Информация /лат. Informatio-түсіндіру, баяндау, хабардар ету/. 1 істің жағдайы, қандай да болмасын оқиға немесе біреудің қызметі туралы хабарлау, мәлімет беру



бет2/7
Дата02.05.2016
өлшемі1.23 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Теледидар аудиториясының тұрақтылығы.

  2. Жанрлық беттеу дегеніміз не?

  3. Ырғақтық (ритмдік) беттеу дегеніміз не?

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Накорякова К.М. Литературное редактирование материалов массовой ниформаций. М., 1994.

  2. Сихорский Н.М. Теория и практика редактирования. М., 1972.

  3. Справочная книга редактора и корректора. М., 1985.


4-дәріс

тақырыбы: Әдеби редакция ұғымы және редакторлық қызмет
Дәріс мақсаты: Әдеби редакция ұғымы және редакторлық қызметтің қыр-сырын талдап, түсіндіру.

Дәрістің жоспары:

  1. Әдеби редакция түсінігі.

  2. Редакторға қойылатын басты талаптар.


Әдеби редакция түсінігі күрделі, көп қырлы. Латынның «redaktus» сөзінен шығып, тікелей мағынасы «жөнге келтірілген» дегенге саяды. Редакциялауды радио, телевизия, баспасөз бетіне материалды дайындау кезіндегі әдеби-қоғамдық шығармашылық еңбектің бірі ретінде қарастырады. Журналистика тарихы, жазушы-классиктердің тәжірибесі негізінде қаланып, бүгінгі БАҚ-ның практикалық жұмысының жаңа сапаға көтерілуінің арқасында даму сатысына аяқ басқан бұл білім бағытының өзіндік методикасы қалыптасқанмен, басқа филологиялық пәндерге қарағанда біршама «жас» деп айтуға болады. Өзінің мақсаты жағынан практикалық, құрылымы жағынан кешенді келетін аталған пәннің ғылыми жүйеге түсуіне ұйытқы болған ғалым және 1952 жылы ММУ-і журналистика факультетінің университеттік курс лекциясында алғаш рет әдеби редакция жайлы оқыған -профессор К. И. Былинский еді. Лекцияда курстың жалпы концепциясы, пәннің зерттеу объектісі белгіленді, оның негізгі түсініктері, бөлімдері айқындалды. Осылайша басы негізделгеннен кейін, оның практикалық бағдарламасының «жасақталуы» басталып, жаңа методикалық көмекші оқу құралдары басылып жатты. А. В. Абрамовичтің және Э. А Лазаревичтің әдеби редакциялау жөніндегі практикумы талғамға сай келіп, үш рет басылды. Көп жылдар бойы әдеби редакцияның мәні ашылмай, оған мәтінді түзетудің, оның ішінде грамматикалық қателермен жұмыс міндеттері ғана таңылды. Әсіресе, революцияға дейінгі кезеңде патшалық үкімет тұсындағы газет-журналдарға сауаты жеткіліксіз тілшілер қызмет атқаруы редакторлардың басты жұмысы қателерге бой алдырмау, түзету болып келді. 40-шы жылдардың соңына таман шыға бастаған әдеби редакциялау жөніндегі кітаптар бұл стереотипті ақырын-ақырын бұза бастағаны тарихтан мәлім. Баспасөз практиктері мен теоректиктерінің білім қорын К. И. Былинскийдің 40-шы жылдардың екінші жартысында жарық көрген «Основы литературного редактирования и правки газетных материалов» атты еңбегі толықтыра түсті. Онда қарастырылған тақырыптың шебер зерттелуінің, зерделенуінің арқасында бұрын түсініп келген тар шеңбердегі қалып бұзылып, редакциялаудың басқа да қалтарыстары мен қырлары кең көлемде жан жақты негізделді. К. И. Былинскийдің лекцияларында әдеби редакция бір процесс ретінде қарастырылып, оның ішінде автордың туындысын мазмұн, фактілік дұрыстылық пен нақтылылық тұрғысынан қарау, шығарманың қоғамдық мәніне редактордың көңіл қоя білуі, автордың стилімен санасу керектігі пән барысында алғаш рет қаралады.. Яғни редакторлықтың жеке әдістерін жинақтаудан жүйелі ғылымиланған санатқа көтереді. «Мәтін тілімен жұмыс жасағанда оны мазмұнынан жеке дара қарастыруға болмайды... Ойдың бояуын сөйлем құрылымының өзгертілуі кетіреді. Бір сөзді басқа сөзбен алмастыру, бір құрылымды басқа бір құрылыммен өзгерту ой өрнегінің немесе стилистикалық түстің әлсізденуіне әкеп тірейді» деген талап сол уақыттарда қойылған болатын. Осы сөйлемнің ары қарай дамуы екі рет басылып шыққан К. И. Былинский мен Д. Э. Розентальдің еңбектерінде, Н. М. Сикорский, А. Э. Мильчин, М. П. Сенкевичтердің кітаптарында көрініс тапты. Курстың жұмысы Лазаревичтің бағдарламасы бойынша ары қарай жалғасын үзбеді.

Редакторға қойылатын басты талаптарға және міндеттеріне тоқтала кетсек. Редактордың міндеттерінің бірі - өңдеп жатқан материалдан әсер етудің максималды эффектісіне қол жеткізу. Аудиторияның сана-сезіміне әсер ету техникасын кеңінен пайдалана алуы шарт. Ақпараттық функцияны атқарған кезде БАҚ материалдары өзінің нысанына жетер алдында жалпыға түсінікті газет тілімен жеңіл жеткізілуі тиіс. Бірақ тақырып мәселесін терең, зерделі талдануына да көңіл бөлген дұрыс. Редактордың мәтін тілімен еңбектенуінде, пайдаланған фактілердің дәлдігін анықтауда, ойдың шебер жеткізілуінің қадағалануы қатар жүреді. Яғни, материал - жүйелі, артық сөзсіз, ретімен дамытылған, фактілері - тексерілген, сенімді, оқырманды тартатын, жарқын болғаны тиімді. Кәсіптік деңгейінің жоғарылығы, шеберлігінің өткірлігі материалдың тағдырына қатты әсер етеді. Көбіне көп осы санаттағы адамдардың бойында сыншы, тіл маманы, стилист, педагог, ұйымдастырушы және суретші сияқты мамандық иелерінің білімі мен қарымы астасып жатады. Журналистік шығармашылық өзінің айналасушысынан жанжақтылық және салалық білімді жетілдіруді талап етеді. Редактор білімділігі - мақаланың эффектілігін арттыруға, талаптарға сай жарық көруіне сеп бермек. Есте сақтаған жөн болар, редактор қызметі қанша жерден көптүрлі болғанымен, ең алдымен ол - әдеби қызметкер. Редактор деп аталуға тек жан-жақты, білікті, логикалық ойлау машығына кенде емес, әдеби тілдің нормаларына қанық адам ғана лайық. Редакторлық баға, сын - бұл шығармаға сырт, шебер, білімді сыншының бағасы. Сондықтан редактор мен цензордың арасындағы айырмашылық аз деген сылтаумен олардың ескертулері мен түзетулерін елемеушілердің пікірі орынсыз. Теле, радиобағдарламалар, газет мақалаларын дайындау, жарыққа шығару кезіндегі технологиялық-өндірістік үрдістің барлық буынын меңгергендігі редактордың ұйымдастырушылық қызмет-міндеттерінің сапалылығына әсер етіп, өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Газет, кітап баспасы, полиграфиялық, радио, телевизиялық технологиялармен ұтымды жұмыс істегенде, көркемдеуіш құралдар арқылы шығарманың маңыздылығын белгілеуге, селт еткізер тұсын бажайластыруға көмектеседі.


Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. Аудиторияның сана-сезіміне әсер ету.

  2. Редактордың ұйымдастырушылық қызмет-міндеттері.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Сихорский Н.М. Теория и практика редактирования. М., 1972.

  2. Лазутина Г. В. Основы творческой деятельности журналиста. М., 2001.

  3. Справочная книга редактора и корректора. М., 1985.


5-дәріс

тақырыбы: Редакторлық талдау және әдеби редакциялау. Редакторлық талдау және оның обьектісі.

Дәріс мақсаты: Редакторлық талдау және әдеби редакциялау туралы, редакторлық талдау және оның обьектісі жайында студенттерге талдап, түсіндіру.

Дәрістің жоспары:

  1. Редакторлық талдау және әдеби редакциялау.

  2. Редакторлық талдау және оның обьектісі.

Логика мен психологияда «анализ», яғни «талдау» термині, ойлау процесін білдіреді, ал оның басты мақсаты: обьектіні бірнеше бөлікке бөліп қарастыру арқылы жан-жақты талдау. Шығарманы бағалауда да редактор оны бөлшектер мен элементтерге бөлу арқылы саралайды.

«Анализ» сөзі ғылымда кең мағынада зерттеу дегенді білдіреді.

Сонымен, редакторлық талдау дегеніміз не? Ол не үшін қажет? Редакторлық талдау мәтінді толыққанды зерттеу үшін қажет.

Көзі қарақты әр оқырман өз оқығанын әр қилы бағалайды. Мысалы, кітап оқи отыра, адам әлдебір сезімдерді бастан кешіреді. Бірде кейіпкерлердің ренішіне бірге ортақтасса, бірде бірге қуанады. Ал кітап пен оқырман арасындағы байланысты жасауда редактордың да біршама үлесі бар. Өйткені редактор дайындалмаған материалмен жұмыс жасағанда, былайша айтқанда мәтінге жан бітіргенде, ол ең алдымен оқырманның талғамын ескереді.

Шикі материал оқырманның кәдесіне жарай ма? Ол тек автордың өзі және редакторға ғана белгілі жайт. Редактор жұмысы автор үшін таптырмас қолғабыс, көмек болатыны сөзсіз. «Сырт көз - сыншы» дегендей, автор өз жұмысын редакторға тапсырады.

Ал редактор мәтіндегі кемшіліктерді ашып көрсетіп, түзетулер енгізу арқылы мәтінге ерекше реңк береді. Редактор мамандығының басты құндылығы міне, осында.

Осы орайда, редактор мәтінге ең алдымен оқырман көзімен қарайды, алайда редактор мен оқырман арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

Редактор редакторлық талдау процесі барысында баспаға жіберілетін материалдың мазмұнымен жете танысады. Сонымен қатар, оқырманға қалай әсер ететінін де алдын-ала болжайды.

Қолжазбаға өзінің тарапынан баға беріп, түзетулер ұсынады. Яғни редакторлық талдауды, оқығаннан кейін жасалатын қорытындылары болжамының зерттелуі деп те қарастыруға болады.

Бұл болжаулар редакторға белгілі негіздерге ғана сүйеніп жасалады. Редактор алдында тұрған мәселелерді дұрыс шешуде бірнеше қадамдарға басымдық береді. Яғни, редакторлық талдау процесі бірнеше сатыдан тұрады. Жалпы, редакциялауда түзетудің төрт түрі бар, олар қайта оқып түзету, қысқарту арқылы түзету, өңдеу арқылы түзету, қайта жазып барып түзету. Грек тілінен аударғанда «analysis» сөзі бөлу, бөлшектеу дегенді білдіреді. Талдау өз кезегінде, үш басты кәсіби міндеттердің шешілуін меңзейді, олар мәтінді зерттеу, оған баға беру және авторға ұсыныс білдіру.

Редакторлық талдаудың объектісі - әдеби шығарма болғандықтан, ол әдеби сын және кітаптану принциптеріне негізделеді. Бұл дегеніміз, қолжазбаға мінездеме бере отыра, редактор әлеуметтік қоғамдағы әдебиеттерді жалпы бағалау әдісіне сүйенеді, соған басымдық береді.

Редакторлық талдау мен әдеби сынның негіздері біртұтас болғанымен де, олардың міндеттері әркелкі. Сын дегенде, мәтінде айтылған басты ойға баға беру дегенді түсінеміз. Сын оқырманның мәтінді түсінуге жәрдемдеседі. Оқырманды эстетикалық тәрбиелеуде сүбелі үлес қосады. Редакторлық талдау да өз алдына сын болып табылады, бұл сын ең алдымен авторға арналып айтылады. Ол автордың еңбегіндегі кемшін тұстарын көрсетіп айшықтауға бағытталған. Демек, редакторлық талдаудың сынға қарағанда қоғамдық санаға әсер ету тұсы кемшін. Бірақ бұл тұжырымды жоққа шығаратын бір нәрсе бар, әрине редакторлық талдау авторға тек ой салу, мәтінді түрлендіру арқылы қоғамдық санаға әсер етеді деп айту артық, алайда редактор баспаға жіберілген кітапта өз қолтаңбасын қалдырады, осылайша, ол автормен бірге қоғамдық санаға біршама әсер ету мүмкіндігіне ие болады.

Барлық сөз өнер атауларының ішіндегі әсіресе көркем әдебиет редакторлық талдауды қажет етпейтін секілді. Өйткені ол бүтін бір дүние. Алайда бұл жаңсақ пікір. Редактордың шеберлігі ықпалымен қаламгерлердің шеберлігін шыңдауға болады. Әдеби сын жарыққа шыққан туындыға жасалады, ал редакторлық талдау әлі жарыққа шықпаған дүниемен жұмыс жасау деген сөз. Сын оқырман назарына ұсынылса, редакторлық талдау автор назары үшін жасалады.

Редактор ең алдымен әдеби - көркем шығармалардың қалай топтастырылатынын білуі қажет. Олар былайша топтастырылады


  • функционалдық маңызы

  • оқырман мекен-жайы

  • ақпарат мінездемесі

  • құрылым

  • мәтін дайындау мінездемесі

  • басылым құрылымы

Функционалдық маңызы белгісі бойынша әдеби - көркем шығармалар ғылыми және бұқаралық басылымдар болып бөлінеді. Оған аудармалар, пікірлер, толықтырулар жатады. Олар тек оқылуға ғана арналған. Бұл ең көп кездесетін көркем әдебиет түрі.Оқырман мекен-жай белгісі бойынша, әдеби-көркем әдебиет былайша бөлінеді. Оқырман мамандығы, білімділігі, жасы. Яғни, үш басты белгі бойынша бөлінеді.

  • жас ерекшелігі

  • кәсіби

  • психологиялық-педагогикалық ерекшелік

Автор-қолжазба-редактор-баспа-оқырман жүйесінде жеке пікірлер, редакторлық жеке талғам, тілдік және стильдік белгілер, автор стилі, баспаның коммерциялық бағыты, оқырман сұранысы, тағы басқа факторлар үлкен рөл атқарады. Редакторлық талдау ең алдымен, мәтіннің баспаға жарамдылығын анықтау мақсатында жасалады. Сондықтан, қолжазбаны бағалай отыра, редакторлық талдаудың объектісі анықталады.

Әдеби шығарма редакторлық талдаудың объектісі бола тұра, көптеген басқа да мысалы, логика, психология, лингвистика, кітап типологиясы салалары тұрғысынан да зерттеу жұмыстардың объектісі болып табылады.

Осы ғылыми салалардың әрқайсысы тек өз тұрғысынан мәтіннің белгілі бір жағын ғана зерттеумен ерекшеленеді. Мысалы, кей жағдайларда редактор мәтіннің тек идеологиялық немесе логикалық жақтарын ғана зерттеумен айналысуы мүмкін. Сонымен ғана шектелу мүмкін.

Оқырман талғамына сәйкес келетін және қоғам игілігіне жарар дүниені редактор қашанда жоғары бағалайды. Мәтін қандай болып шығады, қоғамның сұранысына қарай қандай болу керек деген жайттар редакторлық талдаудың объектісін аңғартады. Объект деп жеке бір мәтінді, айтуға болады, не болмаса мәтін ішіндегі белгілі бір фактор да зерттеу нысанына айналады.

Баға дегеніміз – қалыптасқан қағидаларға жауап беретін объектіні бағалаудың қосымша процесі. Сапасы деп те айта аламыз. Л.И.Беляев «К вопросу о типологии читателей» атты еңбегінде мәтінді бағалау процесі «қарама-қайшылықтар мен ұқсастықтарды анықтау бағытында жасалған ой жұмысын анықтайды» деп атап көрсеткен. Демек, баға мәтінмен жұмыс жасалған процестің барысында, сондай-ақ, соңында жасалады, өйткені бағалау үшін зерттеу қажет. Зерттеу үшін басты объектіні таңдау қажет.

Редактор объектінің мазмұнындағы және жазылуындағы белгілерді салыстыра отыра, қолжазбаға баға береді. Сондай-ақ, қоғамда қалыптасқан қағидаларға қаншалықты сәйкес екендігін, жалпы қатысын зерттейді. Алайда қоғамда қалыптасқан қағидалар жалпыға ортақ емес, бір ғана топ мүддесіне бағытталуы мүмкін. Бағалау көрсеткіштері оқырманға әсер ету сапасымен анықталады. Редакторлық талдаудың объектісі - әдеби шығарма болса, ол әдеби сын және кітаптану принциптеріне негізделеді. Бұл дегеніміз, редактор әлеуметтік қоғамдағы әдебиеттерді жалпы бағалау әдісіне сүйене отыра, қолжазбаға мінездеме береді, сол тұрғыдан, обьектіні анықтап, зерттеу жұмыстарын бағдарлайды.


Дәрісті бекіту сұрақтары:

  1. «Анализ» сөзі ғылымда кең мағынада зерттеу деген нені білдіреді?

  2. Редактордың ұйымдастырушылық қызмет-міндеттері.

  3. Редакторлық талдаудың объектісі.

Ұсынылатын әдебиеттер:

  1. Накорякова К.М. Литературное редактирование материалов массовой ниформаций. М., 1994.

  2. Сихорский Н.М. Теория и практика редактирования. М., 1972.

  3. Справочная книга редактора и корректора. М., 1985.


6-дәріс

тақырыбы: Әдеби редакциялаудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері

Дәріс мақсаты: Әдеби процестің қиын жүретінін және автор психологиясын ескере отырып, редактор мәтіннің барлығын түзетуден өткізеді. Әдеби редакциялаудың дәстүрлі әдіс-тәсілдерін талдап, түсіндіру.

Дәрістің жоспары:

  1. Оқып-түзету редакторлық қызметтің ажырамас міндеттерінің бірі.

  2. Әдеби редакциялаудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері.

Терең оқудың арқасында тақырыпқа терең бойлап, мәнін түсінгеннен кейін ғана мәтінді түзету үдерісі басталады. Редактор міндетінің осындай тәртіпте орындалуын әдеби редакциялау пәні теориясы міндеттейді. Қандай да бір туындыны баспаға шығаруға дайындаудың динамикалық әдістемесінде редакторға мәтінмен танысу сәтінен кейін өзінің қаперінде шығарма жөнінде өзіндік қорытынды шығаруы тиіс делінген. Ал түзетулерді терең оқу кезеңінде енгізуі шарт. Содан кейін теруге жіберер алдында қорытынды ретінде тағы қайтара оқуы сенімділікке жетелейді.

Мәтінді түзету сияқты кең көлемді үдеріс мәтіннің біртұтастығына және оның жүйелілігіне теріс әсер етпейді, керісінше, дұрыс әрі шебер жасалған трансформация, құрылымындағы қажетсіз элементтердің алып тасталуы шығармадағы автордың ойын, идеясын одан сайын айшықтай түседі. Әдеби процестің қиын жүретінін және автор психологиясын ескере отырып, редактор мәтіннің барлығын түзетуден өткізу өзінің міндеті деп санамау керек. Түзетілген материалдардың көлемі оның сапалы жұмысының көрсеткіші бола алмасы анық. Қазір де кейбір редакция қызметкерлері «пайда келтіріп жатқанның» кебін киіп автордың шығармасын бастан аяқ өзгертіп, қайта жазып шығуды міндет санайды. Ол жасырын жайт емес. Бірақ бұндай басылымның мақалалары бір-бірінен айырмашылығы жоқ, бір сарынды, стилдерінде ерекшелік байқалмайтын, жібі түзу болады. Бір беткей басылымға деген оқырмандардың қызығушылығы жоғалады.

Н. П. Колесников журналисттік мәтінді түзетудің бірнеше басты мақсаттарын көрсетеді:

1. Автордың назарынан өтіп кеткен кішігірім кемшіліктерді анықтау үшін.

2. Ойдың нақты, түсінікті жазылуын қамтамасыз ету, шашыраңқылықты болдырмау.

3. Материалды тексеріп, нақты емес тұстарынан арылу.

4. Мәтіннің тілі мен стиліндегі кемшіліктерді көрсетіп, олардың алдын алу.

5. Қолжазбаны техникалық өңдеуден өткізу үшін.

Практикалық редакцияда, көп жылдар бойы жинақталған тәжірибенің негізінде қалыптасқан түзетудің жүйесі бар. Әдеби редакция саласының көрнекті маманы, профессор К. И. Былинский соның негізгі төрт түрін ұсынады:



Оқып-түзету редакторлық қызметтің ажырамас міндеттерінің бірі. Оны дүниені баспаға жіберер алдында орындалатын корректорлық түзетумен шатастыруға болмайды. Корректордың мақсаты - техникалық қателердің орын алған жағдайда түзету, барлық қысқартулар мен белгілерді ескере отырып, ескертулер мен ұсыныстарды бір жүйеге келтіру.

Редактор әрбір түзетудің мақсатын білуі шарт. Оқып-түзету кезінде мәтіндегі кішігірім қателер редакциядан өтеді. Оқып-түзетуші маман шығармадағы мағыналық, композициялық, стилистикалық келіспеушіліктерді, ондағы географиялық атаулардың, адамдардың есімдерін, цитаталардың, сандар мен даталардың нақтылығын, өлшемдердің дұрыстығына назарын салады. Оның міндетіне қойылған тақырыптың мәтінге сәйкестілігіне және фото немесе суреттердің астындағы жазулардың мазмұнға сай екендігіне көз жеткізу жатады.

Әдетте оқып-түзетуді тәжірибелі редакциялық қызметкерлерге тапсырады. Бірақ олар редактордың құзырына ие еместігін ұмытпай, мәтіннің түбегейлі өзгертілуіне қаламын жұмсамағаны абзал. Оның міндеті - даусыз әріптік қателерден бөлек туындының кемшіліктерін аңғарып көрсету ғана. Қызметкер қандай тәжірибелі маман болса да, бас редактор бұл процессте қатысуы шарт.

Қысқартып-түзету - материал көлемді, артық ақпаратқа толы, қажетсіз қайталаулардан тұратын болса немесе белгілі бір себептерге байланысты мәтін шағындылығы қажетсінгенде қолданылады. Осы әдістің мақсаты мәтіндегі ой мен идеяны қысқа әрі нұсқа жеткізу. Бұл әдіс ақпараттық жанрлармен жұмыс жасағанда редактормен жиі пайдаланылады. Кей кездері редактор мақаланы газет бетіндегі жолдардың аздығына байланысты қысқартуға барады.

Оқып-түзетуге қарағанда қысқартып-түзету мәтінге тікелей араласу болып табылады. Сондықтан іске кірісерде шығарманың мазмұндық, идеялық, синтаксистік құрылымын ескерген дұрыс. Мәтінді қысқарту кезінде болатын өзгерулерге қарап, түзетудің бұл түрін екі топқа жіктеуге болады. Біріншісі, мәтін бөліктерін қысқарту. Екіншісі, мәтін ішіндегіні (внутритекстовой) қысқарту. Мәтін бірнеше бөліктерден құралады. Әрбір бөліктің өзінің мазмұны болады. Алғашқы түріндегі процесс мәтінді құрайтын сол мазмұндық буындарды қысқартудың негізінде жүреді. Ұқсас мысалдардардан, фактілерден, бір типті толықтырулардан арылу редакторға түк қиындық әкелмейді. Егер жасалған қысқарту дұрыс бағытта болса, шығарма мазмұны мен автордың мәнеріне ешбір қол сұғылмаса, мәтіннің қалған бөліктерін қабыстыру оңайға соғады. Қабыстыру қалған бөліктердің байланысын қамтамасыз етуге, соның негізінде мәтін тұтастығына, жүйелілігіне жету үшін керек. Қысқарту кезінде мәтіннің басқа тұстарында қысқартуға ұшыраған фактілердің еске түсіруі болмауын қадағалауды да ескерген дұрыс.

Мәтіндегі мазмұндық бөліктерді қысқарту шығарма мәніне теріс ықпал әкелетін болса, онда қысқартудың мәтін ішіндегі түріне жүгінеді. Мәтін ішіндегі қысқарту туындыға терең араласуды талап еткендіктен, өңдеп-түзету әдісіне жүгінуге тура келеді.

Қысқартуды әдетте энциклопедияларға, мектеп оқулықтары мен хрестоматияларға белгілі бір шығарманы басу қажет болғанда қолданады.



Өңдеп-түзету - автордың әдеби қарым-қабілеті жоқ, бірақ белгілі бір білімге ие болғанда, мәтіннің композициялық құрылымында, ойды дәл жеткізуде арқау болғанда қолданады.

Түзетудің бұл түрі практикада көп кездеседі. Осыдан кейін, редакторлық анализде барлық ескертулер мен түзетулер қамтылғаннан соң, мәтіннің баспаға дайын түрі шығады деп айтуға келеді.

Осы әдістің аясында редакторға тиісті міндеттер мен операциялар кешені орындалады: фактілер тексерістен өтеді, композициялық құрылымының кем тұстары ескеріледі, логикалық сәйкессіздік алынып тасталады, мәтіннің формалық және тілдік жағы жетілдіруден өтеді және т.б. жұмыстар. Барлық маңызды өзгертулер редактор автормен ақылдаса отырып, жасауы тиіс. Кей сәттерде әдеби қызметкер стильдің, мәнердің бұзылмауы мақсатында ойды дәл әрі шебер жеткізуге кедергі етіп тұрған тұстарды өзі өңдейді.

Мәтінді өңдеу кезінде еңгізілетін өзгертулердің мазмұны әр түрлі болады: сан алуан қысқартулар, жеке тұрған бөлшектерді жалғастыру, сөз бен тіркестерді ауыстыру, синтаксистік құрылымдарды өзгерту, композициясын ұштау. Өңдеу барысында автордың стилі мен ойды беру ерекшелігі бұзылмауы шарт.

Автордың ұсынған материалы негізінде мәтіннің жаңа нұсқасын құру, газет жанрына сай келмеген материалды түзету - өзгертіп-түзетудің мақсаты болып табылады. Газет редакциясында бұл әдіс оқырман хаттарымен жұмыс жасағанда жиі пайдаланылады. Немесе қоғамдық мәні зор, бірақ жазылуы ешбір сын көтермейтін дүниеге қолданады. Журналист ондағы фактілердің, хабарлардың маңыздылығына қарай отырып, оны әдеби формаға келтіреді. Мақаланың қолданылу мақсаты мен жанрының өзгертілуі талап етілгенде де түзетудің осы бір түріне жүгінуге болады. Редактор өзгертудің белгілі бір шегін белгілеп, іштей оның өлшемін білуі керек. Авторға өзінің стилін, түсінігі мен танымын, тілін, позициясын таңу, ілу редактордың абырой әпермесі анық. Редактор түзетілуі тиіс тұстарды, әлбетте, өзгертуге салуы керек, бірақ автордың қатысуымен.

Өкінішке орай, практикада автор материалын редактордың өзі қайта жазып шығу оқиғалары кездесіп жатады. Бірақ мұндай тәжірибе газет мақалаларындағы ерекшеліктердің жоғалуына әкеліп, басылымның тартымдылығы болмайды.

Осылайша, мәтінді түзетудің төрт түрі бізге белгілі болды. Оқып-түзету кезінде мәтіндегі кішігірім қателер редакциядан өтеді. Сонымен қатар, мағыналық, композициялық, стилистикалық келіспеушіліктер, ондағы географиялық атаулар, адамдардың есімдері, цитаталар, сандар мен даталар нақтылығы, өлшемдердің дұрыстығы назарға алынады. Қойылған тақырыптың мәтінге сәйкестілігі және фото немесе суреттердің астындағы жазулардың мазмұнға сай келіп-келмеуі аңғарымнан тыс қалмауы тиіс.

Қысқартып-түзету - материал көлемді, артық ақпаратқа толы, қажетсіз қайталаулардан тұратын болса немесе белгілі бір себептерге байланысты мәтін шағындылығы қажетсінгенде және энциклопедияларға, мектеп оқулықтары мен хрестоматияларға белгілі бір шығарманы басу қажет болғанда қолданылады. Осы әдістің мақсаты мәтіндегі ой мен идеяны, мазмұнды қысқа әрі нұсқа жеткізу.

Өңдеп-түзету - автордың әдеби қарым-қабілеті жоқ, бірақ белгілі бір білімге ие болғанда, мәтіннің композициялық құрылымында, ойды дәл жеткізуде ақау болғанда қолданады. Осы тәсілдің барысында фактілер тексерістен өтеді, композициялық құрылымының кем тұстары ескеріледі, логикалық сәйкессіздік алынып тасталады, мәтіннің формалық және тілдік жағы жетілдіруден өтеді және сан алуан қысқартулар, жеке тұрған бөлшектерді жалғастыру, сөз бен тіркестерді ауыстыру, синтаксистік құрылымдарды өзгерту, композициясын ұштау.т.б. жұмыстар атқарылады.

Газет жанрына сай келмеген материалды түзету - өзгертіп-түзетуге жатады. Газет редакциясында бұл әдіс оқырман хаттарымен жұмыс жасағанда немесе қоғамдық мәні зор, бірақ жазылуы ешбір сын көтермейтін дүниеге қолданылады.

Редактор өзгертудің белгілі бір шегін белгілеп, іштей оның өлшемін білуі керек. Авторға өзінің стилін, түсінігі мен танымын, тілін, позициясын таңбау керек.

Жоғарыдағы түзету түрлерінде композицияның құрылымына қатысты бірер мәселелер көтерілген болатын. Редактор композициямен жұмыс жасағанда үш міндетті шешеді. Біріншіден, композициялық құрылымның шебер құрылуы арқасында тақырыптың санамен тез қорытылуына қол жеткізеді. Екіншіден, материалдың логикалық желісін жүйеге келтіреді. Осылайша, әрбір мазмұндық буындар бір-бірімен қабыса, жымдаса байланысып тұрады. Үшіншіден, құрылымның орналасу тәртібіндегі тәсілдерді қоғамдық санаға эмоциялық-көркемдік деңгейде әсер етуге бағыттай алады.

Жалпы сөз өнерінде редакциялау қызметінің ерекше маңыздылығын атап өту шарт. Қандай шығарма болмасын ол редакциялауды қажет етеді.

Тіпті ұлы жазушы ғұламалардың еңбектері де сондай редакциялаудан сан мәрте өткен. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарындағы редактор - маңызды мамандық иесі екендігі шүбәсіз. Өйткені бүгінде 4-ші билік өкілдері саналатын бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікір қалыптастыруға айтарлықтай әсер етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқалаған функциялар да шаш етектен.

Оқырман, көрермен, тыңдарман – бір сөзбен айтқанда тұтынушы мен ақпарат арасындағы байланысты жасауда редактордың елеулі еңбегі бар. Редакторға тән қасиеттерді тізіп шықсақ, редактор білімді, логикалық ойлауы зор, тілдік нормаларды жетік меңгерген, ұйымшыл, өндірістік-техникалық процесті жетік білген болуы тиіс.

Оқырман редактордың материалды өңдеп-түзету үстіндегі қиналысын көріп-білмейді. Ендеше ол редактордың шығармашылығын, оның әдеби еңбегінің ерекшелігін жарияланған дүниесіне қарап бағалайды. Редактордың ескіше ойлауға, ескіше қолтаңба қалыптастыруына хақы жоқ. Кешегі шығармашылық табыс бүгінгі өлшем емес. Ендеше редактор әркез жаңа қырынан танылып отыруы тиіс. Ол заманнан артта қалмайды. Ол әркез алғы шепте жүретін тұлға. Бүгінгі таңда журналистика шын мәніндегі пікір мен идеялар трибунасына, халықтық арнаға айналуда. Телеарна, радио, газет-журнал материалдарында аналитикалық талдаулар , авторлық бағдарламалар, қаулап өсті. Оқырман, көрермен мен тыңдарман үшін өзінің рухани сұранысына сай таңдау жасаудың мол мүмкіншілігі туды. Сонымен бірге журналистер мен редакторлардың ең орталық тұлға ретіндегі жауапкершілігі артты.

Біз редактордың міндеттеріне кіретін мәтінді талдаудың әдістеріне және оның редакторлық қызметтегі орны мен рөліне тоқталдық. Әдеби редакцияға жалпы түсініктеме бере отырып, редактордың басты міндеттерін айқындауға тырыстық. Филологиялық әдістердің ішіндегі редакторлық анализдің мәні мен мамұнын ашу, сонымен қатар практикалық редакцияда алатын орнын анықтаудың негізінде оқырманның танымына жалпы аяны түсіндірдік деп санаймыз. Редакторлық оқу түрлері жайлы ақпарат беру арқылы мәтінді түзетудің әдістерімен таныстыруға қалам тарттық. Мәтін әзірлеу, автормен бірлескен жұмыс, дайындық кезеңі мен автормен жұмыс жасаудың қырлары талданып, болашақ журналист маманына қажетті мол мағлұматтар мен мәліметтер қамтылып үлгерді. Атап өтетін бір жайт, аталған еңбектің мазмұны, фактілері мен практикалық тәжірибелерден жинақталған кеңестер көп жылдар бойғы іздену мен талаптың негізінде туған болып отыр. Нақтырақ айтсақ, жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында әдеби редакция майталмандары К. И. Былинский, А. В. Абрамович және Э. А Лазаревич, Д. Э. Розенталь, Н. М. Сикорский, А. Э. Мильчин, М. П. Сенкевичтер, Л. В. Щерба, А. М. Пешковский, Ф. И. Буслаев сияқты ғалымдардың, сонымен қатар біздің замандасымыз К. Накорякованың ғылыми ой-толғамдары мен жеке тәжірибелерінен жинақталған материалдардан құралған еңбек бұл.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Семей мемлекеттік педагогикалық институты
umkd -> 5 в 020500 «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі»
umkd -> «Баспа қызметіндегі компьютерлік технологиялар»
umkd -> Гуманитарлық-заң, аграрлық факультетінің мамандықтарына арналған
umkd -> 5B050400 «Журналистика» мамандығына арналған
umkd -> Әдебиет (араб тілінде «адаб» үлгілі сөз) тыңдарман, оқырманның ақылына, сезіміне, көңіліне бірдей әсер беретін дарынды сөз зергерлерінің жан қоштауынан туған көрнек өнері
umkd -> 5В020500 «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті пәнінің
umkd -> «Өлкетану тарихы және мәдениеті»
umkd -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі шәКӘрім атындағы семей мемлекеттік
umkd -> 5 в 011700 : -«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет