Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



жүктеу 10.36 Mb.
бет33/65
Дата02.04.2016
өлшемі10.36 Mb.
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   65
: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай туралы Ә. Бөкейханов,
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Сонымен, 1951 жыл. Жиырма үшінші ақпан. Жазушылар жиналысы. Бұл жолы сөздің кезегі бірінші болып өмірінде бірінші рет Сәбит Мұқановтан бұрын Мұхтар Әуезовке берілді
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Ііі том. 93 бет. 6 түптеме
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> МҰхтар әуезов пен сәбит мұҚанов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Стенграмма: Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ. Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»

Буржуазияшыл ұлтшылдар, әдебиеттің қазіргі жағдайын талдау барысында анықталып жатқанындай, Украинада, Әзірбайжанда, Белоруссияда, Өзбекстанда да бар, не ана халықтың, не мына халықтың өткен тарихының ұзақтығына, мәдениеті мен тарихының жоғары деңгейде дамығанына, оның көпсанды, не азсанды халық екеніне қарамастан, ұлтшылдықтың бет-бейнесі барлық жерде бірдей. Ұлтшылдықтың барлық көрінісі көптеген жағдайда бір-бірімен өзектесіп жатады, БК(б)П ОК –нің қаулысы мен ұлттық компартиялардың қаулыларында аталған ұлтшылдықты алатын болсақ, олардың жалпы бағыты да, кейпі де бірбеткей екенін байқаймыз.

Мен осы арада, біздің жағдайымыздағы пролетарлық интернационализмге және кеңестік патриотизмге, халықтар достығы жөніндегі лениндік-сталиндік ілімге қарсы тұрушы буржуазиялық ұлтшылдықтың ішкі мағынасын айта кетейін. Буржуазиялық ұлтшылдық – тарихи өркениет атаулының барлығына, біздің халқымыздың өткендегі тарихына, барлық құтқарушы тарихи өркениетке қарсы тұрады. Егерде мұны қазақ халқының тарихына байланыстырып айтсақ, бұл тарих бізге не береді? Өткен уақытта біз Шоқан Уәлиханов, Алтынсарин және Абай сияқты бірнеше жарқын есімдерді ғана білдік. Біздің халқымыздың бақытына қарай, бұл адамдар ұлтшылдықтың шырмауына түспеді, оған тосқауыл қоя білді, өзінің халқының болашағын құтқарушы орыс мәдениетін бағдарға ұстады.

Егерде көзқарастары панисламизммен, пантүркизммен ұштасып, алашордашылармен астасып жатқан ұлтшылдарды алатын болсақ, кеңес өкіметінің шындығы жағдайында қазіргі ұлтшылдардың жолы тарихи өркениетке қайшы келеді. Өткеніміздегі қара түнекті жеңе білген біздің халқымыздың жалғыз-ақ даму жолы бар. Шоқан, Алтынсарин және Абай ту етіп ұстағанның бәрін де ұлтшылдық жоққа шығарады.

Сонымен, ұлтшылдықтың белгілері қандай? Буржуазиялық ұлтшылдықтың (ұстанымы бойынша) – кеңес одағындағы туысқан республикалардың мәдениет тарихы өзіне орыс мәдениетін сіңірмеуі тиіс, бұдан біз олардың өзінің өткеніне сүйіспеншілікпен қарайтынын, таптық күресті, таптық қайшылықты ескермейтінін, ұлтшылдықтың керітартпашылығын, тарихи қылмысты оқиғаларды жағымды етіп көрсетіп, қасақана теріс баға беретінін байқаймыз. Ұлтшылдық – бір халықтың, дәл қазіргі жағдайда кеңес одағы халықтарының томаға тұйық, өз бетінше дербес тарихи дамуын қалуы арқылы ол көп жағдайда пантүркизммен, панисламизммен ұштасып жатуы мүмкін. Сонымен қатар, Россияның құрамына кірген халықтардың тарихи тағдырына әсер ететін Россияның ықпалына қарсы шығу оқиғаларының бірнеше рет қайталанып отырғанына қарағанда, олардың орыс халқының мәдениетін бағалай білмейтіні және оның ықпалының маңызын жоққа шығаратыны аңғарылады.

Міне, олардың осындай жалпы жағдайдан біздің қателіктерімізге ауысатын болсақ, онда әрқайсымыздың жіберген үлкенді, кішілі қателіктеріміз, осы мәселелердің нақты көрініс табуынан туындап отыр, ол ең алдымен – біздің халқымыздың тарихын оның өзін (құрып кетуден) құтқарушыға қарсы қойып, маңызын жоққа шығарудан, ұлы октябрь революциясынан бастап социалистік мәдениеттің біздің халқымызға бергенінің бәріне қарсы тұрудан көрінеді. Екінші жағынан алғанда, біз бұл арада буржуазиялық ұстаныммен тікелей астасып жатқан орыстардың барлық ықпалына қарсы тар шеңбердегі ұлттық элементтерді көреміз. Егерде осы көзқарас тұрғысынан қарап, өзіміздің қателерімізді сараласақ, өкінішке орай, одан біз жоғарыда аталған өте жағымсыз, өте кірпияз жайлардың біразын табамыз.

Сондықтан да мен бұл сөзімді біздің мекемемізді осындай дерттен тазарту үшін, әр жазушының толық ағаруы үшін ешкімнің бетіне қарамайтын сын, өзара сын тілімен сөйлесу керек. Бұл туралы өткендегі және қазіргі қателіктерге бірдей маңыз бере отырып айту керек. Ескі қателерге жаңа қате деп қарау керек, көркем шығармашылық тұрғысындағы қателіктерді ғана емес, ғылыми-зерттеу саласындағы орын алып отырған қателіктерді де қайта қарау қажет. Соның ішінде, әсіресе, Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов сияқты жетекші жазушылардың жіберіп отырған қателіктері баса көрсетілуі тиіс. Ең бірінші біздің атымызды атап, сынағандар әділдік жасаған. Өйткені, бізге деген халықтың үлкен сенімі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бізге жұртшылық үлкен сенім артқандықтан да талап та күшті болуы тиіс, өйткені, олар біздің табыстарымызға қуана білді, енді біздің қателіктерімізді көріп қабағын түйіп, біздің қателеріміз үшін жапа шегіп жүрмеуі керек. Бізді сондай ықыласпен қоршаған халықтың сүйіспеншілігі мен сенімі бізді көп нәрсеге міндеттейді. Бұл арада мен, Кенесарының феодалдық-монархиялық қозғалысы туралы талқылауда осыдан 25 жыл бұрын жазылғанына қарамастан өзімнің «Хан Кене» пьесамның зиянды ықпалын айтқамын. Егерде осындай жекелеген әдеби қателіктеріне Әуезов жауап қайтара алмаса, онысы теріс болар еді.

Жекелеген жазушылардың жетістіктеріне бәрімізге ортақ жетістік ретінде халықтың қуана білуі, біздің өз қателіктерімізге батыл қарауымызды қажет етеді. «Жас гвардиядағы» қателігіне қатысты Фадеевке және Симоновтың, Катаевтің, сондай-ақ Корнейчуктың, Ванда Василевскаяның қателіктеріне байланысты көп айтылды, осыдан кейін әрқайсымыз өзіміздің жауапкершілігімізді терең түсінетінімізге сенемін және бұл орайда біздің одақтық мекеменің жетекші міндет атқаруы тиіс деп білемін. СССР Жазушылар Одағының ХІІІ пленумы кезінде атап көрсетілген әрбір қателіктерінің әрбіреуіне сондай салқынқандылық танытып, байыпты сынға байсалды қараған Фадеевтің, Симоновтың мінезіне өте ризашылықпен қарадым. Бұл жолдастарға мен: «Сіздердің бұл байсалды мінездеріңіз бізге де сабақ болады, сіздер – халықтың аса зор ықпалына ие орыс кеңес әдебиетінің жетекші екі жазушысы кеңес жазушысына қаратылған сынды қалай қабылдау керектігіне үлгі көрсеттіңіздер. Біз мұның лирикалық сүйсініс емес екенін ескерте кетеміз.

Бұл арада үлкен жауапкершілік, саған сенген халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік туындайды. Олар сенің сынға ұшырап, газетке шыққаның үшін – жұртшылықтың саған қатты сеніп қалғаны үшін, сенің кейбір шығармаларыңда адасқаның үшін ұялмайды, бұл арадағы ұяттың мағынасы одан көрі тереңде. Олар: өзіңнің халқың мен жұртшылықтың сенімін дұрыс пайдаланбағаның үшін, ол сенімді зиянды іске жұмсағаның үшін ұялады. Міне, бұл ең ащы, ең ауыр түңіліс.

Сондықтан да мен «Хан Кене» туралы айтып отырмын, мен мұны 1934 жылы сақнаға ұсынбауым керек еді. Бұл буржуазиялық-ұлтшылдықтың ұстанымындағы және пролетарлық бауырластыққа қарыс келетін пьеса болатын. Өйткені оның ұстанғаны – ұлтшылдық болғандықтан да оның орыс халқына да, қазақ халқына да керегі жоқ еді. Кенесары халықтар достығының тамырын отауға ұмтылды, пьеса орысқа қарсы бағыт ұстанды. Кенесары патшаға ғана қарсы күресіп қойған жоқ, мұқым орысқа, сол кезде Россиядан келген нәрсенің барлығын қарсы тұрды.

Халқымыздың бақытына қарай Шоқан, Абай, Ыбырай сияқты ұлдары өздерінің де қазақ халқының феодалдық үстем табының арасынан шыққанына қарамастан, олар ұлтшылдық адасудан аулақ болды, өздерінің қысқа немесе ұзақ өмір жолында олар өзінің табын ысырып тастап, келешектің иелері еңбекші шаруалардың мүддесін қорғады, олар қырдағы феодалдық-патриархалдық түсініктен бастап орыс мәдениетінің маңызын түсінуге, өзінің артта қалған қараңғы халқының күйінен бастап ұлы орыс халқының озық мәдениетінің тарихи маңызын түсінуге дейінгі күрделі жолдан өтті.

Кенесарыны дәріптеу арқылы, мен, осының бәріне қарсы тұрдым. Сонымен қатар осындай ұлтшылдық қате жіберу арқылы әрқайсымыз жеке өзінің шындығына ғана емес, өзінің өмір шындығына да қарсы тұрды. Мұның барлығын мен осы уақытқа дейін мойындауым керек еді, менің бүгінгі күнге дейінгі жетістігімнің бәрі үшін де орыс мәдениетіне қарыздармын. Маған әліпбидің алғашқы әрпін танытқан, орыс әдебиетіне деген сүйіспеншілігімді оятқан орыс мұғаліміне қарыздармын. Филология ғылымының докторы, Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі, Сталиндік сыйлықтың лауреаты дәрежесіне жеткенім үшін, тіпті бүкіл өмірдегі жетістігім үшін, өткені қараңғы, артта қалған халқымыздың барлық ұрпақтары барлық қазақ жазушылары сияқты, мен де ұлы октябрь социалистік революциясы бәрімізге ортақ қол жеткізген ұлы орыс мәдениетіне қарыздармын.

Біздің бәріміз де осы ұлтшылдық неге орын алып отыр, біздің еңбегімізге және өзімізге қалай сіңіп кетіп жүр, соның барлығына ой жіберуіміз керек. Мен өзімнің өмірлік және шығармашылық жолыма көз сала отырып, қазақ халқының қазіргі жаңа мәдениеті – біздің бүкілодақтық социалистік мәдениет тарихының бір бөлшегі деп мақтанышпен мәлімдей аламын. Мен сонымен қатар, өзімнің екі тілде жазатын жазушы екенімді, екінші ана тілім – орыс тілі екенін ерекше мақтаныш тұтамын. Мен өзімнің бойымдағы барлық парасат мәдениетін ең алдымен орыстың қайнарынан алдым. Соңғы 10-12 жылдағы өзімнің жазушылық, шығармашылық өміріме көз жіберсем, онда қазақ әдебиеті мен тарихының белгілі бір даму кезеңін қамтитын етене бой үйреткен жұмысым, яғни, Абай – біздің идеялық-тарихи мәселелерді, тарихи процесті түсіну барысындағы қатемізді ашуға көмектесіпті. Менің жұмысымда – жазушы-суреткердің және ғылыми зерттеуші қызметкердің міндеттері аталған жайлар бойынша шығармашылық тұрғыдан тоғысып жатады. Менің кейіпкерім ұлтшылдыққа қарсы жүрді, ал мен сол кейіпкеріммен өмір сүре отырып, ұлтшыл қателікке ұрынуым мүмкін. Сол кемшіліктерімді шынымен мойындай отырып, кейде өткен күндердің идеологиясының қалдықтары мен қателіктері бәріміздің де сезім иірімінде қалып қоятынын да жасырғым келмейді. Сондықтан да ол қателіктер туралы бізді қатал сынап, бізге қатаң талап қойып отыру керек.

«Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томында кеткен қателіктерге келетін болсақ, оған редактор ретінде қаншалықты дәрежеде жауапты екендігімді айтып өткен болатынмын. Оның ішінде Кенесары туралы тарау қатты сыналды. Бұл еңбекті біз қайтадан қарап жатырмыз, авторлардың жаңа құрамының көмегімен ол қателікті жөндейміз деп ойлаймын.

Енді Жазушылар одағы тарапынан кеткен қателікке байланысты екі ескерту айтқым келеді. Ол драматургия, оның ішінде жеке бір пьесаға қатысты пікір. Мүсірепов дұрыс айтты, бәрі де, оның ішінде Әуезовтің де, Мүсіреповтің де эпостық фольклордың негізінде жазылған тарихи пьесалары да қайта қаралуы тиіс. Бұл өзгертулер біздің халқымыздың бүгіні мен өткеніне қатысты бүгінгі күннің дәл қазіргі талабына сай жүргізілуі тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда біздің жағымды кейіпкерлеріміздің бейнесін қайтадан қарауға тура келеді».

Әңгіме қазақ ішіндегі әңгімеге ойысқанда жоғарыдағы өршіл идея бәсең тартып, кілт бұзылады. Өзін-өзі әшкерелегенінің есесін қайырғысы келгендей, біздің ойымызша өзінің «жалғыз салт атты көрінбеуі үшін» ұлтшыл-идеясыз жазушылардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің өзін де «қыстырып» жіберді. М.Әуезов:

«Бұл ретте драматург Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасына тоқталғым келеді. Бұл пьеса кәнігі ұлтшыл, орыс халқына жаны қас болған панисламист ақын Ақан серінің өмірінен алынған. Ол – Ақан сері Россиядан келген орыс шаруалары мен қоныс аударушылардың қазақ жеріне орналасуына саналы түрде қарсы күрес жүргізген. Патша өкіметі тентіреткен, жерсіз және панасыз қалған шаруалардың шарасыздығын ол білген. Қазақ кедейлерінің олармен араласуына барынша қарсы болған... Ол көзінің жасын көл етіп төккен қазақтың ауызымен: «Біз оның (патшаның – Т.Ж.) мұжықтарға бауыздап беретін лағы сияқтымыз!.. Патшаның сүйікті ұлдары келген соң бізді өлексе сияқты лақтырып тастай салды», – деген сөз айтқызады. Байқап отырғандарыңыздай, бұл арада орысқа қарсылық анық байқалады және бұл: Россияда қазаққа орын жоқ – деген түжырымға әкеп тірейді. Ақан сері патшадан үміт күтіп, түңілгенде Бұқараға, Түркияға көшуді аңсайды, халықты исламияның жетегінде жүруге, панисламизмге үгіттейді. Міне, Ақан серінің насихаты қайда бағытталған? Мен Ақан серінің әндері мен музыкалық әуендері болған жоқ деп тұрғамын жоқ, олар бар, бірақ ол қалдырған сол мұралар несімен тамаша? Ақан сері өзінің творчествосында, поэзиясында, музыкада жекелік сарында, эстетизм бағытында болды, ол халыққа мүлдем жат, оңаша өмір сүрді. Ол ақын ретінде «құлагер» деген атының өлімін, қыранының ажалын, жас кезіндегі қыздарға ғашықтығын, өзінің кешігіп келген басқа кезекті үшінші, төртінші қызға махаббатын жырлады. Осы қайшылықтардың барлығын ашып, мұндай адамдардың творчествосын, өмірін таптық тұрғыдан қарап бағалау қажет. Алайда бізде ол жұмыс істелмеді. Керісінше, Ғ.Мүсірепов жолдастың бұл пьесасы 10 жыл бойы барлық театрларда, соның ішінде академиялық театрда үзбей қойылып, бұл адам тұрақты түрде насихатталып келеді. Осы сияқты тарихи тұлғаларды бағалау мен жалған трактовка арқылы оларды сақнада насихаттаудың, тіпті Кенесары туралы жалған трактовкадан айырмашылығы қандай? Міне, осыны да ойластырған дұрыс» »,–деп Ғ.Мүсіреповтің орнына Ақан серіні жазғыруға дейін барды.

Әрине бұл ақыл-ойдың шешімі емес, амалсыздықтың, «суға кеткен тал қармайдының» жанталасы. Сәбит пен Ғабит қатар шығып, екеуінің өзін ортаға тықсырғанына көрсеткен азуы, батырған тісі еді. Сондай-ақ, осы тұста Ғ.Мүсірепов партиялық топтың жағында Н.Н.Поспеловтың, Сәрсековтің баяндамаларына сырттай кеңес бермеді ме екен деген күдік те ұялайды. 1950 жылы Мәскеуден Ысқақ Дүйсенбаевқа жазған хатында:



«Бұл қалпында Ғалиге (Әбетовке) қайтадан бірталай жұмыс істеу қажет. Ең әуелі Ақан туралы бұндай ұзақ жазбасын. Мен Ақанның әлеуметтік тақырыптардағы өлеңдерін түгел көргенім осы еді...»,– деп жазған болатын.

Сол жолы Ақанның жапандағы жалғыздығы «Құлагердің» қасіреті емес, дүниеден баз кешкен софылықтың салты екенін, тәркі дүниелік философияға бой ұрғанын терең сезінген сияқты. Мүмкін, Мағжанның мақаласы да жадында жаңғыруы мүмкін. Қалай дегенмен де сол әсердің таты осы пікірге жұғып қалғаны анық.

М.Әуезов (жалғасы): «Біздің алдымызда тұрған жауапты міндеттің бірі – қазақ әдебиеті тарихының бағдарламасын жасау. Біздің бағдарламамызда бір тосаңсу жүбелгісі бар. Ол қазақ кеңес әдебиетінің жолын орыс кеңес әдебиетінен бөліп тастап отыр. Орталық баспасөзде көптеген мақалалар басылады, бірақ біз оны насихаттамаймыз, аударып баспаймыз.

СССР Жазушылар Одағының ХІІ пленумында қазақ әдебиетінің жағдайы талқыланды, онда бізді сынады да, мақтады да. Бірақ біз пленумнан қайтып оралғаннан кейін біз жағдайды өзгерттік пе, орыс жазушылары айтқан сол пікірлерді біз насихаттадық па? Жоқ.Бұл тұрғыдан алғанда бізде томаға тұйықтық анық байқалады, қазақ әдебиетінің дамуы бағыты орыс әдебиетінен бөлініп қарастырылады. Қазір өре жайылуға мүмкіндік жоқ, алайда мұның барлығы, қордаланып қалған шығармашылық жүк кейде бізге зиянын тигізді, әдеби процестің жалпы жағдайына әсер етті, бұдан былайғы шығармашылық жұмысымызды қатал, принципті және тура сын мен өзара сын арқылы қайта құруымыз керек. БК(б)П Орталық Комитетінің соңғы шешімін мен әділетті, нақты мақсаттарға жұмылдырылған шешім деп қабылдаймын»,– деп сөзін аяқтады.

Ғ.Мұстафин: «Жазушылардың ұжымын біріктіре түсудің орынына, жазушылардың шығармашылық қуатын партия мен үкіметтің жазушылардың алдына қойылған міндетті орындауға бағыттаудың есесіне, Жазушылар Одағының төрағасы С.Мұқанов жолдас қажетсіз іспен айналысты. Әуезовке деген жеке басының жеккөрініші оны шектен шығарып жіберді. Мұқанов жолдас буржуазияшыл-ұлтшылдықтың барлық көрінісін тек Әуезовтің шығармасынан табады және мұндай өрескел бұрмалаушылықтар С.Мұқановтың өзінің де шығармаларында аз кездеспейді. Осы уақытқа дейін өзінің қателігін мойындамақ түгілі, ол қателіктерін түзеген де жоқ, керісінше, дәл осындай қателіктерді талдау барысында Жұмалиев пен Бекхожин жолдастар сияқты өзінің жақтастарын қолдап отырды. Жолдас Әуезов өзінің қателіктерін бірнеше рет мойындады, алайда ол қатені түзетуді қолына алмады. Мұндай ауыр идеологиялық бұрмалаушылықтың оған қарсы сөйлеген басқа жазушылардан да кездесетіндігіне көңілі тоғайып қалды».

Партияның оқшантайындағы үмітті тұлғалар ғана емес, ғылыммен, шығармашылықпен айналысатын зиялылар да мінез көрсетіп қалды. Беймәлім әрі тұрпайы көрінетін жайлардың астарын кейінгі оқырман дұрыс түсінсін деген ниетпен, сол айтыста басты айыпкерлердің қатарына қосылған және өзара пікірлес, айтар сөзін алдын ала келісіп алған Е.Исмаиылов пен Қ.Бекхожиннің, Қ.Аманжолов пен Қ.Бекхожиннің арасындағы мына оқиғаның көрінісін әдейі алдын-ала келтіреміз.

Е.Исмаиылов (осы талқыдағы сөйлеген сөзінен): «Мына бір жай еріксіз есіме түсіп тұр. Бірде Бекхожин маған: «Сен ЦК-ның қаулысына ілінген адамсың, сондықтан да үндеме. Сен соғылған (битый, мәселесі шешілген) адамсың, ешқашанда оларды сынап қарсы шықпа, күйіп кетесің. Сені кінәлау оңай, өйткені сенің атың қаулының барлық жерінде көрсетілген»,– деді» (Орталық мұрағат, 36-іс, 84-бет).

Кенесары мен Наурызбайды ұлт-азаттық көтерілістің көсемі, тәуелсіздіктің туы, намыстың көк семсері ретінде арғы атасы – Шыңғыс хан мен Жошыдан, бергі атасы – Абылай мен Қасымнан бастап жырлаған, «Ақсақ құлан», «Қаз оты», «Наурызбай – Қаншайым» атты дастандардың авторы, Кенесары көтерілісі туралы қазақ ақындарына тікелей тапсырма берген Х.Бекхожинді Ә.Тәжібаев өзінің сөзінде «төрелердің толғаушысы» атандырып, Е.Бекмаханов, М.Әуезов, Е.Исмаиыловтан кейінгі төртінші орынды алатын халық жауы ретінде айыптады. Ол сөздің астарында саяси астармен қоса ақындық бақас бәсеке де қылтиып тұрды.

Ә.Тәжібаев (мазмұндама): «Өкінішке орай, жұмсартып айтқанда, мұндай «ауытқушылықтар» әлі де көзін жойған жоқ. Қазақ кеңес ақыны, партия мүшесі Қалижан Бекхожиннің «шығармашылық жолын» айтсақ та жеткілікті. Ол өзінің «Әдебиет және искусство» журналының 1939 жылғы № 4-5 сандарында жарияланған «Ақсақ құлан» дастанында Шыңғысханды:



Дариға, кешегі өткен әкем Шыңғыс,

Ер еді-ау Күншығыстан шыққан тұнғыш (?), –

деп сарнады. Бұл шумақтардың идеялық бағытының зиянкестігін дәлелдеп жатпаса да, ақынның көздеген жаулық пиғылы өз-өзінен түсінікті. Шыңғысханға осылай табынудың тамырын қайдан іздеген жөн? Кеңес ақынына хан-агрессордың қанқұмарлығына ашық сұғыну қайдан келді? «Дариға» деп күңіренуінің астарындағы күйзелісті сағынышта не ой жатыр?

Бір кезде контрреволюциялық «Алашорданың» жыршысы Мағжан Жұмабаев өзінің «есалаң жырларында»: «Гүннен туған, Күннен туған, мен шығыстың ұлымын!» – деген сандырағы бар болатын. Міне, Бекхожиннің Шығысы мен Шыңғысының үндестігі қайдан шығып отыр. Осыдан барып, қанішер хан қазақтың бабасы болған бекхожиндік шежіре туған. «Аспан күл, жер мұз боп кетседе» деген Жұмабаевтің ұраны осылай бастау алған. «Қазақта Кенекеме ер жетпейді» деген ұранына Бекхожин де қосылып «Науан» атты дастан жазды. Сонда ханның сауынына жиылған батырларды арыстанға, жолбарысқа, бүркітке, сұңқарға теңейді. Наурызбайды ақын «Науан» деп еркелетіп атайды. Ол орыспен достыққа ұмтылған Ахметтің басын кесіп әкеледі, тұтқындарды жылқының жарылған қарынына орап ханға әкеледі.

Міне, дастанның мазмұны осы. Дастанның әр жолына хандық пен ұлтшылдықтың уы сіңген. Дастанның әр сөзі екі халықтың – орыс пен қазақтың бейнесін қасақана қара маймен бояған. Бұл олардың арасында орнаған қайырым мен бауырластықты қаскөйлікпен арандату емес пе? Хиуаның, Қоқанның хандары, Кенесарының өзі де еңбекші қазақты тонап, олардың қыздары мен ұлдарын құлдық пен күңдікке әкеткенін Бекхожин қасақана жасырады, жасырып қана қоймайды, ол қазақтың сорлы халіне орыс халқын кінәлі етіп қояды.

Бекхожиннің суреттеуі бойынша, қазақтар Россияға қосылғанша жақсы өмір сүрді, өз күндерін көңілді, ойын-сауықпен, молшылықта өткізіпті. Бізге бақытсыздықты әкелген Россия екен. Ал Кенесары хан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды қайтару үшін күресіпті. Автор қазақ халқы өзінің ханын сүйіп еді – дейді.

Сонымен, ақынның суреттеуінше: Кенесары жай ғана пенде емес, алланың сүйген құлы, ол қазақты билеу үшін жаратылған. Сондықтан да Кенесарының тұсында «Сарыарқа пейішке» бергісіз болыпты. Қазақ халқын ұлы орыс халқына қарсы арандату үшін айтылған өтірік пен жалаға қоса, дастан ұлттың сезімін улайтын діни сенімді қоздырады. Шығармасын ширықтыра түсу үшін «алашордашылардың» көсемдерінің қатарында жүрген, октябрь революциясына қарсы шыққан, контрреволюциялық көтерілістің қару ретінде өткір дастан жазған ақынның кейбір сөздерін, теңеулерін, жолдарын, кейде шумақтарын тұтастай пайдаланады. Абылай мен Кенесарыны әспеттеген сондай дастандардың бірін революцияның жауы, «Алашорданың» мүшесі Мағжан Жұмабаев «Баян батыр» деп атаған. Бекхожин Жұмабаевтің дастанының атын «Науан батыр» өзгертіп алады. Мағжан:

Бәрінен асып туған батыр Баян,

Баянның батырлығы алашқа аян,– десе, Қалижан:

Бәрінен айбыны артық батыр Науан,

Қазақта батыр бар ма жеткен оған,–

деп Мағжан Жұмабаевті жол ма жол, сөз бе сөз қайталайды.

Мағжанда батыр Баян қалмақтарға қарсы: «Абылай! Абылай» – деп шапса, Қалижан Бекхожинде Науан орыстарға осылай әскери ұранмен аттанады. Абылай мен Кенесарының «құдайдың ерекше жаратқаны» туралы сөзді де Жұмабаев Бекхожинге өсиет етіп қалдырыпты. Арызданушының атынан Қалижан Бекхожин Кенесарыға: «Сорлаған ел-жұртыңды сақта өзің, Самсаған албастыдай сонау жаудан»,– дейді. Сөйтіп, орыстарды қазақ халқының жауы ретінде көрсетіп, оларды «албастыдай басып келе жатыр» деп Бекхожин тағы да орыс пролетариаты мен октябрь социалистік революциясына шабыт беруші адамдарды «албастыға», тағы да басқа «жын, шайтанға» теңеген контрреволюционер Жұмабаевтің теңеулерін тірілтеді. Мұндай мысалдарды өте көп кездестіруге болады. Тіпті, шелтиген, шатырайған, сұмдық, ел талаған деген сияқты тағы да басқа теңеулер арқылы орыс солдатын сондай бір сүйкімсіз етіп көрсеткен. Ең соңында «Науан батырдағы»: «Құдая, кер заманға кез келтірдің!»,– деген сөз дәл ме дәл – қазақ халқының жауы, Аманкелдіні өлтірген Міржақып Дулатовтан алынған.

1944 жылы шыққан «Шеру»атты жинаққа енген «Қол бастаған батырға» атты өзінің өлеңінде Бекхожин кеңес армиясының қазақ офицерімен әңгімесіндегі :

Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,

Кешегі Кенекеме тартып туған.

Есіңе ал Кенекемді кешегі өткен,

Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен (?!),–

деп берген батасы да «таң қаларлық».

Көріп отырғанымыздай, Бекхожин «Науан батыр» дастанында Кенесарының Россияға бағытталған қанды жорығын, алынбаған кекті романтикалық көтеріңкі леппен жеткізеді. Ол енді фашизмді талқандап жатқан біздің кеңес офицерін: Есіңе ал кешегі өткен Кенекемді, кек жолында кеудесін оққа тосқан... Кенекемдей ерлікпен атың шықсын,– деп Кенесарының өзіне тартуға шақырады.

Бұл ұран нені білдіреді? Кенесары ханның жолымен жүрген, Кенесары сияқты кек қайтарған офицер кіммен және кімге қарсы оқ атуы тиіс? Мұндай офицердің фашистерге қарсы оқ атуы мүмкін бе? Бұл өлеңінде Бекхожин ашық және бар дауысымен алашордашыл ақындардың ақындық сөздігін пайдалана отырып, «кек» алуға шақырады. Осыдан кейін оның осы «Шеру» жинағына енген «Қазақ ұлына» атты өлеңіндегі: «атаң қазақ разы болсын», «ата қоныс – Сарыарқа разы болсын»,– дегендегі «қазақ», «қазағым» деген сөздің емеуірінін қалай түсіну керектігіне қиналасың.

Бұл жолдар Кенесары туралы дастанның сарынымен тікелей астасып жатыр. Мұндай интонация Бекхожиннің көптеген туындыларынан ұшырасады. Оның өзге тақырыпқа жазған туындыларында да ұлтшылдық сарыны есіп тұрады. Мысалы, «Домбыра» атты өлеңіндегі: Нәзік, тәтті күйіңді тыңдап өстім, Ұмытпас қасиетіңді сенің ешкім. Алтын арфа, күмбірлі оркестрге, Мен сені ешқашанда теңгермеспін», – деген (мазмұндалып алынды – Т.Ж.) жолдарды оқиықшы.

Домбыра – біздің ұлттық аспабымыз, біз оны сүйеміз. Бұрын жалғыз өзінің ғана әлсіз үні шығатын домбыраның үні тек кеңестік Қазақстан тұсында ғана жаңаша күмбірлеп, үлкен ұлттық оркестрге айналды. Алайда оны «даңғырлаған оркестрге» немесе «алтын арфаға» қарсы қоюға бола ма? Әрине, болмайды! Симфониялық оркестр де біздің құндылығымыз, онсыз қазақ халқының мақтанышы опера өнерін ұйымдастыра алмас едік.

Симфониялық музыканы одан әрі дамытуға және қазақ жастарының музыка өнерінің жоғары деңгейіне көтерілуге ұмтылуы, сондай-ақ жас композиторлар мен орындаушылардың орыстың классиалық және қазіргі кеңестік музыканың озық үлгілерін үйренуге тәрбиелеу – біздің міндеттеріміздің бірі болып табылады. Ал Бекхожин «домбыра» деп қасарысып тұрып алса, оны ешқандай оркестрмен, арфамен теңестіргісі келмесе, оған не айтасың? Бекхожин үшін сол бір өткен заман, «солтүстік жұмақ болған» өмір қымбат. Адамдардың ішінен ол «құдай ерекше етіп тудырған» Кенесарыны, Шыңғысханды, Наурызбайды, музыкалық аспаптардың ішінен өткен заманды жырлағанда қосыла шертіп отыруы үшін домбыраны таңдап алады. Ол оның ұлтшыл дауысын өшіретін оркестрден қашады, ол оны тітіркендіреді, сондықтан да оны «даңғырлаған» деп суреттейді».

Тура осы кезде әуелде Қ.Сәтбаевтің тапсырмасын орындап, баяндама жасап жүрген философия ғылымдарының кандидаты Нұрымбек Жанділдин Орталық Комитеттің Ғылым бөлімінің меңгерушілігіне ауысып, енді сол Қ.Сәтбаевтің үстінен тексеру жүргізіп жатса да «информация жинау үшін» осы мәжіліске қатысып отырған болатын. «Партияның жан алғыш жан торсығы» Ә.Тәжібаевтің «домбыраның оркестрге» қарсы ұлтшылдық рухтағы соғысы туралы пікірі жадында сақталып қалса керек, араға екі-үш жыл салып барып, Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы болған кезінде оны қайта жаңғыртып «домбыраны» оркестрден алып тастап, «екі ішекті қу тақтайды» қуғындаған болатын.

Ә.Тәжібаев «жалғасы): «Ең соңында, «Пионер» журналының 1949 жылғы № 4 санында «Қазоты» деген дастансымағын жариялады. Жақшаның ішіне «Орыс аңызынан» деп жазылған. Туынды мынадай жолдармен басталады: «Ерте, ерте, ертеде, құба қыпшықтың дәуірінде, біздің еліміз қыспаққа алынғанда...» қыпшақ тайпасынан шыққан ағайынды екі адам болыпты. Олардың аттары – Сұрша мен Атырақ екен, екеуі де атақты батыр болыпты. Атырақ жаугершілікке ұшыраған... жат елді қорғауға кетеді. Ол елде Атырақ... емін-еркін өмір сүреді. Сонда:«Бақытқа кенелдіріп, өмірін ойын-сауықпен өткіздірген қай ел?»,– дегенге автор нақты жауап бермейді, тек «Кавказ тауының арғы бетіне» мекзейді. Егерде Каспий теңізі арқылы көрсетілген бағыт бойынша тура тартса, оқырман Түркиядан бір-ақ шығады».

Өзге-өзге, өзіне де ақындық кие қонған Әбділдәның мына емеуіріні шабыт емес, шалықтау, шарықтау емес, шабыну еді. Әйтпесе, орыс деректеріндегі «Қап тауының арғы беті» қазақ даласынан қарағанда «бергі беті, яғни, кешегі Ноғай даласы, бүгінгі Қобан бойы екенін Жүсіпбек Аймауытовтан дәріс алған Тәжібаев жолдас білсе керек-ті.

Ә.Тәжібаев «жалғасы): «Сұрша кенже інісін елге қайтару үшін атқа мінеді. Сұрша батыр бетпақ даланы аралайды. Сол «бетпақ даладан» інісі бала кезінде жақсы көретін Қазоты деген өсімдікті тауып алады. Ол сол гүлді Атыраққа жібереді. Ханға Қазотын әкелген жаушы қобызда ойнай бастайды. Қобыз айрауықтың ащы зарымен боз інгендей боздай жөнеледі. Хан Атырақ қазотын иіскей отырып, қобыздың күйіне қосылып ащы жасын төгеді. Ең соңында ол: жат елінде – сұлтан болғанша, өз еліңде – ұлтан болған дұрыс екен-ау. Туған жерге барамын, ағамды бауырыма аламын,– деген Атырақ өзін «бақыт пен қуанышқа бөлеген» елден кетіп, өзінің «бетпақдаласына» құл болып жүру үшін қайтып келеді.



1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   65


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет