МӘШҺҮр-жүсіп көпейұлының ҚЫСҚаша энциклопедиясы



бет1/4
Дата25.04.2016
өлшемі0.68 Mb.
  1   2   3   4
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Мәшһүртану ғылыми – практикалық орталығы

МӘШҺҮР-ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫНЫҢ ҚЫСҚАША ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ
(Өнер адамдары)
5 Том

Павлодар


Кереку

2010


ӘӨЖ 882.151.212.2:81`373.21

КБК 83.3 (5 Каз):81.2-3

А 37
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Ғылыми кеңесімен баспаға ұсынылған
Пікірсарапшылар:

Б. С. Сағындық – Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент

Г. Т. Кәріпжанова – С.Торайғыров атындағы ПМУ, Филология, журналистика және өнер факультеті, «Қазақ филологиясы» аға оқытушысы, ф.ғ.к.
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.д., проф. Тұрышев А. Қ.

Құрастырушылар: А. М. Жаќтай, Г. Т. Икласова,

К. А. Табирова, А. Т. Тоғызбаева, Б. Б. Смағұлов, Ш. Қ. Тұржан


А 37 Мәшһүр-Жүсіптің қысқаша энциклопедиясы : (өнер адамдары) / А. М. Жаќтай, Г. Т. Икласова, К. А. Табирова, А. Т. Тоғызбаева, Б. Б Смағұлов, Ш. Қ Тұржан. – Павлодар : Кереку, 2010. – Т.5. – 56 б.
ISBN 9965-842-34-5

«Өнер адамдары» - атты жинақта еліміздің түкпір-түкпіріндегі әйгілі ақындардың, белгілі композитор, күйші-әншілерінің өмірі, шығармашылығы жайлы және тағы да басқа деректер көп жылдар бұрын газет, журнал беттеріне жариялаған материалдар жинақталынып, бір жүйеге келтіріліп жинақ ретінде қамтылды.


ӘӨЖ 882.151.212.2:81`373.21

КБК 83.3 (5 Каз):81.2-3
ISBN 9965-842-34-
© Жаќтай А. және т.б., 2010

© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2010


Материалдық дурыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауапты

Алғы сөз
Бір ауыз өлең шығаруға, ойын әсерлеп, әспеттеп, мақалдап, мәтелдеп жеткізуге бейімділік қазақтың табиғатына тән қасиет. Ақындар мен жыраулардың төгілтіп терме айту, эпостық дастандар мен хиқаяларды бірнеше күн бойы үздіксіз толғарлық қабілеті өзге туркі тілдес бауырлардан басым түсіп жатары бәлкім сонан болар.

Қазақ болмысындағы ақынжандылық сезімдердің бұлқынысынан туар киелі өнердің сырын сонау IV-VIII ғасырлардағы Орхон жәдігерлері саумалап жеткізеді. Сол дәуірдегі асқақ ойлы Күлтегін, Білге Қаған, Тоныкөк даналардың тасқа қашалған өсиеттері шешендік сөз ұтқырлығымен танылса, бұл ерекшелік Асан ата, Қорқыт ата, Қожа Ахмет Яссауи, Әбу- Нәсір әл-Фараби еңбектерінде айқын көрінеді. Шыңғыс ханың шежірешісі Ұзан жырау, дәулескер күйші «Кетбұға» дастанын жырлаушы Сыпыра Сұрғылтайұлы, Қазтуған мен Шалкиіз, Жиембет пен Тәттіқара, Бұқар мен Ақкете Шернияз әлеміне зер салып, кейінгі Төле мен Әйтеке, Қазыбек билердің қара сөзден маржан терген сұңғыла тілмарлығына сүйенсек, ұлттың ділі поэзиядан тұратынына куәміз.

Бүгінде Қазақстанның кейбір аймақтарында ғана сақталып, оның өткеніне қатысты мәліметтер жеткізетін жыраулық дәстүріміздің ұлттық тарихымызға, мәдениетіміз бен өнерімізге, әдебиетімізге қатысы аса зор.

Павлодар өңірінен де талай атақты ақын- жыраулар шыққан. Олардың өмірбаяны, шығармашылығын насихаттап, таныстыру мақсатында көпшілік оқырман назарына «Өнер адамдары» атты қысқаша энциклопедиясын ұсынады. Бұл энциклопедиялық өнер адамдарының шығармашылығын мейлінше толық қарастыруды көздемейді. Көрсеткіш Бұқар жырау, Иса Байзақов, Естай Беркімбаев, Жаяу Мұса Байжанов, Құдайберген Әлсейітов және басқа да атақты тұлғалардың шығармашылығына арналған.




Аманжол Шамкенов
Аманжол Шамкенов- ақын, драматург, аудармашы. 1927 жылы Павлодар облысы, Ертіс ауданында туған. Неғұрлым белгілі шығармалары: «Жасыл жайлау», «Дана тынысы», «Ертіс балалары» өлеңдер жинағы мен «Бір махаббаттың тарихы», «Сен жалғыз емессің» пьесалары.
Әміре Қашаубаев

(1888-1925)
Шекарадан тыс жерде өнер көрсеткен алғашқы қазақ әншісі. Семей өңіріндегі Абыралыда туған.

Еңбек жолын делбеші және қарауыл болудан бастаған. Әміренің алғашқы әнші ретіндегі талпынысы қазақ ауыз шығармашылығының Қоянды жәрмеңкесіндегі фестивальда ән айтуы еді. Белгілі қазақ әншілері Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, композитор Ж.Мұсамен танысуы Әміренің шеберлігін шындай түсуге ықпал етті. Өзінің ән қоржының көбейткен ол Семейге кәсіби әнші болып оралады. Осы жерде ол әйгілі әнші Майрамен танысады. Әдемі, құлаққа жағымды, ашық дауыс пен жігерлі өнері Әміре Қашаубаевтың әнші атағын бүкіл республикаға жайды.

Ә.Қашаубаевтың ән тізімінде әсіресе «Жалғыз арша», «Ағаш аяқ», «Смет», «Балқадиша», «Дударай» және т.б. ерекше көзге түседі.

Белгілі этнограф А.В.Затаевич Қашаубаевпен танысқаннан кейін, оның әншілік талантына тәнті болғаны соншалық, ол оны тек біздің елімізде ғана емес, онан тыс шет елдерде де насихаттаумен айналысты. «500 қазақ әндері мен күйлері» атты жинақтың кіріспесінде ол Әміре Қашаубаевтың вокальдік даралығын айрықша атап өтті: «Әміре Қашаубаев-Қарқаралының ұлы әншісі. Даусы жағынан ол екі әншінің (ұлы әншілер Ғ.Айтбаев пен Қ.Байжанов) аузынан шыға салғандай. Олардан да асып түседі. Тек оның даладан қол үзіп, қала әуеніне еліктеуі жақсы әншінің табиғи жаусын жасандылыққа айналдырып табиғилықты жоғалтып, тікелей сезімге, жасанды жаңалыққа және шығармашылықтың дарақылығына қарай итермелейді. Сондықтан да ол орындаудың суық және үйлесімінсіз тұрақтылығына көшеді, сонысы өте өкінішті. Дегенмен де, шетелдің де сынынан өткен әнші бұл сыннан өзінің ар-ұжданы үшін және қазақтың әншілік өнері үшін, өзі сол қазақтың көрнекті өкілі болғандықтан, мұнан шыға алады деп күтуге және үміттенуге болады.

1927 жылы сәуірде Әміре Қашаубаев Мәскеуде өткен концерт берді. Сол жылдың шілде айында оның концерттік өнері Майндегі Франкфуртте көрсетілді.

1933 жылы республикада музыкалық студия құрылады, оған алғашқылардың бірі болып Әміренің әндері жазылады.

1937жылы күзде жазылмайтын сырқат талантты әншінің өмірін қиып әкетті.
Әсет Найманбайұлы

(1867-1922)
Белгілі қазақ композиторы, ақын әрі орындаушы. 14-15 жасында композитор әрі әнші ретінде өз шығармашылық жолын бастайды. Дегенмен де Әсет ақын ретінде көп танымал. Қарабай, Барабай, Қали, Самат, Мәлике қыз сияқты ақындармен айтысу барысында оынң ақындық суырыпсалмалық қабілеті барынша жарқырай танылады.

«Салиқа – Сәмен», «Ағаш ат», «Кешубай» қисса-дастандары Әсеттің даңқын көпке мәлім етті. Бұл қисса-дастандар көпшілікті Шығыста кеңінен мәлім классикалық әдебиет туындыларымен танысуға ықпал етті. Шығыс классикасынан өзге, Әсет орыс әдебиетіне де ат ізін салды. Мысалы, А.С.Пушкиннің «Евгении Онегин» романын қиса-дастанға айналдырды.



Базар жырау Оңдасұлы

(1842-1913)

Қазақ халқының атақты ақыны Базар жырау Оңдасұлы 1842 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында туған. Жастайынан нағашы жұртында тәрбиеленіп, он алты жасында ақын деген атқа ие болды.

Өлеңдері нақыл, терме, өсиет сөздерге толы. Негізінен толғау жанрында еңбектенген. Тақырыбы адам, замана, өмір жайлы болып келеді. Діни сарындар да кездеседі.

Базар жыраудың басты шығармалары: «Әлеуметтер, құлақ сал», «Тіршіліктің түрлері», «Әр кемелге – бір зауал».

1985 жылы Базар жыраудың «Өлеңдер мен дастандар» атты жинағы жарық көрді. Оның әдеби мұрасын жинап, жариялауда Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан еңбек етті. Ақын Мағжан Жұмабаев Базар жырау шығармашылығын жоғары бағалаған мақала жазды.

Балабек Ержанов
1860 жылы Баянауыл ауданының Ақши ауылында туып, 1938 жылы қайтыс болған.

Балабек әншілер ұрпағынан. Оның әкесі, атасы әнші-ақын болып, бұл дәстүрді ұлы Бісмілла Балабеков жалғастырған. А.В.Затаевич Ержановты ерекше бағалаған.

Б.Ержанов 1932-1933 жылдары Қарағанды облыстық радиокомитетінде өнер бөлімінің меңгерушісі және әншісі болып қызмет істеген. 1934 жылы республикалық халық таланттары байқауында жүлдегер атанды. Ол республикалық радиода белсенді қызмет атқарады. Халық әндерін таратуда ерекше еңбегі және республикалық радио жұмысына белсене қатысқаны үшін 1934 жылы Қазақ КСР Үкіметі оған өмірбойлық дербес зейнетақы тағайындады.
Баймұрат Нұрлыбеков
Баймұрат Нұрлыбеков - Павлодар облысы, Май ауданында туып өскен. Ақын, өлеңдері ел аузында сақталған. Өлең-жырлары 1924жылдан бастап баспасөзде жарияланып тұрған. Ексіше де, жаңаша да сауатты болған. Абай, Әріп, Әсет шығармаларынан тәлім алған. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, халық арасында насихаттаумен шұғылданған. Иса (1922), Нартай (1939), Маясар (1943), Төлеу (1944), т.б. ақындармен айтысқа түскен. «Ер Төлеген», «Қанды жорық» дастандары жеке кітап болып басылған. Шығармаларының жалпы жинағы 1957жылы шыққан. 1939 жылы «Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағы берілген. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.
Балтабай Сейсенбеков

(1928-1993)

Егіндібұлақ ауылында туған. 1946 жылы Павлодар педагогикалық училищесін бітіріп, сол жылы Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік Университетіне түсті. Еңбек жолын 1947 жылы Баянаула ауданында мұғалім болып бастаған.3жыл Баянаула ауданында партия комитетінде істеген. 1952 жылдан аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы, 1955 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1959 жылдан бастап Павлодар облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары. 1963 жылдан 1981 жылға дейін Павлодар облыстық Мәдениет басқармасының бастығы, 1981 жылдан 1988 жылға дейін облыстық «Қызыл ту» газетінің редакторы болды.

1972 жылы «Қазақстан Республикасы Мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер» атағы берілген.
Бердалин Қабын Исаұлы

(1867-1935)
Ақын, мемлекет қайраткері Бердалин Қабын Исаұлы 1867 жылы Семей облысы Павлодар уезінде (қ.Павлодар облысы) дүниеге келген. Атақгы Қазанғап байдың ұрпағы. Естай ақынның жетекшісі болған. 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін Павлодар уезі Қараоба болысының баскармашысы қызметін атқарған. 1917 жылы Павлодар атқарушы органына сайланып, қалалық Думаның мүшесі болды. 1917 жылы Қабын Бердалин «Алаш» партиясының мүшесі ретінде Орынбор қаласында болған 2 барлық қазақтар съезінде Павлодар уезінің өкілдігінде болды. Ал, 1918жылы Павлодар уезд жиынънда бір дауыстан Павлодар уезі «Алаш» партия комитетінің председателі болып сайланды. Бердалин діни және абыройлы адам ретінде танылып, мұсылмандар рухани басқарма орталығымен Мұхтасиб қызметіне ұсынылады. Кейін Ресейлік мұсылмандар діни басшылар съезі жұмысына қатысады. 1928 жылы 18 қазанда Павлодар окрисполком Президиумының №19 Жарлығымен Бердалин Қабын жанұясымен Ақтөбе уезіне қуылып, мүлігі конфискеленеді. 1934 жылы «революцияға қарсы әрекеттері» үшін Сібір лагеріне қамауға алынған. Сол қамауда жүргенде көз жұмады. 1957 жылы ақталған.
Біржан сал Қожағұлұлы

(1834-1397)
Әйгілі қазақ ақыны, сазгер. Көкшетай өңірінде дүниеге келген.

Бойында әншілік дарыны бар, домбырада шебер ойнай білетін Біржан жастайынан-ақ қазақтың ұлан-байтақ даласына танымал болған. Ол ауылдарды жиі аралап, алуан түрлі айтыстардың бел ортасында жүрген.

Рулық-патриархалдық әдет-ғұрыпқа қарсы шығып, жырына әйел теңсіздігін, әлеумет күйін арқау еткен өнерпаздың өмірі қиындықтар мен мұқтаждыққа толы болды. Қуғынға ұшырап, руаралық қақтығыстардың куәгері болып, ауруға шалдыққан ол 1897 жылы қайтыс болды.

Біржанның шығармашылығында махаббат тақырыбы негізгі орын алады. Бұл тақырыпта оның «Айтбай», «Ғашығым», «Ғашық жар», «Ләйлім-шырақ» және басқа шынайы сыршылдықтан туындаған өлеңдерін атап өтуге болады.

«Орынбор әні» атты өлеңінде ақын өзінің жан серігі – домбыраны жырлайды.

Ақынның «Жамбас сипар», «Теміртас» сияөты әндері мұң мен шерге толы. Шәкірттері мен ізбасарларының арқасында Біржанның 40-тан аса өлеңі бүгінгі күнге дейін жетті, олардың ішінде «Біржан сал», «Алтын балдақ», «Ақ тентек», «Жаймашуақ» сияқты көрнектілері де бар. Біржанның айтыс өнерінің де майталманы екені көпшілікке мәлім. Оның Жетісуға арнайы келіп, Сара Тастанбекқызымен айтысы осы жанрдың озық үлгісі болып қалды.

Жаңашылдыққа бет бұрған Біржан ақынның шығармашылығы тақырыбының алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Біржанның өлеңдері ұлттық өлең өнерін жоғары деңгейге көтереді. Сонымен бірге, ол бұл өнерге бірегей көркемдік стильді енгізді. Ол ерекше ақын-сазгер, өте дарынды тұлға болғандықтан, оған «сал» атты қосымша айдар тағылған. Сал өзінің шығармашылығында халық өнерінің барлық әуендік, поэтикалық, драмалық түрлерін біріктіреді. КСРО халық әртісі, сазгер М.Төлебаев атақты ақындардың айтыстарын негізге ала отырып «Біржан-Сара» операсын жазды.

Бісмілла Балабеков
1901 жылы Ақши ауылында туған. Қашан қайтыс болғаны белгісіз.

Б.Балабеков – халық әншілерінің бірі. Өнер әліппесін Балабек Ержанов, Жаяу Мұса Байжанов, Майра Шамсутдинова, Әміре Қашаубаевтардан үйренген. Семей қазақ драма театрының алғашқы артистерінің бірі 1922-1923 жылдары режиссер Жұмат Шанин «Арқалық батыр» пьесасын қойғанда, Бісмілла Балабеков пен Әміре Қашаубаев Қияқ пен Тұяқтың рөлдерін ойнаған. Бісмілла Балабеков Біржан, Ақан сері, Жарылғапберді және басқа белгілі халық композиторларының әндерін жинап, таратқан. 30-жылдары оның орындауында осы әндер грампластинкаларға жазылған.


Бұқар жырау Қалқаманұлы

(1693-1787)
Бұқар жырау XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Павлодар облысының Баянауыл ауданында ғұмыр кешкен, атақты Абылай ханның тұстасы. Әкесі аты аңызға айналған Қалқаман батыр. Жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері. Өзінің ұзақ өмірінде бірнеше ханды көріп, талай-талай тарихи оқиғаларды басынан өткізген. «Ақтабан шұбырынды...» және одан кейінгі қилы-қилы замандарда тәуелсіздік пен елбірлігін сақтап қалуға айрықша күш салған. Бұқар жырау Қалқаманұлы жасынан елге танылып, алғыр жырау ретінде атақ-даңқы алты алашқа жайылғанға ұқсайды. Кейін оның хан сарайы маңында да беделді ақын, ақылшы би саналуы тегін емес еді. Ел өміріндегі ірі мәселелерді шешуде ерекше роль атқарған данышпан. Бұқар жырау арабша сауатты адам болған. Жыраудан қалған мол мұрадан бізге жеткені 1200 жол шамасында. Олар ХІХ-ХХ ғасырларда ел аузынан жиналған.

Бұқар жырау шығармалары өткір әлеуметтік мазмұнымен суарылып отырған. Қалмақ басқыншылығы тұсында жырау шығармаларында елдің басын біріктіріп, қанқұйлы жауға тойтарыс беретін басшының қажеттігін түсіне білді. Ол Абылай ханға үлкен үміт артып, оның ел басқарудағы саясаты мен жорықтарын қолдады. Бұқар жырау Абылайдың іс-әрекеттерін асыра ақтап, оның асқақ бейнесін жасауға дейін («Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда» т.б.) барады. Алайда, жырау ханның барлық іс-әрекет, ішкі-сыртқы саясатын түгелдей қостай бермеген. Үлкен мәні бар әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі келелі кеңеске көнбеген тұста ол ханды аяусыз сынап, шындықты бетке айтып отырған. Бұл тұста біз жыраудың көрші орыс елімен соғысуды ойлаған Абылайға тоқтау айтып, болашағы зор елмен тату, дос болуға шақырғанын көреміз.

Бұқар жыраудың болжау-толғауларынан («Ханға жауап айтпасам», «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында») заман, дәуір, болашақ туралы қорытынды ой-пікірлерін айқын аңғарамыз. Жырау патша үкіметінің отарлау саясатына күдікпен қарап, оның ішкі мәніне тереңдеп ой жүгірте алмады. Дегенмен, Абылайдың орыс елімен достық қарым-қатынаста болуына елеуді үлес қосты. Бұқар қазақ халқынын арман-тілегін, елдік ынтымақ бірлігін көксеген жырау, кемел кемеңгер, терең ойшыл.

Дәулеткерей Шығайұлы

(1820-1887)
Қазақ халқының сазгер-күйшісі. Бұрынғы Бөкей ордасы, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданындағы Қарамолда деген жерде туған. Ата-бабасы Орыс ханнан бері қарай хандық биліктен қол үзбеген. Әкесі Шығай Бөкей ордасының ханы болған.

Алайда Дәулеткерей төрелік еткен биліктен гөрі өз төңірегінде рухани дәстүрдің, күйшілік өнердің алтын діңгегі сияқты болған. Ол халық арасын көп аралап, өнер адамдары және дінбасыларымен кездесіп, олардың өмірі мен тұрмысын зерттеген. Сонымен бірге, қоғамдағы өзекті мәселелер мен халықтың азаттық үшін жүргізген күресін де зерттеді. Өз шығармашылығында өшпес таңба қалдырған Исатай бастаған ұлт-азаттық көтерілістің куәгері болды.

Ұстазы Мүсірәлі Бердәліұлы күйшімен арақатынасының барысында Дәулеткерей өз заманындағы алдыңғы қатарлы атпал азаматтармен жақындасады. Орынборда білім алған қазақ жастарымен тығыз байланыс орнатты.

Сазгер өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірі оның ұлы күйші Құрманғазымен кездесуі. Дәулеткерей мен Құрманғазы қарапайым халықтың қиын да азапты өмірі мен оның азаттыққа ұмтылуын әңгіме арқауы етті.

Ол Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші домбырашылардың өнерін өздеріне шабыт тұғыры еткен. Қоғамның ұлы адамдарының ықпал етуі барысында ұлы сазгердің дүниетанымы мен шығармашылық бағыты қалыптасты.

Дәулеткерейдің туындылары қоғамдық пікірді, өмірлік пәлсапаны, уақыт тынысы мен халықтың тарихын бейнелейді. Оның күйлерінде сұлу табиғаттың көрінісі нақышты суреттеледі.

Шығайұлы Дәулеткерейдің күйлері: «Ақбала қыз», «Ат қалған», «Байжұма», «Бапас күй», «Бұлбұл», «Ващенко», «Желдірме», «Жігер», «Жұмабике», «Керіме», «Қарақожа», «Көркем ханым», «Көрұғлы», «Қосалқа», «Қос ішек», «Қосағалы», «Құдаша», «Қыз Ақжелең», «Мұңды қыз», «Қоңыр», «Нар идірген», «Салық өлген», «Тартыс», «Топан», «Тұлдырма», «Ысқыма», «Шолтақ», т.б.

Дина Нұрпейісова

(1861-1955)

1861 жылы Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туып өскен. Халықтың күйші композиторы, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері.

Әкесі белгілі домбырашы адам екен, қызы Динаға 8 жасынан бастап-ақ сол өнердің қыр сырын үйрете бастаған. Оның ұлы күйші Құрманғазымен алғаш кездесуі де сол кез еді. 8-9 жасар Дина ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік-орындаушылық өнердегі ерекшеліктерін, дәстүрін жалғастырады. Құрманғазының мектебінен өту Динаның домбырашылық өнерін шындай түсіп, ол өз жанынан да күй шығара бастайды. Динаның тырнақалджы «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты күйлерінде халықтың күйшілік дәстүрі айқын сезіледі.

1916 жылғы қазақ даламындағы ұлт-азаттық күресі Дина Нұрпейісованың шығармашылығына елеулі әсер етті. Осы оқиғаға шығарған «1916жыл» күйінде Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арналған «Кішкентай» күйінің әсері байқалады.

Дина Нұрпейісованың композиторлық творчествосының кемелденіп, күйшілік орындаушылық өнерінің шабыттанған шағы кеңестік дәуір. 1937жылы ол халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысып, жүлделі орын алса, екі жылдан соң Москвада өткен халық музыка аспаптарында орындаушылардың Бүкілодақтық байқауында І орынды иемденіп, «Домбыраның Жамбылы» атанады.

Дина күйлері өзінің ұлттық музыкалық бояуымен, терең психологиялық мазмұнымен ерекшеленеді. Бұлардың қатарына атақты «Әсем қоңыр», «Тойбастар», «Ана аманаты», «Сегізінші март», т.б. жатады.

Москвадан оралған Д.Нұрпейісованы кеңес адамдарының еңбегін бейнелейтін тың тақырыптар мен сюжеттер қызықтыра бастады. Қажымас халық композиторының өнері қанат жайып, қатайып, оның үлкен творчестволық өмірінің жаңа дәуіріне жол ашты.

Дина Нұрпейісованың таланты нағыз гүл ашқан шағында төңкеріске дейінгі Қазақстандағы аспаптық мәдениеттің дамуындағы екі түрлі музыкалық бағытты-Құрманғазының буырқанған, үдемелі өнер мектебі мен Дәулеткерей және оның ізбасарларының жұмсақ, неғұрлым лирикалық шығармашылығын өзгеше тоғыстыруға деген құштарлық көрініс табады.

Дина қазақ халқының музыка мәдениетіндегі өткендегі және қазіргі бай материалдарын творчестволықпен игерді, осы арқылы өзінің табиғаты бөлек күйлерін, оны орындаудың өзіндік тәсілдерін жарқырата көрсетті.

Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында 80жасқа толған шағында да атақты домбырашының композиторлық қызметі бір сәтке тоқтаған жоқ. Бүкілхалықтық патриоттық өрлеуге үн қосты. «Ана аманаты» күйін өмірге әкеледі, ал соғыстың біткендігі жөніндегі хабарды «Жеңіс» күйімен қуана қарсы алады.

Аса көрнекті қазақ домбырашысы және халық композиторы Дина Нұрпейісованың шығармашылық мұраларының ішіндегі ең бағалысы- әртүрлі стильдік элементтерді синтездеу жолымен қазақ домбыра өнерінде жаңа үрдістің негізін қалауы болып табылады. Оның күйлері тек әуендік-тақырыптық даму құлашының кеңдігімен ғана емес, сонымен қоса, жүректі ерекше баурауыен, шынайы сезімталдығымен ерекшеленеді.

Нұрпейісованың көмегімен Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі көптеген ғажайып күйлерді меңгерді. Ол оркестрдің орындаушылық мәдениетін домбырада ойнаудың алуан түрлі ерекше әдіс-тәсілдерімен байытты. Сол арқылы оркестрде Құрманғазының және басқа да көптеген қазақ аспаптық музыка өкілдерінің күйлері орындалып, қуатты симфониялық ансамбльдің үніне айналды.


Дихан Әбілев
Дихан Әбілев-ақын, жазушы. 1907жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Мойылды қыстауында туған. Негізгі шығармалары: тұңғыш жинағы «Қуат, Өрт» (1937), «Шалқыма» поэмасы (1938), «Алтай асулары» романы (1957), «Дада солдаты» ( 1981), «Ой толғауы» естелігі (1981), С.Торайғыров туралы трилогия: «Ақын арманы» (1953), «Арман жолында» (1969), «Баянауыл баурайында» (1975) т.б.


Естай Беркімбаев

(1873-1946)
Ақын -импровизатор, Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Е.Беркімбаев 1874 жылы Павлодар облысы Екібастұз ауданынында туған. Қазақтың атақты әншісі, ақын-композиторы. 1939 жылы Қазақстан Композиторлар Одағының алғашқы мүшелерінің бірі болды. Шаруа отбасында туған. Анасы-Күлипа, нағашысы- Байтұлым әнші еді. Солардың арқасында жыр, дастан, толғау айтуға әуес болған. 16-18 жасында ән салған Естайды Есіл, Ертіс, Баянауыл төңірегі өте жақсы білген. Біржан салмен ксздесіп, оның өнерлі тобына қосылған. Ақан сері, Жарылғапберді, Балуан Шолақ, Сүтмағамбет, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші -ақындармен небір ұлы жиындарда (Омбы, Қараөткел, Көкшетау. Қызылжар, Семей, Кереку, Зайсан, Тарбағатай, Жетісу атырабы, Алматы қ.) ән салып отырған. Естай әндері демократиялық сипатқа ие болған сал-серілер дәстүрін шырқау биікке көтеріп, оны ілгері дамытты. Оның «Жай қоңыр», «Наз қоңыр», «Майда қоңыр», «Хорлан», «Сандуған», «Юран», «Бір мысқал», «ІПоң қара аған», «Ану-пынақ», «Дүние-ай», «Еркем», «Гүлнар», «Қоштасу» әндері қазақ музыкасының інжу-маржаны. Ал классикалық «Хорлан» әні Естайдың есімін аңызға айналдырды. Бұл әнді композиторлар М.Толебаев «Біржан-Сара», Е.Г.Брусиловский «Ер Тарғын» операларында, С.И.Набелыский мен Л.М.Наргородский қобыз бен оркестрге арналған концертінде пайдаланды. Е.Беркімбаев жаңа өмірді шалқыған шабытпен жырлады. «Туды күнім», «Құрбылар», «Өмір», «Қоңыр жел» деген патриоттық әндерін шығарды.

1939 жылды Естай Алматыға келіп, музыка зерттеушісі әрі композитор Б.Г.Ерзаковичке өз әндерін нотаға түсіртті. Сол сапарында ол халық ақыны Жамбылмен кездесті. Ақын Қ.Аманжолов әншінің өз аузынан «Хорлан» әнін естіп, «Хорлығайын» атты драмалық поэма жазды. Е.Беркімбаев Қазақстан Жазушылар Одағының 2 съезіне қатысты. ¥лы Отан соғысы жылдарында еңбекшілер арасында ән шырқап халықты жеңіске рухтандырды. 1968 жылы ақън М.Әлімбаев «Естай-Хорлан» поэмасын әнші өміріне арнады.



Жақып Әбілтаев

(1910-1982)

Актер, режиссер, Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі (1947 ж.). 1941 жылы Семей облыстық музыкалық драма театрының жанындағы студияны (П.В.Леонов-Вандровскийдің басшылығымен) бітірген. Сахналық қызметін 30-жылдары Риддер (Қазіргі Лениногорск) театрында Малқамбайдың рөлінен бастады. Қараменде, Абай, Жалмұқан, Жантық, Фурманов, Степан және басқа рөлдерде ойнай жүріп, режиссер ретінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты» спектакльдерін қойған.



Жапар Құттыбайұлы
Қазақтың суырып салма ақыны, әншісі, композиторы Жапар Қүттыбайұлы кейбір деректерде Жапар ақын Байдалыұлы, басқа деректерде Бала Жапар ақын деп кездеседі. Павлодар облысы Баянауыл ауданында 1828 жылы туған десе, бірде 1854 жылы дүниеге келген деседі Жапар, ел аузындағы деректерге қарағанда он жасынан бастап өлең шығара бастаған. Домбыра тартуды айтыс шебері Сақау Мәукеұлынан үйренген. Арабша сауатты болған. Сегіз сері Бахрамұлына арнап күй, 1854 жылы жоқтау шығарған. Сондай-ақ, «Сегіз сері-Ғайнижамал», «Олжабай батыр», «Керей Ер-Сарымбет» және басқа дастандары бар.

1872 жылы Қаржастың Жәдігерінен шыққан Әсербайдың асында 17 жастағы жас ақын Жапар қазақтың ғалымы Шоқан Уәлиханов аса биік бағалаған 60 жастағы Шөже ақынмен айтысады. Шөже ақынды Шорманның Исасы, Жапарды Айдабол руынан шыққан Секербайдың Әбіші арнайы шақырып айтыстырған екен.

1876 жылы жиырма екі жасында әйгілі керей Сағынайдың асына қатысқан деген де ел аузында деректер бар. Ақын айтыстарға қатысып, суырып салма ақын ретінде танылған.

Нығман Баяндиннің жазуы бойынша Соқыр ақын атанып, сырқат, жүдеу тұрмыс кешкен Жапар ақын 1886 жылы Тәйгелтір ата қыстауында, Жаманауладағы Желтау орталығына қарайтын Шоқаман атты жерде отыз екі жасында дүниеден қайтқан.

Ж.Құттыбайұлының халық арасында атақты ақындар Қожабек, Ажар, Торысбаймен айтысы кеңінен танымал. Оның жоруында «Ысмайыл мен Зағипа айтысы» сақталған. «Күлше мен Назымбек» дастаны эстетика жағынан өте құнды болып саналады. Ақынның әдеби мұрағаттарын жинаушы Баянауыл тұрғындары Ш.Торайғыров пен Қ.Исаұлы.


Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> М ж. КӨпеев шығармаларындағы кірме сөздер тарихы оқУ ҚҰралы
buuk -> Іскери – КӘсіби қазақ тілі
buuk -> Қазақ тілі пәнінен практикалық сабақтарға арналған әдістемелік нұсқау Павлодар Кереку 2009 (07) ббк 81. 2 каз- 9 Қ 17 С. Торайғыров атындағы пму-дың қазақ тілі кафедрасының оқу-әдістемелік кеңесі басуға ұсынған Рецензент
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> М. Аллаберген тарих тудырған тұлғалар
buuk -> МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Қылмыстық ҚҰҚЫҚ (Жалпы бөлімі)
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет