Балуан баба аннотация халқымыздың даңқты перзенті, «Қазақ даласының батыры»



бет10/34
Дата06.04.2016
өлшемі6.43 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   34

Кенен ӘЗІРБАЕВ

ЖЫЛАП ҚАЛЫП ЕДІ
Жайлаудағы қалың елді аралап, ән шырқап жүр едім. Шүкірбек деген бір жасауыл аты барып-келіп ентігіп:

- Кенен, сені іздеп араламаған жайлау қалмады. Қажымұқан балуан Тоқпақ қаласында жатыр. Маған Кенен ақынды тауып әкеп бер дейді. Кәне, жүр? – деді.

Өзім де сол Қажымұқанды көруге құмар едім. Көктен тілегенімді жерден берді. Жасауылға еріп, Тоқпаққа жүріп кеттім. Келсем, Көксеңгір жайлауына ақ үйлер тіктіріп, өзі сол үйлерді аралап көріп жүр екен.

- Ассалаумағалайкум! – деп қолын алдым. Саусағына қолым жетер емес, күрек ұстағандай болдым. Түрінен адам қорқатын.

- Ау, Кенен деген сен бе? Кәне, шырқашы! – деді. Мен ә дегеннен Балуан Шолақтың сал әнін айттым. – Оны қайдан білгенсің? – деді.

Мен:


- Анна бір жылы ауылға келгенде, үйреніп қалып едім, - дедім.

- Ой, бәрекелде, енді өз әніңді айтшы.

Мен «Бозшолаққа» салдым.

Домбырамды қағып, өз жамбас, тіземді шапақтай отырып:



«Жылдам жүрші, Көкшолақ,

Шапшаң жүрші, Көкшолақ,

Олай жүрші, Көкшолақ,

Былай жүрші, Көкшолақ,

Жамандатқыр, Көкшолақ,

Арам атқыр, Көкшолақ,

Мені құртқан, Көкшолақ», - деп шырқағанымда, ол ішегі

қатқанша күлді.

«Ақ ешкіге» салғанымда, басын ұстап, жылап қалды. Сөйтсем, оның да бір баласы өліп, қам көңілді болып жүрген кезі екен. Жұрт: «Оу, палуан, сізге не болды?» - деп, әрең жұбатып алды. Сол жолы қасында сегіз күн жүріп, ән шырқадым. Ажырасарда риза болып, ақ батасын берді.


Әбділда ТӘЖІБАЕВ

БІЗДІҢ ҮЙДЕ
І
Мен Леонид Мартыновтың «Жел кемелер» атты аса қызықты кітабын оқып отырып, оның атақты қазақ палуаны, дүниежүзінің чемпионы Қажымұқанмен кездескен жеріне ерекше көңіл бөлдім.

1919-жылы 14 жастағы Леонид Мартынов ата-анасының рұқсатымен Семейдегі туыстарына баруға Омбыдан кемемен жолға шығады.

Колчак билеп тұрған беймаза үрейлі Омбыдан жас баланың шетірек тұрғанын Леонидтің ата-анасы да жөн көріпті.

Екі адамдық каютаға кірсе, жас ақынның жолаушы серігі керемет алып адам екен. Жуық арада ғана Омбы қаласын күресте күшімен шулатқан палуан болашақ үлкен ақынмен бір каютада болып шығады. – Палуан ресторанға кіргенде, отырған жұрт таңданады. Кең қабырғадағы үлкен айнаға палуанның денесі түгел сыймай тұрды, - дейді ақын.

Леонид Мартыновтың суреттеуінде Қажымұқан қанша зор көрінсе, соншалық ақылды, ұстамды адам.

Ресторанға барған атақты палуан бір шөлмек лимонад ішеді де:

- Сен қыдыратын шығарсың, балақай. Мен ұйықтап алайын, - деп каютаның кілтін көрші балаға береді.

Бір жерде кеме қайырылып қалғанда, Қажымұқан жұртты бастап кеменің артқы жағына әкетеді. Тұмсығы жеңілдеген кеме лезде қайта жүріп кетеді. «Мына дәуді түсіру керек, кемені жүргізбей тұрған осының салмағы» деушілер де болыпты. Оларға алып адам «жеркене қарапты да қойыпты».

Бала ақынға байланысқан мас офицердің қылығын Қажымұқан жақтырмайды. Бірақ, оған да сөзін шығын етпейді.

«Жүр, балақай, ұйықтайық! – деді маған жер жүзінің чемпионы. – Азият данышпан адам екен…» дейді автор.

Леонид Мартынов бұдан алпыс жылға жуық бұрын кездескен палуанмен сондағы аз мерзімде алған әсерлерін ғана жазған. Бірақ, өте дұрыс, әділ жазған. Сондықтан, мен Мартыновтың берген бағасына түгелдей қосыламын…

Әдетте, батырлар, палуандар туралы артық әңгімелер да айтыла салады. Кейде аңызға айналған адамдардың бойына сыя беретін болғандықтан, өлшемге келмейтін, жарастыққа жанаспайтын қылықтар да жамала береді. Мұндай жамау-жасқаулар Қажымұқан туралы да аз болған емес. Әсіресе, ауызекі әңгімелерде көп кездеседі.

Күштінің аты күшті ғой. Шойын рельстерді доғадай иетін, үстінен ауыр машиналар жүргізетін, түйе тарта алмайтын жүктерді тартатын ғажайып адам сол қуатымен неше алуан қызықтар көрсетуі мүмкін ғой. Бірақ, соның бәрі аюдың, әйтпесе, пілдің бойындағы қасиеттей айтылмауы керек.

Тұтас бір қойдың етін, тіпті, тайдың етін бір өзі жемей-ақ, бір саба қымызды бір өзі ішпей-ақ, далаға қонып қырық қасқырмен жалғыз алыспай-ақ, оларды біріне-бірін соғып қырмай-ақ палуан атануға болатыны әлдеқашаннан белгілі.

«Корень палуанның қабырғасын сындырған. «Ерегіскенде 51 пұт кірдің тасын көтерген» Балуан Шолақ кісілікке, кішілікке, сыпайылққа келгенде қайсымыздан кем болыпты? Кемі несі? Бәрімізден де артық емес пе! Әні қандай махаббатқа арналған! Сөзі қандай жүрегіңе от салған, өзі қандай теңсіз әнші – Біржан менен Ақан туын көтерген.

Мәдиді айтамыз батыр деп, Иман Жүсіпті де сол сапқа қосамыз: «Екі метр бойы бар, ат шыдамайды екен астында! Қырық кісімен жалғыз өзі қамшымен ғана төбелесіпті» десеміз. Бірақ, бұлар да ең алдымен ақындық, әншілікпен тарихқа кірген кемеңгер жандар. Барлық махаббаттарын, отты жүректерін, ақ тілектерін, алып қайраттарын туған халқына арнаған жандар.

Қажымұқанның адамгершілік қасиеттері кезінде жазушы Әбдіқадыров Қалмақан жазған кітапта, кейін педагогика ғылымының кандидаты Мұратқан Тәнекеев жазған «Қажымұқанда» өте жақсы сипатталған.

Әсіресе, Мұратқан еңбегіндегі палуан - өмір тарихындағы шындығымен қызықты. Палуанның сонау балғын шағынан басталған әңгіме /көбісі документтерімен расталған/ оның қартайып, өзінің туған халқының ортасында қайтыс болғанына дейін созылған.

Мұратқан зерттеп-білгенін, анық көзі жеткендерін ғана жазған.

Троицкіде өткен күрес, «Айқап» жұрналының редакторы ақын Мұқамеджан Сералиннің палуанмен біліскені, оның: «Бұл жігіт – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Бір жылдан бері жұрналымызда қызмет істейді. Өлең жазады. Талапты бала» деп, Сұлтанмахмұтты палуанмен таныстырғаны тарихи құнды шындықтар. Осыған «Бір палуанға қарап» деп жарияланған Торайғыровтың белгілі өлеңін қоссақ, сол тұстардан бастап-ақ даңқты Қажымұқанның өз халқымен тығыз байланысты болғанын көреміз.

Қажымұқан туралы жазылған өлең-жырлар аз емес. Сәкеннен бастап Сәду Машақовқа дейін жазған өлеңдер бір жинақ болуға мол жетіп жатыр. Соның көбісін Мұратқан кітабында жақсы келтірген. Соның арқасында палуан тек қара күштің өкілі емес, еліміздің елеулі, саналы азаматтарының бірі боп сипатталған; соның арқасында палуан туралы жеңілтек «әңгімешілер» таратқан бірсыпыра жұғымсыз «оқиғаларға» соққы берілген.

Қажымұқанды өзгелер сияқты мен де сырттан білушілердің бірімін. Әсіресе, біз ес білгелі газет, жұрнал оқитын болғалы «палуан Омбыда, Орынборда, Ташкенте күресіпті, жығыпты» деген хабарлар Қазақстан қалаларында көп тарап тұрды.

1925-жылы Қажекеңнің Қызылорда циркінде күрескені бүгінгідей есімде. Болатын оқиғаны алдын-ала хабарлағыш, оған жұртты еріксіз елеңдетіп қыздыру жолдарын жетік білетін цирк /қаланың дәл ортасындағы Мақан қорасындағы дөңгелек үйде болатын/ қазақ палуанының келетінін де әбден ойнатуға тырысты. «Келеді! Келеді!» деген үлкен жазулар цирк төңірегінде айқай салғандай әсер етеді. Аз ғана күннен кейін «Келе жатқан кім?» деген орысша екі сөз жұртты бұрынғыдан да бетер дүрліктірді.

- Апырым-ай, ә, ол кім болды екен?

- Бір сұмдықтың өзі келетін көрінеді! – десті қазақтар.

Артынша «Қажымұқан келеді! Қазақтың батыры келеді!» деген айқайлы жазулар өте қуанышты хабар жеткізгендей қабылданды. /Қажымұқанның Қызылордадағы бұл күресі М.Тәнекеев кітабында айтылмаған/.

Біз интернатта тәрбиеленетін балалар сол жылғы цирктегі палуандар күресін осы күнге дейін ұмытқан жоқпыз. Ең болмағанда цирке кіріп, я шығып бара жатқан ғажайып күшті адамдарды сырттай бағып қызықтайтынбыз. Оларды жататын жерлеріне де шұбыра шығарып салатынбыз. Сөйтіп, жүргенде, келген Қажымұқан палуанды көру бүкіл қызылордалықтар үшін ерекше оқиға болғаны өзінен-өзі түсінікті. Әсіресе, Қажымұқан күрескен күндері қалаға қаптай кірген аттылы-түйелілерде есеп болмайтын. Солардың ішінде менің нағашыларым Тұрғанбай, Оспан, Досжандар да келетін. Мен өңшең ұзын нағашыларыммен цирке де кіретінмін.

Әлі есімде, цирктің төрінен қатар түзеген кілең алып адамдар шығады. Олар дөңгелек аренаға қатар түзеп болған соң, шеру басқарушы шетінен таныстыра бастайды. Сонан кейін ол: «Қазақ халқының батыры Қажымұқан!» дейді даусын айрықша көтеріп. Сол кезде қарсы беттегі есіктен жүгіре басып жойқын денелі, шойыннан құйылғандай, шашын тықырлап алдырған Қажымұқан келіп қосылады. Маған Қажымұқанның сондағы сипатын Сәкен дұрыс жазғандай көрінеді де тұрады.



«Қалың бет, бура түсті, қара нардай,

Жұп-жұмыр жуан діңгек, бойшаң дардай.

Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,

Айбынды жолбарысқа болар пардай».

Қажымұқан әуелі салмағы жеңіл палуандардан бастап күресті. Тәсілге жүйрік, қимылдарына көз ілеспейтін неше түрлі айлакер жігіттер болды. Әсіресе, Антонов деген палуан /ұмытпасам фамилиясы осылай болатын/ төбесінен шаншыла тұрып қалып, шыр айналады. Осы палуан Қажымұқанның алдында судағы балық сияқты бұлтылдайды. Қажекең оны ұстай бере айырылып қалып жүреді. Жұрт оған: «Қап! Қап!» - десіп, шулай күліп тұрады.

Қажекең өзінен әлдеқайда ауыр, қимылға да епетейсіз, өзін-өзі соғып алса ақырып жүретін Щербаковпен де күресті. Оның қасында Қажымұқан анағұрлым шапшаң, оңтайлы көрінуші еді. Қажымұқанның өзінен ауыр Щербаковпен күресі де күлкілі өтетін. Кейін ол аса ірі денелі, сүйектері сом темірдей салмақты, айла-тәсілге де жүйрік, күші де орасан Прохоров деген палуанмен үш күн күресіп, әрең дегенде жықты. Оны циркте: «Ленинградтың асқан батыры!» деп таныстыратын.

- Бұл да жойқын екен!

- Асқан күшті осындай-ақ болар…

- Қажымұқан осыдан сескенген көрінеді, - деп ел адамдарына дейін Прохоровты өз ауылдастарындай әңгіме етіп жүрді.

Кейінірек Қажымұрат деген палуан келді. Өте көрікті, өте күшті жігіт екен.

Қазақтар оны:

- Қажымұқанның шәкірті, досы екен, - десіп жүрді.

Содан кейін маска кигендер келе бастады. Бұрын ондайды көрмеген қызылордалықтар циркке сыймады.

- Бұл бір сұмдық көрінеді…

- Он жылдан бері жауырыны жерге тимепті. Бет пердесін ешкім жеңіп ала алмапты…

- Қажымұқанға қатер енді тақалса керек, - десті.

Қажымұқан пәленбай күн күресіп, «қатер», «қауіп» атанып келген қара масканы да сыпырды.

Одан кейін дүниені дүрліктіргендей, маскасына жарты айдың суреті салынған палуан келді.

- Бұл түрік палуаны, он бес жыл бойы Америкада жаннан жығылмаған, жаңа чемпион екен, деген лақап тағы қалаға сыймады.

Оны цирк Қажымұқанша қабылдап, өзге палуандардың бәрін атап болған соң /Қажымұқан да солардың ішінде/ айлы маска киген палуанды есік жақтан даралап шақырды.

Ақырында мұның да маскасын Қажымұқан сыпырды. Ол түріктің Сали Сүлеймен деген палуаны болып шықты.

Көрерменді көбірек қызықтырып, ақшаны молырақ түсіру үшін, әсіресе, цирктер ештеңеден қымсынбайды, бой тарпайды екен: Осынша қызыққа мамыр, маусым айларында Қызылордада қарық болған мен сол жылдың күзінде Шымкенттегі Ғани Мұратбаев атындағы жеті жылдық мектепке кірдім. Қажымұқаннан өзге палуандар, сол атақтарымен, сол маскаларымен Шымкент көшелеріндегі афишаларды дуылдата бастады… Мен бала да болсам провинциялық нашар цирктердің қылықтарына қатты ренжідім, іштей өкпелеп жүрдім…
ІІ
Ұмытпасам 1941-жылғы желтоқсанның бас жағы еді, далада да суық, үйде де суық. Майданнан келетін хабарлар бәрінен суық. Күлкі азайып, күрсіну молая бастаған кез. Апыл-тапыл жүре бастаған екі қызымыздан басқа, бесіктегі үшінші қызымыз бар. Барлық тірлігіміз соларды тоңдырып-ауыртып алмау үстінде.

Бір күні талма-түстің шағында Қажымұқан палуанды ертіп келген Қалмақан ағамызға /Әбдіқадыров/ есік аштым.

- Қалай, Қажеке, өте аламасың мынау есіктен? – деп Қалмақан ағасына әзіл айтады.

- Амалдармыз, - деп Қажекең қырындап кіреді. Киімдерін шешіп, төрге жайғасқан соң, қуланбай сөйлемейтін Қалекең /Әбдіқадыров/ бізді таныстыра бастады.

- Іздеген бауырыңның үйі осы. Мынау – інің Әбділда, мынау жеңгең – Айманкүл, ал мынасы – келінің Сара.

- Мені неге таныстырмайсың? – деп Қажекең сәл кідіріп қалған Қалмақанға қарады.

- Сені не деп таныстырам. Палуан Қажымұқан екеніңді түйедей өркешің, пілдей табаның, қара қазандай басың таныстырып тұрған жоқ па! – деді еркелей сөйлеп. Бәріміз жарыса күліп, мәз боп қалдық.

- Иә, айтпақшы, - деп Қалмақан сөзін қайта жалғастырды. – Бұл кісі әлемді аралап жүріп, кім екенін ұмытпапты. Қит етсе Қобыландының тұқымымын дейтін адам көрінеді. Әбділда, байқарсың батырды, - деп қалжыңдады.

Шәй ішіп болған соң, Қажымұқан туралы кітап жазған Қалмақан жөніне кетті. Қажекең біздің үйде қалды.

- Жеңге, Әбділданы іздеп келгенім рас, - деді Қажекең апама қарай отырып сөйлеп. – Ағайынсырап келгенім де рас. Әбділда шалдарға жақын жігіт деп естіген соң танысайыншы, ақылдасайыншы деп келген шалдың бірімін. Өзің қуып шыққанша үйіңнен кетпеймін.

Апам да күліп сөйледі:

- Неге қуайын, Қажеке, жеңгесі қайнын қуа ма екен. Отырсаң – төрің мынау, жатсаң – орның анау, сөйлессең – інің мынау, - деп орнынан тұрды. Содан соң апам маған қарады.

- Қалған жағын сен жалғастыр, мен қазан көтерейін, - деді аса жылы шыраймен.

Қажекең маған заманның ауыр екенін, азамат үшін етікпенен су кешіп, ауыздықпен су ішетін күн туғанын айтты.

- Қолма-қол алысатын жау болса, қартайсам да түсер едім ғой майданға… Күрес одан басқарақ болып тұр ғой, інім… Елге сыймаған соң осылай, өздеріңе қарай тарттым…

Бізде «адамдар» кейбір ойға қонбайтын, ақылға сыймайтын мінездер де көрсете салады ғой. Сондай жұғымсыз қылықтардың біріне Қажекең де ұшырап келіпті. Палуан: «Мен де жұрт аралап өнер көрсетейін, майдан пайдасына қаражат жинайын» десе, «кейбір» адамдар көнбепті.

- Сіздің Қазақстанда күреске шығуыңыз ұлтшылдық туғызады, сондықтан, рұқсат берілмесін деген «деректеме» бар депті.

Қажекең осы наразылығын шағынғалы, ел аралауға рұқсат алғалы келіпті.

- Апырым-ай, ә, - дейді Қажекең, дастарқандай үлкен орамалымен терши бастаған бесіктей мойнын сүртіп. – Қырық жылдан аса Россияның атынан күресіп ем, төрт-бес ай Қазақстанда көрінсем, зиян келтіретін болғаны ма? – дейді.

- Оған ренжімеңіз, мұның бәрі жөнделетін нәрсе ғой, - деп, мен палуанды жұбатпақ болам.

- Жөнделетін шығар деп келдім, ғой, деп - төмен қарайды.

Әңгіме жаңағыдай жүдеу-жадауға ұшырататын шытырманнан шығып, кәдімгі бала шағалар жәйін шертетін жайшылыққа бұрылды…

Палуан іргеде тұрған сегіз пернелі домбырамды алып шерте бастады.

– Қоңырлау бұрасам бола ма, қатайып тұр екен, - деді. Мен ішімдегі кенеттен кернеп кеткен қуанышымды қайда сыйдыруды білмедім: «Бұл не деген ғажап шындық! – деймін өзіме-өзім үнсіз тіл қатып. – Осындай жиһангез алып палуанда да нәзік, домбырамен тілдесетін ұлттық сезім сақталады екен-ау!».

Қажекең домбыраның екі шегін де әбден босатып, содан кейін оларды қайта күйттей бастады.

- Тіпті төмендетіп жібердіңіз білем.

- Өз көкейіме қонымдысын іздемесем бола ма?...

Екеуміз жай ғана күлеміз.

Ол қоңыржай ғана бұралған домбырамен Иман Жүсіптің әнін таратты.

Шал даусына шақталған домбырамның үні өте келісімді шығады, екі ішек қосыла безілдейді.

Қажекең шертіп отыр домбыраны… Мен оның үлкен, тозығы жеткен, қалың бетінен жыра-жыраларды аралап төмен аға бастаған көз жасын көрдім.

- Ондай адамдар мың жылда бір туатын шығар, - дейді палуан орамалымен көзін сүртіп.

- Сіз ол ағаңызды көрген шығарсыз?

Қажекең маған таңданғандай қарайды.

- Көргенде қандай, шырағым, - дейді алдындағы дастарқанға қарай басын еңкейте түсіп. Ол бір тереңдегі суреттерге үңіліп отырған тәрізді. – Қамшысын да жегенмін Имекеңнің.

- Сізге қамшы көтеріп жүрген Имекең де мықты екен.

- Мықты деу аз. Түкті жүрек жолбарыстардың бірі емес пе? Әйтпесе, «бір түнде бірнеше іс тындырып, қасына ерген жігітті риза ете ме?!» Керемет еді ғой жарықтық… - Қажекең шамалы езу тартқандай болды да, үлкен басын бір шайқап қойды.

- Жастық не істетпейді, ақылсыздығым үшін жедім қамшысын…

Қояндының базары қызып жатқанда, бір кесір шалға тілім тиіп кетіпті.

Шал маған қамшы сілтемек болғанда, мен оны аттан жұлып алып, боз үйдің үстіне атып жіберіппін. Күлген жұрт зәресі ұшқан шалды үйден түсіріп алып, қайта аттандырып жіберіпті. Ызалы қарт сол бетімен Иман Жүсіпке барыпты. «Інің азар берді, өз қолыңнан жазаламасаң, бұ дүниеде кешірмеймін» депті. Ағамыздың даусы алыстан саңқылдап келеді.

- Қайда әлгі Қажымұқан деген иті?!

Біз қымыз ішіп отырған жігіттер дереу тысқа шықтық. Үйдей кері атының үстінде найзадай тіп-тік қадалған Имекең маған шын-ақ ашулы сияқты көрінді. Мен қолымды қусырып, басымды иіп тұрып қалдым.

- Әкеңдей кісіге неге азар бересің, ит! – деді мұрнынан сөйлейтін ашулы ағамыз. Содан соң тепсініңкіреп кеп, қамшымен тартып өтті. Ту сыртым сөгіліп кеткен шығар деп ем, әйтеуір, аман екен. Көзім қарауытып барып, әрең жығылмай қалдым.

- Апырым-ай аямағаны ма? – деппін сасқалақтап.

- Әрине, аяғаны. Шындап соқса екі бөліп түсірмей ме мені, - деп палуан маған қарады. - Әзірейіл Имекеңнің қамшысының ұшында десетін онда жұрт…

Қайда ондай ағалар, бөлек жандар еді ғой олар.

Қажекең соңғы сөздерді көңілі бұзылып айтты. Ол екінші рет дастарқандай орамалымен көзін құрғатты.

Тағы бір шәйді ыстық бауырсақпен ішкеніміз есімде.

Апам мен Сара қолда барларын құрастырып, кешқұрым асқа да отырдық. Палуан ағамен екеуміздің арамызға бір табақ ет әкеліп те қойылды.

Қажекең етті қалай сыпайы жесе, шәйді де сондай сыпайы ішті… Табақта келінге деген сарқыт қалды, кеселер де ақырына дейін төңкерілген жоқ. Кейінірек ортадағы үстел шығарылды, апам текеметін жайып, оның үстіне кілемін төседі. Сөйтіп, осы төрден палуан ағаға қашан қайтқанынша жатып тұратын орын ұсынылды.

Үйімізде жәй кісі емес, зор алып адам жатқанын бірінші күні ғана сезіндік, аздап қысылдық та.

- Қалай тойындырар екенбіз бұл дәуді?.. – дедік. Бірақ, дәуіміз өзіміз ғана қатарлы ішіп-жейтін кісі болып шықты.

Бірінші түні Қажекеңнің жөтелгенінен балалар да бірнеше рет жылап оянды, ол еденде жатып жөтелгенде, жер қозғалғандай үй солқылдайды екен. Артынан оған да үйреніп кеттік.

Ертеңіне-ақ палуан аға өзінің бұрынғы дос-жарандарын сұрастыра бастады. Сол күннің түстігіне Қалыбек Қуанышбаев пен Құрманбек Жандарбековты келтіріп үлгердім.

- Бәрекелді, інім. Мұның ақыл болды, - деп Қажекең де қуанып қалды. – Ескі достар ғой олар, ана Исамыз қайда екен, білдің бе?

- Білдім, аға, ол Шымкент, Қызылорда жағында жүрген көрінеді.

- Е, ол мұндай күні де жатады деймісің?

Қажекең Қаллекең, Құрманбектермен құшақтасып көрісті, бірінен соң бірі өткен күндерді айтады. Қай-қайдағыларды естеріне түсіреді. Сонау Семей, Баян, Қарқаралы, Қызылорда әңгімелерінің неше алуаны айтылып жатыр. Кейде күлісіп, кейбір тұстарда қабақтары жабылып үндеспей де қалады.

- Қалыбек, домбыра ұста, көңілімізді көтерші аз ғана, - деді палуан аға оң жағында сүйеулі тұрған домбыраны ұсынып.

Қаллекең домбыраны қағып қалып, басын шайқады:

- Шал-ау, мынау сенің бұрағаның болар. Кәрі інгендей ыңыранады ғой өзі, - деді күліп. Содан соң ширақтау бұрап, палуанға қарады.

- Кәне, не бұйырасың?

- Мәдиді айт, қуым.

Қаллекең домбыраны даусына шақтаймын дегенше, мен қиялыммен әлдеқайдағы алыстарды аралап кетіппін. Көзім палуан ағада. Ол алпысқа кіргендігін барлық көрінісімен түгел көрсетіп отыр: бұрынғы шалқақ кеуде қазір еңкіш тартқан. Әдейі жинап, ықшамдап отырмағандықтан, іші де ышқырлығына түсе бастапты. Шаршаған, әйтпесе, ренжіген кезде маңдайдың қалың терісі қабағын жауып, екі беті де білемденіп, босаған белбеудей төмендейді екен.

Ол осы отырғанда Мәдиді сағынғандай, жүдеу тартқан секілді көрінеді.

Қаллекең домбыраға ілесе өзі де қосылып кетті: Ол «Немене көрген қызық көрмегендей…» дегенде, жаңа ғана ойсырап отырған палуан ұйқыдан оянғандай бойын жинап ала қойды. Оның шаршаған көздеріндегі әрең сығырайған сәулелер де қайта жарқ еткендей еді. Палуан Мәдимен кездескендей қуанып, томағасы сыпырылған кәрі бүркіттей қомданып алды, содан соң бір түрлі мақтанған пішінде маған да қарап қойды.

- Мәдиді білуші ме ең, Әбділдажан!

- Естуім бар, аға.

- Сұлтаны еді ғой жігіттің.

Қаллекең домбыра даусын бәсеңдете шығарып, бар қуатын өлеңнің сөзіне салып отыр:



Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Саяңнан сайғақ құрлы пана таппай,

Атандым бір қуғын жан арқадағы…

Қаллекең осы машығымен /ол Мәдидің әнін өзге ешкімге ұқсамай айтатын/ жігерлі қайырып тоқтады.

Палуан аға басын шайқап, көпке дейін таң-тамаша қалған түйсігін тарата алмады.

- Кісім-ақ екен-ау, байғұс, - деді ол демін ентігіңкіреп алып. – Не сөзінде, не әнінде тарыдай мін болсайшы ерімнің.

- Қажеке, Мәдимен қалай едің осы? – деп Қаллекең палуанға бұрылды. – Сендердің кездескендерің менің есімде жоқ.

- Дұрыс айтасың, қу, мен бірер рет қана кездестім онымен. Онда да мен түскен үйден ол шығып бара жатқанда деген сияқты…

- Атүсті екен ғой, - деп Құрманбек толықтырды.

- Иә, солай, түсі суық, көзі өткір, сұсты жігіт екен. Жұрттың мені

қызықтағанын ұнатпады білем, аялдамай кетті.

- Қайтем Қажымұқаныңды, өзім Мәди болғансын! – дегені ғой, - деп Қаллекең бәрімізді күлдірді.

- Иә, сөйтті, - деп палуан да растады.

Қаллекең мен Құрмаш қас қарайған соң қайтуға қозғалақтай бастады. Екі ағамыз да жаңағы әзіл-қалжыңды доғара тұрып, палуанға басқаша тіл қатты:

- Қажеке, бір үйде отыра бересіз бе? Біздің қона жатар мейманымыз болыңыз…

- Мен де шақыруға келдім, - деп Құрманбекті Қаллекең де қостады.

- Қона жатарым осы үй. Ал, түстенуге шақырмасаңдар да барамын. – Қажекеңнің бұл жауабы да маған ұнады. Мен мұны палуан ағаның сезімталдығы мен ақылгөйлігі, бізге деген жақындығын тағы бір рет таныта түскені деп ұғындым. Расында Қажекең бұл айтқанынан айныған жоқ. Қуанышбаевтарға түстенуден бастаған палуан Елубай, Құрманбек, Серкелердің үйінде де түгел болды. Мен білмейтін таныстары да көп шақырды. Соның бәріне де қонбай, кілең үйге кеп жатып жүрді. Солардың бәрінен де шаршамай-шалдықпай көңілді қайтатын-ды. Тек бір рет қана Әліби ағамыздың /Жанкелдин/ үйінде қонып қалды.

Ол кезде Әлекең Коммунистік проспектісінің Калинин көшесімен түйіскен жеріндегі үкімет үйлерінің бірінде тұратын. Қажекеңді кешкі асқа шақырған Әлекең: «Ана Тәжібаев баланы да ерте кел» депті. Сондықтан, мен де бардым.

Шашын үнемі кірпідей тікірейте алдырып, сол қалпын бұзбай тарап жүретін Әлекең есікті өзі ашып, өзі қабылдады.

- О, жоғарылатыңыз, палуан, - деді жіңішке әдемі даусын созып. Жап-жаңа және өтектелген сұрғылт кителі мен галифе шалбары сыптай қызыл етігіне жарасып тұр.

- Бала, хал қалай! – деп маған да көз қырын сала өтті.

Ең үлкен бөлмелерінде қонақасы әзірлеп, бізді тосып тұрған жас жеңгеміз София күтіп алды.

- Келініңіз осы кісі болады, - деді Әлекең. Мен ағамыздың көзінен әйеліне деген сүйіспеншілігін аңғардым. Ол Софияның толқын атқан қалың қара шашына бір түрлі құмартып қарады. Менің есімде екінші қалған нәрсе - Әлекеңнің өлең айтқаны. Ас пен шәйдің аралығында Әлекең зайыбын қолтықтап барып күй сандықтың алдына отырғызды.

- Бүгін праздник, - деді ағамыз екі сөзінің бірін орысшалап, - значит, көңіл көтереміз. Сен ән тартасың, мен қосыламын. Қажеке, қалай, осыған келісеміз ғой, значит.

- Әбден дұрыс, - деп палуан аға басын шұлғыды.

Әлекеңнің күйсандыққа қосылған жіңішке үні әлі есімде. Ол «Екі жиреннің» биік көтерілер жерінде де шырылдаған даусын еркін ұстады. Оның ақшыл жүзі недәуір күрең тартты, бірақ, тамағынан шыққан /фальцетпен/ жарықшасыз үн тәп-тәуір әсерлі естілді.

Әлекең тағы бірнеше ән салды. Біз соның бәріне де қол соғып, қошемет көрсеттік. Қарт әншіміз кәдуілгідей қанаттанып қалды. Сағат түнгі он бірден аса бергенде мен қоштасып, үйге қайттым. Палуан аға бірінші рет Әлекеңнің сөзін қимай, бізден өзге жерде қонды.
* * *

Қажекең қанша шетте жүрді десек те, оның елмен, ер азаматпен байланысы, таныстығы өте берік көрінді. Мен аз күннің бойында палуан ағаның көп адамдармен біліс екенін аңғардым. Ол Сәкенді, Бейімбетті, Сәбитті жақын танығанын, өкімет басшылығында қызметте болған бірқатар жолдастарға да араласқанын айтып отырды. Мен палуанның кімдерді не үшін ұнатып, кімдерді не үшін ұнатпағандарын да айқын байқаған сияқтымын. Бірақ, Қажекең ешкімді де қағып-сілкіп қорламайды, ешкімге арнап жамандап, кінәрат тағар ештеңе қолданбайды, «сұйықтау», «мақтаншақтау», «суайттау» еді деген сияқты сөздерді жұқартып қана, күлімсіреп айтады.

- Мені, - деді ол, - бір жігіт мақтаймын деп түзге қондырыпты. Сөйтіп, түнде қамаған қасқырмен жалғыз соғысыппын. Біріне-бірін соғып, талайын қырып салыппын. Осындай да сөз бола ма екен?...

Қажекең басын шайқап, кеңк-кеңк күледі.

- Бұл өтірік әңгіме ме еді? – деппін таңданып. Мен Қажымұқанның қасқырмен соғысы туралы талай білгірден естігенмін және оған сенгенмін де. Сондықтан, өзім де енді өзгелерге айта бастаған қызықты хикаямның жалған боп шыққанына іштей ренжіген сияқтандым.

- Әрине, өтірік, - деді палуан күлкісін әрең тоқтатып. – Мен Қажымұқан болғалы қазақ думаны қасымнан арылып көрген емес. Айдалаға жалғыз қонып, маған не көрініпті, інім.

Мен енді Қажекеңнің қасқырмен соғыспағанына, біз айтып жүрген әңгіменің жалған боп шыққанына да қуана бастады.

Маған соншалық алып денелі, жойқын қуатты, көп жасаған адам кейде бала мінезді көрінсе, кейде боркемік босаң жан секілденеді. Көңілі босаса-ақ көзіне жас толады. «Ол неліктен екен?» деймін ішімнен. Қанша жыл аралады дүниені? Қажекең баспаған контитент бар ма бұл жердің бетінде? Қандай жандармен кездесіп, белдеспеді? Соның бәрі ширатпағаны ма палуан ағаны? Мен осы ойыма келген сұрауларымды там-тұмдап Қажекеңнің өзіне де ескерттім. Ол маған бір түрлі мейірімдене күліп қарады. Ол шын күлгенде бетіндегі кесек-кесек еттері қозғалақтап, қалың қабағы да жоғары серпіліп, көзі жылтылдап кетеді екен.

- Дұрыс айтасың, інім, - деді екі иіні бүлкілдей күліп, - жыламсақ болғаныма өзім де ұяламын.

- Қарттықтың белгісі шығар, палуан аға.

- О да бар шығар. Бірақ, мен жасымнан жыламсақпын. Сол Петроград, Париж, Стмбулдарыңда жүріп-ақ, ел ойыма түссе жылай салатынмын. Қазақтың тілін, әнін сағынушы ем кілең.

Екеуміз де үндеспей қалыппыз. Елімнің тілін, үнін сағынушы ем дегені мені қатты толқытты, мен Қажымұқанның тағы бір қырын танығаныма сүйсіндім. Ол тағы домбыраны босата бұрап, шерте бастады. Балуан Шолақтың «Ғалиясын» қағып отыр.

- Мен тартайын, сен қосыл. Әбділда.

- Жарайды, аға, - дедім палуанның көңілін қалдырмай. Екеуміз қосылып отырып, бір шумақ өлеңді түгел айттық…

- Шөкең де өтті ғой бұл жалғаннан.

- Ол ксіні көрген боларсыз?

- Көргенде қандай. Ұят та болса айтайын, құйрығыма да тепкен ол ағамыз… - Қажекең жәй ғана күледі.

- Ұмытпасам, Финляндияда күресіп жүрген кезім болу керек. Әкең әл үстінде деген телеграмма алдым. Алдында жаңа ғана таныса бастаған татар тоташтарымен қоштасып, елге аттандым.

Қызылжарда күн суық екен. Онда да көп аялдамай, үш аттың бірін көсем жектіріп, шанамен Ақмолаға тарттым. Айта берсе ұзақ әңгіме, сәлем берсем бөгеліп қалармын деп, Балуан Шолақтың қыстауына бұрылмай өттім. Ағаға сәлемдеспей кету, оны аттап өтумен бірдей екені белгілі. Бірақ, әке көзін көріп қалсам деген үміт кідіртпеді. Не де болса алдағы бекетке жетейік, аттарды жемдеп, өзіміз ыстық ішіп, көз іліп алайық, - деп келістік атшымен. Бекетші келісті адам екен, әйелімен екеуі құрдай жорғалап қабыл алды. Түнделетіп жүріп кететін болғандықтан, ертерек қоректеніп, ерте жатып қалдық. Бір кезде сырттағы үлкен қақпа гүрс-гүрс соғылғанда, біз жатқан үйдің едені қатты шайқалғандай боп кетті.

- Мұнысы несі екен, Құдайым! – деп әуелі жеңгей басын көтерді.

- Танымай тұрмысың, бұл Шөкеңнің соғысы ғой… бар, палуанды кіргізіп ал, - деп бекетші бәйбішесін жұмсады.

«Шөкең» дегені Балуан Шолақ екенін түсініп жатырмын, сәлем бермей, соқпай кеткеніме қандай жаза берер екен деймін ішімнен. Не көрсем де көнуге бел байладым да, ұйықтаған жолаушы боп қорылдай бердім. Сығалап жатырмын. Арқаның барлық аязын арқалап келгендей бір дәу кіріп келеді. Басындағы тымағымен тіпті зорайып көрінді өзі. Әуелі сол тымағын сілкіп, содан соң мұртына, сақалына қатқан мұздарды қамшымен қағып, сатыр-сұтыр түсіре бастады.

- Ей, Ырысбек, мынауың кім, төбедей үйілген? – деді.

- Асығыс кетіп бара жатқан жолаушы, - деп бекетші жауап берді.

- Солай ма? Асығыс па екен өзі? – Шөкең таяу келіп, маған қарап тұр. Содан соң тағы сөйледі: - Малдың үлкені – соғым, адамның үлкені – боғым, - деген екен ғой. Ей, асығыс жолаушы, сен соның қайсысына жатушы ең? Тұр, жауап бер, - деп құйрығымнан теуіп-теуіп қалды. Шошып оянған кісідей басымды жұлып алып:

- Ассалаумағалейкум! – деппін.

- Аликумассалам! Қайдан келесің? Қайда барасың?

- Петербурдан келемін. Елге барамын, аға.

- Петербурда палуан Қажымұқан деген қазақ бар ғой, оны білемісің?

- Білемін, аға.

- Өзің бір зор көрінесің, ұстасып көрдің бе онымен?

- Жоқ… Өзіңіз ше?

- Қалай үйіргеніме көз ілескен жоқ, оңға бір, солға бір соққам, иттей қор қылып жыққанмын оны.

- Мүмкін емес, Қажымұқан сізден жығылмайды, - дедім кәдімгідей намыстанып.

- Сенбесең өзің кел! – деп тізерлей қалды. Мен де атып тұрдым, белдесе кеттік.

- О, көргенсіз! – деді атақты Шөкең мені қапсыра құшақтап тұрып.

Үлкен аға бетімнен сүйіп, бауырына басты. Мен оның аяғына жығылдым.

- Қандай жаза кессеңіз де ырзамын, көтеремін. Әкемнің көзін көрермін бе екенмін деген үмітпен бұрылмап едім сізге, кешіріңіз.

Мен Балуан Шолақпен алғашқы рет осылай кездескенмін, інім.

Қажекең соңғы сөздерін аса бір елжіреген үнмен айтты. Міне, енді ол тағы да мол орамалмен кәрі көзіне іркілген ыстық жасын сүртіп отыр.

- Енді бізді еркелететін ондай аға қайда? – дейді нағыз өксіген дауыспен.

Қажымұқанды Балуан Шолақ сол бекетте ұзақ ұстапты, бекетші Ырысбектің бой жетіп отырған Қадиша деген қызына үйлендіріпті, - деген хикая Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» атты кітабында жазылған. Қажекең маған ондай құда түсу, үйлену әңгімелерін айтқан жоқ. «Одан әрі не болды?» деп мен де қазбалағам жоқ.

Мен палуан ағаның замандастарына, әсіресе, ағаларына деген ыстық махаббатына шексіз риза болдым да қойдым.

«Итті иесімен қинасын» дейді халық. Қандай қызық айтылған! «Замандасың болмаса тойға барма» да соның жалғасы. Жарық дүние кең де, тамаша ғой. Дүркін-дүркін ауысқан ұрпақ өз тұстастарының алтын жалауын көтеріп келіп жатады. Ал, өмірдегі жалауы тозғандар біртіндеп кетіп жатады. Олардан селдір қалғандар Қажекең сияқты өз тұстастарын еске алады екен, сонда еріксіз күрсініп, жүздерін жаспен жуады екен.

Қазір бәріміз де сөйтеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   34


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет