ТҰЛҒА Әділ судьяның қашан да ЖҮзі жарқЫН



жүктеу 138 Kb.
Дата28.04.2016
өлшемі138 Kb.
: site -> supcourt.nsf -> 36b782079737d452c6256d89002456d9 -> 03bbe8183b24ab674625709d001a46b4 -> $FILE
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Құрметтi «Заңгер» журналы! Менiң қолыма кездейсоқ «Қазақстан юстициясына – 80 жыл»
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан Республикасының заңдары Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Автокөлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот тәжірибесіне шолу
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Мен мәдениетiне де үлкен залал келтiредi
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Конституции рк – 10 лет
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Ювенальная юстиция
36b782079737d452c6256d89002456d9 -> Қазақстан республикасының 3АҢЫ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы
$FILE -> Зерттеу қ о Ғ амды Қ Қ ор : құқықтық жағдайының өзекті мәселелері
$FILE -> Алқа билер соты төңірегіндегі ой-пікір

ТҰЛҒА


ӘДІЛ СУДЬЯНЫҢ


қашан да ЖҮЗІ ЖАРҚЫН

Бүгінгі қоғамдық өмірімізде қыз-келіншектердің, әйелдердің алатын орны ерекше. Олар табиғаттың өзі берген икем – қабілетке сай бала тәрбиелеп, ұрпақ өсіріп, от басының ұйытқысы болып қоймай түрлі мемлекеттік, елдік істерге де араласады. Төменнен - жоғарыға дейін биліктің әр қилы деңгейінде лауазымды қызметтер атқарады. Парламентте – депутат, үкіметте – министр, вице-министр болып жүрген әйелдер де баршылық. Осындайда бір данышпанның: “Қоғамның даму деңгейі әйелдерге деген көзқарас және қарым - қатынаспен айқындалады” деген қанатты сөзі ойға оралады.

Басқа салаларды айтпағанның өзінде биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесінде де әйел-қыздардың үлес салмағы айтарлықтай. Мәселен, еліміз бойынша жергілікті соттарда барлығы 2289 судья қызмет етеді дейтін болсақ, солардың 1002-сі, яғни 43,7 проценті әйелдер екен. Сондай-ақ, облыстық соттарда алқа төрағаларының 43-нің 5-уі әйелдер. Осы сияқты 173 жергілікті сот төрағаларының 38-і, басқаша айтқанда 21 проценті әйел адамдар. Ал, республиканың Жоғарғы сотында 43 судьяның 14 әйел болса, бір әйел адам қылмыстық істер алқасын басқарады. Бұған қоса жалпы сот жүйесіндегі кеңселік жұмыстардың көпшілігін қыз-келіншек, әйелдердің атқаратыны тағы белгілі.

Әйелдерге деген осындай құрмет және ізгі мақсатпен осы жолы “Тұлға” айдарының қонақжай шаңырағына Солтүстік Қазақстан облысындағы Уәлиханов аудандық сотының төрайымы САДЫҚОВА Сәуле Жолдасқызын шақырып отырмыз. Уәлиханов ауданы еліміздің солтүстігіндегі Ресеймен шектесіп жатқан ең шеткі аудан. Соңғы кездері бұл аудандық соттың облыс қана емес, республика көлемінде жақсы жұмыстарымен көрініп келе жатқан жатқан жайы бар.


- Сәуле Жолдасқызы, сөзді мынадан бастайықшы. Осы председатель дегенді неліктен ер адам болса “төраға” деп, ал әйел адам болса “төрайым” деп атайды. Мұнда мәселе атқарып отырған қызметке, лауазымға қатысты емес пе? Осыған заңгер ретінде сіз қандай пікір айтар едіңіз?

- Сіз өте орынды мәселе қозғап отырсыз. Мысалы орыстарда атқарып отырған кісінің ер не әйел екеніне қарамай председатель, министр немесе президент деп атай береді. Біздегіше әйел не ер адам екенін білдеретіндей председателша, министрша, президентша демейді. Сол секілді әскерде және полицияда аға лейтенант дейтін атақ бар. Оны да әйел-еркегіне қарамай аға лейтенант деп атайды. Тарихқа үңілетін болсақ, бір кезде біздің ата-бабаларымыз жиын, кеңес, мәжілістің бәрін алқа қотан, шаршы топ болып отырып өткізетін болған. Ондайда сөз жоқ әр рудың, әр атаның бас көтерер ақсақалдары жасына, ел алдындағы абырой-беделіне қарай құрметпен төрге отырғызылып, алдымен сөзді солар бастаған. Біздегі “үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без” деген ұлағатты өсиеттің бір ұшығы сонда жатса керек. Менің түсінігімше “төраға” сөзі мен ұғымы осындайдан келіп шыққан. Бұл енді өз кезегінде кейбір асыра сілтейтін аудармашылардың ықпалымен әйелдерге қатысты жағдайда терминдік қорымызға “төрайым” болып еніп кеткен болуы керек. Сондықтан оны әлі де жөндеуге кеш емес деп ойлаймын.



- Журналымызды жаздырып алып оқитын болсаңыз байқайтын шығарсыз. Бізде сыр тартып сөйлесетін, әңгімелесетін кейіпкердің өмірбаянын, әсіресе, заңгерлік мамандыққа келу жолын білу бұрынан келе жатқан дәстүр. Сол үшін сіздің де қалай судья болғаныңызды біле отырсақ?

- Сұрағыңызды түсіндім. Мен енді кейбір сот саласының ардагерлері, құрметті азаматтары секілді пәленбай жыл қызмет еттім. Талай-талай “тар жол, тайғақ кешулерден өттім” деп айта алмаймын. Соңғы жеті-сегіз жылдың көлемінде сот саласында жұмыс істеп келемін. Оған дейін де сонша жыл оңтүстіктегі Арыс қаласында аудандық коммуналдық қызмет басқармасында, қалалық кеңесте заңгер, кейіннен сотта мәжіліс хатшысы қызметтерін атқардым. Ол жұмыстарым зая кеткен жоқ. Елмен, жұртпен араласып, біраз ысылдым, тәжірибе жинақтадым. Сонан соң судьялыққа басқа да үміткерлер сияқты ККЮ (Квалификациялық әділет алқасының ) сынақтарынан өтіп, конкурсқа қатынастым. Ол кезде Жоғарғы сот та, Әділет министрлігі де Алматыда болатын. Жиналып отрыған комиссия мүшелері “оңтүстік облыстарда орын жоқ, солтүстікке барсың ба?” деді. Мен “от басыммен ақылдасып көрейін” дедім. Менің күйеуім Мұқанбек көлік милициясында жұмыс істеген. Сондықтан бұл саладан хабардар. Туыстар бар, бәрімен ақылдаса келіп, осы жаққа тартып кеттік. Уәлиханов ауданы ол уақытта Көкшетау облысына қарайтын. Аудандық сотты Жұмабеков Атымбек Есілбайұлы басқарады екен. Сол кісіден мен көп нәрсені, былайша айтқанда судьялық қызметтің қыр-сырын үйрендім. Қылмыстық немесе азаматтық істерді қалай қарау керек? Үкімді не шешімді жазғанда қандай мәселелерге басты назар аудару қажет? Міне, осылар жөнінде үнемі ақыл-кеңесін беретін. Ағалық үлкен қамқорлығы және жанашырлығы ғой. Мен алғаш істерді қарағанда залдың және кабинетінің есігін ашып қойып, сырттай бақылап отыратын. Кейін процесс біткен соң жіберілген кемшіліктер жайында пікірін айтып, ойын бөлісетін.



- Сөзіңізге қарағанда үй ішінде, туған-туыстар арасында басқа да заңгерлер болған тәрізді ғой? Әйтпесе, ауылдық жерден шыққанның көбі, әсіресе қыз балалар - мұғалім, дәрігер боламыз деп жатушы еді.

- Жоқ мүлде олай емес. Әке-шешем қарапайым жұмысшы болды. Мектепте жүргенде тәртіпті, жинақылықты тәуір көрдім. Сыныптың старостасы ретінде сабаққа кешігіп келген, үй тапсырмасын орындамаған, бұзақылық жасаған, тазалығы нашар оқушыларды жиналысқа салып тәртіпке шақыратынмын. Кәдімгідей талаптар қоятынмын. Бір жағы балалық. Екінші жағынан бәріміз жақсы, үлгілі оқушы болсақ деген ниет, максимализм ғой. Кәзір сол қылықтарым есіме түссе күлемін. Сондай мінез бен бағыт-бағдардың әсері шығар. Мектеп бітірген бойда ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түстім. Университетті аяқтағаннан кейін біраз жыл заңгер болғанымды әлгінде айттым.



- Әйел адамға судья болып қызмет істеу қиын емес пе? Қанша айтқанмен от басыңыз бар. Оның үстіне әйелдердің жаны нәзік және әсершіл болып келеді. Оған қоса баяғыдай “ұзын арқан кең тұсау” заман жоқ. Заманға орай адам да өзгерді. Жаңа заңдар қабылданып жатыр. Жұрт кәзір қит етсе сотқа жүгіретін болды.

- Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Қалай айтушы еді, әлгі? “Шешінген судан тайынбас” дей ме? Сол айтқандай, судьялық мамандықты өз қалауың бойынша таңдап алдың екен, оның қиындығы мен ауыртпалығына үйренуің, бейімделуің керек. Рас әйел адам болған соң үйде жолдасың, бала-шағаң күтіп отырады. Олардың тамағын әзірлеп, киім-кешегіне қарауың қажет. Сен солай екенсің деп жұмыс қарап отырмайды. Кейде қаралатын істің сипатына қарай сот процесін жергілікті жерге барып өткіземіз. Со бойда бітпей екі-үш күн қонып қаламыз. Әсіресе, қайбір жылдары елдің әлеуметтік-тұрмыстық жайы нашар болып, сондай іссапарларға жиі шығып жүрдік.

Мысалы бір жолы қылмыстық істі қарау үшін Құлыкөл дейтін елді мекенге қақаған қыста автокөлікпен шықтық. Төте баратын жолды қалың қар басып қалғандықтан көршілес Ақмола облысының Щучье ауданы арқылы айналып баруға тура келді. Жолда 12 сағаттай уақыт жүрдік. Барған бойда жәбірленуші, куәгерлерден жауап алып, істі сонда жүргіздік. Жергілікті тұрғындар мұндай көшпелі сот процесін бірінші рет көргендерін айтып таңырқап жатты.

Тағы бірде аудан орталығынан 50 шақырым жердегі Бидайық деген ауылға барып, қылмыстық істі қарадық. Енді қайтатын кезде ақ түтек боран басталып, амалсыз қонып қалдық. Осындай қиындықтар болып тұрады. Әлде де менің жолдасым өзі де құқық қорғау саласында жұмыс істеп көргендіктен бәрін түсінеді. Қызметімнің қиындық-ауыртпалығына түсіністікпен қарайды.

- Аудандық сот төрайымының күнделікті жұмысы қалай басталады? Айтпақшы, бұл қызметке қалай тағайындалып едіңіз?

- Әдеттегідей кеңсе жұмыстары, келген хат- хабарлармен танысу, тіркеуге алынған, бақылаудағы істердің уақытылы орындалу барысын қадағалау, сот қызметкерлерінің жұмысына басшылық жасау, бағыт бағдар беру және басқа да өзімізге қатысты мәселелерді қараудан басталады. Ең басты мақсат пен міндет келіп түскен, қарауға алынған: қылмыстық, азаматтық, және әкімшілік істерді өз мерзімінде қарап дұрыс шешім қабылдау болып табылады.

1998 жылдың мамыр айында Уәлиханов аудандық сотының судьясы болып келдім. Арада екі жылдай өткенде, яғни 2000 жылдың 13 каңтарында бұрынғы басшымыздың басқа ауданға ауысуына байланысты аудандық сотқа уақытша жетекшілік ету міндеті маған жүктелді. Тағы да екі жыл бойына үш судьяның жұмысын жалғыз өзім атқардым, себебі бір судьяның орны бұған дейін де бос тұрған еді.

2002 жылдың шілдесінде осы аталған аудандық соттың төрайымы болып тағайындалдым.



- Қарап отырсақ судья болып қызмет атқарғаныңызға жеті жылдай болыпты. Сіздің ойыңызша, аудандық соттың деңгейінде негізінен қандай қиындықтар жиі кездеседі? Оларды қалай шешуге болар еді деп ойлайсыз?

- Біз кәзір демократиялық принциптерді басшылыққа алатын құқықтық мемлекет құру әркетіндеміз ғой. Мұндай жағдайда барлық таласты, даулы мәселелердің бәрі тек сот арқылы шешілуі тиіс. Бірден соған көшіп кетпегенімен көпшілік біртіндеп үйреніп, дағдыланып келеді. Бірақ, ол үшін халықтың құқықтық сауаты, мәдениеті және дамыған шет елдердегідей әркімнің жеке адвокаты болуы керек. Өкінішке қарай, ауылдың, ауданның деңгейінде әлі де білікті, кәсіпқой заңгерлер мен адвокаттар жетіспейді. Жұрттың көбі аудандық сотқа талап-арыз жазудың тәртібін, жөн-жосығын біле бермейді.

Сондықтан да сотқа түскен талап - арыздарда Қазақстан Республикасының Азаматтық істерді жүргізу кодексінің талаптары сақтала бермейді. Соған байланысты олардың басым бөлігін қозғалысыз, қараусыз қалдыруға немесе қайтаруға мәжбүр боламыз. Өйткені, біз істі объективті қарау, әділетті шешім шығару үшін тек заңға сүйенуіміз керек.

Екінші жағынан халықтың көпшілігінің материальдық-әлеуметтік жағдайының төмен болуына байланысты кәсіби адвокаттардан көмек ала алмайды.

Үшіншіден, аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекен мен ауылдардан қыстың күндері ауа райының қолайсыздығынан және жол қатынасының нашарлығынан талапкер, куәгер немесе жәбір көруші келе алмай қиналып жатады. Бұл өз кезегінде соттың жұмысына қиындық тудырады.

Мұның бәрі сот міндетіне, қызметіне қатысты емес, елдік деңгейде шешілуге тиіс шаруалар.



- Биліктің басқа тармақтарымен: әкімшілік, прокуратура және полициямен қалай бірлесіп жұмыс істейсіздер? Солармен жұмыс барысында кейбір қиындықтар мен кедергілер, ведомстволық мүдделер қайшылығы кездесіп қалмай ма?

- Әзірге ондай қиындықтар, конфликтер кездесіп жатқан жоқ.

Әкімшілікпен де, прокуратурамен де және полициямен де бірлесіп жұмыс атқарамыз. Бәріміздің “илегеніміз бір терінің пұшпағы” демекші, қалайық, қаламайық біздерді ортақ мақсат - мүдде байланыстырып отырады. Ол әр қайсысының міндетіне қарай тапсырылған жұмысты дұрыс орындап, халыққа лайықты қызмет көрсету.

- Судьялық тәжірибеңізде өзіңіз қараған және сізге адамгершілік, кісілік, мораль тұрғысынан қатты әсер еткен істер болды ма?

- Өмір болған соң ондай істер кездесіп тұрады.

1999 жылы өзінің туған інісінің қорасындағы сиырын ұрлаған кісінің қылмыстық ісін қарадым. Біздің қазақ үшін бұл намысқа тиетін, сүйекке таңба болатындай ұятты шаруа. Бірақ, “тоқтықтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді” дегендей, өтпелі кезеңдегі жұмыссыздыққа, жоқшылық пен тапшылыққа байланысты ел арасында мал ұрлығы белең алып кетті емес пе? Сотталушы бұдан бұрын да інісінің үйінен мал ұрлағанымен інісі намыстанып құқық қорғау органдарына шағымданбаған екен. Соңғысында қорасында жалғыз сиырын алып кеткен соң інісі шыдай алмай амалсыз арызданған ғой. Сотта осы қылмыстық істі қарап, мал ұрлаушыны 6 айға бас бастандығынан айыруға үкім шығардық. Жазасын өтеп келгеннен кейін сотталушы маған келіп, қабылдауымда болып, өзінің қателігін түсінгенін айтты. “Ештен кеш жақсы.” Оған да рахмет. Кінәсін мойындаған, кемшілігін түсінген адамның жөнделері, түзу жолға түсері хақ.

Осы сықылды кейде ата-ана құқығынан айыру бойынша азаматтық істерді қарағанда, жауапкерлер сот мәжілісіне әдейі балаларын алып келеді. Ана мен бала жылағанда және бала шешесімен бірге болғысы келетіндігін айтқанда дәтің шыдамай кетеді. Бір жолы мысалы, неке бұзу туралы азаматтық істі қарадық. Екі жақ та бұдан әрі бір-бірімен тұра алмайтындығын айтып, некелерін бұзуды талап етті және кәмелетке толмаған балаларының әкесінің қарауында қалатынын өздері келісіп шешті. Мұны естіген бала шешеме барып тұруға бола ма деп сұрағанда, баланың шешесі еңіреп жылап жіберді. Міне, осындай жағдайларды көргенде адам ретінде, ана ретінде жан жүрегің езіледі. Дей тұрғанмен, әділеттіліктің өкілі болғандықтан судья әсершілдікке, сезімге берілмей қоғам, мемлекет мойындаған заңдар шеңберінде шешім шығаруы, төрелік айтуы керек.

- Біздің журналды негізінен судьялар мен сот саласының қызметкерлері алып оқитын болғандықтан мынадай сауал қойығымыз келіп отыр. Соттардың қызметін жетілдіру жөнінде, сондай-ақ, еліміздің Азаматтық, Қылмыстық кодекстеріне өзгерістер енгізу туралы күнделікті кәсіптік тәжірибеден, жұмыстың барысынан байқаған және көптен көңілге түйіп жүрген ой-пікірлеріңіз жоқ па?

- Өмір, тіршілік ешуақытта бір орнында тұрмайды. Үнемі дамиды, жетіледі, өркендей түседі. Сол себепті, заңдарымызды да барлық мәселені қамтиды деп айту қиын. Оларды да уақыттың, заманның талабына қарай толықтырып, жетілдіріп отыру қажет.

Мәселен, Қылмыстық істерді жүргізу кодексінің 303 бабында қылмыстық істі қайта тергеуге жіберу жайы айтылған. Осы бапты әлі де айқындап, толықтыру керек деп ойлаймын. Сол сияқты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 513 бабының 2 тармағында сотқа құрметтемеушілік танытып, куәгер дәлелді себептерсіз сотқа бірнеше рет келмеген жағдайда жаза қолдану көзделген. Осында не басқа бапқа өзгеріс енгізіп, жауапкерге де сондай жаза қолдану қарастырылатын болса дұрыс болар еді. Көп жәйт нақтыланбағандықтан азаматтық істер бойынша сырттай шешім шығару мәселесі де бірқатар қиындықтар туғызып отырады.

Сондай-ақ, шекаралық аудан болғандықтан бізде кей ретте көршілес Ресей азаматтарына қатысты проблемалар туып жатады.

Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 209 бабы бойынша экономикалық контрабандалық қылмыс үшін екі жүзден бес жүз айлық көрсеткішіне дейін айыппұл салу, не төрт айдан алты айға дейінгі мерзімге қамауға алу, не болмаса бір жылдан екі жылға дейін түзеу жұмыстарына жіберу деген сияқты жазалар қарастырылған. Осындай қылмыс үшін Ресей азаматтарын соттайтын болсақ, олар айыппұлды төлемей, я жазаланбай жүре береді. Өйткені, 1993 жылғы 13 қаңтарда Минск қаласында Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғызыстан Республикасы және Қазақстан Республикасы арасында қабылданған құқықтық көмек және құқықтық қарым-қатынас жөніндегі Конвенцияда әлгіндей жаза қолданғанда оның Ресейде орындалатындығы айтылмаған. Сондықтан сот ол жазаның орындалуы туралы қатынас қағазды Ресейге жібере алмай қолы байланып қалады.

- Кәзір алқа билер (суд присяжних) дегенді енгізу мәселесі қызу талқыланып жатыр емес пе? Осы туралы пікіріңіз қандай?

- Алқа билер соты деген қарапайым тілмен айтқанда халықтың сот төрелігін жүзеге асыруына, оның барынша әділетті болуына қатынасуы ғой. Бұл батыстың көптеген елдерінің тәжірибесінде бар. Негізінен сынан өткен: континенталдық және классикалық деп аталатын екі үлгісі жұмыс істейді.

Елбасымыздың биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында: “Біз демократиялық қоғамдастықтағы жалпыға ортақ стандарттарға сай келетін кең ауқымды сот жүйесі реформасының қарсаңында тұрмыз” деген жолдар бар. Сонан соң: “ қылмыстық сот жүргізу тәжірибесіне алқа билер соты институтын енгізу қажет. Осы мақсатта 2005 жылы “Алқа билер туралы” заң қабылдап, “Сот жүйесі мен судьялар мәртебесі туралы” Конституциялық заңға және алқа билер сотын енгізу мәселелері жөнінде басқа да заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулыр енгізілуі тиіс” делінген.

Демек, бұл қайнауы келіп, пісіп жетіліп келе жатқан мәселе. Әңгіме қай үлгіні таңдауда болып отыр. Оны ғалымдар, мамандар және судьялар кеңінен талқылап, салмақтап, таразылап шешеді деп ойлаймын. Менің жеке өз ойымша сотта алқа билердің қатысуы біздің елімізде соттардың мәртебесін көтеріп , жақтардың сот процессінде дәлелдемелерді жинау және белсенді түрде қатысуына жол ашады, сотта қателіктердің жіберілмеуіне ықпал етеді. Дегенмен, бұл институтты ендірместен бұрын асығыстыққа жол бермей басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп , Ресей Федерациясындағыдай кейбір облыстарда немесе жекелеген қалаларда ғана енгізіп сынан өткізіп байқаса қалай болар еді?



- Азаматтық, әкімшілік істер бойынша сот шешімдері көбіне орындалмай жатады дегенді жиі естиміз. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Және оны қалай жолға қоюға және жақсартуға болады?

- Жұршылық тарапынан ондай сындардың, көңіл толмаушылықтың айтылып жүргені рас. Оны мойындау керек. Сот шешімдерінің орындалмауы оның абыройы мен беделіне де нұқсан келтіреді. Менің ойымша сот шешімдерінің орындалмауы біріншіден, сол шешімді шығарған судьяның шешімнің дер кезінде орындалуын қадағаламауынан.

Екіншіден, бізде сот орындаушыларының материальдық - техникалық жағынан қамтамасыз етілуі әлі де төмен. Алатын жалақылары да мардымсыз. Заң бойынша оларға берілген құқықтар да әлсіз. Сонан соң, бір кемшілік, сот орындаушылары басқа да құқық қорғау орындарымен бірлесіп, тығыз байланыста жұмыс істемейді. Салада кадрлар көп тұрақтамайды.

Осы “Заңгер” журналынан оқыдым ғой деймін. Республика сотының өткен жылдың қортындысына арналған жиынында бұл жөнінде Жоғарғы соттың төрағасы Қ.Ә. Мами: “Азаматтардың сот шешімдерінің жеткілікті дәрежеде орындалмайтынына сын айтуы орынды. Бұл көп ретте сот орындаушыларының жетіспеушілігінен және олардың әлеуметтік және құқықтық мәртебесінің төмендігінен” деп қысқа да нұсқа айтып өтіпті.

Бұл жағдайдан шығу үшін осындай-осындай көкейтесті мәселелерді шешу керек.

- Солтүстік шекарамыздағы ең шеткі аудан екенсіздер. Аудандық соттың керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қалай? Сіздерде халықтың басым бөлігі қазақтар деп естиміз. Соған сәйкес істер қазақша қарала ма?

- Расында да ауданымыз облыс орталының ең шалғайда орналасқан ауданы болып есептеледі. Соған қарамастан аудандық сот осы заманғы құрал-жабдықтар – ұйымдастыру техникаларымен: компьютер, сканер, ксерокс, электрондық пошта, интернет т.б. қамтамассыз етілген. Компьютерлік жүйемізде заңдардың базасы енгізіліп қойылған. Былайша айтқанда соттың жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасалынған.

Істер қазақша жүргізіле ме? деп орынды сұрақ қойып отырсыз. Бізде тұрғын халықтың 96 проценті қазақтар болғанымен істің көбі әлі де орыс тілінде жүргізіледі. Себебі, кезіндегі солақай саясаттың кесірінен қазақ мектептері жабылып, жұрт орысша оқып білім алған. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі былай ауыз-екі сөйлегендерімен ана тілінде жазып, қағаздарды толтыра алмайды. Сөйтіп, амалсыз орысшаға жүгінеді, сотқа да талап арызды сол тілде жазады. Мемлекетті тілде дамыту бағдарламасына сәйкес бұл бағытта жергілікті әкімшілік кешенді жұмыс жүргізуі керек.

Өткен 2004 жылы тек қана бір ғана іс қазақша қаралды. Сол сияқты 1999 жылы бір қылмыстық іс қана мемлекеттік тілде қаралған болатын. Біз де өз ана тіліміздің жанашырымыз. Егер ондай істер болып жатса қарауға дайынбыз. Оған дайындығымыз да мүмкіндігіміз де жетеді.

- Қолыңыз боста немен айналысасыз? Әйел адам ретінде сізді түрлі дәмді ас әзірлеу (кулинария) немесе сәнді етіп киім тігу т.б. өнерлер қызықтыра ма?

- Әйел болған соң үй ішінің күнделікті жұмысы, балалардың тәрбиесі мойыныңда ғой. Күндіз жұмыста сот төрайымын, кешке үйде анамын, жармын. Тамақ әзірлеу, балалардың сабағын қадағалау, және одан да басқа үйдің тірлігін өзім атқарамын. Ас әзірлеулен бастап басқа да үйдегі әрбір әйел затының міндетін өз мойнымда. Бос уақытым өте аз болғандықтан балаларымен отбасында бірге болуға тырысамын. Жолдасым туралы әңгіменің басында айттым. Өсіп келе жатқан 15 жастағы Айса және 9 жастағы Бақытжан есімді перзентеріміз бар.

Судьялық қызметтен өзімнің көңілге түйгенім: қоғам, мемлекет судьяға жауапты міндет жүктейді, ал қарапайым адамдар үлкен үміт артады. Даулы, таласты мәселелерін сот төрелігіне жүгініп шешсек дейді. Біздің бұрынғы ата-бабаларымыз: “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ!” дәл тауып айтқан. Бұл ақиқат пен туралықты көздеген, тіршіліктен көңілге түйген философиялық тұжырым. Сот билігі мен төрелігінің нысанаға дөп тиетіндей, көңілден шығатындай болуы судьяның білім мен біліктілігіне, адамгершілік пен биік парасатына көп байланысты. Әділеттілікті жұрт қай кезде де бағалайды. Әділ судьяның қашан да жұрт алдында жүзі жарқын, абырой- беделі жоғары болады.

- Есітіп жатқан шығарсыз. Алдағы маусым айының басында республика судьяларының кезекті ІУ-ші съезі болмақ. Бұл жиынан сіз не күтесіз?

- Съез болған соң ол енді ел өміріндегі, оның ішінде судьялардың тыныс-тірішілігіндегі елеулі оқиға ғой. Сондықтан онда соттың қоғамдағы орны мен беделін арттыруға, тәуелсіздігін нығайтуға, судьялардың кәсіптік деңгейін: білімі мен біліктілігін көтеруге байланысты, адамгершілік, тәртіп және әдептілікке қатысты өзекті-өзекті мәселелер қаралса деймін.



- Сәуле Жолдасқызы, уақыт бөліп, қойған сауалдарымызға ықыласпен жауап бергеніңізге рахмет! Қызметіңізге ар мен абырой және жеміс тілейміз.


Сұрақтарды қойған

Әшірбек АМАНГЕЛДІ.
ӨМІРДЕРЕК
1967 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1985- 90 жылдарда Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқыған. 1990 жылдан 1998 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Арыс қаласында әр түрлі мекемелерде заңгер, аудандық сотта мәжіліс хатшысы болып жұмыс істеген.

1998 жылдың мамыр айынан Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов аудандық сотының судьясы. 2000 жылдан аудандық сот төрайымының міндетін атқарушы.

2002 жылдан бастап осы аудандық соттың төрайымы.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет