Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



жүктеу 10.36 Mb.
бет35/65
Дата02.04.2016
өлшемі10.36 Mb.
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   65
: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай туралы Ә. Бөкейханов,
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Сонымен, 1951 жыл. Жиырма үшінші ақпан. Жазушылар жиналысы. Бұл жолы сөздің кезегі бірінші болып өмірінде бірінші рет Сәбит Мұқановтан бұрын Мұхтар Әуезовке берілді
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Ііі том. 93 бет. 6 түптеме
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> МҰхтар әуезов пен сәбит мұҚанов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Стенграмма: Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ. Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»

«Енді, Исмаиылов жолдасқа жауап берейін, ол мені: жақсы істерін жасырып, жаманттың барлығын жапсырған» жалақор сыншы деп айыптады, жалақорлық сынмен айналысқамын жоқ, айналыспаймын да, ал сіздің еңбегіңіз баршаға мәлім, мүмкін мен Кенесарыға мінездеме беретін барлық еңбектеріңізге толық тоқталмаған шығармын. Егерде дұрыстап қараса, сіздің еңбектеріңізден бұдан басқа да кемшіліктерді табуға болады. Сіздің өзге еңбектеріңізге баға беру – менің міндетіме жатпайды.

Ал Нұрпейіс Байғаниннің қолжазбасына қатысты айтарым, мен оның редакторымен 25 күн бірге отырып қарап шықтым, баспасөзде сілтеме жасалған бұл кітаппен менен басқа сіздердің ешқайсыларыңыз таныс емессіздер. Қабдолов (Ғабдуллов) қолжазбаны маған берді де, редакция жаса! – деді. Менің айтарым, демек, халық ақындарының шығармаларына жасалған редакторлық та сіздің еңбегіңіз жоқ.

Сөзімді аяқтай келе айтарым, көптеген жолдастар осы партия жиналысында өздерінің қателіктерін мойындады. Қатені мойындау – қатені түзетуге жасалған қадам, сондықтан да біздің жиналысымыздың қорытынды қарарында: қатесін мойындап сөйлеген жолдастар – өздерінің Кенесарыны бағалауда жіберген қателіктерін мойындады және оны өздерінің еңбектерінде, шығармаларының жаңа басылымында түзететін болады,– деп жазуымыз керек. Міне, менің бар айтайын дегенім осы».

Қарама-қарсы пікірлердің бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Әсіресе, стенограммалардағы сөздердің тұздығы ащы, қыжырынуы басым. Тіпті бет жыртысуға барған жағдайлар да кездеседі.

Мұндай саяси-көркем мағынаға ие емес жазушылар одағының қорындағы және баспасөз беттеріндегі жаныққан жарыссөздерді бұл араға кіріктірмесе де ештеңе өзгермес еді. Бірақ та жандайшап идеологияның жанықпасы тұсында ұлы тұлғалардың да кібіртіктеп, жасып, еркінен айырылып, пендешілікке ұрынуы – рухани жұтаңдыққа, өкінішке ұрындыратынын ескерте кетуді жөн көрдік. Біз тұлғаларды тұлдаған кеңестік жазалау саясатының психологиясын көрсету үшін олардың сол «қызылөңеш кезеңде» бір-бірін «қыстыра» кетіп, жалғыз өзі ғана жазаланып кетпеуге ұмтылған мәжбүрлік пендешілігін аша кеткіміз келді. Бұл да келешекке сабақ.

Иә, Ұлы отан соғысындағы жауынгерлерге: «Сендерді Абылайдың, Кенесары, Наурызбайдың әруақтары қолдасын!»,– деп ұран тастағанын Ж.Шаяхметовтің өзі де мойындай сөйлеп, оған идеология хатшысы І.Омаровты жанай кінәлап өтті. Скворцов, Қазақпаев, Оңдасынов, Әбдіхалықов та Кенесарыны ауызына алып, атой салған. Тіпті Сталиннің өзі де Иван Грозныйдың әруағын шақырған болатын. Жеңіске жеткеннен кейін енді сол әруақтарды қарғыспен кебіндеп, қайта көмгілері келді. Зады әруақтар оларға да тыныштық бермесе керек.

Кенесары ұлт-азаттық қозғалысы туралы мәселе Қазақстан Компартиясы ОК-нің ҮІІІ пленумында арнайы қаралып, бірінші хатшы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы» баяндама жасады. Сол кездегі партиялық принцип пен пікірдің, қоғамдық ойдың қандай дәрежеде екендігін көрсету үшін баяндаманың қажетті-ау деген тұсын ықшамдап бердік. Онда жалпы идеологиялық майданға шолу жасай келіп Ж. Шаяхметов:

«Идеологиялық жұмыста қателер мен ұлтшылдық бұрмалаушылықтар болатындығының себебі мынада: Орталық Комитеттің бюросы және Орталық Комитеттің бірінші секретарымен, саяси және шаруашылық жұмысты ұштастыру туралы Сталин жолдастың нұсқауларын ұмытып, идеологиялық жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмедік, кейбір тарихшылардың, әдебиет зерттеушілердің, кейбір басшы партия және совет қызметкерлерінің еңбектеріндегі қателер мен бұрмалаушылықтарды дер кезінде көрмедік және партиялық принциптік жағынан сынамадық, сонымен бірге «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген белгілі мақаласын талқылауда және бұл мақалада көтерілген мәселелер жөнінде республиканың партия ұйымдарында түсінік жұмысын жүргізуде үлкен шабандық істедік.

Мен 1944 жылы Амангелді Имановтың кайтыс болуына 25 жыл толуына арналған, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған мақаламда елеулі саяси қате жібердім. Қазақ жауынгерлерін неміс-фашистерге қарсы күресуге шақыра отырып, мен оларды өздерінің даңқты бабаларына лайықты болуға шақырдым, сөйтіп, Сырымның, Исатайдың, Махамбеттің, Амангелдінің есімдерімен қатар, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың аттарын да атадым. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясында 1944 жылы апрельде жасаған баяндамасында Оңдасынов жолдас та осындай қате жіберді.

Орталық Комитеттің насихат және үгіт мәселесін басқаратын секретары Омаров жолдастың идеологиялық жұмыспен шұғылдануы қанағаттанғысыз болды, буржуазиялық-ұлтшылдық сыпаттағы қателерді дер кезінде аша білмеді және ол қателерді Орталық Комитет бюросының талқылауына салмады. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуының бас редакторларының бірі бола отырып, Омаров жолдас Бекмахановтың қателері туралы дабылдарға құлақ қоймады және «Қазақ ССР тарихының» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы тарауын жазуды соның өзіне тапсырды» («Әдебиет және искусство», 1951, № 10) - деп «мойындады».

Айтылған пікірлерге орай Жазушылар одағының партия ұйымы:



«Сұлтан Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысы революцияға дейінгі және кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тауып келді: ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің реакциялық романтизм ағымындағы өкілдері Нысанбай, Досқожа т.б., сонымен қатар буржуазияшыл-ұлтшыл алашордашылар Кенесарының қозғалысын – ұлт-азаттық қозғалыс, ал Кенесарының өзі мен оның айналасындағыларды – ұлттық батырлар деп жырлады. «Қаншайым», «Жасауыл қырғыны» атты халықтық дастандарда және жазушы-демократ Мұхамеджан Сералиннің «Топ жарған» дастанында суреттелгеніндей қалың бұқара Кенесарының қозғалысына қарсы болғанына қарамастан, қазақ әдебиеттанушылары сарай ақындары Нысанбай мен Досқожаның туындыларын қазақ әдебиетінің тарихына қатысты көптеген еңбектерінде мадақтап келді. Кенесарышыл алашордашыл-жыршылардың сартабан соқпағымен жүрген жазушылар Әуезов, Бекхожин, Аманжолов, Тоқмағамбетов және тағы да басқалар Кенесары Қасымовтың реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалысын мадақтайтын көркем шығармалар жазды.

Партия жиналысы, әсіресе, Есмағамбет Исмаиыловтың Кенесары Қасымов қозғалысының «прогрессивті» екені туралы жазған кітаптары мен мақалаларында контрреволюцияшыл-алашордашылардың кеңес өкіметіне жаулық сыпатындағы идеясын жүйелі түрде насихаттап келгенін ерекше атап өтеді. Е.Исмаиыловтың осы партия жиналысындағы сөйлеген сөзі коммунистерді ешқандай да қанағаттандырмайды, өйткені Е.Исмаиылов өзінің сөйлеген сөзінде өзінің қателігін толық мойындамады, оның әдебиеттану және сын саласындағы еңбектеріне қаратыла айтылған әділ сыннан партиялық принципті қорытынды шығара алмады.

Партия жиналысы сонымен қатар Әуезовтің, Мұқановтың, Жұмалиевтің қазақ әдебиетінің тарихына байланысты еңбектерінде жіберілген қателер мен бұрмалаушылықты да атап өтті.

Бірқатар әдебиеттанушылардың қазақ әдебиетінің тарихына байланысты бірқатар еңбертерінде және жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығында қарақшы және қалың бұқараның жауы Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысын бағалауда жіберілген өрескел қателіктері мен бұрмалаушылықтарын жою үшін Қазақстан Кеңестік Жазушылар Одағының партия жиналысы Қаулы қабылдады».

Талқыға салынған пікірталастары мен әшкерелеудің негізінде «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты мақаласын және ҚК(б)П Орталық Комитетінің осы мақала туралы қаулысын басшылыққа алып, бұлжытпай орындау үшін»:



«1. Хан Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық, реакциялық қозғалысын мәнін ашып бере алмаған жазушылар мен әдебиеттанушыларды әшкерелеуде жетекшілікке алынсын. 2. Хан Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық, реакциялық қозғалысы қатаң сынға алынып, Жазушылар мен әдебиеттанушылар көпшілік арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсін. 3. «Әдебиет және искусство» жураналында Кенесарының қозғалысын суреттеген әдебиеттерді әшкерелеу бағытында сыни мақалалар жарияласын. 4. Әдебиеттанушылар – Қазақ әдебиеті тарихының көп томды тарихы мен мектеп оқулықтарында кеткен қателіктерді түзету үшін әдебиеттанушылар Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиеттану институтына және Қазақ ССР оқу ағарту министрлігінің жұмысына белсене атсалыссын. 5. Жұмалиевтің, Бекхожиннің, Әуезовтің, Мұқановтың өзінің қателіктерін мойындағаны ескеріліп, оларға шығармаларында, оқулықтарында, қазақ әдебиеті тарихында кеткен қателіктерін тез арада түзету тапсырылсын. 6. а/ Қазақ ССР тарихы мен Қазақ әдебиеті тарихы мәселесі бойынша жазушыларға арналып лекция оқылсын. б/ Осы қаулының орындалуының барысы туралы ай сайын партия жиналысына хабарланып отырсын»,– деген (сонда, мазмұндалып беріліп отыр) қаулы қабылданды.

Алайда бұл қаулы көпшіліктің назарын жай ғана алдарқату еді. Мұндай қаулыны көні кеуіп барып, жібіген былғарымен ғана салыстыруға болатын.



Өйткені Қ.Жармағамбетов жазып, қолын қойған осы жиналыстың қорытындысы бойынша Кенесарыға қатысты әдебиет саласындағы барлық айып Есмағамбет Исмаиыловқа тағылды. Жоғарыдағы Е.Исмаиыловтың «азсынған еңбегін көпсінтіп», бас-басына талдап көрсетіп шықты. Соның ішінде мына мәселелерді батыра айтты:

«ҚК(б)П Орталық Комитетінің осы қаулысында БАК-қа: ұлтшылдықты насихаттаған ғылымға жат, тарихи шындықты бұрмалаған, зиянды еңбегі үшін профессор атағын, ғылым докторы және ғылым кандидаттары дәрежесін Бекмахановтан алып тастауды өтінген шешім бар. Орталық Комитеттің бюросы Қазақ ССР Ғылым Академиясының партия ұйымына: Бекмахановтың өзінің қателігін мойындауға селсоқ қарағандығын, «Правда» газетіндегі мақаланы теріске шығаруға ұмтылғандығын ескере отырып, Бекмахановтың партиялығы мәселесін қарауды тапсырды. ҚК(б)П Орталық Комитеті өзінің қаулысында Қазақ ССР Ғылым Академиясының төралқасын: «Қазақ ССР тарихының» бірінші томын қайтадан қарап шығып, Қазақстан тарихының кеңестік кезеңін кеңінен қамтуға міндеттеді. Орталық Комитеттің бюросы бізді, әдебиет майданының қызметкерлерін: қазақ әдебиетінің тарихын қайта қарап шығып, ондағы Кенесарының қозғалысына қатысты қателіктерді түзетуге міндеттеді. ҚК(б)П Орталық Комитеті бюросының бұл нұсқауы: әдебиет майданы қызметкерлерінің Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауда жіберілген өрескел қателіктерді түзетуді талап етеді.

Кенесары Қасымов қозғалысы революцияға дейін де, кеңес жылдарында да қазақ әдебиетінде кеңінен көрініс тапты. Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысының революцияға дейінгі қазақ әдебиетіндегі көрінісін бағалауда екі бағыт орын алып келді.

(Бірінші): революция қарсаңындағы демократиялық бағыттағы М.Сералин бастатқан зиялылар мен халықтың қалың көпшілігі Кенесары Қасымов қозғалысының реакциялық жағын басым көрсетті (бұдан кейін Қ.Жармағамбетовтің баяндамасындағы «халық өкілдерінің» «Топжарған», «Жасауыл қырғыны» дастандары мадақталып, Досқожа, Нысанбай, Көкбай сияқты «халық жауларының» дастандары мысалмен аталып өтіп, әшкереленеді).

Кенесарының және оның айналасындағылардың жалған ерлігін желеу еткен қазақ ұлтшылдары – феодализм мен Қазақстандағы хандық билікті әшекейлеушілер, социализмнің қас жауы, алашордашылар бұлардан да асып түсі. Алашорданың контрреволюцияшыл ақындары Жұмабаев, Дулатов, Байтұрсынов Кенесарының дәуірін алтын ғасыр деп бағалады, Кенесарының өзін қайталанбайтын батыр және халық бақыты үшін күрескен соңғы хан деп жырлады. Өздерінің контрреволюциялық насихаттарында халық жаулары – ұлтшылдар өздерінің алдына Кенесарының хандығын қайтарып әкелуді мақсат етіп қойды. Алашордашылардың Кенесарыны насихаттауы 1930 жылға дейін жалғасты. Алашордашылардың уағызының ықпалымен және олардың қолпаштауымен ақын Иса Байзақов «Қойшының әңгімесі» дастанын жазды, онда Кенесарының қарақшыларының бірі Ағыбайды әспеттеді. 1928 жылы Әуезов «Хан Кене» пьесасын жазды, онда автор ұлтшылдардың ұстанымымен Кенесарының қозғалысын және оның қырғыз халқына шапқыншылығын басынан бастап аяғына дейін ақтап шығады»,– дей келіп абайтану және Абайдың ақындық мектебіне жанай шолу жасап, қаулының түсініктемесіне енгізе кетеді.

Оның бұл пікірін осы мәселеге қатысты тұста пайдаланатын болғандықтан да бұл арада назардан тыс қалдырамыз. Оның есесіне баяндамада қамтылмаған, әсіресе, Е.Исмаиыловтың мұның пікірін «жалақор» деп мойындаудан бас тартқанына шамданған Қ.Жармағамбетов оның «жаулығын әшкерелейтін тың деректер» келтіреді.



«ҚК(б)П Орталық Комитеті бюросының нұсқауын орындау барысында: әдебиет майданының қызметкерлері оқулықтар мен қазақ әдебиеті тарихының көп томдығын Кенесары Қасымовтың жалған қаһармандығы мен ерлігін мадақтайтын пікірлерден тазартуы тиіс, Кенесары Қасымов қозғалысының ұлтшылдық және реакциялық-монархиялық сипатын әшкерелейтін мақалалар жазып, баяндамалар жасауы керек, бұл мәселе жөніндегі өздерінің де қателерін партиялық салихалы сын мен өзара сын тұрғысынан бағалауы тиіс.

Бұл реттен алғанда алғашқы істер жүзеге асып жатыр. 1951жылы 4 көкек күні (яғни, мәжілістен он төрт күн бұрын – Т.Ж.) «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған Ғұмарова жолдастың «Кенесары қозғалысының әдебиеттегі әспеттелуіне қарсы» атты мақаласында Кенесары қоғалысын бағалауда және зерттеуде қателіктер жіберген әдебиеттанушылардың қателіктері дұрыс сыналған. Ғұмарова жолдас Исмаиыловты: ҚК(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылғы 21 қаңтар күнгі «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтындағы өрескел қателер туралы» қаулысындағы тікелей Исмаиыловтың өзіне қаратыла – өзінің буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымын мектептегі оқулықтар мен әдебиет теориясы туралы және басқа еңбектерінде енгізіп, насихаттағаны үшін партиялық ескерту жасағанын, алайда оның партия-кеңес жұртшылығының мұндай батыл ескертуінен қорытынды шығармағанын – орынды сынаған. Мұның барлығына қарамастан қаулы шыққаннан кейін жылдан соң сол қатесін тағы да қайталап, «Қазақ әдебиетінің тарихының» бірінші томында Кенесарыны әспеттеді.

Менің ойымша, коммунистер мен жазушы жұртшылық Исмаиыловтан бір нәрсені сұрауға: ол буржуазиялық-ұлтшыл идеяны насихаттауын қашан доғарады?,– деп сұрауға толық қақы бар. Біз бұл сұрақты оның бетіне тура қарап тұрып: қазақ әдебиетінің тарихы мәселесін буржуазиялық-ұлтшылдық тұрғысынан көрсететін өзіңнің ұстанымыңнан түбінде бір қол үзесің бе, жоқ па?,– деп сұрақ қоюға міндеттіміз.

Ғұмарова жолдас өзінің мақаласында: біздің әдебиеттанушыларымыз өздерінің оқулықтары мен өзге де еңбектерінде – Кенесарының қарақшыларының тонаушылық шапқыншылығын тікелей немесе жанама әшкерелеген революцияға дейінгі шығармаларды қасақана айаналып өткенін –дұрыс көрсеткен. Мысалы, «Жасауыл қырғыны». «Топ жарған» дастандары талданбады, оның есесіне Кенесарының қарақшыларының қырғыз халқына жасаған шапқыншылығын суреттеген Нысанбайдың дастанын талдау барысында оның өмірлік шындығы ашылмады».

Осы арада Қ.Жармағамбетовтің «бармағының астына басып отырған бір қулығын» ашуға тура келіп тұр. Сол Есмағамбет Исмаиыловтың тапсырмасымен торғайлық халық ақыны Нұрхан Ахметбеков те «Жасауыл қырғыны» атты дастан жазып, Кенесары – Наурызбайдың жасағының қырғынға ұшыраған қасіретті оқиғаны толғайды. Мұны білетін Қ.Жармағамбетов халық ақынына сол дастандағы оқиғаны мүлдем өзгертіп, «бүгінгі күннің көзқарасы тұрғысынан» қайтадан өңдеп жаздырады да өзі басқарып отырған «Әдебиет және искусство» журналына жариялап, сол шығарманы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынады. Қылышының жүзі Кенесары мен Наурызбайдан бетер қылпып тұрған Қайнекей Жармағамбетовтің бетіне кім қарсы шыға алсын, әрине, халық ақыны лауреат атанды. Сондай шеберлікпен орындалған дастанды қадағалап оқыған адам соның ішінен Наурызбайға қаратыла қолданылған сүйсіністі теңеулерді қазір де аңғара алады. Міне, осы арада бұрын халыққа таралмаған дастанды халықтық нұсқа етіп көрсетуінің астарында осындай бір «қазақы күрес тәсілі де» бар еді.

Қ.Жармағамбетов (қаулының түсініктемесінің жалғасы): «Осы жылдың 19-көкек күні (яғни, мәжілістен бір күн бұрын – Т.Ж.) «Ленинская смена» газетінде Ә.Тәжібаевтің «Қазақ әдебиетінің тарихи мәселелерін бағалаудағы өрескел қателіктерді жояйық» деген мақаласы жарияланды. Автор Кенесары қозғалысын бағалауда жіберген әдебиетшілер мен жазушылардың өрескел ұстанымдары мен қателіктерін партиялық позиция тұрғысынан сынайды. Менің ойымша, Тәжібаев ақын Бекхожиннің шығармашылық әрекетін дұрыс сынаған. Менің ойымша, Бекхожин жолдас өзінің сөзінде ол: хандар мен сұлтандарды жырлаумен өзгелердің бәрінен бұрын әуестенгенін және өлеңдері мен дастандарында алашордашыл Жұмабаевтің теңеулері мен жолдары кездесетінін – мойындауы тиіс болатын. Рас, Бекхожин жолдастың 1946 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Буржуазияшыл ұлтшылдардың қорғаушысы (адвокаты)» атты мақаласында Кенесарыны буржуазияшыл ұлтшылдардың қатарына жатқызған болатын. Соған қарамастан ол сол кезде Кенесарының атасы – Абылай туралы дастан жазып жүрді.

...Біз, коммунистер және Қазақстан жазушыларының ұжымы Кенесары Қасымовтың реакциялық-монархиялық қозғалысын тура немесе жанамалай насихаттағандардың барлығын да қатаң да қатал сынға алып, сол арқылы партиямызға идеология саласындағы буржуазияшыл-ұлтшылдардың әдебиет майданындағы қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартуға көмектесуге тиіспіз, алдыңғы қатарлы кеңес әдебиетіне кеңестік құрылысқа зиян идеялардың сіңіп кетпеуінен сақтандыруымыз керек»,– деп жауапты хатшы қаулының соңына өзінің қолын қойды.

«Кенесарының жолындағы талмайтын күрескер, оның меншікті қорғаушысы, және хан тұқымдарының тұрақты алдияры» атанған Е.Бекмаханов, Е.Исмаиылов, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменовтің қатарында Қ.Жұмалиевтің өзі де қамаққа алынып, жиырма бес жылға кесіліп, Семейге жер аударылды.

Ал басты кенесарышыл Е.Бекмахановтың тағдыры туралы сөзді тағы да оның шәкірті Ә.С.Тәкенов дегдарға береміз:

Ә.Тәкенов: «Бекмахановтың репрессияға ұшырауы да осыдан басталды. Ол барлық қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылды, барлық атақ-дәрежелерінен айырылды. 1951 жылы ол мектеп оқытушысы болып Алматы облысының Нарынқол ауданына, кейін Шу ауданына жіберілді. 1952 жылы 5 қыркүйекте қамауға алынып, 4-желтоқсанда 25 жылға сотталып, алыстағы ГУЛАГ-қа айдалды. Ең дарынды ғалым кезіндегі үлкен тарихшылар тобына ортақ көзқарасты жақтағаны үшін құрбан болды. Ол тұста оған ешкім ара түсе алмады.

1951 жылы ҚК(б)П Орталық Комитеті арнайы комиссия құрып, «Правданың» 1950 жылғы 26 желтоқсандағы мақаласы негізінде шаралар белгілеп, 10 көкекте қаулы алды. Кейін партияның V съезінде И.Храмков комиссия жұмысы барысында I.Омаров Бекмахановты қорғаштады деп сынға алды. Ал Орталық Комитет бюросында Бекмахановты партиядан шығару туралы ұсынысты Ж.Шаяхметов өзі енгізіпті. I.Омаров хатшылық қызметінен босатылды. Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітабы саяси зиянды деп табылып, барлық дүкендер мен кітапханалардан алынды. Тарих, әдебиет саласында кадрларды қудалау басталды. 1951 жылы тіпті КСРО Ғылым академиясының тарих институтында Т.Шойынбаев – Х.Ғ.Айдарова – Якуниннің мақаласы талқыланып, бұрынғы Бекмахановпен пікірлес ірі ғалымдардың өзі (Панкратова, Вяткин, Дружинин) «әшкерелеушілікке» ұшырап, қателерін «мойындауға» мәжбүр етілді.

1951 жылы 31-шілде де ҚК(б)П Орталық Комитеті өзінің 1945 жылғы 14 тамыздағы қаулысында Кенесарыға берген бағасын өзгертіп, ол бастаған қозғалысты феодалдық-монархиялық, реакцияшыл деп біржақты бағалап шықты. Кенесарыны дәріптеген материалдар кіргендіктен сол қаулыда қазақ әдебиетінің барлық оқулықтарына тиым салынды. 1952 жылы мамырда Тарих, археология және этнография институтында Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың сипаты туралы пікірталас өтті. Бірақ бұрынғы екі ұдай пікір болмады. Пікірталастың қорытынды құжатында XVIII-XIX ғасырлардағы көтерілістердің бәрі, Сырым мен Исатай-Махамбет көтерілісінен басқасы реакцияшыл деп жарияланды. «Правданың» 1950 жылғы 26-желтоқсандағы мақаласы барлық оқу орындарында, кәсіпорындарында да талқыланды. Талқылау біржақты, сөзсіз мақұлдау, ұлтшылдықты әшкерелеу сарынында ғана жүргізілді».

Сөйтіп, М.А.Суслов жетекшілік еткен БКП (б) Орталық Комитеті мен «Правданың» дегені жоспарлы түрде жүзеге асырылып, 1951 жылы 23 қараша күні Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің бюросы:



«Қ.И.Сәтбаев жолдастың түсініктемесін тыңдап, талқылай келе Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті мына мәселелерді анықталған деп есептейді, Сәтбаев жолдас:

а) Партияға кірген кезде өзінің әлеуметтік жат тегін жасырған. Жолд. Сәтбаевтің әкесі бай шаруашылыққа ие болған;



б) БКП (б) Орталық Комитетінің «Татар партия ұйымындағы көпшілік-саяси және идеологиялық жұмыстың барысы және оны жақсартудың шаралары туралы» қаулысы шыққаннан бастап соңғы кезге дейін 1927 жылы шыққан «Ер Едіге» кітабына жазған алғысөзіндегі өзінің ұлтшылдық қателерін мойындамай, оған сын көзімен қарамай келді, Сәтбаев жолдас онда Едіге туралы хандық-феодалдық эпосты насихаттаған және Едігенің өзін мадақтаған.

в) Қазақ ССР Ғылым Академиясын саяси сенім артуға болмайтын және ғылымға кездейсоқ келген адамдарға толтырып жіберді, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті тарапынан Ғылым Академиясын бұл адамдардан тазарту және Академияның ғылыми жұмыстарының дәрежесін көтеру туралы берілген нұсқауларға орай тиісті шара қолданбады.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті қаулы етті:

1. Қ.И.Сәтбаев жолдас Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті қызметінен босатылсын және оған есеп карточкасына жазылған қатаң сөзгіс берілсін.

БКП (б) Орталық Комитетіне бекітуге жіберілсін.

2. Сәтбаев жолдасқа өзінің өмірбаянына тиісті өзгерістер енгізу міндеттелсін.

3 Ерекше іске тіркелетін ескерту.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы – Ж.Шаяхметов»,– деген шешім шығарды.

Сол күні «Ерекше істегі аса құпия»:

«3. Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік министрі Фитин жолдасқа: «Алашорданың» Семейдегі комитеті Қ.И.Сәтбаев жолдасты үгітші ретінде пайданғаны туралы материалдарды тексеріп шығып, оның нәтижесін Қазақстан К(б)П Орталық Комитетіне хабарлаңыз»,– деген қатынас та тиісті мекемеге жолданды.

Қазақстан Орталық Комитетінің және жеке Ж.Шаяхметовтің бар қолынан келгені, академиктің кейінгі өміріне тікелей қатысы шамалы: тегін жасырды, 1927 жылы кітаптың алғысөзінде қателік жіберді, «халық жауы» болып ұсталып, мерзімін өтеп қайтып келгендерді жұмысқа алды деген сияқты Қ.Сәтбаев тәрізді ірі ұйымдастырушы ғалым үшін бір үшкіруден қалмайтын «айыпсымақтарды» тағумен шектелуі еді. Осыдан кейін Қ.Сәтбаев СССР Ғылым Академиясының кезекті сессиясын желеу етіп Мәскеуге баспаналап кетуге мәжбүр болды. Сталинге хат жолдады, бірақ оның жауапсыз қалатыны әу бастан анық болатын. Қаныш Сәтбаевтің тағдыры ғылым мен мәдениет, әдебиет саласынағы көзқарас иелерінің бүкіл тағдырын анықтап беретін шешуші нысана боғандықтан да, қайта оралып жатпас үшін, оның кейінгі көрген қысымын келтіре кетеміз. Қ.Сәтбаев іспетті ірі ғалымнан айырылу республиканың беделін түсіретін. Сондықтан да Қазақстан коммунистерінің Ү сьезінде өнеркәсіптік маңызы аса зор атақты кен орындарын барлаудың геологиялық картасын жасауды Қ.Сәтбаевқа тапсырып, оны Геология институтының директорына бекітті. Сонда да басына төнген қатердің сейілгеніне сенбей Мәскеу мен Ленинградта жүріп күні кеше қол астында баяндама жасап жүрген, қазір Орталық комитеттің ғылым бөлімін басқарып отырған Н.Жанділдинге:

«15-көкекке белгіленді деген Ғылым академиясының мәжілісіне қатыса алмаймын... Егерде Орталық Комитет қолдайтын болса, онда Академияның жалпы жиналысында жаңа президентті сайлардың алдында мына хатты оқып берулеріңізді өтінемін»,– деп хат жазды. Ол хатта:

«Қазақ ССР Ғылым Академиясының дамуы мен өркендеу жолының күрделеніп бара жатқандықтан да, менің егде тартқан жасым мен сыр бере бастаған денсаулығыма байланысты бұрыннан бері жоғарғы жақтан мені Қазақ ССР Ғылым Академиясының президенті сияқты жауапты жұмыстан босатуды өтінген болатынмын.

Әділ сынның нәтижесінде: Ғылым Академиясының басшылығы мен Академияның президенті ретінде менің –: кадрларды таңдау, қоғамтану институттарындағы ғылыми жұмыстарды қадағалау барысындағы елеулі идеологиялық бұрмалаушылықтар мен кемшіліктер жібергеніміз анықталғаннан кейін мен үшін бұл қадамның дұрыс екендігі тіпті анық бола бастады.



1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   ...   65


©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет