Зайсан көлінің солтүСТҮгіндегі ә. М. Оразбаевтың зерттеу жұмыстары омаров Ғани Қалиханұлы Т.ғ. к аға оқытушы



Дата25.04.2016
өлшемі131.39 Kb.
ЗАЙСАН КӨЛІНІҢ СОЛТҮСТҮГІНДЕГІ Ә.М. ОРАЗБАЕВТЫҢ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ
Омаров Ғани Қалиханұлы

Т.ғ.к. аға оқытушы
Қазақстан археология ғылымында өзіндік қолтаңбасын қалдырған еліміздегі алғашқы кәсіпқой археолог – Ә.М. Оразбаевтың энеолит, қола, ерте темір дәуірлері, түркі кезеңі және тіпті ортағасырлар туралы зерттеу жұмыстарын біршама зерттеп, зерделедік дегенімізбен [1; 2], алайда әлі де болса Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының мұрағатынан жарияланбаған материалдарын жолықтыруға болады. Бұл мақалада қарастырайық деп отырған жай С.С. Черников басқарған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясындағы қазба жұмыстарының нәтижелері. Ұстазымыздың осы экспедиция құрамында тіпті студент кезінің өзінде-ақ 1947, 1949 жылдары қатысқандығын мұрағат материалдары ішіндегі сызбаларындағы «Орындаған Оразбаев» деген таныс жазуынан аңғарсақ, ал өткен ғасырдың 50-ші жылдары жеке отряд басқарғандығын жақсы білеміз [3, 9]. Осы экспедицияда 1956 жылы № 3 отрядын басқарып Құлажорға және Усть-Бөкен ауылдары жанындағы ерте темір дәуірінің қорғандарына қазба жұмыстарын жүргізеді. Ал 1958 жылы Қазақ ССР ҒА Тарих, археология және этнография институтының Бұқтырма археологиялық экспедициясын басқарып Ертіс аңғарындағы археологиялық ескерткіштерде зерттеу, барлау жұмыстарын жалғастырады. Сондай-ақ Зайсан көлінің солтүстік жағалауындағы ізденістерімен қатар кейбір осындағы айрықша ескерткіштерге қазба жұмыстарын жүргізеді. Бұл жылы Шығыс Қазақстанның Ұлан, Самар және Күршім ауданының территориясында қазба жұмыстары іске асты. Біз тоқталмақшы болып отырған Күршім ауданындағы қазба Шиліқарын (1-4 суреттер), Көкжар және Аманат тауы жанындағы ескерткіштерде болды [4; 5]. Бұл өлкедегі қорғандарды С.С. Черников 1937 жылғы археологиялық барлау жұмыстары кезінде тізімге алған [6]. Қорымдағы қорғандар саны 12-ден 200-ге дейін жетеді.

Зайсан көлінің солтүстік жағалауындағы жайылманың жоғарғы террасасында, Шиліқарын ауылынан 300-400 м солтүстік шығыста орналасқан Шиліқарын қорымы 23 қиыршық тас, құм және сары топырақтан үйілген қорғаннан тұрады. Қорым Ақмоладан Мөнекейге барар жолдың оң жағында шығыстан батысқа қарай созыла 380х120 м аумақты қамтыған. Құм және құм мен қиыршық аралас жайылып кеткен үйіндісі бар қорым қорғандарының диаметрі 10-14 м, ал биіктіктері 0,25-0,5 м. Алғашқы қорғандар тобынан 1 км шығыста 10 қорғаннан тұратын екінші қорым да көл жайылымының жоғарғы террасасында.

Шиліқарын қорымындағы 1 қорғандар тобында диаметрі 14-15 м алты қазылған қорғандардың барлығы да ақымы бар қабірлер (2 сурет). Бұл жерде айта кететін жайт, Ә.М. Оразбаевтың қысқаша есебінде қазылғаны 6 деп көрсетілсе, ал эспедиция мүшесі археолог А.П. Кусургашева жүргізген күнделікте қазылған 2 қорғанның сипаттамасы ғана жазылған [4]. Осы қорғандардың зерттелуіне тоқтала кетейік:

№4 қорған Шиліқарын қорымының батыс бөлігінде Зайсан көлі жағалауынан 30 м қашықтықта орналасқан. Диаметрі 14 м, биіктігі 0,35 м қорған құм және сары топыра пен ұсақ қиыршық тас аралас үйіндіден тұрады. Орталық бөлігінен 2,4х0,8 м көлемдегі оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа бағытталған қабір шұңқыр орыны анықталып, жер беті деңгейінен 1 м тереңдікке жеткенде шіріген ағаш қалдықтары мен ұсақ балық сүйектерінің үйіндісі табылды. Осы тереңдікте қабір шұңқырдың солтүстік шығыс бөлігінде қабырғаның астына кететін ақым анықталып, топырақ арасынан қаңқаның бас сүйектен басқа жақсы сақталған, бірақ қатты араласып кеткен сүйектері ашылды (4 сурет). Сүйектерді топырақтан аршу барысында ағаштың жекелеген қалдықтары мен қара түсті батпақ дақтары кездесіп отырған. Қабір шұңқыр түбі тегіс емес, оның шетінен ақым 0,6 м саты болып төмендеп кетеді, ал солтүстік батыс бөлігі тонаушылар әрекетінен бұзылып кеткен. Осы бөлігінің керіш сары топырақты қабырғасына жабысқан батпақты оңай ажыратқанда тігінен салынған лом тәріздес үшкір құралдың іздері анық байқалған. Ені (диамері) 1 см, тереңдігі немесе қалыңдығы 5-9 см. Сонымен қатар қабырғадағы іздеріне қарағанда қазіргі күрек сияқты ені 10 см құралдың да орыны сақталған. Қорған толықтай тоналып кеткен.

№7 қорған Зайсан көлінің жағасынан 50 м, Шиліқарын қорғандар тобының батыс бөлігінде орналасқан. Жайылып кеткен құм мен қиыршық тастан тұратын қорғанның диаметрі 8 м, биіктігі 0,14м. Солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа бағытталған қабір шұңқырдың оңтүстік шығыс бөлігінде 1,2 м тереңдікте шіріген ағаш қалдықтары және қызыл жоса есектері кездесті. Ағаш талшықтарына қарағанда оңтүстік батыстан солтүстік шығысқа бағытталған, яғни қабір шұңқырды көлденең жапқан. Қабір 1,35-1,45 м тереңдікке жеткенде солтүстік батыс жағынан адамның жақсы сақталған, бірақ шашыла араласып кеткен адамның қаңқа сүйектері табылды, ал 1,65 м тереңдікте оңтүстік шығысынан аяқтың ұзын сүйектері анатомиялық қалыпта сақталған. Соған қарағанда басы солтүстік батысқа қаратылып жерленген, ал тонаушылар қабірге шашылған сүйектердің шоғырлануына қарағанда осы жағынан түскен. Қабірдің солтүстік шығыс қабырғасының астынан сыртқа қарай қабір түбінен 0,2 м тереңдікте сатыланып ақым кетеді (3 сурет). Бұл қорған да толықтай тоналған.

Көкжар қорымы Зайсан көлінің сол жағалауында, Көкжар атты балықшы ауылынан шығысқа қарай 2 км жерде, терраса шетінен 140 м, Шиліқарын қорымынан 10 км, Шәкіміс тауынан 4 км шығысқа, батыстан шығысқа қарай созыла орналасқан 200-ден астам қорғандардан тұрады. 1958 жылы бұл қорымда 9 қорған қазылған.

Ерекше қызығушылық танытатын №2 қорған Көкжар қорымының оңтүстік бөлігінде, терраса шатінен 120 м жерде. Диаметрі 14-15 м, биіктігі 0,4 м сопақша келген қорғанның етегін ала ені 0,8-1 м жақпар тастардан сақина-шеңбер қаланған. Диаметрі 0,4 м келетін ірілеу тастары қорған шетінде бір қатар болып келіп тас белдеудің сыртқы бөлігін, ал диаметрі 0,15 м мөлшеріндегі ұсақ тастар шеңбер белдеудің ортаңғы бөлігін құрайды.

Қорғанның орталық бөлігінен оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа бағытталған 3х1,7 м көлемдегі қабір шұңқырдың бұрыштары доғалдана келіп төртбұрыш формасына ұқсайды. Қабір 1,4 м тереңдікке жеткенде батыс бөлігінен шашыраған адамның нашар сақталған қаңқа сүйектері ағаш шірінді қалдықтарымен араласа кездессе, оңтүстік қабырғаға таяу осы тереңдікте 2-3 см қалыңдықта қамыс төселген. Солтүстік шығыс қабырғаны бойлай солтүстік батыстағы үшкілденіп біткен тұмсығынан оңтүстік шығыстағы аяғына қарай кеңи түскен тұтас ағаштан ладья (қайық) түріндегі жасалған астау-табыттың ұзындығы 2,45 м, ені 0,5 м-ден 0,3 м-ге дейін, ал түбінен үстіндегі сақталған бөлігіне дейінгі биіктігі 0,25 м. Жердің дым болуына байланысты жақсы сақталған деуге болады. Сондықтан да болар тұмсығын екі жақ жаны мен түбінен конус түріне келтіріп шауып қашағанын, соңындағы көлденең қойылған тұтас ағаштан жасалған бөлігі түбіне тігінен қойылып, керісінше үсті ішке қарай қайырылып келіп бітетінін анық байқауға болады. Орталық бөлігінен топырақ арасынан адамның қатты шіріген бас сүйегі мен оның жанынан екі белгісіз қола заттың сынығы, тұмсығының батыс жағынан қаңқаның кеуде сүйектерінің араласып кеткен жерінен жасыл түсті цилиндр тәріздес 30 (3 мм) паста моншақтар кездескен, оның екеуі боялмағандықтан нашар сақталған. Оңтүстік бүйірінен ағаш қапсырманы айналдыра қоршаған алтын қаңылтырда айдаһар бейнесі салынған. Қайық түріндегі ағаш табыттың қақпағы табылмаған [5, 23].

№3 қорған қорымның оңтүстік бөлігінде Зайсан көлінің жарқабақты жағалауынан 130 м жерде орналасқан. Солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай созылыңқы топырақ қорғанның диаметрі 14-16 м, биіктігі 0,6 м. Етегін топырақ сусып кетпесін деп тастармен айналдыра шеңбер түрінде көмкеріп шыққан. Орталық бөлігінде солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа бағытталған 4х2,5 м төртбұрышты болып келген қабір шұңқырдың шығысында, дәл қабырғасы тұсында 1 м тереңдіктен бастап 2,3 м тереңдікке дейін берекетсіз шашылған тастар кетеді. Батыс жағында 1,8 м тереңдікте қабір шұңқырда 5-8 см қалыңдықта төселген қамыс шіріндісі орны анықталды. Одан ары қабір ішін тазалап алғанда 2,2 м тереңдікте тігінен тұрған тастар мен адамның бас сүйегінсіз ұсақ қаңқа сүйектері солтүстік шығысында шашылған жағдайда кездескен. Ерекше мән беретін жағдай көлемі 3х0,7 м, орташа биіктігі 0,4 м тас жәшік. Оның шығыстан батысқа қарай параллель кеткен екі ұзын жағы ұзындығы 1 м болатын үш тастан құрастырылса, шығысындағы қысқа аяқ жағында тігінен бір тас қойылған. Қақпа тастардың тек қосылған жеріндегі саңылаулары қабірді толтырған топырақ, я болмаса материктегі топырақтың ешқайсысына ұқсамайтын тығыз сұр түсті балшықпен қалың етіп сыланып тасталған. Басқа ешқандай жәдігерлер шықпаған.

Зайсан көлінің жағасынан 110 м қашықтықта, қорымның ең оңтүстік шетінде орналасқан диаметрі 8-9 м, биіктігі 0,2 м №1 қорғанның өзге қорғандардан басты айырмашылығы айнала қоршаған тас белдеуі тұрмақ үйінді үстінде жекелеген тастардың да кездеспеуі. Қорғанның орталық бөлігінен солтүстік батысқа қарай ауытқыған 2,3х1,3 м көлемдегі қабір шұңқыр оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа бағытталған. Қабір толтырындысын тазалағанда 1,65 м тереңдікте ағаш және қамыс шірінділері аралас адамның тонаудан қалған қаңқа сүйектері шашыранды түрде кездеседі. Ары қарай 1,8 м тереңдегенде солтүстік шығыс қабырғасын бойлай тағы да 0,4 м төмен ақым кететіндігі анықталды. Қабір толықтай тоналған.

Көкжар қорымының шартты түрде алғандағы III қорғандар тобы (мөлшермен 200 қорған) Зайсан көлінің солтүстік жағалауынан 800 м жайылманың жоғарғы террасасында, Мөнекей – Ақмола жолының бойында, Шәкіміс тауынан 3 км жерде батыстан шығысқа қарай созыла орналасқан. Бұл қорымдағы құм мен ұсақ қиыршық тастан тұратын диаметрі 6 м-ден, биіктігі 0,6 м-ден аспайтын қорғандарды қазу кезінде қабір орны табылмаған, қосымша қазба да ешқандай нәтиже бермеген. Сонымен бұл құрылысты жерлеу орындары деп санаға келмейді, дегенмен олар культтік маңызы бар ғұрыптық орындар болуы әбден мүмкін.

Аманат қорымы Аманат тауынан оңтүстік батыста 500 м, Мөнекей-Боран жолының бойында, Зайсан көлі жағалауынан 900 м солтүстікте орналасқан қорғандардың диаметрі 10-20 м, биіктігі 0,3 м-ден 1,5 м-ге дейін.

Диаметрі 8 м, биіктігі 0,35 м №11 қорған Аманат тауының оңтүстік батысында 500 м, қорымның солтүстігінде Мөнекей-Боран жолының оңтүстігінде 200 м жерде. Қорғанның солтүстік батыс бөлігінде 1,5x 2 м қабір шұңқыр 0,68 м тереңдікке жеткенде ені 0,1м-ден 0,2 м-ге, қалыңдығы 5-6 см қабір бетін жапқан ағаш тақтайлардың шірінді қалдықтары кездесті. Қабірді жапқан ағаш жабындылар ені 0,1 м кертпешелерге тиянақталған. Одан төмен тонаудан қалған адамның шашыраған қаңқа сүйектері кездессе 0,8 м тереңдікте сақталуы жақсы, ұзындығы 5 см, ені 1,3 см бір дана тот басқан шегелі қола жебе ұшы табылды (5- сурет). Үш қырлы, олардың аралары ойыңқы, қырлары өткір емес, шегесі жалпайтылған. Қабір түбі дөңгелене ойыңқы болып келген. Тоналып кеткендіктен басқа заттар кездеспеді.

Диаметрі 15 м, биіктігі 0, 65 м сары топырақ пен қиыршық тас және құм үйіндіден тұратын № 12 қорған қорымның ең батыс бөлігінде, Мөнекей-Боран жолының оңтүстігінде 300 м жерде. Орталық бөлігінде радиусы 3 м жерде қазба барысында шірінді ағаш, қамыс қалдықтары және қойдың асығы, ұзындығы 0,4 м, диаметрі 0,2 м тігінен қағылған (төменгі бөлігі әдейі ұшталуына қарағанда) қазық кездескен. Ұсақ тастармен толтырылған батыстан шығысқа бағытталған көлемі 2x1,5 м сопақша қабір шұңқырдың оңтүстік бөлігінде 1 м тереңдікте адамның қаңқа сүйектерінен басқа заттар табылмаған.

Бұқтарма археологиялық экспедициясының басшысы Ә.М. Оразбаев өзінің қысқаша есебінде осы өлкеде ақымы бар жерлеу орындарының бұған дейін кездеспегенін, оның өзінде Шиліқарын қорымындағы бір қабірде екі жағынан ақым шығарылуы тың жаңалық екендігін, ал ерекше қызығушылық туғызатын жайт Көкжар қорымындағы №2 қорғаннан қайық түріндегі ағаш-астау табыттың және алтын қаңылтырда айдаһар бейнесі салынған ағаш қапсырманың табылуы екендігіне тоқтала келе, табылған заттар бойынша Көкжар және Аманат қорымдарында қазылған қорғандарды ж.с.д. IV-II ғасырлармен, ал Шиліқарын қорғандарын ж.с. II-IV ғасырларымен мерзімдеген [4, 8].

Шығыс Қазақстанда ерте темір дәуірінде тас жәшікке жерлеу ғұрпы қола дәуіріндегі андрон тарихи-мәдени қауымдастығының жалғасы ретінде ж.с.д. IX ғасырдан бастап-ақ Күрту сынды ескерткіштерде бастау алып, ж.с.д. VIII ғасыр мен ж.с.д. VII ғасырлармен мерзімделетін Черновая I, III, Сарыкөл II, Апар қорымдарында жалғасын табады. Кейбір жағдайларда мәйіттің басы батыс, оңтүстік батысқа қаратылып жерленуі ерте сақ кезеңіне жатқызылатынын көрсетеді, бұл уақытта тайпалар қола дәуірі кезіндегі дәстүрлерін әлі де ұмытпаған. Тас жәшікте ертесақ дәуірінде жерлеу дәстүрі қазіргі уақытта Таулы Алтайда да көптеп ашылуда [7]

Ә.М. Оразбаевтың басшылығымен ҚазМУ-нің археологиялық экспедициясы 1986 жылы зерттеген ж.с.д. VIII ғасырдың аяғы мен ж.с.д. VII ғасырдың басымен мерзімделетін Черновая қорымындағы № 2 қорғанның қабір іші тас үйіндісі астында 2,7 м тереңдікте ағаш саркофаг (астау-табыт) шықты. Астау табыттың Қазақстанда бұл алғашқы табылуы болса, ал Таулы Алтайда (Пазырық, Башадар, Бертек, Құтырғантас, Ақалақа) [8, 158-190; 9] және Тывада [10] Аржан, Аржан 1 ескерткіштерінде жиі кездеседі. Черновая I, III қорымдарындағы ағаш астау табыттар өзінің өте қарапайымдылығымен, дөрекі түрде шабылып, жонылғандығымен ерекшеленеді. Бірнеше ғасыр кейінгі, яғни ж.с.д. IV- ж.с.д. II ғасырлармен мерзімделетін Көкжардан табылған ағаш астау табыт қайыққа ұқсайды, ұшы сүйір болып келіп артқы жағы шорт тігінен бітеді және ондағы тағы бір ерекшелік мәйіттің басы солтүстік батысқа бағытталғандығында. Дәл осы уақытта аталған өңірде ж.с.д. IV ғасырдың соңы - ж.с. I ғасырларында мәдени дәстүр алмасып, тұрғындардың этникалық құрамы өзгереді. Бұл «халықтардың Ұлы қоныс аударуымен», яғни хундардың жаулап алуына байланысты болған тәрізді.

С.С. Черников басқаруындағы экспедиция 1950 жылы Ертіс өзенінің оң жағалауында Самар ауданы Қызылту ауылы маңындағы ерте темір дәуірінің қорғандарына қазба жұмыстарын жүргізген [11]. Зерттеу нәтижесінде қорғандардың екі түрлі мәдениетпен сипатталатындығы анықталды: 1. Құлажорға типіндегі топырақ пен тас аралас қорғандар; 2. Алтайлық (пазырықтық) қорғандарға ұқсас тас үйінділі қорғандар. Қызылту қорымындағы (№ 3 қорған) Құлажорғаға тән болып келетін жерлеуде (2,1x1,2 м тас жәшік) адам шалқасымен жатқызылып, басы солтүстік-шығысқа бағытталған. Бас жағына әдеттегідей екі қой құймышағы мен қыш ыдыс қойылған. Ал, нағыз пазырық мәдениетіне тән № 4 қорғанда бұрыштары дөңгелене келген төртбұрышты қабір шұңқырында қойылған төрт бөрене ішіне екі-үш жасар бала жерленіп, оның солтүстігіне аяқтары бүгіліп бастары тік етіп қойылған екі жылқы жатқызылған. Қабірдің солтүстік-шығыс бұрышына екі қыш ыдыс, қойдың алты құймышақ сүйегі және екі темір пышақ қойылған. Баланың жас ерекшелігіне қарамай терең шұңқырда ересектердей салтпен жерленуі ерекше қызығушылық туғызады. [12]. Құлажорға типіндегі № 3 қорғанды С.С. Черников 1948 жылы зерттелген Құлажорға және Баты ауылы жанындағы қорғандар сияқты ж.с.д. соңғы ғасырларға жататын болуы керек деп топшыласа, келесі алтай типіндегі № 4 қорғанды заттық кешеніне орай «скиф» типінде деп белгіледі [13, 56-58].

Ерте сақ дәуірінің тас жәшікте жерлеу ғұрпы аталған өлкеде өткен ғасырдың бастауынан-ақ зерттеле басталғанымен, алайда санаулы ғана [14]. Бұл дәстүр арада екі-үш ғасырдай жоғалып кетіп ж.с.д. IV ғасырлардан басталатын Құлажорға мәдениеті ескерткіштерінде қайтадан өзіндік ерекшеліктерімен кеңінен белгілі бола бастайды. Негізінен онда көбінесе өлікті солтүстік немесе батыс бағытқа қаратқан. Жерлеу құрылысының жай жер қабір (жерлеу камерасының негізгі типі), тас жәшік, ақымды қабір т.с.с. әртүрлі болуы қоныстанушылардың құрамының әртүрлілігіне байланысты деп топшылауға болады. Қола дәуірі мәдениетімен генетикалық байланысы бар Азиялық сақ-скиф мәдениеті тұрғындары қуатты «империяға» (сақ-скиф, массагет, аримаспы, исседон т.б.) айналып, Алдыңғыазиялық мемлекеттерге ерте сақ дәуірінің өзінде-ақ жорықтар жасағандығы соңғы уақыттағы археологиялық материалдар арқылы дәлелденуде [15]. Олай болса сол жорықтардан өз отанына қайтқан жауынгерлердің бір тобы басқа да этникалық топтармен ассимиляцияға ұшырай отырып ежелгі жерлеу дәстүрін қайта жаңғыртқан.

Ал, зерттелінген қорғандардың көпшілігінде етегін ала көмкере айналдыра қоршаған тас белдеуі бар. Шиліқарын және Көкжар қорымдарында мәйітті қабір шұңқырда ақымда жерлеуі Тарбағатай теріскейінде, Жетісу үйсіндерінде кездеседі [16; 17; 18; 19] Екі жақ жанынан да ақымдау Шиліқарын қорымындағы №7 және Құлбабас қорымындағы үйсін дәуіріне жататын № 17, 18 қорғандарындағы қабір шұңқырда екі жағы ақымдалып келіп, адам қаңқасы батысқа бағытталып, ұзыннан сұлай жерленуі бұл ескерткіштерді тіпті жақындата түскендей. Табылған артефактілердің жоқ болуына байланысты Ә.М. Оразбаевтың Шиліқарын қорғандарын ж.с. II-IV ғасырларымен мерзімдеуі жаңсақтық болар, оны үйсін мәдениетінің орта кезеңіне, яғни ж.с.д. І - ж.с. І ғасырларымен мерзімдеуге болатын Құлбабас 1 ескерткішімен [16] замандас болар деп болжауға болады.

Аманат қорымының қорғандары құрылысындағы ерекшелік ағашпен көлденең жапқан қабір шұңқырды екі жағындағы тиянақтау үшін жасалған арнайы кертпешелердің болуы. 1956 жылы зерттелінген топырақ үйінділі ж.с.д. V-IV ғасырлармен мерзімделетін Усть Бөкен қорымында жылқы қосып жерлеуі жоқ қабір шұңқырдың бетіндегі ағаш бөренелер де кертпешелерде тиянақталған. Диаметрі 8-15 метр болатын көпшілік қорғандарда қабір шұңқырдың екі жағында кертпешегі бар және кейбір жағдайда Шілікті қорғандары сияқты ағаш бөренелермен жабылған [11]. Аманат қорымындағы №11 қорғаннан табылған үш қырлы, аралары ойыңқы, шегесі жалпайтылған жебе Қазақстанда ғана емес, Оңтүстік Орал бойы, Алтай және Тыва жерлерінде ж.с.д. VI-V ғасырларда кең тараған [20].

Орталық Қазақстан, Алтайдың солтүстік-батыс бөктері, Шығыс Қазақстан, Жоңғар ойпаты мен Шыңжаң ескерткіштерінің өзара жақындығы ж.с.д. VIII ғасырдың аяғында Қытайдың солтүстік және солтүстік-батыс аудандары мен Моңғолиядан келген көшпелілердің туыстас топтарының Жоңғар қақпасы мен Қара Ертіс алқабы арқылы Зайсан көлін жағалай, Алтай бөктерлерін бойлай Орталық және Солтүстік Қазақстанға, онан әрі Оңтүстік Зауралье даласына орналасуының ортақ жолдарына негізделеді. Олай болса осындай жерде орналасқан Шиліқарын, Көкжар, Аманат сынды ескерткіштер шағын ауданда орналасқанына, бір уақытпен мерзімделуіне қарамастан, жерлеу ғұрпының әртектілігімен қызығушылық туғызады.


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1 Омаров Ғ.Қ. Ә.М. Оразбаевтың Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірін зерттеуге қосқан үлесі // «Оразбаев оқулары – 2» атты халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. –123-130 бб.

2 Үмітқалиев Ұ.Ү. Ә.М. Оразбаевтың Қазақстан археологиясына қосқан үлесі: тар. ғыл. к-ты дәрежесін ... автореф.: 07.00.06. – Алматы, 2010. – 25 б.

3 Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы // МИА. – М. - Л., 1960. – № 88. – С. 272.

4 Оразбаев А.М. Отчет Бухтарминской археологической экспедиции за 1958 г. // Архив ИА КН МОН РК. – Фонд. 11, опись 2, дело 515, связка 33.

5 Кусургашева А.П. Дневник раскопок. Бухтарминская археологическая экспедиция. 1958 год // Архив ИА КН МОН РК. – Фонд 11, опись 2, дело 518, 519, связка 33.

6 Археологическая карта Казахстана /отв. редактор К.А. Акишев. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, – 1960. – 486 с. С.186-187, №2698-2711.

7 Степанова Н.Ф. Погребения в каменных ящиках и их датировка // Погребальный обряд древних племен Алтая. Сборник научных трудов. – Барнаул: Изд-во Алтайского государственного университета, 1996. – С.54-69.

8 Руденко С.И. Горноалтайские находки и скифы. – М.-Л., 1952.– 240 с.

9 Дереянко А.П., Молодин В.И., Савинов Д.Г. и др. Древние культуры Бертекской долины. – Новосибирск: Наука, 1994. - 223 с.

10 Грязнов М. П. Аржан: Царский курган раннескифского времени. – Л.: Наука, 1980. – 62 с.

11 Черников С.С. Работы Восточно-Казахстанской экспедиции. // КСИИМК. – 1951. – Вып. 37. – С. 4-21.

12 Черников С.С. ВКАЭ за 1950 год // КСИИМК. – М., 1952. –Вып. ХLVIII (48). – С. 78-90.

13 Черников С.С. О работах Восточно-Казахстанской экспедиции // КСИИМК. – М., 1956. – Вып.64. – С. 43-60.

14 Омаров Ғ.Қ. Алтай Тарбағатай аралығының ерте темір дәуірі археологиялық ескерткіштері (кезеңделуі, мерзімделуі және мәдени атрибуциясы): тар. ғыл. к-ты дәрежесін ... автореф.: 07.00.06. – Алматы, 2010. – 30 б.

15 Марсадолов Л.С. История и итоги изучения археологических памятников VIII–IV веков до н.э.: (от истоков до начала 80-годов ХХ века). – СПб., 1996. – 90 с.

16 Төлеубаев Ә.Т. Ертедегі үйсіндердің Тарбағатайдың теріскейіндегі ескерткіштері // ҚазМУ хабаршысы. Тарих сер. – № 12. – Б. 23-38.

17 Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и усуней долины реки Или. – Алма-Ата: изд-во АН КазССР, 1963. – 282 с.

18 Максимова А.Г. Усуньские курганы левобережья р. Или // Известия АН КазССР. Серия истории, археологии и этнографии. – Алма-Ата, 1959. – Вып. 1 (9). – С. 78-84.

19 Досымбаева А.М. Погребальные сооружения населения Семиречья в период со II в н.э. до середины 1тыс. н.э. // Известия МНАН РК. Серия общественных наук. – Алматы, 1996. – № 2. – С. 34-42.

20 Шамшин А.Б., Фролов Я.В., Медникова Э.М. Бобровский грунтовый могильник // Погребальный обряд древних племен Алтая. Сборник научных трудов. – Барнаул: Изд-во Алтайского государственного университета, 1996. – С.69-88.




Cурет 1. Шиліқарын 2 қорымының жоспары

Cурет 2. Шиліқарын 1 қорымының жоспары





Сурет 3. №7 қорғанның жоспары

және қабір шұңқыры



Сурет 4. №4 қорғанның жоспары және қабір шұңқыры



Сурет 5. Аманат қорымындағы №11



қорғаннан табылған жебе ұшы
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет