«астық ТҮйірді сақтаудың Қазіргі кездегі технологиясы»


Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар



бет2/6
Дата25.04.2016
өлшемі1.14 Mb.
1   2   3   4   5   6

Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар:

1. Дәнді және басқа дақылдардың сақтауға тікелей қатысты ерекшеліктері қандай?

2. Астық және оның құрамына қандай заттар кіреді?

№ 6, 7, 8

АСТЫҚ ҚАБЫЛДАУ, ОРНАЛАСТЫРУ МЕН САҚТАУДЫҢ

ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ



Астық қабылдау және оны қоймаларда орналастыру

Мемлекетке өткізілетін астықты қабылдау және оны сақтап баптау астық қабылдау кәсіпорындарына жүктелген. Олар бұрынғы одақ көлемінде орналасып, бір мемлекеттік дайындау жүйесіне бірлестірілген болатын. Кейінгі кезде бұл жүйе Қазақстан Республикасындағы астық қабылдау кәсіпорындарын біріктіретін концерн (не корпорация) деп аталатын ұйымға бірлестірілген. Осы жүйеге астықтан ұн, жарма және құрама жем алатын ірі-ірі өңдеу кәсіпорындары (зауыттары) да кіреді.

Әрине, астық қабылдау кәсіпорындарының міндеті тек астықты қабылдауды ұйымдастырумен ғана тынбайды. Олар техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген, астық қорын қысқа мерзім ішінде өңдеп дәнді ұзақ сақтауға, одан тұтынушылардың талабына сай өнімдер шығаруға жарайтын күйге келтіреді.

Астық қабылдау кәсіпорындарының жұмысы дәнді дақылдарды колхоз, совхоздан және басқа астық өндіруші мекемелерден қабылдап алғаннан бастап, әртүрлі тұтынушыларға өткізіп жібергенге дейін астықтың әрбір партиясының сапасын бағалау мен сан-сапа өзгерістерін есептеуге тығыз байланысты.

Мемлекетке колхоз-совхоздар сататын әр түрлі дақылдар дәні мен тұқымын астық қабылдау орындары егін орағы кезіндегі қысқа мерзімде шарт бойынша және сатып алу жоспарынан артық мөлшерде қабылдауға мәжбүр. Соған қарамастан кәсіпорын дән мен тұқым партиясын тоқтаусыз қабылдауға, оның сапасы мен салмағын анықтауға, астық тапсырушылармен мерзімінде және дұрыс есеп айырысуға, түскен дән партияларын жақсылап орналастыруға, оның мөлшері мен сапасын сақтау шараларын белгілеуге міндетті.

Сондықтан әрбір астық қабылдау кәсіпорнының жұмысын ұйымдастыруда өндірістік технологиялық лабораторияның (ӨТЛ) маңызы орасан зор. Лаборатория керекті жабдықтармен және жоғары дәрежелі инженер, техник мамандармен толық қамтамасыз етілуі керек.

ӨТЛ-дің ролі өндірістегі міндеттері республика көлемінде бекітілген арнаулы бірыңғай ережелермен шектелген. Аталған лабораторияда дән сапасы анықталады, кейін қалай өңделетіні мен қандай мақсатқа пайдаланылатыны ескеріле отырып, сапасы бойынша біркелкі партиялар қалыптастырылады, автомобиль транспортының тоқтап тұруына жол бермес үшін дән тиеп келген автомобильдер қабылдау орындарына бөлінеді, мемлекеттік үлгіге техникалық жағдайларға және жоғарыдағы ауылшаруашылық және де дайындау ұйымдарының нұсқауларына сәйкес дәннің жиналғаннан кейінгі өңдеу технологиясы мен сақталуына бақылау жасалады.

Астық қабылдау кәсіпорынында осындай қауырт жұмысты табысты орындау үшін оны нақты ұйымдастырумен қатар кәсіпорынның нақты мүмкіндіктері негізінде жасалған дәнді қабылдап, қоймаларға орналастырудың жақсы ойластырылған жоспары да болуға тиіс. Бұл жоспар әр кәсіпорында дайындау жұмысы басталғанға дейін жасалып, оны директор мен жоғары ұйым бекітуі керек.

Астықты қоймаларға дұрыс орналастыру – технологиялық сапасы бойынша да, экономикалық көрсеткіштер бойынша да дәнді жақсы сақтаудың ең маңызды шарасы. Жоспардың жасалуы және оның орындалуы дәннің сақталуына кеселі тиетін қателіктерді болдырмауға астықты толассыз қабылдауға, көп күш жұмсамай-ақ ірі біркелкі партиялар қалыптастыруға, қойма сыйымдылықтарын пайдалану коэффициентін арттыруға, дәннің сапа және мөлшері жағынан ысырабын азайтуға мүмкіндік береді. Осының бәрі сақтау кезіндегі шығынды кемітіп, дәнді халық шаруашылығында орнымен пайдалануды қамтамасыз етеді.

Жоспар өткен жылғы дәнді қабылдау және орналастыру жөніндегі жұмыстарға талдау мәліметтері бойынша жасалады. Сондай-ақ, кәсіпорынның техникалық базасы, жоспар бойынша және одан да артық сатып алынатын дән мөлшері, дән мен әртүрлі дақылдар тұқымының сапасы, бұрынғы жылдардан қалған дән туралы деректер, өзге кәсіпорындардан әкелінетін дән жайындағы мәліметтер, оны кәсіпорыннан жөнелту мерзімі мен мөлшері ескеріледі.

Астық қабылдау кәсіпорынының дән қабылдау жөніндегі жұмысында оны сағаттық график бойынша жеткізу жөніндегі озық тәсілдің маңызы ерекше. Мұның мәні колхозға немесе совхозға бекітілген әрбір автомобиль немесе машиналар тобы дәнді астық қабылдау кәсіпорынына нақты белгіленген уақытқа әкеледі.

Мұндай жұмысты ұйымдастыру үшін ауылшаруашылығы, автотранспорт ұйымдары және астық қабылдау кәсіпорнының өкілдерінен диспетчерлік топ құрылылады. Жаңа өнім дәнін қабылдауды осылайша ұйымдастыру кәсіпорындардағы құралдарды пайдалану тиімділігін арттырып, астық жеткізу шығынын азайтады. Сонымен, дайындау жүйесіндегі мекемелердегі астық қабылдаудың екі түрі орын алған: 1. колхоз бен совхоздардан сатып алу; 2. басқа дайындау жүйелерінен келіп түсу.

Колхоз бен совхоздардан астық қабылдаудың сипаты маусымды, ол астықты орудан басталып, одан біраз уақыт өткен соң-ақ аяқталады. Ал басқа мекемелерде қабылдау жыл бойынша созыла беруі мүмкін.

Астықты тұтынушыларға жақындату, қоймаларды тиімді пайдалану, керекті технологиялық шараларды жүзеге асыру және сапасы біркелкі болатын ірі қор жасау үшін, оны қабылдап сақтайтын жүйелерде сөзсіз жылжытып тасымалдаумен байланысты.

Астық қабылдау кәсіпорнына келіп түсетін астық әрбір партиясының санын, салмағын, сапасын тексеріп, анықтап барып қабылдайды.

Сырттай қарап байқау және сынама шөкім алу арқылы түскен дәннің біркелкілігін және оны белгілі бір партияға жатқызу мүмкіндігін анықтайды.

Мемлекеттік дайындаудан өтетін астық үшін ылғалдылығы, ластығы шөп-шалам және түрлі қоспалардың мөлшері, дәннің зиянкестермен зақымдану, балаусалық белгілері және кейбір дақылдар үшін көлемдік салмағы бойынша базистік және шектілі кондициялар, басқа сөзбен айтқанда, сапа нормасы шегі бекітілген. Бұл кондициялар еліміздің ауа-райы әртүрлі болып келетін аймақтары, региондары үшін ылғалдылықпен көлемдік салмақ көрсеткіштері бойынша түрлі мөлшері болады.

Егер астықтың сапа көрсеткіштері базисті кондицияға сәйкес болса не (шектелген) кондициялардан төмен болмаса, ол кедергісіз қабылдауға тиісті. Дегенмен, бұл негізі ережеден ауытқушылық болуы да ықтимал. Ол үшін Министрлер Кабинетінің не басқа жоғары ұйымның арнаулы шешімі, рұқсаты болады. Сондай шешім қабылданғанда ғана астық қабылдау кәсіпорындары дәнді және майлы дақылдардың шектелген кондициядан ылғалдығы мен ластығы бойынша ауытқуларымен қабылдайды. Бірақ, зиянды және дәннен қиын ажыратылып бөлінетін ұсақ қиыршық тастар, татар қарақұмығы, қара сұлы, мысық құйрық және т.б. арамшөптер мен бүлінген дәндер сықылды қоспалары бар партиялар еш қабылданбайды.

Ал қанша дегенмен, қиын бөлінетін және зиянды шама мөлшері шектелген кондицияға мүлдем сәйкес келмейтін жағымсыз иісті, қара күйесі бар ащы жусанды тұқымдарды қабылдау үшін жоғарыдан ерекше рұқсат болуы тиіс.

Базисті және шектелген кондицияларға көрсетілген сапа белгілерінен басқа, қабылдау кәсіпорындары есепке алып, сатып алар бағасына үстеме қоятын күшті және қатты бидайдың ұлпасы (желімдеме, не желім тәріздес зат, орысша клейковина деп аталады) саны мен сапасы сияқты да көрсеткіштері де болады.

Базистік және шектелген кондициялар талабына сәйкестігін анықтау және қабылданбақшы астық үшін өткізуші шаруашлықпен дұрыс есеп айыру мақсатымен әрбір келіп түскен партиядан арнаулы сынама шөкімдер алынып, оларды өзара қосып, сосын одан әрі лабораторияда талдау жасау үшін орта тәулікті сынама жасау, астық дайындау кезінде күшін жоймаған үлгіге (стандартқа) сәйкес қатаң қадағалануы керек. Сол үлгіге сәйкес орта тәулікті сынама да жасалады. Осы талдаудың қорытындысы бойынша қабылданған астық үшін қаржы төленеді.

Бидайдың күшті және қатты дейтін сорттарын қабылдауда шаруашылықтың егістігінде өткізілетін дәннің сапасын алдын ала анықтаудың маңызы зор. Мұндай бағалауды колхоз бен совхоздың және қабылдау кәсіпорнының өкілдері бірлесіп жасайды.

Келіп түскен астыққа қабылдау квитанциясы делінетін құжатт дайындайды. Колхоз бен совхоздардан астық тауар-транспорт құжаты (накладная деп аталатын), ал сортты дән оның сорттылығын куәлендіретін, дәлелдейтін қосымша құжатпен жіберіледі. Мұндай жағдайда лаборатория міндетті түрде аталған құжаттардағы астықтың көрсеткіштерін қабылдау кәсіпорнына бұрын келіп түскен дән сапасын анықтау (апробация) актілеріндегі көрсеткіштермен салыстырады.

Астық қабылдау кәсіпорындары дайындау маусымы кезінде қалтқысыз тоқтаусыз жұмыс жасап, істі уақтылы тындырып отырады. Әсіресе автомобиль транспортының тоқтаусыз істеуін қамтамасыз ету керек.

Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстанның астық қабылдау мекемелерінде дәнді қабылдау және жинаудан кейінгі өңдеу технологиясын жетілдіру жөнінде үлкен жұмыстар атқарылды. Астықты колхоз, совхоз қырмандарынан астық қабылдау орындарына тәулік бойы толассыз жеткізудің бірегей кешенді ғылыми негізделген жүйесі жасалған, сағаттық график бойынша тасымалдау ұйымдастырылған, күшті және қатты бидай сапасына алдын-ала баға бере отырып, оны арнайы технологиялық карта бойынша орналастыру ұйымдастырылған.

Астық қабылдау кәсіпорынында дәнді қабылдау, орналастыру және өңдеудің технологиялық картасы жасалады, оған дәнді орналастырудың бас жоспары мен тәуліктік операциялардың негізгі көлемі, сондай-ақ дәннің іс жүзіндегі орналастырылуы мен күйінің графикалық кескіні енеді. Мұның нәтижесінде автомобильдердің артылмай не түсірмей, еріксіз тоқтап қалуына жол берілмейді, автомобильге мұқтаждық 20-25 %-ке кемиді, кәсіпорындардың астық қабылдау қабілеті артады.

Бір кәсіпорыннан екінші кәсіпорынға темір жол, су не автомобиль транспорттарымен тасымалданып келіп түскен астық қабылданғанда оның түсіру уақыты бір жағынан сол темір жол, пороход шаруашылығы және автотранспорт мекемелері, екінші жағынан қабылдау кәсіпорны араларында болатын ерекше келісім бойынша анықталады. Транспорттың дер кезінде түсірілмегені үшін астық қабылдау кәсіпорынан айып пұл (штраф) алынады, ал бұған кінәлі қызметкерлер жауапқа тартылады. Темір жол не су транспортымен келіп түскен астық партияларының сапасы жөнінде куәлік болуға тиіс. Сортты дән тұқымының куәлігімен жабдықталады. Қабылданған кезде барлық астықтың салмағы міндетті түрде өлшеніп, сапасы тексеріледі. Бұл көрсеткіштері арнаулы құжаттағы (накладнаядағы) салмақпен және куәліктегі сапа көрсеткіштерімен салыстырылады. Егер қандай да болмасын ауытқулар орын алатын болса, онда қабылдау кәсіпорны акт түзіп, транспорт мекемелеріне арыз түсіріп, керекті талабын қояды.

Қоймаға қабылданған астықтың әрбір партиясын сақтау барысындағы бақылауды аға шебер не өндірістік шебер секілді материалды жауапты кісілерге жүктелінеді.

Астықты, әрі сапасы әрі саны жағынан, ойдағыдай сақтауды қамтамасыз етудегі ең маңызды шаралардың бірі - әрбір мекеменің мүмкіндігіне қарай қоймаларға дұрыс орналастыру.

Тек орналастыру тәртібін бұзбай астықты тиімді сақтауға болады. Артық-аспай қозғамай, өңдеуді тиімді пайдалану, сапа мен сан шығындарын жоққа шығарады. Мұның барлығы астықты сақтаудағы жалпы шығынды азайтып, дәнді дақылдарды халық шаруашылығында ұтымды пайдалануға себеп тигізеді.

Астық қорын қоймаларға орналастыру тәртібінің негізін қалайтын нәрселер мыналар: 1) астықтың әрбір партиясының сапа көрсеткіштері, осыған байланысты дәнді әртүрлі қажеттілікке пайдалану мүмкіндіктері; 2) астықтың әрбір партиясының әртүрлі жағдайда сақталуға төзімділігі. Осы тұрғыдан астықты мынадай белгілермен санаса отырып орналастырады.

Ботаникалық белгілері. Тип, подтип (қосымша тип – типтің ішіндегі кіші тип деуге болады) және сорт дәннің ботаникалық және шаруашылық белгілерінің жиынтығы, ара кідік ұндық, жармалық және нандық қасиеті құндылығымен сипаттайды. Сондықтан, әртүрлі типті, сортты дәнді дақылдарды өңдейтін, ұн тартатын, жарма өндіретін мекемелерге, экспортқа және т.б. жақтарға арттырылғанша топ-топ, бөлек-бөлек бір-біріне араластырмай сақтайды.

Тұқымдыққа арналған дәнді сорты бойынша емес, тіпті бір сорттың ішінде репродукциясы, сорттың тазалық категориясы мен класы бойынша жеке-жеке сақтайды да оларды араластыруға тыйым салынады. Сортты дәнді сақтауға ең сапалы қоймаларды бөледі.



Дәннің ылғалдығы. Астық жыйымында орын алатын физиологиялық процестердің үдей дамуына, өрбуіне жол бермеу үшін оның ылғалдылығы әртүрлі болып келетін партияларды басқа белгілері біркелкі болып келген жағдайда, жеке-жеке сақтауды қамтамасыз ету керек.

Мәселен, құрғақ және орташа құрғақ (не құрғақтау деп атауға болады) дәнді бір бөлек, дымқыл және ылғал (ылғалдығы 22 %-ке дейінгі) дәнді бір бөлек орналастырады.

Егер қабылданып жатқан астықтың ылғалдығы 22 %-тен жоғары болып жатса, онда дән ылғалдықтарының айырмашылығы 6 %-тен аспайтын партияларды бір топтастырып орналастырады. Тек күріш дәніне 3 %-тік айырмашылық бекітілген.

Дымқыл және ылғал астық партияларын кептіргішке жақын қоймаларға орналастыруды көздеген жөн.



Астық қоспаларының құрамы мен сапасы. Астық жиымында қопалар мөлшері көбейген сайын оның сақтауға төзімділігі кеми түседі. Сондықтан қоcпалардың құрамы мен сапасы еске алыну керек. Одан басқа, астық құрамында кейбір қоспалардың болуы, тазартудың арнаулы әдістерін керек етіп, дәннің пайдаланылу мүмкіндіктерін тарылтады. Сондықтан да, мәселен, зиянды не майда қиыршық секілді қоспалары бар астық партияларын бөлек, тазартқыш машиналары таяу маңдағы қоймаларға орналастырады.

Сонымен, қоспа бастапқы кезде мейлі ол тіпті құрғақ дән партиясында болсын, жоғары ылғалдылықпен ерекшеленеді. Олар екпінді, үдемелі тыныс алады, дәнге қарағанда теңге тез ұшырайды. Лестанған дәнді қоймаларға құйғанда бөгде қоспалар өзі сұрыпталып, ылғалдығы жоғары ошақтар құрады, сөйтіп өздігінен қызудың тууына себепші болады. Оған қоса кейбір қоспалар астықты айырықша тазалауды, яғни дәнді қоймаға салмас бұрын ағынмен тазалауды қажет етеді.

Айырықша тәсілмен тазартуды қажет ететін қоспалар бар дән партиясы бөлек орналастырылады.

Дымқыл және ылғалды астықты ірі, жоғары өнімді кептіргіштермен жабдықталған технологиялық жүйелері бар кәсіпорындарда, дәнді дақылдарды ылғалдығы мен бөгде қоспалар мөлшері бойынша бөлмей-ақ, басқа технологиялық құндылығымен сипатталатын партиялар жасайды.



Дәннің зиянкес жәндіктердің зарарына шалдығып, бүлінуі. Астықтың шыбын-шіркей, кенелер арқылы жұқпалы зарарға шалдығып бүлінген партияларын, өзгелерінің бұзылуының алдын алу үшін, бөлек қоймаларға орналастырады. Негізі мұндай астыққа шеткерірек орналасқан, әрі дәнді тазартуға және әртүрлі газ қолданып зарарсыздандыруға ыңғайлы қоймаларды бөліп белгілеп қояды.

Дәннің белгілі бір мақсатқа арналып пайдалануы. Қабылдау кезінде астық партияларының көрсеткіштері оның белгілі бір мақсатқа арналуын не келешектегі пайдалану сипатын анықтайды. Сондықтан осы факторді астықты қабылдап орналастыру кезінде есте ұстайды. Мәселен, келіп түскен дәнді таңдап, іріктеп, бірінші репродукциялы тұқымдарды әр уақытта тұқымдық материал ретінде қабылдап, орналастырып, одан әрі сортты тұқымдарды сақтаудың барлық ережесін, тәртібін бұлжытпай орындайды.

Азықтың астық партияларын сақтау барысында да белгілі бір мақсатқа арналу принципімен санасу керек.

Кептіру салдарынан нандық және де басқа технологиялық, биохимиялық қасиеттері өзгеріске ұшырыған дәнді, дәл сондай сапа көрсеткіштермен сипатталған, бірақ, кептірілмеген дәннен, мүмкіндігінше, бөлек сақтаған дұрыс. Мәселен, кептірілген бидайды кептірілмеген бидайдан ылғалдылықтары біршама болғанымен, бөлек орналастырған жөн. Себебі кептірілген бидайдың уызының саны не сапасы төмендеуі ықтимал. Мұндай жағдайлар кептіру тәртібі орындалмағанда орын алады.

Сыра өндіруге арналған өнгіштік, шығымдылық қабілеті жоғары арпа партияларын кептірілген партиялардан әр уақытта бөлек сақтайды.



Ерекше санасатын белгілер. Бұл белгілер тобына астықтың тек кейбір партияларына тән, көбіне дәннің пісіріп жетіліп ыңғайсыз, қолайсыз жағдайларына байланысты болып келтін ақаулары жатады. Мәселен, астық қабылдау кәсіпорындарына суық ұрған, кене, қандала бүлдірген, өніп кеткен дәндері бар және т.б. сол сияқты партиялар келіп түсуі мүмкін. Мұндай партиялардың сапасы төмен, сақтауға төзімсіз және оларды тұтынушыларға өткізудің де белгілі қиындықтары бар. Сондықтан, бұл партияларды да бөлек орналастырып сақтайды.

Қоймадағы дән үймесінің биіктігі оның күй-жайына, дәннің қандай мақсатта қолданылатынына, сақтау ұзақтығына, қойманың типі мен технологиялық күйіне, кәсіпорынның географиялық аймағы мен жыл мезгіліне байланысты.

Құрғақ /ылғалдылығы шекті мөлшерден төмен/, қоспалардан тазаланған, жинаудан кейін жатып піскен, азық және жемдік мақсатқа арналған дән үймесінің биіктігі қандай болсада бәрі-бір. Ылғалдылығы 17 %-тен жоғары дәннен оның температурасы мен жыл мезгіліне қарай 1,0-ден 2,5 м биіктікке дейінгі үймелер жасалады.

Жиналғаннан кейін жатып піспеген дән мен физиологиялық активтілігі жоғары дән сапасын төмендетіп алмас үшін оларды аласалап етіп үйеді. Дән ұзақ сақталмайтын жадайда үйме биіктеу жасалады, тек тиісті режим туғызылуы қажет.

Салқындатылған және желдетуге арналған қондырғылары бар қоймалардағы дән үймелерін биік етіп жасауға болады. Жоғарыда қарастырылған жағдайларды қорыта келіп мынадай тұжырым жасауға болады. Техникалық тұрғыдан біліктілікпен құрылған орналастыру жоспарын жасау астық қабылдау мекемелерінің жұмыстарының жемісті болуының бірден-бір негізгі шарты. Әсіресе, сапасы әртүрлі дәнді дақылдарды қабылдағанда дұрыс орналастырудың маңызы зор.

Бұл жоспарды өте жауапты шара ретінде кәсіпорынның барлық білікті мамандары қатыса отырып өткен жылдардағы астық қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру тәжірибесін, техникалық жабдықтардың күйін, келіп түсетін дәнді дақылдардың саны мен сапасы туралы тиісті ауылшаруашылық мекемелерінің мәліметтерін, астық қабылдау кәсіпорнына қарасты шаруашылықтардың мемлекетке астық тапсыру жоспарларын егжей-тегжейлі талдау негізінде жасайды. Бұл шаруашылықтардан жоғары тұрған мекемелердің жосмарларына сәйкес келіп түсетін және де қабылдау мекемесінен астық арттырып жөнелтудің көлемі мен мерзімі есепке алынады.


Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар:

1. Астық қабылдау және оны қоймаларда орналастыру

2. Дәннің ылғалдығы

3. Астық қоспаларының құрамы мен сапасы.

4. Дәннің зиянкес жәндіктердің зарарына шалдығып, бүлінуі

5. Дәннің белгілі бір мақсатқа арналып пайдалануы.


№ 9

3.2. Астықты қабылдау кәсіпорындарында өңдеу

Қабылдау кәсіпорындарының соңғы жылдардағы техникалық қарулануының өсуі астықты тапсырып, қабылдаудаң технологиялық және экономикалық тиімді жүйелеріи енгізуге мүмкіндік тудырады. Астықты орақтан соңғы өңдеудің және одан кейінгі жұмыстардың мынадай бір кең тараған желісін оқырман назарына ұсынуға болар еді. (3.1-ші сурет). Астықты дер кезінде өңдеудің нәтижесінде кейбір партиялардың кәсіпорын төңірегінде яғни ішінде жылжытып, қозғап тасымалдауды азайтады, дәннің сақтауға төзімділігін арттырады, қоймаларды тиімді пайдалану мүмкіндігі туады.

Астықты қабылдау кезінде өңдеу дәннің шығымын күрт қысқартады. Бұл кездегі шығын астық жиымын сақтау барысында орын алатын физиологиялық құбылыстарының өрбуіне байланысты.

Астықты толассыз өңдеуді іске асыру үшін бір-бірімен бір жүйелілікпен жинаушы шанақтармен және көтергіш транспорт механизмдер арқылы байланыстырылған машина кешендерінен тұратын технологиялық желілер жасалынады. Астықты қабылдау және өңдеу желілері жалпы мынадай операцияларды, шараларды қамтиды: сынама шөкім алып, келіп түсіп жатқан астықтың сапасын анықтау; автомобиль таразыларында астықтың салмағын өлшеу; астықты түсіру; дәннің технологиялық құндылығы және сапа көрсеткіштері бойынша партиялар жасау; астықты дөрекі қоспалардан және жарамсыз қалдықтардан бірінші кезек тазарту; кептіру, астықты құрғақ күйінде құнды дәнді қалдықтарын, қоспаларын бөле, айыра отырып екінші кезек тазарту; қалған астықты таразыға тарту және қоймаға салып орналастыру.

Жүгері сабақтарын өңдегенде жоғарыда аталган шаралардан басқа, бастыру операциясы пайдаланылады. Азықтық және жемдік жүгеріні өңдегенде бастыруды бірінші тазарту алдында, ал тұқымдық жүгеріні жүгеріні собықтарды кептіргеннен соң жасаған дұрыс.

Толассыз өңдеудің әрбір шарасына белгілі талап қойылады. Мәселен, бірінші кезеңде астық партиясынан тез де дұрыс сынама шөкім алу, одан ортатәулік сынама құрастыру-келіп түскен астықтың бастапқы сапасы мен күйін тез және дәл анықтаудың кепілі.

Әрбір партияның бастапқы салмағын кедергісіз анықтап жазып қою, астық әкелген транспортты аз шығынмен түсіруді ұйымдастырудың да маңызы зор.



Астықты бірінші тазарту.

Бұл шара ең алдымен астықтың жиымынан минералды және органикалық текті ірі, дөрекі қоспаларды бөлуді қамтамасыз етеді. Бірінші тазалауды астық үйіндісін тазартқышты (қопсымадағы таза дәңді бөлектеп ажырататын машина) қолданады. Мұның нәтижесінде астық жиымын ойдағыдай кептіру үшін дәннің өте керекті қасиеттерінің бірі оның сусымалылығы артады.

Кептіруге қойылатын талап астықтың бастапқы технологиялық қасиетін және тұқымдық құндылығын төмендетпей құрғақ күйінде тұтынушыға жеткізу.

Астықты екінші тазарту. Бұл шара астықты өңдейтін мекемелердің талабына сәйкес кондицияға дейінгі тазарту және қоймаларда одан әрі сақтауды жақсарту. Бұдан басқа, астық қалдықтары мен қоспаларын құрғақ күйінде алу, оларды бүліндірмей сақтауды қамтамасыз етеді. Екінші тазартуды сұрыптағыш (сепаратор, триер) және басқа да түрлі дән тазалағыш қондырғыларды қолданып жүзеге асырады.

Сақтауға салар алдында астықтың дәл салмағын, санын дегендей-ақ білу мақсатымен, өңдеуден өткен соң міндетті түрде таразыға тартып өткізу керек.

Әрбір технологиялық желі белгілі бір өнімділікпен сипатталады, бірақ қабылдау орнына нақтылы келіп түсетін астықтың мөлшері тәуліктің әр сағаты сайын орта өнімділіктен ауытқып отырады. Сондықтан, желілерді біркелкі тиеп отыру үшін оларды жинаушы шанақтармен жабдықтайды. Аталған шанақтар тәуліктің үдемелі, қарбалас кезеңіндегі желінің өнімділігінен асып келіп түсіп жатқан астықтың барлығын дерлік қабылдап, кейінірек астық түсу біраз саябырлаған уақытта тиісті желіге керегінше жіберіп отыруға көмегін тигізеді.

Одан басқа жинаушы шанақтар кейінірек талассыз өңдеуге жіберілетін майда партиялар жасауға да мүмкіндік береді. Жинаушы шанақтарда қолданғанда астықты тиісті технологиялық желіге жібергенге дейін уақытша дұрыс сақтауды қамтамасыз ету мақсатымен оларды астықты желдетуге арналған қондырғылармен жабдықтайды.

Технологиялық желі дегеніміз тұрақты не уақытша, жанжақты (универсалды) не арнаулы болып, элеваторлар және қабылдау тазарту, кептіру-тазарту мұнараларының негізінде құрылады. Астықты қабылдау және өңдеу үшін элеваторлар негізінде құрылған технологиялық желілер икемді, бейімді болады және істелінетін барлық жұмыс толық механикаландырылған. Бұл экономикалық жағынан тиімді де жоғары өнімді желілер қатарына жатады. Элеваторларда салынып жатқан технологиялық желілер диспетчерлік және де механизм мен машиналарды арақашықта автоматикалық басқаруды қамтамасыз етуі тиіс.
Өзіндік тексеруге арналған сұрақтар:

1. Астықты бірінші тазарту.

2. Астықты екінші тазарту.
№ 10, 11

3.3. Астықты сақтау барысындағы бақылау

Астықты бүкіл сақтау мерзімі барысында жүйелі түрде бақылауды ұйымдастыру керек. Астық сақтау барысында оның бастапқы сапасына байланысты түрлі физиологиялық және биохимиялық құбылыстардың орын алатыны туралы жоғарыда айтылды. Ойдағыдай бақылау болмай, дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаған жағдайда астықтың сапасы төмендеп, шығыны көбейе түседі.

Сақталып жатқан астық қорын ойдағыдай ұйымдастырылған бақылаудың және сол бақылаудың күнделікті нәтижесін шебер дұрыс талдаудың арқасында барлық ыңғайсыз, қолайсыз құбылыстардың алдын алып, астықты сақтауға, өңдеуге мейлінше аз қаражат жұмсалып, шығынсыз тұтынушыларға босатуды қамтамасыз етеді. Астықтың әрбір партиясы бақылауға алынуға тиісті. Осы жағдайды және де қабылдау мекемелеріне сапасы әртүрлі, бірнешеге жететін астық партияларының келіп түсетінін ескере отырып, бақылауды қарапайым ыңғайлы тәсілдермен жүзеге асыру керек.

Жүйелі бақылау барысында астық қорының күйін қалтқысыз, қатесіз анықтау үшін мына төмендегідей көрсеткіштерді білу керек. Олар астықтың температурасы, ылғалдылығы, қоспалардың мөлшері, зиянкестердің тигізетін залалы, балаусалық көрсеткіштері (түр-түсі және иісі). Тұқымдық дәннің партияларында қосымша өну энергиясы мен өнгіштігі анықталады.

Астық температурасы – дәннің күйін сипаттайтын өте маңызды көрсеткіш. Астықтың барлық қабаттарында температура төмен мөлшерде болса, онда дәннің күйі дұрыс болады, ол астықтың консервіленгендігінің белгісі, куәсі. Астық қабаттарында температураның біркелкі болмауы қоршаған ортаның (сыртқы ауа, қойманың қабырғалары және т.б.) әсерінен болады. Сондықтан температураны астық жиымының әртүрлі қабаттарында анықтап тұру қажет. Астық температурасының жоғарылауы қоршаған ортаның температурасының өзгеруіне сәйкес болмаса, онда ол физиологиялық процестердің өрбігенінің және дәннің өздігінен қызуының басталғанының куәсі. Сондықтан, астықты бақылаумен қатар сыртқы ауамен және қоймадағы ауаның температурасын да есепке алып отыру қажет, қоймадағы ауаның температурасын кәдімгі спирт не сынап термометрлерін пайдаланып анықтайды. Қоймадан тыс сыртқы ауаның температурасын анықтау мақсатымен осындай термометрлер күн сәулесінен қалтқылау жерлерге, тасалау орындарға іліп қояды. Астық жиымының температурасын анықтау үшін әртүрлі құрылғы пайдаланылады. Мәселен, қоймада сақталып жатқан партиялар үшін ТМШ-11 деген құбырлы штангелі ұзындығы 1,6 - 3,2 метрлік, диаметрі 20 мм-лік термосүңгі қолданады. Кейде оған ПИП-2 деген тасымал өлшеу аспабын қоса пайдаланады.

Қоймаларда металдан не пластмассадан жасалған ұштығында кәдімгі сынап не спирт термометрі орналастырылған термоштангілер пайдаланылады.

Элеватордың қораптарында сақталып жатқан астықтың температурасын термоасылғыларды қораптың ішіне жоғарыдан төмен қарай салбыратып орналастыру жолымен бақылайды. Термоасылғы дегеніміз ұзына бойына алты кедергі термометрлері орнатылган кабель-арқан. Термометрдің өлшегіш сымдары термоасылғының бас жағында шығарылып бекітілген. Температура өлшеу +50°С-тан -50°С-қа дейінгі мөлшерде ДКТЭ-4, ДКТЭ-4М, ДКТЭ-5, МАРС-1500, М-5 сияқты орталық пультте жазылып отырады.

Қоймада сақталып жатқан астықтың температурасын бақылау ыңғайлы болу үшін, үйіндінің бетін шартты түрде ауаны 100 шаршы метр секцияларға бөліп қояды. Әрбір секция кемінде үш термоштангімен қамтамасыз етіледі. Оларды әртүрлі тереңдікте орналастырып, сосын үйіндінің әртүрлі қабаттарына жылжытып қозғалтып отырады.

Әсіресе, қойманың еденінен 30-50 см қашықтықта және үйіндінің бетінен 30-75 см орналасқан астық қабаттарының температурасын мұқият бақылап отыру керек. Себебі, көбінесе дәл осы қабаттарда жоғарғы және төменгі қабаттарында өздігінен қызу қызыну орын алады.

Осы себептен қойма қабырғаларын бойлай орналасқан астық қабаттарына, әсіресе оңтүстік жағындағы қабырғаға баса көңіл аударылады.

Астықты электр қондырғысымен жабдықталған элеваторларда сақтағанда, термоштангілерді 4-5 м тереңдікке ғана кіргізіп орналастыру мүмкін.

Бұл жағдайда астықтың одан кейінгі төмен жатқан қабаттарының температурасын бақылау мүмкін емес. Сондықтан, элеватор қораптарына сақтауға төзімсіз астықты салуды шектеп, тіпті салмауға тырысу керек.



Дәннің ылғалдығы. Ылғалдық астықтың сақтау барысындағы күйін сипаттайтын басты көрсеткіштердің бірі болып табылады. Біркелкілігін білу мақсатымен дәннің ылғалдығын қат-қабаттар бойынша анықтайды.

Сақтау барысында байқалған астықтың ылғалдығының қат-қабат бойынша өзгеруі, ылғалдың бір қабаттан екінші қабатқа өтуі сорбция және десороция процестерінің орын алуының салдары.

Мұндай жағдайда астықтың құрамында жоғары ылғалды қабаттардың пайда болу қаупі туады. Сондықтан сақталып жатқан астықтың ылғалдығы қат-қабат бойынша өзгеруіне жол бермей, егер ондай құбылыс орын ала қалған жағдайда шұғыл шара қолданып, оны жою керек.

Астық қоспаларының саны мен құрамының өзгеруі оны сақтау барысындағы күйін сипаттайтын жанама көрсеткіш, жанама фактор болып табылады.

Әсіресе, бұл көрсеткіш арам шөп қоспаларының бүлінген дәндер фракциясына және дәндік қоспаларға жатқызылатын жартылай желініп қалған және қарайған дәндерге тән. Көгерген, желініп қалған, қарайған не бүлінген (бұзылған) дәндердің процент мөлшерінің көбеюі астық сақтау барысы жалпы ойдағыдай еместігін мәлімдейді. Негізі мұндай дәндер санының көбеюі шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, кенелер сияқты зиянкестердің өніп-өсуінің не дәннің өздігінен қызуының басталып келе жатқандығының салдарынан. Сондықтан, астықтың ластығын анықтап талдау кезінде жоғарыда атап көрсетілген қоспалар фракцияларының мөлшеріне баса назар аудару керек.

Зақымдану деңгейі. Астық қорының сақталу барысында әр-түрлі зиянкестерден зақымданып жұқпалы дертке шалдығуы мүмкін болғандықтан, бұл көрсеткіш бойынша да мұқият бақылау өте-мөте қажет-ақ. Бақылау кене, құрт-құмырсқа сияқты зиянкестерді өркендетпей, оларды таратпай, тіпті толық құртып жіберуге мүмкіндік тудырады. Қоймада сақталып жатқан астықтың зақымдану деңгейін әр қабаттарынан (жоғарғы, ортадағы және төменгі) алынған сынамаларды бөлек-бөлек зерттеп талдау арқылы тексеріп отырады. Астықты элеваторларда сақтау барысында үйіндінің тек жоғарғы қабатын зерттеумен шектеледі.

Дәннің иісі мен түр-түсі. Астықтың балауса белгілері оның иісі мен түр-түсі. Егер осы көрсеткіштер өзгере бастаса онда астық қорында ыңғайсыз, қолайсыз құбылыстардың өрби бастағаны деп түсіну керек.

Мәселен, спирт иісіндей иістің пайда болуы; астықтың үдемелі оттекті тыныс алу, ал зеңнің сасық, шірік иісінің шығуы шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа және т.б. микроорганизмдердің өсіп-өрбіп келе жатқандығының куәсі.

Астық қорын сақтау барысында жоғарыда аталған көрсеткіштердің барлығын дерлік міндетті түрде анықтау керек. Одан басқа оқтын-оқтын астықтың қышқылдығын анықтап қою өте-мөте орынды.

Қышқылдықтың өсуі астық өзінің және ондағы құрамындағы микроорганизмдердің тіршілігінің нәтижесінде дәннің органикалық заттарының ыдырап-бүлінуі процестерінің жүре бастағандығының салдары.

Сортты, тұқымдық дәнді дақылдар партияларының күйін бақылау барысында міндетті түрде олардың өну энергиясы мен өнгіштігін тексеріп тексеріп отырады.

Астықтың кейбір көрсеткіштерін тексеру мерзімі біраз жағдайларға байланысты. Олардың ең маңыздылары астық жиымының күйі, оның бастапқы сапасы, сақтауға төзімділігі, беріктігі, сақтау шарттары (жыл мезгілі, ауа райының ерекшеліктері, қойманың түрі, типі, үйіндінің биіктігі және т.б.). Астықтың физиологиялық екпінділігі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым оның температурасын кестеде көрсетілгендей тексеріп отырады.

Астық ылғалдығы мен температурасына .байланысты басқа көрсеткіштерін бақылау бекітілген. Астықтың әрбір партиясының бақылау нәтижелерін хронологиялық тәртіппен бақылау кітабына жазып отырады. Мұндай тәртіп астықтың күйін дер кезінде талдап тұруға, мекемеде астық сақтауды ұйымдастыруды дұрыстап және салқындату, зарарландыру, кептіру, тазарту сияқты керекті технологиялық шараларды уақтылы қолдануға көмек жасайды.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалық институты
umkd -> 5 в 020500 «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»
umkd -> «Баспа қызметіндегі компьютерлік технологиялар»
umkd -> Гуманитарлық-заң, аграрлық факультетінің мамандықтарына арналған
umkd -> 5B050400 «Журналистика» мамандығына арналған
umkd -> Әдебиет (араб тілінде «адаб» үлгілі сөз) тыңдарман, оқырманның ақылына, сезіміне, көңіліне бірдей әсер беретін дарынды сөз зергерлерінің жан қоштауынан туған көрнек өнері
umkd -> 5В020500 «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті пәнінің
umkd -> «Өлкетану тарихы және мәдениеті»
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі шәКӘрім атындағы семей мемлекеттік
umkd -> 5 в 011700 : -«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет