Зукай шырынгүл неміс-қазақ тілдеріндегі еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің лексика-семантикалық, коммуникативтік-прагматикалық сипаты



бет1/3
Дата03.05.2016
өлшемі0.5 Mb.
түріДиссертация
  1   2   3

ӘОЖ 81´22 :[811.112.2+811.512.122 Қолжазба құқығында



ЗУКАЙ ШЫРЫНГҮЛ

Неміс-қазақ тілдеріндегі еліктеуіш және

бейнелеуіш сөздердің лексика-семантикалық,

коммуникативтік-прагматикалық сипаты

10.02.20 – салыстырмалы-тарихи, типологиялық және

салғастырмалы тіл білімі

Филология ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің шетел тілдері грамматика кафедрасында орындалды.



Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,

доцент Рысалды Қ.Т.



Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор Букетова Н.И.

филология ғылымдарының кандидаты

Смағұлова Р.Қ.



Жетекші ұйым: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Диссертация 2010 жылы 28-қыркүйекте сағат 14.00-де Абылай хан атындағы

Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті жанындағы

филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі

Д 14.14.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (мекен-жайы:

050022 Алматы, Мұратбаев көшесі 200, конференция залы 110).

Диссертациямен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және

әлем тілдері университетінің М.М.Копыленко атындағы ғылыми оқу залында

танысуға болады.


Автореферат 2010 жылы 28-тамызда таратылды.

Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы

филология ғылымдарының докторы,

доцент Д.Д.Шайбакова




Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Туыс емес тілдерді сол тілдердің өздеріне тән тілдік заңдылықтарға сүйене отырып, өзара салғастыра зерттеу, әсіресе, қазіргі жаһандану заманында өзекті мәселенің бірі болып отыр. Өйткені ғаламдану құбылысы барысында алуан түрлі тілдерде сөйлейтін адамдар бір-бірімен қарым-қатынасқа түсіп, әлем халықтарының бір-бірінің өнері мен мәдениетіне, тарихы мен әдебиетіне, тілі мен салт-дәстүріне деген қызығушылығы өсіп келеді. Ал мұндай мақсаттың тек тіл арқылы ғана жүзеге асатыны мәлім.

Тілдің экспрессивті-эмоционалды лексикасына саналатын еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер – тіл білімінде белгілі дәрежеде зерттелген мәселе, алайда олардың сан алуан тілдердегі зерттелу дәрежесі әр қилы. Бұған себеп – еліктеуіш сөздердің өздеріне ғана тән тілдік ерекшеліктері мен олардың алуан түрлі тілдердегі қолданысының әр түрлілігі. Мәселен, көптеген ғалымдар бұл сөздерді жан-жақты зерттеп, бір қатар түркі тілдерінде дербес сөз табы ретінде қарастырса, үндіеуропалық тілдерде бұл сөздер негізінен одағайлардың құрамында сарапталады. Көптеген ғалымдар тілдегі атқаратын рөлі жоғары, негізгі сөз таптарына жататын сөздермен салыстырғанда одағайлар мен еліктеуіш сөздер аса бір маңызды тілдік феномен болып табылмайды деген пікірді ұстанатын еді. Алайда тілді және оның бірліктерін тілдік таңбалардың қатынасы емес, сөйлеуші мен тыңдаушының қатынасы аясында қарастыратын прагматикалық лингвистиканың дамуымен бірге бұл сөздерге деген жаңа көзқарастар қалыптаса бастады.



Зерттеудің өзектілігі. Тілдің негізгі қызметтерінің бірі болып табылатын экспрессивтік-эмоционалдылықты жүзеге асыруда таптырмас құрал, ал коммуниканттар арасындағы қарым-қатынаста маңызды тілдік бірліктер болып табылатын еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің лексика-семантикалық және коммуникативтік-прагматикалық сипаты үндіеуропалық герман тілдерінің өкілі неміс тілі мен түркі тілдерінің өкілі қазақ тілінде салғастырмалы түрде алғаш рет зерттеліп отыр. Соңғы жылдарда халықаралық тілдердің бірі боп саналатын неміс тілі мен қазақ тілі ауқымында теориялық тұрғыдан салғастырыла зерттелген тілдік құбылыстардың саны да, сапасы да өсіп, олардың өз практикалық жемістерін беріп жүргені белгілі жайт. Сондықтан тіл жүйесіндегі алатын орны ерекше еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің аталмыш екі тілде алғаш рет салғастырыла зерттелуі бұл жұмыстың өзектілігін сипаттайды.

Зерттеудің нысаны – неміс және қазақ тілдеріндегі еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер. Ал олардың лексика-семантикалық, коммуникативтік-прагматикалық сипаты және де түбір еліктеуіш және бейнелеуіш сөздерден жасалған зат есімдер, етістіктер, сын есімдер мен туынды еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер зерттеудің пәні болып табылады.

Зерттеудің мақсаты – неміс және қазақ тілдеріндегі еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің лексика-семантикалық сипаты мен коммуникативтік-прагматикалық қолданысын салғастыра зерттеп, олардың жалпы жақтары мен өздеріне тән ерекшеліктерін анықтап, саралау. Бұл мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылып, шешімі табылады:

- Неміс тіліндегі еліктеуіш сөздер мен олар құрамдас тобы болып табылатын одағайлардың лингвистикадағы зерттелу жағдайын зерделеу;

- Неміс тіліндегі еліктеуіш сөздер мен одағайлардың жалпы ұқсас жақтары мен айырмашылықтарын анықтау;

- Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің түркологиядағы, соның ішінде қазақ тіліндегі жалпы зерттелу жағдайын қарастыру;

- Неміс және қазақ тілдеріндегі еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің семантикалық, морфологиялық, синтаксистік сипатындағы ерекшеліктерге тоқталып саралау, атап айтқанда, олардың мағыналық тұрғыдағы, сөзжасам, сөз тудырудағы, сөйлемдегі орны мен сөйлем мүшелерімен тіркесу қасиеттерін сараптау;

- Неміс және қазақ тілдеріндегі еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің көркем әдебиеттегі қолданысындағы коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктерін зерделеу.



Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер қазақ тілінде кеңінен зерттеліп, талқыланған жеке дара сөз табы ретіндегі тілдік категория болып есептелгенімен, неміс тілі және басқа да үндіеуропалық тілдерде одағай сөз табының бір тобы ретінде қарастырылады. Бұл жағдай олардың өзіндік тілдік ерекшеліктерінің одағайлардың көлеңкесінде қалып қоюына әкеліп соғады. Сондықтан зерттеу жұмысында, біріншіден, сөздердің осы екі тобының тіл біліміндегі зерттелу жағдайы зерделеніп, олардың өзара айырмашылықтары мен ұқсас жақтары айқындалады және еліктеуіш-бейнелеуіш сөздердің қазақ тіліндегі дербес сөз таптық болмысы негізделіп, лингвистикалық статусы айқындалады. Екіншіден, жұмыс барысында аталмыш екі тілдегі еліктеуіш және бейнелеуіш сөздерге мағыналық тұрғыдан талдау жасалып, олардың сөзжасам мәселесіндегі атқаратын рөлі мен сөйлемдегі атқаратын синтаксистік қызметі қарастырылып, олардан туған басқа сөз таптары сараланады. Үшіншіден, бұл сөздердің екі тілдегі көркем әдебиетте қолданылуы, олардың тіл қолданысындағы коммуникативтік-прагматикалық мақсаттары салғастырмалы түрде кешенді қарастырылады. Бұл зерттеу екі тілдегі еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің ортақ жақтары мен өзіндік ерекшеліктерін ашуға, олардың мағыналық құрылымын, морфологиялық, синтаксистік және коммуникативтік-прагматикалық қасиеттерін айқындауға мүмкіндік береді.

Жұмыстың зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысы барысында сипаттамалы, типологиялық салғастырмалы, салыстырмалы-тарихи әдістер мен синхронды, компоненттік және құрылымдық-семантикалық талдау тәсілдері қолданылады.

Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Неміс және қазақ тілдеріндегі еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің лексика-семантикалық, коммуникативтік-прагматикалық салғастырмалы зерттеуінің нәтижелері мен ғылыми тұжырымдары екі тілдің контрастивтік грамматикасы, тіл білімінің прагматикалық, типологиялық және салғастырмалы бағыттары бойынша ғылыми зерттеулерге өзіндік үлесін қосып, болашақта осы салаларда зерттелетін жұмыстарға теориялық негіз ретінде қолданыла алады.

Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Диссертацияда жасалған сараптамалар мен тұжырымдарды лингвистиканың прагматикалық және салғастырмалы бағыттары, типология, екі тілдің салғастырмалы грамматикасы бойынша өтетін арнайы курстарда, неміс-қазақ, қазақ-неміс тілдері бойынша аудармаға арналған практикалық жұмыстарда, аталмыш тілдер аясындағы морфологиялық оқу-құралдар мен екі тілді лингвистикалық сөздіктер жасауда пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылған негізгі теориялық тұжырымдар:

1. Жанды-жансыз табиғаттың алуан түрлі дыбыстары мен күй-сипатын, қимыл-қозғалысын білдіретін еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер тілдің басқа сөздерінен өздеріне ғана тән лексикалық, грамматикалық және фонетикалық өзгешеліктер арқылы ерекшеленеді.

2. Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер көптеген түркі тілдерінде дербес сөз табы болып саналғанымен, үндіеуропалық тілдерде одағайлардың бір тобы ретінде қарастырылады. Ал одағайлардың сөз таптары жүйесіндегі арнайы орнының өзі – ғасырлар бойы даулы болып келген мәселе. Бір сөз табы болып есептелсе де, неміс тіліндегі одағайлар мен еліктеуіш сөздердің өзара айырмашылықтары да жеткілікті.

3. Зерттеу жұмысымыздың нысаны болып отырған бұл сөздердің қазақ тіліндегі сөз табы ретіндегі Еліктеуіш сөздер деген атауы бір жақты атау. Себебі, олардың екінші тобы болып саналатын бейнелеуіш сөздер саны жағынан да, тілде қолданылуы жағынан да дыбыстық еліктеуіш сөздерден кем түспейді, әрі мағыналық тұрғыдан олардан айырықша ерекшеліктері бар сөздер болып табылады. Сондықтан қазақ тіл біліміндегі аталмыш сөз табын Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер деп атау ұсынылып, негізделеді.

4. Басқа сөздердей емес, еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің құрамындағы дауысты дыбыстардың ашық не қысаңдығы, жуан не жіңішкелігі сөздің мағынасына әсер етеді. Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер аталған екі тілде көп мағыналы бола алады және ауыспалы мағынада да қолданылады, сонымен бірге синонимдер қатарын түзеді. Сондай-ақ омонимдік қасиет те екі тілдегі еліктеуіш сөздерге тән белгілердің бірі болып табылады. Екі тілде де еліктеуіш сөздер белгілі бір сөздермен тіркеседі және сонымен байланысты белгілі бір сөйлем мүшелерінің қызметін атқара алады. Бұл сөздерден түрлі жаңа сөздер жасалады, демек олардың тілдің сөздік қорын байытудағы рөлі ерекше.

5. Аталмыш екі тілде де еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер алуан түрлі коммуникативтік-прагматикалық мақсатта жұмсалады. Бұл сөздер көркем әдебиетте әр қилы дыбыстарды дәлдікпен, ықшамдылықпен көрсетуде және шығарма кейіпкерлерін, олардың сырт пішіні мен түр-тұлғасын, қимыл-қозғалыстарын, алуан түрлі заттарды, іс-әрекеттер мен оқиғаларды көркемдікпен, мәнерлілікпен әсерлі етіп шебер түрде суреттеуде таптырмас құрал болып табылады. Бірақ бұл сөздердің неміс және қазақ тіліндегі қолданысында өзіндік ерекшеліктер бар. Еліктеуіш-бейнелеуіш сөздер қазақ тілінде көркем әдебиеттің кез-келген түрінде де, сөйлеуде де кеңінен қолданылса, неміс тілінде негізінен поэзияда, балалар әдебиеті мен көркем әдебиеттің бір түрі болып есептелетін комикс кітаптарда көптеп кездеседі.



Жұмыстың негізгі бағыттарының жарияланымы. Диссертацияда қаралған мәселелер мен жасалған тұжырымдар «Актуальные проблемы лингвистики и методики преподавания иностранных языков» (2001), «Актуальные проблемы развития искусства в условиях глобализации современного мира» (2005), «Әлемдік мәдени және білім беру кеңістігіндегі өнер» (2006), «Әлемдік рухани құндылықтар және қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» (2007) қатарлы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда талқыланып, әр түрлі ғылыми басылымдарда 8 мақала түрінде жарық көрді.

Жұмыстың құрылымы: Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, қолданылған ғылыми әдебиеттер мен дереккөздер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Зерттеу жұмысының көлемі 150 бет.

Негізгі бөлім
Зерттеу жұмысының «Тіл біліміндегі еліктеуіш сөздер мәселесі» деп аталатын бірінші бөлімінде еліктеуіш сөздердің (бұдан былай ЕС) жалпы тіл білімінде, соның ішінде неміс тілінің негізінде үндіеуропалық тілдер мен қазақ тілі негізінде түркі тілдері аясындағы зерттелу жағдайы сарапталады. Тілдің бүкіл дамуы тарихындағы морфологияның негізгі мәселелерінің бірі – сөздерді сөз таптарына бөлу дәстүрі өте ерте, б.э.б. VI-V ғ. басталғаны мәлім. Ертедегі гректің ұлы ойшылдары Аристотель мен Платон барлық сөздерді есімдер мен етістіктер деп екі топқа бөлді. Ал грек грамматисі Дионис Фракийскийден (б.э.б. I ғ.) бастау алған 8 сөз табынан тұратын сөз таптарының ең алғашқы грамматикалық үлгісін алдымен еуропалықтар, одан кейінірек басқа елдер алып қолданды және сөз таптарының осы 8 саны Еуропада орта ғасырларға дейін ұзақ уақыт бойы сақталды. Бірақ одан бері қаншама уақыт өтсе де, сөз таптары мәселесі қазірге дейін әлі толық шешімін таппаған мәселе болып саналады.

Осы сөз таптары категориясына жататын, тілдік емес акустикалық түйсікті адамға тән артикуляциялық органдардың көмегі арқылы тілдік дыбыстармен беруге тырысу – қазақ тілінде еліктеуіш сөздер терминімен мәлім категория. ЕС – лексикалық, грамматикалық және фонетикалық тұрғыдан алып қарағанда, тілдің басқа сөздерінен бөлек ерекше сөздер. Олар табиғат пен күнделікті тіршілікте кездесетін сан алуан дыбыстарды тілде соларға еліктеп, алуан түрлі күй-сипатты, қимыл-қозғалыстарды тілде бейнелеп көрсетеді. Бұл сөздер 1980 жылдары С.В.Воронин негізін қалаған фоносемантика ілімінің нысаны болып табылады. ЕС тілдердің фонетикалық және морфологиялық құрылыстарының әр қилылығына қарамастан қандай да бір белгілі дыбысқа немесе қозғалысқа негізделетіндіктен олардың әр түрлі тілдердегі фонетикалық құрылымы өзара ұқсас, универсалды болып келеді. Сондықтан да бұл тілдік категория Фердинанд де Соссюрдің тілдік таңбаның екі жағы, олардың арасындағы байланыстың еркін екендігі жөніндегі белгілі іліміне қайшы келетін құбылыс.

ЕС бүгінгі таңға дейін әр түрлі тілдерде белгілі дәрежеде зерттелсе де, тіл білімінің әлі күнге дейін толық шешімін таппаған көптеген даулы, демек, әлі де жан-жақты зерттеуді талап ететін мәселелерінің бірі ретінде қарастырылады. Бұл сөздер лингвистикада ономатопея (грек. onomatopoica – сөз жасау, мұндағы onoma – атау, есім, poesis – жасау) терминімен белгілі.

XVIII ғ. ғылым адамзат тілінің ең алғаш осы ЕС-ден шығып, одан ары дамығанын айтып, олардың тілдің тууы туралы теориядағы теңдесі жоқ маңызын атап көрсеткен болса, қазіргі таңда батыс лингвистері оларды тілдің басқа сөздерімен салыстырғанда одағайлар тәрізді анық, нақты лексикалық мағынасы жоқ деп тауып, оларды тілдегі сөз жүйесінен тыс қалдырғылары келеді. Алайда ЕС-де лексикалық мағына жоқ деп кесіп айтуға келмейді. Олардың лексикалық тұрғыдан алып қарағанда басқа сөздерден ерекшеліктері, атауының айтып тұрғанындай, қандай да бір дыбысқа еліктеуіштік қасиетінде және қандай да бір қозғалысты, қимыл-әрекетті тілде мәнерлі түрде дәлме-дәл бейнелеп беретіндігінде. А.М.Щербак еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің (бұдан былай ЕБС) нақты лексикалық мағынасының жоқтығы оларды „тілге, яғни сөз жүйесіне жатқызуға болмайды” деген тезистің дұрыстығы үшін жеткілікті дәлел бола алмайтындығын алға тарта отырып, „У изобразительных слов – совершенно особый тип значения, подражательный, образный. Следовательно, и изобразительные слова наряду с самостоятельными и служебными входят в систему средств языкового общения” деп көрсетеді [1, 123 б.].

ЕС-дің тіл біліміндегі жалпы зерттелу дәрежесі жөнінде К.Құсайынов былай деп тұжырымдайды: „В целом же, исходя из исследований ранних и позднейших исследований звукоизобразительности, можно заключить, что к настоящему времени собран значительный фактический материал, разработана классификация подражательных слов, различными методами исследования доказано существование звукосимволизма в ряде языков мира, определены закономерности в характере соотношения между звукоизобразительным словом и его денотатом, доказана системность подражательных слов, начато изучение типологии звукоизобразительных систем и фоносемантических универсалий” [2, 37-38 б.].

ЕС ХХ ғ. 50-60 жылдарынан бастап қазақ, қырғыз, түркімен, шуаш, ұйғыр т.б. түркі тілдерінде дербес сөз табы ретінде қарастырылып келеді және ауызекі тілде де, көркем әдебиетте де кеңінен қолданылады. Ал неміс тілінде басқа да үндіеуропалық тілдердегідей одағайлардың құрамында қарастырылады. Бұған себеп – үндіеуропалық тілдерде ЕС-дің сөйлемдегі орны мен қолданылуы жағынан одағайларға ұқсас келетіндігі. Мәселен, ЕС негізінен одағайлар сияқты голофрастикалық сипатта болады, яғни өзі ғана тұрып, бүтін бір сөйлемнің қызметін атқара алады. Бұл сөздер неміс тілінде саны жағынан аз, әрі көркем әдебиетте те қазақ тіліндегідей кеңінен қолданылмайды. ЕС-дің тілдің басқа бірліктеріне қарағанда ғылыми тұрғыдан жеткілікті назар аударылмайтын одағайлардың бір тобы ретінде саралануы олардың өзара ұқсас жақтарының азды-көпті атап көрсетілгенімен, өзіндік ерекшеліктерінің көлеңкеде қалып қоюына әкеліп соғады.

Қандай да бір үндіеуропалық тілдің ЕС-і туралы одағайларын айналып өтіп барып сөз ету мүмкін емес болғандықтан бірінші бөлімнің «Неміс тіліндегі одағайлар мен еліктеуіш сөздердің зерттелуі жөнінде» деген тарауының «Одағайлардың сөз таптары жүйесіндегі орны» және «Еліктеуіш сөздер мен одағайлардың өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтары» деген тараушаларында неміс тіліндегі одағайлар мен ЕС-дің сөз таптары жүйесіндегі орны, олардың зерттелу мәселесі, бір-бірімен ара-қатынасы және өзара айырмашылықтары мен ұқсас жақтары сарапталады.

Одағайларды үндіеуропалық тілдер білімінде ең талас пен тартысқа толы сөз табы ретінде атауға болады. Өйткені сөйлемдегі орны мен рөліне байланысты латын тілінде „ортаға, арасына тасталған” деген мағынаны білдіретін interiectio атауымен аталған одағайлар – тіл білімінің дамуы тарихында жеке сөз табы есебіндегі статусын бірде тапса, бірде жоғалтып отырған сөздер. Оған себеп – олардың басқа сөздермен салыстырғанда номинативтік қызмет атқара алмайды деп есептелетіндігі, сөзжасамға салыстырмалы түрде қатыспайтындығы, сөйлемде сөйлемнің басқа мүшелерімен синтаксистік байланысқа түспей, голофрастикалық сипатта тұратындығы, бір өзі тұрып, дербес сөйлем ретінде қолданыла алатындығы, тілдің фонологиялық жүйесінің заңдылықтарына үнемі бағына бермейтіндігі тәрізді өздеріне ғана тән көптеген ерекшеліктері.

Неміс тілінің ұлттық грамматикалары дүниеге келген XVI ғ. алғашқы ұлттық грамматикалар латын тілінде жазылды және сондықтан да оларда латын тілі грамматикаларының әсері қатты болды. Сол кезеңде грек тілінде бар, латын тілінде жоқ артикль неміс тілінде де бар, әрі дербес сөз табы болғандықтан, сөз таптарының бұған дейін жалғасып келген дәстүрлі 8 саны жеңіп, одағай дербес сөз табы ретіндегі статусын жоғалтып, үстеулерге қосылады [3, 162 б.]. Ал XVII ғ. екінші жартысында одағайлар Й.Шоттелиустың еңбегінде жеке сөз табы ретіндегі құқығын қайтадан алады. XVIII ғ. екінші жартысында неміс одағайларына француз рационалды грамматикаларымен байланыстырылып, біраз зерттеулер жасалды. Ал сол XVIII ғ. тілдің алғаш шығуы жөніндегі пікірталаста одағайлар мен ЕС-дің өте үлкен рөл атқарғаны, ғалымдардың тілдің шығуын одағайлармен немесе ЕС-мен байланыстырғаны, тілдің шығуының одағайлық немесе ономатопоетикалық теориялары туып, философтар мен лингвистердің назарын аударған негізгі тақырыптардың бірі болғаны белгілі. Адамзат тілінің тууы жөніндегі өз кезінде әйгілі болған бұл теориялар төңірегінде қазіргі ғылыми пікірлерде қайшылықтар бар. Кейбір ғалымдар бұл теорияларды шындыққа жанаспайды деп жоққа шығарса, келесі бір тобы тілдің шығуының ономатопоетикалық теориясы материалистік диалектиканың негізгі философиялық және методологиялық негіздеріне қарама-қайшы келмейді деп таниды.

XIX ғ. үндіеуропалық тілдер аясында одағайлардың тілдік табиғатына шек келтіріліп, олардың жалпы тілге қатысының бар-жоқтығы жайындағы сұрақ бой көтереді. Бұл сұрақтың төңірегінде ғалымдар сол кезде де бір пікірге келе алмаған және осы таласты жағдай қазіргі тіл білімінде де көрініс табады. Ал

XX ғ. үндіеуропалық тіл білімінде енді одағайдың категориялдық статусы жөнінде „Ол сөз бе, жоқ әлде сөйлем бе?” деген келесі бір жаңа сұрақ туады. Бұған дейін морфонемалық құрылымына қарай сөз ретінде қарастырылып келген одағайларға енді сөйлемдік қасиеттердің тән екендігіне баса назар аударылып, сол кезде өзекті бола бастаған одағайларға деген синтаксистік тұрғыдағы қызығушылық олардың сөйлемдік сипатқа ие екендігін немесе сөйлемге балама бола алатындығын пысықтай берді. Бұл мәселе, әсіресе, неміс тіл білімінде қатты талқыланады. Бұған себеп сөз таптарының латын тілінен бері қолданылып келе жатқан pars orationis (нем. Redeteile) термині енді сөйлемге еш қатысы жоқ, керісінше қазақ тіліндегідей сөзбен тікелей қатысты Wortart терминіне ауысқандығы еді. Сондықтан да бұл мәселе жөніндегі неміс лингвистерінің арасындағы пікірталастар өрби түсті. Олардың бір тобы одағайлардың нақты лексикалық мағынасы жоқтығын және грамматикалық тұрғыдан түрленбейтіндігін алға тарта отырып, оларды жеке сөз табы ретінде қарастырғанды қойып, сөз қатарына жатқызудың өзін артық деп санайды. Оларға қарсы пікірді ұстанатын ғалымдар да жеткілікті. Мәселен, неміс тілінің «Grundzüge einer deutschen Grammatik» атты грамматикасында одағайлар қысқаша ғана екі сөйлеммен түсіндірілсе, Дуден грамматикасы, Е.Генчель/Х.Вайдт, Ю.Трабант және т.б. ғалымдар бұл сөз табын жан-жақты талқылап, олардың сөз таптары қатарындағы ерекше статусын атап көрсетеді.

Әйтсе де, одағайлар туралы пікірлер қаншалықты алуан түрлі болса да, барлық грамматистер одағайлардың сөйлемдік сипатқа ие екендігімен және олардың сөйлемге балама бола алатындығымен келіседі. Одағайлар мәселесіне басқа да үндіеуропалық тілдердегідей неміс тіл білімінде де көп уақыт бойы жеткілікті мән берілмей келгендігі туралы К.Элих 1980 жылдары былай деп жазған еді: „Мен одағайларды зерттей бастаған кезде оларға ғылыми тұрғыдан ешқандай мән берілмеген еді. Бірақ одан кейін бұл жағдай адам таң қаларлықтай түрде күрт өзгеріп сала берді. Әр түрлі лингвистикалық перспективалармен байланысты одағайларға деген қызығушылық оянды” [3, XI б.]. Расында да жазба тіл ғана емес, ауызша тілге де назар аударылып, оған аналитикалық талдау жасала бастаған және лингвистикада тілді қатынас құралы ретінде сөйлеуші мен тыңдаушының қарым-қатынасы аясында, басқаша айтқанда, сөйлеу әрекетінде зерттеуге баса назар аударатын прагматикалық бағыттың дамуымен байланысты аталмыш қарым-қатынаста, яғни сөйлеу әрекетінде маңызды рөл атқаратын одағайларға деген көзқарас 1980-жылдардан бастап басқаша қалыптаса бастады.

Ал ЕС-дің одағайлар құрамында қарастырылуы олардың адамның көңіл-күйін емес, қандай да бір шыққан дыбысты немесе қимыл-қозғалысты білдіретіндігі, сөйлемнің басқа мүшелерімен тікелей байланыса алатындығы немесе жаңа сөздер түзетіні қатарлы ерекшеліктерінің ашылмай қалып қоюына әсерін тигізеді. Неміс тілінде де ЕС дербес сөз табы ретінде зерттелуі керек деген ойдан аулақпыз, оған бұл сөздердің санының аздығы мен қолданылу аясының тарлығы-ақ себеп бола алады. Бірақ ЕС-ге арналған зерттеу жұмыстарында олардың одағайлардан айырмашылықтары да көрсетілгені жөн болар еді.

Неміс тілі ауқымында одағайлар жөнінде жоғарыда айтылып өткен мәселенің барлығы олардың құрамдас бір тобы болып табылатын ЕС-ге, яғни ономатопоетикаға да тікелей байланысты. ЕС де одағайлар сияқты ғасырлар бойы қажетті деңгейде зерттелмеді, олардың да тілге қатысының бар-жоқтығы, сөз қатарына жату-жатпауы үнемі талқыланып отырды. Кейбір лингвистердің ЕС-ді негізінен жас сәбилердің көп қолданатынын, мысалы, олардың wau-wau, miau ЕС-імен иттің үрген, мысықтың мияулаған дыбыстарын ғана емес, сол дыбыстарды шығарушы жануарларды, демек ит пен мысықтың өзін де атайтынын алға тартып, оларға ғылыми тұрғыдан назар аудармайтыны байқалады. Әйтсе де көптеген ғалымдар ЕС-дің өздеріне ғана тән ерекшеліктерін мойындап, оларды сөз қатарына қосады. Мәселен, М.Гайгер „Сөздердің ішінде дәстүрлі түрде дыбысқа еліктеу деп аталатын құбылыстың бар екендігіне ешқандай талас жоқ” екенін атап көрсетеді [4, 109 б.].

Дегенмен ЕС – дербес сөз табы болып есептелмесе де, неміс тілінде азды-көпті қарастырылған мәселе. К.Элих лингвистикада ЕС мәселесін көптеген ғалымдардың қарастырғанын, бірақ олардың бұл мәселені тек тілдің алғаш шығуымен ғана байланыстыратынын айта келіп, жүйелі түрдегі зерттеудің әлі жетіспейтіндігін алға тартады [3, 261 б.]. Дегенмен мұндай тұжырым жасалған уақыттан бері бұл жағдайдың белгілі дәрежеде өзгергені жөнінде К.Құсайынов „По утверждению Г.Рамстедта „ономатопеические слова часто обсуждались в связи с различными языками, однако... никто никогда не пытался исчерпывающе и систематически исследовать этот материал.” Со времени, к которому относится данное утверждение, положение изменилось” дей келе, ЕС жөнінде нақты материал мен терең теориялық негіздерге құрылған еңбектердің жазылып жатқанына тоқталады [2, 119 б.].

Неміс тіліндегі одағайлар мен ономатопоетиканың (бұдан былай О) өзара ұқсастықтарына келсек, сөздердің бұл екі тобының да морфологиялық тұрғыдан алып қарағанда түрленбейтіндігі. Бірақ бұл жерде оларға жалғау жалғанбағандығымен, О-ға префикс пен түрлі жұрнақтар жалғанып немесе түбір түрінен жаңа сөздер туындайтынын айту қажет. Мысалы: Klapp-e, Ge-summ, plump, knuspr-ig. Және де бұлардың қай-қайсысына да редупликация тән, мысалы: toi, toi, toi; kliff, klaff; plitz, platz. Ал екінші бір ортақ мәселе – бұлардың синтаксистік тұрғыдан алғандағы ұқсастықтары. О да одағайлар сияқты голофрастикалық болып табылады да, ешқандай сөйлем мүшесі болмай-ақ, сөйлемдегі басқа сөздермен байланыссыз тұра береді: 1.Igitt, ich konnte solche Stubenviecher nicht ausstehen! 2.„Fffft!“ Uschi ließ langsam die Luft raus (N.Schindler). Алайда сөздердің бұл екі тобының дәл осы мәселеде, яғни сөйлемдегі орнында айырмашылық та бар. Одағайлар сөйлемнің басқа мүшелерімен синтаксистік қатынасқа түспейді, ал ЕС-дің сөйлемде басқа сөздермен тіркесіп, белгілі бір синтаксистік қызмет атқара алатынын көруге болады. Одағайлар мен О фонетикалық-фонологиялық жағынан да ұқсас келеді. Ю.Трабант О да одағайлар тәрізді белгілі бір тілдің фонологиялық жүйесінен ауытқуы мүмкін екендігін, демек, одағайлар сияқты ЕС де белгілі бір тілге жат немесе сол тілдің фонологиялық ережелерін бұзатын дыбыстардан құралуы мүмкіндігін (нем. /pst/, /s/, /hei/) айтады. [5, 139 б.]. Сонымен қатар О да одағайлар сияқты тілдің эмоционалды-экспрессивтік лексикасына жатады.

Одағайлар мен ЕС-дің айырмашылықтарына тоқталсақ, ең алдымен семантикалық өзгешеліктерін атаған жөн: одағайлар адамның қандай да бір сезімін, көңіл-күйінің қалпын немесе қандай да бір жағдайға байланысты ой-пікірін білдірсе, О қандай да бір дыбысқа немесе қимылға негізделіп, олардың тілдегі көрінісі немесе бейнесі болып табылады. Келесі өзгешелік одағайларға қарағанда О-ның интонациясының алуан түрлі болып келетіндігінде және сөйлемде басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсетіндігінде. Сонымен қатар О-дан басқа сөздер туындайды. О-ға қарағанда одағайлар дауысты дыбыстарға бай келеді және оларда умлаут сирек кезігеді. Сондай-ақ сөйлеуші одағайларды әңгіме барысында өзінің сезімін, көңіл-күйін білдіргісі келсе кез-келген сәтте қолдана алады, өйткені эмоционалдылық сөйлеу барысында әрқашан онымен бірге болады. Ал ЕС-ді сөйлеуші әңгіме барысында кез-келген сәтте қолдана алмайды, олар басқа сөздер сияқты орнымен, өздері қажет болған алғышарт туған кезде қолданылады.

Бірінші бөлімнің «Түркологиядағы одағайлар мен еліктеуіш сөздердің зерттелуі жөнінде» деген тарауында түркі тілдеріндегі сөз таптары мәселесі, ЕС мен одағайлардың қысқаша зерттелу жағдайы қарастырылады. Сөз таптары түркі тілдерінің аясында белгілі бір жүйеге қойылса да, белгілі түрколог ғалым Н.А.Баскаков оны толығымен шешілген мәселе деуге келмейтінін айтады. Түркологияның нағыз ғылым ретінде XVIII ғ. екінші жартысынан дами бастағаны белгілі. Түркологияның ғылым ретінде дамып, қалыптасуының алғашқы кезеңінде онымен көбінесе орыс тілді ғалымдар айналысқан. Т.Қордабаев бұл ғалымдардың орыс тілінде жарық көрген еңбектеріндегі түркі тілдері жөнінде жасаған зерттеулері мен пайымдауларының үнемі дұрыс бола бермегендігін, себебі олардың бұл тілдерді, соның ішінде қазақ тілін де сөйлеу тілі ретінде білмегендіктерін тілге тиек етеді [6, 80 б.]. Түркологиядағы сөз таптарына орыс тіліндегі бұрыннан қалыптасқан грамматикалық үлгілер мен грамматистердің дәстүрлі көзқарастарының көшіріліп отырғандығы мәлім.

Қазақ тіл білімінің негізін ана тілімізде алғаш қалаған, қазақ тілінің мәселелерін зерттеуде теңдессіз жетістіктер жасап, қазақ тіл білімінің тілдік категорияларын анықтап, қазіргі кезде қолданылатын терминдердің көбін қалдырып кеткен – ұлы Ахмет Байтұрсынов. Одағай атауын алғаш қазақ тілі біліміне енгізген де А.Байтұрсынов. Ғалымның „Одағай дейміз – одағайланып, оңаша айтылатын сөздерді” [7, 261 б.] деген анықтамасы бұл сөз табының тілдік сипатын атап көрсетеді. А.Байтұрсынов 1914 жылы жарық көрген әйгілі «Тіл - құрал»-ында одағайлар мен ЕС-ді бір сөз табы ретінде сараласа, оның 1925 жылғы нұсқасында одағайларды өз ішінен еліктеуіш және лептеуіш деп бөледі [7, 168; 197 б.]. Бұдан біз ғалымның одағайлар мен ЕС-ді сөйлемдегі орнына, тілдегі қолданысына қарай ажырата білгенін көреміз.

XX ғ. 20-жылдарына дейін түркі тілдерін қойып, орал-алтай тілдерінде де еш зерттеле қоймаған ЕС-ді көне түркі тілдерінің бірі шуаш тілінде алғаш зерттеген Н.И.Ашмаринды ғалымдар түркологиядағы ЕС-дің атасы ретінде таниды. Осыдан түркі тілдеріндегі ЕС-дің зерттелу тарихы XX ғ. 20-жылдарынан басталған деген пікір қалыптасқан. Н.И.Ашмариннің ізбасары ретінде оғыз тілдеріндегі ЕС-ді зерттеген Н.К.Дмитриевті атауға болады. Ал одан кейін жарық көрген түркі тілдеріндегі ЕС туралы зерттеулердің көбі Ресей мен Орталық Азия республикалары ғалымдарының қаламдарынан туған. ЕС үндіеуропалық тілдердегідей түркі тілдерінде де 1950 жылдарға дейін одағайлардың, кейде үстеулердің бір тобы ретінде қарастырылып келген.

Қазақ тілінде бұл мәселемен ең алдымен А.Ысқақов, одан кейін Ш.Сарыбаев, А.Қайдаров, К.Құсайынов, Б.Катембаева т.б. айналысқан. Сондай-ақ М.Жұбанова мен А.Ислам кандидаттық диссертацияларында ағылшын және қазақ тілдерінің ЕС-ін салғастырып зерттеген.

1948 жылғы «Қазақ тілі» грамматикасында қазақ тілінде сөздер зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, шылау, одағай деп негізгі 8 жікке бөлінетіндігі айтылады да, ЕС одағайлардың „еліктеу одағайлары” деген тобы болып көрсетіледі. Қазақ тіліндегі ЕС-дің атасы ретінде атауға болатын А.Ысқақов 1948 жылы осы мәселеге арнаған мақаласында қазақ тілінде басқа сөздерден өзгеше бір топ сөз барын, олардың ЕС екендігін айтып, 1954 жылы «Қазіргі қазақ тіліне» ЕС-ді 9-шы сөз табы етіп кіргізеді.

ЕС тілде бұрын ғана пайда болған ежелгі тілдік құбылыс емес, олар да басқа сөздер тәрізді тілдің дамуы барысында өз құрамын толықтырып отырады және сөздік қордың айтулы бөлігін иемденіп, түркі тілдерінде көркем әдебиетте де, ауызекі тілде де кеңінен қолданылады.

Диссертацияның «Еліктеуіш-бейнелеуіш сөздерді лексика-семантикалық және коммуникативтік-прагматикалық тұрғыдан саралау» деп аталатын екінші бөлімінде неміс және қазақ тілдерінде сұрыпталып алынған негізгі ЕБС-дің аталмыш сипаттары сарапталады.

Қазақ тілінде ЕС семантикалық тұрғыдан дыбыстық еліктеуіш сөздер және бейнелеуіш сөздер деп бөлінеді. Мұндағы бірінші топ – дыбыстық ЕС қоршаған ортадағы, күнделікті тіршілікте кездесетін түрлі дыбыстарды тілде барынша дәл беру мақсатымен сол дыбыстарға еліктеуден пайда болады. Ал екінші топ, яғни БС табиғаттағы заттар мен құбылыстарды, олардың сыртқы көрінісін, қимыл-әрекетін көзбен көру арқылы туатын түсініктерді білдіретін сөздер. Әйткенмен сөздердің бұл екі тобының семантикалық тұрғыдан да, фонетика-грамматикалық жағынан да өзара айырмашылықтары бар. Бұл сөздердің жалпы еліктеуіш сөздер деген ортақ атауының сәтті табылған термин екені даусыз. Бұл термин ғылым ретінде кейінірек дамыған түркі тілдеріне алғаш орыс тіліндегі подражательные слова тіркесінің аудармасы болып енсе керек. Түркі тілдерінің, соның ішінде қазақ тілінің сөз таптары туралы орыс тілінде жазылған еңбектерде ЕС-дің жоғарыдағы өз ішінен бөлінетін екі тобы звукоподражательные и образоподражательные немесе звукоподражательные и звукообразные слова [8, 517 б.] деп атап көрсетіледі. Бірақ БС көзге көрінген түр-пішінді, қимыл-әрекеттер мен түрлі құбылыстарды ерекше етіп суреттеп, мәнерлі түрде бейнелейтіні болмаса, қандай да бір дыбысқа негізделетін ЕС тәрізді ештеңеге еліктемейді. Мысалы, Бас сүйегі мылжа-мылжа болыпты. Үлкен өткір жалғыз көзі қанталап, шапшаң қарап, жалт-жұлт етеді (М.Әуезов) деген сөйлемдердегі мылжа-мылжа, жалт-жұлт БС-і белгілі бір заттың сол сәттегі күйін, қалпын сондай бір әсерлі етіп көркемдеп, бейнелей суреттеп тұр, бірақ ештеңеге еліктеп тұрған жоқ. Сондықтан орыс тілінде БС-дің атауы ретінде қолданылатын образоподражательные және олардың дыбыстармен қатысы жоқ болғандықтан звукообразные терминдері дұрыс қолданылмаған терминдер деп білеміз. Демек, оларды образные слова атауының алмастырғаны орынды болар еді. Осы пікірімізді түйіндей келе, қазақ тілі грамматикасындағы еліктеуіш сөздер деген категорияны еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер деп, яғни қазақ тіліндегі 9 сөз табының бірін Еліктеуіш сөздер емес, Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер деп атағанның орынды екендігін айтқымыз келеді. Белгілі түрколог ғалым Л.Н.Харитонов сөз таптарын топтастырғанда бұл сөз табын «звукоподражательные и образные слова» деп атап көрсетеді.

Екінші бөлімнің «Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің семантикалық сипаты» деген тарауында бұл сөздер семантикалық тұрғыдан зерделенеді. ЕБС – салғастырылып отырған екі тілде де қоршаған ортадағы, адам және басқа да жан-жануарлардың дыбыстары мен қандай да бір жанды-жансыз заттың немесе құбылыстың күй-сипатын білдіретін сөздер. Олар сөйлеушіге акустикалық ортада үндескен түрлі айтылымдарды қолдануға мүмкіндік береді.

Қазақ тілінде Ш.Сарыбаев мағынасына қарай дыбыстық ЕС-ді өз ішінен 3 топқа, ал БС-ді 2 топқа топтастырса, неміс тілінде ЕБС-ді тек Дуден грамматикасы өз ішінен жіктейді. Сол жіктемелерге негіздей отырып, екі тілде теріліп алынған түбір ЕБС-ді білдіретін мағыналарына қарай кесте түрінде береміз:

Кесте 1.1 - Қоршаған ортада кездесетін сан алуан дыбыстарды я қимылдарды білдіретін ЕБС



Дыбыстар/қимылдар

Неміс тілінде


Қазақ тілінде

қандай да бір қатты шыққан тарсыл (мысалы мылтықтың атылуы, барабан ұру, жарылыс.)

baff; blaff; bum[s]; rums; krach; wumm[s]; piff, paff; puff; peng, peng; tack, tack, tack

тарс (-тұрс), сарт

(-сұрт), парс

құлау, соғылу, салдырлаған, қаңғырлаған дыбыс

bauz; boing; plumps; plauz; pardauz; holterdiepolter; bum[s]; klack[s]

дүрс, гүрс,

салдыр-гүлдір,

қаңғыр-күңгір

қандай да бір ақырын тырсылдаған дыбыс

knack

тырс

шартылдаған, шыртылдаған, шомпылдаған дыбыс

kladderadatsch; klack; klitsch, (klatsch); klatsch; schwapp

шарт, шырт, шомп

қысқа ашық металл дыбысы

klick; klapp

шың, дың

қандай да бір ашық сартылдаған немесе сыртылдаған дыбыс

klipp (klipp, klapp); klack

сарт, сырт

қатты затты кескендегі немесе тескендегі дыбыс

knips

сырт (-сырт), қиқ

(-қиқ)

бірдеңенің (ағаштың) сынуы

knack(s)

сырт, бырт

ыдыстың, әйнектің сынуы

klirr

сырт, шырт

қоңыраудың, музыкалық аспаптардың үні


bim; bimbam; dideldum; dideldumdei; kling (kling, klang); klingelingeling; klingling; bing; pling, plang


дың (-дың), дыңғыл

(-дыңғыл)

сыңғыр(-сыңғыр)

күмбір (-күмбір)

керней үні

tätärätätä; trara; tschingtarata- ta; schnedderengteng[teng]

та-та-та, тра-ра-ра

аспап үні (әсіресе, соңғы аккорд)

schrumm; schrummfidebum

дыңқ, тыңқ

ұрмалы аспап үні

tschingbum

дүңк-дүңк

желдің үні, зуылдаған дыбыс

hui

гу-гу, зу-зу

күтпеген жағдайдағы жылдам қимыл, кенет шыққан қозғалыс, жылдамдық

hui; husch; hopp; schnick; schwipp; schnapp; schwupp; schwupp (schwuppdiwupp); schwups; plitz, platz; wupp(dich); wutsch; zuck

сып, сап, лып, шап, тап, сарт, апыл-ғұпыл, тасыр-тұсыр

аңның тістеп алғанда, бірдеңені жұлып алғанда шығатын дыбыс

rips, raps

сап, сарт

мотордың дыбысы

blubb, blubb; ruo, ruo, ruo; tuck-tuck-tuck

дыр-дыр, дар-дар

саусақпен жылдам қимыл жасау

schnipp

сып, лып

сұйық заттың тасып төгілуі

schwapp

пыс, бор

өрт сөндіргіш немесе жедел жәрдем көлігінің үні

tatü, tatü, tatütata

ио-ио

көліктің сигналы

töff, töff

бип-бип

паровоздың үні

tsch-tsch-tsch

гу-гу, дүт-дүт

арамен аралау

ritze, ratze

сыр-сыр

аққан су

pur, pur, pur

сылдыр-сылдыр,

сар-сар, гүр-гүр

қою заттың еденге тамуы

klacks

торс, пырс

сұйықты жұту

gluck, gluck, gluck

қылқ-қылқ

ауыр заттың (суға) құлауы

plumps

дүрс, шомп, күмп

жеңіл заттың суға құлауы

patsch; platsch

шолп

шөп шабу

zest, zist

сыр-сыр

сұйық заттың қайнауы

blubb, blubb

сарқ-сарқ, бұрқ-бұрқ

суды шалпылдату немесе су аяқтың еденге тигендегі дыбысы

pitsch, patsch

шалп

батпақ, сазды жерді басқандағы дыбыс

quatsch

борт

шиқылдаған, шықырлаған дыбыс

quietsch

шиқ, шықыр

тықылдаған және тоқылдаған дыбыс (жүру, жүгіру)

tapp, tapp; tock; trapp, trapp; poch, poch

тақ-тақ, тоқ-тоқ, тық-тық, тып-тып

сағаттың тықылдауы

ticktack

тық-тық

затты жыртқандағы дыбыс

rips, raps; ritsch(e), ratsch(e)

дар, дыр

Каталог: upload -> news
news -> Євро-2012. Підготовка до чемпіонату
news -> Репертуар малого зала им. А. К. Глазунова на март 2010 года понедельник, 1 марта «консерваторские премьеры»
news -> Программа №1 «Жесткое», 116 мин. 39 сек., 18+ Дело принципа, 15 мин.,2013 г., Москва Режиссёр фильма
news -> Фио сотрудника, должность
news -> Проблеми розбудови митної системи в інтересах економічної безпеки України
news -> Имидж учителя Говорят: учитель – это не профессия, педагогика – это не наука, это образ


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет