Айқын. – 2012. №205. – 1 қараша Жұмабайқызы Г



Дата17.05.2020
өлшемі75.26 Kb.
Айқын. – 2012. - №205. – 1 қараша

Жұмабайқызы Г.
Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ректоры:

 Шетелден ретсіз мал әкелуді тоқтату керек!

Ауыл шаруашылығы өндірістік кешендерін дамытудың көкейкесті мәселелерінің бірі - жоғары дәрежелі, жан-жақты, білікті мамандар даярлау. Осыған байланысты жоғары аграрлық білім алуға деген қажеттіліктің рөлі өседі. 1957 жылы іргесі қаланған С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті - еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Осы жылдар аралығында 56 мыңнан астам маман дайындалды. Құрылғанына 55 жыл толған аталмыш оқу ордасында жағымды жаңалықтар да аз емес. Бұл кезең кемелдену, іргелі зерттеулер мен ғылыми ізденістерге толы жылдар болды. Біз аграрлық білім және ауылшаруашылығы өндірістік кешендерінің мәселелері туралы аталмыш оқу ордасының ректоры Ақылбек Күрішбаев мырзамен сұхбаттасқан едік.

- Ақылбек Қажығұлұлы, сіздің қазақ агротехникалық универси­тетінің ректоры қызметіне кіріс­кеніңізге көп уақыт бола қойған жоқ. Сіз ректорлық қызметіңізді неден бастадыңыз?

- Мен өзімнің ректорлық қыз­метімді әр мамандық бойынша соңғы курста оқып жүрген сту­дент­термен сұхбаттасудан бастадым. Әңгіме барысында түлектеріміз көптеген тәжірибелік сауалдарға нақты жауап бере алмады. Бұл уни­верситет қабырғасында алып жат­қан білім деңгейін көрсетсе керек. Сондықтан біз, жұмыс берушілер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­діруші ассоциация басшыларымен бірлесе отырып, барлық оқу бағдар­ламаларын қайтадан талдап, қо­сымша мамандықтарды кіргізіп, тәжірибелік оқытудың аясын ке­ңейттік. Яғни оқыту процесін бүгінгі күннің өндіріс талабына сай үн­дестірдік. Қазір біздің оқытушы­лармен қатар аграрлық ғылыми-зерттеу институттарының ғалым­дары, мемлекеттік органдар, хол­дингтер мен ірі ауылшаруашылық өндірістерінің басшылары да сту­денттерге дәріс оқиды. Бұл жұмысты одан әрі жалғастырып, жетілдіріп отырамыз. Алдағы уақытта студент­теріміздің кәсіби даярлығы жаңа дең­гейге көтерілетініне мен сенім­дімін.



- Сіз аграрлық білім берудің бас­ты мәселесін көрсеттіңіз. Ал аг­роөн­дірістік секторды дамытудың бүгінгі күнгі кезек күттірмейтін негізгі кө­кейкесті мәселесі не?

- Егер егін шаруашылығы ту­ралы айтсақ, Қазақстанда бұл са­ланы дамытудың мүмкіншіліктері мен келешегі зор. Бірақ оның басты тежегіш факторы, меніңше, жерге минералдық тыңайтқыштарды пайдалану деңгейі мен өсімдіктерді қорғап, сақтау құрал-жабдық­та­рының ескіруі және сапасының төмендігінде. Бұл бағытта біз көп артта қалып қойдық. 1986 жылмен салыстырғанда минералдық ты­ңайт­қыштар жерге 14 есе аз себіледі! Оны қолданудан біз тұтас алғанда, өткен ғасырдың 60-жылдарының деңгейінде тұрмыз, яғни 1 гектар жыр­тылған жерге қажетті 60 келі орнына бүгінде небәрі 2 келі атал­-ған өнім қолданылады. Осының кесі­рінен біз гектарынан 3-5 цент­нер астық жоғалтамыз және жері­­міз­ді аздырып аламыз. Сөйтіп ке­лешек ұрпаққа шешімі күрделі мә­селе қалдыруымыз мүмкін.



- Мемлекет тыңайтқыш құны­ның 50 пайызын субсидиялайды, ал не­ліктен фермерлер тыңайтқыштарды қолдануға асықпайды? 
- Біріншіден, бұл бағытта жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүр­гізілуі қажет. Фермерлерге тыңайт­қышқа кеткен шығынның құнын алдағы жылғы алатын астықтан бір­неше есе қайтарып алатынын жан-жақты түсіндіру керек. Екіншіден, минералдық тыңайтқыштардың құны субсидияны қоса есептегеннің өзінде әлі қымбат. Сонымен қатар оның бағасын арзандатып, бұ­қа­ралық қолданысқа жаппай кіргізу­ді күн тәртібінен түсірмеуіміз қажет. Қазақстанның көптеген минералдық тыңайтқыштар өндіретін химиялық зауыттары өндірілген өнімнің ірі кө­лемін шетелге, атап айтқанда Қы­тайға экспорттайды. Меніңше, олар, бірінші минералдық тыңайт­қыш­тарға деген еліміздің сұранысын ақтап, отандық фермерлердің қа­жеттілігін өтеу мәселесін түпкілікті шешкені дұрыс. Бұрынғы кеңестік кеңістікте фосфорлық кендер не­гізінен екі кен орнында шығарыл­ды: Коль жарты аралында апатиттер, ал Жамбыл облысында фосфорит­тер өндірілді. Фосфорлық тыңайт­қыштар біздің ұлттық жетістігіміз. Сондықтан біз оны туған жеріміздің құнарлығын сақтауға пайдала­нуымыз керек. 
Өсімдікті дұрыс сақтау туралы да көптеген шешімін таппаған сұрақтар бар. Мамандардың есебі бойынша өсімдікті дұрыс сақтау туралы қажетті іс-шараларды уа­қ­тылы, дұрыс өткізбегендіктен біз астықтың орташа түсімінің 35-40 па­йызын жоғалтамыз. Егіндік ал­қаптарды өңдемегеннен оны жыл­дан-жылға арамшөптер басып құ­нарсыздануда. Өте қауіпті каран­тинді аурулар мен өсімдіктердің зиян­кестері көбеюде. Егер біз егін шаруашылығымен іс жүзінде тиімді айналысамыз десек, онда отандық химия өндірісін құрып, бастапқы кезеңде өсімдіктерді сақтауды қа­лыпқа келтіруді жолға қоюымыз керек.

Біз шетелден пестицидтерді жыл сайын миллиард долларға са­тып алуға шамамыз жетпейді. Өйткені егіндік алқаптарымыздың көлемі әлемдік деңгейде үлкен аймақты алып жатыр. Мен кезінде пестицид өндіретін шетелдік ірі химиялық компаниялардың бас­шыларымен кездескенде респуб­ликада пестицидтерге формуля­ция жасау жолға қойылғанның өзінде, олардың құнын небәрі 20 пайыз­ға ғана төмендете алатынын есеп­теп шығардық. Бүгінде елімізде гли­фосфаттық типтегі гербицидтердің құны АҚШ, Канада, Австралия мемлекеттерімен салыстырғанда үш есе қымбат. Бұл нөлдік, мини­маль­дық технология, химиялық парлар­ға өтуді тежейтін басты себептер бо­лып табылады. Егін шаруашы­лы­ғын химизациялау арқылы ауыл­шаруашылығы өнімдерінің өнім­ділігін екі есеге өсіруге болады. Бұл теория емес, ол алдыңғы қатар­лы шаруашылықтардың көпжыл­­дық тәжірибесінің жемісі. Егер бұл қо­сымшаны астық егілген жердің жалпы көлемімен есептесек, егіндік жердің аумағын көбейтпей-ақ қо­сымша 11-12 миллион тонна өсім­дік шаруашылығы өнімін алуға болады. Міне, бұл біздің шынайы қоры­мыздың бүркемеленіп жатқаны. Меніңше, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешендерін реформа­лау ол субсидиялау мен оның меха­низімін жетілдіру ғана емес. Егер біз ауылшаруашылығында түбегейлі өзгеріс жасаймыз десек, егістік жерді химиялық өңдеумен шын мә­нінде парасаттылықпен айна­ла­суымыз керек. Тек сонда ғана елі­міз­дің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етіп, біз Елбасының «Қа­зақ­стан ауыл шаруашылығы өнім­дерін әлемдік деңгейде экс­порт­тайтын басты мемлекет болуы ке­рек» деген шешімін шынайы қам­тамасыз ететін боламыз.



- Етті мал шаруашылығын да­мытудың көкейкесті мәселелері ту­ралы сіздің пайымдауыңыз? 

- Алдымен шетелден мал са­тып әкелу мәселесіне тоқталсам дұрыс болар. Ол үшін жүйесіз мал әке­луді тоқтату керек! Мен бұл мә­селені бұған дейін талай көтеріп жүрмін. Бізге жоғары өнім беретін, асылтұқымды мал әкеліп, мал тұ­қы­мын асылдандырудың жүйе­лі се­лекциялық процесін құрып, оны жетілдіруіміз қажет. Мал шаруа­шы­лығы - күрделі де қиын сала екенін ешқашан есімізден шығарма­ғанымыз абзал. Жалғыз ұранмен ол көтерілмейді. Бұған дәйекті де жү­йелі жұмыс талап етіледі. Көр­ші­леріміздің тәжірибесіне сүйенсек, Ресей соңғы уақытта 400 мың бас асылтұқымды мал шетелден сатып алған. Ресей ғалымдарының айтуы бойынша, осы малдың едәуір бөлігі арам өлген. Себебі уақытында олар­дың генетикалық ерекшеліктері ескерілмей, қолайлы жағдай жаса­л­маған.


Енді Беларуссиядағы етті мал ша­руашылығын дамыту туралы бір мысал. Онда малды импорттау ба­рысы ғалымдардың тікелей арала­суы­мен іске асырылып, олар тек өз­деріне керекті ірі қараларды 
алып, генотипті малдардың тұқы­мын асылдандыруды жақсартуға оны пайдаланған. Бұл жағдай жү­-йелі түрде жүргізіліп, асылтұқымды мал шаруашылығын ұдайы, жан-жақты дамытуға ықпал етеді. Со­нымен қатар оларда малды он­шақ­тылап емес, біз сияқты жүздеп әке­леді. Бар­лық атқарылатын іс се­лекция­лық жұмыстың қажетті­лігінен туындайды және жеткілік­ті жем-шөп қорын дайындамай, шет­тен мал әкелудің ешқандай пай­дасы жоқ. Мен АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатында асылтұқымды малға әзірлеген жем-шөп қорын өз көзіммен көрдім. Байқағаным, азық қорында негізінен бұршақ тұқым­дас дақылдар. Оның ішінде малдың күндік рационында басты азық - соя, ол малдың күнделікті салмағына қосымша екі келі қосуға жәр­дем­деседі. Негізінде, соя Қазақстан­ның солтүстігінде суармалы жерде өсе­ді. Басқа бұршақ тұқымдас дақылдар­ды да, суармалы жерлерде өсіріп, одан тұрақты да, жақсы өнім алуға бо­лады. Демек бізге малды әкелмес бұрын, осындай суармалы жерлерді әзірлеуіміз қажет. Малды әкеліп, оны не болса сонымен азықтандыру оның генетикалық мүмкіндігін әлсіретіп, асылтұқымды малды аз­дыра бастайды. Басты мәселе малды шетелден әкелуге қаржыны мем­лекет құяды. Қорыта айтқанда, одан қайтарым болмаса тек бизнесмен­дер ғана емес, мемлекетіміз де зар­дап шегеді.

- Ауыл шаруашылығы өндірістік кешенінде шаруа және фермерлік қожалықтарды дамытудың қандай жолдары орын алу керектігіне бай­ланысты сіздің көзқарасыңыз?

- Барлық ауылшаруашылық өн­дірісі дамыған елдерде, оның негізгі үлесі шағын және орта фер­мерлік қожалықтарға тиесілі. Олар өндірісті тұрақты жүргізіп, ауылдың барлық әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысады.


Мысалы, АҚШ-та ауылшаруа­шылығы өнімдерінің 85 пайызын шағын және орта фермерлік шаруашылықтар жүргізеді, оның ішінде көптеген отбасылық фер­мерлер бар. Әлемде дағдарыс ке­зеңінде көптеген ауыл шаруашылы­ғы өнімдерін өндіретін ірі кәсіп­орындар қысқарып, біразы бизнес­тің басқа саласына өтіп кеткендігін зерттеу көрсетіп отыр. Демек, ауыл шаруашылығын тиімді дамыту мен жерді пайдаланудың тиімділігін көтереміз деп әлі қабырғасы қатай­маған ұсақ шаруашылықтарды «бұ­рышқа тыға берудің» қажеті ша­малы.

Аграрлық саланың бар мұқта­жын жетік білетін Елбасымыз Н.Ә.На­зарбаев елімізде кооперация жүйесін құру туралы үкіметке тап­сырма жүктеген. Бірнеше жыл бұ­рын ауыл шаруашылығы коопера­циялары туралы заң қабылданып, осыған сәйкес қажетті құқықтық қор жасалды. Қазақстанның Фер­мерлер одағы нақты іс-қимыл жос­парын әзірледі. Жаңадан құрылған ауыл шаруашылық тұтыну коопе­рацияларын мемлекеттік тұрғы­дан қорғаудың механизмі қалыптас­ты. Облыс әкімдерімен бірлесе оты­рып, аймақтарда ауылшаруашы­лық тұтыну кооперациялары (АТК) қозғалысын жандандырудың пи­лоттық ауылдық тұрғын жерлері мен аудандардың орталықтары әзірлен­ді. Осы еңбектің нәтижесінде елі­мізде тиімді АТК пайда бола баста­ды. Өкінішке қарай, кейіннен олардың қызметі тоқтатылды. Мен бізде АТК жүйесінің даму мүмкіндігі дамыған елдерден кем емесін нық сеніммен айта аламын. Бұл үшін үкімет осы жұмысты қолға алып, әкімдердің әкімшілік ресурстарын пайдаланып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржылық мүм­кіндіктерін қосып, «ҚазАгро» ҰБХ АҚ кеңмасштабты жұмысты бастауы керек. Бұл сөзсіз ауыл шаруа­шы­лығын жаңа сапалық деңгейге көтереді.


- Студенттерді қабылдау және оқу орны ректораты мен студенттер­дің арасындағы қарым - қатынас сіз уни­верситетті басқарғаннан бері қалай өзгерді?

- Биылғы жылдың басында облыстардың әкімшіліктерімен бірлесе отырып ауыл шаруашылығы мамандарына қажеттілік туралы мо­ниторинг өткіздік. Қорытынды мә­лімет бойынша Қазақстанның солтүстік, батыс, шығыс облыс­та­рында жоғары білімді 1424 ма­ман жетіспейді, негізінен ветерина­рия мамандары мен агрономдар. Біздің университет осы кадр тапшылы­­ғын шешуге әзір. Биыл мемлекеттік грант бойынша өткен жылмен са­лыстырғанда 1,5 есе көп студент қа­былданды. Бұл, біріншіден, біздің университеттің танымалдығын көрсетеді. Студенттердің өздері айтқандай олар біздің университетке жан-жақты білім алу үшін келеді.


Университетіміз жақында өт­кізілген QS халықаралық рей­тин­гінде 8 қазақстандық жоғары оқу орнымен бірге жетекші орынды иемденгенін мақтанышпен ай­тамын. Бұл - біздің универси­тетіміздің қызметіне берілген жо­ғарғы баға.


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет