Зобалаң жылдарында Қазыналы қарашаңырақ



жүктеу 61.77 Kb.
Дата17.04.2016
өлшемі61.77 Kb.
: irbis64r 01 -> Kraeved -> Karagandy tarihy
Karagandy tarihy -> Тоқырауды тудырған толқу
Karagandy tarihy -> Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Стахановшылар қозғалысы Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Донбастан түскен десант Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Алғашқы жұмысшы толқулары Қазыналы қарашаңырақ
Karagandy tarihy -> Облыс картасы алдында
Karagandy tarihy -> Қазыналы құтты өлке Қарағанды облысының құрылғанына – 70 жыл
Karagandy tarihy -> Қарағанды облыс орталығЫ
Зобалаң жылдарында

Қазыналы қарашаңырақ
Бүгінгі сән-салтанаты жарасқан көрікті қала мен Орталық Қазақстандағы индустрия алыптарының тарихына көз жүгіртсек, олар жүзден аса ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің жанқиярлық, ерікті, екпінді еңбегінің арқасында ғана емес, сталиндік тоталитарлық режим тұсындағы саяси және басқа сылтаулармен бас еріктерінен айырылған мыңдаған жазықсыз адамдардың экстенсивті, зорлықтың күшімен атқарылған, еріксіз еңбегі арқылы да бой көтергенін атап өткен ләзім. 30-40-шы жылдары саяси репрессиялар, террор, халықтардың депортациясы советтік мемлекеттік құрылыстың ажырамас бөлігі болып алды. Өйткені тоталитарлық жүйеге қарсылықты аяусыз басып-жаншып, әрі алдын-алу қажет болып отырды. Осыған байланысты тіпті заңдық-құқықтық база жасалып, мемлекеттік-ұйымдық құрылымдар ойластырылып, жүзеге асырылды. Мәселен, 20-шы жылдардың соңында байлар мен кулактар тәркіленді. Содан 1931 жылы Орталық Қазақстан өңіріне Ресейдің орталық аймағынан 150 мыңнан астам адам жер аударылды. Олар адам айтқысыз қиын жағдайда тұрып, біразы Қарағандыға, қара жұмысқа жіберілді. Көпшілігі ауыр тұрмыстан қырылып қалды.

30-шы жылдардың басында Қарағандыда ГУЛАГ филиалы - Қарлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) құрылды. Бүкіл ел бойынша лагерьлердің мұндай кен тараған жүйесін құру жаңа қоғамды күшпен нығайтудың бір әдісі болып, әрі саяси, әрі экономикалық мақсат көздеді. Саяси дейтініміз режимге қарсы пікір білдірген, еркін ойлайтын интеллигенция өкілдерін орталықтан аластату қажет болса, экономикалық жағынан бас еркінен айырылған, бірақ еңбекке қабілетті мыңдаған, миллиондаған адамдарды игерілмеген аймақтарға жөнелтіп, олардың арзан еңбек күшін социалистік қоғамның базасын нығайтуға бейімдеу еді.

Архив құжаттарына қарағанда Қарағанды еңбекпен түзеу лагері КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1930 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен құрылған. Қарағанды маңында «Гигант» деп аталатын совхоз ұйымдастырылады. Деректикалық құжаттардың бірінде: «ОГПУ-дің Қарағанды алып совхозына Орталық Қазақстанның орасан зор алқабын игеруге құрметті де жауапты тапсырма беріледі», делінген. Аумағы солтүстікте Ақмоладан оңтүстікте Балқашқа дейінгі, шығысында Қарағанды бассейні мен батысында Жезқазғанға («Степлаг») дейінгі жерлерді алып жатты. Қарағандының өзінде «Саранлаг», «Теміртаулаг», «Карағәндажилстройлаг» сияқты белімшелері болған. Орталығы Долинка селосында орналасты. Барлығы 200-ден астам нүктелері (лагерь бөлімшелері) болған. Кейбір мәліметтерге қарағанда әкімшілік аппаратының өзінде 18 мың қызметкер ұсталған. Ал тұтқындар саны қайсыбір кездерде 75 мыңға дейін жеткен.

Әр жылда Қарлагта жазықсыздан-жазықсыз еліміздің белгілі ғалымдары мен мамандары, әдебиет және өнер қайраткерлері отырып шықты. Олардың арасында әлемнің көптеген академияларының мүшесі, биофизик, гелиобиология мен аэроионификацияның негізін қалаушы, кейіннен адамның космосқа ұшуы үшін маңызы зор болған қан динамикасы жөніндегі теңдесі жоқ еңбектің авторы А.Чижевский, болашақ атақты селекционер, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, академик В.Пустовойт, радиациялық генетиканың негізін қалаушы, академик Н.Тимофеев-Ресовский, жылу техникасының асқан маманы, кейін С.Королевтің серігі болған профессор В.Пржецлавский, СССР халық артисі Л.Русланова, әлемде тұңғыш балалар театрының негізін қалаушы, Социалистік Еңбек Ері Н.Сац, ақындар Н.Заболоцкий, Р.Татарина, жазушылар Г.Серебрякова, Д.Еркінбеков, М.Зуев-Ордынец, әдебиетші ғалымдар Қ.Мұхамеджанов, Р.Нарешев тағы басқалары болды. («Қарағанды. Қарағанды облысы». Энциклопедия. А., 1990, 612-6.)

Репрессия машинасы жылдан-жылға айналысын үдете бастады. Оған жоғарыда айтқанымыздай заңдык, негіз де берілді. БК(6)П 17 съезінде мемлекеттік қылмыстар туралы қаулы қабылданды. Ал 1937 жылғы Орталық партия комитетінің ақпан-наурыз пленумында И.Сталин КСРО-да социализм позициясы нығайған сайын тап күресі онан сайын шиеленсе түседі деген тезис ұсынды. Соған байланысты тап жауларымен аяусыз күреске шақырды. Пленум қаулысының 14-тармағы РСФСР қылмыстық істер кодексінің атақты 58-ші бабына негіз болды. Елде зиянкестермен, оппортунистермен, бухариншіл-зиновьевшіл және басқа әшкерленген «халық жауларымен» күрес барша өрістей түсті. Соттан тыс айыптау процедурасын енгізу бұл жүмысты өте жеңілдетті. Істер сот арқылы емес, қайдағы бір «екіліктердің», «үштіктердің» және Ерекше кеңестердің шешімдерімен тез арада қаралып, жазықсыз адамдар атылып, айдалып жатты.

Қарағандыда алғашқы «халық жаулары» қатарына Киров атындағы №3 шахтаның бастығы И.Дрей ілікті. 1937 жылғы 10 мамырда БК (б) өлкелік комитетінің ұйымдастыру бюросы оны шахтадағы дұшпандық істері үшін және контрреволюцияпық ұйыммен байланысы үшін партиядан шығарды. Тергеудің екінші күні-ақ И.Дрей өзінің халық жауы екенін, «Эмка» машинасын оған дұшпандық қызметі үшін сыйға тартқанын (бұл машинаны оған 1936 жылы шахтадағы ұлан-ғайыр ерлік еңбегі үшін С.Орджоникидзе сыйға тартқан болатын. «Орталық Қазақстан» 25.12.2003ж. «Стахановшылар қозғалысы») өз қолынан жазып берді. 1937 жылғы 13 қазанда Дрей атылды.

Кенші кадрларды қуғынға ұшыратудың келесі кезеңі 1938 жылдың екінші жартысында басталды. Шахта меңгерушілері Дунайский , Лурье, №31 шахтаның маркшейдері О.Типпарт, орталық электр торабының монтері Я.Шумаков, Қарағанды облыстық партия комитетінде көмір өнеркәсібі саласының жетекшісі М.Батчаев, «Қарағандыкөмір» тресіне қарасты №1совхоздың ферма меңгерушісі Д.Тұрғанбаев, осы трест ауыл шаруашылығы секторын басшысы Л.Бутте тұтқындалды. Сондай-ақ «Қарағандыкөмір» тресі аппаратының көптеген қызметкерлері зардап шекті. Трестің бас инженері В.Смертюк, Ж.Сұлтанбеков, И.Федорович, бас механик Чернокнижников, кен инженері О.Куперман, бас энергетик В.Гендеман, инженер-механик С.Рыбников, жылу технигі, МВТУ профессоры П.Соловьев және басқалар тергеуге түсті. ККП ОК-інің жауапты қызметкері Бекболат Мұстафинге Қарағанды облыстық, партия комитетінде жұмыс істеген кезінде шахталарды бүлдіру жұмыстарын ұйымдастырып, қазақ интеллигенциясы арасында контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымға кіру туралы үгіт жүргізіп, дұшпандық істермен айналысты деген айып тағылды. (Д.А.Шаймүқанов, С.Д.Шаймүқанова, Қарлаг, А., 1997ж. 24-25 беттер).

Халықты қорқытып-үркіту мақсатында Қазақстан жерінде Қарағандыда, Пресновка мен Ұржарда контрреволюциялық ұлттық-фашистік бүлікшілердің аты шулы үш ашық процесі болды. Соның алғашқысы Асылбеков; Нұрсейтов, Ғатаулин, Ізбасаров, Ордабаев, Шамсутдинов, Баймолдиндерді айыптау жөніндегі белгілі «Қарағанды ісі» еді. Оларға Қарқаралы, Ақмола аудандарында қызмет істеген жылдары зиянкестікпен айналысты, өзара сынға қысым жасады, өзін әшкерлеуге әрекеттенген адам-дарды қудалады деген дәлелсіз айыптар тағылды. Бұл мәселе ең алғаш рет Қарағанды облыстық I партия конференциясында 20 мамыр күні көтерілді. Ашық процесс өтіп жатқан күндері облыстық газеттер мен радио «Халык, жауларының бірден-бір әділ жазасы - ату!», «Халық жауларын ату керек!», «Құтырған иттердің бірін қалдырмай ату керек!», «Ең әділ үкім - ату!», - деп даурығып жатты. «Халық тілегін» «амалсыз орындаған» сот коллегиясының үкімінен кейін «Ұлтшыл - фашистерге жер бастырмаймыз!», «Халық талабы орындалды», «Облыс еңбекшілері үкімді мақұлдауда», - деп газеттер ұзын-ұзын бас мақалалар, үн қосулар жариялап жатты.

Бұнымен қоса Қарағандымен қатар дамып келе жатқан түсті металлургия ошақтары - Балқаш пен Қарсақбайда да «халық жаулары» қауырт іздестіріліп, табылып жатты. Сол 1 партия конференциясында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.Пинхасик өзінің баяндамасында Балқаш аудандық партия комитетінің сол уақытқа дейін бірде-бір халық жауын әшкерлемегені үшін қатты сынға алды. Сол-ақ екен, жергілікті «Прибалхашская правда», «Балқаш жұмысшысы» газеттері құрылыс басшыларының «бүлікшіл» қылықтары туралы материалдарды үзбей бере бастады. Ақыры тамаша өндіріс командирі, «Прибалхашстрой» тресінің басқарушысы В.Иванов айыпталып, атылды. Репрессияға білікті инженер, Қарсақбай комбинатының директоры В.Гулин де ұшырады.

Көп ұзамай репрессия қармағына республика, облыс басшылары алынды. «Правда» газеттінің 1938 жылғы 17 мамырдағы «Аллилуйщина вместо большевистской критики» деген мақаласында Мирзоян және Пинхасик сынға алынады. Олар өздерін мадақтауға жол береді, кейбір сыналған адамдарды қорғайды деген айып тағылды. Мұның да ақыры аталған қызметкерлердің орындарынан алынып» атылуына әкеп соқты.

Соғыс жылдары және оның алдында Қазақстан жері, оның ішінде Қарағанды кеніші күштеп қоныс аударылған халықтардың мекені болды. Тарихтан белгілі, 1936-1937 жылдары тұрған жерлерінен поляктар, корейлер, курдтар, 1941 жылы немістер, 1943-1944 жылдары қарачайлар, қалмақтар, чечендер мен ингуштар, балқарлар, қырым татарлары, месхет түріктері жер аударылды. Ал Спасскі 1941 жылғы 1-шілдеден бастап шетелдік соғыс тұтқындары лагеріне айналды. Мұнда немістер, жапондар, австриялықтар, венгерлер, румындар, финдер және басқа да ұлттар өкілдерінен құрылған 30 мыңнан астам соғыс тұтқындары отырды. Қазақстан өз алдына дербес тәуелсіз ел болып құрылғаннан кейін осы соғыс тұтқындарының дербес қүжаттары анықталып, олардың туған елдерімен байланыс жасалды. Сөйтіп, бір кездегі Спасск лагерінің жанындағы бауырластар зиратына Жапония мен Батыс елдері соғыс тұтқындарына ескерткіштер қойылды.

80-ші жылдардың аяғынан бастап елімізде қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөнінде ұлан-ғайыр жұмыс жүргізілді. Арыстарымыздың есімі туған халқына қайтарылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен жыл сайын 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын Еске алу күні болып белгіленді. Бұл күні Қарағанды жұртшылығы жазықсыз қуғын-сүргінге, ашаршылыққа ұшырағандарды еске түсіріп, қаза болғандардың рухына дүға 6ағыштайды. Мұндай қасірет халықтың басына енді қайтып келмесін!



Аман ЖАНҒОЖИН,

Ермағамбет ЛҰҚПАН.



©netref.ru 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет