай-ақ осы сөздерге толығымен сеніп кешке айтса, кейін сол түннің таңына дейін қайтыс болса, онда Жәннат тұрғындарының қатарында болады». Әл-Бухари, 6306.
/Аллаһумма, Әнтә Рабби, лә иләһа иллә Әнтә, халәқта-ни уа ана 'абду-кә, уа ана 'алә ‘аһди-кә уа уа’ди-кә ма-стата'ту. Ә'узу би-кә мин шарри ма сана'ту, әбу-у лә-кә би-ни'мати-кә 'аләййа, уа әбу-у би-занби, фа-ғфир ли, фа-инна-һу лә йағфиру-з-зунуба иллә Әнтә!/
Тәубе жасағаннан кейін, сол күнәні қайталап жасау, алдыңғы тәубенің күшін жоя ма?

Кейбір ғалымдар, егер адам күнәсі үшін тәубе жасап, ал кейін сол күнәні қайта жасаса, алдыңғы жасаған тәубесі өз күшін жояды (яғни, тәубе жасамаған секілді болады) деп айтқан. Дегенмен, бұл мәселеде көпшілік ғалымдардың пікірі дұрыс болып табылады. Олардың айтуынша, ықыласты түрде, барлық шарттарға сәйкес жасалған тәубе, сонымен қатар сол күнәға қайта ешқашан оралмау деген берік ниет, ол күнә жасалмаған секілді жояды, ал сол күнәні кейін қайта жасаса өз күшін жоғалтпайды. Және осыған дәлел мына хадис: «Күнәсіна тәубе еткен адам - күнә жасамаған адамға тең!» Ибн Мәжәһ 4250, Әт-Табарани 1028. Хафиз Ибн Хәжәр және шейх әл-Әлбани хадисті хасан деген.

Имам ән-Нәуәуи былай айтқан: «Егер адам күнәсі үшін тәубе жасаса, ал кейін қайта (сол күнәні) жасаса, оның алдыңғы тәубесі өз күшін жоғалтпайды. Және сондай-ақ, егер ол басқа бір күнә істеп жүріп, басқа бір күнәсі үшін тәубе етсе, оның тәубесі есептеледі». Қараңыз: “Шарх Сахих Муслим” 1/235.

Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтқаны жеткізіледі: «Аллаһтың құлдарынан бірі күнә жасап: “Ия, Аллаһ, менің күнәмді кешір!” — деген кезінде, Аллаһ Тағала: “Менің құлым күнәларды кешіруші және күнәлар үшін жаза беруші Раббысы бар екенін біліп күнә жасады!” — деді. Сосын ол тағы да күнә жасап: “Ия, Аллаһ, менің күнәмді кешір!” — деген кезінде, Аллаһ Тағала: “Менің құлым күнәларды кешіруші және күнәлар үшін жаза беруші Раббысы бар екенін біліп күнә жасады”, — деді. Сосын ол тағы да күнә жасап: “Ия, Аллаһ, менің күнәмді кешір!” — деген кезінде, Аллаһ Тағала: “Менің құлым күнәларды кешіруші және күнәлар үшін жаза беруші Раббысы бар екенін біліп күнә жасады, ал Мен болсам құлымды кешірдім де, енді не істесе де өз еркінде!” — деді». Әл-Бухари 7507, Муслим 2758.

Имам ән-Нәуәуи және хафиз Ибн Ражәб хадистің мағынасын түсіндіріп, Аллаһтың құлы осылай, яғни күнә жасап, кейін ықыласты түрде тәубе етсе, Аллаһ оны кешіретінін айтты. Уқба ибн Амир (оған Аллаһ разы болсын) былай айтатын: «Бірде пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бір адам келіп: "Ия, Аллаһтың елшісі, егер арамызда біреу күнә жасаса не болады?" - деп сұрады. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Ол оған жазылады", - деп жауап берді. (Сонда) әлгі адам: "Ал егер ол (күнәсі үшін) кешірім сұраса ше?" - деп сұрағанда, пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Оған кешіріледі, және ол осы үшін сауап алады", - деп айтты. Әлгі адам: "Ал егер ол қайта күнә жасаса ше?" - деп сұрады, пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Ол оған жазылады", - деп жауап берді. Ол (қайта): "Ал егер ол күнәсі үшін кешірім сұрап, өкінсе ше?" - деп сұрағанда, пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): "Оған кешіріледі, және ол осы үшін сауап алады, және сендер (кешірім сұрап) шаршамайынша, Аллаһ шаршамайды", - деп жауап берді». Әл-Хаким 1/59, әт-Табарани 17/287. Хафиз әл-Хайсами хадистің иснадын хасан деген. Қараңыз: "Мәжмә'у-ззауаид" 10/200.

Осылайша, Аллаһ Тағала Өз құлының күнәсін, олар кешірім сұрауын тоқтатпайынша кешіреді.


Діннен қайтқан адам тәубе жасай ала ма?

Аллаһ Тағала былай дейді: «Расында, иман келтіріп, кейін кәпір болған, кейін қайта иман келтіріп, кейін қайта кәпір болған, ал сосын қарсылығын арттырғандарды Аллаһ кешірмейді және тура жолға салмайды». (ан-Ниса сүресі, 137-аят).

Бұл аятта діннен қайтқан адам Исламға өлгенге дейін оралмаған жағдайда, Аллаһ оны өлімінен кейін кешірмейтіні турасында айтылып тұр. Ибн Аббас осы аяттың тәпсірінде, «ал сосын қарсылығын арттырғандарды» деген сөздерге байланысты: «Өздерінің күпірлігінде (қарсылығанда) өлгенге дейін болды», - деген. Қараңыз: "Тафсир Ибн Әби Хатим" № 6114.

Осылай хафиз Ибн Кәсир де айтқан. Қараңыз: "Тәфсир Ибн Кәсир" 2/117.

Аллаһ Тағала былай дейді: «Ал сондай иман келтіргеннен кейін қарсы болғандар және қарсылықтарын арттырғандар, олардың тәубесі әсте қабыл болмайды. Міне солар, жолдан адасқандар». (Әли ‘Имран сүресі, 90-аят).

Жоғарыда айтылған түсінік, осы аятқа да байланысты. Аллаһ Тағала діннен қайтқан адамның күнәсіна жасаған тәубесін қабыл етпейді, өйткені діннен қайтып кәпір болған адамның амалдары жойылады. Осы мәселе, яхудилерге де, христиандарға да байланысты. Олар күнәсі үшін тәубе жасайды, бірақ тәубесі қабыл етілмейді, өйткені күпірліктің тәубесі шынайы иман, яғни Исламды қабылдау. Діннен қайтқан адамға келетін болсақ, егер ол Исламды қайта қабыл етсе және өзінің күпір амалдарын жасап діннен қайтқаны үшін ықыласты түрде тәубе жасаса, Аллаһ Тағала оның тәубесін қабыл етеді. Осылай Ибн Жәрир ат-Табари айтты. Қараңыз: “Тафсир ат-Табари” 6/579.

Және бұған дәлел Аллаһ Тағаланың мына сөздері: «Иман келтіріп, елшінің (пайғамбардың) хақтығына куә келтіріп, және ашық аяттар келгеннен кейін қарсы (кәпір) болған адамдарды Аллаһ қалайша тура жолға салады? Аллаһ әділетсіз (залым) қауымды тура жолға салмайды. Оларға жаза ретінде Аллаһтың, періштелердің және барлық адамдардың қарғысы (лағнеті) болады. Олар қарғыста мәңгі қалады. Олардың азабы жеңілдетілмейді де, оларға назар аударылмайды. Бірақ осыдан (діннен қайтқаннан) кейін (өліп кетпейінше) тәубе еткендер және амалдарын түзеткендер басқа. Расында, Аллаһ – Кешіруші, Мейірімді». (Әли ‘Имран сүресі, 86-89-аяттар).

Имам Ибн Қудама осы мәселедегі келіспеушіліктер, діннен қайтқанның тәубесі тек осы дүниеде мұсылмандардың арасында қабылдануы жайында болған, ал егер ол ықыласты түрде тәубе етсе, Аллаһ оны кешіреді дегенде ешбір келіспеушілік жоқ екендігін айтты. Қараңыз: "әл-Муғни" 12/271.
Дінге енгізілген жаңалықтарды ұстанып жүргендердің (бидғат иелерінің) тәубесі турасында

Бидғаттар Аллаһ Тағала мұндай құлының тәубесін қабыл етпеуіне себеп болады! Әнастан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Шынында, Аллаһ бидғатшының тәубесін ол бидғаттарын тастамайынша қабыл етпейді». Әт-Тәбарани 4360, Әбу әш-Шейх 259, Ибн Әбу  ‘Асым 37. Хафиз әл-Мунзири мен шейх әл-Әлбәни хадисті сахих деген.

Суфьян әс-Саури былай деген: “Ібіліс үшін бидғаттар күнәлардан сүйіктірек, себебі күнә үшін тәубе жасауға болады, ал бидғат үшін – жоқ!” Әл-Ләлакаи “Шарх усул әл-и’тиқад” 238.

Осылай, кез-келген бидғатшының тәубесі қабыл болуы үшін жоғарыда айтылған шарттармен қоса, оның діни бидғатты тастауы шарт болып табылады, себебі ол – ең бірінші кезекте тәубе етуді талап ететін күпірліктен кейінгі ең үлкен күнә.


Жасаған күнәңді айту тыйым салынған (харам) екендігі жайында

Жасаған күнәңді айту тыйым салынған, өйткені Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп деген: «Менің үмметімнің барлығы мейірімге бөленеді, тек (өз күнәларын) жария қылып айтушылардан басқа. Мұндай адамдарға түнде күнәсін жасап, бірақ Аллаһ Тағала оның күнәсін жапса, ал таң атқанда ол өзі: "Әй, пәленше, мен мынадай күнә жасадым", - деп айтады. Осылай, ол түнде Раббысының жамылғысының астында болады да, ал таң атқанда Аллаһтың жамылғысын лақтырып тастайды». Әл-Бухари 6069, Муслим 2990.

Ибн ‘Умар (оған Аллаһ разы болсын) айтып бергендей, Ма’из әл-Асләми зина жасағаны үшін таспен ұрылғаннан кейін, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Аллаһ харам еткен, бұл жиіркенішті істен (зинадан) сақтаныңдар! Егер кімде-кім осы нәрсені жасаса, Аллаһ оны жасырғандай, жасаған ісін жасырсын және Оның алдында тәубе етсін. Ал біреудің күнәсі бізге мәлім болатын болса, біз оны Аллаһ Тағаланың Кітабына сәйкес жазаға тартамыз!» Әл-Хаким 4/425, әл-Байхақи 8/330. Имам әл-Хаким, әз-Зәһәби, Ибн ас-Сакан, Ибн әл-Муләққин және әл-Әлбани хадисті сахих деген.

Али ибн Әби Талиб (оған Аллаһ разы болсын) былай деген: «Өз күнәсін айтып жүрген адам мен соны естіп басқаларға жеткізген адам екеуі бірдей күнәһар». Әл-Бухари “әл-Әдәбул-Муфрад” 324. Шейх әл-Әлбани хадистың иснадын хасан деген.

Бірақ, егер адам өз күнәларын жасырмай айтып жүрген болса, оны ол жоқта артынан еске алу ғайбат болып есептелмейді. Бұл жайында Хасан әл-Басри айтты. Қараңыз: “Файдуль-Къадир” 3/323.
Әуелгі мұсылмандардың көркем насихаты

Ибн Аббас (оған Аллаһ разы болсын) былай деген: «Күнә егер оған кешірім сұраса үлкен емес, бірақ оны қайталап жасай берсе кішкентай емес». Әт-Табари 5/41, Ибн Әби Хатим 3/943. Иснады сахих.

Хасан әл-Басри былай деген: «Иә, Адам баласы, күнәға тәубе етуден гөрі күнәні тастау оңай!» Қараңыз: “аз-Зауажир” 1/45.

Имам әл-Ауза’и былай деген: «Мен Биләл ибн Са’дтың: “Күнәнің кішкентайлығына қарама, бағынбай жатқаныңның (яғни Аллаһтың) ұлықтығына қара!” - деп айтқанын естідім». Ибн әл-Мубарак “әз-Зуһд” 71.


Сөзіміздің соңында, барлық мақтаулар Аллаһқа болсын және Аллаһтың игілігі мен сәлемі Мұхаммедке болсын!

Аударып дайындаған www.kz.islamic.kz сайтының редакциясы



1 «'Анан ас-сама» - деп аспанға қарағанда көз жететін жерді айтады, сондай-ақ бұлттар деп те айтылады.

2 Яғни, таухидтті мықты ұстанып.




©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет