Әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің Исламдағы үкімі (әл-‘Урф)



Дата17.05.2020
өлшемі95 Kb.
Әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің Исламдағы үкімі

(әл-‘Урф)
Аса Мейірімді, ерекше Рахымды Аллаһтың атымен

Әлемдердің Раббысы – Аллаһқа мақтау-мадақтар, Пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасы мүшелеріне және бүкіл сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!

Содан кейін:

Әдет-ғұрыптардың арасында тыйым салынғандары да, бірақ сондай-ақ ұстануға болатындары да, ұстану қажетті болғандары да, тіпті ұстану міндетті (уәжіп) болып табылатын түрлері де бар! Әрі шариғатта әдет-ғұрыптарға және адамдар арасында қалыптасып қалған «әл-‘урф», «әл-‘ада» деп аталатын нәрселерге сүйенетін көптеген үкім-ережелер бар. Ал ғалымдар ол туралы бірауыздан келіскен және «әл-Қауа’ид әл-фиқһия әл-кубра» деп аталатын шариғаттағы бес ұлы ережелерінің бірі: «Әдет-ғұрыптарға қақысы беріледі» (әл-Ада мухаккама), - деп айтады. Бұл Исламдағы өте үлкен тақырып және бұл мәселеге көптеген жеке еңбектер арналған. Бірақ Аллаһтың рұқсатымен бұл мәселені қысқа-нұсқа болса да ашуға тырысамыз.



«Әдет-ғұрыпқа, егер ол шариғатқа қарсы келмесе, басымдық беріледі» атты ереже Аллаһ Тағаланың Құранында да, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінде де заңдастырылған, әрі имамдар да бұл туралы жиі айтатын!

Аллаһ Тағала Құранда: «Кешірім жолын ұста және оларға туралықты (әл-‘урф) әмір ет. Сондай-ақ надандардан бет бұр!» («әл-Ағраф» сүресі, 7: 199), - дейді.

Имам әл-Жәссас өзінің тәпсірінде былай деді: «Әл-мәруф» сөзі – бұл оны орындағанда ақыл-сана жақсы деп қабылдайтын, және ой-санасы дұрыс адамға ерсі болып көрінбейтін нәрсе. Қз.: “Әхкам әл-Қуран” 4/214.

Имам әс-Су’уд Аллаһтың «оларға әл-‘урфты әмір ет» деген сөздері турасында былай деді: Яғни амалдардың жақсы деп есептелетіндерін, өйткені мұндай нәрсе адамдардың мұны қабыл алуына және кері қайтармайтынына жақын. Қз.: “Тафсир Аби әс-Су’уд” 2/456.

Имам әл-Қарафи осы аятты келтіре отырып, былай деді: «Әдет-ғұрып нұсқайтын кез-келген нәрсенің артықшылығы бар». Қз.: “әл-Фуруқ” 3/194.

Сондай-ақ Аллаһ Тағала былай дейді: «Аллаһ бос сөзді анттарыңды есепке алмайды. Алайда біле тұра істеген анттарың үшін жауапқа тартады (ант бұзсаңдар). Оның төлеуі: отбасыларыңды тамақтандыратын орта есеппен он міскінді тамақтандыру, не оларды киіндіру, немесе бір құл азат ету. Мұны таппаған біреу үш күн ораза ұстауы керек. (Бұзған) анттарыңның жазасы осы. Анттарыңды қорғаңдар. Аллаһ сендерге аяттарын осылайша түсіндіреді, шүкірлік етерсіңдер» («әл-Мәида» сүресі, 5: 89).

Шейхул-Ислам Ибн Таймия былай деді: «Аллаһ Тағала адамдарға он кедейді өздерінің жанұяларын тамақтандыратын орташа есеппен тамақтандыруды бұйырды. Әрі ғалымдардың «орта есептегі тамақ қалай анықталады: шариғатқа сәйкес пе, әлде тұрмыстағы әдет-ғұрыпқа қайтарылады ма?» деген бұл мәселедегі пікірлері әртүрлі болған. Олар сондай-ақ әйелдің нәпақасын қамтамасыз ету жөнінде де келіспеушілікте болған. Дұрысы - бұл нәрселердің барлығы осы мәселедегі көпшілік мақұлдаған әдет-ғұрыпқа қайтарылады». Қз.: “Мәжму’ул-фәтауа” 26/113.

Сондай-ақ Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, мүміндер! Меншіктеріңдегі құл-күңдер, әлі ержетпеген балаларың, мына үш мезгілде жатын бөлмелеріңе рұқсат сұрап кірсін: таң намазының алдында, түсте киімдеріңді шешкен уақытта және құптан намазынан кейін. Сендер үшін осы үшеуі шешінетін мезгіл. Бұлардан кейін (басқа уақытта) сендерге де, оларға да айып емес. Өйткені сендер бір-біріңе кіріп-шығуларыңа керексіңдер. Осылайша Аллаһ сендерге аяттарын баян етеді. Аллаһ Толық Білуші, Хикмет Иесі» («ән-Нур» сүресі, 24: 58).

Хафиз әл-‘Аләи осы аятқа қатысты «әл-Мужму’» еңбегінде былай деді: «Әдетте бұл уақыттарда адамдар киімдерін шешетіндіктен, Аллаһ Тағала уақыттың осы үш мезгілінде рұқсат сұрауды бұйырды. Шариғаттың бұл мәселедегі үкімі адамдар арасында әдетке айналып кеткен нәрсеге сәйкес бекітілді!»

Дәл осыны имам әл-Куртуби өзінің тәпсірінде де айтқан (12/304).

Аллаһ Тағала былай деді: «Әй, мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларыңа рұқсат етілмейді. Және бергендеріңнің бір бөлігін алып қалу үшін оларға кедергі жасамаңдар. Бірақ олар ашық арсыздық істесе басқа. Сондай-ақ олармен жақсылықпен (ғұрыпқа сәйкес) өмір сүріңдер» («ән-Ниса» сүресі, 4: 19).

Сондай-ақ Аллаһ Тағала былай деді: «Ананың тиісті қөрегі мен киімі дәстүр бойынша баланың әкесіне міндет» («әл-Бақара» сүресі, 2: 233).

Шейх Ибн әл-Қайим былай деген: «Күйеуі әйелімен қалыптасқан әдет-ғұрыпқа сай жыныстық қатынасқа түсуге міндетті, тура солай, ол оны әдет-ғұрып бойынша асырап, киіндіреді» («әр-Рауда әл-мухиббин»).

Сүннетке келер болсақ, ол жерде де әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің заңды екеніне нұсқау бар. Айша (Аллаһ оған разы болсын) былай деп баяндайтын: “Бірде Абу Суфьянның әйелі Хинд Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Абу Суфьян – сараң адам, егер мен өзім оның рұқсатынсыз алмасам, ол маған және балама жетерліктей (ақша) бермейді», - деді. Бұған ол: «Өзіңе және балаңа әдет-ғұрыпқа сай жететінін ала бер», - деді”. Әл-Бухари 5364, Муслим 1714.

Имам ән-Науауи осы хадистен алынатын пайдаларды тізіп айтып, былай деді: «Шариғи нақтылауы жоқ мәселелерде әдет-ғұрыптарға сүйену керек» Қз.: “Шарх Сахих Муслим” 2/8.

Имам әл-‘Изз ибн Абдус-Сәләм былай деді: «Бұл хадис әдет-ғұрыптың құқықтық күшке ие екендігіне (нұсқайтын) дәлелдердің қатарынан». Қз.: “Қауа’ид әл-әхкам” 1/61.

Сондай-ақ әдет-ғұрыптың заңдылығына нұсқайтын дәлелдердің қатарында Ибн Мас’удтың мына атақты сөздері де бар: «Мұсылмандар жақсы деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жақсы, ал мұсылмандар жаман деп есептейтін нәрсе Аллаһтың алдында да жаман болып табылады». Ахмад 1/379, әт-Таялиси 23, әл-Бәззар 130. Имам Ибн Хәжар, әс-Сахауи, Ибн Абдул-Хади және әл-Әлбани сахихтығын растаған.

Сахабаның бұл айтқан сөзі – мұсылмандардың адасушылық болуы мүмкін емес бірауызды пікірінің заңды екеніне дәлел болып табылады. Бүкіл мұсылмандар жаманды жақсы деп немесе жақсыны жаман деп есептеуі мүмкін емес қой, себебі хадистерде айтылатынындай, олардың барлығы бірдей адасуда болмайды. Көптеген имамдар да Ибн Мас’удтың осы сөздерінен әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің заңды екеніне дәлел алған, мұны имам әс-Суюты, Ибн Нужайб «әл-Ашбахта», сондай-ақ әс-Сархаси «әл-Мабсутта» 12/45 айтқан.

Осылайша, жоғарыда айтылғандардың барлығы адамдар арасында жалпы қалыптасқан нәрселердің маңыздылығына және шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптармен санасу керектігіне нұсқайды.

Имам әл-Касани былай деген: «Шариғатта тікелей нұсқауы келмеген мәселе әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге қайтарылады, өйткені әдет-ғұрып дәлел болып табылады» Қз.: «Бәдаи’ әс-сәнаи’» 5/223.

Имам Ибн ‘Абидин былай деді: «Шариғатта әдет-ғұрыптармен санасады және сондықтан оның соған қайтарылатын мәртебесі бар». Сондай-ақ ол имам әс-Сархасидің мына сөздерін жеткізген: «Әдет-ғұрып тарапынан орнатылған нәрсе шариғат орнатқанмен бірдей!» Қз.: “Рәсаил Ибн ‘Абидин” 2/114.

Әдет-ғұрыпқа (салт-дәстүрге) үстемділік берілетін кейбір шарттар:

1. Әдет-ғұрып немесе салт-дәстүр Құран мен Сүннеттің мәтіндеріне, бірауызды пікірге (әл-ижмә) немесе шариғаттың қалыптасып қалған үкім-ережесіне қарсы келмеуі тиіс.

Имам әс-Сархаси былай деді: «Құран немесе Сүннеттің мәтіні қарама-қайшы келетін кез-келген әдет-ғұрып (салт-дәстүр) есепке алынбайды» Қз.: “әл-Мабсут” 1/146.



2. Әдет-ғұрып халық арасында сирек кездесетін емес, көпшілік мақұлдайтын болуы керек

Имам әс-Суюты былай деді: «Әдет-ғұрып ел ішінде мойындаған болып табылатын кезде есепке алынады, ал ол анық емес кезде есепке алынбайды» Қз. “әл-Ашбах уә-ннәзаир” 87.



3. Әдет-ғұрып (салт-дәстүр) әйтеуір бір кездері болған емес, дәл сол мезетте күшінде болуы керек, себебі әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер уақытқа, жерге немесе халыққа байланысты өзгеріп отырады.

Бұл туралы имам әш-Шәтыби “әл-Мууафақат” 2/220 еңбегінде айтқан

Ғалымдар әдет-ғұрыптардың дұрысы және кесірлісі болады деп жіктеген.

Жақсы әрі дұрыс әдет-ғұрып – бұл (белгілі бір қоғамның) барлық адамдарына белгілі болып, Құран мен Сүннеттің шариғи мәтіндеріне немесе бірауызды пікірге (ижмаға) қайшы келмей, игілікті жіберіп алудың немесе зиянға ұшыраудың себебіне айналмайтыны. Қз.: “Нәзария әл-‘урф” 36-37.

Әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің кесірлі түрлеріне келер болсақ, бұған Исламның әмірлеріне, оның рәсімдері мен оның кіршіксіз рухани құндылықтарына қарама-қайшы келетін барлық нәрселер жатады, мысалы, мұсылмандық ортада жартылай жалаңаш әйелдердің көбеюі, кәпірлер мен олардың салт-дәстүріне ұқсап-еліктеу, құмар ойындармен әуестену т.с.с.

Ал, мысалы, соларға оралу (жүгіну) керек болған әдет-ғұрыптар туралы айтар болсақ, онда бұл – ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынасы, әйелдер мен балалардың қажеттілігіне (ақша) жұмсау, кедейлерді тамақтандыру, көршілермен қарым-қатынас, шариғатта тыйым салынбаған қаржы қатынастары, киім-кешек, мұра ету, айып-күнә үшін шариғатта нұсқауы болмаған және та‘зир – сөгіс айту – деп аталатын жаза қолдану, т.с.с. Қз.: “әл-Қауа’ид әл-фиқһия әл-кубра” 382-991.



Сондай-ақ әдет-ғұрыптардың ішінде адамдар ұстануы міндетті болған түрлері мен ұстануға жай ғана рұқсат етілетін түрлері бар екенін білген жөн. Мәселен, адам Құран мен Сүннеттен келіп шығатын, өзінің қоғамындағы жалпы ел қабылдаған заңды құбылыстарды сақтауы керек, айтатын болсақ әйеліне, бала-шағасына (ақша) жұмсау, ерлі-зайыптылардың өзара қарым-қатынасы т.с.с. Ал енді, шариғаттың үкімдерімен қатысы жоқ, десе де оған қарсы келмейтін әдет-ғұрыптарға келер болсақ, бәрібір адамға оларды ұстанғаны жақсы, себебі кейбір салт-дәстүрлерді елемеу ел ішінде бүлік, сенімсіздік т.с.с. тудыруы мүмкін. Әрі Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өз халқының шариғатқа қарсы келмейтін салт-дәстүрлерін ұстанған және сөкпеген. Шейх Салих әс-Садлән былай деген: «Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) уақытысында адамдар тұрмыс-тіршілігіне қатысты іс-амалдарды жасайтын, әрі ол бұған тыйым салмайтын, бұл олардың рұқсат етілгендігіне нұсқайды. Сондай-ақ олар Пайғамбардың өзі (оған Аллаһтың игілігі сәлемі болсын) мақұлдап отырған, тіпті ат салысқан түрлі амалдарды да жасаған, ол да бұның рұқсат етілгендігіне нұсқайды. Сондай-ақ Ислам да адамдар Исламға дейін істеген нәрселердің қатарындағы игі болғандарын мақұлдады». Қз.: “әл-Қауа’ид әл-кубра” 345.

Және соңында әлемдердің Раббысы Аллаһқа мақтаулар болсын!

«Саляф – Форум»

Қазақ тіліне аударған «Абу Ханифа мирасы» сайтының редакциясы


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет