Батталов қайрат қанатұЛЫ


Сібір және Орынбор кедендік шептерінің таратылуы



бет4/9
Дата25.04.2016
өлшемі2.73 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9

1.2 Сібір және Орынбор кедендік шептерінің таратылуы
ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының орта шеніне дейін Қазақстан территориясында кедендік іс біршама қалыптасып дамыған еді. Осы кезеңде ресей-ортаазиялық, ресей-батыс қытайлық саудасы Сібір және Орынбор кедендік шеп құрылымдары: Орынбор, Троицк, Ор, Петропавл және Семей кедендері, Ор, Звериноголовск, Павлодар, Калмыковская, Омбы, Пресногорьковская, Өскемен кедендік заставалары арқылы өткен. ХІХ ғасырдың 50-60-шы жылдарының басында Ресейдің саяси және әскери басшылығында Орта Азияға ілгерілеу жобаларының іске асуына байланысты кедендік іс мәселесіне көзқарас өзгереді. Аталған кедендік шептердің қажеттілігі мен маңызы төмендей бастайды. Бұл бірнеше объективті себептермен шартталған еді. Біріншіден, ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары Ресей имеприясының Орта Азияға қарай әскери операциялар арқылы ілгерілеуі Орта Азия мемлекеттерімен сауда-экономикалық байланыстарға кері әсер етті, нәтижесінде Орынбор және Сібір кедендік шептерінің құрылымдарының табысы төмендеді. Екіншіден, АҚШ-тағы азаматтық соғыс нәтижесінде ресейлік өнеркәсіп үшін шикізат көзі болған американдық мақта көлемі қысқарады. Орыс саудасы мен өнеркәсібі үшін Орта Азия нарықтары тауарларды өткізу нарықтары ретінде қарастырылуымен қатар, шикізат көзі ретінде рөлін күшейте бастады. Мақта өнімінің ресейлік нарыққа келуін жоғарылату мақсатында Ресей кедендік шептер арқылы орта азиялық экспортың басты тауарына айналған мақта өніміне баждарды жояды [109, 318 б.]. Бұл Орынбор және Сібір кедендік шептерінің кедендік табыстарының төмендеуіне әкелді. Орта Азиялық хандықтардың Ресейдің құрамына енуіне қарай ортаазиялық тауарлар толықтай кедендік баждардан босатылды. Орынбор және Сібір кедендік шептерінің табысы мен ресейлік кедендік жүйедегі рөлінің төмендеуіне қарай аталған шептерді тарату мен Орта Азияда жаңа шепті ұйымдастыру туралы ойлар туындады.

Жоғыры лауазымды ресейлік экономист Ю.А. Гагемейстер Орта Азиядағы іс-әрекеттер бағдарламасын әзірлеп, онда Сырдария жоғары ағысында бекіну, Әмударияға шығу, Сырдария және Сібір әскери шептерін бірқатар форттарды құру арқылы байланыстыру секілді әскери шаралармен қатар жаңа шепке Орынбор және Сібір кедендік шептерінен кедендік құрылымдарды аудару мәселесі де көтерілді [181, 713 б.]. Бағдарлама авторы жаңа территорияларда әскери әкімшіліктер тұсында әскери шеп бойынша кедендік бақылау жүйесін орнатуды ұсынады. Кедендік шепті көшіру туралы ойларын аймақты жаулауды жүзеге асырған, Түркістан облысының әскери губернаторы, генерал-майор М.Г. Черняев алғашқылардың бірі болып білдірген. Оның пікірінше, жаңа өлкелерге кедендік шептерді ауыстыру Ресейдің экономикалық мүдделеріне сәйкес болып, қазынаны толықтыруға мүмкіндік беретін еді. Бірақ бұл мәселе бойынша алғаш ұсыныс болмаған еді.

Алғаш рет Орынбор және Сібір кедендік шептерін оңтүстікке аудару туралы ұсыныс 1855 жылдың сәуірінде титулярлық кеңесші Колмагоровтың жобасында жасалды. Автордың пікірінше, бұл қазынаның табысын ұлғайтуға мүмкіндік берер еді [182, 7п.].

«Казенный турист» лақап атымен «Современник» басылымында жарияланған «Заметки о Бухаре и ее торговле с Россией» атты мақала авторы АҚШ-тан мақтаны әкелудің азайуы мен оның Бұқар хандығынынан әкелуінің ұлғайуы Бұқарада экспортқа арналған бүкіл тауарларды алмастырғанын мәлімдеді. Автор үкіметті кедендік шепті Орынбордан «мемлекеттің шекарасы – Сырдария бойына» ауыстыру туралы ескі жоспарды жедел іске асыруға шақырды. Мақала авторы осы шараны Ресейдің көптеген жылдар бойы «Азиямен бұл саудадан үлкен нәтижелерді күткенімен» негіздеуге тырысты [42, 157 б.]. Мақала авторы жаңа шептегі кедендік бақылауды орнату еуропалық мемлекеттер тауарларын Ресей империясына енуін тоқтату үшін қажет шара ретінде қарастырды.

Жаңа жауланған аймақтардың сыртқы шекарасы бойынша кедендік істің бастамасы Ресейдің әскери шараларды жүзеге асыру барысында туындағаны белгілі. Осы кезеңде кедендік шептерді таратудың алғышарттары туындаған болатын. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы Сыр бойында тұрақтау шараларының нәтижесінде Ресей Сібір және Орынбор әскери шептерін қосуға мүмкіндік алды. 1864 жылы патша үкіметі өзінің бұрынғы «шептерді біріктіруге» талпыныстарын жасай отырып, Шу өзенінен Сырдария бойындағы Жаңа-Қорған бекінісіне дейінгі барлық бекіністерден тұратын жаңа алдыңғы шеп құру туралы шешімге келді. Жаңақоқандық деп аталған осы шептің бастығы болып М.Г. Черняев тағайындалды [42, 166 б.]. Яғни, Сібір және Орынбор кедендік шептерін ауыстыру үшін ұйымдастырушылық алғышарттар пайда болады. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның территориясындағы әскери шаралардың алғаш кезеңінен кейін 1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформаларды дайындау барысында Қазақстан және жауланған территориялардың ресейлік ішкі экономикалық-нарықтық қатынастарға өтуі Сібір және Орынбор әскери шептері бойымен қалыптасқан кедендік бақылау жүйесін жоққа шығарып, жаңа жауланған территорияларда Батыс Қытаймен, Бұқара және Хиуа хандықтарымен және өзге де мемлекеттермен кедендік бақылауды орнатуды талап етті.

Ресей басқару жүйесінде кедендік шептің орта азиялық шекараларға көшіру мәселесіне әртүрлі бағалар беріліп, оның жағымды және жағымсыз қырларын айқындауға Әскери және кедендік істі өз қарамағында ұстаған Қаржы министрліктері, Сібір және Орынбор әкімшіліктерінде кеңінен атсалысып отырды. 1865 жылы мәселені талқылау Қаржы министрінің тапсырысымен арнайы құрылған комиссияға жүктеледі. Бұл мәселе Каспий теңізінің шығыс жағалауында сауда мен өнеркәсіпті дамыту туралы Кокарев пен Савельев азаматтардың ұсыныстарын қарастырумен қатар жүзеге асады. Комиссияның құрамында: комиссия төрағасы, Орынбор генерал-губернаторы, генерал-адъютант Н.Л. Крыжановский, мүшелері: жасырын кеңесшілер: кедендік алымдар департаментінің бастығы, кінәз Д.А. Оболенский және сауда мен мануфактура департаментінің директоры А.И. Бутовский, генерал-майор В.Д. Дандевиль, азиялық департамент директоры, іс жүзіндегі жоғары кеңесші П.Н. Стремоухов, Орынбор генерал-губернаторының кеңсе бастығы К.К. Гутковский, іскер әлеммен байланысты Н.Е. Торнау, полковник В.А. Полторацкий және жоғары кеңесші Ф.Г. Тернер болды. Комиссияның отырысында Қаржы министрлігі мен Орынбор және Батыс Сібір әкімшілігі арасындағы хаттамадан үкіметтің кедендік шепті жаңа шекараларға ауыстыру қажеттілігін сезінетінін көруге болады. Осы шараны жүзеге асырудың пайдасына және оған қарсы пікірлер айтылғанын атау қажет. Кейбір шенеуніктер пікірінше, кедендік шекараны көшіру бірнеше келесідей қиыншылықтарға тап болуы мүмкін еді:



  • Түркістан, Ташкент және Қоқандтан шыққан керуендердің Троицк кеденіне баратын жолда Жүлек фортынан Верный бекінісіне дейінгі 1000 шақырымнан астам шекаралық шептің жоқтығы;

  • Оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Орта Азиядағы кеден бекіністерін құрудағы қажет құрылыс материалдарының, жұмыс күшінің шектеулігі;

  • көптеген тайпа-рулардың арасында кедендік бақылаудың қауіптілігі, қиындығы;

  • кеден мекемелерінің, бекеттердің құрылысына үлкен қаражаттардың талабы;

  • орыс көпестігінің тікелей орта азиялық нарыққа өз капиталдарын көшіруге қорқынышына, орта азиялық көпестердің оңтүстік шекарада кедендік салықтарды төлеу үшін қабілетсіздігіне байланысты сауданың тежелуі;

  • қазақ даласынан Сібір және Орынбор кеден шебіне әкелінетін тұзға салықтарды жинаудың қиындығы [183, 6п.].

Комиссияның талдауы барысында аталған мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Алғашқы мәселе бойынша сұрақтың шешілгенін, 1864 жылғы Черняев бастаған әскерлердің Мерке, Әулиеата, Түркістан, Шымкентті басып алынғаны, яғни, жаңа жауланған территорияларда әскери шептер жүйесінің бірігуі, жауланған Түркістан облысының әскери губернаторының орта азиялық тауарлардың қазақ даласында бажсыз тауарларын сатуды тоқтату үшін кедендік шепті көшіру қажеттігін мәлімдегені белгілі болды. Сонымен қатар, генерал-майор Черняевтың мәлімдеуінше, жаңа шепте кедендік құрылыстарды құруда ешбір қиындықтың жоқтығы, кедендік іс үшін пакгауздардың қажетсіздігі, тауарларды тексеру шекарада орналасқан керуен-сарайларда немесе арнайы қоршалған аулаларда жүзеге асыруға болатыны айтылды [183, 12п.].

Ал, «бөтен ру-тайпалармен қоршалған» кедендік посттарда бақылаудың қауіптілігін әскери күштердің қорғауында шекаралық бекеттерде орналасуының мүмкіндігіне байланысты комиссия негізсіз деп тауып, оңтүстік шекараға кедендерді көшіру шептің қысқаруы және жергілікті жағдайларда керуендердің жолдардан сырт кетуінің мүмкін еместігіне байланысты кедендік пункттерді басты жолдарда орналастыру арқылы кедендік бақылауды ұйымдастыру күшейеді деп тапты. Комиссияның пікірінше, орта азиялық нарықтағы сауданың тежелуінің де нақты негіздемесі жоқ және орыс көпестері үшін Орта азиялық хандықтардың территорияларына көшудің қажеттілігі аз болып, ал сауданы олар кедендік шепке уақытша келіп немесе делдалдар арқылы жүргізуі мүмкін болатын, ал Орта азиялық саудагерлер үшін кедендік баждарды төлеу қажеттілігі де оларға азиялық алтын немесе күміс тиындармен кедендік баждарды төлеуге құқықтардың берілуіне байланысты қиындық тудыруы екі талай еді.

Комиссияның талдауы барысында келесі – қазақ даласынан өндірілетін тұзға салынатын салықтарды алудың қындығы мәселесі Қаржы министрлігінің тұсындағы арнайы Комиссияда қарастырылып, оның тұзды тасымалдаудың негізгі орындарында заставалар құру шешіміне байланысты мәселе мағынасын жоғалтты.

Кедендік шепті жаңа шекараларға ауыстырудың қиындықтарына шешім таба отырып, Комиссия келесі сұрақтарға тоқтады:



  1. Кедендік шепті жаңа шекараға ауыстыру қажет пе?

  2. Кедендік бақылау үшін қандау пункттер алынуы керек және Үстүрт бойынша кедендік посттар құру қажет пе?

  3. Кедендік шептің ауысуымен азиаттық кедендік тарифті жоғарылату қажет пе, әлде, керісінше, әкелінетін тауарларға баждарды жою қажет пе?

  4. Сыртқа шығарылатын тауарларға, әсіресе, шекарадан айдалатын малға баж салу қажет пе?

  5. Транзиттік керуендерден баждарды жинау қажет пе, қажет болса, оның көлемі қандай болуы керек?

  6. Шекарадан сыртқа уақытша көшетін қазақтарға қандай ережелер орнату қажет?

  7. Кедендік шепті ауыстыру туралы тұжырымды қандай тәртіп бойынша іске асыру қажет? [183, 7п.]

Бірінші сұрақ бойынша комиссия жаңа кедендік шеп ескі шептен қысқа және әскери шекарамен сәйкес бола тұра, кедендік сала бойынша шығындарды ғана азайта қоймай, орыс бодандығында бола, әкелінетін тауарлары үшін баждарды төлеу бойынша шетелдіктер ретінде қарастырылатын қазақтардың қисынды жағдайына, далаға еркін және ешбір бажсыз өтіп жатқан азиялық тауарларға төтеп қоятын шара ретінде басымдық танытты деп тапты. Сонымен қатар, кедендік шепті ауыстыру нәтижесінде қазақ халқы мен даласы Ресей империясының ішкі иеліктер құрамына кіріп, аз уақытта азиялық тауарлардың бәсекелестігіне шыдамаған ресейлік тауарлардың өткізу орнына айналады делінді. Екінші сұрақ бойынша шешім шығару жергілікті әскери басқармаға жүктеліп, Үстүрт бойынша керуендердің жүруіне тыйым салынды. Азиаттық тариф мәселесін сол қалпында қалдыру шешімі қабылданып, төртінші сұрақ бойынша Қаржы министрлігінің шешіміне негізделе, аймақтағы орыс саудасын жандандыру үшін сыртқа шығатын тауарларға баж салмау, ал орта азиялық мемлекеттерге айдалатын малға баж салу қажет деп қорытты. Келесі сұрақтарды қарастыру кейінге қалдыру шешіліп, кедендік шепті көшірудің тәртібін Батыс Сібір және Орынбор генерал-губернаторлары реттеуі қажет деп тапты және бұл шараларды іске асырудың мерзімі 1866 жылдың аяғына дейін белгіленді [183, 6п.].

Аталған қорытындыдан жауланған қазақ даласында азиялық мемлекеттер тауарларының еркін, кедендік бақылаусыз өтуін жақтамаған пікір басымдық танытып, мәселені шешу үшін құрылған арнайы комиссия кедендік шекараны көшіру қажеттігі барын тапқанын көруге болады. Сонымен қатар, комиссияның шешімінен келесідей маңызды қорытулар шығаруға болады:

- Ресей үкіметі мен билік құрылымдары тарапынан ресейлік тауарларды Орта Азиялық нарықтарға таралуының, жалпы орта азиялық нарықпен сауданың жандануын жақтаған тенденцияларды байқауға болады. Бұған Орта Азиялық тауарлар үшін ұсынылған кедендік баждар дәлел;

- екіншіден, ресейлік әкімшілік-басқару жүйесіне енгізілген қазақ даласы мен жаңа жауланған орта азиялық территорияларда ішкі нарықты өзге азиялық тауарлардан, әсіресе, ағылшын-үнді тауарларынан қорғау мақсаттары үшін кедендік жүйені аймақта енгізудің қажеттілігі мойындалды [175, 8 б.].

Комиссия мәселе төңірегінде үкім шығаруға Қаржы министріне ұсынды. Комиссияның ұсынысы бойынша кедендік пункттер керуен жолдарында ұйымдастырылып, әскери күштердің қарауына жүктелді. Яғни, кедендік шепті ұйымдастыру ісі арнайы мамандандырылған жүйе незігінде емес, жергілікті әскери әкімшілік қызметтерінің бірі ретінде ұйымдастыру ұсынылды. Ал кедендік істің ұйымдастырылу сипаты ашып көсетілмеді. Қаржы шығындарын осы жолмен азайтуға тырысқан Ресей үкіметі аймақтағы кедендік ұйымдастыру ісінің мұндай сипаты кедендік саланың жеке құрылым ретінде бөлініп шығуына кедергіге айналды. Орта Азиядағы әскери операциялар нәтижесінде Сібір мен Орынбор шептеріндегі орыс-ортаазиялық сауда байланыстары бәсеңдеген еді, сондықтан қазынаның мүддесі үшін император ІІ-ші Александрдың жарлығымен 1865 жылдың 30 қарашасында Сібір және Орынбор шептеріндегі Вердинская, Калмыковская, Омбы, Пресногорьковская, Өскемен кедендік заставалары жойылды [109, 305 б.].

Сөзбен істің арасындағы қашықтықтың екіталай болатындай, аталған комиссияның Орынбор және Сібір кедендік шептерін тарату бойынша ұсыныстары бірнеше жылдарға іске аспайтындай болса, жауланған территорияларда жаңа кедендік шепті орнату ісі ондаған жылдарға созылды.



Қазақстан территориясының Батыс Қытаймен шекарада кедендік істі орнатуға кедергі болған бірқатар объективті себептер орын алды. Осы орайда, Батыс Қытаймен шекаралас жатқан аймақта кедендік істі ұйымдастыруға аталған құрылыс және қаражат материалдарының шектеулігімен қатар шекараның белгіленбеуі де кедергіге айналды. Және те Шығыс Түркістандағы ұйғырлар мен дүнгендердің көтерілісі оның сауда-экономикалық байланыстарына кедергі болып, Кобдо арқылы Семей мен Бийск қалаларына баратын сауда қатынастарын жоққа шығарған еді. Нәтижесінде, Қытай мен Ресейдің осы бағыттағы саудасының басты кедендік баждар көзі деп танылған шай саудасы доғарылып, Кяхтаның кедендік құрылымдары арқылы баждарды қайтарумен жеткізілетін болды. Ал еуропалық тауарлар сауда жолының шығындарына байланысты қымбатқа түсіп, осы жолмен ену қаупі жойылды. Орта Азия саудасы үшін тәжірибе жүзінде толық еркіндік беріліп, жоғарыда аталған себептерге байланысты Батыс Қытаймен сауда қатынастарының доғарылуы және еуропалық тауарларды әкелу қауіпінің экономикалық негізі жоқтығы Сібір және Орынбор кедендік шептерінің кедендік саясат мақсаттарына орынсыздығына қарай таратылуының қажеттілігі туындады. 1867 жылдың 31 қазанында Қаржы министрі Орынбор және Сібір кедендік шептерін толық жою туралы Мемлекеттік кеңеске ұсыныс жасады. Мемлекеттік кеңеске Қаржы министрінің ұсынысына қосымша Кедендік алымдар департаментінің хатынан өлкедегі сауда-экономикалық жағдай туралы былай делінген: «Жинақталған мәліметтер негізінде 1865 жылдан бастап Құлжа мен Шәуешектің Шығыс Қытаймен сауда байланыстары толықтай тұйықталғаны анықталды, соңғы жылдары шайды әкелу тек онда қалған қалдық қорлардың арқасында жүзеге асты. Сонымен қатар, Орта Азиядағы сауда жолдары бойынша сауда қозғалысының тоқтауы туралы ең мықты дәлелі - соңғы кездердегі Қаржы министрлігіне түсіп жатқан шайды Сібір арқылы Кяхтадан Орта Азияға әкелуге рұсқат беру туралы өтініштер бола алады. Дүнгендер көтерілісінің жылдам аяқталуын күту бекер іс. Орта Азиядағы бұрынғы тәртіптің орнауы туралы ойды келтірген жағдайда, ондағы барлық қозғалыстың баяулығы аясында көтеріліспен үзілген сауда бұрынғы жолдарды қайта қалпына келтіруге көп жылдар өтетіні күмән тудырмайды. Алайда, тәртіптің қапына келуі мен азиялық сауданың ашылуы біз үшін күтпеген жағдаймен болмауы үшін Қаржы министрлігі Құлжа мен Шәуешектен келетін шайларды өткізудің басты жолында жатқан Семейдегі кедендік мекемелерді таратуды қажетсіз деп санайды. Сонымен қатар, кеденнің жеке құрамын тарата отырып, Семейде Батыс Қытайдағы сауда істерін бақылау мақсатында Қаржы министрлігінің ерекше агентін ұстауды қажет деп тапты. Бұл шенеуніктен Қытайдағы бұрынғы тәртіпті қалпына келтіру мүмкіндігі туралы мәліметтерді алған жағдайда алдын-ала шаралар қолдану үшін қажет деп табылды» [149, 4айн.-5пп.]. Яғни, Түркістан өлкесіндегі ағылшын-үнді шайларының енуінен қауіптенген ресейлік билік өкілдері өлкедегі шай саудасында кяхталық саудагерлер үшін маңызды жеңілдіктер жасап, оларға Түркістан өлкесінде баждарды қайтару арқылы шай саудасымен айналысуға ерекше құқықтар беріледі. Бұл Англияның аймақтағы сауда-экономикалық үстемдігіне нұқсан келтіріп, дағдарыс жағдайындағы кяхталық сауданы қолдау мақсатында жасалды.

Келесі бір жерде осы мәселе төңірегінде Мемлекеттік экономия департаментінің журналында: «Департамент Государственной Экономии, по рассмотрении настоящего представления и дополнительных объяснении Департамента Таможенных Сборов, находит, что из числа предметов средне-азиатской торговли охранительных мер могли бы требовать лишь чай и получаемые из Киргизских озер соль, прочие же обложенные пошлиной товары или привозятся с этой стороны в Россию в незначительном количестве, принося казне маловажный доход, или же не могут соперничать с нашими. Между тем, снятие таможенных линии у пределов наших среднеазиатских владении сопровождалось бы, без сомнения, значительным облегчением взаимных торговых сношении. Относительно чая и соли, Департамент принял во внимание, что Министр Финансов, по упразднении оренбургской и западно-сибирской таможенной линии, предпологает иметь постоянное, через своего агента, наблюдение за ходом торговых дел в западном Китае, дабы можно было заблаговременно принять меры к охранению правильной нашей торговли чаем, если бы предвиделось возобновление привоза его через средне-азиатскую границу, ныне по обстоятельствам того края, почти совершенно прекратившегося, взимание же пошлин с Киргизской соли имеет быть передано по принадлежности местному акцизному надзору. Таким образом, устраняются те затруднения, которые могли бы встретиться при снятии таможень на Азиатской границе, и как для промышленности нашей, так и для дохода казны, не представляется с этой стороны опасении. Посему, не всречая препятствии к упразднению упомянутых таможенных линии, на предложенных Министерством Финансов основаниях, Департамент Экономии признает, вместе с тем, нужным предоставить Министру Финансов сделать надлежащее распоряжение, дабы с 1 сентября 1868 года взымание пошлин с Киргизской соли могло быть окончательно передано в ведение местных акцизных управлении», - делінді. [149, 5п.] Осы үзінділерден билік иелерінің ескі шекара бойында орналасқан кедендік шептің орынсыздығы, жаңа шеп құрудың аталған қалыптасқан геосаяси жағдайларға және саяси-экономикалық талаптарға сай қажетсіздігі уақытша екенін белгілеп, болашақтағы жаңа шекара бойымен кедендік шепті құру Батыс Қытаймен сауданың, оның ішінде шай саудасының жандануымен байланыстырды. Яғни, уақытша жағдайдың өзгеруіне саяси-экономикалық ахуалдың өзгеруіне дейін жаңа территорияларда кедендік жүйені құрылуы жоққа шығарылды. Уақытша Батыс Қытайдағы сауда істерінің барысын бақылауды Қаржы министрі өз мойнына алып, оны арнайы осы мақсатта тағайындалған шенеунік арқылы жүзеге асырды [139, 66айн.п.].

Нәтижесінде, 1868 жылдың 22 сәуірінде Мемлекеттік кеңес Қаржы министрінің Орынбор және Сібір кедендік шептерін тарату туралы ұсынысын Мемлекеттік экономия департаменті мен жалпы отырыста қарастырып, Орынбор, Троикц, Петропавловск және Семей кедендері, Ор, Зверинологовск және Павлодар кедендік заставалары бар Орынбор және Сібір кедендік шептерін таратты. Осы аталған шептерді таратумен бірге азиялық тауарлардан алынуы тиіс баждар жойылып, азиялық сауда бойынша тарифте сәйкес өзгертулер жасалады [109, 324 б.].

Орынбор және Сібір кедендік шептерін жою мәселесін сараптай келе, келесіні қорытуға болады:



  • орыс-ағылшын бәсекелестігі ресейлік тарапты Орта Азияда әскери және экономикалық белсенділігін арттырып, Орта Азиядағы өзінің экономикалық позицияларын сақтау үшін оның тауарларына қатысты баждарды төмендетуге және жоюға итермеледі, баждарды жою Қазақстанның және Орта Азиядағы бірқатар иеліктердің Ресей империясының құрамына енуіне де байланысты еді;

  • аталған әскери шептерде кедендік құрылымдардың жойылуы заңды үдеріс болды, ол шекараның жаңа белестерге көшуімен және Ресей құрамына кірген азиаттықтардан баждарды жинау тәртібінің болуы олардың құқықтарын бұзылуына және ішкі кедендік шептің жағдайға орынсыздығына әкелді, сондықтан кедендік шептерді жою шешімі қабылданды;

  • кедендік шептердің жойылуына қазына мүдделері де әсер етті, Сібір және Орынбор кедендік шептерінің табысы төмендеп, үкімет тарапынан оны қаржыландыру мақсатқа сәйкес емес және тиімсіз деп табылды;

  • Шәуешектегі орыс сауда факториясының талқандалуы мен 1860-шы жылдардағы мұсылмандар көтерілістерінің нәтижесінде Батыс Қытаймен сауда байланыстары тұйықталып, өлке арқылы кедендік баждар жинауға тиісті шай өнімін әкелу доғарылды, нәтижесінде шай өнімі өлкеге Кяхта арқылы баждарды қайтару тәсілімен әкелінетін болып, Батыс Қытаймен шекарада кедендік қызметтің қажеттілігі жойылды;

  • жаңа территорияларда кедендік қызметтің орнамауы бірқатар объективті себептерге тікелей байланысты болатын. Біріншіден, орта азиялық сауданы ресейлік экономикалық әсер ету шеңберінде сақтап қалу мақсатымен баждардан босату болса, екіншіден, Шыңжаңмен экономикалық байланыстардың тұйықталуына байланысты, үшіншіден, жаңа өлкелерде әкімшілік ұйымдастыру барысында шығын көлемін шектеу мақсатында шығыс және оңтүстік-шығыс Қазақстан өлкелерінде жаңа кедендік шептердің қажеттілін жоққа шығарды. Сонымен қатар, жаңа жауланған территорияларда кедендік қызмет үшін қажет жағдайларды ұйымдастыруға шектеулі мүмкіндіктер: географиялық жағдай, әсіресе Жетісудағы шекарада тұрғындардың аздығы, үлкен территорияларды бақылау қажеттілігі кедендік бақылау жүйесін орнатуға кедергі болды. Жетісу мен Семей облыстарының территориясына ағылшын-үнді тауарларының ену қаупінің негізсіздігі жаңа территорияларда кедендік істі ұйымдастыруда қажеттілік тудырмады.


1.3 Ресейдің өлкедегі сауда мүдделері мен орыс-қытай келісімдерінде кедендік-тарифтік мәселелердің реттелуі
ХІХ ғасырдың 40-50 жылдардағы әскери операциялар мен отарлау әрекеттері арқылы Жетісу территориясын иемденген Ресей империясының осы өлкеде де Цинь империясының Шыңжаң аймағымен шекаралас болуы екі мемлекет арасында шекаралық, сауда-экономикалық байланыс мәселелерін реттеуді талап етті. Б.П. Гуревичтың пікірінше, Ресей иеліктерінің Қытайдың Шыңжаң аймағымен жақындасуы «Орта Азиядағы екі мемлекет арасындағы саяси және сауда байланыстарын қалпына келтіру қажеттілігіне итермеледі» [42, 266 б.]. Патша үкіметі қытай жағымен орыс саудасы үшін әлі де жабық болған Шыңжаң нарықтарын ашу туралы дипломатиялық келіссөздер жүргізе бастады. Ұзақ және күрделі келіссөздер соңында жемісті нәтижелерге әкелді. 1851 жылдың 25 маусымында бекітілген Құлжа келісімі Орта Азиядағы Ресей мен Қытай арасында ресми сауда қатынастары үшін құқықтық негіздемесін салып, олардың дамуында маңызды рөлді иеленді. Осы келісімде екі мемлекет арасындағы кедендік мәселелер де реттеліп, оның негізінде сауда мүдделерінің жатқанын аңғаруға болады. Опиумдық соғыстардың зардаптарынан терең саяси дағдарысқа түскен Қытайдың батыс аймақтарында Ресей империясы өзінің позицияларын нығайтуға бел байлаған. Орта Азиядағы орыс-қытай сауда тарихын зерттеуші, белгілі қазақстандық тарихшы С.Б. Кожированың пікірінше, Құлжа келісімі Батыс Қытайдағы орыс саудасының қорланған жағдайын тұйықтап, орыс көпестері Шыңжаңның екі қаласында –Шәуешек пен Құлжада заңды саудамен айналысу құқығына ие болды [65, 35 б.].

Ресей бұл сауданың жандануы арқылы бірнеше мақсаттарды шешуді көздеді. Біріншіден, Батыс Қытай мен Моңғолия өлкелері ресейлік мануфактура өнімдері үшін тиімді тұтыну нарықтары болса, екіншіден, экономикалық тұрғыдан Цинь империясының батыс иеліктеріндегі нарықтарды игеру патша үкіметінің Орта Азиядағы геосаяси мүдделеріне сәйкес болып, қажет жағдайда саяси қысым құралына айнала алды. Сонымен қатар, қазақ даласы мен Батыс Қытай арқылы Ішкі Қытай нарықтарына барар тікелей жол арқылы сауданы (әсіресе, шай саудасын) дамыту қажеттілігі Кяхта арқылы жол шығындарының жоғары болуымен шартталды. Батыс Қытаймен шекарада Кяхта үлгісіндегі тұрақты көтерме сауда орталығын құру идеяларын 1824 жылдың өзінде граф Е.Ф. Канкрин ұсынған болатын. Алайда, бұл мәселе біріншіден, қазақтардың тұрақсыз, «мазасыз» жағдайында мәселені талқылаудың «қиыншылығына», екіншіден, орыс керуен саудасын Қашғар, Тибет және Үндістанға бағыттау пайдалы деген тұжырымның үстемдігіне байланысты жағымды шешімін таппады [124, 596п.].

Аймақтың экономикалық мүмкіндіктері мен артықшылықтарын байқаған ресейлік билік иелері шекарада ірі сауда орталықтарын құру идеяларын ХІХ ғасырдың 50-70 жылдары қайта көтеріп, Батыс Моңғолиядағы, Тарбағатайдағы, Қашғардағы, Құлжадағы сауда барысын, жолдарды және географиялық-климаттық жағдайларды зерттеуші көптеген экспедициялар ұйымдастырған болатын. Осыдан Ресей империясының Батыс Қытайда мануфактуралық тауарларды өткізуге бағытталған экономикалық мүдделерінің орын алғанын және осы сауданың көлемін ұлғайту мақсаты Құлжа келісімінің маңызды бөлігі болғаны байқалады. Сондықтан, Құлжа трактатының 2 бабында: «екі мемлекет көпестері өзара айырбас саудасын жүргізе алады және өздерінің еркімен бағаны белгілейді», ал 3 бабында: «бұл сауда екі мемлекет арасындағы өзара достастық үшін ашылады, сондықтан екі тараптан да баждарды жинамауға тиіс», - делінген болатын [91, 59 б.]. Келесі бапта: «орыс саудагерлерінің Іле (Құлжаға) барар жолда Бөрі-құзыр қытай пикетіне келгенде, ал Тарбағатайға (Шәуешекке) барар жолда өз мемлекетінің құжатын қарауыл офицеріне көрсететін старшыны (керуен-басы) болуы қажет; аталған офицер адам, мал және тауар жүктерінің санын жазып алып, керуенді бекеттен бекетке дейін офицер мен жауынгерлер ерітіп босатады», - деп орыс саудагерлерінің қытай шекарасын өту тәртібі бекітілді [102, 59 б.]. Дәл осындай сауда бойынша жеңілдіктер қытай көпестеріне де беріліп, келісімнің 9 бабы бойынша «орыс және қытай көпестері сауда істері бойынша бір-біріне еркін қатыса алды» [102, 60 б.]. Келісімге сәйкес орыс көпестерінің істерін бақылау үшін Ресей жағынан консул, ал қытай көпестерінің істерін бақылау үшін – Іле басты басқармасының шенеунігі тағайындалды. Бір жарым жылдан кейін Құлжа келісімін және Батыс Қытаймен құрлықтық сауда ережелерін Ресей императоры І-ші Николай бекітті. Бұл ережелерге сәйкес Ресейден Қытайға бағыт алған керуендердің басшысы немесе старшыны Семей, Петропавл, Троицк, Өскемен, Қопал қалаларында кедендердің немесе заставалардың бірінде арнайы билет алуы тиіс еді. Осы құжатсыз келген көпестерден жергілікті қытай билік өкілдерінің әртүрлі алымдарды жинауға құқығына ие болды. Құлжа келісімінің мәтіні баспада жарық көрген жоқ. Бірнеше көшірме түрінде келісімнің және оған қосымша Құрлықтық сауда ережелерінің мәтіні үкімет тарапынан желгілікті билік органдарына көпестерге сәйкесінше хабарлау үшін таратылды. Осындай аз мәлімдемеге қарамастан, Шыңжаңдағы орыс-қытай саудасын заңдастыру және ресейлік көпестер үшін Шәуешек пен Құлжа нарықтарының ашылуы туралы хабар Қазақстан мен Сібірге тез таралып, қытай көпестерінің жағымды бағасына ие болды [71, 23-24 бб.].

Ресей үкіметінің ресей-қытай шекарасының орта азиялық аумағында сауданың жандануына мүдделі болғаны Сыртқы сауда департаментінің 1855 жылғы келесідей нұсқауынан көзге түседі: «Егер де сауда жасау үшін қытайлықтар келетін болса, оларды мүмкіндігінше мейірімді, жылы қарсы алу керек. Тариф бойынша баждарды және басқа да алымдарды тек орыс көпестерінен алып, қытайлықтардан баждар жинамау қажет» [60, 43 б.].

1851 жылғы Құлжа сауда келісімі Ресейдің Орта Азиядағы экономикалық және саяси позицияларын нығайтып, ресейлік өнеркәсіптің мануфактуралық тауарларының өткізу нарығы ретінде Батыс Қытай нарығын белгілеген, Қытайдың ішкі саяси дағдарысы мен сыртқы саясаттағы әлсіреуін тиімді пайдаланған Ресей дипломатиясының жеңісіне айналды. Құлжа келісімінің саяси маңызы зор болды, себебі осы келісімде Ресейдің Жетісуды мекендеген Ұлы жүз руларына билігі мойындалды. Келісімнің саяси маңызына басым назар аудара отырып, орыс-қытай шекаралық келіссөздеріне атсалыса қатысқан И.Ф. Бабков өзінің «Батыс Сібірдегі менің қызметім туралы естеліктер» атты еңбегінде былай деп белгілеген: «Бұл келісімнің тиімді нәтижесі ретінде Е.П. Ковалевский Іленің арғы өлкесінде біздің (орыс билігінің – Б.Қ.) берік нығаюымыздың және қырғыз (қазақ – Б.Қ.) жерлері арқылы Батыс Қытайға сауда керуендерінің кедергісіз қатынасын қамтамасыз ететін Ұлы жүз қырғыздарының (қазақтарының – Б.Қ) арасында тиісті тәртіп пен тыныштықты ортанудың жедел қажеттілігін көрсеткен. Бұл көзқарас тұрғысынан Құлжа келісімі тек сауда жағынан ғана емес, сонымен қатар саяси тұрғыда маңызды болып, кінәз Горчаков бастаған Орта Азияға ілгерілеудің жалғасуына қозғаушы ниетке айналды» [174, 133-134 бб.].

1858 жылы қол қойылған Тяньцзинь трактаты көбінесе екі мемлекеттер арасындағы саяси қарым-қатынас пен шекараларды анықтау мәселелерін қамтыды. Саудаға қатысты осы келісімнің 4 бабында сауданың дамуына маңызды шарт болған құрлықтық саудадағы саудагерлер саны, тауарлар, капитал көлеміне қатысты шектеулер алынып тасталды [102, 65 б.].

Шыңжаңмен сауданы қолдау мен дамыту бойынша өзінің саясатында орыс үкіметі ерекше назарды Қашғарға бөлген. 1851 жылғы Құлжадағы келіссөздер барысында Ресей өкілі Е.П. Ковалевский өзінің қытайлық әріптестерін орыс көпестері үшін осы аймақты ашу қытайлық тарап үшін қажет және пайдалы екеніне сендіруге тырысты. Алайда, келіссөздер барысында бұл сұрақтың жағымды шешілуіне қарамастан, Қытай үкіметінің қолдауына ие болмады. 1857 жылы алдында Қоқан хандығында өмір сүрген шығыс-түркістан қожаларының ұрпағы Уәлихан-төре қытай гарнизонын талқандап, Қашғардағы билікті өз қолына алады. Петерборда жаңа иеліктің беріктілігін және онымен сауда қатынастарын орнатудың мүмкіндіктерін анықтауға бел байланды. Мәліметтер жинақтау үшін бұл қалаға жасырын, азиаттық көпес түрінде Шоқан Уәлихановтың жіберілуі шешілді. Алайда, керуеннің Қашғарға жеткен кезінде көтеріліс циндік үкімет тарапынан жанышталды [71, 38-39 бб.].

ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында Түркістандағы Ресейдің Қоқан хандығына қарсы бағытталған әскери операциялары өлкедегі геосаяси жағдайға әсер етті. Белгілі Түркістан тарихының маманы Лейзеровичтың пікірінше, Ресейдің Орта Азияға ілгерілеу себептерінің бірі ретінде Қытаймен шекараны анықтаудың қажеттілігі еді. Е.Е. Лейзерович сол кездегі ғылыми басылымның мәліметтерінен үзінді келтіреді: «ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей Қырғыз (қазақ – Б.Қ.) өлкесін толықтай бағындыруын аяқтады. Оны Қытайдан алшақтату үшін бейбіт орыс отарлау үрдісі Цин империясымен табиғи шекара бойымен жүріп, оңтүстікте Тянь-Шань жүйесі тауларының маңында қазіргі Верный қаласының – алдыңғы орыс қонысының негізін салды. Сонымен қатар, Қырғыз (қазақ – Б.Қ.) даласының оңтүстік-батыс жағынан Ресей Перовский фортының негізін салып, Сырдарияға дейін жетті. Тұйықсыз тек Сырдың орта ағысы мен Шу өзеніне дейінгі Қырғыз (қазақ – Б.Қ.) даласының оңтүстігі қалды. Бекіністік шептерді тұйықтаудың қажеттілігі ІІ-ші Александр билігі кезінде отырықшы түркістандық мемлекеттермен қақтығыстарға әкеліп, орыс билігіне Түркістанды толық бағындыруымен аяқталды [179, 39 б.]. Қоқан хандығының қоластындағы көптеген қазақ-қырғыз рулары Ресейдің қоластына өтіп, Жетісу мен Іленің оңтүстік жағындағы алқаптарда Ресей берік тұрақтады.

Орта Азияға және Батыс Қытаймен шекаралас Жетісу, Іле аймақтарына Ресейдің ілгерілеуі Ресей мен Қытай мемлекеттері арасында аймақтағы шекараларын айқындауға итермеледі. Бұл үрдістің негізін салған және Батыс Қытайдағы сауда келісімдердің бірі 1860 жылдың 2 қазаныныда орыс-қытай шекарасының шығыс және батыс учаскелерін анықтау, дипломатиялық қатынастар тәртібі және Құлжадағы сауда туралы Бейжін қосымша келісіміне қол қойылды. Келісімге сәйкес орыс-қытай шекарасының шығыс бөлігінде екі мемлекет азаматтарына еркін және бажсыз сауда жүргізуге рұқсат етіліп, жергілікті шекаралық әкімшіліктерге осы саудаға және онымен айналысушы саудагерлерге ерекше қамқоршылық жасау бұйрылды. Келісімнің 6-шы бабына сәйкес «тәжірибе ретінде Іле мен Тарбағатайдағы секілді негіздерде Қашғарда да орыс-қытай саудасы ашылды» [102, 73 б.]. Баспана мекемелері, тауар қоймалары, шіркеуі бар орыс факториясын құру үшін қажет көлемде жер бөлу қарастырылды. Сауда үшін ашық жерлерде орыс және қытай саудагерлеріне жергілікті әкімшіліктік қысымсыз сауда істерімен айналысуға, еркін және өзі қалаған уақытында нарықтарға (ләпкелер, жергілікті көпес үйлеріне) барып, әртүрлі тауарларды көтерме-бөлшек түрінде, ақшаға немесе айырбас арқылы сатуға және сатып алуға, өзара сенімділік негізінде қарыз беруге және алуға рұқсат етілді. Көпестердің сауда орындарында болу мерзімі анықталмады және өзінің жеке қарауына берілді. Көпестерді бақылау және олар мен жергілікті тұрғындар арасындағы түсініксіздіктерді шешу үшін орыс үкіметінің Қашғар және Уграға өздерінің консулдарын тағайындауға мүмкіндігі болды [102, 73 б.].

Шыңжаңдағы Ресейдің сауда мүдделерін зерттеген А.Ф. Губаревич-Радобыльскийдың пікірінше «1858 бен 1862 жылдар аралығында Қытайға қарсы ағылшындар мен француздардың соғыстарының жеңістерін пайдаланған Ресей бейбіт жолмен құрлықтық шекара бойынша өзінің саудасы үшін ерекше құқықтарға ие болды» [28, 39-40 бб.].

Алайда, С.Б. Кожированың пікірінше, Орта Азиядағы Ресей мен Қытай иеліктерінің шекарасын жалпы келбетін айқындап берген 1860 жылғы Бейжін келісіміне қол қою және 1862 жылы Шәуешекте басталған келіссөздер Шыңжаң және Ресейлік Түркістан әкімшіліктері арасындағы қатынастарды қиындатып, бірден сауданың жағдайына әсер етті [65, 43 б.].

Шыңжаңдағы сауда бойынша келісімдердегі орыс саудасы үшін ірі құқықтық жетістіктерге қарамастан, Ресейдің экономикалық мүдде географиясы тек Шыңжаңмен шектелген жоқ. Ресей Кяхта арқылы Ішкі Қытайға баратын жолдардағы, Моңғолиядағы орыс саудасы үшін Қытай тарапынан жеңілдіктер алуға тырысты. Алайда, ресейлік үкіметінің басым назары Ішкі Қытайдан Моңғолияға ауды. Оның себептерінің бірі - Ішкі Қытай нарықтарындағы еуропалық, әсіресе ағылшын мануфактуралық тауарлары үстемдік құрып, онымен ресей тауарларының бәсекеге қабілеті болмауында еді. Ал, Батыс және Орталық Моңғолия мен Шыңжаң өлкелері географиялық орналасуына байланысты ресейлік сауда үшін тиімді тауарларды өткізу және шикізат қорының нарықтарына айнала алды. Сол себепті ХІХ ғасырдың 50-70 жылдары қанат жайып келе жатқан ресейлік мануфактура үшін осы нарықтарда өзінің тауарлары үшін жеңілдіктерге иеленуінің үлкен маңызы болды. Егер де Шыңжаңдағы (Тарбағатай, Құлжа, Қашғар) орыс саудасы үшін осындай жеңілдіктер Құлжа және Бейжін келісімдерінде жасалса, Моңғолиядағы орыс саудасының дамуына жағымды әсер еткен 1862 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы шекаралық құрлықтық және теңіздік сауда ережелері болды. Келісімнің бірінші бабы бойынша «екі мемлекеттің шекарасы бойынша қытайлық 100 ли қашықтықта екі жақта да бажсыз сауда» жүргізу қарастырылса, екінші бабына сәйкес «ұсақ капиталмен сауда жүргізуші орыс көпестері қытай шенеуніктері бар Қытайға бағынышты барлық Моңғолияда және осы шенеуніктерге қарасты барлық аймақтарда бажсыз сауда жасау құқығына ие болды» [102, 91 б.]. Яғни, 1862 жылғы сауда келісімі «орыс көпестеріне керуендермен Моңғолияға жүру және көшпелілердің қалалары мен ұлыстарында өз тауарларын сату құқығын» берді [124, 592п.].

ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында Батыс Қытайда басталған мұсылман көтерілістері нәтижесінде Моңғолияның батыс өлкелеріндегі цин шенеуніктерінің саяси бақылауды жоғалтып, өлкедегі қытай сауда позицияларының жоғалуына әкеліп, орыс көпестеріне Бийск және Семей қалалары арқылы сауда көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Батыс Сібір әкімшілігінің қолданған шаралары нәтижесінде Кяхтадан басқа орыс-моңғол саудасының басым бөлігі Бийск қаласы арқылы емес, Зайсан, Семей, Өскемен қалалары арқылы жүзеге асты [60, 49 б.]. 1862 жылғы келісімнің орыс саудасына қатысты баптары 1869 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы шекаралық құрлықтық және теңіздік сауда үшін жасалған ережелерінен көрініс тапты. Ережеде орыс көпестерінің Қытайға қарасты Моңғолияда бажсыз сауда жүргізу құқығы қайта мойындалып, куәлік алу және шекарада сауда жүргізу тәртібі белгіленді [102, 106 б.]. 1862 және 1869 жылдары келісім мен ережеде Батыс Моңғолиядағы саудаға қатысты жергілікті әкімшілік тұсынан біршама түсініспеушілік тудырды. Ресейдің Сауда ережесі бойынша Қытаймен саудаға тек 1-ші және 2-ші гильдия көпестік куәліктері бар тұлғалар қатыса алды. Ал Семей облысында сауда жүргізу үшін шетелдік билеттерді беру туралы ешбір гильдиялық куәліктері жоқ шаруалар мен қазақтардың ұсыныстары түсіп жатты. Мәселе бойынша Батыс Сібір генерал-губернаторының қызметхатына жауап ретінде Сыртқы істер министрлігі: «Моңғолияға өту үшін Семей облысының шаруалары мен қырғыздарына билеттер беру 1869 жылғы 15 сәуірдегі сауда ережелерінің мағынасына толық сәйкес келеді. Бұл ережелерде сауда жүргізуші тұлғалар гильдиялық көпестер қатарына жатуы туралы талаппен Қытайдың шекаралас аймақтарында сауда құқығын шектейтін жарлықтар жоқ, өз тауарларымен Қытайға беттеген орыс көпестері өзінің шекаралық әкімшіліктерінен билеттермен қамсыздардырылуы қажет. Осы билеттерде (1869 жылдың 15 сәуіріндегі ережелердің 2 бабы), көпестің аты, тауардың түрі мен саны, жүк саны және т.б. жазылады, сондықтан, осы құжаттарда тұлғалардың гильдиялық құжаттары болуын немесе болмауын есепке алудың қажеттілігі жоқ. Ережелерде кездесетін «көпестер» сөзі белгілі бір сословиелік шектеу ретінде емес, ал сауда жүргізуші тұлғаны білдіретін мағнада қолданады», - деп мәлімдеген болатын [120, 4-5пп.]. Бұл позиция Қазақстан территориясы арқылы Батыс Қытай және Моңғолиямен тығыз сауда-экономикалық қатынастар орнатуды қолдаған Қаржы министрлігінің тұжырымдарымен қатар келді. Сондықтан, Батыс Сібірдің губернаторына жолдаған хатында Қаржы министрілігі Моңғолиямен сауданы дамытуды қолдау мақсатында барлық ресейлік бодандықтағы тұлғаларға саудаға ешбір сауда құжаттарын алусыз, орыс, моңғол және қытай тілдерінде жазылған шетелдік билеттер алуды талап қойған [125, 4п.].

Ресей мен Қытай арасындағы шекаралық мәселелерді шешуге бағытталған Бейжін келісімінің жалғасы 1864 жылғы Шәуешек келісімі түрінде орын алып, Ресейдің ірі дипломатиялық жеңісіне айналды. ХІХ ғасырдың ортасына қарай Шыңжаңдағы мұсылмандардың көтерілістерін және Цин билігінің тұрақсыз жағдайын пайдаланған Ресей Орта Азиядағы әскери операцияларды белсенді жалғастырып, Қытаймен шекараны анықтау бойынша Шәуешек келісімінде Қытайды белгілі бір территорияларды беруге мәжбүрледі. В.А. Моисеевтың пікірінше, Цин империясы болса, Ұлыбритания, Франция және басқа да еуропалық мемлекеттер тарапынан сақталған агрессия алдында Петербордың дипломатиялық және әскери көмегіне үміт артып, кейбір территорияларды беруге мәжбүр болды [71, 60 б.].

1860-шы жылдардың ортасында Шыңжаңдағы мұсылмандар көтерілісі мемлекетаралық сауда келісімдерінің нәтижесінде қарқынды дамып келе жатқан Тарбағатай және Іле өлкелеріне баратын орыс-қытай саудасына кері әсерін тигізді. Бұл туралы Түркістан генерал-губернаторы граф Д.А. Милютинге: «...қытай бодандығындағы бүлікшілердің Құлжа мен Шәуешектегі біздің факторияларды жоюы және Батыс Қытаймен біздің иеліктердің бүкіл шекарасы бойынша сауда операцияларының тоқталуы нәтижесінде біздің үкімет ешбір нақты шектермен және сандармен анықталмаған аса ірі шығындарға тап болды; бұл жайғдай біздің саудадағы адамдарымызға ірі кедергі мен шығын тигізіп, сауда арқылы гүлденіп тұрған Семей, Қопал және Сегиополь қалаларын төмен деңгейге түсірді», - деп жазған еді [132, 27п.]. Шыңжаңдағы саяси уақиғаларға Ресейдің бейтарап позицияға ие болуы өлкедегі саяси ушығудың жалғасуына мүмкіндік беріп, сауда қатынастарын орнатуға жол бермеді. Ресей үкіметіне сауда қатынастарын қалпына келтіру мақсатында көтерілістер нәтижесінде өлкеде пайда болған бірнеше мемлекеттермен (Шығыс Түркістандағы Жетішар, дүнген қалаларының одағы және Құлжа сұлтанаты) санасуға тура келді. Бұл орайда, әр мемлекетпен Ресейдің қарым-қатынасы әртүрлі қалыптасқанын атау қажет.

Жетісумен шекаралас Жетішар билеушісі Якуп-бектің қолдауына сүйенген Құлжа мемлекетінің билеушісі Әлихан-төре Ресейге қарсы ашық саясат жүргізіп, Іле аймағында орыс көпестерінің сауда жүргізуіне тыйым салды [71, 98-99 бб.]. Якуп-бек мемлекетіне қатысты бейтараптық саясат Ресейдің Орта Азиядағы беделінің құлауына әкелді. Бұл саясат біржақты әлсіздік деп бағаланды: осыдан Шыңжаң қалаларындағы орыс саудасына қысымшылық жасалды. Көптеген жағдайда Қашғар билеушісі орыс көпестерінің тауарларына бағаларын белгілеп, қазына қажетіне тартып алып, саудамен айналысуға рұқсат беруді ұзақ уақытқа созатын болды [65, 51-52 бб.]. Осындай орыс саудасына келеңсіз жағдайды өзгерту мәселесі жергілікті орыс әкімшілігінің талқылауына түсті. В.А. Полторацкийдың пікірінше, Ресей Батыс Қытайдың істеріне араласып, Қашғардағы орыс көпестерінің саудасы үшін қысымшылық жасап отырған Якуп-бекті ығыстырып, Алтышар мемлекетінің басты қалаларына орыс тауарларының еркін енуіне жол беруі, Моңғолия мен Жоңғариядағы орыс көпестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет еді. 1868 жылдың жазында Якуп бектің жаугершілік ниетің басу және Қашғардағы ресейлік сауданың қысымшылығын тоқтату мақсатында Кауфман Нарын өзеніне қарай әскери жасақты шығарып, онда бекініс құрады. Бұл болса, Якуб бектің иеліктеріне келуші сауда керуендеріне қысымшылықты бәсеңдетті [71, 100-102 бб.]. Күрделі және өткір келіссөздердің нәтижесінде 1872 жылы Ресей мен Жетішар мемлекеттері арасында сауда келісіміне қол қойылып, оның негізінде орыс көпестеріне Жетішар территориясында, ал қашғарлық көпестерге бүкіл Ресей империясының территориясында сауда жасау құқығы берілді. Қашғар билігі ресейлік көпестердің жеке қауіпсіздігі мен мүлкін күзету міндетін өз мойнына алып, қашғарлық және ресейлік көпестерге қалаларда өз өкілдерін – сауда агенттерін (керуен-басын) ұстауға құқығын иеленді. Келісімде сауда бажы барлық тауарлардың 2,5 пайызына теңестірілді. Бұл келісім орыс дипломатиясының ірі жетістігі болуына қарамастан, Қашғардағы орыс көпестерінің жағдайын маңызды дәрежеде жеңілдете алмады. Сонымен қатар, осы аймақта ресейлік сауда Англия тарапынан өсіп келе жатқан бәсекелестікке тап болды [65, 52-53 бб.].

Шыңжаңдағы көтерілістердің нәтижесінде соққыға түскен орыс сауда мүдделерін қорғау мен құлдыраған сауда қатынастарын қалпына келтіру жергілікті әскери әкімшілік тарапынан ұсынылған Құлжа өлкесін басып алу туралы ұсыныс себептерінің бірі болатын. 1868 жылы осы ұсынысты алғашқылардың бірі болып алға шығарған Г.А. Колпаковскийдың пікірінше, «өлкедегі сауданың қалпына келуі әскери шығындарды өтеуге және азайтуға мүмкіндік беретін еді» [180, 8 айн.п.]. 1870 жылы Жетісуға іс-сапармен келген Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфман Шығыс Түркістандағы саяси жағдайды сараптай отырып, «Ресейдің беделі мен сауда мүдделері» үшін Құлжа аймағын басып алуды ұсынады. Әскери шараларды қолданудың себептер қатарына Қашғар билеушісі Якуп-бектің Құлжаны бағындыру қаупі және Құлжа мен Жетісу арасындағы шабуылдауға ыңғайлы ашық қашықтықтың болуы да жатты [71, 105 б.]. Құлжаны басып алу туралы ұсыныстарды қолдаған Түркістан әскери әкімшілігі мен оған қарсы позиция ұстанған Сыртқы істер министрлігі арасындағы пікір-таластар 1870-1871 жылдарға созылып, 1871 жылдың көктемінде Әскери министр Милютинның басшылығымен Батыс Қытайдағы Ресейдің саясатына қатысты арнайы отырыста Құлжаны басып алу қажеттілігін мойындауымен аяқталды [71, 112 б.]. 1871 жылдың жазында Жетісу облысының әскерлері Құлжа өлкесін басып алды.

ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарының екінші жартысындағы Цинь империясының Шыңжаңдағы өзінің билігін қалпына келтіру бойынша жемісті әскери шаралары және өлкедегі саяси тұрақтылықтың орнатыла бастауы ресейлік сауда үшін мұсылмандар көтерілісіне дейінгі жағдайды қалпына келтіру мүмкіндігін тудырды. Ресейдің Құлжа өлкесін басып алып, Цинь империясының берік билігі орнағанына дейін аймақты өз басқаруы мен бақылауында ұстау туралы шешімі екі мемлекеттер арасында қарым-қатынастың шиеленісуіне әкелді.

Осы кезеңде ресейлік қоғамда болып жатқан терең әлеуметтік-экономикалық өзгеріс – капиталисттік элементтердің күшейуі, экономикадағы мануфактуралық өндірісті көтерудің қажеттілігі, сыртқы еуропалық және мұхиттарға жақын азиялық нарықтардағы ресейлік тауарлардың бәсекеге қабілетсіздігі ресейлік капиталисттерді еуропалық тауарларды жеткізу қиынға түсетін Шыңжаң және Моңғолия нарықтарына назар аударуға итермеледі. Қалыптасып келе жатқан ресейлік мануфактуралық өнеркәсіп буржуазиясы мен саудагерлерінің Батыс Қытайдағы экономикалық мүдделерінің маңызға ие болғанының дәлелі ретінде 1873 жылы Орыс өнеркәсібі мен саудасына қолдау жасау қоғамына Н. Шавровтың жасаған «Ресейдің Азиямен саудасы үшін жолдар туралы» баяндамасынан байқауға болады. Кяхта саудасының пассивтік балансын көрсете отырып, Н. Шавров Ресейдің Қытаймен саудасын тек Кяхтамен шектелмей, көтерме сауда орталықтарын Қытайдың Батыс Сібірмен, Жетісумен шекарасында ашуды, Батыс Қытай мен Моңғолиядағы сауда барысын ұлғайтып, тауарлардың құнын төмендететін Сібірде теміржолдарды құруды ұсынады [171, 22-23 бб.]. 1872 жылы Қытаймен сауданы ұлғайту мәселесі Қытайдағы орыс көпестерінің саудасын шектеуді жою және Моңғолия, Манчжурия, Батыс Қытайға жаңа құрлықтық және теңіздік жолдары игеру мәселелерін алға қойған мәскеулік өнеркәсіптік съезінің жалпы жиналысында талқыланды. 1873 жылы Мәскеу биржалық комитеті бұл шешімді қолдап, Қаржы министрлігіне сәйкес қолдаухат жолдады [65, 61б.].

Батыс Қытаймен шекарада Кяхта үлгісіндегі көтерме сауда орталықтарын құру мәселелері жергілікті әкімшіліктер назарынан да тыс қалмады. Шыңжаңдағы орыс сауда мүдделерінің қамқоршыларының бірі – Батыс Сібір генерал-губернаторы Н.Г.Казнаков 1879 жылы Сыртқы істер министрлігіне жолдаған хатында «Бейжін үкіметімен ресейлік саясаттың басты міндеті – қытайлық иеліктерде орыс саудасын тарату мен қамтамасыз ету» деп белгілеп, Шыңжаңдағы орыс-қытай саудасын дамыту бойынша шаралары туралы: «Менің соңғы ұсынысым (орыс көпестерінің тауарлары үшін Бақты бекінісінде қойма ұйымдастыру – Б.Қ.) Кяхтадағы ғасырлық көтерме саудамен Шәуешектегі орын алған бөлшектік сауданы салыстыру арқылы қытайлықтарға орыс тауарларының ең үлкен өтімі саудагерлердің өзара алдын-ала тапсырыстары бойынша шекаралық көтерме өтімі арқылы ғана жүзеге аса алатыны туралы тұжырымға келуімнің нәтижесінде бастама мен негізге ие», - деген болатын [136, 6п.]. Н.Г.Казнаковтың пікірінше, Шыңжаңдағы мұсылмандар көтерілісінен кейінгі сауданы жандандыру жағдайларын консулдар және арнайы ғылыми-сауда экспедициялар арқылы зерттеу өлкедегі кедендік бақылауды ұйымдастыру мәселесін шешуге мүміндік туғызар еді [134, 6 айн.п.]. Осы жылдары Шыңжаңдағы орыс саудасын ұлғайту бойынша дипломатиялық шараларды қолдану туралы үкіметке ұсыныстарын жергілікті Түркістан әкімшілігі, Семей облысының әскери губернаторы генерал-майор В.А. Полторацкий, Түркістан генерал-губернаторының міндеттерін уақытша орындаған Г.А. Колпаковский жасаған болатын [65, 61 б.].

1870-ші жылдары Ресей мен Қытай империялары арасында саяси жағдайдың ушығу кезеңі болды. Оған себеп – Ресейдің өлкедегі саяси-экономикалық позицияларының күшейуі мен Құлжаны қайтару төңірегіндегі дау болатын. Екі мемлекеттер арасындағы саяси жағдайдың ушығуына 1870-ші жылдардың ортасындағы Ресейдің Батыс Қытайға нан өнімдерін шығаруға шектеу қою әсер етті. Бұл шара Жетішар мемлекетімен соғыс жүргізіп жатқан қытайлық әскерлер үшін қысымшылық және Якуп-бекке көмек ретінде бағаланды [124, 316 айн.п.]. Ресейдің экономикалық беделінің артуынан қауіптенген қытайлық билік Шыңжаңдағы орыс саудасына да біршама қысымшылық көрсетті. Семей облысының патшаға есебінде: «Семей көпестерінің қытайлық иеліктердегі сауда айналымдары Қытайдың шекаралас аймақтарында тәртіп енгізілмеуіне байланысты төмендеген жоқ, ал жергілікті манчжур биліктер біздің тауарлардың нарығын кеңейтуге жақсы көзбен қараған жоқ», - деп мәлімденген еді [135, 19п.]. А.Н. Хохловтың деректерінде жергілікті қытайлық биліктері ресейлік саудагерлердің жергілікті тұрғындармен сауда байланыстарына қарсылық жасағаны туралы айтылады. 1881 жылдың қазанында Зайсаннан Шихэ, Манас және Үрімші бағытында шыққан көпес Пахомовтың алғашқы керуені Дұрбылжын мекенінде тарбағатайлық билеуші Силунның бұйрығы бойынша тоқтатылып, ресейлік шекаралық әкімшілік өкілі майор Тихоновқа «Құлжаны қайтаруға және қытайлық консулдықтар ұйымдастырылғанға дейін қытайлық үкімет тарапынан керуендерді өткізуге тыйым салынғаны» туралы мәлімдеді [51, 209 б.]. Іле өлкесін қайтару туралы мәселе ең алдымен Ресейдің Сыртқы істер міністрлігі мен Түркістан әкімшілігі арасында қарама-қайшылық тудырды. Түркістан генерал-губернаторы Іле аймағын қайтаруға қарсы шығып, қайтарған жағдайда орыс-қытай саудасына түскен зардапты шығындар есебіне қосылып, компенсация ретінде төленуін талап етті [132, 27п.]. Алайда, көптеген отырыстардан соң, компенсация көлемі 5 млн. рубль көлемінде белгіленіп, өлкені қайтару туралы шешімге келді. Сыртқы істер министрлігінің өкілдерінің пікірінше, Қытаймен қатынастағы Ресейдің саяси және экономикалық мүдделері жергілікті мүдделерден (Түркістан генерал-губернаторының позициясы – Қ.Б.) жоғары тұруы қажет еді [73, 267 б.].

Шыңжаңдағы цин билігінің орнауынан кейінгі кезеңде Ресей мен Қытай арасында аймақтағы қарым-қатынас негізін реттейтін және Құлжаны қайтаратын жаңа келісім жобасы да әзірленіп жатты. Орыс саудасын қолдау мен ұлғайту ұсыныстары үкімет назарынан тыс қалмады. Ресей-қытай сауда қатынастарына маңызды әсер еткен 1881 жылғы осы Петербор келісімі туралы келіссөздер барысында ресейлік дипломатия орыс саудасы үшін тиімді шарттарға ие болу мақсатында Іле аймағын қайтару мәселесін тиімді пайдаланды. Бұл белгілі бір дәрежедегі дипломатиялық «бопса» орыс саудасы үшін маңызды жеңілдіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.



Келісімнің 12 бабында: «Орыс азаматтарына бұрынғысынша Қытайға бағынышты Моңғолияның қытай билігі бар және болмаған жерлер мен аймақтарында бажсыз сауда жүргізілу құқығы беріледі. Орыс азаматтары бажсыз сауда жүргізу құқығына тең дәрежеде Іле, Тарбағатай, Қашғар, Үрімші және Ұлы қорғанға дейінгі Тянь-Шаньның солтүстік және оңтүстік баурайларында орналасқан басқа да аймақтарының қалаларында және басқа да жерлерінде пайдалана алады. Бұл құқық сауданың дамуына қарай кедендік тарифті енгізу қажеттілігі туындаған кезде жойылады, бұл туралы екі үкімет келісімге келеді. Орыс көпестері жоғарыда аталған қытай өлкелеріне немесе олардан қай елде өндірілгені болмасын барлық туындыларды өткізе алады», - делінсе, 16 бабына сәйкес «егер де орыс құрлықтық саудасының дамуына қарай Қытайға шығарылатын және одан әкелінетін тауарларға осы сауданың қажеттіліктеріне сәйкес келетін кедендік тарифті белгілеу қажеттілігі туындаса, ресейлік және қытайлық үкімет мәселе төңірегінде өзара келісімге келіп, баждарды анықтау үшін тауарлар құнынан бес пайыздық алымдарды жинауды негізге алатын болды» [106, 123 б.]. Бұл тарифті орнатуға дейін Қытайдан Ресейге шығарылатын шайдың кейбір жоғары және төмен сапалы сұрыптарынан жинау келісілді. Сонымен қатар, келісімге қосымша ретінде 1881 жылдың 12 ақпанында бекітілген құрлықтық сауда ережелерінің бірінші бабына сәйкес екі мемлекеттің шекарасында, екі жаққа да 50 шақырым қашықтығында орыс және қытай азаматтары арасында еркін және бажсыз саудаға құқық берілді [106, 125 б.]. Бұл Ресейдің 1862 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы шекаралық құрлықтық және теңіздік сауда ережелерінде орын алған бажсыз шеп жүйесін ортаазиялық шекараларға тарату өлкенің шекаралас аймақтарында Кяхта үлгісіндегі ірі сауда орталықтарын құру мүдделеріне сәйкес еді. Шыңжаңдағы орыс-қытай саудасындағы тауарлар арасында тек шайға кедендік баждардың салынуы, бір жағынан, осы кездегі Ресей кедендік саясатындағы кең таралған фискалдық саясаттың көрінісі болатын, екінші жағынан, Шыңжаңнан әкелінетін шайлардың Кяхта саудасының негізін құрған шай саудасына кедергі айналады деген себеппен оны белсенді қорғаушыларының әрекеттері нәтижесінде салынды. Қытаймен саяси және экономикалық ынтымақтастықты күшейтудегі Петербор келісіміне жағымды баға көптеген деректерде берілді. Мысалы, Семей әскери губернаторының 1881 жылы патшаға жасаған есебінде: «Осы есептеме жылында Қытаймен соғыс қаупі таралды және тіпті орыс саудасы үшін маңызды тиімділік әкелетін жаңа сауда келісімі жасалды», - делінген [135, 19п.]. Петербор келісімде маңызды орынды Шыңжаң арқылы Ішкі Қытай нарықтарына өту мүдделерінің орын алғаны байқалады. Алайда, орыс саудасының бұл үміттерінің ақталуы екіталай еді. Орыс-қытай қатынастарының белгілі маманы М.И. Сладковскийдың пікірінше, Шыңжаң арқылы жол Кяхтадан ұзақ болып және қымбатқа түсті. Орыс-шыңжаң қатынастары негізінен жергілікті өнімдерді шығару мен орыс өнеркәсіп тауарларын өткізу арқасында дамыды. Соңғылары өлкеде ағылшын және қытай тауарларымен тиімді бәсекелестікке түсіп, Ішкі Қытайға өткізу үшін емес, Шыңжаң тұрғындары тұтыну үшін пайдаланылды [38, 275 б.].

Жалпы алғанда, Петербор келісімі мен оған қосымша «Құрлықтық сауда ережелері» орыс-қытай құрлықтық саудасы мен саяси қатынастардың одан әрі дамуына үлкен маңызға ие болды. Петербор келісімін қабылдау кезінде екі тараптар да бұл сауданың шекараға жақын ғана жерлерде ғана емес, сонымен қатар, Қытайдың ішкі нарықтарында да жүзеге асуы қажет деген тұжырымға негізделген еді. Алайда, бұл ойлардың іске асуы екі талай болатын, оның себептерінің қатарына – жергілікті қытай шенеуніктерінің қарсыласуы, ірі жол шығындары, Ішкі Қытай нарықтарындағы еуропалық тауарлардың үстемдігі жатты. Орыс-шыңжаң саудасының басым бөлігі жергілікті, аймақтық сипатқа ие болып, көбінесе, жергілікті өнімдерді сыртқа шығару және орыс өнеркәсіптік тауарларды әкелудің арқасында дамыды. 1881 жылғы Петербор келісімі Ресей мен Қытай арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз еткен соңғы маңызды келісімге айналды.


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> А. Ф. Зейнулина филология ғылымдарының кандидаты, профессор
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте әдебиетті білімденудің инновациялық технологияларымен оқыту
transactions -> МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері
transactions -> М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы
transactions -> Қазақ фольклорын зерттеу мәселелері: ХХ ғасырдың бірінші жартысы
transactions -> Табиғи орта жағдайын бақылау «Мониторинг принциптері және типтері»
transactions -> МӘШҺҮртану ғылыми-практикалық орталығЫ
transactions -> Р. М. Муталиева қазіргі қазақ әдебиеті


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет