Айқын. 2014. №177. 2 қазан Дуанбай Ж. Өкілеттілік өркендеуге жол ашады



Дата17.04.2016
өлшемі61.79 Kb.
Айқын.- 2014.- №177.- 2 қазан

Дуанбай Ж.



Өкілеттілік өркендеуге жол ашады
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев білім саласына ерекше көңіл бөліп, оқытудың жаңа жүйесін қалыптастыруға, озық әдістерді меңгеруді ұдайы назарда ұстап келеді. Сондай бастамалардың бірі – әлемдік тәжірибеде бар жоғары оқу орындарын автономдық жүйе арқылы басқаруды елімізде енгізу. Біз осы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаевпен сұхбаттасқан едік. 

Ақылбек Қажығұлұлы, Елба­сымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев Қазақстан халқына арнаған: «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында 2050 жылға қарай Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елдің қатарына кіргізуді страте­гия­лық мақсат етіп қойды. Сіздің ойыңызша, білім жүйесінде жаңа стратегия қаншалықты рөл атқа­рады? 

– Менің ойымша, негізгі орталығы болады. Себебі, біз жаңа жоспарды іске асыру үшін әртүрлі бағытта алға басуымыз қажет, ең бастысы, республика­мызда индустриалды бағытта бір­қатар жұмыстар атқарылуы қажет. Оның ішінде, ең бірінші кезекте, білім саласын дамыту, соның ішінде жас мамандардың қабілет­тілігі олардың жаңа технологияны және инновацияны игерудегі кә­сіби дайындығын арттыру тура­лы тақырып та бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Сондықтан, «Қазақстан – 2050» стратегиясында білім қызметі саласын жетілдіру, оның ішінде әсіресе, жоғары білікті кә­сіби мамандарды дайындау – бас­ты талаптардың бірі. 

Білім сапасын дамытуға мем­лекет тарапынан ерекше басым­дық беріліп отыр. Осы орайда ЖОО-ның отандық жүйесі туралы айта кетсеңіз, сіздің ойыңызша жо­ғары білім беру жүйесі жаңа бағыт­қа бет бұруға дайын деп ойлайсыз ба? 

– Өздеріңіз де көріп отырған­дай, дәл қазіргі таңда отандық жоғары білім беру жүйесі толы­ғымен реформалауды қажет етеді. Қазақстан экономикасы 20 жыл­дан бері нарық талаптарына қыз­мет еткеніне қарамастан, жоғары білім беру жүйесі сол баяғы күйін­ше орталықтандырылған және әкімшілік-жоспарлы әдіспен басқарылады. 

Әлемнің дамыған елдерінде университеттердің автономды моделі бұрыннан қалыптасқан, нәтижесінде, іргелі ғылыми-зерт­теу мен сапалы білім үдерісі қам­та­масыз етілген. Отандық жоғары білім беру жүйесін жаңа сатыға көтеру үшін, біз де бұдан былай ғаламдық үрдістен тыс қала ал­май­мыз. Қазақстан осы тәжіри­бені үйреніп, жедел оған бейім­делуі қажет, сөйтіп әлемдік ғы­лым-білім қоғамдастығының бір мүшесі болуы керек. 

Университеттердің ғылым мен білім саласындағы жеткен жетістіктерінің нақты мысалын алыстан іздеудің қажеті жоқ, олар­дың халықаралық рейтингі­сіне көз тастасақ жетіп жатыр. Әлемнің үздік ондықтағы ЖОО қатарында АҚШ университеттері көш бастап тұр. АҚШ-тың оқу орындары жоғары сатыдағы жай ғана білім беру мекемесі емес, олар Құрама Штаттардың басты «ми орталығы», жаңа білімнің және тәжірибелі инновацияның қозғаушы күші. Олар мемлекеттің интелектуалды дамуына жауап береді. Ал ең бастысы, экономи­касы мен технологиясы дамыған АҚШ сияқты державаның тарихы осыдан бастау алады. 

АҚШ университеттеріне жо­ғары білім стандартын сақтап тұ­ру­ға қандай жағдай ықпал етуде?

– Бұл жетістікке АҚШ уни­вер­ситеттері кездейсоқ жеткен жоқ, ол мемлекеттік саясаттың мақсатты жоспарлы жүргізілуінің нәтижесінде жетті. Университет­тердің басым бөлігі коммерция­лық ұйым емес, сондықтан олар салық төлеуден босатылған. Түс­кен пайда ішкі қажеттіліктерді өтеуге, мәселен білім беру қыз­меті сапасын көтеру, ғылыми зерт­теу мен инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталады. Бұдан бөлек, университеттерге инвес­ти­ция тартушы бизнес үшін мемлекет қолдауымен арнаулы салықтық (салықтық жеңілдіктер) құрылған, яғни бұл да қосымша қаржыландыруға мүмкіндік береді. 

АҚШ ЖОО-ға академиялық еркіндік берілген, яғни олар бі­регей, өзіндік оқу-бағдарла­ма­ларды қалыптастыру мен енгізуге, жаңа білім беру әдістерін қол­дануға құқылы. Бұл өз кезегінде икемді білім беру қызметтерін көрсетуге, жаңа ғылыми бағыт­тар­­дың тууына, сонымен қатар оқытушылардың кәсіби және ғы­лыми мамандандырылуын ең­бек нарығында динамикалық дамыту талаптарына да жауап береді. 

Сонымен қатар АҚШ уни­вер­­ситеттері ауқымды басқару мен автономды қаржыландыруға не­гіз­делген. Бұл ретте университетке өкілеттікті табыстау төмен­де­мей­ді, керісінше, қаржы саласындағы шығындарды бақылауды күшей­теді. Біріншіден, универси­тет­терге ти­ім­ді қаржы менеджменті енгізіл­ген: бюджетті басқару стра­тегия­лық жоспарды дамыту негі­зінде қатаң жүргізіледі. Екін­шіден, іш­кі және сыртқы қар­жы­лық тек­серіс тәжірибесі қалып­тасқан. 

Бүгінгi таңда АҚШ-тың ЖОО-на көптеген функциялар (жүйелер) басымдыққа ие. Мұндай жағдай ректордың өкілдігіне қан­шалықты әсер етеді?

– Автономды университет ректорлары мүмкіндігі шексіз жетекшілер болып табылмайды, оған ешқандай қауіп жоқ. Кері­сінше, олар белгілі бір уақытқа таңдалып, тағайындалады. Сон­дай-ақ ректордың өкілеттілігінің артуы, мемлекет пен қоғам ал­дындағы жауапкершілікті де арт­тырады. Қабылданған шешім­дердің нәтижелі болуы үшін уни­­верситетте директорлар кеңе­сі немесе қамқоршылық кеңес ұйымдастырылады. 

Сіздің ойыңызша, Қазақ­стан­да ұқсас қағидаттар бойынша жоғары білім жүйесін құру қажет пе?

– Әрине, әлемдегі дамыған елдердің табысты тәжірибесін сараптай келе, біз Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесіне осы­ған ұқсас қағидаттарды енгі­зуіміз керек. Озық адам капиталын да­мытуда бұдан басқа жол жоқ. Тек осы шешім ғана отандық жоғары білім берудегі сапаны көтеруді түбегейлі шешуге және тұрақтан­дыруға мүмкіндік береді. Олай болмаған жағдайда, осы уақытқа дейін келе жатқан мемлекеттік жоғары білімді реттеу жүйесі сақ­талатын болса, қаржыны қан­ша жерден ұлғайтса да, біз бас­тапқы нәтижемен қалып қоямыз. 

Егер алға қарай қадам басатын болсақ, бізге жоғары білім жүйе­сін әлемдік стандартқа сәйкес бей­імдеуіміз қажет. Ол үшін әлемдік тәжірибедегі жоғары бі­лім-ғылым жүйесіндегі рефор­маны пайдаланып қана қоймай, жетекші ғылыми университет­термен барлық деңгейде, оның ішінде оқыту және зерттеу жүр­гізуде белсенді байланыс орнату қажет. 

Астана қаласының ауыл­шаруашылық және техникалық ба­ғыты бойынша ең ірі ЖОО-ның ректоры ретінде агроөнеркәсіптік кешен үшін кадрларды дайындау барысы туралы айта кетсеңіз? 

– Егер ауыл шаруашылығы саласы туралы айтар болсақ, қа­зір­гі таңда жаңа технология мен өн­діріске қабілетті жас мамандар қа­жет. Бұл үшін жаңа ғылыми мектеп, заманауи білім беру бағ­дарламасы керек. Өйткені біз басқа озық әлемнен айтарлықтай артта қалғанбыз. Біз үнемі фер­мерлерді ғылымға тартуды, оларға біздің зерттеуді сіңіруді айтып келеміз, бірақ осы уақытқа дейін тиімді алға жылжушылықты көр­медік. Фермерлер ғылымға өздері сүйенген кезде, тіпті ғылыми зерт­теу жұмыстарын қаржылан­дырғанда ғана ғалымдар шын мәнінде, ауылшаруашылық өн­дірі­сін дамытуға қажетті тиімді шешімдерін ұсына алады. 

Осы бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылуда?

– Айта кетерлігі, ағымдағы жыл­дың маусым айында С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университеті мен Дэвистегі Калифорния универси­тетінің арасында оқу орнымызды Назарбаев университеті үлгісін­дегі аграрлық-зерттеу универси­тетіне айналдыру туралы әріптес­тік келісімшартқа қол қойылды. Осы орайда баса айтып өтерім, Дэвистегі Калифорния универси­теті әлемдегі аграрлық саладағы жетекші оқу орны болып табы­лады, оның тәжірибесін озық уни­верситеттер үлгі тұтады, оның жетістіктері көптеген елдерде ауылшаруашылық саласы маман­дарын дайындаудағы негізгі те­мір­­қазық болып отыр. Біз аграрлық және техникалық ғы­лым­дарды меңгерген әлемнің озық профессорларын әріптестік тәжірибе алмасуға тарта отырып, білім беру жұмысын ұйымдас­тыруды жаңа жолға қойып, жаңа бағытта дамытуға қол жеткіземіз. Дэвистегі Калифорния универси­тетінің білім беру жүйесін толық енгізе алсақ, біз үшін тиімді, жаңа­ша даму жолы болары сөзсіз. Себебі бұл университеттің ғалым­дары жас мамандар үшін қажетті білім беру мен тағылымдамадан өткізудің барлық тетігін айқын­даған. Дәл осы тәжірибе негізінде Қазақстанда аграрлық жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін реттесек, білім, ғылым, инновациялық кеңістіктегі артта қалушылықты жоюға қол жет­кізер едік. 

Әлемнің өзге елдерінде мұн­дай бағыт қолданылуда ма?

– Қолданылған, мысалы, бұл стратегия көптеген дамушы ел­дер­де тиімді қолданылуда. Мыса­лы, Малайзия және Сингапур сияқ­ты елдер осыған ұқсас тә­жірибелерді енгізе отырып, қар­қынды экономикалық дамуға жол ашқан. Олар жоғары білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сәйкес құру арқылы, жаңа білім беру бағдарламаларын енгізумен, әлем­нің жетекші университет­терімен ынтымақтастық орнату арқылы, білім мен ғылымның жеке құзыреттілігін өсіру нәтиже­сінде, тұрақты дамуға қол жет­кізді. 



Бүгінде Қазақстанның алдын­да ауқымды инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсаты тұр, ал бұған қол жеткізу үшін, бі­рінші кезекте, жоғары оқу орын­дарына реформа жасауымыз қажет. Бұл бағытта біздің уни­верситеттеріміз әлемдік білім-ғылымға, тәжірибелерге есігін ай­қара ашып, халықаралық ғы­лым-білім қауымдастығына то­лық­қанды мүше болуы керек. 

Ол үшін біз әлемдік қолда­ныстағы жаңа ережелерді қабыл­да­ғанымыз абзал, яғни универси­теттің дербестігі қағидасынан бастап, ғылыми этиканы мүлтік­сіз сақтау қағидаттарына дейін. Болон процесіне мүше болу арқылы Қазақстан бүгінгі таңда бұл бағыттағы ауқымды жұмыс­тарды бастап та кетті және алдағы бағындырар белестеріміз де көп. Бізде Назарбаев университеті сын­ды қол жеткізген нақты көр­сеткіш те бар, ендігі таңда бұл тәжірибені елдегі басқа да оқу орындарына жеделдете енгізу қажеттілігі тұр. 


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет