Жас ұрпақты халық педагогикасында құқықтық тәрбие беру арқылы адамгершілікке тәрбиелеу



Дата23.05.2020
өлшемі81 Kb.
Жас ұрпақты халық педагогикасында құқықтық тәрбие беру арқылы адамгершілікке тәрбиелеу
Айджанова З. Ж.
Жас ұрпақтың құқықтық (праволық) білімін жетілдіруге мұғалім тәрбиесі ғана жеткілікті десек, кем өлшегеніміз болар еді. Олардың өмір тәртібіне көзқарасы ата-анасы арқылы қалыптасып, өзге тәрбие жүйесі арқылы толығып отырады. Жолдастары, достары және қоршаған ортасы көбірек әсер етеді. Оқыған әдебиеті, баспасөз материалдары, теле-радио хабарлары, көрген фильмдері білім қорын молайта түседі.

Халық мақал-мәтелдері, тыйым сөздер арқылы баланы жастайынан ұрлық қылмауға, өтірік сөйлемеуге, “біреудің ала жібінен аттамауға” тәрбиелеген. Мысалы, ала жіпті қазақ тыйым белгісі ретінде қолданған, пір тұтқан, киелі санаған. Баяға жаугершілік кезеңде, қым-қуыт айқаста аттан түсірген, қолға түскен тұтқындарды дөңгелете жерге тастаған ала арқанның ішіне отырғызып кетеді екен. Ала жіптің ішінде отырған жауды ешкімнің өлтіруіне құқы жоқ. Қазіргі кездерде де қолданылатын шлагбаум, МАИ қызметкерлерінің ала таяғы да тыйым белгісі ретінде сол заманнан ауысып келген болар.

Келешек ұрпақтың ақыл-кеңестен әдеп ұғуын, өздерінің жүріс-тұрысымен, сөйлер сөзімен, істер ісімен үлгі болуын қадағалайды. “Ұлға-отыз, қызға қырық үйден тыйым, қала берсе есіктегі күңнен тыйым” деген сөзді бекер айтпаған. Бірақ оларды осылай қатаң ұстапты деген ұғым тумаса керек. Жастар еркін, батыл болып өсуіне ерекше мән беріледі, сонымен қатар әдептен шығып кетпеу жағы назардан тыс қалмады. Соның нәтижесі болар, халқымыз билердің билігіне, ақсақалдардың ақылына ғана жүгініп, ешқандай құқық қызметінсіз, түрмесіз ғұмыр кешіпті. Елге көнбей бұзықтық еткен адамның мойнына құрым киіз кигізіп, бетіне түкіріп, елден аластап қуатын көрінеді. Осы орайда, “Абай” романындағы Қодар мен Қамқаны жазалау жолдары қайдан шықты деген сұрау айтылары даусыз. Бас кесу, дарға асу қайдан шықты дейтін сұраулар да көкейде тұратыны белгілі. Мұның бәрі кейін, көршілес мемлекеттерден кіріккен жазалар. Мысалы, Шығыс елдерінде ұрлық жасаған адамның бірінші рет саусағын, ал қайталанатын болса, қолын кескен. Кейбір түрмелерінде атжалманды әбден ашықтырып, құмыраға салып, өлім жазасына кесілген адамды қинап өлтіру үшін жамбасына байлап қоятын болған.

Әр түрлі өмір ағымдары қатаң жазаларды ендірмеске қоймады. Соның әсерінен Тәуке ханның жеті жарғысы, Абай жазған заңдары туындады. Сонымен бірге Шариғат заңдары да енгізілді.

XVII ғасырда өмірге келген әйгілі “Жеті жарғының” негізгі баптарына тоқталайық:

1) Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын. (Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігін сақтау талабынан туды.)



2) Түркі халқының мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын. (Бұл жарғы халықтың ортақ мүддесі – елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).

3) Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын. (Бұл жарғы жабайылықтың ең төменгі сатысына тән кісі өлтірушілікке тыйым салағн және мәдениеттіліктіңбелгісі ретінде танылуға тиіс өте үлкен елеулі жаңалық).

4) Ұрланған жылқы, өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін.

5) Өреде тұрған, тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын. (Ол кезде ат елдің, мемлекеттің соғыс күші ретінде бағаланға).

6) Төбелесте мертігудің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а) біреудің көзін шығарған кісі қызын береді, ал қызы жоқ болса, қыздың қалың малын береді; ә) төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.

7) Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын. (Бұл жарғы шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен, неке парызына адалдықты талап еткен маңызы зор жаңалық болды).



Осы сияқты мәселелер Шариғат заңдарында да қарастырылған. Бұл заңдардың маңыздылығын Бангладеш ғалымдарының айтуынша, АҚШ конституциясының 80 %-і Құран Кәрімнен алынған деген зерттеулерінен көруге болады. Ол заңдарда кісі өлтіру, аманатқа қиянат жасау, жетім-жесірлердің ақысын жеу және зинақорлық т.с.с. қылмыстар кешірілмес күнә деп есептелінген. Оған мына аңызды мысалға келтірейік: “О дүниелік болған мұсылманға сұрақ-жауап алатын періштелер (Мүңкір-Нәңкүр) күнәһарлардың өтеп жатқан жазаларын көрсеткен екен. Бір адамның алдында уылжып піскен, буы бұрқырап тұрған еттің орнына күңірсіп сасып, шіріген етті жегізіп жатқанын көрсетеді. Бұл қандай жаза дегенде, ол өзінің ары таза, жаны таза, ақ некедегі әйелі бола тұра, лас, арам пейілді әйелмен зинақорлық жасаған адам екен”.

Бұл заң, ережелердің барлығы адамзатты адал жолға салу, оларды адамгершілікке тәрбиелеу мақсатынан туындаған. Адамзатты адал жолға салу, тәрбиелеу үлесі ең алдымен отбасы үлесіне тиесілі болған және онда ата-ананың ролі маңызды орын алады.

Ата-анасының тілін алмаған бір пәлеге ұрынары сөзсіз. “Ана алдындағы құрмет, ата алдындағы қызмет”, “Анасына орын ұсынбаған, әкесіне қолын ұсынбас”, “Ана сүтін ақтамағанды – ешкім де мақтамайды”. Ондайлар төңірегіне сыйымсыз, бұзақы болып келеді де қорлық пен жазадан көз ашпайды. Яки “Анасының қарғысын алған ағайынның алғысын алмас”. Бұл мақалдардан байқап отырғанымыз ел заңының алғашқы (тәй-тәйі) қадамы, тұсау кесері – шаңырақтан басталады.

Біріншіден, ұл мен қызды тіршілікке бейімдеп, еңбекке ерте араластырыған. Себебі, адам баласы сотқарлық дегенге көбіне бала кезден-ақ кездеседі. Абайдың: ”тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын” деген сөздері дәлел.

Екіншіден, қазақтың “Он бесте отау иесі” деген сөзінде мән бар. Мұндағы мақсат – құтты орнына абыройлы қонуына қамқорлық, сақтық. Балалықпен бұзақылыққа баруға уақыты да, зауқы болмайды.

Бұл – қазақтағы ұрпақты қылмысқа жібермеудің бір адымы. Егер, қызды уағында ұзатпаса, ұлды ата сақалы иегіне түскенше аяқтандырмаса, күнде думан, күнде тойдың үйіріне жүген-құрығын сыпырып қоя берсе, балаларының табиғи түрде қылмысқа баратынын қазақ күні бұрын көре білген. Сонымен бірге, ата-ана көзі тірісінде бала қызығын көру.

Ертедегі қазақта әкенің бетіне келу, ананың тілін алмау, үлкенге қарсы шығу мүлде болмаған. Мұндайда қазақ ата-ана тілін алмағандар мен үлкенге қарсы шыққандарды “көргенсіз” деген сөзбен жазалаған. Бұл үкім бейбастақтыққа барған адамға ғана емес, оның тұқым-тұқиянын, арғы-бергісін, жер-жебірін қазбалап, оны тексіз деп танитын, тіпті, жеті атаны қозғайтын қатал айып. Одан сақтау бүкіл ауылға, руға міндет. Ең жауаптысы – шаңырақ иесі.

Қазақы шаңырақта туыстық шекара күшті. Әке-шеше, ата-әже, т.б. шаңырақта өз мәртебесі бар. Тыңдаушы үлкеннің айтқанымен жүру заң саналған. Өйткені, үлкен айтты болды – өмірді көрген, өзін де өзгені де біледі деп сыйлаған. Үлкендер отырған төрге бала-шағаның жылжуы – қазақта қылмыс. Ал, қазіргі кезде, ата салтымызды дұрыс сақтай алмай келеміз. Қарапайым ғана мысал, қоғамдық транспорттарда өзінің әке-шешесіндей, керек десеңіз, ата-әжесіндей адамдар тұрғанда жастар орын беруді білмейді. Кезінде мұндай жастарға бүкіл ауыл-аймақ қарсы шығып, тәрбиелеп отырған. “Әкесі тұрып ұлы, шешесі тұрып қызы сөйлегеннен без” деген мақал дәлел.

Қазақта әдептіліктің көп үлесі шаңыраққа бөлінген. Қазақ шаңырағындағы заңдылық өз ішінде мәртебеге және сатыға бөлінеді. Мысалы, бала талабын әкеге батып айта алмаса, жеңгеге (жеңге ағаға қарағанда тонның ішкі бауындай, қайнысына туған бауырынан да етене жақын), жеңге ағасына, ағасы шешесіне, шешесі отағасына баптап түсіндіреді. Үй иесі үкімін айтады. Бұл жүйені бұзу қазекемде қылмысқа өз аяғымен бару. Әке шаңырақта төрге қожа. Шаңырақтағы “төр” дейтін тақтың кішігірім патшасы. Ол шаңырақтағыларға “Құдай да емес, құдайдан былай да емес”. Тәртіп бұзылса әке теріс батасын берген, шеше ақ сүтін көкке сауған – ол ең қатал үкім. Мұндайда балалары көгермеген. Ақылды бәйбішесі отағасына, отбасының берекесін сақтау үшін, кей мәселелерді жеткізе бермеген. Сірә, қазекем бар жұмысты осылай ақылмен, айламен, адамгершілікпен басқарған-ау. Оған мысал, ақылдылығымен Домалақ ана елге шапқалы келе жатқан жауды қайтарған. “Бірде, Домалақ ананың үйіне бір топ атты кісілер түседі. Қазақта кім келсе де “құдайы қонақ” деп сыйлап, күткен. Домалақ ана да қонақтарын қарсы алып, күтеді. Қонақтарының сөздерінен, олардың елге шапқалы келе жатқан жау екенін байқаған ол – өз сүтінен иленген күлше пісіріп береді. Қонақтар: “Күлшеңіз өте дәмді екен”,- деп алғысын айтып, жүргелі тұрғанда, Домалақ ана: “Күлшені өз сүтімнен иледім, енді сендер менің өз ұлымдай десем болады. Сендер елге шапқалы келе жатқан райларыңнан қайтпасаңдар, мен сүтімді көкке сауамын”- дейді. Сонда, қазақтың үкімінен қорыққан олар кері қайтқан екен”.

Қазақта “Мақұл сөзге мал да маңырайды” деген сөз бар. Яғни, ара-тұра әкенің баланы да мойындайтын кезі де болады. Мысалы, “Ақыл – жастан, асыл – тастан” дейді халық. Демек, бұл арадағы өктемдік – ақылда. Әке мен баланың қайсысы ұтымды сөз айтса, сол ұтады. Мойындатқаны – ұлттық этикаға сай өктемдік.

Шаңырақтан тыс құқықтық тәрбиені қалай жүргізген? Тәртіпсіздік пен басбұзарлыққа қалайша жол бермей келген? Бұзақы мен қылмыскерді қалай жазалаған?

Қазақта шаңырақ иесі басқара алмаған асқынған жағдайды ауыл ақсақалдары басқарған. Оған баратындар – көбінесе түтін иесінің күші жетпеген, немесе шаңырақ заңына тәуелді емес істер. Қазақта бір ауыл бірнеше шаңырақтан құралады да, оның ақсақалы не ағасы болады. Осы ауылдан біреуді іздеген адам алдымен ақсақалын білуі шарт. Өйткені, әр ауыл қазақта “Пәленшенің ауылы” делінеді. Бір ауылда біраз үй болғандықтан араларында қақтығыс та, тентек те болмай тұрмайды. Бұларды басқаратын, жөнге салатын – ақсақал. “Ауыл ақсақалы” атану – мәртебе, шен. Өз көлеміндегі дау-дамайды, ара-жікті алдымен ауыл ақсақалы өзі шешіп басқарады. Ол кәдімгі қылмыс заңындағыдай болып, бап, айла, шара қолданады. Мысалы, Үкімі: “Сойылған бие үшін ұры құлынды бие төлейді. Бұл келесі жылғы төлі. Айыбына бір байтал төлейді”. Ақсақал үкіміне көнбегендер биіне ме, болысына ма жүгінеді.

Қазақ жеті атаға толмағандарды некелестірмейді, т.с.с. заң бұзушылыққа барғызбаған ауыл ақсақалы. Қазақтың ауыл ақсақалы үшін мұндайды басқаруға құрал да, күш те қажетсіз. (Көнбегенді ың-шыңсыз ретіне келтіре салады. Бұған араша түсу қиын).

Халқымыз әр жағдайды көп ойластырған. Соның бірі – әмеңгерлік. Қазақ нәсілін бұзбауды көздейді, қан тазалығы аса қажет. Қазақ келінді ұлына қарағанда көбіне жастай түсірген. Мұнда пендешілік те бар.

“Артымда жеткіншегім бар деуші еді,

Жесірін іздеп келіп неге алмайды” – деген.

Қыз Жібек қайнысы Сансызбай құралпы болатын.

“Ерден кетсе де, елден кетпес” деп, балаларын басқа қолға қаратып, жетімсіретпеуді көздеген халық мақсатын ауыл ақсақалы басқарады.

Бұның асқынғандарын “жер дауы, жесір дауын” билер, болыстар, төбебасылар шешеді де, ақсақал осының бір жағындағы жыртысын жыртады. Ауыл ақсақалы – қазақта сол ауылдың билігі бар бірден-бір ұйымдастырушысы. Ауыл ішіндегі өлім-жітім, той-домалақ, бас араздық, жылу жиюдың көбін осы кісі басқарады. Ауылдың мықты ақсақалы үйірін шырқ үйіретін, бір құлынға қасқырдың тісін тигізбейтін, бір биесіне жатты жолатпайтын шақар айғыр сықылды десек болады.

Ақсақалдың шамасы жетпеген іс қана рубасына барады.

Рубасы кім, міндеті қандай? (Қазақта ел басқарғандар бай болмаған. Себебі, басшы бай болса, малына қарап, халқына деген ақылы азаяды. Сол үшін қазақ басшыларына “қазан салығы” дегенді беріп тұрған. Бұнысы биі де, рубасы да тек елді ғана ойласын дегені.) Рубасы бір тайпа елге ие. Сол елдегі барлық мәселені шешетін осы. Бұл ақсақалдардың арасынан ақылмен, кейде байлық, кейде кіндігінен тарағандардың көптігінен осы шенге көтеріледі. Мұндай адам көбіне байдан гөрі ақылдыдан, арқалыдан, инабатты, адамгершілігі мол адамдар арасынан көп шығады. Бұларды құрылтай ашып сайламайды. Ол кейде өзінің елден ерекше көсемдігімен, шешендігімен, елге қайырымдылығымен бірте-бірте биіктейді. Мұндағы негізгі күш – әкімшіліктегі елінің сыйлауы. Ақсақалдан асқандар осы кісіге барады.

Заңдылықты басқару жүйесі осы сатыға келгенде билік қазақтың ауылындағы қандастық, туыстық жақындығын сақтау тәртібінен өтіп, енді ру намысын қорғау сатысына көтеріледі. Тектілікті сақтап өз руынан (7-8 атадан асқанымен) қыз алмайды. Себебі: руы бір, ұраны бір, пірлері бір.

Тектілікті сақтауды барлық ойшыл, ғұлама данышпандар да уағыздаған. Мысалы, Жүсіп Баласағұнидың мына өлең жолдарынан көруге болады.

Құр тоздырма нұрлы жүздің жылуын,

Босқа іздеме көрікті қыз сұлуын.

Ей, жас жігіт, жар таңдаған біледі,

Құр сұлуды іздесең жұрт күледі.

Әйел алсаң жеті атадан алысты ал,

Ол болмаса, Ей, азамат, қалыс қал.

Пейілді әйел мал да жинар, өндірер,

Байып алып өзіңе де өң кірер.

Ақылды әйел көрікті де, текті ғой,

Әйел көркі қылығында депті ғой.

деп, оның тегінің тазалығына да көңіл аударады.

Ал, кейбір халықтарда “жақсыны жатқа жібермейік” деп ағайындылар өзара қыздарын алыса берген. Қазақта басқа рулар мұндай өзара қыз алысқан руды қалжың-шыны аралас келекелейді. Соның ішінде: табалату, ұялту – қазақта соттаудың қазақы бір түрі. Себебі, аса арлы халық болып есептелген. Бұл қазақтың тектілігі, заңының мықтылығы. Оған қазақтың мынадай мақалдары дәлел: “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы”, “Өлімнен ұят күшті”, “Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді”, “Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына кейимін” деп, текке айтпаған қазекем. Осы қадірсіздікке, ұялмауға барғызбайтын рубасы. Осы арада рубасыларының өзара үзеңгі күндестігі болып, халық ақылдысына, әділіне ауады, бет бұрады. Сондықтан, рубасылар басқару ісінде кейбір салт-дәстүрлерді басшылыққа алады:



1) “Сәлем бергізу”. (Бір жақтан келген баласын қарсыластың үйіне “Сәлем бер” деп жібереді).

2) “Аяққа жығылу”. (Араз адамдардың кішісін үлкеніне апарады. Кішісі: “Жаздым, жаңылдым, жығылдым аяғыңа. Қараймын қабағыңа” деп, ишарат білдіріп, төрге емес босағаға отырады. Үлкені сыйлап төрге шақырады).

3) “Қамшы тастау”. (Ел ішіндегі әрекет асқынса, жанжал алдымен қамшыласудан басталады. Қамшы әрі бұйым, әрі қару. Мысалы, өсекке ілінсе дүре соқтырады, барымтада кісі өлсе құнгердің қамшысын тастатып, (бұл қанға қан алуға апармайды) яғни, құн төлетеді. Қамшысын тастауы – “біз жығындымыз, енді қайталанбайды. Ары қарай не істеудің тізгіні сіздерде” дегені).

4) “Құда түсу ” . (“Тасқынның емі – шым, даудың дауасы – қыз” дейді қазақ. “Алысты қыз жақындатады”. Араздық шектен шықса, рубасы бұларды құдандалы етудің заңына көшеді. Қазақ баласы қызы ұзатылған жерді қызы үшін сыйлайды. Арадағы алакөңілділікті кешеді. Жиен туған соң тіпті жақындасады).

Рубасылар болған қылмысты бітіруді ғана емес, оны болдырмауды да алдын ала ойлаған.

5) “Сойыл сындыру”. (Жерге таластан туындаған дау. Жазықты жақтың бастығындағы сойылды жазықсызға әкеп, аяғына жығады. Ол сойылын тізесімен қақ бөліп, алдыға тастайды. Бұл – жығындымын дегені.

6) “Мақтау, алдау”. (Қазақта қорқытқаннан ұялтқан ұтымды. Сойылдан гөрі сөзге, күңіренуден гөрі күлуге тез көнеді).

7) “Күндес”. (Қазақта “күл күндес”, “үзеңгі күндес”, “кір күндес” (байлар), “бақ күндес” болады. “Күл күндестер – байына таласу”. Рубасы: “мал – бәйбішенікі, бай – тоқалдікі”).

8) “Дүре”. (“Аюға намаз үйреткен таяқ” дейді).

Рубасының басқару шеңберінен шығып, ушығып кеткен дауларды билер мен болыстар шешеді.

Европада ұзақ жылдар бойы көшпенді халық туралы “жабайы және қатігез” деген теріс пікір қалыптасты. Халық мақал-мәтелдерінен, даналық сөздерінен, құқылық ережелерінен, заңдарынан олардың тұрмысы мен тыныс-тіршілігі бейнеленеді. Осыдан қазақ халқының ақылдылығын, адамгершілігін, саналылығын көреміз. Жаңағы айтылған пікірді мүлдем жоққа шығаратын дәлел – біздің би-шешендеріміздің өзі-ақ жеткілікті.

Қазақта би-шешендер ерекше тұлға. Ерекше тұлға дейтін себебіміз, бұрын-соңды қазақтан басқа халықтарда мұндай тұлға, мұндай елді аузына қаратқан адамдар болған емес. Шығыс халықтары арасында біздің билерімізге ұқсас бірлі-жарым болуы мүмкін, бірақ олар дәл қазақтағыдай еместін. Демек, би-шешендер тек қазаққа ғана тән құбылыс. Олар айтқан билік, шешендік сөздер тек қазақ арасында кездесетін халықтық асыл қазына болып табылады. Фактілер: 1859-1865 ж.ж. Көкшетау округінде 117 рет орыстар биге шағынған, Баян-ауыл округінде 65-тің екеуі ғана империя сотына, қалғаны биге шағынған. Ақмола округінде барлық істің 41-і де биге шағынған. Бұл фактілер империя сотынан би сотының беделінің артықшылығын көрсетеді. Қазақ тұрмысын зерттеуші ғалым А. К. Гейнс: “Билер соты тез әрі ауызша орындалады және әділ үкім шығарады. Сол себептен басқа ұлт өкілдері де билер сотына жиі жүгінген”, - дейді.



Бізде билер тарихы өте ертеден басталады. Кейбіреулер оны хандар дәуірінен деп жүр. Ол бекер. Тіптен сонау б.з.д. II-III ғасырлардағы Нәнді би, Елсау би, Оңқай би, Майқы би тәрізді баба билер өмір сүріп, аты осы күнге дейін жеткен жоқ па? Мысалы, “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би” деген қанатты сөздер билік осы кісілерден басталғанын көрсетіп тұр.

Би-шешендер кейін келе-келе хандық дәуірге келіп ұласты. Шыңғыс хан тұсында Майқы би, Әз-Жәнібек тұсында Жиренше шешен мен Асан Қайғы, Тәуке хан төңірегінде Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Едіге, Байдалы билер билік құрды. Билер және билер кеңесі Барақ хан, Керей хан, Өзбек хан, Есім хан, Қасымхан, Әбілқайыр хан, Абылай хан, Кенесары хан жанында да қызмет атқарған.

Сөз ханнан да жоғары болғандығы жөнінде көптеген аңыздар бар. Кезінде ел-жұрт қадірлеп, қастерлеген халқымыздың “қара қылды қақ жара” әділдік айтқан билері, шешендері “Шалқайғанға шалқай – пайғамбардың ұлы емес, еңкейгенге еңкей – әкеңнен қалған құл емес” деген қағиданы ұстана отырып, әділ әрі қатаң үкімдерін “Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деп, өз ойларын ашық, батыл жеткізіп отырған. “Тура биде – туған жоқ” деген сөз осыдан шыққан.

Көшпенді өмір салтында талас-тартыссыз, қиыншылық сәттерсіз болмаған. Олардың кең көлемділерін билер шешіп беріп отырған. Бидің шешімі кінәлі жазасын алып, жазықсыз жапа шекпейтіндей әділ болуы тиіс. Әділетсіздік жіберген билерге екінші рет басқа да дау жанжалға шешім айтқызуға ешкім келмеген. Билер халықтың әдет-ғұрпын бес саусақтай білуі тиіс.

Билерді ешкім сайламайды, олар халық қалаулылары болған. Мысалы, Абайды т.б. таңдап ақын еткен жоқ, олар да халықтың таңдауымен, қалауымен аты шықты.

Халық арасында жастайынан, бала кезден-ақ би атанғандар көп. Мәселен, Шорман қартайған шағында да Бала би деп аталып кетті, себебі алғаш 13 жасында дауды шешіп берген. Оның ата тегінде би болмаған екен. Ондай есімдер аз емес: Көнке би, Жобалай би, Досбол Балабиев.

Жобалай бидің аты Қасқа болатын, ал бала кезінде шақшақ Жәнібек пен Анеттің ұлы Кеңгірбайды келісімге келтірген, ол өз шешімін тікесінен емес жобалап, жорамалдап айтып отырып жеткізгендіктен солай аталып кеткен болатын.

Батыр Сырым Датов әрі би-шешен болған. Ол көптеген дауларды ақылмен , шешендігімен бітістіріп отырған.

“Ауыл ішіп отырған көлшік суға балалар түсіп жатады. Бір шал айқайлап балаларды қуады. Шалдың астындағы байтал үркек екен, балаларды қау бергенде тымағы түсіп кетіп, байтал содан үркіп, шалды құлатып кетеді, шал содан өледі. Ол заманда ер адамның құны мың қой немесе жүз ірі қара екен. Екі жақ келісе алмай 2-3 жыл жүріпті. Бітісе алмай жүргендерін есітіп Сырым: “Билігін маған берсе бітістірер едім”, – дейді. Ауыл ақсақалдары: “Бердік”, - дейді. Сырым:

Әуелі қаққа шомылған бала тентек,

Екінші оны қуған шал тентек.

Үшінші ұшып түскен тымақ тентек,

Төртінші үркіп жыққан байтал тентек, -

деп құнның төрттен бірін төлеттірген екен.

Билер соты әр уақытта ауызша жүргізілетін және арашашысының (адвокат) қатысуына жол берілетін. Билер шешімі егер де екі жақтың біріне ұнамаған жағдайда қайта қаралатын. Бұл мәселе дамыған елдердің сот процесіне де бергісіз еді. Жеті жарғыда: “Егер жауапкер билердің біреуінен күмәнді болса, оны істен аластатуға құқылы” делінген. Ондай билерге келесі жолы ешкім шағымданбаған. Сол үшін де оларға пәре алғаннан гөрі атын былғамағандығы маңыздырақ.


Халықта бір рудан шыққан адамдар бір отбасының адамындай болғандықтан, жауапкер мен би бір рудан болмауы тиіс. Мысалы, Қоңырат руынан шыққан талап етуші мен Арғын жауапкері арасындағы дауды шешуге де бүкіл аймақ билерін қатыстырмағандығы туралы деректер бар. Өйткені бұлар бір жүздің адамдары. Дегенмен бұл жағдайда жауапкерге биді өзі таңдау құқы беріледі.

Кіші жүз ханы Әбілқайырды өлтірген 1748 жылы, Барақ сұлтан бүкіл Қазақ хандығынан билерді өзі таңдап алған. Ол таңдаған 4 бидің бірі Ұлы жүзден Төле би болатын. Осыдан-ақ оның қазақ халқы ішіндегі абырой-беделін көруге болады. Төле би ерте ер жеткен, 20 жасында-ақ атағы елге жайылды. Оған тек Жаныс руының ғана емес, Дулат, Ботпай, Шымыр, Сиқым руларынан да адамдар келетін еді. Би болу өте қиын, өйткені ол заңдарды, әдет-ғұрыпты жақсы білу тиіс, шешендік өнері дамыған болу керек. Төле би Тәуке ханның жақтасы болып, 1718 жылы ол өлгеннен кейін де қазақтарды біріктіру жолында оның күресін жалғастырушы болды. Төле би жоңғарлармен болған соғыста Қарабектің жоңғарлармен бірігуіміз керек деген сөзін қаралап, оны сатқындығы үшін елден аластатып жіберді. Мұндай шара ол кездері хандардың да қолынан келе бермеген. Билердің үкімі өздерінің халық алдындағы беделіне лайық хан үкімінен де жоғары бағаланатын болған. Төле би өз кезінде көптеген батыр, би, хандардың ақылшысы болды.

1729 жылы қазақтың үш жүзінің басшыларын жинап алып, басын біріктіріп, жоңғарға қарсы елді азат ету күресіне шақырды. Соның нәтижесінде Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шакшақұлы Жәнібек, Әлім Жалаңтөс т.б. жоңғарды Аңрақайда тас-талқан етті.

Бидің шешіміне жауапкер келісе қоймаса, талап етуші жақ барымтаға барған, сонан соң, талабы орындалғаннан кейін барып малын қайтаруға келіскен. Қазақстан Ресейге қосылған соң барымтаға сын айтылды. Дегенмен кезінде Тәуке хан Жарғысында былай делінген болатын: “Егер жауапқа тартылушы қасақана сот үкімінен қашса, немесе талабын орындамаса талап етуші барымтаға баруға құқылы болған және қадағалаушыларға құны айып-құнмен бірдей екенін ескерту керек.

Сонымен бірге қарсы жаққа үш күн ішінде хабар бермесе, оны да ұрлық деп есптеген. Егер де ол малды сатып не соятын болса да ұрлық деп саналып, іс қозғалған. Жазықты жақ талапты орындаған соң оларға өз мал-мүлкін (барымтадан келген) қайтарып беруге тиіс”.

Момын руының адамдары 100 жылқысын ұрлаған елге келіп жылқыларын талап етеді. Ол елдің биі Көкшолақ өзінің шешендігімен сөз бермей, жылқыларын қайтарып бергізбей қояды. Талапкерлер жағы 12 жасар Досболға сөз бергенде, бала Көкшолаққа былай дейді:

Егер биелерді қазір бермесеңіз,

Құлынды болғанда берерсіз.

Егер олар арық кезінде бермесеңіз,

Оларды бордақылап берерсіз.

Егер өз еріктеріңізбен бермесеңіз,

Біздің күшімізге көз жеткізерсіз, - дегенде,

Көкшолақ би жылқыларын бергізген екен дейді.

Қорытатын болсақ, осындай елі үшін еңбек еткен, қасиетті дуалы сөзді би-шешен бабаларымыз туралы жас ұрпаққа үйрету, санасына сіңіру, халқымыздың құқықтық тәрбие берудегі ұлттық тағылымдарын, тәлім-тәрбие үрдісін еске алып, ескеріп, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсыну ұстаз міндеті. Мектепте оқу-тәрбие үрдісінде осы мәселелерді жүзеге асырудың бір жолы халықтық мақал-мәтелдердің мағынасын ашып түсіндіру. Мысалы, “Жазасын тартпайтын жамандық болмайды”, “Жамандарға рақым қылу – жақсыларға жәбір көрсетумен бірдей”, “Жамандық қылсаң, пәле күт – бәріне де зауал бар”, “Қолыңда Сүлеймендей қуат болса да, қылдырықтай құмырсқаға қиянат қылма”, “Өш алғаннан гөрі кешірген жақсы”, “Он түрлі адам заңды мойындамайды, олар: мас, ұқыпсыз, қомағай, жынды, шаршаған һәм ашуланған, ашыққан, асыққан, үрейленген және ғашық болған адамдар”, “Дұрыс қанаттанған түзу ұшар”, “Арақ ішсең – аздым де, өз көрімді қаздым де”, “Ақылды ауыр көрген – ақымақты бауыр көрген” деп арын таза сақтауды бірінші мақсат еткен. “Жігіттің өтірік айтқаны – өлгені” деп өтірік пен өсектен қашқан.

Бұл даналық сөздердің барлығы адамның міндеті мен құқын ажыратып, өмірде дұрыс азамат болып қалыптасуына көмектеседі.





Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет