Лексикологияның зерттеу обьектісі мен салалары



бет1/3
Дата07.08.2020
өлшемі245.5 Kb.
  1   2   3
Лексикологияның зерттеу обьектісі мен салалары

Жоспар


1. Лексикологияның зерттеу объектісі

2. Лексикологияның салалары

3. Сөз туралы түсінік

Тірек түсінік: Лексикология – сөз жайлы ғылым. Сөз, сөз мағыналары, сөз түрлері. Этимология, семасиология, лексикография, фразеология.
Тілдің сөз байлығын, яғни лексикасын зерттейтін саланы лексикология деп атайды. Сөздің мағыналық, дыбыстық жағы, шығу төркіні, даму тарихи, қолдану ерекшелігі, жасалу жолы, өзгеру жүйесі т.б. жақтары бар. Бұл оның күрделі категория екендігін көрсетеді.

Лексикология – гректің «лесис» сөз және «логес» ілім деген сөзінен жасалған термин. Қазақ лексикологиясы қазақ тілінің негізгі сөздік қоры мен сөздік қурамын, оның дамып, баю жолдарын, фразеологияны, олардың түрлерін зерттейді және қазақ тілі лексикасының осы замандағы қалпын, оны қураушы сан алуан арналар мен қат-қабаттар, сөздердің активті және пассивті топтарын сөздердің экспрессивті-стилистикалық қасиеті мен қолдану шеңбері туралы мәселелерді қарастырады.

Қазақ тілі лексикологиясы қазақ тіл білімінің фонетика және грамматика салаларымен тығыз байланыста болады. Фонетикамен байланысы қандай сөз болса да дыбыс тіркесімен айтылып, белгілі бір мағынаны білдіреді. Мыс: ақ-а/қ дыбыс тіркесімен айтылып түсті білдірсе, бутақ – заттық уғымды, бес – сандық, бару-қимылдық ұғымды білдіріп тур.

Сөздердің бір-бірінен ажыратылуы да фонемалардың саралап ажыратушы қызметіне байланысты. Мыс: сан, сен, бар, бер, бүр, кел, кәл, күл, кіл т.б. Тіл дыбыстары әдетте, сөз ішінде айтылады, сөзден тыс өздігінен өмір сүре алмайды.

Лексикология әсіресе грамматикамен байланысты. Тілдегі сөздер номинативті (атау) қызметпен бірге, грамматикалық қызмет те атқарады. Сөздер жеке дара күйінде емес, өзара байланыста қолданылады. Мыс: Жулдыз сабақ жақсы оқы. Осындағы сөздердің жеке турғандағысы – лексикалық мағыналары. Ал, грамматикалық турғыдан алғанда Жулдыз, сабақ – зат есім, жақсы – сын есім, оқы – етістік. Әрқайсысы сөйлемнің дербес мүшелері қызметінде жұмсалады. Мыс: Жулдыз – бастауыш, сабақты – толықтауыш, жақсы – анықтауыш, оқиды – баяндауыш. Міне, сөздің грамматикамен байланысы. Лексикологияның грамматикамен байланысы әсіресе сөз тудыру тәсілдерінен де айқын көрінеді. Бірақ, бул екеуі байланыста болғанмен, әрқайсысының зерттеу объектілері басқа.

Қазіргі қазақ тілі лексикологиясының мынадай салалары бар: этимология, семасиология, фразеология, лексикография.

Тіліміздің сөздік қурамының шығуы, замандар бойында қалыптасуы мен дамуы т.б. тарихи лексикологияға тиісті, оның бір саласы – этимология. Этимология гректің «ефимос» шындық және «логос» «сөз», «ілім» деген сөздерінен жасалған. Ол сөздердің шығу тегін зерттейді.

Сөздердің мағыналық жақтары семасиологияда қарастырылады. Ол сөздердің мағыналарын, оның өзгеру, даму жолдарын, семантикалық заңдарды зерттейді. Сөз затты немесе қубылысты атайды, ұғымды білдіреді. Сөз өзінің мағынасы арқылы ұғым мен байланысты болады. Сөз дыбысталу мен мағынаның бірлігінен қуралады. Бірақ, сөздердің бәрі ұғымды білдіре бермейді. Мыс: одағайларда белгілі мағына болғанмен, ұғымды білдірмейді. Шылауларда солай. Мыс: Сен келесің бе? Осындағы бе? сөзінде сұраулық мағына бар, бірақ ұғымды білдірмейді. Сөз мағыналарының түрлері ауыс, келтірінді т.б. семасиологияда қарастырылады. Гректің «семасиа» белгі – логос ілім сөзінен шыққан.

Шындық болмыстағы заттар мен қубылыстар жеке сөздермен ғана емес, тұрақты сөз тіркестерімен де аталады. Мыс: Қой аузынан шөп алмас (момын), төбесі көкке жету (қуану) т.б. Фразеология турақты сөз тіркестерінің құрамы мен құрылысын, олардың түрлерін, жасалу жолдарын қарастырады. Фразеология – phrases «сөйлемше» және логос «ілім» жасалған.

Лексикологияның лексикография саласы сөздіктер, олардың түрлерін қарастырады. Грекше лехис – сөз және грапхо «жазамын» сөзінен жасалған. Лексиканың қарастыратыны – табиғат пен қоғамдағы сан алуан құбылыстар мен заттардың аттары болатын дербес сөздер. Сөз жеке нәрсені аңғартады, сонымен бірге оның жалпылама мәні болады. Мыс: өзен, тау жалпы атама.

Сөздің екі жағы болады 1- материалдық, дыбыстық жағы, 2-идеялық, мағыналық, ұғымдық жағы. Булар өзара тығыз байланысты. Дыбыстар – тілдің материалдық таңбалары, есту мүшесі арқылы қабылданып, бір сөзді екенші сөзден ажыратады. Мыс: кел, ел, кес т.б. сөз белгілі бір дыбыстық тіркес арқылы айтылып, сөз түрінде қабылданады. Сөз дегеніміз – басқаға тәуелсіз жеке қолдануға болатын, жеке тұрып белгілі бір мағынаны, ұғымды білдіретін тілдің бір бүтін мағыналық бөлшегі Cөздің мазмұны, ұғымы, оның мағынасын жасайды да, сөздің формасын оның дыбыстық құрамы жасайды. Сөз мағынасы – оның білдіретін түсінігі, мазмұн мен форма бірлігінен турады. Мазмұн мағынасын жасаса, форма – дыбыстық жағын, таңбасын жасайды. Сөздің лексикалық мағынасы деп, әрбір сөздің өзге сөздермен қарым-қатынасқа түспей, жеке-дара тұрғандағы нақтылы я негізгі мағынасын айтады. Сөздің лексикалық мағынасын тура негізгі мағынасы деп атайды.

Ал, сөздің нақтылы лексикалық мағынасымен жарыса отырып, оны айқындап, саралай түсетін, я сөйлемдегі басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу нәтижесінде туатын жалпы мағынасын грамматикалық мағына дейміз. Мыс: Бала кітап, жолдас, алып, оқыды әрқайсысының лексикалық мағынасы бар. Осыны Бала кітапты жолдасынан алып оқыды. Бала – заттық атауды білдіруі лексикалық мағынасы, ал жекеше екендігі және атау септігінде туруы грамматикалық жағы. Кітапты – бір лексикалық, екі грамматикалық мағына бар. Жекешелік және табыс септігінің жалғауы – грамматикалық мағыналары. Жолдасынан – бір лексикалық, үш грамматикалық мағына бар. 3. Жекешелік - ы – тәуелдік жалғау, нан – шығыс септігінің жалғауы. Алып – ал қимыл атауы, ып – көсемше грамматикалық мағынасы. Оқыды – ды – өткен шақ, үшінші жақ грамматикалық мағынасы.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Лексикология нені зерттейді?

2. Лексикологияның қандай салалары бар?

3. Сөз дегеніміз не?

4. Сөздің мағыналық жағы мен дыбыстық жағының ерекшеліктері?

5.Сөздің лексикалық мағынасының грамматикалық мағынадан айырмашылығы?



Негізгі әдебиеттер:

1. Болғанбайұлы Ә, Қалиұлы Ғ. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А.1997.

2.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазірі қазақ тілі. (лексика мен фонетика). А,1995.

3. Балақаев М., Сайранбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтакисі. Алматы, 1997.

4. Мырзабеков С.Қазақ тілінің фонетикасы. Алматы, 1992.

5. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А, 1998

6. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы.1991

Көмекші әдебиеттер:

1. Бектуров Ш.К.Қазіргі қазақ тілі (синтаксис) Алматы, 2006.

2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы. 1993

3. Әміров Р, Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1998.

4. Оразов М. Көмекші сөздер. Ташкент, 1997

5. Оразов М. Етістік. Алматы, 2000

6. Исаев С, Бектуров Ш. Сөйлемді рамматикалық талдаудың тәсілдері. Алматы, 2007.

7. Дүйсебаева Д. Қазіргі қазақ тілі (лексиколоия). Оқу қолданба, Ташкент. 2008


Сөздің формалары. Сөзге тән белгілер. Сөз типтері

Жоспар:


  1. Сөз формалары туралы түсінік.

  2. Сөздің негізгі белгілері.

  3. Сөздің өзіне тән белгілері.

  4. Сөз типтері туралы түсінік.

Тірек түсінік: Сөз-белгілі бір ұғымға берілген дыбыстық комплекс.

Сөздің жеке өзіндік белгілері. Сөз типтерінің түрлері.

Cөз тілдің, оның өзіндік құрамының заттар мен құбылыстарды, олардың қасиеттерін, шындық өмірдегі қатынастарды атап білдіретін негізгі единицасы, дербес бөлшегі болып табылады. Лексикалық жүйенің даралық қасиетке не негізгі единицасы бола отырып, сөз жеке тұрып та, басқа сөздермен тіркесіп те тарихи қалыптасқан ұғымдарды білдіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Сөздің осы қасиеті оның лексикалық единица екендігін (даралық қасиетін) көрсетеді. Әр тілдегі сөздердің лесикалық единица болу сипаты, олардың құрылымдық ерекшеліктері сол тілдің фонетикалық, семантикалық, грамматикалық белгілері арқылы анықталады.

Біріншіден, сөз біткеннің бәрі де тілдегі дыбыстардан жасалады, дыбыссыз сөз жоқ. Сөз – дыбыстық құрылымның жиынтығы, сол арқылы жарыққа шығады. Сөзді жасайтын дыбыстар немесе олардың жиынтығы қалай болса солай емес, тілдің фонетикалық заңдарына сәйкес қалыптасқан. Сөз кез келген дыбыстан емес, фонемалық дыбыстардың белгілі жүйеде келуі арқылы жасалады. Мысалы, адамның, жан-жануардың, көру мүшесін атап білдіретін көз деген сөз к, ө, з фонемаларының бізге белгілі жүйеде тіркесіп берілуі арқылы жасалып тұр. Сөйтіп, сөзді жасайтын дыбыстар оның материалдық жамылғысы, сыртқы көрінісі болып табылады. Тілде құбылысты, затты, іс-қимылды атап білдіретін сөздер дыбыстық құрылымдар түрінде қалыптасқан.

Екіншіден, сөз дыбыстық құрылымнан жасала отырып, зат, құбылыс, іс-қимыл жайында жалпыға түсінікті, қоғамдық дәрежеде қалыптасып, қауым таныған ұғымды (мағынаны) білдіреді. Мысалы, мал, қол, үй деген сөздер жеке тұрып-ақ нақты заттардың ұғымын білдіріп тұр. Сөздің дыбысталуы оның материалдық сыртқы көрінісі болып табылса, ал ұғымды білдіріп мағынаға ие болуы оның ішкі мазмұнын білдіреді. Мағынасыз сөз жоқ. Сөздің дыбысталуы мен білдіретін ұғымы (мағынасы) оның лексикалық единица екендігін танытатын екі жақты қасиеті болып табылады. Бұл екеуі бірлікте қаралады. Сөздер бір-бірінен осы қасиеттеріне қарап ажыратылады. Рас, қазіргі кезде жеке тұрғанда нақты ұғымы (мағынасы) белгісіз сөздер (омонимдер, көп мағыналы сөздер т.б.), кездеседі. Мысалы, аяқ, біз сөздерінің жеке тұрғанда қай мағынаны білдіретінін айту қиын, оны тек сөйлеу кезінде, басқа сөзбен байланысқанда ғана анықтауға болады. Ас ішіп аяқ босатар немесе етік тіге алмаған біз таңдайды десек, олардың қай мағынада айтылып тұрғаны күмән тудырмайды. Бірақ жалпы сөздік қүрам тұрғысынан алғанда, тіл дамуына байланысты кейін туған ондай сөздер белгілі мөлшерде ғана кездеседі.

Үшіншіден, сөз грамматикалық тұрғыдан қарағанда сөз таптарына тікелей қатысады, соларға телулі. Сөз таптарында біртұтас сөз тұлғаларын жасап, грамматикалық единица бола алады. Бұл – оның сөз тіркестерінен өзгешелігін көрсетеді. Сонымен бірге әрбір сөз не түбір морфемадан, не түбір мен қосымша морфемалардан (морфема – тілдің ары қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі мағыналық бөлшегі) тұрады, солардың жиынтығы болып табылады. Мысалы, қол десек, бір ғана түбір морфемадан, қолтық десек, түбір морфема мен қосымша морфемадан, қолтықша десек, бір түбір морфема, екі қосымша морфемадан жасалып тұр. Морфемалық құрамнан тыс сөз жоқ. Бұл айтылғандар сөздің құрылымдық сипатын тілдің фонетикалық, семантикалық, грамматикалық заңдылықтарымен байланыстырып қарағанда ғана толық түсінуге болатынын аңғартады.

Сөз табиғатының күрделілігіне байланысты қазіргі тіл білімінде оның басқа да қасиеттері көрсетіліп жүр.

1. Сөз құрылымының тұйықтығы дербес сөз болу үшін оның құрылымына өзгеріс енгізуге, басқаша өзгертуге келмейтіндей болуы шарт, яғни сөздің құрылымдық тұйықтығы, тұтастығы сақталуы керек. Мәселен, базар, қазан, құлақ сөздері білдіріп тұрған мағыналар аталған сөздердің осы құрылымда айтылуы арқылы ғана беріледі. Олардың құрылымына басқа бір дыбыс не қосымша еніп кетсе, онда бұл сөздердің құрылымының тұтастығына нұқсан келіп, ұғымы сақталмайды. Сөз мағынасын өзгертпейінше, құрылымын басқаша құру мүмкін емес.

2. Сөздің о баста зат я құбылысқа атау болып қалыптасуының себебін көрсету мүмкін еместігі. Мысалы, жол деген ұғымды білдіретін сөз басқаша аталмай, не себепті о баста осылайша аталғанын білу мүмкін емес. Ал бұрыннан белгілі атаулардың негізінде неғұрлым кейін туған атаулардың жөні бөлек, олардың қалай пайда болғанын білуге болады. Мысалы, жолақ, жолшы, жолдас ұғымын білдіріп тұрған сөздің тууына себеп жол сөзі екені белгілі.

3. Сөздің сөйлеу үстінде даяр қалпында үнемі қайталанып (воспроизводимость) отыратындығы. Сөз қайда және қашан қолданылса да даяр күйінде қолданылады, ол сөйлеу үстінде жасалмайды. Сөздің бұл қасиетін еркін сөз тіркесі мен сөйлемнің жасалуымен салыстырсақ айқын көреміз, өйткені соңғы екеуі сөйлеу үстінде жасалатыны белгілі. Ал сөз керісінше тілде бұрыннан белгілі, даяр қалпында сөйлеп я еркін сөз тіркесінің құрамына кіреді. Сөз даяр, тұтас единица ретінде жұмсалу қасиеті жағынан фразеологизмдерге ұқсас. Алайда, сөз бен фразеологизмдерді бірдей деп қарауға болмайды. Бұл екеуі құрылымы, қызметі жағынан бір-бірінен басқаша.

Сөздің өзіндік белгілері жайында жоғарыда айтылғандар ол туралы жалпы мәлімет болып табылады. Қазақ сөзінің құрылымдық-семантикалық қасиеттері мен қызметі жайында кейінгі тарауларда толығырақ сөз болады.

Адам санасында ұғымның қалыптасуында мынадай бір ерекшелікті есте ұстау қажет. Адам заттар мен құбылыстарды танып білуде өзінің жадында олардың ең басты айрықша белгілерін сақтаған. Кейін заттардың негізгі белгілерін салыстыру арқылы бір-біріне ұқсас, тектес заттардың ортақ белгілері анықталған. Сол айрықша, ортақ белгілердің негізінде зат, құбылыс жайында ұғым қалыптасқан. Демек, ұғымда белгілі бір зат, құбылысқа тән барлық белгі, қасиет бейнеленбейді, тек заттар мен құбылыстардың бір-бірінен ерекшелігін білдіретін, неғұрлым маңызды жалпы белгілері жинақталып беріледі. Мысалы, құрылысына, салыну ерекшеліктеріне, түрлеріне т.б. қарамастан, дүниеге үй атаулыға тән ортақ белгі – олардың баспана болатындығы. Үй атаулының бәріне ортақ осы қасиеті үй туралы ұғымда жинақталып, топшыланып берілген.

Заттың, құбылыстың негізгі жалпы белгілері ұғым болып, тек сөз арқылы қалыптаса алады. Ұғым тілдегі сөздердің негізінде туады, сол арқылы жарыққа шығады. Сол себепті сөз ұғымның материалдық көрсеткіші, шындық өмірдегі көрінісі болып табылады. Сөз бен ұғымның байланысы адамдардың қоғамдық өмірде бірлесіп өмір сүруі, әрекеттенуі негізінде іске асады. Сондықтан тарихи бір дәуірде туған сөздер бір тілде сөйлейтін қоғам мүшелерінің бәріне бірдей дерлік түсінікті болады. Бұдан сөз бен ол білдіретін шындық өмірдегі зат, құбылыстың арақатынасын зерттеуде тарихи деректерге сүйеніп отыру қажеттілігі туады.

Сөздің негізгі қызметі – атау, яғни зат, құбылыс, әрекетті, олардың белгілерін атап білдіру. Бұл арада мынадай жайттар ескерілуі керек.

Біріншіден, ұғым сияқты сөзде де зат, құбылыстың жалпы, айрықша белгілері жинақталып, топшыланып беріледі. Мысалы, жоғарыда айтылған үй ұғымына тән ортақ, жалпы белгі, қасиет осы ұғымды білдіретін үй сөзіне де тән, онда да үй атаулының бәріне ортақ белгісі – оның баспана болатыны жинақталып, жалпыланып берілген. Неғұрлым кейін пайда болған ұғым атаулары бұрыннан белгілі ұғымдарға ұқсастық негізінде жасалып отырады. Мысалы, биемшек, түйетабан, итмұрын, қосаяқ, күнбағар сияқты атаулар, сөз жоқ, осы сөздердің құрамындағы бұрыннан белгілі атауларға (бие, емшек т.б.) ұқсатудан шыққан.

Екіншіден, сөз жалқы бір затты ғана атап білдірмейді, жалпылап, жинақтап бір тектес заттарды да білдіреді. Мысалы, ат деп тек мінетін бір атты емес, жалпы ат біткенді атаймыз. Сол тәрізді адам, халық, бала, кұм, өзен, қала сияқты сөздердің де жалқылық, жалпылық қасиеті бар екенін аңғару қиын емес. Мәселен, зат есімдер бүкіл сөз табының ішіндегі логикалық ұғымы жағынан ең айқын сөз табы десек, олардың да нақтылығы өзара салыстырғанда бірдей бола бермейді. Зат есімнің ішіндегі ең нақтылысы жалқы есімдер десек, бұлардың өзінде де белгілі дәрежеде жалпылық сипаты болады. Ахмет деген жеке адамға меншіктеп берілген ат (өзгелерден даралап ажырату үшін қойылған белгі) осы есімнің өзі өмірде біреу (жалқы) болмай, толып жатқан адамға ортақ ат болып қолданылады.

Сонда тілдегі кісі аттарының өзі шартты түрде ғана жалқы есім болып шығады. Қарағай деген сөз барлық қарағай біткен біртектес ағашқа тән ортақ атау болса, Ахмет деген кісі аты жүздеген адамға қойылған ортақ есім. Айырмасы қарағай деген белгілі бір заттың ұғымын білдіріп тұрса, Ахмет деген заттың ұғымын емес, бір затты сол тектес басқа заттардан айыру үшін қойылған бір белгі ретінде қолданылып тұр. Жалқының да жалқысы бар. Мысалы, жер-су, қала атаулары (Азия, Ертіс, Ұлытау, Париж, Қазақстан) негізінде тек дара заттарды атап білдіретіндіктен, оларға шын мәнінде жалқылық қасиет тән.

Етістікке тән сөздердің жалпылылығына келсек, жалпы есімдердің жалпылығынан да анағұрлым күрделірек, күштірек екендігін көреміз. Мәселен, адам баласының коректік затын ас, тамақ деп, өзге жан-жануарлардың азығын жем, шөп өлексе т.б. деп қаншама сөзбен ажыратып береміз. Ал етістікке келгенде негізінен барлық жан-жануарлар мен адамзатқа бірдей қою тамаққа жеу, сұйық тамаққа ішу деген сөздер ғана қолданылады. Олай болса, заттық ұғымдағы сөздерден етістік ұғымды білдіретін сөздердің жалпылық қасиеті күшті.

Үшіншіден, сөз бен сол сөз атап білдіріп тұрған зат, құбылыс я әрекеттің арасында ешбір табиғи байланыс болмайды. Тілдегі сөздер зат, құбылыстарға шартты түрде атау болып кейін қалыптасқан. Сөз бен зат, құбылыстың арасындағы табиғи байланыс болмағандықтан, белгілі бір зат я құбылыс әр тілде әр түрлі аталады (қазақша - адам, орысша – человек, немісше – mensch т.б.). Зат, құбылыс, іс-қимыл жайындағы ұғымдардың халық тілінде аталуы басқаша болып келеді. Осыдан барып дүниеде көп тілділік пайда болған.

Төртіншіден, тілдегі сөздердің бәрі бірдей қалыптасқан логикалық ұғымды білдіре бермейді. Мысалы, қазақ тіліндегі шылау, одағай, көмекші сөздер, модаль сөздер, белгілі дәрежеде есімдіктер ұғымды білдірмейді, себебі олар материалдық ақиқат өмірдегі зат, құбылыс ұғымдарымен тікелей байланысты емес. Бірақ ондай сөздердің қай-қайсысы болсын мағынаға ие. Мысалы, -ма, -ме сұраулық шылауларында затты не құбылысты білдіретіндей ұғым жоқ болғанымен, басқа сөзге тіркескен жағдайда сұраулық мағына тудырады (кітап бар ма?). Әй, әттеген-ай одағайларында да белгілі ұғым жоқ, бірақ олар шақыру, өкіну мағыналарын білдіреді.

Сөздер ұғымды білдіру, білдірмеуіне қарап екі топқа бөлінеді:1) ұғыммен тікелей байланысты, ұғымдық сипаты бар толық (дербес) мағыналы сөздер. Оларды грамматикалық қызметіне қарап атауыш сөздер деп атайды. Бұларға өздеріне тән лексикалық, грамматикалық мағыналары бар, тілдік қарым-қатынастың негізі болатын зат есім, сын есім, сан есім, етістік, үстеу, еліктеу сөздер жатады.2) зат, құбылыс ұғымымен тікелей байланыссыз, ұғымдық сипаты жоқ дербес мағынасыз сөздер. Оларға грамматикалық қызметіне қарап көмекші сөздер деп аталатын шылау, одағай, көмекші сөздер, модаль сөздер жатады. Мысалы, еді, деді, жаздады, үшін, және, бәлкім, әрине, бәсе т.б. Есімдіктер атауыш есім сөздердің орнына жұмсалып, есімдер тобына қосылғанымен, нақты ұғымды білдірмейді.

Сұрақтар мен тапсырмалар



  1. Сөз формалары дегеніміз не?

  2. Сөздің негізгі белгілері қандай?

  3. Сөз типтері дегеніміз не?

  4. Сөздің өзіне тән қасиеттері қандай?

Негізгі әдебиеттер:

1. Болғанбайұлы Ә, Қалиұлы Ғ. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А.1997.

2.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазірі қазақ тілі. (лексика мен фонетика). А,1995.

3. Балақаев М., Сайранбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтакисі. Алматы, 1997.

4. Мырзабеков С.Қазақ тілінің фонетикасы. Алматы, 1992.

5. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А, 1998

6. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы.1991

Көмекші әдебиеттер:

1. Бектуров Ш.К.Қазіргі қазақ тілі (синтаксис) Алматы, 2006.

2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы. 1993

3. Әміров Р, Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1998.

4. Оразов М. Көмекші сөздер. Ташкент, 1997

5. Оразов М. Етістік. Алматы, 2000

6. Исаев С, Бектуров Ш. Сөйлемді рамматикалық талдаудың тәсілдері. Алматы, 2007.

7. Дүйсебаева Д. Қазіргі қазақ тілі (лексиколоия). Оқу қолданба, Ташкент. 2008

Сөздердің мағыналық қатысына қарай жіктелуі.

Жоспар:


1. Полисемия және сөздің лексикалық мағыналарының түрлері

2. Полисемияның омонимдерден өзгешелігі.

3. Омонимнің түрлері мен өзіндік белгілері.

4. Синонимдер, пайда болу жолдары.

5. Антонимдер өзіндік сипаты мен пайда болу жолдары.

Тірек түсінік: Семасиология сөз мағыналары туралы ғылым. Лексика-семантикалық топтар: омоним, синоним, антоним. Олардың жасалу жолдары.
Тілдің байлығы мен даму дәрежесі сөздік құрамдағы сөздердің саны көп болуымен ғана өлшеніп, мөлшерленіп қоймайды, сонымен бірге ондағы сөздердің семантикалық байлығымен де белгіленіп отырады. Сөздің екі, я одан да көп мағынаны ие болуын сөздің көп мағыналылығы (полисемия) дейміз. Сөздің көп мағыналылығы  негізінде сөздік қордағы сөздерге тән қасиет. Неге десеңіз, бұлар  ұзақ жылдар бойы өмір сүріп, тілде жаңа сөз, тың мағыналар жасауға ұйытқы болып келе жатқан байырғы тума сөздер. Сөздік қордағы сөздер де ең алғаш пайда болған кезінде аз мағыналы болған.

Сөзге қосылған жаңа мағына басқа жақтан келіп, өз-өзінен жамала қалмайды. Әрбір жаңа мағына әр сөздің білдіретін мағынасының айрықша қасиетінен, түрліше сыр-сипатынан келіп шығады. Сөз өзінің білдіретін заттың, құбылыстың барлық қасиетін толық бірден қамтып, суреттеп бере алмайды. Егер сөз өзінің білдіретін ұғымын барлық ерекшеліктерімен түгел жинақтап, бірден көрсеткен болса, онда сөз ауыспалы мағынада айтылмаған болар еді. Ал сөз ауыспалы мағынада жұмсалмаған болса, тілде көп мағыналы сөздердің кездеспеуі де мүмкін.

Адамзат пен жан-жануардың көру мүшесін көз деп атаймыз. Сонымен қатар иненің көзі, есіктің көзі, терезенің көзі, бұлақтың көзі деп те қолданамыз. Негізіне келсек, осылардың семантикалық жағынан байып көбеюіне себеп болған сөздің ең алғашқы номинативті (еркін) мағынасы екендігі даусыз.

Сөздің семантикалық құрылысы неғұрлым кұрделі әрі бай болса, соғұрлым олардың (көп мағыналы сөздердің) тілдегі атқаратын қызметі де күшейе бермек. Әсіресе, көп мағыналы сөздер сөздік құрамдағы синонимдердің көбеюіне үлкен ықпал етіп отырады.

Көп мағыналы сөздер мен омонимдердің сыртқы формасы жағынан бір-біріне ұқсастығы бар. Сөздердің дыбыстық құрылымы жағынан бұлар нақ бірдей деуге болады. Омонимдер мен көп мағыналы сөздердің бір-бірінен өзгешелігі формасында емес, мағынасында жатыр. Көп мағыналы сөздердің екі, немесе одан да көп мағынасы болады. Бірақ, бұлар әрбір сөз табына емес, бір ғана сөз табына қатысты. Сондықтан да көп мағыналы сөздердің бір негізден (тура мағынадан) шыққандығын мағыналардың өзара жақындығынан, ұқсастығынан бірден танып білуге болады. Мәселен, майда тас, майда ұн деген сөздерді алсақ ұсақ-уақ дегенді ұқсақ, майда шөп, майда сөз деген сөздерден жұмсақ, биязы деген мағынаны түсінеміз. Ал мінезі майда дегеннен сыпайы, жайдары дегенді аңғарамыз. Бұл мағыналар бір ғана сөз табына қатысты болып, бір негізден тарағандығы ап-айқын білініп тұр.

Омонимдер біркелкі дыбысталып айтылатын, бірақ ұғымы басқа-басқа сөздер табын білдіреді. Бұлардың білдіретін ұғымы бір сөз табына да, әр сөз табына да дара-дара болып бөлініп-жарылып тұра береді. Мағына жағынан әр ұғымның өзара жақындығы, ұқсастығы мүлдем сезілмейді. Қайта бір-біріне соншалықты алшақ, кереғар екендігі аңғарылады. Мысалы: Ара I. Ағаш кесетін жұқа темірден жасалған құрал. Ара II. Гүл шырынынан бал жинайтын қанатты насеком. Ара III. Екі орта, аралық (екі ауылдың арасы).

Тіл білімінде полисемантизмді омонимдерден ажыратудың бірден-бір жолы деп мағыналық байланыстың сақталуы мен сақталмауы негізгі тірек болып саналады. Егер мағыналардың арасында семантикалық байланыс мүлде үзілмей, қалай да сезіліп тұрса, онда мұндай мағыналар бір сөздің әр түрлі мағынасы ретінде қаралып, көп мағыналы сөз деп танылады. Ал егер мағыналардың арасындағы семантикалық байланыс біржола үзіліп, әр мағына өзінше дараланып, бір-бірінен ажыралған болса, ондай сөздер омонимдес сөздер деп қаралады.

Қазақ тіліндегі омонимдердің жасалуының әлденеше амал-тәсілдері бар, солардың ішіндегі негізгі жолдары мыналар:

1. Тілдегі көп мағыналы сөздердің есебінен сөздің семантикалық жақтан дамуы арқалы келіп шыққан омонимдер. Бұл  тіліміздегі ең өнімді тәсіл. Сөз мағыналарының бір-бірінен алшақтап дамуы нәтижесінде шыққандықтан омонимнің мұндай түрлерін лексикалық тәсіл арқылы жасалған омонимдер дейміз. Мысалы: Жал I. Жан-жануардың желкесіне шыққан қыл. Жал II. Ұзыннан узақ созылып жатқан белес. Көк I. Көгерген түс. Көк II. Аспан, әуе. Көк III. Көгеріп шыққан өсімдік.

2. Сөздер сан түрлі фонетикалық өзгерістерге ұшырап, дыбыстардың құрамы жағынан бірдейлесу арқылы жасалатын омонимдер болады. Тілдегі сөздер мен оның грамматикалық құрылысының ертедегі қалпы мен қазіргі күйі нақ бірдей болған деуге келмейді. Дәл бүгінге дейін олар не қилы даму процестерін бастан кешірген. Сан алуан фонетикалық өзгерістердің нәтижесінде кейбір сөздер ең әуелде дыбыстық формасын жаңартып, басқадай сөздермен дыбысталу жағынан үйлесіп келген де омонимге айналған.

Қазақ тіліндегі {атқа салт мінгенде тоқымның үстінен салатын жабдық} мағынасын білдіретін ер деген сөздің бастапқы дыбысталу қалпы егер болған, онан кейінгі тілдің даму барысында сөз ортасындағы {г} дыбысының сусып түсіп қалу салдарынан, егер сөзі ер формасына ауысып, бұрыннан сөздік құрамда өмір сүріп келе жатқан еркек, батыл, күйеу ұғымында жұмсалатын ер деген сөзбен бірдей болып айтылған да, омоним жасалғандығы белгілі.

3. Аффикстер жалғану арқылы жасалған туынды омонимдер. Түбір сөзге әр түрлі қосымшалар қосылу нәтижесінде пайда болған омонимдер туынды омонимдер делінеді. Туынды омонимдерге біздің тіліміз өте-мөте бай. Бұлар мына сияқты өнімді жұрнақтар арқылы келіп шыққан:

а) омонимдер -ма, -ме, -па, -пе, -ба, -бе жұрнақтары арқылы жасалған. Мысалы: Айналма I. Көшенің бұрылатын жері, бұрылыс. Жарқ етіп айналмадан шыға келді. Көңілі тасығандай алып ұшып (И.Байзақов). Айналма II. Мал ауруы, делбе. Айналмамен ауырған малдың басын итке тастамай, жағып жіберу керек (Ә.Әбішев).

ә) Омонимдер -ыс, -іс, с жұрнақтары арқылы жасалады. Атыс I. ?рыс, соғыс. Би, болыс арыздасып, безді мөрден, Баспашы атаман да атыста өлген (Д.Еркінбеков). Атыс II. Жанжал салып, төбелесу, қырқысу, соғысу. Он сан ноғай бүлгенде, Орманбет хан өлгенде, Қырық жылдай атысқан, Қызыл қанға батысқан (Жамбыл).

б) Омонимдер -ық, -ік, -қ, -к жұрнақтары арқылы жасалған. Қорық I. Мал жайылатын шөбі мол жер. Қорыққа жайылған мал, боранды аса елей қойған жоқ (С.Бегалин). Қорық II. :рейлену, зәресі ұшу. Су ішкелі бір өгіз барып еді бұлаққа, бақалар қорқып тарбақтап, қашып шықты әр жаққа (Абай).

4. Өзге тілдерден ауысқан сөздердің қазақтың төл сөздерімен дыбысталуы бірдей болуының нәтижесінде пайда болған омонимдер.

Араб-парсы тілдерінен енген сөздердің қазақ сөзімен омоним болғандары: а) Араб сөздерінен жасалғандары. Мәселен, арабтың күш, жігер мағынасындағы қайрат (ғайрат) сөзі қазақ тіліндегі пышақты қайрат дегендегі қайрат етістігімен тұр-тұлғасы бірдей келу нәтийжесінде омоним жасалған. Қырықтың бірі қыдыр (мақал) дегендегі қыдыр (хизыр)  араб сөзі. Бұл сөз қазақтың ел қыдыру  дегендегі қыдыр етістігімен дыбысталып бірдей келуі салдарынан омоним пайда болған.

ә) Парсы сөздерінен жасалған омонимдер: парсының әуен, ырғақ мағынасындағы саз деген сөзі қазақ тіліне енген. Әнге кейде сазбен, кейде сөзбен қосылып отыр ел (Ә.Сәрсенбаев). Бұл сөз қазақтың батпақ, лай, балшық мағынасындағы саз деген сөзбен тұлғалас келіп, омоним жасаған.

б) Орыс сөздерінен жасалған омонимдер. Мәселен, өгіздің мойнына салатын мойынтұрық, мойынағаш деген мағынадағы жарма деген сөз орыстың ярмо деген сөзінің өзгерген түрі. Шу-шумен жармадағы өгіздерін, алдырды анда-санда өгіз демін (Д.Әбілев). Бұл сөз қазақтың жармалаған бидай, арпа дегендегі жарма сөзімен дыбысталу жағынан бірдей келіп, омоним жасалған.

Сөйтіп, қазақ тіліндегі омонимдер сөздің мағыналық дамуы арқылы, дыбыстық өзгерістер мен сөзге омонимдес аффикстер қосылу арқылы, сонымен қатар кірме сөздердің қазақтың төл сөздерімен үндесіп жақындасуы нәтижесінде де жасала беретіндігін көрдік. Қазақ тіліндегі омонимдер мағыналары мен формаларына қарай: лексикалық омонимдер, лексика-грамматикалық омонимдер және аралас омонимдер болып үшке жіктеледі.



Лексикалық омонимдер тобындағы сөздер бір ғана сөз тобына қатысты болады да, барлық жағдайда бірыңғай формаға ие болады.

Лексика-грамматикалық омонимдер тобындағы сөздер әр сөз тобына қатысты болғандықтан, түбір тұлғасында ғана омоним болады да,қалған уақытта әр сөз өзіне қатысты формалармен түрленіп, өзгереді.

Ал аралас омонимдер тобындағы сөздер де осы екі топтағы омонимдердің қасиетін бірдей қамтиды. Бұлардың компоненттері екеу ғана болмай, көп компонентті болып ұшырасады. Сондықтан да омонимдердің бұл түрі аралас омонимдер деп ерекше аталған.

Сөздің дыбысталуы мен мағынасы жағынан салыстырып қарағанда, синоним омонимге қарама-қарса тұрған лексика-семантикалық тілдік құбылыстар. Омонимдер ұғымы басқа, дыбысталуы бірдей бірнеше сөздер тобын білдірсе, синонимдер, керісінше, ұғымы бір, әр түрлі дыбысталып айтылатын сөздер тобын қамтиды. Синонимдер бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар тек бір ғана сөз тобына қатысты болады. Ал омонимдер түрлі-түрлі ұғымды білдіретіндіктен, бір сөз тобына да, әр сөз тобына да қатысты болып әрқалай келе береді. Синоним мен омонимдер бір қатарға енген сөздердің сан мөлшері жағынан да ала-құла. Қазақ тілінде омонимдік қатарға енген сөздің саны небары 4-5 тен аспайды. Ал синонимдік қатардағы сөз саны кейде 40 асып кетеді.

Синонимдер мына белгілеріне қарай топтастырылады.

1.Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет.

2. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі керек.

3. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуға тиіс. Бұл үш белгі  сөздерді синоним деп танудаға басты шарт. Дыбысталуы әр басқа болғанымен, мағынасы жақын сөздер синонимдер деп аталады. Сөздер бір ғана ақиқат шындықты көрсетіп, бір ғана ұғымды білдіретіндіктен, олар синоним деп танылады. Той-мейрам-мереке-думан-тамаша дегендер адам баласының қуанышты, қызықты күндерін білдіреді.

Синоним болып жұмсалатын мәндес сөздердің тобын синонимдік қатар немесе синонимдік ұя деп атайды. Синонимдік қатарға енген сөздердің ішінен бір сөз сол сөздерді мағына жағынан ұйыстыруға ұйтқы болатын тірек сөз деп таңданылып алынады. Доминант сөзді дұрыс анықтап, белгілеп алмай синонимдерді тәртіпке келтіру мүмкін емес. Сондықтан синоним сөздігін жасауда доминант сөзді іріктеп, сұраптап алуға айырықша көңіл бөлінеді.

Синонимдердің мағыналарын ажыратқанда мынадай мәселелерге көңіл аударылады: 1. Синонимдік қатарға енген сөздер мағына жағынан бір-бірінен сәл жоғары не сәл төмен дәрежеде болуы мүмкін. Синонимдер градация жолымен өзгеріп отырады. Мәселен, аяз сөзіне қарағанда оның синонимдік сыңары үскірік сөзінің мағыналық салмағы күштірек екендігін сезуге болады. Сол сияқты атқыш-мерген, апат-қырғын, белсену-құлшыну дегендердің соңғы сыңарлары алдыңғыларынан пәрменді екендігін аңғарамыз.

2. Синонимнің біреуінің мағынасы екіншісінен кеңірек болады. Мәселен, соғыс деген сөздің мағынасы ұрыс деген сөзден кең, ұстаз дегеннің мағынасы мұғалімнен кең. Жабу мен кілттеу де сол тәрізді.

3. Синонимдер бір-бірінен мағыналарының аз-көбіне қарай да ажыратылуы мүмкін. Мәселен, ат деген көп мағыналы да, ал оның сыңары ныспы деген сөз бір мағыналы.

4. Синонимдер мағыналарының деректі және дерексіз болып келуіне қарай ажыратылады. Мәселен, маңдай-пешене, іш-құрсақ, бала-перзент, тығу-бұқпантайлау дегендердің алдыңғылары деректі де соңғылары дерексіз.

5. Синонимдер бір-бірінен ауыспалы мағынада қолдану-қолданбауына қарай да ерекшеленеді. Мәселен, көмей мен көмекей дегендердің ал алғашқы пештің көмейі, тоғанның көмейі деп ауыстырылып айтуға келгенімен, соңғысы (көмекей) тек адамға ғана арнайы жұсалады да, өзге заттарға бұрып айтуға келмейді

6. Синонимдер өзді-өзінен туынданып сөз туғызуға қабілетті, я қабілетсіз болып келуіне қарай өзгешеленеді. Мәселен, сапар мен жол тәрізді синонимнің алғашқысынан бір сапар, ұзақ сапар, сапар шегу деген бірлі-жарым тіркесті сөздер ғана кездеседі. Ал оның жол деген сыңары тіліміздегі сөз тудырудың барлық амалдары арқылы жаңа сөз жасауға соншалықты қабілетті екендігін байқатады. Мысалы: жолай, жолаушы, жолдама, жолдас, жолшыбай, жолақ, жолдау, жолбасшы, жолбике, жол-жоба, жол-жөнекей.

Қазақ тілі  синонимге өте-мөте бай тіл. Синоним кездеспейтін бірде-бір сөз табы жоқ. Барлық сөз табынан да синонимдер табылады. Алайда сан мөлшері жағынан келгенде әр сөз табының синонимге молшылығы әрқалай. Әрбір сөз табының синонимдік байлығы олардың жалпы санымен ғана өлшеніп қоймайды, бір қатарға топтасқан жеке сөздердің санымен де белгіленеді. Бір сөз табы синонимге өте бай (естістік, зат есім, сын есім), екінші бір сөз табының синонимі соншалықты кедей (сан есім), я болмаса, бір сөз табынан болған синонимдердің саны бір қатарда көп, екінші бір қатарда аз болып келу себебін әр сөз табындағы сөздердің мағыналық, ұғымдық сыр-сипатынан іздестірген жөн.

Тілдегі синонимдер үш түрге бөлінеді: а) синонимдер, ә) стильдік синонимдер, б) мағыналық-стильдік синонимдер. Әрқайсысының өзіне тән мағыналық реңкі бар, стильдік жағынан шектелмейтін, тілдегі барлық салада талғаусыз жалпылама қолданыла беретін синонимдер мағыналық синонимдер деп аталады. Мысалы: абырой-бедел-кәдір, азайту-алу-кеміту-шегеру.



Стильдік синонимдер деп мағына жағынан ұқсас (тең) бола отырып, бір-бірінен стильдік бояуы арқылы өзгешеленетін мәндес сөздердің түрлерін айтамыз. Мысалы: ат-есім-ныспы, бәсеке-бақас, жазғыру-қүстәналау.

Тілдегі синонимдер бір-бірінен не мағыналық жағынан, не стильдік мәні жағынан өзгешеленіп, бірөңкей болып келе бермейді. Олар кейде әрі мағыналық, әрі стильдік белгілері арқылы ерекшеленеді. Синонимдердің осындай түрлері мағыналық-стильдік синонимдер деп аталады.Мысалы:іздену-тімтіну,мақтаншақ-бөспе, тақия-төбетей-кепеш.

Антонимдер дүниедегі заттардың құбылыстардың сын-сапасын, артық-кем, қасиетін, мөлшер-көлемін салыстырып, бір-біріне қарама-қарсы қоюдан шығады. Антоним дегеніміз мағынасы бір-біріне қарама-қарсы сөздер болып шығады.

Қазақ тілінде сындық мағынадағ туынды антонимдер көбинесе -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті жұрнақтары арқылы антонимнің жағымды сыңарларын жасайды да, ал жағымсыз мағынадағы сыңарларын -сыз, -сіз жұрнақтары жасайды. Мысалы:

Ер жігіт бірде малды, бірде малсыз,

Арғымақ бірде жалды, бірде жалсыз.

Өнерлі жігіт өрде озар,

Өнерсіз жігіт жер соғар.

Тілдегі антонимдір қарама-қарсы қубылыстарды біріне-бірін шендестіріп салыстыру арқылы күшті стильдік мән тудырады. Сол себептен, антонимдер өте-мөте мақал-мәтелдерде жиі қолданылады. Антонимдерді қолданудың негізінен үш жолы бар:

1. Антонимдер бір сөйлемнің өз ішінде салыстырылып айтылады. Мысалы: Қорлық өмірден, ерлік өлім артық. Ер бақыттың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі.

2. Антонимдер іргелес сөйлемде қарама-қарсы қойылып шендестіріледі. Мысалы: Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі. Тоқшылықта жеген тоқпан жілік, ашаршылықта көзіңнен бір-бір ұшар.

3. Антонимдер ыңғайласып, кезектесіп қатар жұмсалады. Мысалы: Арымақ, семірмек көңілден. Палуанға оң, терісі бірдей.

Сұрақтар мен тапсырмалар

1. Полисемия дегеніміз не?

2. Полисемияның омонимдерден өзгешелігі неде?

3. Антоним, синоним, омонимдердің өзіндік белгілері мен ерекшеліктері қандай?


Негізгі әдебиеттер:

1. Болғанбайұлы Ә, Қалиұлы Ғ. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А.1997.

2.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазірі қазақ тілі. (лексика мен фонетика). А,1995.

3. Балақаев М., Сайранбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтакисі. Алматы, 1997.

4. Мырзабеков С.Қазақ тілінің фонетикасы. Алматы, 1992.

5. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А, 1998

6. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы.1991

Көмекші әдебиеттер:

1. Бектуров Ш.К.Қазіргі қазақ тілі (синтаксис) Алматы, 2006.

2. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы. 1993

3. Әміров Р, Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1998.

4. Оразов М. Көмекші сөздер. Ташкент, 1997

5. Оразов М. Етістік. Алматы, 2000

6. Исаев С, Бектуров Ш. Сөйлемді рамматикалық талдаудың тәсілдері. Алматы, 2007.

7. Дүйсебаева Д. Қазіргі қазақ тілі (лексиколоия). Оқу қолданба, Ташкент. 2008

Сөз мағынасының келтірінді, ауыспалы мағыналарда қолданылуы.

Жоспар:


1. Сөз мағыналары туралы түсінік

2. Сөздің ауыс мағынасы және жасалу жолдары.

3. Метафораның өзіндік белгілері.

4. Метонимияның қолданылу орындары

5. Синекдоханың өзіндік ерекшелігі

Тірек түсінік: Сөздің лексикалық мағыналары: тура мағынасы, негізгі, фразеологиялық байлаулы, синтаксистік шартты мағыналары. Метафора, метонимия мен синекдоха, олардың жасалу жолдары.
Сөз өзімізді қоршаған кең дүниедегі зат пен құбылыстың атауы болғандықтан, оларға тән дербес өзіндік мағынасы болады. Бұл мағына зат пен құбылысты тікелей байланыстырмағанымен, сол ұғымды білдіретін баршаға танымал, ортақ белгі (таңба) ретінде жұмсалады. Мәселен, нан, сүт, ет, су деген сөздерді алсақ, осылардың әрқайсысының әрі нақтылы, әрі жалпылық ұғымы бар. Тілдегі сөздердің білдіретін мағынасы мен сөйлемдегі атқаратын қызметіне қарай әлденеше топқа сала-сала болып бөлінеді. Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық белгілеріне қарай атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер болып ең алдымен үш топқа бөлінсе, бұл топтың әрбіреуі іштей лексика-грамматикалық белгілеріне қарай тағы да жіктеледі. Қазақ тіліндегі атауыш сөздер (зат есім, сын есім, етістік, үстеу) әр алуан заттар мен құбылыстардың, қимыл-қозғалыс пен іс-әрекеттің, сапа мен белгінің аттары болғандықтан, әрқайсысында толық лексикалық мағына және белгілі логикалық ұғымы болады. Бұл топтағы сөздер өзінің дербестігін сөйлем ішінде де, сөйлемнен тыс тұрып та сақтай алады. Өзінің дербестігін сақтай алмайды, тек сөйлем ішінде абстрактылы грамматикалық мағынаға ие сөздерге септеуліктер жалғаулықтар, демеуліктер (шылаулар) жатады. Осындай мағыналық ерекшеліктері ескеріліп, тілдегі негізгі сөздерге қарама-қарсы қойылып, шылаулар көмекші сөздер деп аталады. Одағайлар адамның көңіл-күйін, сан алуан эмоциялық сезімін білдіреді. Бұларда ұғым да, дербес лексикалық мағына да болмайды. Мысалы: Япырау, әттеген-ай, атын сұрамаппын ғой (М.Әуезов).

Көмекші сөздер мен одағайлардың негізгі қызметін көбінесе тіл білімінің грамматика саласы тереңірек қарастырады. Сөздік құрамымыздағы сан мөлшері жағынан ең басым көпшілігі - атауыш сөздер.

Сөздің негізгі мағынасы. Сөздің негізгі мағынасы айтушы мен тыңдаушыға ортақ нақты заттық ұғымды білдіреді. Бұлар шындық өмірдің көрінісі ретінде белгіленеді. Сөздің нақ осындай мағынасы әдетте лексикалық мағына деп аталады. Сөздің лексикалық мағынасы, негізгі және тура мағынасы деп өзара синоним ретінде жұмсалады.

Сөз мағынасы а) тура мағына, ә) фразеологиялық байлаулы мағына, б) синтаксистік шартты мағына деп үш топқа бөлінеді.

Сөздің тура мағынасы. Сөздің зат пен құбылысқа тікелей байланысын тура мағына деп түсіндіреді. Бұл лексикалық мағынамен дәлме-дәл келеді. Сондықтан тура мағынада айтылған сөз азын-аулақ белгілі сөздермен ғана емес, алуан-алуан сөздермен кең түрде байланыс жасап, емін-еркін тіркесе алады. Жас деген сын есім жас адам, жас мал, жас ағаш, жас бала, жас ет болып айтылса, үлкен деген сөз үлкен үй, үлкен адам, үлкен бала, үлкен мал, үлкен ағаш болып шексіз кете береді. Тура мағынада сөздердің осындай жан-жақты, емін-еркін қызметіне қарай бұларды кейде еркін мағына деп те атайды.

Фразеологиялық байлаулы мағына. Сөздің қалыптасқан тұрақты сөз тіркесінде көрінетін лексикалық мағынасы фразеологиялық байлаулы мағына делінеді. Сөз өзінің тура номинативті мағынасында заттар мен құбылыстарға тікелей бағытталып, қыруар сөздермен тіркесіп айтылуға өте-мөте бейім келсе, фразеологиялық байлаулы мағынада кез келген сөзбен емес, санамалы арнаулы сөздермен ғана тіркесіп қолданады. Мәселен, қысыр деген сөз буаз емес, төлдемейтін, бойдақ деген өзінің тура мағынасында қысыр бие, қысыр сиыр, қысыр мал деп бірқыдыру сөзбен оңды-солды емін-еркін айтыла береді. Қысыр сөз деген тұрақты сөз тіркесінің құрамындағы қысыр деген сөз бос, мәнсіз деген мәнді білдіріп, номинативті (еркін) мағынада емес, фразеологиялық байлаулы мағынада қолданылып тұр. Тура мағынадағы сөздердің қолдану шеңбері соншалықты кең, ал фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөздердің қолдану өрісі соншалықты тар, шектеулі деп бір-біріне қарама-қарсы қойып айту, лексикалық мағыналардың өзара кереғарлығынан, алшақтығынан шығады. Фразеологиялық байлаулы мағына синонимдік қатарлардың жасалуына негіз бола алмайды.

Синтаксистік шартты мағына. Жол-жөнекей синтаксистік қызмет атқару үстінде пайда болған лексикалық мағына сөздің синтаксистік шартты мағынасы делінеді. Мысалы: Жәрмеңке жастық уақыт өтіп кетіп, Бұл күнде тоқталып тұр сол базарым (Арқан сері). Осындағы жәрмеңке, базар деген сөз өзінің тура мағынасында емес, белгілі контекстте қолданылып, қызық, думан мағынасында айтылып тұр. Сөздің құрамындағы кез келген сөздің фразеологиялық байлаулы мағынасы мен контекстік шартты мағынасы бола бермейді.

Сөздің ауыс мағынасы және оның жасалу жолдары. Сөз мағынасы өмірдегі зат пен құбылыстарды топшылап, жалпылама көрсетеді. Сөз мағынасында әр тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік бояуы, ұлттық сипаты болады. Сөздің мағыналық жағынан дамуына сыртқы себептер де, ішкі себептер де ықпал етеді. Сөздік құрамға келіп қосылған жаңа сөз не жаңа мағына бұрыннан тілде өмір сүріп келе жатқан байырғы сөздер мен мағыналарға қандай әсері болса, жаңа сөздер мен жаңа мағыналарға да сондай әсер етуі ықтимал. Бұлар бірнеше амал-тәсілдер арқылы жүзеге асады. Қазақ тіліндегі жаңа мағыналардың даму жолдары метафоралық, метонимиялық және синекдохалық тәсілдер арқылы келіп шыққан. Өмірдегі зат пен құбылыстың сыртқы не ішкі бір ұқсастық белгілеріне қарай сөздің бірнеше мағынада ауысып қолданылуын метафора дейміз. Тіл білімінде бұл заңдылықты кейде ұқсату заңы деп те атаймыз. Метафора тілдегі қолдану сипатына қарай а) тілдік (сөздік) метафора, ә) тұрақты метафора, б) жеке қолданыстағы (индивидуальная) метафора болып үшке бөлінеді.

Тілдік (сөздік) метафора сөзге жаңа мағына қосып, оның семантикалық шеңберін кеңейтіп, әрдайым үздіксіз дамытып отырады. Заттар мен құбылыстардың атын, іс-әрекетін, сапа мен белгілерін білдіретін тіліміздегі сөздер ғана сөзге морфологиялық тәсіл арқылы ауыс мағына жасайды. Бұлар сөзге нақтылы мағына қосып, семантикалық аясын үнемі кеңейтумен болады. Мүше деген сөздің ең алғашқы мағынасы жан-жануарлардың анатомиялық денелерінің жеке-жеке атауларын білдіру болған. Дәулет құсын бауыздап, аспазшы қатынның қолына берді де: бір мүшесін қалдырмай ас деді (И.Байзақов). Мұнан соң сый ретінде біреуге берілетін белгілі үлес, сыбаға мағынасын білдірген. Батырдан сауға, мергеннен мүше деген (мақал). Сонымен бірге қазақ тіл білімінде сөйлем мүшесі, үйірлі мүше, тұрлаулы мүше, тұрлаусыз мүше деген толып жатқан терминдік мағыналар пайда болды.

Тұрақты метафора ойды естен кетпестей түсінікті етіп тыңдаушыға жеткізу үшін қажет. Ой неғұрлым көркем құрылса, соғұрлым тыңдаушыға түсінікті әрі әсерлі болады. Ойдың көркемдігі жалпы халыққа таныс суретке құрылумен тығыз байланысты. Адамның ішкі дүниелерімен жазушының ойы қабысып, үйлесіп түрса, шығарманың тілі де соншалықты тартымды болмақ. Тұрақты метафоралар көбіне-көп халық ақындарының шығармаларында жиі ұшырасады. Ақындар айтыс өнерінде өткір тілді  сын семсерге, түйені шөл кемеге, комбайнды  жер кемеге балау арқылы өз ойын тыңдаушыға әрі түсінікті, әрі соншама әсерлі етіп жеткізіп бере алған. Бір кезде мақтаны ақ алтынға, көмірді қара алтынға, астықты сары алтынға балап, жай қолданған болсақ, бүгінгі таңда осы метафоралық теңеулер әдеби тілімізге әбден сіңісті болып, біржола орнығып алды. Осындай өз шеңберін кеңейтіп, жұртшылықтың қажетіне жараған, метафора барлық жанрда жалпылама кездесе бермейді, көбінесе белгілі бір жанрға телінді болады. Әсіресе поэзияда жиі кездеседі. Сондықтан тұрақты метафораны кейде поэтикалық метафора деп те атайды. Мәселен, халық ақындары қылыш, семсер дегендердің орнына поэзияда алмас, болат дегендерді жиі пайдаланады.

Астына мініп ақ атты,

Қолына алды болатты.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет