Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы мектепке дейінгі ересек жастағЫ



бет5/8
Дата25.04.2016
өлшемі1.37 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8

Міндеттері:

1. Заттар мен қоршаған ортадағы құбылыстарды түсінуі мен затқа қарап, пішінін, заттардың қатынасын, бөліктерінің орналасуы мен түсін бейнелеу тәсілдеріне үйретуді жалғастыру.

2. Қиялын, байқағыштығы мен әлемді бейнелі қабылдауын дамыту.

3. Бейнелеу өнерінің техникаларын, іскерлігі мен дағдыларын қалыптастырып, сурет салу барысында дұрыс отыру, қылқаламмен және қарындашпен жұмыс істеу дағдыларын бекіту.

4. Бейнелеу өнерінің материалдары мен құралдарының қасиеттерімен таныстыру.

5. Балалар әдебиеті суретшілерінің шығармаларымен, бейнелеу өнерінің алуан түрлерімен таныстыру.

6. Іс-әрекет мәдениетіне тәрбиелеу, ынтымақтастық дағдыларын қалыптастыру, ұжыммен жұмыс істеуге үйрету. Балалардың аналитикалық-синтетикалық қабілеттерін дамыту: қойылған міндеттерге сәйкес өз жұмысының нәтижесін бағалай білу іскерлігі.

Мазмұны:

Затқа қарап сурет салу

Балаларды елестету және заттарға қарап гүлдер, көкөністер, күрделі емес ойыншықтар сұлбасын өздеріне тән ерекшеліктерін сақтай отырып салуға үйрету.

Пішіндер (шеңбер, сопақша, тіктөртбұрыш) туралы білімдеріне сүйене отырып негізгі пішінін, заттар мен олардың бөліктерінің үйлесімділігін нақты беруге, бөліктердің салыстырмалы көлемі мен орналасуына, түстер туралы біліміне (қызыл, қызыл-сары, сары, жасыл, көк, күлгін, қоңыр, қара, ақ және олардың реңктері) сүйене отырып заттардың түстеріне, өз талғамымен түстерді таңдауға үйрету. Акварельмен жұмыс істеу тәртібімен, бояудың қажетті қоюлығын алу үшін акварель бояуын су тақтайшасында сумен араластыра білуге үйрету, бояуларды араластыруға, колоритті беру үшін бояулардың үйлесімділігі мен қағаздың түсін таңдаумен таныстыру, заттардың шынайы түстері мен бейнелетін затқа өзінің қарым-қатынасын қолдана білуге үйрету.

Бірнеше біркелкі заттардың мөлшеріндегі ерекшеліктерін (үлкен және кішкентай үйлер, ағаштар, көкөністер, жануарлар мен олардың төлдері және т.б.) жеткізе білу іскерліктерін қалыптастыру.

Түрлі жануарларға тән ерекшеліктерді байқау және олардың суреттерін сала білу іскерліктерін қалыптастыру. Жануарлардың бейнелерін жеңіл қозғалыстар мен қалыптарды бейнелеу арқылы мәнерлі бере білуге үйрету. Балаларға жүн мен қауырсынға тән бейнелерді келесі тәсілдер: түрлі штрихтар, түрлі басулар, қатты қылқаламмен, тушь арқылы сала білуге үйрету. Қажетті түсті алу үшін қарындашты әртүрлі басып қолдануға, қарындашпен жеңіл контурларды салуға үйрету.

Құстардың сыртқы бейнесі, барлық құстардың сыртқы ерекшеліктеріне қарамастан құрылымы жағынан ұқсастығы, пішіні мен бөліктерінің шамаларынан жалпы түсініктерін қалыптастыру. Суретте түрлі құстарға тән ерекшеліктерін бере білуге үйрету.

Суретте адамның қарапайым қимылдарын, қозғалу барысындағы қол мен аяқтарының қалыптарын бере білуге үйрету.

Серуен кезінде байқағандары бойынша ағаштарды, үйлерді, трамвай мен автобустарды және мереке күндерінен, қарапайым табиғат суреттерінен алған әсерлерін салғызу.

Ағаштардың бұтақтары (қызыл тал, шырша, мимоза, терек), жапырақты немесе гүлдеген бұталарға, кейбір дала және бақша гүлдеріне (түймедақ, бақбақ, қызғалдақ, лалагүл) қарап сурет салу.
Сәндік сурет салу

Қарапайым пішіндерде (шеңбер, сопақша, шаршы) өрнектерді құрастыра білу іскерліктерін бекіту. Дөңгелектерде, розеталарда, үшбұрыштар мен алтыбұрыштарда ортасы мен жиектерін көрсете отырып сәнді өрнектерді құрастыру. Пішіндері мен түстері әртүрлі 2-3 элементті алмастырып, ақ және түрлі-түсті фондарды қалауынша қолдану. Геометриялық пішіндер мен өсімдік элементтерінен өрнектерді ырғақпен орналастыруға үйрету (шеңберлер, үшбұрыштар, ирек сызықтар, жуан және жіңішке сызықтар, жағыстар, нүктелер, гүлдер, жидектер, жапырақтар және т.б.).

Балаларға түрлі материалдар: қарындаштарды (графитті және түсті), бояуларды (гуашь, акварель) қолдануды үйрету.

Қарындаштармен сурет салу барысында саусақтарға күш түсірмей, көлбеу ұстау қажет, штрихтарды біркелкі жеңіл қимылмен бір бағытта әрі-бері сызу. Сызықты контурдың сыртына шығаруға болмайды.

Бояумен сурет салу барысында қылқаламды бояуға жақсы сіңіру қажет. Қағазға жуан сызықтарды сызарда қылқаламды көлденең, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді сызу үшін тігінен ұстап, суреттерді бояғанда бір бағытта солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай, қиғашынан жүргізіледі, қылқаламмен қағазға басып салу тәсілдерін қолдануда (жапырақтар мен гүлдерді салу), қағаздың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажыратуға үйрету.

Түрлі халықтардың қолданбалы өнеріне тән өрнектердің элементтерімен және түстердің үйлесімділіктерімен таныстыру. Қазақ мәдениетіндегі зергерлік, ағашты ойып, өрнектеу, киімге кестелеп және алтынмен тігу өнерлері туралы түсінік беру. Табиғат күйлері, гүлдер, қауыздар, төселіп жатқан өркендер мен дәндердің қазақтың әшекей өнеріндегі киіз басу, кілем тоқу, тоқыма заттарында кездесетінін атап өту.

Түзу сызықтардың түрлі байланыстарымен құрылған қазақтың «Тұмар», «Балта», «Шаршы», «Ілгек», «Жұлдыз», «Ботагөз», «Бес жапырақ» «Гүл» өрнектерінің суретін салу. Элементтерді пішіндер мен сұлбалардың ортасы мен шеттеріне орналастыра білуге үйрету.

Қазақтың оюларының көптүрлілігі туралы түсініктерін кеңейту, ерекшеліктері мен оларға тән элементтерін қолдана отырып құрастыра білу іскерліктерін дамыту. Қазақ оюларының элементтерін құрастыру: имек және доға пішіндерінен құрастырылған «Қызғалдақ гүлі», «Қойдың ізі», «Құстың қанаты» өрнектерін сұлбаларға орналастыру. Қазақ оюларына тән түрлі түстердің үйлесіміне құрылған тапсырмаларды орындау, таныс элементтерден композициялар құрастыру, ұжымдық жұмыстарды орындау.

Орамалдарды, сулықтарды, сүлгілерді ұлттық сәнді маталардың желісімен суреттерді салу барысында іскерліктері мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндіктер туғызу. Элементтерді кезектестіру арқылы маталарға өрнектер құрастыру (жолақша, торлы өрнек, ірі және кіші пішіндерді 2-3 элементті кезектестіру арқылы бүкіл парақты толықтыру) іскерліктерін дамыту.

Қазақ ою-өрнектерінің сипаты (арқар мүйіз, сонымен қатар, бес бейнелік пішіндер, қиықтар) мен оның үйлесімділігін бере отырып, жапсырылған және қатырма қағаздан жасалынған көлемді пішіндерді (қораптар, бокалдар және т.б.) безендіру. Заттарды балалардың ойынша безендіру.

Дымков ойыншықтарымен (аттар, лақтар, шелектер), ағаштағы ас тақтайшалары, панно, сәнді табақтарды городец көркем суретімен таныстыру.

Ұжымда жұмыс істеуге, халық шеберлерінің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу.


Сюжетті сурет салу

Бір мазмұнға біріктіре отырып бірнеше заттардың суреттерін (табиғат суреттері, қоршаған ортадағы оқиғалар, мерекелер, адамдардың еңбегі, ертегі, әңгіме, өлең, әндер мен мазақтамалардың сюжеттері) бейнелей білуге үйрету.

Қазақ халқының өмірін, тұрмысын, еңбегін білдіретін қазақтың ертегілері мен аңыздарының желісімен суреттер салу («Қаңбақ шал», «Ақсақ құлан» және т.б.). Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарын бейнелеуге үйрету. Кейіпкерлердің әрекеттерін бейнелеу. Қарапайым психологиялық сипаттамаларын құру, заттардың кеңістікте бір-біріне жақын, бірге және т.б. орналасуын бере білу.

Суреттегі түстік қатынастарды жеке шешуге: табиғат пен ұлттық өнердің орнын қарама-қарсы және үйлесімді байланыстарына еліктеп бояуларын таңдауға, жыл мезгілдерін, тәулік уақытын, әрекеттердің орнын түстермен бейнелеуде өзінің қатынасын бере білуге, бұлыңғыр немесе шуақты күнді, мерекелік от шашу, кешкі өзендегі жарығы жанған кеме және т.б. қағаздың түсіне сәйкес бояуларды таңдауға үйрету, түстердің қарама-қарсы және пастелді гаммаларын қолдану.

Бейнелерді бүкіл параққа, бір сызықтың бойына, жалпақ жолақшаға (жақын, алыс) орналастыру іскерліктерін қалыптастыру. Қағаздың төменгі жолақшасына жердегі заттарды, жоғарғы бөлігіне жоғарыдағы заттарды орналастырып кеңістіктік қатынасын бере білуге үйрету.

Ойдан салу және ұжымдық жұмыстарды қолдану.



Балаларды өнермен таныстыру

Балаларды бейнелеу өнер түрлерімен (кескіндеме, графика, мүсіндеу, сәнді-қолданбалы өнер) таныстыруды жалғастыру.

Кескіндеме өнері туындыларымен (суреттер мен қазақ, орыс және кеңес дәуірі суретшілерінің өңдеген суреттері), портреттермен, пейзаждармен таныстыру.

Суретшілердің жұмыстарымен таныстыру: Ә. Қастеев («Жас Абай», «Биік таулы мұз айдын»), М. Лизогуб («Ертегі»), С. Романов («Отан аясында»), К. Тельжанов («Жамал»), А. Дюзельханов («Арыстан мен түлкі», «Батыл есек», «Жыл басы», «Көктем»), А. Исмаилов («Қамбар-батыр») және т.б.

Суретшінің әр жыл мезгілінде (алтын күздің көп түстілігі мен көктемнің тұнықтығын) табиғат сұлулығын қалай көрсеткенін сезіне білуге үйрету. Шығарманың мазмұнын көріп, түсінумен қатар, суретшінің табиғатты суреттей отырып, нені жеткізгісі келгендігін (қуаныш, қайғы) қандай әсерлендіргіш құралдар пайдаланғандығын түсіне білуге үйрету. Портреттік кескіндемемен танысу барысында суретші адамның көңіл күйін қалай беріп тұрғандығына назар аудару.

Балалардың шығармаларды қарау барысында бейнеленген құбылыстарды сезіну, суретшінің жеткізбек ойын түсіне білу қабілеттерін қалыптастыру. Мысалы, жазғы таңның сұлулығынан қуанышты көңіл күй сезіну (И. Шишкин «Қарағайлы ормандағы таң»), қоршаған орта мен жасампаз еңбек туралы (Ә. Қастеев «Қызыл үй»), қыздың ерке көңіл күйі (И. Репин «Инелік»), бұлтты аспан мен қураған шөптің мұңды көңіл күйі (В. Серов «Қазан»). Аңдар бейнесін мейіріммен жылы қабылдауға үйрету. Бөлме ішінде өнер туындыларын орналастыру әсемдігіне көңіл бөлуге үйрету.

Қазақ халқының ұлттық өнер туындыларымен, әшекей бұйымдарымен, тұрмыстық заттарымен, ат әбзелдерімен, киім-кешегімен таныстыру. Ұлттық ойыншықтар мен әшекейлер туралы (тәрбиешінің қалауымен) түсінік беру.

Шағын бейнелерді мүсіндеу (құстардың, балықтардың, жануарлар мен адамдардың) туралы түсініктерін кеңейтуді жалғастыру. Бейнені жасауда суретшінің қандай әсерлендіргіш құралдарын қолданғандығын көре білуге, бейненің мінез-құлқын анықтай білуге үйрету. Мүсінді тұғырда айналдырып, жан-жағынан анықтап қарауға үйрету.

Әр түрлі материалдардан (фарфор, сүйек, керамика, ағаш, шойын, шыны т.б.) жасалған мүсіндермен таныстырып, бұл мүсіншінің қолынан шыққан туынды екендігін әңгімелеу. Жұмыс үстіндегі мүсіншінің суретін көрсету. Мысалы: К. Наурызбаевтың «Абай», «Шоқан»; М.В. Нестеровтің «Мүсінші Вера Игнатьевна Мухинаның портреті».

Мүсіндеу құралдарымен таныстыру: «Бүркіт» (ағаш), «Көжек» (фарфор). Көлемдік пішініне, қалыбына, ырғағы мен материалына көңіл аудару. Суретшінің мүсіндік портрет құралдарын қолдана отырып кейіпкердің мінез-құлқын түсінуге үйрету (даналық, ерлік, ананың қайсарлылығы). Ұлы Отан соғысының батыры Н. Әбдіровтың анасының бейнесімен таныстыру (А. Ғалымбаеваның «Батыр анасы»).

Ұлттық музыка аспаптары: домбыра, қобыз; сәндік-қолданбалы өнер заттары: қымызға арналған ыдыстар - тегене, тостаған, ожау; ою ленталар - желбау, басқұр, жостов табақтары, хохлома нақышы, украиндық құмай, жетіген, шаңқобыз, қылқобызбен т.б. таныстыру.

Балаларды балаларға арналған кітаптарын безендіру құралдарымен таныстыру (В. Конашевичтің балаларға арналған кітабына А.С. Пушкиннің «Балықшы мен балық туралы ертегісі», С.А. Михалковтың «Сізде не бар?» шығармасына А. Пахомованың иллюстрациялары. Балалар кітаптарының қазақстандық суретшілері: график К. Пак, суретші К. Каметов, қазақтың ұлттық эпосы мен ертегілерінің суретшісі Е. Сидоркин).

Қауырсынмен, қарындашпен, акварельмен орындалған суреттердің айқындылығы мен кітапты безендірудің ерекшеліктерін (суреттердің мәтінге сәйкестілігі, мұқаба, титул парағы, басы, соңы) ескеруге үйрету.

Жыл соңында сурет салу бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- бейнелеу өнерінің суреттеу құралдары туралы бастапқы түсініктерін;

- заттарды сипаттау белгілерін және құбылыстарын бөліп қарау және оны өзінің бейнелеу іс-әрекетінде көрсетуді;

- табиғи және заттарға - гүлдер, көкөністер, жемістер, бейнеуі күрделі емес ойыншықтар, жануарлар мен адамдарға қарап салу бойынша сурет салуды;

- сурет салуда адамның қарапайым қимылдарын жеткізуді;

- суретті салуда суреттеу құралдарын (түсі, пішіндері, композициясы, ырғақ және т.б.) қолдануды;

- гуашьпен, акварельмен, графитті және түсті қарындаштармен жұмыс істеуді;

- қылқаламмен жұмыс істеу тәсілдерін (жағу, малу) білуі;

- қарапайым пішіндерде (шеңбер, сопақша, тіктөртбұрыш, сызық) өрнек құрастыруды;

- розеткаларда, үшбұрыштар мен алтыбұрыштарда ортасы, бұрыштарын, жиектерін көрсете отырып сәнді өрнектерді салуды;

- өрнекте геометриялық пішіндерді және өсімдік элементтерін ырғақпен орналастыруды;

- қазақтың ою-өрнегінің көп түрлілігі туралы, сәнді-көркем кәсіптің (дымков ойыншығы, городецкая нақышы) эстетикалық ерекшеліктері туралы;

- қазақтың ою-өрнек элементтерін салу және оларды бейнеуде орналастырып, олармен киімдерді, тұрмыстық заттарды безендіруді;

- бір мазмұнға біріктіре отырып бірнеше заттардың суреттерін бейнелеуді;

- суретте түрлі техниканы дербес қолдануды;

- бейнелерді бүкіл параққа орналастырып, заттардың кеңістіктік қатынасын беруді;

- ұжымдық жұмыстарды орындау, өз ойы бойынша сурет салуды;

- бейнелеу өнерінің алуан түрлілігі (кескіндеме, графика, мүсіндеу, сәнді-қолданбалы өнер) туралы;

- кескіндеме өнері туындыларымен (суреттер мен қазақ, орыс және кеңес дәуірі суретшілерінің өңдеген суреттері), кескіндеме түрлерін (портрет, натюрморт, пейзаж), сәнді-қолданбалы өнерін білуі тиіс.


Мүсіндеу

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балаларда мүсіндеудің көмегімен бейнелердің пішіні мен мазмұны бойынша байқағыштығы мен эстетикалық қабылдауын, қиялын, бейнелеудің тақырыбы мен тәсілдерін іріктеудегі дербестігін, бастамашылығын, тапқырлығын қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Балаларды затқа қарап немесе көз алдарына елестету арқылы мүсіндеу дағдыларын дамыту, пішіндердің ерекшеліктеріне мән бере отырып үйлесімін, құрылуын, қозғалысын бейнелеу.

2. Мүсіндеудің тәсілдері мен пластикалық түрлері арасындағы байланыстарды құрып, балаларға заттардың түрін талдауға үйрету.

3. Заттардың пішіндері, олардың ерекшеліктері мен ұқсастықтары, кеңістіктегі орналасуы, өзіне тән белгілері туралы түсініктерін анықтау.

4. Өз еріктері бойынша заттарды мүсіндеуге, оларды бейнелеудегі тәсілдері мен құралдарын дербес іріктеуге үйрету, баланың шығармашылық белсенділігін, қиялын, зейінін, байқағыштығын дамыту.

Мазмұны:

Заттық мүсіндеу

Балаларды затқа қарап немесе көз алдарына елестету арқылы көлемі мен пішіні әртүрлі таныс заттарды, көкөністер мен жемістерге тән ерекше бөліктерді бейнелеуде барлық қол буындары мен саусақтарын дұрыс қозғалту техникасын сақтай отырып мүсіндеуге үйрету. Бір кездері өздері бақылаған заттарды бейнелеуге, заттарды түрлі қалыптарда мүсіндеу, бейненің жеке ерекшеліктерін өздері таба білуге, заттардың ұзын және қысқа, жуан және жіңішке белгілерін бере білуге, бөліктердің салыстырмалық шамаларын сақтауға үйрету.

Заттардың қарапайым үйлесімін жеткізе білуге, бейненің қосымша бөлшектерін, оны сәнді бөлшектермен толықтыру іскерліктерін қалыптастыру.

Қарапайым қатынастарды сақтай отырып адам мен жануарлардың қозғалыстағы пішінін мүсіндеуге үйрету. Кеуде, бас және басқа да бөліктерді мүсіндей білуге, мүсіндеу тәсілдерін іріктеуде дербестікті білдіру, сазбалшықтарды бөлуге, өз жұмысын алдында тұрған үлгімен салыстыруға үйрету.

Адамның тік қалпын жасауға, бөліктердің салыстырмалы шамаларын сақтауға, мүсінделген пішіндердің бөліктерін мықтап бекітуге, оларды бір-біріне қосып, біріккен жерлерін арнайы кескіштің көмегімен тегістеуді үйрету.

Ермексаз бен балшықтың бүтін бөліктерінен ленталық тәсілмен ыдыстарды мүсіндеуге үйретуді жалғастыру. Пішіннің сыртқы жағын тегістеуге, бұйымдардың сыртын ылғал шүберектің көмегімен тазалауға, заттарды мықты етіп жасауға үйрету.

Өз бетінше тақырыптарды ойлап табу және ойын жүзеге асыру іскерліктерін дамыту. Адамның бейнесін, жануарларды, ойыншықтар мен ұлттық үлгідегі заттарды мүсіндеу дағдыларын дамыту.

Балаларға пластикалық тәсілдермен мүсіндеуге үйрету (балшықтың үлкен бөлігінен созып алу).

Заттың бір бөлігін басқа затқа терең орналастыру арқылы бекітудің жаңа тәсілдерін меңгеру.

Ортақ композиция үшін ұжымдық мүсіндеу дағдыларын дамыту.


Сәндік мүсіндеу

Балаларды халық шеберлігінен шыққан ойыншықтармен таныстырып, оларды мүсіндеуге үйрету. Халықтық ойыншықтар желісімен бейнелер жасауға үйрету. Мүсінді бейнені безендірудің тәсілдерін өз қалауы бойынша таңдауды ұсыну (рельеф, илеу, кескіштер арқылы жону, қыру).

Балаларды халық шеберлерінің еңбегімен таныстыруды жалғастыру, халықтық керамика мәнерінде ыдыс (тостағандар, табақшалар, құмандар т.б.) жасауға үйрету, сыртын теп-тегіс етіп, күрделі рельефпен безендіріп, әшекейлеу («Оюланған кесе», «Тостаған», «Тегене», «Торсық», «Табақ» және т.б.) Түбі мен қабырғасына лента тәрізді пластиналарды орналастырып, бір-біріне іші-сыртын бекіту арқылы ыдыстар жасауды үйрету.

Затқа қарап, ұсынылған және өз ойлары бойынша сәнді мүсіндеу дағдыларын қалыптастыру.

Декоративті пластиналарды мүсіндеуге, жұмыстарында әртүрлі құралдарды қолдануға үйрету.
Сюжетті мүсіндеу

Балаларды мүсіндеудің үйреншікті әдістері мен біліктіліктерін жаттықтыру арқылы заттардың өлшемдік қатынастарын дұрыс бере білуге үйрету (қоян үлкен, ал көжек кішкентай).

Бейненің ерекше қасиетін, адамның қимылын анық көрсетуге, сырт келбетін әдемі безендіруге үйрету, сюжеттерде түрлердің ерекшеліктерін, қимыл-қозғалысын, фактурасын (күрделі рельефтеу мен жапсыру арқылы) әртүрлі кескіштерді қолдана отырып жасай білу шеберлігін қалыптастыру. Кейіпкерлердің өзіне тән бөлшектерін (мұрын, ауыз, көз) жасай білу, композиция мазмұнын қосымша заттар мен элементтердің көмегімен (ағаш түбіртегінің, шөптің, гүлдің, мысықтың алдына тостаған, қыздың қолына себет) мейлінше көркемдеп жеткізе білу.

Кескішпен тұтас бөліктен мүсін жасауға үйрету.

Затты тұғырға орналастыру техникасын қалыптастыру. Бірыңғай заттармен сюжеттер жасауды үйрету. Бірнеше денені бір тұғырға орналастыру, бірыңғай заттардың бейнесін жасаудан, мазмұнға сәйкес әр қилы бейнелерді жасауға көшу. Балаларға таныс күнделікті өмірде балабақша мен үйде, қыдыру мен саяхат кезінде кездесетін оқиғалар сюжет тақырыптары бола алады.

Қоршаған өмір, ертегілер мен әңгімелердің, халық әндерінің мазмұны бойынша сюжеттік композиция жасауды үйретуді жалғастыру, сюжеттерді өз бетінше ойластырып, мүсіндеуде іске асыруға үйрету.

Топтық жұмыстарды орындауға үйрету.

Жыл соңында мүсіндеу бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- затқа қарап немесе көз алдарына елестету арқылы таныс заттар, көкөнiстер, әртүрлi пішін және көлемдегі жемiстердi; адам мен жануарлардың қозғалыстағы пішінін; жұмыста әртүрлi пішіндегі кескіштерді қолдана отырып ыдыс-аяқ, сәндiк пластиналарды мүсіндеуді;

- мүсіндік және конструктивтік мүсіндеу тәсілдерін;

- заттардың пропорциясын және олардың өзара өлшемдік арақатынасын сақтап, бейнеленген заттарды біріктіруді;

- өзінің жұмысын үлгімен салыстыруды;

- халықтық қолөнер ойыншықтары туралы, халық шеберлерінің еңбектері туралы;

- халықтық ойыншықтар желісімен бейнелер жасау, қоршаған өмір тақырыбы бойынша, ертегілер мен әңгімелер сюжеттері бойынша қарапайым сюжеттік композиция жасауды;

- ұжымдық жұмыстарды орындауды;

- мүсіндеу тәсілдерін іріктеуде, ермексаз, сазбалшықты бөлуде дербестік көрсетуді;

- құрал-саймандарды – кескіш, тегістеуді мақсаты бойынша қолдануды, оларды дұрыс ұстауды және олармен әрекет етуді;

- еңбек мәдениеті ережесін, жұмыс орнындағы тәртіпті білуі тиіс.


Жапсыру

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың эстетикалық талғамдарын, жапсырма бейнелерінің мәнерлілігін құру іскерліктеріне тәрбиелеу, балаларды безендіру және ою-өрнек қызметіне дайындау, қию тәсілдерін меңгеру барысында көру – қимыл үйлестірулерін дамыту.

Міндеттері:

1. Қиюдың түрлі тәсілдерін қолданып, бірнеше бөліктерден заттар құрастыру және түрлі пішіндегі геометриялық және өсімдік элементтерінен құралған өрнектерді құрастыру іскерліктерін дамыту.

2. Көз алдына елестету арқылы бейнелерді құра білуді жалғастыру, затқа қарап жапсыру дағдыларын қалыптастыру.

3. Көркем қолөнер туралы түсініктерін қалыптастыру, шеберлердің қандай материалдармен және құралдарды қолданатыны туралы түсінік беру.

4. Жапсыру барысында түсті мәнерлілік құралы ретінде қолдану іскерліктеріне тәрбиелеу, қағаздың түсі мен оның реңктерін жеке таңдау үдерісінде түстерді сезе білуін жетілдіру.

5. Ұлттық сәндік қолданбалы өнердің салдарын жапсыру барысында қолдануға үйрету, балаларды қазақтың ұлттық өнерімен, оның түрлерімен, ерекшеліктерімен, түс және композициялық құрылымымен таныстыру.



Мазмұны:

Заттық жапсыру

Заттың құрылымының негіздері туралы балалардың білімдерін жүйелеп тереңдету (барлық заттар бөліктерден құралады, тағайындалуына қарай бөлшектер бөлініп, төменгі бөлігінде әрқашан қомақты және ірі, қалғандар – ұсақ бөліктер болады).

Балалардың қайшыны қолдану іскерліктерін бекіту: жолақшаларды төртбұрыштарға, шаршыларды үшбұрыштарға, шаршы немесе төртбұрыштардың шеттерін қию арқылы дөңгелек пен сопақша пішіндерді қию. Симметриялық емес сұлбаларға салынған немесе ойдағы контурларымен қию дағдыларын қалыптастыру.

Екіге бүктелген қағазды қатпарлап, түрлі бейнелерді қиюға үйрету (жапырақтар, гүлдердің күлтежапырақшаларын, көлік дөңгелектері).

Балаларды жырту тәсілімен жапсыруға, ғажайып құс, алтын балық, қызыл гүл бейнелерін жасауға үйрету.

Түзу сызықты және дөңгелек пішіндерден тұтас ойыншықтардың бейнелерін, қисық жыртылған қағаздардың бөліктерінен жұмсақ ойыншықтардың бейнелерін құрастыруға үйрету.

Қағаз бетіне әуелі ірі бөлшектерді өзіне тән ұсақ бөлшектермен толықтыра отырып жапсыру дағдыларын қалыптастыру.
Сәндік жапсыру

Ұлттық өнердің желісімен түрлі қағазда геометриялық элементтерден (шеңберлер, шаршылар, сопақшалар) өрнектер құрастыра білуге үйрету. Композиция заңдылықтарын түсінуге, өрнекті құрастырудың негізгі ұстанымдары: симметриялығы, бұрылыстар, ырғақ, кезектесу, ою элементтерін орналастыруда заттың пішініне көңіл аударуды есепке ала отырып сәнді жапсыруларды құрастыруға үйрету.

Аналар мен әжелерге сыйлықтарды, қуыршақтарға арналған киімдерді (бас киімдер, мойынорағыштар, көйлектер, жейделер, іш киімдер), ұлттық әшекейлерді, табақтарды, құмыралар мен вазаларды балалардың өз ойынша безендіруде жапырақтар мен гүлдерден өрнектер құрастыру.

Балаларға қағазды бірнеше бүктеп, геометриялық сәнді элементтер мен пішіндерді, шаршыларды, төртбұрыштарды, дөңгелектер мен сопақшаларды тең бөлуге, шаршылар мен т.б. қиғаштап қиюға үйрету.

Ортасы мен бұрыштары безендірілетін симметриялық пішіндерді екіге бүктелген қағаздардан қиюға, қатпарлап бүктелген қағаздардан қол ұстасып жүріп айтылатын әндерге, жиектемелерді, үйдің маңдайшасын безендіруге арналған шілтерлерді, топ бөлмесін мерекелік безендіруге фризалық әшекейлерді қиюға үйрету.

Ұлттық кілемдерді (сырмақ, тұскиіз, текеметтерді), ас тақтайшаларын, сүлгілерді, ыдыс-аяқ сақтайтын сөмкелерді (аяқ қап), тері белдіктерін, қымыз құятын ыдыстарды (торсық), кеселерге арналған қаптарды әшекейлеуге үйрету. Қойдың екі мүйізі — қос мүйізді «төрт айшық» өрнегі негізінде қолдану. «Қошқар мүйіз» өрнегін түрлендіріп қолдану: жиектеме өрнек (белдік, кілемнің жиектемелері, киіз үйдің баулары), қоймүйізді жұп шиыршықтар (кілемнің ортасы, жапқыштар, сандықтың тыстары, сөмкелер), геометриялық өрнектер (кілемдер, алашалар). Қазақ өрнектеріне тән ашық түстерді қолдану: қызыл күрең, жасыл, қара, ақ, сұр, қызыл.

Бейнелерді айқын беру үшін сұлбаны қию және жыртып жапсыру тәсілдері бойынша үйрету. Жұқа бұйымдарды (сулық, шымылдықтар, қуыршақтарға арналған киімдер) әзірлеу үшін күрделі ойық (шеңберлер, жарты шеңберлер, қиықтар, шыршалар) өрнектерін қолдану.

Бұйымдарды, шырша әшекейлері мен ойыншықтарын, жаңа жылдық құттықтау ашықхаттарын, топ бөлмесін безендіруге, қыс тақырыбындағы ұжымдық панно жасауға үйрету.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2015
2015 -> С. Ж. Асфендияров атындағЫ
2015 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2015 -> Конференция жұмысының бағыттары: Абайтанудың заманауи бағыттары
2015 -> Vіі международная научно-методическая конференция 1 2 октября 2015 г
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Ахмет Жұбанов
2015 -> Келісілді бекітемін
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты КӨне түркі поэзиясындағы дәСТҮр жалғастығЫ
2015 -> Көрсетілетін қызметті берушінің және оның филиалдарының мекенжайлары


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет