Тұрсын ЖҰртбай нағыздың нығызы



жүктеу 215.56 Kb.
Дата18.04.2016
өлшемі215.56 Kb.
: repository -> history -> %D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Байғали Досымжанов
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Ақын әрі әкім досқа жауап
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ШАҒабутдин маржани
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Танант дегеніміз мінез
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай қос қайырым мағауияның БӘйтерегі
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Жұртбаев Т. Жазушы, ғалым қайым (Ғабдұдқайым) Мұқамедханов 75 жаста // Қазақ әдебиеті. 1991. 1 ақпан. 4 бет
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ТҰҢҒыштар тынысы
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Елі үшін елжіреген азамат
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тамырлас тағдырлар
%D0%B0%D0%B4%D0%B0%D0%BC%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Қаржаубай Сартқожаұлы туралы




Тұрсын ЖҰРТБАЙ

НАҒЫЗДЫҢ НЫҒЫЗЫ


Күнделікті тіршілікте адамның көп жақсы қасиеттерінің үйреншікті болып кететіні сондай, кейде дүниенің бағасын үстірт үстемелетіп, ойжота пікір қорытуға да бой үйретіп алдық. Бұл бірдің бойындағы емес, көптің бой алдырған мінезі шығар деп ойлаймын. Мүмкін, мұның астарында өзімсініп, жаныңа жақын тартып, болмысыңа табиғи етенелесіп кеткен сыралғылық та жатқан болар. Өйткені сол адам арқылы өзіңнің бойыңа сіңірген, бара-бара қалыптасқан өмірлік ғадетіңе айналып кеткен үйірсек мінезіңнің күрмеуін күнде жаза бермейсің. Алайда өмір атты ұршық иірген тұтам ғұмырдың ұшығын тартқанда, соны сөгілдірмей ұстап тұрған, кейінгі өмір кестесінің түйінін түйген тұлғалардың қадірін іштей сезінгеніңмен, сыртыңа шығара бермегеніңді аңғарасың.

Себебі, жаның мен жүйкеңді күн сайын шүйкелейтін сөз өнерінің дерті санаңды сарсаңға түсіріп жүргенде, сезім талшықтарын тарқатуға мұршаң да бола бермейді, құлқың да соға бермес. Тек діттеген тамырлы тұста ғана санаңды сабырға шақырасың. Біз үшін, бір тұстары, Ғафакең – Ғафу Қайырбеков марқұмның дуалы ауызынан шығып, қаламгерлер арасына кеңінен таралып кеткен, қазір біразының орыны әдебиетімізде ойсырап қалған «Жұлдыздың» жұлдыздары» – марқұмдар Маршал Әбдіхалықов, Кәрібай Ахметбеков, Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Сайымжан Еркебаев, Жарасқан Әбдірәшев, Марат Қабанбаев, Асқар Егеубаев үшін, көзі тірі көбегендер Софы Сматаев, Қажығали Мұханбетқалиев, Шөмішбай Сариев, Баққожа Мұқаев, Адам Мекебаев, Рафаэль Ниязбеков, Кеңес Юсупов, Ұзақбай Доспанбетов, Серік Тұрғынбеков, Тұрысбек Сәукетев, Баянғали Әлімжанов, Қуандық Түменбаев, Тұрсынжан Шапай үшін (бұл арада жетпісінші – тоқсаныншы жылдары он-он бес жыл қатар істеген бір толқынның ғана аттары аталып отыр) орыны ерекше, осы аталған талант иелерінің әр қайсыларының тағдырына жан нұры түскен сондай жанның бірі де бірегейі – Ахат Имантайұлы Жақсыбаев. Мұны өмірден өткендер де, көзі тірілер де, тіпті олардың отбасылары мен үрімдері де жоққа шығара алмас деп ойлаймын. Шығармашылық пен құштарлықтың қара қазанына айналған сол бір тұстары «Жұлдыздың» таралымының екі жүз қырық мыңға жеткені де осы тұлғалардың бір-бірінің көңіліне құйған жан шуағын аңғартса керек.

Әр қайсысы бір-бір тұлға, әр қайсысының бойына біткен жандүние буырқанысы мен мінезі бар, тумысындағы бас асаулығы бастықпаған, бастығуы мүмкін де емес, сол болмысын еркін өмір сүрудің дағдысына айналдырған осыншама таланттардың тілін тауып, орынымен басқару орнықты Бекежан Тілегенов пен өзі де еркін мінезді Ғафу Қайырбековке оңайға түспегені анық. Сол жылдары әңгіме мен хикаяттарды былай қойғанда, редакция тартпасына жылына жиырмадан астам роман түсетін. Әр қолжазба өзімен бірге дау-дамайы мен уәжін, домбытпасын қоса арқалай келетін. Сондықтан да Бекең мен Ғафаңның қолы шығармашылық мәселемен айналысудан: бір романды оқып шығып, өңдетіп, қысқартып, автормен келістіріп, журналдық нұсқасын дайындаттырудан, соның ара-арасында Орталық комитеттің ескертулері мен одақ хатшыларының уәжіне жауап беруден босамайтын.

Ал сын бөліміне қатысты үзілмейтін өкпе-наз бен шағым-арыздар, міндетті түрде бас редактордың алдынан өтетін. Әдеби журнал болғандықтан да әр қаламгердің өз шығармашылығы қақында жағымды пікір күтетіні белгілі. Өкінішке орай, ондай жақсы тілектің барлығын қанағаттандыру мүмкін емес болатын. Жарасқан екеумізге тізгінін ұстатып кеткен сын бөлімінің Сағат пен Шөмішбайдан қалған «сыбағасының» өзі де жүйке талшығына тәп-тәуір салмақ түсіретін. Оның үстіне көркемдік талғаммен, көркем ойлау жүйесі, шығарманы бағалаудағы көзқарас та үнемі бір арнадан тоғыса бермейтін. Ал авторлық сынның талабына шек қоя алмайсың. Ондай пікірдің арасына белгілі бір мүдделердің де кірігіп, басын қылтитып тұратыны жасырын емес еді. Әсіресе, құлын кезіндегі тісеуі, тай кезіндегі таласы, бесті кезіндегі бәсекесі, ақақаптал тартқан тұстағы алыстан жымыраңдасуы қалмаған ырғасулардың астарын білмесең, сондай шеберлікпен білдіртпей жымсыта қолданған бір-екі ауыз сөздің өзінен үлкен дау туып кететін. Сондықтан да кейде қосақ арасына үлкен де, кіші де, жазықты да, жазықсыз да ілігіп кететін жайлар кезігетін. Сын бөлімінде істейтін адам әдебиет тарихы мен үрдісті, оның даму беталысын, әлемдік арнасын ғана емес, бір жазушы мен екінші жазушының, бір топпен екінші топтың, үшінші қалыс жақтың арасындағы кірбіңді, қаламгер психологиясын, оның жеке мінезін білмесең, қақпанға түсіп қалуың оп-оңай еді. Мұндайда шығармашылық бәсекеден көрі әлгі жеке қарым-қатынастың әлекейі мен «пәлекейі» (мақтауы асып кетсе, сынағаннан бетер сөз еститінің тағы бар) ұшынып-ақ кететін. Бұл жай Жарасқанға үйреншікті болғанымен, әдебиетке енді араласқан боз өкпеге өте ауыр тиетін. Сондай қысылтаяң тұста «жауынгер бөлімнің» жауынгерінің өзі де демеуге мұқтаждық танытып қалатын.



Міне, осындай найзағай мен тыныштықтың арасындағы беймаза буырқанысы үзілмейтін, үнемі шарасынан асып-төгіліп жататын Жазушылар одағымен тікелей байланыстағы ұжымға (Ол кезде «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетінің» қызметкерлері одақтың да қызметкері болып есептелетін) қатысты қарбаластың барлығын реттеп отыру, азуын айға білеген авторлардың ашуын қайтарып, жарастыру да оңай жұмыс емес болатын. Өйткені сын бөліміне разы боп келетін пенде ілуде біреу ғана болатын. Шығып бара жатқан, не дайындалып жатқан, не жарияланған сын мақалаларды алдын ала біліп алып, оның бетін қайыру үшін кімнің ұйымдастырғанын, кім жазғанын, кімнің қол қойғанын (бас редакторлардың) сұрап, берісі хатшыларды, арысы орталық комитетті іске қосатын жұлымыр жандар да болды. Ондайда бүйрегің бұрып тұрса да ештеңе істей алмайсың. Қызмет тәртібі солай. Онсыз сын бөлімінде істеу де мүмкін емес. Басылымның үрдісін жақсы білетін жазушылар әлгі материалды кім жазғанын білу үшін қаламақының кестесіне көзін сұғатын. Әдеби басылым болғандықтан да проза мен поэзия бөлімінің де басынан қиқу кетпейтін. Ал осының барлығын қалт жібермей қабағымен бағып, қызметкерді қамқорлығына алатын жауапкершілігі мен жанашырлығы тең түсетін адам қажет-ақ еді. Біздің тұсымызда бұл міндет: қырағы да сенімді, ең бастысы, қашанда жұмыс орынынан табылатын тұрақты сардар – жауапты хатшыға, яғни, Ахат Жақсыбаевтың мойынына жүктелді. Ол редакция қызметкерлерін қорғап, өрекпігендердің көңілін орынына түсіріп, шәлкем-шалыстарды реттеп отыратын. Кей кездері авторлардың журнал мен бөлімге тиесілі ренішін де, жауапкершілігін де өзіне қабылдауға тура келетін. Әсіресе, жазушылардың мінезіне бастықпаған, авторлары да өр кеуделі журналға жаңадан келген жас жазушы үшін бұл аса ділгір демеу еді. Қаншама арынды ақындар мен жалы күдірейген жазушылардың арынын басты десеңізші.

Кейде ашулы ағалардың төбесі көрінгенде Ахаңның орынында отырғанын да медеу тұтатынбыз. Мұндайда Жарасқан екеумізге жаны аши қарайтын Орекең – Оралхан әлгі адамды «байқатпай» ілестіре кетіп, жауапты хатшының бөлмесіне қарай бастайтын. Әр жағы түсінікті. Жарасқан миығынан күліп қойып, саусағына темекісін іліп, баспалдақтан түсіп бара жататын. Алғашында Ахаңа ықтап, жанынан табылып жүргенімізбен, бой үйрене келе «уағында жылыстап кетуді» біз де үйрендік. Өйткені, сын бөлімінен жарық көрген пікірлерге үнемі жауап беріп, қаршыласып отыру мүмкін емес еді. Ақыры жүйкең тозып, бая-шая болып кететінсің. Өзге бөлімдерге қарағанда бұл бөлімге ерекше ықыластың керегі де сондықтан. Тек Ә.Әбішев, Х.Бекхожин, Х.Ерғалиев, Ғ.Ахмедов, І.Есенберлин, Т.Ахтанов, С.Омаров, Б.Аманшин, С.Адамбеков, Қ.Исабаев, Н.Шәкенов, С.Жүнісов, Қ.Ысқақов, Жайсаңбек Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, М.Мағауин, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, Р.Нұрғалиев, Т.Тоқбергенов сынды ағаларымыз назын ашық білдірмей, өз тәжірибелерін әңгімелеп айтып, өз қателігіңді ыммен білдірген тұстарында әрі риза боп, әрі қысылып, қымтырылып қалатынбыз. Бір қарағанда ең асау мінезге ие, шығармашылық пікір таласының нақ ортасынан табылатын осынау дегдарлар жан сырын сондай бір жайбарақаттықпен жайып салатын. Олардың: «Сендер білмейсідер ғой, мына ілменің тамыры мынада...», «Сендердің сынағыларың келгені мен емес екенін білемін. Классиктерді алдыға тартып, ананы мекзеп отырсыңдар ғой», «Сендер білесіңдер, білсеңдер де айтайын. Баяғыда...», «Ой, ол кезде басың кететін тұс еді. Сонда бұл кісі бәрімізді қырып салған. Мынау сол екпін», «Жігіттер, ана екеуінің ырғасуынынан сақтаныңдар, арасына түсіп қалсаңдар, екеуің де арандап тынасыңдар», «Біз де сын бөлімінде істегенбіз... Баста бар қиқу. Сол дауыстар әлі де құлағымыздың түбінде ызыңдап тұрады», «Сын – өмірлік көзқарас күресі. Сондықтан да мұнда не қалиқаншылап өмір сүресіңдер, не қалиқаншылап саусақтарыңды шошаңдатып өтесіңдер. Между прочим, екеуі де оңып тұрған кәсіп емес», «Су дегенің де әдебиеттің обьектісі. Су керек жолдастар, су! Сондықтан пайдалы сумен емес, пайдасыз сумен күресіңдер!», «Сендер мына жайды біле жүрулерің үшін айтайын деп келдім. Ол орташа шығарма. Бірақ кезінде қазақ әдебиетінің бетін бұрған туынды болды. Сын бөлімі, әсіресе, журналдың сын бөлімі мұндайды ескеріп отыруы керек», «Әдебиеттегі ұлттық идея өшіп қалған кезде оны елу төртінші – алпысыншы жылдары тірілткен орыс тілді Әнуар мен Олжас, олардың былай айтуға мүмкіндігі болды. Сондықтан да оларды жаппай жазғыруға болмайды», «Мені сынасаңдар жасқанбай сынай беріңдер. Тек әділетсіз пікірдің шылауында кетпеңдер. Идеяма тиіспесеңдер болды», «Біз айтпай кетті демеңдер...» – деп басталатын әңгімелері нағыз шығармашылық шеберхана мен жазшының психолгиясы туралы дәріс еді. Осы дегдарлардың арасында Халижан Бекхожин мен Қадыр Мырзалиев ағамыз «еңбегімізді жиі ескеріп» тұратын, өйткені Жарасқан мен Қадағаңның, мені мен Халекеңнің арасында (мен туған ағасы Хайрекеңнің – Хайыржан Бекхожиннің шәкірті едім) көзге көрінбейтін жан жарастығы бар болатын. Солардың тәлімін тыңдай жүріп біз де ысылдық. Ашулы авторларды Ахаңа барынша аз жолықтыруға тырыстық.

Кей кездері сын майданына одақтың да хатшылары араласып кететін. Міне, сол кезде, Ғафакең: «Шынымен қатты кетіп қалған екенбіз. Сендер енді абай болыңдар. Мына мақалада бұл шығарманың жақсылығын да айтыпты. Осыны басайық»,– дейтін. Ал Бекең – Бекежан ағамыз: «Жігіттердің ұстанымы дұрыс. Солардың дегені болады»,– деп бізді қостап шығатын. Ондай ашық таласқа Ахаң араласпайды, өйткені ол кісінің міндеті бізді «ішкі майданда» қорғау еді, ал зәудемде араласса – әлгі адам неге келгенін ұмытып қалатын. Мұндай қатаң, тек қана «пролетариатқа ғана тән мінезді» (курстасы Қадірбек Уәлиевтің мінездемесі) тек Ахат Жақсыбаев қана көрсете алатын. Әдетте аса орнықты көрінетін Ахат Жақсыбаев қызмет барысындағы өзі әділ деген пікір жөніндегі «Егеске» келгенде кез-келген «Бөгетті» жеңіп, қызметкерлеріне нағыз «Қорған» бола білетін «Қайтпас қайсардың» өзі. Кезінде Н.Тихоновтың: «Мұндай адамдарды кез-келген жерге, кез-келген уақытта шеге етіп қағуға болады. Сонда қайтып ол жерге ешқашанда алаңдамайсың», – деген өлеңі мәтел ретінде айтылып жүретін. Жалпы алғанда, Ахаң – Ахат Жақсыбаев сондай мықты да сенімді, шеге сияқты тұрақты, мық азаматтың нағызының нығызы.

Мұрты тебіндегенде осы үйірге қосылып, сақалы буырыл тартқанда ғана қол үзген (ресми және еңбек шартымен тура он жеті жыл «Жұлдыздың» бұшпағын илесіппін), соның ішінде тура жиырма жыл жауапты хатшы болған Ахаңның – Ахат Жақсыбаевтың қарамағында он үш жыл қызмет еткенде мені таңдандырғаны да, сүйіндіргені де де оның бойындағы осы тұрақтылық, әділдікке деген шексіз құштарлық, адалдық, сенімді әріптестік намыс, азаматтық ұстаным және қашанда адамның осалдығының өзінен жақсылық іздеп, соны жанашырлыққа айналдыра білетін тура мінезді, талапшыл қасиеті еді. Ал өмірінің отыз бес жылын Жазушылар одағында («Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдызда») өткізген адам үшін оның бұл мінезін кәдімгі біздің түсінігіміздегі «сыйымды мінезге» жатқыза алмайсың. Жазушылардың жүрісі еркін болғанымен де, көңілі бос, нанғыш, еліктегіш, ашуы да, қайтымы да тез келеді. Ал Ахаңды алған бетінен еш қашанда қайыра алмайсың, өзі көзі жеткен шындықтан тайсалу – Ахат Жақсыбаевқа жат. Тіпті бір жолы осы таңданысымды Клара жеңгемізге айтқанымда: «Оны алған бетінен қайтару мүмкін емес! Тіпті өзінің бас пайдасы үшін де ондайға бармайды. Беріп тұрған төрт бөлмелі үйден бас тартқанда жылап жіберген менің де көз жасыма қарамаған ол», – деп жауап бергені есімде. Оның бозбала шағында шахтада жұмысшы болып істеген үш жылда қалыптастырған осынау тура да әділетті мінезін бәріміз де сыйлайтынбыз.

Иә, әділдік жолындағы адам сенгісіз бір беткейлік – Ахат Жақсыбаевқа туа біткен қасиет. Ахаң бар кемшілігің мен қателігіңді кешіре алады, бірақ өзгенің де, өзінің де әділетсіздігін ешқашан кешірмейді. Соны бүгін де, ертең де, бір жылдан кейін де, қашан мойындап тынғаныңша айтуға бар. Оның осы мінезінен хабардар Әнуар Әлімжанов жазушыларға жаппай үй берілер тұста Ахат Жақсыбаевті комиссияның құрамына кіргізеді. Екі бөлмелілер – үш, үш бөлмелілер – төрт бөлмеге көшіп, Марат сияқты баспанасыздар екі бөлмеге ие болып, жарылқанып қалады. Сонда Ән-ағаң: «Осынша әділдік танытқан Ахат бізден үй сұрай қоймас. Балалы-шағалы, қарт анасы бар, төрт бөлмелі пәтер берейік», – деген ұсынысқа бәрі келіседі. Тек Ахаттың өзі: «Бәрі де әділ бөлінді. Мен бұл жолы пәтер алмаймын. Онда әділдік бұзылады», – деп келіспейді. Шындығында да, Клара жеңгейдің осындайда жақсы жардың жан тазалығына ашуланса ашуланатын-ақ жөні бар. Үй – сенің бақыт ошағың. Жас балалар мен күтімі бөлек қарт ана үшін төрт бөлме де кеңдік етпейді. Алайда Ахаң жеке бастың мұқтажынан көрі өмірлік принципті қымбат санады. Әйтпесе, ондай мүмкіндік кеңес тұсында кезегі келе бермейтін, сәті түсе бермейтін әдеттен тыс кездейсоқ олжа екенін Ахаң да түсінетін. Бірақ әділдіктің ала арқанын аттамас үшін сондай сирек мүмкіндіктен Ахат ағамыз бас тартты. Соның есесін қайтарғысы келгендей, қайтып ондай ұсыныс жасалмады. Алғашында өзі алақанында өскен, кейін оны алақанында аялап күткен Үміт шешемізді міңгілік сапарға сол босағадан аттандырып, алпыс жасын сол үйде тойлап барып, Мұрат ержетіп, Меруерт бой жеткен соң ғана қоныс жаңартты, керегесін кеңітті. Жалпы, мұндай мінез, ар мамандығының иесі атанған жазушыларға жарасып-ақ тұрады. Тек кейінгі уақытта сондай мәрттіктің сиреп кеткені, қаламгерлердің бопсаға көнгіш боп бара жатқаны өкінішті әрі алаңдататын-ақ көрініс. Иә, жеңгетайлық жазушыларға жараспайтын-ақ мінез.

Жалпы, жауапты хатшы ретінде Ахаң ішкі тәртіпті сақтауды, айтқан сөзіңде тұруды, істің нақтылығын, жоспарланған істің міндетті түрде орындалуын «неғылайынсыз» талап ететін және қашан тапсырма орындалғанша қадағалап, корректураның дер кезінде қаралуын, машинкаға басылуға берілетін материалдардың кесте бойынша ұсынылуын қатаң бақылайтын. Өйткені ол кезде айналдырған екі машинистка – Рымжан апай мен Ботакөз, кейіннен қосылған Зүбайда мен Маржан айына мың бетке жуық қолжазбаны макетке лайықтап қайта басатын, ол қайталанып оқылатын, қатесі түсірілетін. Ал кесте бұзылса, бүкіл жұмыстың берекесі қашатын. Берекесіздік – Ахаңның басты жауы еді. Бұл талаптарды орындау Оралханнан бастап Жарасқан мен Маратқа дейінгі қызметтегі әр адамға бұлжымайтын заң болатын. Сондықтан да Маршал, Софы, Қажығали, Кәрібай, Адам, Шөмішбай, Ұзаөбай, Рафаэл, Баянғали орынынан табылса, не кезекші болғаны, не Ахаңнан тікелей тапсырма алғаны. Мұндайда көңілінен шықсаң болды, онда ретін тауып апталап көз жаздырып кетсең де, алаңсыз жүруіңе болады.

Ахаңның жауапкершілігіне сенетін Бекең – Бекежан Тілегенов қызмет тәртібіне еш алаңдамайтын. Одақ ішіндегі қилы-қилы мінездеріміз байқалып қалса да Бекеңнің қаперіне кірмейтін: «Ол жазушы. Сондықтан да оның жеке мінезі қызмет бабындағы жауапкершілікке жатпайды. Әйтпесе, оны Ахат білер еді», – дейтін. Ахаң оның бәрін білетін, білсе де – білмеген болады және онысын тағы да бізге білдірмейді. Сондықтан да қандай жағдай болса да Ахаңа ең бірінші өзіміз хабарлауға тырысатынбыз. Мұны кейде тым еркінсіп пайдаландық па, кім білсін. Бірде, дос-жаран «үш жетім» жігіт бірімізді-біріміз ес көріп, бірімізді-біріміз алдыға салып, үшеуміздің ортамыздағы бір інімізге келіншек айттыру үшін Керекуге құдалыққа ұшақпен барып, қайтпақ болдық. Қайран жастық дейтін жиырма бес жастың өзі. «Қазақтығымыз ұстап» барған бізді қазақы дәстүрмен қарсы алды. Бүгін құданың алдына жығылатын болдық, ертең қызға сырға тағамыз, бүрсүгіні ресми құдалық, одан кейін қыздың үйіндегі ұзату тойы, одан кейін келін түсіру, содан соң құдалық шақыру, оған қатыспасаң – құдалық бұзылады. Мұндай ерікті зорлыққа қалай қарсы шығарсың. Бірақ екі-үш күннің ары-берісі жоқ жұмысқа апта бойы жоғалып кету ыңғайсыз-ақ. Оның үстіне корректураны оқу кезегі маған келіп тұрған. Уақыттың ебін тауып (ал бас құдаға бұл да үлкен мәселе) Оралхан ағаға хабарласып ем: «Кезекшілігіңді мен-ақ өтеп берейін. Бекеңе де өзім айтамын. Бірақ дәл қазір Ахат өзінде отыр, соған айт», – деп ақыл берді. Ол жылдары телефонның терім кезегіне іліну де бір қиямет. Оған да амал табылды. Әйтеуір Ахаң орынында екен, сөйтсем, мені күтіп отырыпты. Орекең: «Осы сенің ауылың шоқынып кетті ме десем, қазақы дәстүрді керемет сақтайтын көрінеді. Әсіресе, құдалықты...», – деп бастап мақұлдатып алып, әдеттегісінше бастырмалатып: «Мысалы...», – деп ескертіп қойса керек. Ахаң бірден құтты болсындата жөнелді де, кезекшілігімді заңды тұрғыда ауыстырғанын, Бекең мен Ғафакеңе жағдайды түсіндіргенін айтып, аптаға апта қосып берді. Ал мұның өзі алдыңғы күндерді қоса есептегенде айлық демалыс уақытына тең еді. Шіркін, Орекеңді бопсаға жіберіп, соны қызықтап отырған да бір ғанибет еді-ау!

Ахаңның осындай жомарттығынан кейін риза болмай, айтқанын істемей, күткен жерінен шықпай көр. Бұл жалғыз маған емес, барлығымызға ортақ ахуал еді. Соның өзінде жиырма екі баспатабақ журналдың кестеден кешіккен кезі болған емес. Әсіресе, материалды ұйымдастыруы қиын сын бөлімі үшін бұл кәдімгідей сын еді. Бекең бір жаққа жолсапарға, не демалысқа кете қалғанда тізгінді Ғафакең алатын да, әр күні тура сағат онда өзіне шақыратын. Егер Ахаң жұмыста болмай қалса, ол күн кәдімгі сақнадағы қойылымның дайындығына да ұқсап кететін. «Жігіттер, «Жұлдызды» құлатып алмайық. Қазіргі бас редактор менмін ғой», – деп сөзін бастайтын Ғафакең сағат үшке дейін біразымызды жұмыстан шығарып, қайта алып үлгеретін. Бірде Жарасқанның бір күнде төрт рет жұмыстан шығарылып, төрт рет қайта алынғаны да бар. Сонда «Жұлдызға» жауап беретін бухгалтер не істерін білмей дағдарғаны есімізде. Ертеңінде Ғафакең: «Әй, бастық болсам қатал бастық болады екем-ау өзі! Анда-санда өстіп найзағайлатып, желпініп алған ақындарға жарасады, Жарасқан. Ал енді «жұлдыздарым», жұмыстарыңа барыңдар. Әлгі Ахат қашан келеді өзі. Сендерді басқару да бір қиямет екен ғой», – деп жайраң қағып Шөкеңе – Шөмішбайға қарайтын. Кейде Софыекең де орынынан қозғалып қалатын. Сол көштің соңынан біз де ілесуші едік-ау! Осы «ұжымшылдығымызға» риза болған Ғафакең сол күні бәрімізді үйге қайтаратын. Әрине, әр қайсымыз әр жолмен келіп, Ахаңа төбе көрсетіп кететінбіз. Алаңсыз болғанға не жетсін. Прозаға да, сынға да ие болып Орағаң – Оралхан қалатын. Кіріп-шығып Маршал ағамыз жүретін. Қажы-ағаң – Қажығали мен Кәр-ағаң – Кәрібай таусылмайтын романдардың қолжазбасын оқып, қалса шахматын ойнайтын, қарауылдың кезегі Ұзекеңе де – Ұзақбайға да жиі бұйыратын.

Бізге бас редактор Бекең – Бекежан марқұм осының барлығын білмейтін сияқты көрінетін. Тіпті, Жарасқан: «Бекең иіс сезбейді. Тек алдында тік тұрсаң болды», – дейтін. Кейін сол жайды сұрастырғанымда, біздің әр ісіміз ол кісіге мәлім екенін, тек жігіттерге және Ахаңа сенгендіктен де, еркелеп, еркін жүрсін деп, ештеңені қаперіне алмағанын айтты. Тіпті, «Жұлдызға» шыққан эпиграммасы үшін Жарасқанды жұмыстан шығаруды бұйырған «алмай бермей атанған мырза жігіттің» пәрменінің күшін де қайырған Бекең мен Ахаң еді. Бірақ Жарасқанның өзі қатты сыйлайтын екі ағасына артық сөз, келтіргісі келмеді. Оларды орынсыз ырғасудан сақтады. Бұған Ахаң да мақұл болды. Содан кейін ұжымның іші табиғи түрде алмаса бастады. «Қазақ әдебиетінің» Бас редактордың орынбасары болып Орағаң кетті. Ол кісінің орынына мен де проза бөліміне қарай ауыстым. Баянғали мен Қуандық, Тұрысбек пен Тұрсынжан, сәл кейін Асқар Егеубаев келді. Сөйтіп, ендігі еркелікті жиып-теріп Баянғалиға бердік.

Шиырып айтқанда, біз қызмет істеген жылдары жауапты хатшы болған Ахат Жақсыбаев ұжымның ұйытқысы бола білді. Жиырма екі баспатабақ көлемді журналдың басылым кестесі ол кісі істеген жиырма жылдың ішінде бір де бір рет бұзылмауы соның дәлелі. Ал журналдың терімге кеткен санының өзі бір айда бірнеше қайта оқылатын. Әрине, қызметкерлердің ырқынан тыс «төтенше жағдайлар» сирек те болса кездесіп тұрды. Мұндай қарбалас пен алашапқынды ұйымдастыратын Орталық комитеттің өзі еді. Әдеби басылымдардағы материалдар бес ай бұрын жоспарланып, үш ай бұрын терімге кетеді. Ал романдар жыл бұрын дайындала бастайды. КПСС Орталық комитетінің саяси бюросының мүшелері қартаң тартқан шақта, кезекті қаулылар іркес-тіркес қабылданып жатқанда, мұның өзі кәдімгідей басы артық жұмыс тауып беретін. Брежнев, одан кейін Андропов, одан кейін Черненко дүниеден озғанда олардың аттары аталған материалдардың барлығын сүзіп шығып, түзету де оңайға соқпайтын. Ал ішімдікке тиым салу, хандар мен рудың аттарын атамау туралы қаулы қабылданғанда «Жұлдыздың» жігіттерінің қызылмай болғаны есімде. Хансыз, русыз, қазақ даласынсыз (Камалиденовтің түсінігі бойынша Қазақстан интернациональдық лаблоратория болғандықтан да, дала – қазақтыкі емес, қазақстандықтардікі болатын), қаладағы қазақ тілді қазақ жастарының тағдырынсыз, ресторансыз, кафесіз қандай көркем шығарма жазылуы мүмкін. Сол тұста әр жолында хан мен сұлтан, ру аттары, орыс сөздері кезігетін Б.Аманшиннің Махамбет, Х.Әдібаевтің Отырар туралы романдарының қатар теріліп, кезекті санда басылып жатпасы бар ма? Одан басқа «алқакөл» араласқан шығарма қаншама. Бәрін түзетуге бір тәулік қана мұрсат берілді. Бұл дегеніңіз, қызметкерлер үшін нағыз «ақтабан шұбырынды, алқакөл, сұлама» болды. Ал жауапты хатшы үшін он есе әбігер силайтын. Өйткені әлгі шығармалар қайта салыстырыла теріледі, бет өзгереді, мазмұны бұзылады, оқиғаның қисыны кетіп, қиюы бұзылады. Ал қанша шұқшисаң да көркем мәтінмен біте қайнасқан хан, сұлтан, қазақ, атамекен, орыс әскері деген бір-екі сөздің кетіп қалуы мүмкін. Мәселе, бізден кеткен әттегенайда емес, бас редакторды қырына алған Орталық комитеттің, соның ішінде Камалиденовтің көзінің сұғында еді. Соны білген біз де адал да әділ Бекеңе сыныққа сылтау тауып бергіміз келмеді. Неғыласыз, Ахаңның «неғылайынсыз» турашылдығының арқасында мұндай сыннан сүрінбей өтіп жүрдік.

Ал жаңағы «қатені» көріп, барар жеріне жеткізетін де, өкінішке орай, өзіміздің «жанашырларымыз» еді. Қайта өкпелеп жүрген ағайындар арашаға түсті. Өйткені, олардың әдебиетке жаны шын ашитын. Сондай қаламгерлердің дені кейін өмірдегі сыйлас жандарға айналып кетті. Көркем әдебиетке деген талғам мен көзқарастың алшақтығына, өзара қарым-қатынасыңның қалыңқы қалпына қарамастан, ортақ мүдде – ұлттың руханияты жолындағы мүдделес болып, алаш ардагердерін ақтау, желтоқсан оқиғасына байланысты дерек жинау, Дегелең полигонына қатысты мәселе көтеру кезінде қайраткерлік танытқан сол аға-бауырлардың қадірі мен үшін ерекше. Егерде адамды және оның еңбегін бағалауда және әділдікті ұстануда бойымнан бір нышан байқалып қалса, ол сол «Жұлдыздың» жұлдыздарынан, соның ішінде Ахат Жақсыбаевтан да, алған тәлім деп есептеймін.

Өйткені біз қатарға қосылғанша да «Жұлдызда» істеген Ахаң алдыңғы екі толқынның өкілімен әріптес болды. Ол С.Мәуленов, Т.Ахтанов бас редактор болған аға толқынның тұсында тізгін ұстады, Ш.Мұртазаның кезінде атқа мінді. Р.Райымқұлов, Ғ.Жұмабаев, С.Мұратбеков, Қ.Мырзалиев, А.Сүлейменов, М.Мақатаев, Б.Нұржекеев, Ж.Қыдыров, Б.Әбдіразақов сияқты мінезі де, талап пен талант деңгейі де, іскерлік қабілеті де әр түрлі қаламгерлермен қатар қызмет етіп, тәжірибе жинақтады. Бекежан Тілегенов пен Ғафу Қайырбековпен қатар журналға жетекшілік еткен он үш жылда марқайды. Жасы да, шығармашылығы да толысты. Оралхан, Сағат, Софы, Кәрібай, Маршал, Қажығали, Ұзақбаймен – жарасты дос, Жарасқан, Шөмішбай, Марат, Рафаэл, Асқар, Баянғали, Қуандық, Тұрсынжанға – жағалы аға бола білді. Сол жылдары М.Әуезовтің «Қилы заманынан» бастап, қазір классикалық шығармалардың қатарына қосылған «Алтын орда», «Үркер», «Аласапыран», «Соңғы көш», «Тағдыр», «Ақан сері», «Атау кере», «Елім-ай», «Ергежейлілер елінде», «Таңба», сексенінші жылдардың аяғында «Әділ Мария», «Ақбілек», «Қырық мысал», «Батыр Баян» сияқты туындылар алғаш рет оқырмандарға «Жұлдыз» арқылы жол тартты. Ал оларға қатысты қаншама жүйкені шүйкелеген шымшыма оқиғалар өтті десеңші. Бір өкініштісі, осы шығармалардың ішіндегі алпысыншы жылдары жазылып, сексен сегізінші жылдары жарық көрген Бердібек Соқпақбаевтің «Ергежейлілер елінде» атты шағын хикаяты мен жазықсыз жапа шеккендердің қасіретін натуралистік қарапайымдылықпен баяндайтын Жайық Бектұровтың «Таңба» романы оқырмандардың да, сыншылардың да, жазушылардың өздерінің де назарынан тыс қалды. Қазіргі алпысты алқымдағандардың барлығы да Бердібектің «шапанынан» шыққаны анық. Сондықтан да Бекеңді іштей пір тұтанбыз. Ертегі арқылы өмірдің ащы шындығын ашып берген осынау қысқа да нұсқа туынды өзінің көркемдігімен де, көтерген көкейтесті мәселесімен де қазір де құндылығын жойған жоқ. Қазақ әдебиетінің тосын да толымды табысының бірі. Сол кезде Бекеңді – Бердібек ағамызды қолжазбасын ұсынуға көндіргенім үшін де өзім тәп-тәуір масаттанып жүрдім. Әттең, сол тұста мақала жазуға «қызмет этикасы» мүмкіндік бермеді. «Өзі шығарып, өзі мақала жазып, өзі істейтін журналды насихаттап жатыр» – деген сөзге қалу оп-оңай еді. Мұны тәлге тиек етіп отырғаным, шығармашылық ұжым болғандықтан да, қызметкерлердің әдеби көзқарасы үнемі тоғыса бермейтін. Бас редакторды екі ойлы ететін пікірлер де айтылатын. Сондайда Ахаң үнемі бөлімнің пікірін қостап, олардың мүддесін табанды түрде қорғайтын және өткізетін. Оның бұл мінезінен сыралғы біздер, өз ұсынысымызды алдын ала Ахаңмен пысықтап алатынбыз. Ахаңның өзі де қарсы материалдарды да сондай «өңдеуден» өткізетінбіз.

Бұл ретте әрі жазушы, әрі қызметкер тұлғалардың жұмыстағы ғана емес, от басындағы берекесін қашырмай, береке мәйегін ұйыту да Ахаң мен Софыекеңе жүктелетін. Өйткені, бірі – жауапты хатшы, екіншісі – кәсіподақ «лидері», екеуі де «күлшелі», яғни, тиын-тебеннің иесі. Екеуі де қара қылды қақ жарады. Бұрын «Жұлдыздың» қызметкерлерінің көктемде «көкке шығатын» дәстүрі бар екен. Оның басына «өліара сәтте» (бас редакторлар ауысқан тұста) Рафаэл жездеміз «су құйыпты». Ал сексенінші, тоқсаныншы жылдары мұқым ұжым отбасымен жаңа жылдың бірінші күнін міндетті түрде «Алматы» ресторанында қарсы алатын. Идеология саласы, көбінесе, Жарасқанға тапсырылатын. Шөмішбаймен қосылып қабырға газетін шығарады. Суретін Софыекең салады. Сол бір күнді бәріміз де асыға күтуші едік және сол күннің қызығы бір жылға азық болатын. Ғафакең мен Бәдеш апай «Дариға сол қызбен» кешті бастайтын да, Софекең « Алқоңырлататын», Оралхан «Құрымбай сазына» салатын, Ахаң «Баянауылдың басына» барып қайтатын, Кәр-ағаң мен Орынкүл жеңешеміздің «қызыл құманы, көзін ашып-жұмып» тұратын, Мараттың Сәулесі қасында болса да «қара көңілі жарық етпейтін» (Абай), Шөмішбайдың өнері өлең оқу, Баянғали «Манаспен» жекпе-жекке шығатын. Бидің билігі – күндей Клара мен айдай Айманға көшкенде сыпайы Сафура, орнықты Орынкұл, шырайлы Шәмшия, сүйкімді Сұлухан, сәнді Сәнтай, нәзік Назгүл, жайдары Жұмагүл, сүйкімді Сәуле, ажарлы Айша қордың қыздарындай боп көздің жауын алатын. Сондайда жігіттердің барлығы жанындағы жарларымен қайта табысып, қайта ғашық болғандай әсер қалдыратын. Ал Бекең бастатқан, Қуандықтың үйіндегі келін мен Әминә қостатқан топқа соның бәріне «таң қалып, тамсану» ғана қалатын. Соның арқасында «Жұлдыздың» жұлдыздарының жұлдыздары да – жарлары да бір-бірімен жақын араласып, бір-бірінің тілеушісі болып, көргенде жарқылдасып амандасып, көрмесе сәлемін жаудырып жататын. Жалпы, жазушының жары болу әрі бақыт, әрі сын. Сол ажарлы да аяулы жеңгейлердің сол бір күндерді жиі еске алуына қарағанда, бақыттың дәмін жігіттері «Жұлдызда» жүргенде толық татты ғой деп ойлаймын. Осы татулық сол жігіттердің басына өмір талқысы түскен қиын сәттерде үлкен медет болды. Анамыз Үміт төсек тартып қалған кездегі Клара жеңгейдің күтімінде мін болмады, жаны қалмай күтті. Ал кәдімгі тіршілікте қайсар Ахаң анасы дүнинден озған соң кәдімгідей жасып, көзі жасаурап жүрді. Бір жылдың көлемінде құмыға мұңданып, дел-сал жүргені біздің де жанымыз ауыртатын. Ол өзінің жанының нәзіктігін өзгелеріміздің басымызға келген ауыртпашылық тұсында да көрсете білді. Ол өзгеге жомарттық жасауға жомарт та, ал өзіне сәл інілік қызмет көрсетсең, есіңнен кетпестей етіп есесін қайыратын.

Сондай толқымалы шақтарда ол өзінің жан демеуін шығармашылық тауанынан тапты. Бірте-бірте ширап, зіл көтеріп, бұлшық етін баптап, ширақ қимылдап, езуіне күлкі үйіріліп, бар қажырын қаламына жұмсады. Шындығын айтайын, сондай күйде өмірге келген үштаған – «Егес», «Бөгет», «Қорған» романдарының қалай жазылып біткені менің есімде сақталмапты. Бірақ әр кітабі жарияланған сайын пікір алысқанымыз, ондағы оқиғаларды талдағанымыз, бас кейіпкердің өмірлік ұстанымдарының Ахаңның өзінен айнымайтынын айтқанымыз әлі де жадымда. Сондай әңгіменің ретінде, сонау алпысыншы жылдары бір журналистің өндіріс тақырыбын игеру үшін Ермак ГРЭС-інде жұмысшы болып істегені, соның негізінде жазылған күнделігін «Жұлдыз» журналынан оқып, алтыншы класта қалам ұстасам деген ойымды одан ары бекіткенін, міне, жұмысшы тақырыбын сол адам жаза алар еді – деп данышпансығаным бар. Ахаң езу тартты да қойды. Сөйтсем, алпыс бесінші жылы қыста Ермакта жұмыс істеп, диплом жұмысын қорғаған, алпыс алтыншы жылы «Жұлдызда» жарияланған «Менің достарым» атты очерктің авторы осы Ахаңның өзі екен. Жазушылар арасында өте сирек кездесетін бұл жайттың құрып кеткенде Қалмақан ағамыздың Ертіс – Қарағанды каналын жаяу аралаған сапары деңгейінде насихатталатын жөні бар еді. Алайда мұның барлығы жазушының жан сыры болып қала беріпті. Әйтпесе, ең болмағанда роман жариялар қарсаңында айтылатын жарнамасыз шындықтың өзі емес пе. Соған қарағанда Ахаң өзінің шығармашылық ділін құпия ұстағанды ұнататын сияқты. Бұл да мінез және әдебиеттің адал пролетариатының мінезі.

Бұл үштағанның дер кезінде және кейіннен әдеби ортада өз бағасын алмауына үш түрлі нақты себебі болды. Біріншіден, романға пікір қалыптастыратын әдеби басылымның басында жазушының өзі отырды. Ғафакең мен Оралханның, Кәрібай мен Софының: «Осы біздің шығармамыз «Жұлдызда» насихаталмағанда қайда насихатталады. Шынмен, «Жұлдыздан» бір жылы сөз естімей кетеміз бе?», – деген әзіл-шыны аралас уәжінде сондай астар бар еді. Ал «Қазақ әдебиеті» өзінің салыстырмалы түрде бақталас саналатын басылымның қызметкерлеріне оң қабақ бермейтін. Біз де еруліге қарулы қайтарғандай күйде жүретінбіз. Бұл сең Оралхан барған соң сетінеді. Біз де есік аштық. «Елім-ай», «Өз отыңды өшірме», «Ақ дала», «Кермек дәм», «Уақыт», «Сексен алтыншы жыл» сияқты кесек туындылардың өз деңгейінде бағаланбауының бір кілтипаны осында. Бұған одақ тарапынан: екі басылымның қызметкерлері біріңді бірің насихаттауға үйір болмаңдар – деген ескертуі де өз ықпалын тигізді. Екіншіден, шығарма толық аяқталып бітсін, нағыз шын пікір сонда айтылады, сонда ғана әр дәрежедегі марапатқа ұсынылады – деген жазылмаған қағида бар болатын. Бұл «бөгетті» жеңуге болатын. Алайда Ахаңның өзі тағы да «тәртіп сақтап» қалды. Үшінші, ең басты кілтипан, үшінші кітаптың аяқталуы көркем шығарма мен оның желісі, көркемдік тартыс туралы көзқарастар жүйесінің ыдыратылып жатқан тұсына тұспа тұс келді. Жұмысшы, өндіріс, адам тағдыры, көркемдік деңгей, өмір шындығы деген ұғымдар жеделтете естен шығарылып, «мен» мен «менікі», «сенікі», «оныкі» деген жіктеу дәуірі көркем сөзге деген ықылас пен талғамның шаңын аспанға шығарып кетті. Ал шынтуайтына көшсек, шығарма нысаны, осы үштағандағы адамның адал да тура мінезін бейнелеген көркем шындық пен өмір шындығы келер күндердегі әдеби сынның талқысына толық төтеп беретіні анық. Өйткені мұндағы «егес» – ұлттық мүдделердің егесі, ондағы «бөгет» – ұлттық ұмтылысқа бөгет, ондағы «қорған» – ұлттық сананы мәңгүрттіктен сақтаудың қорғаны. Қазақтың өндірістік-техника саласындағы зиялыларының психологиясы көркем шындық арқылы қорытылмай ұлттық руханияттың санаты толыспайды. Ал Ахат Жақсыбаевтің үштағаны соны толтыратын шынайы шығарманың бірі.

Көркем ойын тәртіппен ақ қағаздың бетіне түсіретін Ахаңның қалам қуаты мен мәдениеті оның «Менің достарым», «Бозарал», «Қайырлы таң» хикаяттарынан анық танылған болатын. Әсіресе, «Бозаралдағы» лирикалық психологизм мен диалогтің үйлесімі сондай жатық мәнерде әдіптелген. Ол өрнектер «Жаны жайсаң жақсылар» атты естеліктер мен ой-толғамдары жинақталған кітаптағы Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Ғабиден Мұстафин, Әбілхан Қастеев, Қасым Қайсенов, Әнуәр Әлімжанов, Бекежан Тілегенов, Оралхан Бөкеев, Әбіш Кекілбаев туралы сыр дестелерінде барынша қанық әрі анық өрілген. Жоғарыдағы тұлғалардың өмірге, өнерге деген ыстық құштарлығы, адамдарға жайылған мейірім жүрегі, қарапайым және ұлы мінездері еш боямасыз, бірақ сондай бір тартыммен ашылған. Жазушының бізге сыралғы мінезінің қарапайым әрі іштарта баяндаған жарасымы сондай, кей тұста сол естеліктің ішіндегі қосалқы кейіпкердің бірі болып кеткің де келеді. Осы сырдестедегі Қасым Қайсеновпен арадағы әңгіме «Қайтпас қайсар» роман-диалогқа ұласты. Қасым аға туралы және өз туралы жазылған, сонымен қатар өзіміз де жанына етенелесе жүріп тыңдаған соғыс хикаялары, иә, хикаялары бәрімізге де таныс. Бірақ мына шығарма солардың бір де біріне ұқсамайды. Біз майдан әңгімелері ретінде қызықтап, таңсық көрген оқиғалар мұнда трагедия дәрежесіне көтерілген. 41-43 жылдары басымнан кешкен оқиғалар мәңгі жазылмайды, ол үшін неміс халқынан кешірім өтінемін – деген күңіреністі сөздің астарында қаһарман қазақтың өмір бойы жанын жеген қасіреті жатыр. Жауды жайратқанын жайдары баяндап, рахат алмайды, керісінше, қасірет шегеді. Ол өзінің ажал құралына айналған кек иесі болғанына өкінеді. Майдан қасіретімен қаншама таныспыз дегенмен де, «Қайтпас қайсарды» оқығаннан кейін Қасым ағаны да, қаһармандардың қасіретін де, жалпы адамның ар-ожданының құны мен азабын да тебірене отырып терең түсіндім. Адамның жанын орынсыз тебірентуден сақтанатын Ахат Жақсыбаевтің мына батылдығы тосыннан таңдандырды.

Сонымен, қимас күндер артта қалып, қызмет ауыстырудың кезегі бізге де келді. Бірақ Ахаңнан көз жазып та кетпедік. Әлі де көңіл жібі үзілмей, еш түйіншексіз жалғасып келеді. Бұрын тарихи тақырыпқа қалам тартпаған қаламгер соңғы бес жылда «Иса ақын» атты дилогияныңң бірінші кітабін жазып бітіріпті. Оның алғашқы тараулары өзінің сүйікті, бәріміздің де бақ жұлдызымызды ашқан «Жұлдыздың» осы айлардағы қос санында жарияланып жатыр. Демек, бұл – жазушы Ахат Жақсыбаевтің қалам қарымы іріленіп, көркем ойы кемелденіп, зар күйіне түскендігін танытады. Ендеше, әділеттің адал перзентіне амандық пен ақ жол тілейміз.



Әлқисса ретінде оқырмандарға айтарым: менің пайымдауымша, осында аты аталған айтулы тұлғалардың көңіліне жан жылуын құйған Ахат Жақсыбаевтің азаматтық ұстанымы «Жұлдыздан» кейінгі әр түрлі басылымдар мен акционерлік қоғамдарда Бас редактор, Президент, Бас директор болған соңғы он бес жылда да өзгере қойған жоқ. Сондықтан да оның азаматтық және шығармашылық көзқарасы қалыптасқан, іскерлік тәжірибесі ысылған, сонымен қатар қазақ әдебиетінің де шоқтығы биіктеген тұсында, отыз жыл одақтың ыстық-суығын басынан кешкен жылдарына тән мінезінің қазымырлаңқырап айтылуы заңды деп есептеймін.

Шындығында да, ол бір жұлдызды жылдар екен-ау! Марқұм Бекең мен Ғафакеңнің, Оралхан мен Сағаттың, Маршал мен Кәрібайдың, Жарасқан мен Мараттың, Асқардың бейнелері әр қазақтың көз алдынан кетер ме десеңші! Жұлдыз десе – жұлдыз, жайсаң десе – жайсаң, азамат десең – азамат, жазушы десең – жазушы еді ғой сабаздар! Ахат Жақсыбаев сол жұлдыздардың береке басы бола білді. Сол жұлдыздардың қадірін біліп, қасиетін арттыра білді. Нағыздың нығызы дейтініміз де сондықтан.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет