Қазақстанның өзіндік «азық-түлік кеңістігін» қалай құру қажет?



Дата17.05.2020
өлшемі51 Kb.
Егемен Қазақстан. – 2014. - № 26. – 7 ақпан

Күрішбаев А. , С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор.


Қазақстанның өзіндік «азық-түлік кеңістігін»

қалай құру қажет?
Агроөнеркәсіп кешені – Қазақстан эко­номикасының негізгі және ерекше болашағы бар өзекті саласы. Әлемнің санаулы елдері ғана ауыл шаруашылығын дамытуда біздің әлеуетімізбен салыс­тыр­малы түрде ғана теңеседі. Әлем халық­тары­ның өсуіне орай азық-түлікті экс­порт­тауға қабілетті мемлекеттер көп ұза­май әлемдік нарықта көшбасшы бола­ты­нын бүгіннің өзінде де аңғару қиын емес.

Біздің елде де мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға жыл­дан-жылға айрықша көңіл бөлінуде. Осы саланы қаржыландыру көлемі ұл­ғайып, жаңа бағдарламалар әзірленуде, мем­лекеттік қолдаудың жаңа тетіктері жаса­луда. Егер статистикалық деректер­ге сүйенсек, ойдағыдай тұрақты өсуін бай­қаймыз: жалпы өнімнің көлемі мен са­ланы инвес­тициялау артып, жа­ңа ауыл­шаруашылық нысандары пайдалануға берілуде.

Сонымен қатар, ауылшаруашылық өнім­дерін сыртқа шығару артқан сайын, ауылшаруашылық тауарларының бағасы өседі, ауылшаруашылық экспортының құрылымы неге өзгермейді деген сауалдар көпшілікті жиі мазалайды.

Себебі, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің басым бөлігі әлемдік нарық­тағы бәсекеге түсуге қауқарсыз. Ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі алдымен өнімді өндіру барысында қол­данылатын технологиялардың деңгейі­мен анықталады. Демек, бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының қатарында көтерілген мәселе ауыл шаруашылығына бөлінген қаржының көлемін ұлғайту ғана емес, саланың ғылыми инновациялық жағын қалпына келтіріп, оны жетілдіру.

Сондай-ақ, келешекте Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруі де күн тәртібінде тұрған тақырыптардың бірі, олай болса агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдау шараларын «сары қоржынға» байланысты қысқарту керек болады да, сол сәтте ғылымды мем­­ле­кет­тік инвестициялау бойынша бұл санатқа, атап айтқанда, «жасыл қоржынға» ондай шектеулер тара­тылмаған.

Сол себепті тек бүгін технологиялық же­тілдіру мәселесіне сапалы секіріс пен қолжетімді, тиімді инновация­лар қажет. Агроөнеркәсіп кешені үшін оңтайлы агротехнология, жоғары өнімділік әкелетін сұрыптар мен будандар, мол өнім бе­ретін малдар, жоғары өнімділікке қол жеткізетін машиналар мен жабдықтар керек. Осындай инновация құрудың негізін тек өзіндік, жоғары дамыған аграрлық зерт­теу жүйесі арқылы ғана іске асыруға болады.

Түсінікті болу үшін бірнеше мысал­дар келтіріп кетейін. Қазақстанмен салыс­тыр­ғанда, табиғат жағдайы салқындау Австралияда бидайдың өнімділігі екі есе көп. Мұның құпиясы неде? Австралия ауылшаруашылық саласы бойынша әлемдегі ең үздік ғылыми-зерттеу жүйесін қалыптастырды. Австралия ғалымдары биотехнологияны үздіксіз дамытып, сұрыптың сипаттамасы бойынша ерекше түрлерін жасауға болатынын көрсетті. Геномика саласы бойынша ғылымдағы жетістікке жету ауыл шаруашылығында сұрыптауды арзан және қысқа уақытта жүзеге асыруға жол ашады. Мысалы, жуырда Квинсленд университетінің ғалымдары бар-жоғы екі жарым жыл ішінде қажетті тұқымдарды жиынтықтау арқылы бидайдың жаңа сұрпын ойлап тапты. Бұрынғы дәстүрлі әдіспен сұрып жасауға 15 жылдан ас­там уақыт кететін. Қорыта айтқанда, Австралия фермерлері үшін ең заманауи агротехнология мен селекциялық жетістіктерде қолжетімділік бар. Елдегі аграрлық ғылым саласындағы күшті ғылыми жасампаздық – Австра­лияның әлемдік азық-түлік нарығындағы негізгі бәсекелестіктегі артықшылығы.

Мал шаруашылығы саласынан бір мысал. АҚШ, Франция, Канадада ірі қара малды асылдандыруды жақсарту шетелден асыл тұқымды малды әкелу жолымен емес, жоспарлы түрде тұқымдық құрамға геномдық сұрыптауды енгізу жолымен шешілуде. Генотиптің ерекшелігімен танысқан соң арнайы әдістеменің негі­зінде нақты әр малға жас кезінен бас­тап шаруашылық құндылығын танып, оның үздік әлеуеттік бағытын дамытуды анықтайды. Одан әрі қарай табынның асыл тұқымды құндылығын жедел көтеру үшін жаңа репродуктивті технология кеңінен қолданылады. Нәтижесінде оң­тайлы будандастыруды таңдау арқылы нақты шаруашылыққа қажетті сипаттама негізінде табынды жасақтауға мүмкіндік алады.

Геномдық сұрыптауды қолдану нәти­жесінде Францияда соңғы 20 жылда сауын сүтінің көлемін бір сиырға шақ­қанда жылына 4-тен 6 мың литрге арт­тырған немесе 1,5 есеге өскен. Бұл жағдайда сүттің сапасы талапқа сай түр­лі бағыттағы қайта өңдеуден кейін де тұ­рақты болады. Әрине, бұл жай техноло­гия емес, осының арқасында асыл тұқымды мал шаруашылығын тұрақты және орнықты дамытуды қамтамасыз ету мүмкіндігі жасалады. Ал, малды асылдандыру үшін шеттен тасымалданған мал уақыт өте келе өзінің тектілігін жоғалтады.

Тағы бір ауыл шаруашылығын инно­ва­циялық дамытуға жарқын мысал – Нидерланды елі. Жер көлемі біз­дің Алматы облысының бестен бір бөлі­гіне тең бола тұра, жылына құны 50 млрд. АҚШ долларын құрайтын ауыл­шаруа­шылық өнімдерін экспортқа шығарып, әлемде АҚШ-тан кейін екінші орындағы экспорттаушы ретінде танылып отыр. Бұл елдің ауыл шаруашылығының құді­рет­тілігі неде? Нидерландының аграр­лық сала­дағы экономикалық және техно­ло­гия­­лық саясатының қалыптасуы негі­зі­нен әлем­дегі ауыл шаруашылығы сала­сын­да­ғы жетекші нысан – Вагенинген зерт­­теу университетімен тығыз байланысты.

Бұл елде жеке ауыл шаруашылығы министрлігі де жоқ. Барлық түбегейлі шешімдерді шешу өндірістен көбіне шет қалған шенеуніктер емес, ғалымдардың эксперттік білімдері мен тәжірибенің нақты мәселелері негізінде дайындалады. Вагенинген университеті ұлттық агроинновациялық кластерді ұйымдастырудың жемісті құрылымы болып табылады. Оны Нидерландының «Азық-түлік алқабы» деп атап, АҚШ-тың атақты Силикон алқабымен теңестіреді, бір ғана білім орталығының кешеніне біріктірілген, ғылыми-зерттеу институты, технопарк пен Вагенинген университеті – голландиялық агро­өнер­кәсіп кереметінің генераторы деуге де болады.

Көптеген зерттеулер көрсеткендей, аграрлық ғылымды инвестиция­лау ауыл шаруашылығын тікелей инвес­тиция­ла­ғаннан барынша тиімді. 1992 жыл­дың өзінде-ақ Канада ғалымдары ауыл шаруашылығын зерттеуге кеткен әр доллардың өнімділігінің өсуі 40 дол­ларға теңескенін анықтады. Бұл мысалдардан көріп отырғанымыздай, жалпы, әлемдегі ауыл шаруашылығы мықты дамыған мемлекеттер аграрлық ғылымды дамытуға басымдық береді. Ғылым тек ауылшаруашылық өндірісінің негізінде ғана емес, ол тұтасымен мемлекеттің сая­сатына да қатысты.

Міне, сондықтан Елбасы биыл­ғы Жолдауында отандық ауыл шаруа­шы­лы­ғын зерттеу жүйесін дамыту мен агро­өнер­кәсіп кешенін агроинновациялық кластер негізінде дамыту қажеттілігін атап өтті. Дегенмен, бүгінгі орын алып отыр­ған жағдайларды сараптай отырып, біздің қазіргі ауылшаруашылық ғылымы атышулы тұтқасы жоқ шабаданды еске түсіреді. Ескірген шабаданды лақтырып жіберуге қимайсың, ал сүйретіп жүрер болсаң, бюджетке түсер пайдасы күмән туғызады. Айта кетерлік бір жайт, ауылшаруашылық жүйесін зерттеуде тек қаржы көлемін ұлғай­ту қажеттілікті өтемейді. Аграр­лық ғылымды ұйымдастырудың өзін­де өзгерістер қажет. Біз ауыл шаруа­шы­лы­ғын зерттеу жағынан әлемнің жетек­ші мемлекеттерінен айтарлықтай кенже­леп қалғанымыз рас, көптеген білік­ті мамандарымызды, біртұтас ғылы­ми бағыттарымызды жоғалттық. Енді қайтадан елімізде жаңа заманауи ғылы­ми мектептерді құруымыз қажет. Бұл мә­се­лені біз тек өз күшімізбен шеше алмай­мыз. Сол үшін әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен әріптестікті дамытып, қазіргі уақыттағы Назарбаев Университетіндегідей шетелдік белгілі ғалымдарды талантты жастарымызбен бірігіп жұмыс жасауға тартуымыз керек. Бұл бізге қысқа мерзімде саланың көкейкесті міндеттерін шешу үшін жетіспейтін жеке құзыреттілігіміздің өсуіне жағдай жасайды.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі уақытта аграрлық ғылым мен жоға­ры білімді ұйымдастырудың оңтай­лы тәсілі зерттеу университеттері болып тұр. Тек осы арқылы ғана ғылыми-зерт­теу үдерістерді, мамандарды даяр­лау мен ғылыми нәтижелерді тәжірибеге енгізуді үйлесімді шешеді. Зерттеу уни­­вер­ситеттері озат инновацияларды тә­жі­рибеде қолдана алатын және са­ла­ны технологиялық модернизация­лау­ды іс жүзінде өзгеріске келтіретін жол көрсетуші мамандарды даярлауға мүм­­кін­дік береді. Қорыта келгенде, Австра­­лия мен Нидерландыда аграрлық ғылы­ми-зерттеу университеттеріне шо­ғыр­­­ланған. Ал, АҚШ, Канада, Ұлы­бри­та­нияда соңғы жылдары ауыл шаруа­шы­лығы саласын ғылы­ми қам­та­масыз етуде зерттеу универ­си­тет­тері­нің рө­лінің өсу үрдісі байқалады. Бұ­дан біз­дің түйетініміз, аграрлық зерттеу универ­ситеті Қазақ­стандағы жаңа агро­ин­но­ва­циялық клас­тердің өзегі болуға тиіс.



Президенттің 2013 жылдың мамыр айында өткен Шетел инвесторлары кеңесінің отырысында берген тапсырмасына орай С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін Назарбаев Университетінің үлгісімен аграрлық зерттеу университетіне айналдыруға кірістік. Дегенмен, бүгін­нің өзінде-ақ бұл шараларды ұйым­дастыру жөнінде бірқатар кедергілер кездесуде. Ауылшаруашылық кеше­нін инновациялық дамыту мен агроин­но­вациялық кластер құруға ба­ғыт­талған Елбасы Жолдауында айтыл­ған нұсқау біздің жоспарларымызды ай­қындап, оны жүзеге асыруға сенімділік берді. Бұл арқылы біз интеллектуалдық әлеуеттің кешенді дамуы арқылы Қазақстанға өзіндік шұрайлы «Азық-түлік алқабын» жасауға мүмкіндік бере аларымызға нық сенеміз.


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет