ТҮркі және иран халықтары ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкерлер түркістан-2007 Редакциялық алқа



жүктеу 2.31 Mb.
бет1/9
Дата03.04.2016
өлшемі2.31 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9

Қожа Ахмет Ясауи атындаѓы Халыќаралық ќазаќ-түрік университеті




БАҚЫТ ӘБЖЕТ




ТҮРКІ ЖӘНЕ ИРАН ХАЛЫҚТАРЫ ЕРТЕГІЛЕРІНДЕГІ МИФОЛОГИЯЛЫҚ КЕЙІПКЕРЛЕР

ТҮРКІСТАН-2007


Редакциялық алқа:

Пірәлиев С., Ергөбек Қ., Еділбаев Т.,

Қалдыбаев Ә., Әбілдаева Г., Әбсеметова М.

Әбжет Б. Түркі және иран халықтары ертегілеріндегі мифологиялық кейіпкерлер. –Түркістан, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, «Тұран» баспаханасы, 2007. -258 бет.



АЛҒЫ СӨЗ
Қазақ фольклортану ғылымында халық әдебиетінің бай мұраларына жанрлық тұрғыдан талдаулар мен ғылыми сараптамалар жасалып, оның дамуына жан-жақты үлес қосқан құнды еңбектер баршылық. Фольклордың жеке-жеке жанрлары арнайы түрде қарастырылып, ішкі жанрлардың өзіндік ерекшеліктері туралы жазылған ғылыми монографиялар мен зерттеулер де фольклортану ғылымының іргелі салаға айналғандығын көрсетеді.

ХІХ ғасырға дейін көшпелі өмір кешкен қазақ халқының фольклоры ерекше дамыса, ХІХ ғасырдан бастап ауыз әдебиетімен қоса жазба әдебиеті де тез қарқынмен дами бастағандығын көреміз. Әсіресе, Шығыс әдебиетінің ықпалы айрықша болды. Бір жағы, ХІХ ғасырдан бастап қазақ жерінде ислам дінінің ықпалы бұрын-соңды болмаған деңгейде дамыды. Татар, өзбек, қожа молдаларымен қатар қазақтың ішінен шыққан оқымысты молдалар ислам әдебиетін қазақшаға аудара бастаса, шығыстың классик ақындары жырлаған қисса- дастандармен қатар, шығыстың романдық, новеллалық тақырыпта жырланған дастандары да қазақ арасына кеңінен жайыла бастады. Қазақтың бұрын ауыз әдебиеті мен фольклоры ерекше дамыса, ХІХ ғасырдан бастап жазба әдебиеті де кең қанатын жая бастағандығы белгілі. Қазақ фольклоры ендігі жерде шығыстың ортағасырлық прозалық шығармаларының әсерімен өзіне көптеген қала мәдениетінің дәстүріне құрылған сюжеттерді қабылдай бастаған еді. Оған бір жағы қазақ даласында отырықшылық мәдениеттің тез қабылданып, бұрынғы көшпелі халық ендігі жерде отырықшылыққа қарай бейімделе бастауы да өз ықпалын тигізген болатын.

Орысқа тәуелді болған соң ендігі жерде бұрынғыдай еркін көшіп жүретін жайылымдар біртіндеп тарылып, есесіне келімсектерге ең шұрайлы жерлер бөлініп беріле бастады. Қазақ халқының мәдениетіне ендігі кезеңде басқа отырықшы халықтардың ықпалының күшеюінің бір себебінің өзі осында жатыр. Себебі қазақтың бұрынғы патриархатты қоғамы ыдырап, заманға лайықты өзгерген мәдениет қалыптасып келе жатқан еді. Сол кездегі қазақтан шыққан прогрессшіл зиялылардың өзі қазақтың артта қалу себебін надандықтан, қараңғылықтан, оқымағандықтан деп түсінді. Қазақтың бұрынғы өмір салтын басқа арнаға қарай бұруды, әрі жеделдетуді уағыздады. ХІХ ғасырдан бастап фольклормен қатар жазба әдебиеті бой көтере бастады. Оның өзі екі бағытта дамыды. Абай, Ыбырай сияқты ағартушылар орыс әдебиетінен үйрене отырып, қазақ әдебиетіне өзгерістер алып келді. Орыстың озық білімінен сусындаған олар, сол жетістіктерді ендігі жерде қазақ қоғамына алып келу үшін күресті. Қазақтың классикалық жазба әдебиеті Абайдан бастап қалыптасқанымен, олар алғашқы қарлығаштар болғандықтан, қазақтың жазба емлесі әлі де қалыптаспаған болатын. Сондықтан қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырған Абайдың қолжазбаларында татардың жазба дәстүрімен өз өлеңдерін татар грамматикасында жазғандығын байқасақ, Оңтүстік Қазақстанда өмір сүрген, мұсылманшылық ілімді өте терең меңгерген Шәдітөре Жәңгірұлының жазбалары бұрынғы қадим жазу, шағатайша графикада түзілген. Хамса жанрында тарих жазған «Тауарих хамсаның» авторы Құрбанәлі Халидовтың шығармасы таза шағатайша жазылған. Демек, ХІХ ғасырдағы қазақтарда бірізді жазу үлгісі болмағандығын көрсетеді. Осыны дер кезінде байқаған А.Байтұрсынов реформа жасап, қазақша жазу емлесін дүниеге алып келеді.

Баспа ісінің дамуына байланысты қазақтың оқыған, ақындық қабілеті бар азаматтары Шығыс әдебиетінің желісімен қисса, дастандар туғызып, оны баспа бетінде жариялауға бет бұра бастады. Бұл орайда қиссашыл ақындар Жүсіпбек Шайхысламұлы, Ақылбек Сабалұлы, Мәулекей Жұмашұлы, Шәді Жәңгірұлы, Тыныштықбек Маңғышлауұлы секілді т.б. жинап бастырушылардың ерен еңбектерін ерекше атап өткен орынды. Соның арқасында қазақ ақындары жырлаған қисса, дастандар миллиондаған тираждармен тарады. Ә.Жиреншиннің келтірген дерегі бойынша: «Мәселен, бір ғана Қазан қаласының өзінде ХІХ ғасырда қазақ және шығыс кітаптарын басқан он үш баспахана жұмыс істеген. Қазан қаласындағы баспалар қазақ кітаптарын бастыруда елеулі орын алған болса, сонымен қатар қазақ кітаптары ХІХ ғасырда Петербург, Уфа, Ташкент, Оренбург, Семей, Омбы, Орал, Верный, Астрахань қалаларында да шыға бастайды. Жалпы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезінде осы қалалардан орта есеппен бір мыңнан астам атаулы қазақ кітаптары басылып шыққан. Олардың тиражы орта есеппен алғанда бес миллион данаға жетеді» [1,39].

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ерекше дамыған қазақтың фольклоры мен жазба әдебиеті ХХ ғасырдың басына дейін көптеген асыл дүниелерді дүниеге алып келді, соның арқасында қазақтың фольклоры да бұрын болмаған деңгейге көтерілгендігін байқаймыз. Сол қарқын кешегі ХХ ғасырдың қырқыншы, елуінші жылдарына дейін келді. «Мың бір түн», «Шахнама», «Тотының тоқсан тарауы» сияқты шығыстың маржандары қазақшаға аударылды. Одан да басқа ислам әдебиеті негізінде дүниеге келген мистикалық шығармаларымыз қаншама.

Кешегі Кеңес үкіметі тұсында осы дүниелерімізді зерттеуге тыйым салынды. Соның салдарынан қазақтың шығыстану ғылымы кенжелеп қалғандығы рас. Кеңестер Одағы құлаған соң, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті алыс-жақын шетелмен тығыз байланыс орнатып, бұрынғы үзіліп қалған байланысты қалпына келтіру жолында белсене еңбек етіп келеді. Ал қазақтың бай ауыз әдебиеті, Шығыс әдебиетімен тығыз байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Солай бола тұрса да, солақай саясаттың салдарынан Шығыс әдебиеті, тіпті туысқан түрік халқының әдебиеті де біз үшін жабық болып келді. Осыған байланысты қазақ фольклортану ғылымында көптеген шығыстық сюжеттер мен мотивтерге тоқталып, олардың шығу тегі мен өзіндік ерекшеліктері, қазақ ауыз әдебиетіндегі алатын орны туралы арнайы жазылған еңбектер осы кезге дейін болған емес.

Әрине, М.Әуезовтен бастап қазақтың фольклоршы-ғалымдары қазаққа кірген кірме сюжеттер туралы өз еңбектерінде жазды. Алайда, бұл мәселе осы уақытқа дейін тек ертегілерімізге үндіден, парсыдан, арабтан, немесе шығыстан кірген деп жалпылама ғана айтылғаны болмаса, ол мотивтерді сол халықтардың ауыз әдебиетімен салыстырып, сол елдегі фольклорлық шығармалармен арнайы қарастырған еңбектер жазылған жоқ.

Парсының бай әдебиетіндегі сюжеттер қай кезеңнен бастап қазақтың халық әдебиетіне ауыса бастады, қандай жолдармен кірді және қалай көрініс тапқандығы анық көрсетілмеді. Үнді мен парсы ертегілерінің өзіндік табиғатының ерекшеліктері мен тарихи поэтикасы жайында ғылыми талдаулардың әлі күнге дейін жазылмауы бұл саланың зерттелмей тың сүрлеу күйінде тұрғандығынан хабар береді.

Ежелгі дәуірлердегі әдеби байланыстарды айтпағанның өзінде, ХІХ ғасырдан бастап өзбек, татар, орыс тілдеріне аударылған «Кәлилә мен Димнә», «Мың бір түн», «Тотынама» секілді шығыстық маржандар «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті» т.б. сол кезде жарық көрген газет-журналдар арқылы да елге тарала бастады. Қазақтың қиссашыл ақындары шығыстық сюжеттерге құрылған дастан, қиссалар шығарып, ғибраттық өлең, термелерінде жырлады.

Осы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың өзінде шығыстан қанша сюжет ауысты, ол кірме сюжеттер қай жанрларда көрініс тапты деген мәселені де осы кезге дейін әлі ешкім жеріне жеткізе зерттеген емес. Тіпті, осы кезге дейін парсы мен үндіден кірген деп айтылып жүрген кейбір мотивтер мен персонаждардың өзі таза парсының фольклорынан ауысқан ба, әлде түркі-моңғол халықтарының фольклорынан керісінше олардың әдебиетіне ауысқан дүниелер ма осы жағы да қазіргі күнге дейін фольклортану ғылымында өз шешімін таппаған мәселелер. Бұл саланы арнайы түрде қараған зерттеушілер болған жоқ. Тек қана С.Қасқабасов «Қазақтың халық прозасы» атты кітабында «Кәлилә мен Димнедегі» сюжеттердің қазақтың хайуанаттар жайлы ертегілеріне ауысқандығын нақты мысалдармен көрсетіп, ортағасырлық парсы прозасынан кірген сюжеттердің новеллалық көріністерін айтып, талдап өтеді.

Шығыстық мотивтердің қазақ ертегілерінде пайда болу себептері мен ерекшеліктері туралы жалпылама пікірлер бар, олар қазақ фольклорының эпикалық жанрларын зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде ұшырасып отырады. Алайда, бұл ғылыми еңбектер басқа арнаны көздегендіктен, ондағы үнді-ираннан енген сарындар жағы ашып көрсетілмей, тек үстіртін баяндаумен ғана шектеліп қала берген.

Үнді мен парсыдан кірген деп айтылып, қиял-ғажайып ертегілер мен салт ертегілерде қарастырылып жүрген кейбір мотивтердің негізін ежелгі дәуірдегі ортақ мәдениеттен, ертеде өмір сүрген сақ, ғұн, арий тайпаларының наным-сенімдерінен, олардың тотемдік культтарынан бастау қажет. Солай қарастырған жағдайда ғана, бұл мотивтердің бертінгі феодалдық дәуірдегі пайда болған фольклорлық, прозалық жанрлардың сюжеттеріндегі даму ерекшеліктерін жан-жақты терең қарастыруға жол ашылады.

Ежелгі замандарда дүниеге келген бұл мотивтердің алғашқы формалары осы Азия халықтарының мифологиялық аңыздарында елеулі роль атқарған. Олар алғашқы қоғам кезеңіндегі адамдардың құдайлар турасында туғызған мифтер жүйесін құрағандығын көреміз.

Түбі бір түркі халықтарының фольклорында ұшырасатын дінмен бірге кірген сюжеттер мен үнді жєне парсының мәдениетінен ауысқан мотивтерді анықтау үшін тарихи-типологиялық тәсілге жүгінуді қажет етеді. Ертегі жанрында кездесетін үнді мен парсыдан ауысқан сюжеттер мен мотивтерді арнайы зерттеу мақсатында өз еңбегімізде – шығу тегі бір, тарихы ортақ, тілі мен діні жақын туыс елдердің фольклорлық кейіпкерлерінің шығу ерекшеліктерін дәлелдеу және оны басқа халықтардың фольклорындағы соған ұқсас персонаждармен салыстырып, кірме мотивтер деп аталып жүрген жәйттердің өзегін ашу мақсатында тарихи-генетикалық тұрғыдан да қарастырдық.

Сонымен қатар қазақ ертегілерінде кездесетін Үндістан мен Ираннан кірген мотивтердің фольклорымызға келу себептері мен салдарын, оның қоғамның даму үрдісіне орай өзгеріске түсу жолдарын да жан-жақты қарастыру көзделді. Мотивтердің атқаратын функциясына қарай оның қалыптасқан ерекшелігі және тарихи дәуірлердің өзгеруіне, не болмаса әр заманның өзіне сай идеологиясына байланысты құбылулар да зерттеудің негізгі объектісіне айналды.

Жекелеген халықтарда ғана емес, дүниежүзінің фольклор жанрларынан орын алған көптеген ескі наным-сенімдер мен көне мифтік әңгімелер, сондай-ақ аңыз-әңгімелерде сөз болатын құдайлар мен жартылай құдайлар кейінгі кездерде ертегі жанрларында көрініс тауып, ертегі кейіпкерлеріне айналғандығын көреміз. Көпшілігі кезінде әлемнің жаратылысы туралы тудырған белгілі бір діни түсініктер аясынан шыққандықтан бұл кірме сюжеттер тек ертегілерден ауысқан екен деп қарамау керек. Зерттеу барысында бұл мотивтердің кейбірі зәрдушт дінінің ішіндегі пайғамбар мен үндінің брахма секілді әулиелердің бейнелері және тарихи тұлғалардың өзгеріске түскен көріністерінен келіп ертегілік кейіпкерлерге айналған жағдаяттардың да бар екендігіне көз жеткіземіз.

Еуропа ғалымдары үнді мен парсы мәдениетінің бай мұраларын ХVІІІ ғасырдан бастап-ақ өз тілдеріне аударып, ол туралы қызықты зерттеулер жүргізіп келеді. Фольклортанушы ғалымдармен қатар этнографтар, тарихшылар, теологтар мен ақындар да өз еңбектерін Шығыс тақырыбына арнап, оған қызығушылық танытқан. Осылайша Еуропада шығыстану деген іргелі ғылым дүниеге келіп, сала-сала бойынша зерттейтін институттар бірнеше ғасыр бойы өз жұмыстарын жалғастырып келе жатқандығы бүкіл дүниеге белгілі.

Бүгінгі таңда исламға дейінгі дәуірде Иран жерінде кеңінен тараған зороастризм дініне байланысты дүниеге келген діни аңыз-әңгімелер мен ертегілердегі мотивтердің таралуы жайлы ғылыми зерттеу еңбектер еуропа ғалымдары тарапынан қарастырылып, француз, неміс, ағылшын, орыс, парсы зерттеушілерінің негізінде біршама зерттелген.

Бұл ертегі, аңыздардағы мотивтердің шығуының діни негізі басымырақ, себебі, мазмұнын сонау ертеректегі тотемизм мен одан кейінірек дүниеге келген зәрдушт дініне байланысты, сол дәуірлерде қалыптасқан түрлі наным-сенімдердің, әдет-ғұрыптардың көріністері кейінгі дәуірлердегі фольклорлық жанрларға сіңісіп кеткендігін көреміз. Зәрдушт дінін зерттеуші ғалымдардың өзі бұл дінді нақты бір ғасырдың жемісі деп ашып айта алмай отыр. Себебі, онда орын алған түсініктердің көбі бір ғана кезеңнің емес, бірнеше ғасырдың жемісі екендігі ғылымда айтылып жүр.

Біз өз еңбегімізде ертегілердегі шығыстан кірген мотивтердің шығу тарихы жайлы сөз ете отырып, оның таралу кезеңдері мен қазақ фольклорында алатын орны туралы айтуды мақсат еттік. Бұл салаға арналған негізгі материалдарды парсы тілінен аударып, ол туралы жазған Иран ғалымдарының тұжырымдарын да пайдаландық. Сонымен қатар парсыға туыс тәжік фольклорындағы ұқсастықтар мен кейбір айырмашылықтардың себебін, өзбек пен тәжік фольклорында болып жататын ауыс-түйіс кірме сюжеттердің, әсіресе тәжік фольклорына түркі, өзбек тайпаларынан ауысқан сюжеттердің молдығын геосаяси және тұрмыстық жағдайларға байланысты болатындығына назар аудардық.

Қазақ фольклорындағы шығыстан кірген кірме сюжеттер мен мотивтер осы күнге дейін арнайы зерттеу нысанына айналмағандықтан, көптеген еңбектерді сол елдің зерттеушілерінен ала отырып, өзімізше тұжырым жасауға тура келді. Себебі кейбір парсы ғалымдары мен Еуропа ғалымдарының еңбектерінде түркі халықтарының өзіне тән культтары мен персонаждарының кейбірін парсы әдебиетінен ауысқан деген біржақты ұстанымдармен кетіп қалатын жәйттер де кездеседі.

Кез келген халық өзінің даму процесі барысында өзге елдің мәдениетінен үйреніп, сол арқылы мәдени байлығын молайтып отыратындығы тарихи жағдай. Мәдениеті мен тілінде өзге халықтың элементтері кездеспейтін бірде-бір халық дүниеде жоқ. Демек, түркі мәдениетінің де қасындағы көрші мемлекеттерге болған әсерін ешкім жоққа шығара алмаса керекті. Біз өз еңбегімізде осы жәйттарды да назарда ұстауға тырыстық.

Академик Ә.Марғұлан өзінің «Ежелгі жыр, аңыздар» атты кітабында Иранмен қазақ даласы арасындағы байланыстың тамыры тереңде жатқандығы туралы былай дейді: «Хазарлардың, қыпшақ, печенектердің ІХ-Х ғасырларда қандай қызықты хикая аңыз (рауаят) айтуларын Иран әдебиеті әдемі түрде жазып қалдырған. (Мудәнмал ат-таварих вал-кисас). Бұл аңызды бір кезде Фирдоуси («Шахнама») және Абурайхан Бируни де пайдаланған. (Иран-Хазар рауаяты)» [2,5].

Демек, үнді мен парсы әдебиеті мен түркі халықтарының байланысының тамырын тереңнен іздеуіміз керек. Үндістандағы Гупта империясын біздің дәуіріміздің VІ ғасырында ғұндар барып талқандап, өз билігін жүргізгендігін, оның алдында сақтар мен кошандардың үнді жерін билегендігін айтпағанның өзінде Закираддин Бабырдың Ұлы моғол империясын Индияда барып орнатқандығы мен сол кезеңнен бастап жазылған шығармалардан-ақ мәдени қатынастардың ұдайы жүріп отырғандығын көреміз.

Үнді мен парсы әдебиетінің түркі халықтарының фольклорымен байланысын түгелдей алып қарастыру бір кітаптың көлеміне сыймайды. Сондықтан да тек қана түркі халықтары, оның ішінде қазақ ертегілерінде кездесетін үнді-иран мотивтері – зерттеу нысанасы ретінде қарастырылды. Жұмыс барысында автор орыс, қазақ фольклористерінің зерттеулерімен қатар өзбек, тәжік және парсы ғалымдарының да еңбектерін пайдалана отырып, керек жерінде олардың шығармаларындағы сілтемелерді сол тілдерде оригинал күйінде келтірген жерлері бар. Парсы, тәжік кітабынан алынған сілтемелерінің жанында қазақша аудармасын да беруге тырыстық.

Осы жұмыстың орындалуына жетекшілік еткен Ұлттық Ѓылым Академиясының академигі, профессор Сейіт Қасқабасов пен өзі басқарып отырған Әдебиет және өнер институтының ұжымына және А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Ғылым орталығынының директоры, профессор Ш. Ибраевқа шексіз алғысымды білдіремін. Қазіргі таңда Түркістанда Түркология ғылыми-зерттеу институты осы кенжелеп қалған түркология ғылымын дамыту жолында іргелі еңбектер жазып, өзекті мәселелерді шешуді жолға қойып отыр.



БІРІНШІ ТАРАУ

  1   2   3   4   5   6   7   8   9


©netref.ru 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет