Батыс Алашорда Тарихы орал 2011 Пікір жазғандар: М.Қ.Қойгелдиев


Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев



бет8/13
Дата25.04.2016
өлшемі2.51 Mb.
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

8. Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев 1897 жылы бұрынғы Гурьев уезі Қазыбек болысы Миялы ауылында дүниеге келген. Тегі – он екі ата Байұлына жататын шеркеш руының жауғашты бөлімі. Бабасы Қазыбек (1760-1824 ж.ж) –Кіші жүздегі белгілі билердің бірі, атасы Атшыбай – 1869-1870 жылғы «Ел ауа» аталған Кіші жүз қазақтары көтерілісінде қол бастаған батыр, осы күнге дейін Қызылқоғада «Атшыбайдың көңі» деп аталатын атажұрты әлі сақталған. Өз әкесі Мұқаш Атырау-Орал өңірінің көзі ашық, сауатты әрі сауда капиталымен айналысқан дәулетті, белгілі адамдарының бірі болған. Оның әкесі қазақша-орысша сауатты, үйінде бай кітапханасы болған. Балалары: Беркінғалиды, Құсайын мен Әжіғалиды Гурьев, Орал қалаларында арнайы оқытқан. Беркінғали Атшыбаев 1905 жылы Гурьев уезі Есбол болысына қарасты Қаракөл бір кластық орыс-қазақ мектебін («Қызылүй мектеп»), Гурьевтегі екі кластық Романов орыс-қазақ училищесін (1908 жылы) бітіріп, мұнан соң Орал әскери-реалды училищесіне 1909 жылы оқуға түсіп, оны 1916 жылы аяқтаған. 1917-1918 жылдары әкесінің жанында болып, шаруашылық жүргізу, сауда ісін үйренді. Оспанов, Домаланов, Абылаев, Балғымбаев, Қаржаубаев, Күсепқалиевтер сияқты реалды училищенің, мұғалімдер семинариясының түлектерімен бірге 4-інші Орал облысы қазақ съезінің қарары мен 1918 жылы жазда Жымпитыда ашылған Ойыл облысы жігіттерінен офицерлер даярлайтын 6 айлық юнкерлер (кейін прапорщиктер) мектебіне түседі. Мектепті бітіріп, прапорщик шенінде Алашорданың Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімшесінің Бас интенданты болып тағайындалды. 1918 жылғы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруі кезінде Батыс Алашорда үкіметі қаржысының бір бөлігін аман алып қалып, Ойылға жеткізді. Орал казактарының әскери үкіметін күш-көлік, майдан шығынын көтеріп отырған елдің күшімен халық әскерін ұстау қиын болатынын түсінген Батыс Алашорда басшылары Сібір Уақытша үкіметі мен ағылшындардың көмегіне сүйенуді ойластырды.

Беркінғали Атшыбаев 1919 жылдың аяқ шенінде Форт-Александровск порты, Гурьевтегі Толстов әскері арқылы Халық әскерін ағылшын құрал-жабдығымен жабдықтауды ұйымдастырып, екі арада кіре тарту, лау жүргізу ісімен айналысты. Қызылқоға және Сағыз уездік земство управалары арқылы Сібірдің оңтүстік-батыс астықты аудандарындағы кооперативтер мен жергілікті қазақтардың (Ойыл, Ілбішін, Қаратөбе базарларында) айырбас саудасын жолға қойды. 1919 жылы күзде Батыс Алашорда үкіметінің негізгі құрамында Ойылға, сонан соң Қызылқоғаға ығысып келеді. Сол жылы желтоқсанда Қызыл армия бөлімшелері мен ақ казактардың осы өңірдегі соңғы шайқастарының ортасында болды. Бұрынғы Комуч Халық армиясының Орал казактары құрамындағы полковник Горшков басқарған отрядын қызылдар жағына шығарған Жаһанша Досмұхамедовтің операциясына қатысты. Беркінғали Атшыбаев – Батыс Алашорда үкіметі тізе бүккеннен кейін, Түркістан майданы басшылығының кепілі ретінде ұстап, Орынборға жөнелту жөніндегі құпия нұсқауына сәйкес оқшаулатылған бес Батыс Алашорда қайраткерлерінің бірі.

1920 жылдың ақпанында осы топ құрамында Мәскеуге әкетілді. Осы күндері Жаһанша және Халел Досмұхамедовтермен бірге Кеңес басшылығына Батыс Алашорда қызметі жөніндегі белгілі хат-баяндаманы әзірлеуге қатысты. Сол жылы мамырда бестіктің алғашқысы болып Орынборға оралып, Қазәсревком Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі Ә.Әйтиевтің қолдауымен аталмыш бөлімге іс жүргізуші болып орналасты. Кейінірек осында Азаматтық халық актілерін тіркеу бөлімінің меңгерушісі болды, комиссариаттың қаржы-есеп бөліміндегі А.Затаевичпен бірге істеді. А.Затаевич Беркінғали Атшыбаевтың айтуынан жазып алған, Мұхит Мерәліұлының «Паң көйлек» әнін (3-нұсқасы) өзінің 1925 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында жариялады. 1920 жылдың аяқ шенінде Ішкі істер комиссариатының хатшысы болды, іс басқарушысы қызметін атқарды.

1921 жылы күзге қарай ҚАКСР халық ағарту комиссары, ҚАКСР ОАК Балалар өмірін жақсарту жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы А.Кенжиннің ұсынуымен осы комиссияның Түркістандағы азық-түлік сатып алу жөніндегі төтенше өкілі болып тағайындалды. Ташкентке келіп, ашығып жатқан қазақ бауырларына Түркістан Республикасы тарапынан көмек ісін ұйымдастырды. Жаһанша Досмұхамедовпен бірге Қарақол, Тоқмақтан азық-түлік іздеді. 1921 жылы қарашада Самарқандқа 400 панасыз қазақ баласын алып келген 303-санитарлық поезбен Қазақстанның солтүстік өлкесіне 5000 пұт бидай жеткізді. Кейін ҚАКСР Халық ағарту комиссариатында социалистік тәрбие кадрларын даярлайтын курстардың аймақтық меңгерушісі болды.

1922 жылдың қыркүйегінен-1923 жылдың тамыз аралығында Мәскеудегі «Сантонин» тіресінде іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, екі дүркін «АРОСПО» акционерлік қоғамы тіркеу комиссиясының мүшесі, «Казкрай союздың» Мәскеу өкілдігінде экономикалық тексеруші болып 1924-1926 жылдары істеді. Мұнан соң 1926-1928 жылдары РКФСР Жоғарғы сотында аудармашы болды. 1928 жылы Мәскеудегі Тау-кен академиясына (қазіргі Губкин атындағы мұнай инситутына) мұнай факультетінің геология бөлімшесіне оқуға түсті. А.Затаевичпен Арбат ауданында бір үйде тұрды. Оның 1930 жылы қыркүйекте сыртына Беркінғали Атшыбаевқа тілек-қолтаңба жазып берген ескерткіш суреті ҚР Мемлекеттік орталық музейінде сақтаулы. Беркінғали Атшыбаев 1930 жылы «Алашордашы, жат элемент» деген айыппен Тау-кен академиясынан шығарылды. Сол жылы Гурьев қаласына келіп, «Эмбанефть» тресіне қатысты геологиялық-барлау конторында геолог, сонан соң далалық геологиялық-картировка секциясының меңгерушісі болып істеді. Осы саладағы еңбек жолы бұрын жете зерттелмей келген Жем (Ембі) мұнай алыбының Каспий маңы ойпатына кіретін байтақ аумағында мұнай іздестіру жұмысының етек ала бастауына тұспа-тұс келді. Беркінғали Атшыбаев аз уақытта білімімен, тындырымдылығымен П.Авров, С.Горкин, И.Г.Пермяков секілді тәжірибелі геологтердің құрметіне ие болды. Осы қызметте мұнай іздестірудің геофизикалық тәсілдерінен бастап микропалеонтологиялық талдау сияқты жаңашыл әдістерін қолдана отырып, ықтимал кен көздерінің геологиялық картасын жасады. Ел аузында «Мосы-ағаш» аталатын бұл белгі-бағандар, олардың түбінде сақтаулы ақпараттық-мәлімет, есептеулер әлі күнгі геолог-барлаушылар кәдесіне жарап келді. Беркінғали Атшыбаев басқарған геологиялық-физикалық іздестіру жұмыстары нәтижесінде 1931 жылы Мұнайлы, Алтыкөл, Ескене мұнай көздері ашылды, 1933 жылы алғаш рет Қондыбай кен орнының геологиялық картасы жасалды. 1934 жылы Жолдыбайда мұнайдың жүлгелі құрылымы бар екендігі анықталды. 1935-1936 жылдары Құлсары, Дүйсеке, Шонай, Қарашүңгіл, Төлес нүктелерінде кешенді жүргізілген геофизикалық барлау жұмыстары да Беркінғали Атшыбаев есімімен байланысты. 1931 жылы Адай көтерілісі кезінде Мұнайлы нүктесі маңында жүрген Пермяковтің экспедициялық партиясындағы орыс ұлты өкілдерін Құрмаш жасағының жазалауынан алып қалды.

1935 жылы Беркінғали Атшыбаев Гурьев тау-кен техникумының түлегі, техник-геолог Л.Софенрейтерге үйленді. 1937 жылы қазан айында «Эмбанефть» тресі бойынша Х.Ақботин, Т.Иманғазиевпен бірге «І.Құрамысовтың Алашордашыл, контрреволюциялық ұйымына қатысты» деген айыппен тұтқындалды, сол жылдың аяқ шенінде кезекпен Орал қаласына айдалып, хабарсыз кетті.

Батыс Қазақстан Қауіпсіздік Комитетінің мұрағат қорында №2368 1937 жылы 8 мамырдағы Нұрмұхамедов Хасанның ісі бойынша тергеу кезінде тергеуші Хасан Нұрмұхамедовке: «Сіз Беркінғали Атшыбаев деген қазақты білесіз бе? Ол адаммен қашан, қалай кездестіңіз, неше рет?» деген сұрақтар берген. Хасан Нұрмұхамедовтің жауабы: «Иә, мен Беркінғали Атшыбаевты танимын, бұрынғы Алашордашы. Онымен Алашорда съездерінде бірнеше рет бірге болдым, делегат болып, Алашорда тараған соң көп уақыт кездеспей, тек 1933 жылы Гурьев округіне барғанда «Ойыл» ауданының «Қандыбай» жерінде кездестім. Біздер сол жерде машина күтіп қондық, Беркінғали Атшыбаев геология экспедиция партиясының басшысы екен. Ертеңіне Ойыл ауданының «Тандыкөл» территориясын қарадық. Тандыкөлде Жалмағамбет деген қазақтың үйінен шай іштік, мен Ойылға кетіп қалдым, ал Беркінғали Атшыбаев сол үйде қалды», – дейді және 1937 жылы Беркінғали Атшыбаевты Доссорда кездестірдім, мен көшеде отырған едім, өтіп бара жатқан Беркінғали Атшыбаев келіп менімен қол алып амандасты. Ештеңе айтып сөйлеспестен кетіп қалды, бұл кездесулер жөнінде мен ешкімге ештеңе айтқан жоқпын, –деп жауап берген [166].

1937 жылы қазан айында Беркінғали Атшыбаевты тұтқындап, Орал қаласына әкелген. Менің ойымша, Беркінғали Атгшыбаевтың ісі де Батыс Қазақстан Қауіпсіздік Комитеті мұрағатында болу керек. (авт. Д.С.) Ауызекі деректерге қарағанда, тергеушілер тарапынан болған қысастықтан түрме ауруханасына түсіп, қиналып жан тапсырған. Алғашқы зайыбы – Мария Сергеевна Анзимирова ұзақ жыл Мәскеу қаласындағы Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде хатшы болып қызмет істеп, 1952 жылы қайтыс болды. Алғашқы некеден көрген ұлы Георгий Атшыбаев «Огонек» журналында қызмет істеген журналист, 1981 жылы 56 жасында көз жұмды. Соңғы некеден Беркін есімді ұлы қалды. Ол 1959 жылы Волгоград автомобиль тас жолдары институтын бітіріп, Қазақстан Автомобиль жолдары министрлігінде, «Каздорпроект» ғылыми-зерттеу институтында істеді. Анасы Лидия Георгиевна екеуі Алматы қаласында тұрады.

Беркінғали Атшыбаев Оңтүстік Орал әскери округі прокуратурасының 1957 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысымен ақталды. Беркінғали Атшыбаев – Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың жоғарғы білімді, тұңғыш мұнай барлаушы геологы.

Болашақта Батыс Алашорда қайраткерлерінің өмірдеректерін, атқарған қызметтерін зерттейтін «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығын құрсақ, тарихтың көптеген жаңа парақтары ашылары сөзсіз. (авт. Д.С.)


9. Ғұмар Қожахметұлы Есенғұлов 1890 жылы 15 мамырда Орал облысы Темір уезі Ембі-Темір болысының №8 ауылында дүниеге келген. Оның әкесі – Қожахмед Есенғұлов, анасы – №3 ауылдан Балхия Таменова. Бұл дерек Батыс Қазақстан облысы мұражайының №27056 қорынан алынды [167]. Осы күнге дейін Ғұмар Есенғұлов 1886 жылы дүниеге келген деп көрсетілген болатын-ды. Жоғарыда көрсетілген құжатқа ауыл старшыны, №8 және №3 ауылдың ауылнайы Әлібек Қитмановтың және халық судьясы Әли Жылқамановтың қолдары қойылып расталған, бұған Ембі-Темір болысының старшыны Т.Санкебаев мөрін басқан. Есенғұлов Ғұмардың туу туралы куәлігі жоғары оқу орнына түсу үшін берілген [168]. (авт Д.С.) Әкесі елдегі көзі ашық, зерек адам болған. Ғұмар Есенғұлов болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық орыс-қазақ Романов училищесін бітіргеннен кейін Орал әскери-реалды училищесіне оқуға түседі. Батыс Қазақстан облыстық мұражайының № 27047 қорында Ғұмар Есенғұлов аттестатының көшірмесі сақталған. Есенғұлов Ғұмар Орал әскери-реалды училищесіне 1903 жылдың қаңтарында қабылданып, өте жақсы тәртібі мен жақсы оқуымен көзге түскен. 1909 жылдың 6 маусымында Орал әскери-реалды училищесінің толық курсын тамамдаған [169]. Ғұмар Есенғұлов жоғары оқу орнына түсу үшін 1909 жылы тамызда қосымша бір жылдық әзірлік класында оқып, оны 1910 жылы 8 маусымда аяқтайды [170]. Бұл құжат 176 нөмірлі [171].

Училищеден соң курстастары Б.Бисенов, Ы.Шұғыловпен бірге 1910 жылы Саратов университетінің медицина факультетіне түсіп, оны 1914 жылы бітіріп шықты. Студенттік шағында Ғұмар Есенғұлов Орал облысының земство сборынан 350 рубль көлемінде жылына стипендия (шәкіртақы) алып оқыған [172].

1914-1916 жылдары Саратов қаласындағы Земгор одағының лазаретінде дәрігер-ординатор болып қызмет атқарған. 1916 жылы Орынбор қаласындағы жедел жәрдем стансасында дәрігер болды. 1916 жылы 15 сәуірде Ғұмар Есенғұлов Саратов қаласындағы Император атындағымедицина факультетінің сынақ комиссиясының төрағасына өтініш жазып, «Степень лекаря» «Емдеуші дәрігер» біліктілігіне емтихан тапсыруға рұқсат сұраған [173]. Бұл өтініші қанағаттандырылып, «Емші дәрігер» біліктілігін 1916 жылы 9 маусымда алады және әскери іске қатыстылығы туралы №7902 куәлігі берілген [174]. Батыс Қазақстан облыстық мұражайында №2675 іс Ғұмар Қожахмедұлы Есенғұловқа арналған. 393-қор, тізбе № 1. Жалпы алғанда, бұл істе Орал реалды училищесі, әзірлік курсы, студенттік, емшілік кезеңдері жылдарымен сипатталған [175].

Ғұмар Есенғұлов 1917 жылы сәуірдің басында Орынбор қаласында өткен Торғай және Орал облысы қазақтарының съезінде қаралатын мәселелерді әзірлеп, өтетін орны мен уақытын анықтап, жұртқа хабар беретін айрықша бюроның құрамына кірді. 1917 жылы сәуірдің ортасында Орал қаласында өткен 1-інші Орал облысы Қазақ съезінде Жайық сырты облысы қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында өткен 2-інші Жалпықазақ съезінің қаулысымен Құрылтай жиналысы депутаттығына Орал облысынан белгіленген 7 кандидаттың бірі болды. Құрылтай жиналысына Алаш партиясы атынан аталған депутаттар тізіміне де кірді. Уақытша үкіметтің Орал облысындағы комиссары Г.Бизяновтың ұйғаруымен 1917 жылы Темір уезі бойынша Уақытша үкімет комиссары болып тағайындалды. 1918 жылы 11 қыркүйектегі орталық Алашорда үкіметінің Уфа мәжілісінің қаулысымен Уақытша үкімет берген құқықтарды уақытша пайдалана отырып, жергілікті земстволық басқару ісіне бақылау жасайтын Алашорда Темір уездік комиссары міндеті қоса жүктелді. Осыған орай «Ойыл уәлаятының» облыс комиссары Ж.Мергеновке бағына отырып, Темір уездік атқару комитетінің Халық шаруашылығы бөлімі деп аталған жергілікті земстволық басқару құрылымының жұмысына бақылау жасады. Осы қызметте жүріп 1918 жылы күзде ақ казактардан қашып, Темірге келген Ә.Әйтиевке, М.Ипмағамбетовке Уақытша үкімет комиссарының қолы қойылып, мөрі басылған куәлігін табыстап, елге жетулеріне көмектесті. Большевик И.Құрмановтың идеяластарына қарсы күреске қатысты, 1919 жылы маусым айында Батыс Алашорданың әскери бөлімшелерін Орал казактарының әскери үкіметі жағында ұрыс қимылдарына қатыстырмау мақсатында Темір стансасы маңында қызылдарды атағымен қашырған Жаһанша Досмұхамедовтің 300 жігітін халық жасағы сойылмен қаруланған «запас кісілер» есебінен 3 мыңға жеткізіп, үрей туғызған әскери тактикалық шараны ұйымдастыруға қатысты. 1919 жылы қарашада Темір кентін қызылдардың 1-армиясы алғаннан кейін, Кеңестер жағына 1919 жылы 20 желтоқсанға дейін шыққандардың қатарында ауылды кеңестендіру, жергілікті басқару органдарын қайта құру ісіне атсалысты. Темір кентінде эпидемолог дәрігер болды. Темір уездік солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттары кеңесінің денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Н.Қалменовтің ұсынуымен 1920 жылы қаңтарда сүзекке қарсы күресетін эпидемолог отряд меңгерушілігіне тағайындалды. 1920 жылы маусым айында РК (б) П Қазақ облысы бюросы төралқасының шешімімен жаңадан құрылған Орынбор-Торғай губерниясын атқару комитетіне мүшелікке тағайындалды. 1925 жылдан бастап Ақтөбе қаласында орталық амбулаторияда дәрігер-терапевт қызметін атқарды. 1929 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. 1930 жылы елге қайтып келіп, дәрігер болып қызмет етіп жүргенде қайтыс болды.



Мақсат Тәжімұраттың «Алғашқы қазақ дәрігерлері» атты еңбегінде Ғұмар Есенғұлов 1930 жылдары қайтыс болғанын айтады, бірақ осы деректі әлі де нақтылау қажет. (авт. Д.С.)
10.Бақтығали Бисенұлы Бисенов 1889 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Қызылжар болысы № 5 ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) дүниеге келген. Әкесі Бисен сауатты, дәулетті адам болған. Болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық Романов орыс-қазақ училищесін бітірген соң Орал әскери-реалды училищесіне 1901 жылдың тамыз айында оқуға түсіп, оның толық курсын «өте жақсы» тәртібі мен «жақсы» бағаларымен 1909 жылдың 6 маусымында аяқтаған, оқу орнын бітірген аттестаты 1909 жылдың 30 желтоқсанында берілген [176]. Осы жылы Бақтығали Бисенов Орал әскери-реалды училищесінің жанындағы әзірлік класында бір жыл оқып, жоғары оқу орнына оқуға түсуге даярланғаны туралы анықтама құжат берілген, оның нөмірі №177 [ 177].

Училище оқушылары Ғ.Есенғұлов, И. Қашқынбаев, Ы.Шұғыловтармен бірге оқыған. Оның училищеде оқыған жылдары Ресейдегі I Орыс революциясымен тұстас келді. Осы кезде Орал қаласында Бірінші Орыс революциясы жылдарында «Фикер» «Уральский листок» т.б газеттер шығарылып тұрды. Революция жылдарында осы газеттер маңына ұйысқан Қазақ кадеттер партиясына ниеттес болғандары үшін жандарм бақылауына ілігеді. Бақтығали Бисенов 1907 жылы Орынбор қаласына арнайы барып, Орынбор оқу-ағарту округі сынақ комитетінде ерлер гимназиясының 8 кластық білімімен латын тіліне сынақ тапсырып, қанағаттанарлық баға алады. Бұл куәліктің нөмірі №28929 [178]. Сөйтіп, 1910 жылы 14 тамызда Саратов қаласындағы Николай Императорлық университетінің медицина факультетіне оқуға түсуге арыз берген және латын тілінен емтихан тапсырған [179]. Медицина факультетініің 1 курсына 1910 жылдың 11 қазанында қабылданады [180]. Бірақ үш жыл өткенде бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты оқу курсының тоғыз семестрін мерзімінен бұрын аяқтайды. Бақтығали Бисенов Саратов қаласындағы медицина университетін бітіргендігі жөнінде бағалары қойылған куәлікті 1914 жылдың 14 қарашасында алып шығады [181]. Соғысқа байланысты армия қатарына кетеді. 1917 жылдың 30 сәуірдегі сынақ комиссиясының қорытындысымен дәрігер мамандығын алып, елге келеді. 1917 жылы жедел түрде мемлекеттік сынақтарды тапсырады [182]. Осы жылы Орал облысы 13-Қызылқоға ауылдық- дәрігерлік учаскесінде қызметке кірісіп, еңбек етеді [183]. Ауылдық жерде жұмыс істей жүріп, медициналық университетті бітіргені жөнінде дипломын алу үшін оқу орнына бірнеше рет өтініш жазған [184]. Сонымен қатар Бақтығали Бисенов «Емші дәрігер» біліктілігіне де емтихан тапсырған [185]. Бақтығали Бисенов 1917-1920 жылдары өлкемізде болыстық, уездік дәрежеде земство мекемелерін құру қызметіне қатысты. Оның інілері Орал әскери-реалды училищесінің түлегі Ишанғали Бисенов Жымпитыдағы «Ойыл уәлаятының» прапорщиктер мектебін бітіріп, штаб офицері болды, ал Зепқали Бисенов Ойыл юнкер мектебін бітіріп, Алаш полкінде жүзбасы қызметін атқарды. Батыс Алашорда үкіметі таратылғанға дейін Бақтығали Бисенов Алаш қайраткерлерімен бірге ниеттес болып қызмет атқарған. Батыс Алашорда таратылғаннан кейін 1920 жылдан бастап, Орал облысындағы Калмыков уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Уездің өзінде фельдшерлік пункт болған, азамат соғысының бастауымен уезд халқына қызмет көрсетуге көп кедергілер туындайды. 1924 жылы Жымпиты уезіндегі Байғұтты ауруханасының меңгерушісі болып істеген. Мұндағы медициналық қызметті жоғарғы деңгейге жеткізді. Бақтығали Бисеновті 1928 жылы Тайпақ аудандық ауруханасын басқару жұмысына жібереді. Тайпақ аудандық ауруханасын басқарған кезде, осы ауданның Базартөбе ауылында амбулатория мен аурухана салдырады. Денсаулық негізі, ең алдымен, сәби күтімі мен дұрыс тамақтану екенін жақсы білетін дәрігер, білгір маман ет-сүтті өндіру бағытында ірі қара табынды көбейтуді ұсынады. Одан кейінгі жылдары Жымпиты уездік ауруханасында дәрігер болып жүрген кезінде тұтқындалады. Бақтығали Бисеновтің құжаты Батыс Қазақстан Қауіпсіздік Комитетінің Департаментінде сақталған. Бұл құжатта Бақтығали Бисенов 1937 жылы 16 қыркүйекте ұсталып, оған «контрреволюционер, ұлтшыл ұйымға қатысты» деген айып тағылады. Тұтқындалғанда Бақтығали Бисенов 48 жаста, Жымпиты ауылының тұрғыны, Жымпиты аудандық ауруханасының кіші дәрігер қызметкері болды. Оның әйелі Жанша 37 жаста, баласы Махмұд 17 жаста, Мажит 12 жаста, қызы Зейнеп 9 жаста, баласы Әнуар 4 жаста, қызы Роза 1 жаста делінген. Бақтығали Бисеновтің тұтқындалған кездегі жауабында жеке-мүлкі – 2 сиыры, 1 жылқы, 1 түйесі болған. Бақтығали Бисеновтің тегі малшы деп жазылған [186].

Бақтығали Бисенов Орал қаласының түрмесінде 1938 жылдың 19-ыншы ақпанында ст. 58-26 58-11 УК РСФСР кодексі бойынша атылған. Оның қылмыстық ісі 1958 жылы 14.06. тоқтатылды, бірақ атылғаны жөніндегі мәліметі Батыс Қазақстан Облыстық Қауіпсіздік Комитетінде №6 қорында сақтаулы, бірақ ісінің нөмірі бізге берілмеді. (авт.Д.С.)

Бүгінде Бақтығали Бисеновтің қызы Роза Бақтығалиқызы Бисенова Алматы қаласында тұрады. Ал оның балалары Астана қаласында еңбек етуде. Роза Бақтығалиқызы көп жылдар әкесі туралы мәліметтерді іздестірумен, жинастырумен айналысқан. Мен Роза Бақтығалиқызымен 2008 жылы қараша айында Астана қаласында өткен Алаш мұрасына арналған Халықаралық конференцияда кездестім. Роза Бақтығалиқызы зейнеткер, мұғалім болған, көп жылдар комсомол, партия ұйымдарында қызмет істеген. Жанары өткір, сөзі мірдің оғындай, өте пысық, қазақша-орысша екі тілде сөйлейтін қайратты адам екен. Ол кісі Орал қаласынан келген делегацияны іздеп келіп, менімен өзі танысты. Өзін «Батыс Алашордашы Бахи Бисеновтің қызы Роза Бисенова боламын» деді және көп жылдардан бері әкесі жөнінде мәліметтер алу үшін бірталай жерлерде болғанын, әкесінің құжаттарын таба алмағанын айтты. Оның себептері:

Біріншіден, әкесінің туған жылы табылған құжаттарда әртүрлі көрсетілген, мысалы Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясының 183-бетінде Бақтығали Бисенов 1889 жылы туылған десе [187], Батыс Қазақстан облыстық мұражай қорындағы № 393-қор, 1-тізбе, №2594 істегі аттестат пен куәліктерінде 1889 жылы дүниеге келген, ал Саратов медициналық университетін бітірген дипломдарында 1890 жылы деп оның туған жылы көрсетіледі. Батыс Қазақстан облыстық Қауіпсіздік Комитетінің қорында Бақтығали Бисеновтің аты Бах деп жазылған және туылған жылы 1890 деп көрсетілген. Осындай мәліметтерді сараптай келе, Бисеновтің 1890 жылы туылғанын және оның есімі Бақтығали екенін анықтадық [188]. (авт. Д.С.)

Роза Бисенова әкесі атында Орал қаласында не оқу орындарының, не көше аттары берілмегеніне өкінетінін айтып, болашақта Орал медициналық колледжіне Бақтығали Бисеновтің есімі берілсе деген өтінішін білдірді [189].

Бақтығали Бисенов – Батыс Алашорда мүшесі, өлкемізден шыққан білікті маман-дәрігер, Алаш қозғалысына қатынасқан, ұлтының болашағын ойлаған ұлтжанды қайраткер.


11. Мірахмет (Ахмет) Жүсіпұлы Ниязов 1891 жылдың 7 маусымында Ішкі (Қырғыз) Қазақ Ордасының Андарлы ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Юсуп (Жүсіп) Ниязов, атасы әскери старшын болған. Бұрынғы деректерде Мірахмет Ниязов 1891 жылдың 16 сәуірінде Казталовкада туылған делінген. Құжат бойынша бұл деректер тексерілді. Батыс Қазақстан облыстық мұражайында №26629 құжатында Мірахмет Ниязовтың туылған жылы 1891жыл 7 маусым екенін растайтын куәлік берілген [190]. (авт. Д.С.)

Батыс Қазақстан облыстық мұражайында №26622 қорының 3-4 парағында Мірахмет Ниязовтың №1059-ыншы аттестаты бар. Бұл аттестатта Мірахмет Ниязов 1891 жылы 7 маусым күні Ішкі Қырғыз Ордасының Андарлы ауылында дүниеге келгені, магометандық діннің өкілі, Астрахан қаласының № 1 гимназиясына 1904 жылы 26 қыркүйекте оқуға түсіп, өте жақсы тәртібімен 1912 жылы 5 маусымда оның 8 класының толық курсын төмендегідей бағалармен бітірген:

Шіркеулік-славян тілімен қоса орыс тілі 3 (қанағаттанарлық)

Философиялық пропедеватика 4(жақсы)

Құқықтану 4(жақсы)

Латын тілі 3 (қанағаттанарлық)

Неміс тілі 3 (қанағаттанарлық)

Француз тілі 5 (өте жақсы)

Математика 5 (өте жақсы)

Математикалық география 4 (жақсы)

Физика 4 (жақсы)

Тарих 3 (қанағаттанарлық)

География 4 (жақсы)
1871 жылғы 30 маусымдағы бекітілген гимназия және прогимназия жарғысымен бекітілген барлық құқықтарды беретін аттестат Ниязов Мірахмедке Астрахан қаласы 1912 жылы 5 маусымда Астрахан №1 гимназиясының директоры, инспекторы, мұғалімдерінің т.б. қолдары қойылып, гимназия мөрі басылған [191].

Мірахмет Ниязов 1912 жылдың 5 шілдесінде Император атындағы Саратов университетінің медицина факультетіне қабылдау үшін университет ректоры атына өтініш жазған [192]. Осы жылы Саратов қаласындағы Император атындағы медициналық университетіне қабылданған. Батыс Қазақстан облыстық мұражайының №26627 қорында оның Саратов қаласындағы Император атындағы медициналық университетін 1916 жылы бітіргені айтылып, 1917 жылы «Емші дәрігер» «Степень лекаря» біліктілігін алу сынағына жіберуді өтініп жазған арызы тіркелген, сынақ 1917 жылдың 1 наурызында басталатынын жазған [193]. Бұл өтініші орындалып, Мірахмет Ниязов 1917 жылдың 30 сәуірінде емтихан сынақтарынан сүрінбей өтіп, төмендегідей бағалар алған [194].




2.03.1917

Патологиялық анатомия және патологиялық гистология

қанағаттанарлық




Жедел хирургия және топографиялық анатомия

қанағаттанарлық

16.03.1917

Жеке патология және терапия

қанағаттанарлық

16.03.1917

Жүйке және жүйке аурулары туралы білімдер

қанағаттанарлық

16.03.1917

Тері және сифилитикалық аурулар туралы білімдер

қанағаттанарлық

16.03.1917

Балалар ауруы туралы білімдер

қанағаттанарлық

27.03.1917

Десмургия мен бірге хирургиялық потология және сынықтар туралы білімдер

қанағаттанарлық

27.03.1917

Офталмология

қанағаттанарлық

27.03.1917

Әйелдер аурулары туралы білімдермен қоса акушерлік

қанағаттанарлық

28.04.1917

Гигиена және медициналық полиция

қанағаттанарлық

28.04.1917

Эпизоотикалық аурулар туралы және ветеринарлық білімдер

қанағаттанарлық

Мірахмет Ниязов 1917 жылы Ордада дәрігер болып жұмысын бастайды.

Батыс Қазақстан облыстық мұражайында Мірахмет Ниязовтың № 26620-В – № 26631-В бойынша студенттік кезеңдері туралы құжаттық деректер көрсетілген. Бұл материалдар №393 қор, тізбе №1, сақтау №1883 делінген. Саратов мемлекеттік университетінің медицина факультетінен алынған, Мірахмет Ниязов жеке ісінен. Бұл іс 1912 жылдың 9 шілдесінде басталған деп көрсетілген [195]. (авт. Д.С.)

Мірахмет Ниязов 1921-1928 жылдары губерниялық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеген. 1931-1932 жылдары Алматыдағы венерологиялық диспансер дәрігері, 1932-1934 жылдары Шымкент қорғасын зауытының медициналық санатория бөлімінің бас дәрігері, 1934-1935 жылдары денсаулық сақтау халық комитетінің жоспарлау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 1935-1943 жылдары республикалық оба ауруына қарсы күресу станциясының дәрігері болған.

Мірахмет Ниязовтің Бөкей ордадағы Алаш қозғалысына және «Ойыл уәлаяты» немесе Батыс Алашорда қызметіне қатысқаны туралы деректер әзірше еш жерде кездеспейді. Оның өмірінің соңғы кезеңі туралы деректері де нақты емес, әлі де зерттеуді қажет етеді.


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> Ііі том: талқЫ Үшін пайдаланылған әдебиеттер тізімі
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> Абай мектетебі
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> Абай туралы Ә. Бөкейханов,
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> Сонымен, 1951 жыл. Жиырма үшінші ақпан. Жазушылар жиналысы. Бұл жолы сөздің кезегі бірінші болып өмірінде бірінші рет Сәбит Мұқановтан бұрын Мұхтар Әуезовке берілді
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> Ііі том. 93 бет. 6 түптеме
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> МҰхтар әуезов пен сәбит мұҚанов
24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> Стенграмма: Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ. Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет