Тұрсын Жұртбай: «Көкірегімде Алла мен алаш әкемнің аманатындай »



Дата25.04.2016
өлшемі136.45 Kb.
25.10.2011.

Тұрсын Жұртбай: «Көкірегімде Алла мен алаш әкемнің аманатындай...».



  • Тұрсын аға, қазақ әдебиетінде орны айқын адамсыз. Нарынқол ауданының құрметті азаматы екенсіз. Ердің жасы елуге толғанда, Мұқағали елі Сізге ат мінгізіпті. Сонда бағзы бабам Қазақ тәрізді сары даламда еркін жортсын, иен жүрсін деп жылқының жүген-ноқтасын сыпырып алып, қоя беріпсіз. Бұл ырымды тегін емес, азаттықтың рухына бас ию, мәртебесін ұлықтау деп түсіндім. Өзіңіз не ойладыңыз? Туған еліңіз Абай ауданы құрметті азамат атағын Сізге берді ме?

  • Ол рас. Алаш идеясын Мұқтар Әуезов шығармалары арқылы халыққа жеткізуді, сол арқылы өз идеяларымды қоса жеткізуді мақсат етіп еттім. 1979-80 жылдары Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» атты повесінің тарихи деректері туралы мемлекеттік архивтердегі көптеген құжаттарды оқығанда төбе құйқам шымырлады. Сондықтан осы құжаттарда айтылған жер мен адам тағдыры туралы терең білгім келді. 1979-80 жылдары жаз айында Қарқара жеріне барып, сол жердің адамдарымен таныстым. Тарихи, көркем шындықты адамдардың айтқандарымен салыстырдым. Бәкей қыздың өмірде болғанын, Жәмеңке, Ұзақ тәрізді көтеріліс басшыларының балаларын есту үлкен әсер қалдырды. «Бейуақ» атты кітап жаздым, 1991 жылы «Қазақстан» баспасынан жарық көрді. Жазалаушылардан фон Берг: «Бір сайға келгенде қазақтарды қудық, 112 баланы жасырып кетіпті, оның 56-сы ұл, 55-і қыз. Тірі қалғаны жоқ, бір бұта түбінде бір бала тұр, шауып өткенде басы жерге сылқ етті, қылыш қиып түскенде басы орнында тұрып қалыпты. 540 адамды ауыл арасындағы балталасудан өткіздік. Олар саптан шыққанда 30-40 адам қалды. Содан кешке жақын, қалаға уезд орталығына келгенде, офицерлер би билеп, көңіл көтеріп, қалғандарын атып өлтірді». Қазақтарды бала-шағасына шейін қырғындатқан Беловодье поселкесінің адамдары. Осыны жазып отырып, төсекке етпетімнен түсіп, еңіреп жыладым.

Сол албан оқиғасының куәгері Имашев, Тәнекеев сияқты ақсақалдар көздерінен жасы ағып отырып, рахметін айтып, Ұзақ батырдың тойына шақырды. Нарынқол, Кеген, Шелек, Ұйғыр, Жаркент аудандары біріккен, Шалкөдеде өткен сол үлкен тойда мені сахнаға шақырып, алғыс айтып, осы ауданның құрметті азаматы деп жариялады. Жиылған мыңнан аса халық ду қол шапалақтады. Бұл міндетті Нарынқол ауданының әкімі өз міндетіне алды. Ол тарихи шындықты архивтен тауып, аруақтарды еске алғаныма ризашылық білдірді. Құйысқанды, жүгенді, өмілдірікті, ер тоқымды атты бір бала мініп келіп, алдыма тартты. Атпен топты бір айналып өттім де, сахнаға көтерілдім. Есіме Ференц Бууда есімді мадияр досымның: «Тұрсын, сенімен бірге қазақ даласында менің жүрегім көшіп жүреді» деп жазған хат жолдары түсті. «Егер осы атты маған сыйлағандарың рас болса, онда ертоқымын, жүгенін сыпырып тастап, еркін қоя беріңіздер. Ол бостандық аңсаған бабаларымыздың белгісіндей болып, мынау албан тауларында емін-еркін жүрсін» дедім. Сол арада жылқының жүгенін сыпырып алып, қоя берді.

  • Бұл Кеңес одағы әлі тарқамаған кез ғой. Арғымақты бұлай ардақтағаныңыз ел көңілінен шыққаны айдан анық.

  • Менің де азаттық іздеген көңілім халықтың көңілімен ұштасып, бір ұшқын тастағанына ризамын. Қарқара жұрты осы күнге шейін біздің төл перзентіміз деп қабылдап, мені төріне шығарады. Оған биылғы жаздағы көрген сый, көрсеткен ибасы дәлел.

Ал 2001 жылы өзімнің туған ауылым Абай ауданының құрметті азаматы атағын берді.

  • Тұрсын аға, Сіз ақын болып бастадыңыз. «Қоңыр қаз», «Жүрегімде жұмыр жер» атты қос жинағыңыз 1978, 1980 жылдары жарық көрді. Поэзия, проза, ғылыми зерттеулер. Ғылым докторы атағын ғалым ретінде алдыңыз. Жазушылық еріккеннің ермегі емес. Адам өмірін тегіс билеп-төстейтін, балы мен уы тең, жанкештілікті сүйетін құбылыс. Оқырмандарыңыз қандай және олардан тосын мінездер көрдіңіз бе?

  • Әрине, оқырмандарым жастар емес. Олардың дені егде тартқан, өмірден сабақ алған, ой түйген адамдар. Өзіме кештеу көрінгенмен, әрбір қалам тартқан өзге қатарластарыма қарағанда ерте танылдым. Бошай Кітапбаев ағамыз осы күнге шейін телефон шалып, хат жазып тұрады. Сонда бар айтатыны: «Тұрсын-ау, мен жұмыссыз қалдым ғой, алдыңғы кітабыңды оқи-оқи тозып кетті. Жаңа шыққан кітабыңды берсеңші, әйтпесе кемпіріме сүйкімім кетті».

Өз оқырмандарымның тарапынан қызық оқиғаларға тап болғаным бар. 1987 жылы күз айларында желтоқсан оқиғасына байланысты қаза тапқан бір қыздың үйін іздеп, батыс облыстарын араладым. Олжас Сүлейменов іссапарымызға сылтау болсын деп әдебиетті насихаттау бөлімі арқылы қасыма Назымбек Боқаевты қосып жіберді. Мұндай құпия істің ең оңтайлы жолы кездесулер өткізу. Ол жағын Назымбек жақсы ұйымдастыра біледі. Бір күні халық ақыны Жарылқаповтың ауылы Шетпе ауданындағы Бозашыда кездесу ұйымдастырылды. Сағат 12-де басталуы тиісті шараға жарты сағаттай ерте бардық. Ауылдық кеңестің төрағасы, мектеп директоры қарсы алды. Мектептің алдында бізді әңгімеге айналдырып, бір жарым сағаттай ұстады. Ақ фартук киген мектеп оқушылары да шаршап ойнай бастады. Ауылнайға кездесудің жайын айтсақ болды, қазір бастаймыз, үлкен кісі келсін, Тұқаң келсін, соны күтіп тұрмыз дейді. Сағат 2-ге айналғанда, мен қабағымды түйіңкіреп: «Үлкен кісіңіздің алдында мына Бозашының құмындай ұсақтап болдық қой, балаларға обал болды» дедім. «Жазушыларды күтіп тұрмыз, сол кісі кешігіп жатыр, жаңа ауданнан шықты деп хабарлады. Тұқаңды, атақты Тұрсын Жұртбаевты күтіп тұрмыз» деді. Мен күліп жібердім: «Қазақта Тұрсын Жұртбаев біреу, ол алдарыңызда тұр». «Жоқ, сіздің Тұрсын Жұртбаев екеніңізді білеміз ғой, бірақ Әуезов туралы жазған Тұрсын Жұртбаевты күтіп тұрмыз» деп жауап бергені. «Егер «Бесігіңді түзе» деген шығарманы жазған адам болса, сол мен» дедім. «Алла, мен сізді Әзілхан Нұршайықов пен Тахауи Ахтанов сияқты үлкен жазушы екен десем, кешіріңіз» дейді. Менің 30-ға әлі толмаған кезім болған соң солай ойлап қалғаны белгілі болды. Сөзден тыйылып, мектепке қарай бастай берді. Сөйтіп, өзімді-өзім екі сағат күтіп тұрған жайым бар.

  • Тұрсын аға, мынауыңыз Қожанасыр әпендінің өзі қызыққандай айшықты оқиға екен. Өзімді іздеп жүрмін деген ғажайып философия шығады. Жарық күнде қолына шам ұстап адам іздеп жүрген көне данышпанды еске салады екен.

  • Мені сол күйімде қабылдамауды тағы бір мәрте Қытайда көрдім. 2006 жылы Пекин Ұлттар университетінің шақыртуымен 6 ай сабақ бердім. Қайтарымда Алтай тауының басынан түсіп, Тарбағатайдың сілемінен бірақ шықтым. Алтай аймағының уәлиі менің «Дулыға» атты кітабымды жатқа айтатын кісі екен. Мен сенбей, күліп қана қойдым. Өтірік те болса мақтағанды кім жек көрсін. Бірақ қазақ іші емес, сонау Шығыс Түркістанда «Дулығаны» оқып, оны жатқа айтатын адам бар дегенге сену қиын-ақ. Менің күлгенім көңіліне келіп қалса керек. Ертеңіне шығарып саларда қаладан 15 алшақ шақырымдай тігілген киіз үйге 4-5 адам асығып кіріп келді. Әнші, ақын, мұғалімдер сізге қуып келіп, сәлем берейік деп едік деп жөндерін айтты. Әңгіме орайласа бергенде, Қадір деген мұғалім жігіт «Дулығаны» сыдырта мазмұндай жөнелгенде өзім таң қалдым. Кітаптағы 77 тұлғаның әрқайсысының тағдырын жеке-жеке айтып беруге тыңдайтын уақыт болса дайын тұр. Осыдан кейін оқырманым жоқ деп қалай айта аламын.

  • «Дулыға» атты қос томдық кітабыңыз түркінің екі мың жыл тарихын сараптайды ма? Сол арқылы ұлттың ұюын армандайсыз. «Дулығаны» қайтадан өңдеу ойыңызда бар ма?

  • Иә, ондай ойым болды. Егде тартқан сайын отыз жастағы Тұрсынның жазғанын кексе Тұрсын көңіліне тоғыта қоймайтыны шындық. Және осы екі кітаптың ортасында рухани тарихты қамтитын бір кітаптың деректері жасалып жоспарланып, істі бастап кету ғана қалған еді. Сол тұста жан досым Жәнібек қаза тапты да, дүниеден баз кешіп, 2-3 жылдай мәңгіріп жүрдім.

  • Қазақтың керемет әншісі, жазушы Жәнібек Кәрменовтың рухына «Дулыға» кітабыңызды арнадыңыз. Жәнібек тыңдаған да арманда, тыңдамаған да арманда дегізетін жан ғой.

  • Кейін мүлдем ысырып тастадым. Сол орындалмаған істің аңсары қалды ма, «Дулығаны» толықтырсам деген ой бір сәтте естен шыққан емес. Сол мақсатта тарихи деректерді 10 жыл жинастырдым. Қытайда өткен 6 айдың ішінде ғұн дәуіріне қатысты деректерді, сол оқиға өткен жерлерді көзіммен көрдім. Мәліметтерді екшеп, сұрыптап, саралаудан өткізіп, қайта аударуға дайындағаннан кейін, жиған-тергенімді «Дулығадағы» жазған мәліметтермен салыстырдым. Сізге өтірік, маған шын, сол деректердің барлығы да «Дулығада» бар және одан толықтау берілген екен. Көңілім біртүрлі қоңылтақсып, өзіме-өзім сенімсіздеу күйде қалдым. Содан кейін 2007-2008 жылдары Монғолияны ендік бойынша да, бойлық бойынша да аралап, көне түркілерге қатысты ескерткіштер мен қорымдарды көргеннен кейін, ойлау жүйеме өзгеріс енді. Бетіндегі шаңды үрлеп қалсам, көне түркі мен Шыңғыс қағанаты тұсындағы қазақтың тарихы тастың бетіне самсап шыға келеді. Тағы да кітабымның 2-ші басылымына өзгеріс енгізгім келді. Тағы да сізге өтірік, маған шын, жиған-тергенімнің бәрі алдымнан шықты. Тек Тоныкөктің мекені Ақ от деп аталатыны жазылмапты. Сосын «Қанішер Шыңғысхан» дегендегі «қанішер» дегенді сызып тастадым. Кітабымды түземекке 3-ші рет оқталдым. Хасен Оралтайдың шақыруымен, Дүйсен Қасейіновтың серіктестігімен Түркияның батысы мен шығысын, оңтүстігін көлікпен аралап шықтым. Соның ішінде қазіргі Сельджук қаласының жанындағы көне Эфес қаласын көру ғажайып бір тебіреніске қалдырды. Бұл ер апалардың – амазонкалардың отаны атанған жер. Оның қасында әлем мәтелге айналдырған, Герострат өртеп атын шығарған Артемида храмы орналасқан төбенің әсері әлдеқайда пәс болды. Эфес туралы жазбаларды молынша мол жидым. Стамбулға келген соң университеттің архивінен, Осман архивінен 80-ге тарта кітап пен қолжазбалардың көшірмесін алдым.

Енді «Дулығаның» өзіме қарсы тұратындай шамасының жоқтығына сендім. Бірден әсерімді жоймай, іске кірістім. Дегеніме тағы да жете алмадым. Түркиядан тауып әкелген деректердегі жоқ жерлері «Дулығаның» ішінен шықты. Сонда ғана, 30 жасар Тұрсынның 60 жасар Тұрсыннан әлдеқайда білімді, қабілетті, шыншыл болғанына көзім жетті. Енді сол өкініштің барлығының басын қосып, шағын әпсаналардан тұратын «Жеті жұрт» атты жазбаны қағазға түсірсем, сонда ғана аңсарым басылатын сияқты. Сол үшін кейде ешкімге пайдасы жоқтай көрінетін ғылымнан бас тартып кеткім келеді. Бірақ...

  • Жазушы қауымы расында жемісі мол мәуелі ағаш тәрізді. Сол жас өскінді мәпелеп өсірген бағбан әкеңіз болар. Әке туралы не айтасыз?

  • Маған осы күнге шейін әкемнің жан жылуы, демі, бір қолдауы жетпей тұрған сияқты. Тіршіліктің талай талқысын көріп, уайымы жүрегімізді құрттай кемірді. Сондай қысылған шақта әкем көз алдыма келіп, ол қандай шешім қабылдар еді, өзін қалай ұстар еді деген ойға келемін де, ішімнен әкеме сыйына отырып, шешім қабылдаймын. Дұрыс па, бұрыс па, кім білсін, бірақ арымның алдында таза жан сияқты сезініп, бойым жеңілдеп қалады. Жұбанышы жоқ нәрседен жұбаныш, дауасызға дауа тапқандай боламын. Сондайда осы замандағы алдыңғы қатарлы оқымыстылардың санатындағы мына менен ғөрі сауаты ашылмаған, оқымаған Құдакелді әлдеқайда сауаттырақ көрінетін сияқтанады. Кейде болмашыға шарт ете қалатын мінезі бар еді. Оның өзі орынсыз тентектік, шалдуарлық сияқты көрінетін. Қазір ойласам, сол мінезінің өзінде қоғамға, адамдарға, олардың бойындағы жағымсыз қасиеттеріне деген бір қарсылық бар екен. Өмір бойы орталықтан тыс қыстақ бөлімшеде тұрып келген әкем ешқашанда көлікке мінуге ұмтылған емес еді. Бас еркімнен айрылып қаламын, ана шопыр қайда кетті, мына шопыр қайда кетті деп жалынышты болып жүремін бе деп ылғи баратын жеріне атпен барып, қонатын жеріне қонып, асықпай жүретін.

  • Тұрсын аға, көшпелілер дәуірі осы кісілермен тұйықталғаны ғой. Олар бір таза ғаламда тіршілік құрған дерсіз. Алдау, арбауы аз, ер мінезі мол.

  • Әкем тез шешім қабылдап, тез райынан қайтатын. Аузынан Алласы, қолынан қамшысы түскен жоқ. Кей түндері аруақ шақырып, Қабанбайлап ұран тастап, үйдің кереге, уығын сабалап, шаңыраққа шығып кететіндей көрінуші еді. Біз апайым Айымхан, қарындасым Төлеу үшеуміз көрпені ақырын ашып, үндемей тыныш жататынбыз. Кейде екі ауылдың ортасында келе жатып, атқа бір құйрығымен шоқайып отырып, ұйықтап келе жататын. Соны көрген апайым мен қарындасым «Қазір атам оянады, шабады» деп мені сыртқа шақырып алады. Айтқандарындай жол ортаға келгенде, кілт оянып, атына тақым басып, қамшылап-қамшылап жіберіп, «Қабанбай, Қабанбай!» деп тұра шабатын.

  • Неге атам дейді, әкесі емес пе?

  • Бізді кештеу көрген. Қазақтың ұлттық мінезі. Үйдің алдына кеп тоқтағанда, бойы жеңілденгендей күлімсіреп, кінәлі адамдай күле кіретін. Әкем біреудің қамқорсығанын жек көретін. Сондайды сезсе болды, өз-өзінен шамырқанып, өзіне-өзі шаптыға сөйлейтін. Не болмас атына міне салып, беті ауған жаққа тұра шабатын. Мен әкемнің осы мінездерінен кәдімгідей намыстанатын едім. Қазір ойлап отырсам, сол көріністердің астарында өмірге деген үлкен бір емеурін, ыза жатыр екен. Ақылы мен мінезі шарпысқан тұста, мінезіне жеңдіретін осалдық менің де бойымда бар. Абайдың ақылыңды мінезіңнің сауытына сыйғызып, мінезіңді биле деген сөзі біздің үрім-бұтаққа қонбаса керек. Алайда әкемді де, мені мен апа-қарындастарымды да арына шіркеу түсірді деп ешкім айта алмас.

Менің әкем 16 жасында, 1918 жылғы сәуір айында Ахмет Байтұрсыновтың құпия хатын Мақаншыда соғысып жатқан Алаш жасағының қолбасы Садық Аманжоловқа апарып беріпті. Жас бала елеусіз көрінеді десе керек. Бірақ еленген екен. Әкем 1930 жылы ұсталып, Алматы қаласында түрмеге қамалады. Демек, қызылдардың тыңшысы жақсы жұмыс істеген болып шықты. Сол жолғы атыс кезінде Алашорда қайраткері Отыншы Әлжановты қызылдар өртеп жіберді. Әкем тағылған айыпты мойындамаса керек. 1918 жылғы шамамен ақпан айында үш адам түрмеден қашып шығады. Бұл енді ұзақ һәм қасіретке толы тарих.

  • Тұрсын аға, әкеңізді айтқанда мөлтеңдеген сағыныш пен кінә сезімі кеудеңізді қатар буып отырғандай көрінді, қатты ренжіткен кезіңіз болды ма?

  • Әкем табын малды айдап апарушы, бақташы болды. Бұл кәсібін ол өмірі өзгерткен емес. 1962-1963 жыл аралығында әкем Дегелеңдегі атом полигонында сынаққа қойылған малдарды бақты. Біз де қасында болдық. Қазіргі Дегелең шахтасынан 40 шақырым жерде тұрдық. Мамырда қабылдап алған табындар шілде айында тірідей жидіп, жүні түсіп, үймелеген шыбындарға шыдамай, өкіріп барып құлайтын. Солдаттар жиылып келіп, табынды үстіне бензин шашып, өртеп жіберетін.

1964 жылы 3 тамыз күні немере апайым Түбітхан ( жазушы Думан Рамазанның анасы) келіп, мені полигоннан алып кетті. Желтоқсанда әкем, апайым, қарындасым үшеуі келді. Қоғамның тепкісінен сонда ғана құтылдық. Ал қарындасым Төлеу 21 жасында КазГУ-дің 4 курсында ақ қан ауруынан қайтыс болды. Апайым Айымхан да сол дерттен 59 жасында дүниеден озды. Мен адамдардың жақсылығының сәулесінің арқасында жетілген жалғыз түп қараған сияқтымын.

  • Біздің Абай елі полигонның зардабын 40 жылдан кейін де тартып келеді. Ауылда өмір сүру жасы 40-тан аспайтын адамдар көбейіп кетті. Мұның бәрінің сұрауы бола ма?

  • Қазақтың қайғысын айтсақ, бір қайғыдан мың қайғы шығады. Егер де немере ағам Нұрғазы Райбаевтың тәрбиесіне ілінбесем, өмірімді түрмеде аяқтайтыным анық еді. Өйткені жоғарыдағыдай өмір талқысында жүріп, төбелестің, ұрлықтың, қиянаттың сырын білмеу мүмкін емес еді. Кішкентай жүрегімде бір кектің қаны тас болып қатып қалған сияқты. Өмірден бір алынбаған кегім бар сияқты көрінетін. Міне, бізді осындай өмір талқысынан алып шыққан әкемді бір қуантып, бір қатты ренжіткенім бар. Сол уақиға менің бүкіл өмірімнің келешегін анықтап берді десем болады.

  • Бір жамандықтың бір жақсылығы болады немесе құдай оңға бастарда адам жаны әуелі лас дүниеден шамырқану, өксу, құса арқылы тазару керек. Көне трагедияның бұл құбылысын данышпан Аристотель катарсис деп атайды. Сонымен сіздің катарсисіңіз осы сәт болды ғой?

  • Біз шешемізден ерте айрылдық. Апайым 11, мен 7, қарындасым 2 жасында қалды. Сөз өнеріне бет бұрып, аудан, облыс, республикалық газеттерге 7 кластан өлең, мақалаларым жариялана бастады. Әкем ұлының өз орнын өмірден табатына көзі жетті. Мен интернатта тұрдым, қысқы демалыс кезінде бөлімшедегі үйге бардым. Ол электр сымы ауылға жетпеген кез. Мұрат деген жігіт түнгі сағат 10-ға дейін ғана трактордың моторы арқылы жарық береді. Мен тілін тауып, оның бұл уақытын түнгі 12-ге дейін ұзарттым. Бірақ бұл жарық та кітап оқуға аздық етті. Шам жарығымен түн жарымға дейін оқимын, әкемнің кеудесін ыс алып кетеді, жөтеледі. Джек Лондонның «Мартин Иден» атты романының қызығымен түнгі 3-ке шейін отырып қалыппын. Әкем жөтеліп: «Құдайдың түнімен жарыспа, шамды өшір, оқу соғып кетеді, демал!» деді. «Құдай жоқ, құдайың құрыған!» дедім жұлып алғандай, жын түрткендей. Әкем «Ыһ!» деді де, көрпесін бүркеніп, жата қалды. Мінезін білем, артық кеткенімді сезіп, шамды өшіріп, жата қалдым. Бір мезгілде күбір-күбірден ояндым. Мекіш Жақып қарт келіпті, Бақтажар Мекішевтің әкесі. Апайым, әкем үшеуі шай ішіп отыр. Бір шұрқылдың бар екенін сезіп, үндемей жаттым. Бір қозғалғанда, Мекіш ақсақал: «Тұрсын, тұра ғой, шай ішелік» деді. Асығыс шай іше сап, сытылып кетпек едім, бір сөзбен басты. Ол «Ә, Құдакелді» дегенде, әкем: «Әй, Мекіш, екеуміз бір заманда тудық, – деп бастады, - бір заманда қартайдық. Сен өмір бойы болшебек, Ленин деп өттің. Бес балаң да Мәскеу мен Алматыда оқыды. Мұратыңа жеттің. Сенің заманың жеңді. Ал мен Алла дедім, алаш дедім, өмірім жанталаспен өтті. Хадиша 12 құрсақ көтерді, аман қалғаны осы үшеуі. Қайтыс боларында: «Әй, Құдакелді, мына үшеуін пайғамбардың ақ туының алдында, сенің қолыңнан алмын» деп еді. Үйленуге мүмкіндік болды. Бірақ мына үшеуін әлдекімге жаутаңдатпайын дедім. Өмірден күдер үзіп, өз ғұмырымды қиып кететіндей қиын кезде осы үшеуінің тірлігін қимай, азапқа шыдап едім. Айымхан бой жетті. Мына жалғыз ер жетті. Өз орнын өмірден табатынына толық сенімдімін. Еш күдігім жоқ. Осы екеуі мына жаутаңкөзді (Төлеуді) далаға тастамайтын да білемін. Жан қиятындай қиын кезде, бір Аллаға сеніп, Алла, Алла деп осы күнге жеттім». Менің екі көзімнен жас тамып, дастарқанға тырс-тырс тамды. Басымды ұстап, төмен қарап отырмын. Бетім ду-ду етеді. «Мекіш, сен айтшы, қиын кезде Алла, Алла деп осы күнге жеттік. Түнде шамның білтесі кеудемді шалды. Құдайдың түнімен жарыспа деп едім, бұл менің Аллама тіл тигізді. Ал мені осы күнге жеткізген Аллаға деген сенім. Сенің кәмөнесің кедейге болыс дейді, менің Құраным да сүй дейді. Сенің Ленинің оқы десе, менің Құраным да оқы, адал бол дейді. Айтшы, мен Алланы аузыма алғаныма жазықтымын ба? Ұлымның болашағына Алла кесірін тигізсе, онда қу жалғыздың бақыты үшін Алладан да бас тартайын. Айтшы төрелігін, сені сол үшін шақырттым» деді әкем. Булығып отырмын, көзімнен жас сауылдай жөнелді. Мекіш ақсақал тұрды да: «Ой, Құдакелді, мұның не? Тұрсын келешегіміз, оны аудан біледі. Рас, менің де бес балам оқыды. Қазір қызыл билет қалтамда болса да, мен жаназа мен қатымға барып жүрмін. Бір қиыр бөлімшеде кемпірім екеуміз тұрамыз. Алламен де алыстық. Билетті өткізіп тастағым келеді. Болашағың алдында бір ақыл айтайын. Дүниедегі ең қасиетті нәрсе – сенім. О дүниедегі жаныңды жұбататын сол сенім. Одан қасиетті нәрсе жоқ. Алланың сеніміне тиіспеу керек. Сен жассың, партияға өтесің, серт бересің, сонда Алла жоқ деп аузыңмен айтсаң да, ішіңнен «Ей» Алла, кешір!» деп сұра. Осыны түсін, балам. Ал енді бара ғой», – деді.

Жүгіріп шығып, қораның үстіндегі шөпке етпетімнен түсіп, даусымды шығарып, солқылдап жылап жаттым. 1-2 сағаттан соң көзімді ашсам, үстімде көк аспан, миым да тұнық, кеудем де таза. Мына жарық дүниені басқаша көзқараспен көрдім. Содан бастап, Алла ішімде, алаш миымда, талай қателіктер жіберген шығармын. Бірақ адамның сеніміне, арына қиянат қылдым деп айта алмаймын. Әкем сөзінің мәтелінде Ахмет Байтұрсыновты Ахаң деп айтып отырып, «Қинамайды атқаны, қинамайды түрмесіне жапқаны, / Қинайды тек өз итімнің балағымнан қапқаны деп аяқтайтын еді. Содан бастап көкірегіме Алла мен алаш әкемнің аманатындай болып кірді. Мен бұл оқиғаларды, әкемнің ауыр жолын, жетім тағдырымды «Жер бесік», «Қар астындағы көбелек» атты роман-новеллаларымда қаз-қалпында беруге тырыстым.

  • Анаңыздың бейнесі есіңізде қалды ма?

  • Өнердің отты тамшысы шешемнің көз жасы арқылы бойыма тараған сияқты. Үнемі ән айтып, көзіне бір тамшы жас ілініп түратынын көретінмін. Бірақ атамның баласы болғандықтан жаттау өстім, көп жақындай бермейтінмін. Осы жалғызымның он алтыға толғанын көріп өлсем, арманым жоқ деп еміреніп отыратын. Бірде қыстауда отырдық. Айнала ермен, қышыма, ошаған өскен, соларды түн басып, мені қуып, ошақтың алдына алып келді. Жақындап-жақындап шешеме келдім. «Келші» деді, құшағына топ етіп едім, алдына алып, отты көсеп отырып: «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» деп ән салғанда жасы бетіме тамды. Үзіліп түскен жас ерніме тиді, дәмі кермек екен. Кеудемді от қарып өткендей болды. Сонда барып, шешемнің сондай сұлу, мейірімді, жылы екенін сезіндім. Жаңағы ән өзегімді қарып кеткендей борлды. Сөйтіп жүріп, «Қыз Жібек» хиссасын жаттай, сөзге үйір боп кеттім.

  • Қазіргі қазақ қоғамының теріс жақтары жаныңызға бата ма? Ұлттық мінезіміз ұсақталап, қазақтығымызды жоғалтып бара жатырмыз ба?

  • Ленин: «Капитализмнен өтпеген ұлтты ұлт деп есептемеу керек» дегені қазір ойыма оралады. Бұл бір сынақ, шынықтыру. Осыдан халық жанығып, атойлап барады. Ал биліктегілерге ұлттың уайымы көкейіне кірген жоқ. Олар қазір қаудың басын шалған өрт сияқты. Қаулап кетіп барады. Ал шөптің тамыры, ағаштың діңі шала күйсе де, нәрін бойына сақтап отыр. Тіл мәселесі де солай. Осы бір қоғамдық сана мынау жалғыз өрті қаудың басын ғана шалған от сөнген кезде, өртеңде көктеген өсімдік сияқты ұлттық сана да жаңарып, жасарып шыға келетініне толық сенімдімін. Өйткені бодандықтан шыққан ұлттардың даму тағдырына қарап отырсақ, осындай бір көрініс байқалады.

  • Балаларыңыз өз жолыңызды қуды ма?

  • Менің балаларымның барлығы да сөзді еміп өсті. Бір Жәнібектің өзі неге тұрады! Назымның кіндік әкесі. Қазақтың бар жазушылары еркелетіп отырды. Алма, Сұңқар, Назым да сөз өнерін қуды. Қазақта «Ит не жесе, соны құсады» деген мақал бар. Сұңқар мен Назым, келінім де журналист. Немелелерім иншалла, өсіп келеді. Алма аудармашы, үш тілге бірдей аударады. Сұңқардың жеке газеті бар. Назым жапон тілінің маманы, магистратурасын бітірген, КазГУ-дің журфагінде оқытушы. Ұл-қызымның өмір талабына еш өкпем жоқ. Ризамын. Тілейтінім: мен де, жалпы, әр адам ұлынан, қызынан қызығын көре берсе екен деймін. Болсын, болмасын деген оңбасын! Менің өмірлік мақсатым осы!

  • Тұрсын аға, бағыңыз арта берсін! Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан: Айгүл Кемелбаева.
Каталог: repository -> history -> 16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Тұрсын Жұртбай: Қазақ әдебиеті «Абай жолы» романынсыз қалар еді
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Қазақстанды қуатты мемлекет ету барысында бүгінгі қазақ зиялысының да арқасында ауыр жүк тұрғаны анық. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі интеллигенция өзінің мойнына жүктелген ұлт сенімін қаншалықты ақтай алып отыр?
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Аға, биыл қазақ халқын әлемге танытқан «Абай жолы» роман эпопеясының жарыққа шыққанына 70 жыл толады екен. Мұхтар Әуезов бұл романды жазуға қалай келген еді?
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Қазақты бөлетін емес, біріктіретін идеяда жұмыс істеу керек Қолымдағы материалдардың жалпы көлемі 2 300 беттен асады
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Ф. Жазушылар. П. айгүл. С. Абдрахманов
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Сыр сұхбат «Отырар кітапханасын» қайта тірілту ойда бар
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Дербес ұлт, тәуелсіз ел болып қалғымыз келсе, ұлттық идеяны ұйытуымыз қажет. – Осыдан 25 жыл бұрын: «Рухани тәуелсіздікке жетпеген ұлт мәңгілік басыбайлы болып қала бермек»
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Сізді өз басым нағыз алаштанушы ғалым ретінде танимын. Қазіргі кезде екінің бірі алаштануды меншіктегісі келіп, оны сәнге айналдырып алғандай көрінеді. Олар жан-жаққа тарап жүргендей
16%20%D0%BF%D0%B0%D0%BF%D0%BA%D0%B0.%20%D0%98%D0%BD%D1%82%D0%B5%D0%B2%D1%8C%D1%8E-%D1%81%D2%B1%D1%85%D0%B1%D0%B0%D1%82%D1%82%D0%B0%D1%80 -> Тұрсын Жұртбаевқа «Айқын» газетінің сұрақтары. Кезінде сіз жазған «Құнанбай қажы»


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет