«Той тойласақ, біз тойлайық!»



жүктеу 47.76 Kb.
Дата26.04.2016
өлшемі47.76 Kb.
: Amanzholov K -> Kasym turaly -> 100
100 -> Сәпен сағынышын, Сырбай сырын ақтарған той
Kasym turaly -> Ақынның Ақжайықта ізі қалған «САҒындым сені, оралым»
«Той тойласақ, біз тойлайық!»

Ұлан-байтақ Отанымыз биыл саяси-қоғамдық оқиғаларға да, дүбірлі мерекелерге де қарық болып жатыр. Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын әлем жұртшылығы тамсана айтатындай деңгейде өткізіп, құрамы жаңарған Үкіметтің бастауымен Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты тарихи Жолдауын жүзеге асыруға құлшына кірісіп кеткен Қазақстан жұртшылығы елімізде Тәуелсіздік туы желбірегенінің 20 жылдығын мерекелеуге жан-жақты дайындық жасауда. Сонымен бірге, халқымызды азат дәуірге жеткізген демократия қарлығашы – Желтоқсан көтерілісіне ширек ғасыр, қазақ қыранының ғарышқа көтерілгеніне жиырма жыл толатын атаулы күндер, т.б. дүбірлі тойлар бар. Соның ішінде, қазыналы Қарағанды топырағына тиетін үлес үлкен. Өйткені, Сарыарқа жұртшылығы Тәуелсіздік тойы алдында, тамылжыған тамызда қазақ поэзиясының падишасы Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толатын мерейтойын жасамақ. Дүбірлі думан болған жерде тыным таппай, қонақтарға, тіпті, жалпы жұртшылыққа қызмет көрсететін, ойын-сауықпен қатар мәдени-көпшілік жұмыстарды да жүргізетін өнер адамдары, мәдениет саласының қызметкерлері. Сондықтан, әңгіме болып отырған мереке кезінде облыс халқы, алыстан ат сабылтып келетін меймандар қандай қызық көреді, тұтастай алғанда тойға әзірлік қаншалықты деңгейде деген сауалдарға жауап алу ниетімен облыстың мәдениет басқармасының бастығы Б.Байсағатовқа жолыққан едік.

Бекболат Төкешұлы, биыл қа­зақ жырының Шол­­пан жұлдызы Қасым Аманжо­лов­тың дүниеге кел­геніне ға­сыр толып отыр. Қазақ барда – Қасым бар. Қай дәуірде, қандай жағдайда күй кешсе де, халқымыз Қасымын ұмытқан жоқ. Жауһар жырын жаттап өсті. Бірақ, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шә­керім қажы айтқандай, биылғы той­дың орны бөлек сияқты.

– Қаңтар айының 24-і күні Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуын мерекелеу туралы ел Үкі­метінің қаулысы шықты. Сөйтіп, дауылпаз ақынның дөңгелек мерейтойы байтақ елімізде аталып өтпек. Облысымызға оралатын болсақ, бізде Жаңа жылдан басталған мереке желтоқсанның соңына дейін жалғасады. Мектептер мен колледж­дер, басқа да білім беру мекемелері Қасым оқуларын, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізуде. Кітапханалар «Да­­на­­лар қазынасы» деген айдар­мен кітап көрмелерін, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...» тақы­рыбымен поэзия кештерін, тағы да сол қатарлы мәдени-көпшілік шаралар өткізуде. Сәкен атындағы қазақ драма театры ақпан айында Қасымның «Досымның үйленуі» комедиясын сахналады. Музыкамен көркемделген, жастарға ар­нал­ған қойылымды шығарған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Ду­най Есбаев. Серке Қожамқұлов есімін иеленген Жезқазған музы­калық-драма театры Қасым шы­ғармалары негізінде «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!» атты моноспектакль әзірлеуде. Оның премьерасы сәуірдің соңғы күні өтеді. Мамыр айының 11-12 күндері «Дүниеге келер әлі талай Қасым!» тақырыбымен ақындардың облыстық мүшәйрасы, сонымен қатар «Көңілдің күйін төгейік» атты ән байқауы ұйымдастырылмақшы. Онда Қасымның төл әндері, оның сөзіне жазылған шығармалармен бірге Арқаға кең таралған әндер де орындалады. Осы байқаудан кейін Аманжоловтың музыкалық мұ­ра­сын жеке дискі етіп шығару ойда бар. Қасымның таңдамалы шы­ғармаларының үлкен бір том­дығы мерейтой думанына дейін оқырман қолына тиер деп шамалаймыз. Оған мұрындық болып отырған Мәдениет, Байланыс және ақпарат министрліктері. Биылғы той­дың жөні бөлек деген пікіріңізге келетін болсақ, шынында да солай: халықтың , әсіресе, өскелең буын­ның Қасымға деген ықыласы ерекше. Оның өлеңдерін жұрт шалқып оқиды, жас таланттар шабыттана жырға қосады. Сірә, Тәуелсіздіктен кейін оянып, қайта көтеріле бастаған ұлт рухының әсері болар.

– Беке, жыл бойы өтетін мәдени-көп­ші­лік шаралар бар да, жаппай жұрт қатысатын думанды дүбірдің жөні бөлек қой. Той дегенде, көпшіліктің асыға кү­тетіні балуан жігіт­тер белдесіп, кү­ліктердің аламан бәйгесі өтетін, ән әуелеп, күй күм­бірлейтін ұлы жиын десек, ешкім дау айтпас. Осы мере­ке­нің нақты күні бел­гіленді ме?

– Иә. Тамыздың 17-20 ара­лығында өтеді деп шамалап отырмыз тойды. Алдымен Қарағандыда, Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бастап келуге тиісті, Астанадан шақырылған Әбіш Кекілбай, Алдан Смайыл, Фариза Оңғарсынова сынды ұлт зиялыларының қатысуымен Қасымның еңселі ескерткіші ашылады. Қазір ол әзірлену үстінде. Осыдан кейін мереке ошағы ақынның кіндік қаны тамған жерге, Қарқаралы ауданындағы Аманжолов ауылдық округіне ауысады. Жаңағы айтылған ұлттық спорт ойындары, концерттік бағдарлама, басқа да мәдени-көп­шілік шаралар осы арада жүре­ді. 18-19 күндері ақындардың рес­пуб­ликалық мүшәйрасы өтпекші. Мерейтойдың тұздығы болады деп отырғанымыз да осы мүшәйра. Ақын­дардың жас ерекшеліктеріне, қай өңірден келгеніне, басқа да жағдайларға ешқандай шектеу қой­маймыз. Ең бастысы – өлеңдері тақырыпқа сай болуы, Қасымның қазақ поэзиясы төрінде Абай мен Мағжаннан кейінгі құрметті орында тұрғанын ашып көрсетуі керек. Осы жыр додасында бәйгі иеленген, қазылар алқасы мен тамашалаған жұрттан оң баға алған шығармалар жыл соңына дейін жинақ боп шы­ғады деген жобамыз бар.


– Бекболат Төкешұлы, мерейтой бағдарламасында ақындар айтысы да бар деген әңгімені құлағымыз шалып қалды. Қасым жыршы-жы­рау да, айтыс ақыны да емес. Жаз­ба әдебиеттің жампозы жайлы «әлеулетіп» айтыс өткізгеніміз «ағаш атқа жіп құйысқан таққандай» болмай ма? Екінші бір мәселе, Қасым қазақтың қара өлеңінің шең­берінен шығып кеткен ақын ғой. Орыс тілінде өлең жазғаны өз алдына, Ресей әдебиетшілерінен дәл Аманжоловтай жоғары баға ал­­ған талант иесі кемде кем. Жыр сұлтаны Низамидің Бакудегі сегіз ғасырлық мерейтойына барып, күллі әзірбайжан жұртын тәнті еткені тағы да мәшһүр. Осы елдермен хабарласып, Қасымды көзі көргендер, оның ішінде ақын айтқан «гүл Сана» бар болса, мерекеге шақырсақ қайтеді?

– Менің де пікірім сондай. Жаңағы әңгіме айтысты төңіректеген кейбір жігіттердің ой-ұсынысы шы­ғар. Қайталап айтайын, Қасым той­ы­ның тұздығы мүшәйра болғаны жөн. Енді шетелдік қонақтар жайына келсек, облыс басшыларымен, республика Жазушылар одағы же­текшілерімен ақылдасып көрейік. Қа­сымды халықаралық аренада одан әрі танытуымыз үшін ондай әріптестік, туыстық байланыстардың артықтығы болмас деп ойлаймын.


– Әрине, сайыс болғаннан кейін жеңімпаз һәм жүлдегер атанғандар сый-сияпатсыз қал­майтыны белгі­лі. Байлығы басын жаруға жуықта­ғандар мұндайда бәске шетелдік же­ңіл көліктер тіксе, кейбір жер­де конверт ұсынады. «Бер­сең бер, бермесең қой бас­панаңды, Сонда да тастамаймын астанамды» деген әйгілі өлеңнің авторы көзі тірісінде тұрмыстың ауыртпалығын тартып бақты ғой. Ұлы Қасым­ның құрметіне дүбір­лі той өтіп жатқанда, мүшай­рада көзге түскен жергілікті ақындардың біріне пәтер кілті табысталса жыр жолына түс­кен бір азаматқа қол ұшын бергеніміз емес пе?!

– Мына ойыңыз жүрекке қонатын ұсыныс екен. Шығармашылықпен айналысатын адамдардың жағ­дайы белгілі ғой. Өнер жолында құр­бандық боп, жалақысы мардымсыз жұмыста жүрген олар ипотекамен пәтер алуға да тәуекел ете алмайды. Мерекені ұйымдастыру комиссиясының талқысына салып, ақылдасып көруге болатын сияқты. «Той тойласақ, біз тойлайық!» деп Қасым ағамыздың өзі айтқандай, бұл мерейтойға қатты көңіл бөлінуде. Думанға дайындық мәселесі облыс әкімі Серік Ахметов мырзаның тікелей бақылауында. Арқа өңі­ріндегі әрбір шара ойдағыдай өтуі­не аймақ басшысының орынбасары Арман Қырықбаев ерекше ықы­ласты. Сондықтан, мерекеге әзір­лік және оны өткізу барысында жақ­сы ой-пікірлерді кәперге аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет. Елі­мізден мереке, жерімізден береке арылмасын!

Ермек БАЛТАШҰЛЫ.



Орталық Қазақстан. - 2011. - 30 сәуір (№ 67/68). - 2 б.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет