ҚҰпия қалашық – жанкент қаласы туристік орталық ретінде аяпберген Алмагүл



Дата02.05.2016
өлшемі106.25 Kb.
ҚҰПИЯ ҚАЛАШЫҚ – ЖАНКЕНТ ҚАЛАСЫ ТУРИСТІК ОРТАЛЫҚ РЕТІНДЕ
Аяпберген Алмагүл

almagul.96_28@mail.ru

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Астана, Қазақстан

Ғылыми жетекшісі-А.Г.Гиззатжанова

Әлемде тарихи мәнге ие, қайталанбастығымен әрі әсемдігімен ерекшеленетін ескерткіштер, ежелгі қалалар мен қалашықтар, құрылыстар өте көп, олар бір мемлекеттің кешегіден бүгінге дейінгі тарихын зерделеп қана қоймай, салт - дәстүрінен, мәдинетінен, халқының өмір салтынан хабар береді. Осындай ескерткіштеріміз көзден ғайып болуда, сондықтан оларды сақтап қалу үшін көптеген іс-шаралар жүзеге асыруға ниеттенуде.

Елбасымыз 2003 жылғы Жолдауында Үкіметке "Мәдени Мұра" бағдарламасын іске асыруды тапсырған болатын. Бағдарлама аясында Қазақстан аумағындағы 37 көне қалалар зерттеліп, 113 тарихи-мәдени ескерткіштерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді [1]. Бағдарлама бірнеше кезеңдерден тұрады, осы  бағдарламаға сай 2007-2009 жылдары ортағасырлық Жанкент қаласына зерттеулер жүргізілді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазақстандықтарға 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» жолдауында:  «Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мүмкіндігіміз бар»,- екендігін және елімізде туризмді дамытуға қажетті барлық туристік ресурстарымыз мол мөлшерде екендігін атап көрсетті [2]. Сол себепті, жыл сайын қарқынды дамып келе жатқан туризм саласына ескерткіштер мен ежелгі қалалардың тигізер әсері мол.

Жанкент - республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш. Қазалы ауданы шекарасындағы Өркендеу ауылдық округінің орталығына іргелес жатқан биік төбе сияқты топырақ басқан қорғанның орнында VІІ - ХІV ғасырларда Жанкент, Янгикент  қаласы болған. Түрікмен тарихшысы Абұлғазы Баһадүрдің айтуынша, оғыз еліне жүздеген жыл астана болып келген, Сыр өзенінің аяғында тұратын ұлы мұра - Жанкент қаласы еді. Оғыздар осы жерді ерте заманнан мекендеп, патшалары астана қала - Жанкентте отырған. Жанкент шаһары Сыр өзенінің сол жақ бетінде, Қазалы қаласынан 15 шақырым жерде жатыр [3].

Қазіргі шаһар көрінісі - биік төбе сияқты топырақ басқан қорған. Жанкенттің қалай жермен жексем болғаны туралы ел аузында небір аңыз - әңгімелер айтылады. Алайда, олардың ішінде құлаққа қонымдысы "Жанкенттің күйреуіне әсер еткен орта ғасырда өмір сүрген «Жыландар» тайпасы Жанкентті басып алған" деген зерттеулер ғана. Нақты дәлелді мағлұматтар жоқтың қасы.



Сурет1. Жанкент қорғанына жүргізілген зерттеулер [5]

Жылдар бойы еуропалықтар Орта Азиядағы көшпенділердің сән – салтанатты қалалары болғандығы жайлы деректерді теріске шығарып, сенбей келді. Саяхатшылар Плано Карпини мен Рубрук ХІІІ ғ – да мұның растығына куә болғанда, сенер – сенбесін білмей таңданды. Саяхатшылар өз жазбаларында : «Бұл жерде біз сансыз қираған қалалар, бекіністер мен бүлінген тұрақтар таптық. Осы жерде аты белгісіз бір үлкен өзен бар. Онда белгісіз Янкент атты, басқа да Бархинь және 3- ші Орнас есімді қалалар тұрады» деп көрсеткен болатын [6]. 

Еуропалықтардың күн арқасы қияндағы далалықтарға назар аударуының басты себебі – Моңғол басқыншыларының дүниені дүр сілкіндірген жаулаушылық жорықтары еді. Саяхатшылардың ойынша, «Егінге түсер қаптаған шегірткедей» Моңғол басқыншыларының қалың қолы қазіргі Қазақстан жерімен шабуылдап өтті, жергілікті халық туған жерін оңайлықпен бергісі келмеді, ерлікпен қарсы тұрды. 1219 ж. Жошының басқаруымен моңғол әскерлері Жанкентті қиратып тонады [4]. Аянбай қарсыласқаны үшін көшелерін қанға бояп, от – жалынға орады. Соған қарамастан, қала ХІV ғасырда аз уақыт болса да жанданып, Жанкент (Янгикент) атанып, сауда және қол өнері орталығына айнала бастайды. 

Шынында, ертедегі Жанкент қаласының сырын білуге талпыну Қазақстанның Ресейге қосылу кезеңдерінен басталды. ХVІІІ ғасырдың І- ші жартысында қазақ ханы Әбілқайыр Жанкент қирандысын қалпына келтіріп, қайтадан қала жасауды мақсат еткен, орыс патшасынан көмектесуді сұрап өтініш жолдайды, ішінара қалпына келтіру жұмыстары да басталған. Алғашқылардың бірі болып Орынбор драгун полкінің поручигі Дмитрий Гладышев пен геодезист Муравин Жанкенттің ескі жұрты жайлы сипаттама жасайды, ол кезде ертедегі қаланың кірпіштен қаланған мұнаралары ішінара сақталған еді. Өкінішке орай, Жанкенттің бұрынғы замандардағы даңқын қайта көтеремін деген жақсы ойы Әбілқайырдың 1748 ж. кенеттен қайтыс болуына байланысты аяқсыз қалады [6]. Онан кейін де Жанкенттің ертеде керемет қала болғанын айтып, аңыздар жинаған Ресейдің әуесқой өлкетанушылары мен ғалымдары көп болды, әсіресе, И.В.Аничков, А.Д.Нестеров, Э.Диваев, В.А.Келлсур есімді ғалымдар мен зерттеушілер Сыр бойының қала мәдениетін насихаттауда еңбек сіңірді. Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетінің қамқоршысы В.В.Стасов: «Ертедегі Жанкент маңы қаласы неге біздің Помпей болмасқа?!» - деп бұл ескерткіштің ертедегі Рим және грек ескерткіштерінен кем түспейтін маңызын айтқан.



Жанкент шаһарының үйiндiсiнiң орнын алғаш рет 1867 жылы П.Лерх пен М.Приоров кiшiгiрiм қазба жұмыстарын жүргiзiп, қаланың жобасын қағазға түсiрген, жұмысты 1867 жылы В.Верещагин жалғастырады, ал нағыз кешендi қазба жұмыстар 1946 жылы академик С.Толстов бастаған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының арқасында жүрген [7]. Шаhарда заманның өзiнде қазiргi дәуiрдiң өркениетiне тән су құбырлары мен жүйелерiнiң болғанын да осы археологиялық зерттеу дәлелдеп бердi, таңба салынған темiр теңгелер де мұнда сауда-саттықтың айтарлықтай даму деңгейiне жеткендiгiнен сыр шертедi. Жанкенттен Ұлы Жiбек жолы арқылы Қытай, Иран, Үндiстан және Еуропа елдерiне Аралда өндiрiлетiн тұз тиеген керуендер күнделiктi жөнелтiлетiн болған. Бұл саладан Оғыз мемлекетiне көптеген пайда түсiп, астанасы Жанкент қаласы өндiрiс және мәдениет орталығына айналған. Қалада құмыра, қару-жарақ жасаушылар, ұсақ қолөнершiлер көп болған. Сауда қатарларында Жiбек жолы арқылы әкелген қытай жiбектерi, үндi маталары мен жемiстерi, араб елдерiнен жеткiзiлген құрма, набат, Ираннан алдырылған тұлпарлар және әшекей заттар мен өнiмдi тауарлар болған. Сыр өзенi бойымен Орта Азия қалаларынан мұнда бидай мен астық тиелген кемелер келiп тұрған, қаланың ұзындығы 10, енi 5-6 шақырым жердi алып жатыр, алдымен тiл ұшына iлiнетiн атақты биiк қорған-қамал қаладан оқшау жер оңтүстiк-шығыста тұр, оның ұзындығы бiр жарым, ал енi бiр шақырым шамасында.

Тарихи қаланың бой көтерiп, отырықшы және көшпелi мәдениеттiң қатар дамуына төмендегi табиғи және әлеуметтiк-экономикалық факторлар әсер еттi:

-егiншiлiктi дамытуға сол кездергi агроклиматтық жағдайдың қолайлы болуы;
-Батыс Еуропа мен Шығыс Азияны байланыстыратын адамзат қоғамының дамуына баспалдақ болған Ұлы Жiбек жолының солтүстiк-батыс бөктерiн бойлай өтуiне орай сауданың қарқынды дамуы;

-сауданың өркендеуiне орай қол өнер мен қала құрылысының гүлденiп, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерiне баса назар аударылуы;

-әртүрлi өркениеттердiң тоғысқан iрi сауда орталығы болғанын дәлелдейтiн тұрғын үйлердiң сыртқы қабырғаларын әртүрлi әшекейлi ою-өрнектермен безендiрiлiп салынған бай саудагерлердiң үйi мен керуен сарайы, қаланың орталық бөлiгiнде орналасқан мұсылман мешiтi.

Туристерге Жанкент қаласының орнына жүргiзiлген археологиялық қазба жұмыстары барысында ашылған әлеуметтiк-тұрмыстық маңызы бар ғимараттарды таныстыру барысында бөлмелердiң керегелерiнiң симмитриялы, математикалық өлшемге негiзделiп, кiрпiштердiң белгiлi бiр түзудiң бойымен қалануы сонау IX-XIII ғасырдың өзiнде сәулет өнерiнiң қарқынды дамығанын ашып көрсетуге мүмкiндiк бередi.

Жанкентті зерттеген ғалымдардың пайымдауынша, бiр ғана қазаққа тән үй салу өнерi Жанкенттен табылған бiр, екi немесе үш бөлмелi тұрғын-үйлер б.з.д. I мыңжылдықтың аяғынан бергi елiмiздiң оңтүстiк өңiрiне тән құбылыс болып табылады, Жанкенттегi қазба баспананың негiзгi ұясы – дәлiздi немесе түнектi бөлме, академик К.М.Байпақовтың айтуына қарағанда, отырықшы қазақтың үйлерiне ұқсас. Қазба жұмыстарының барысында қаланың орталық бөлiгiнен ауқатты тұрмысқа тән ХII ғасырда Иранда жасалған әйнек ыдыстар мен Қытайда жасалған жасыл түстi қыш құмыралар табылған. Жанкент қаласынан табылған осындай археологиялық құндылықтарды экспонат ретiнде қойса, тартымдылығы мен тарихи маңызын арттырып, Қазақстандағы ортағасырлық өркениеттiң iрi орталығы болғанын дәлелдеумен қатар, туризмнiң iрi орталығына айналдыруға мүмкiндiк туар едi.

Көне Жанкент қалашығы ұтымды, қолайлы әрi киелi жерде орын тепкен, киелi дейтiн себебiмiз, Жанкент орта ғасырдың ұлы ойшылы, кемеңгер Қорқытты дүниеге әкелген жер, Қорқыт бабамен қатар аталатын қобыз қазақтан басқа ұлттың қобыз тартпайтынын ескерсек, Қазалы жерi қазақтың музыка өнерiнiң туын тiккен жер деуiмiз талассыз.

Ұлы Жiбек жолының бойында орналасқан көне Жанкент Ташкент-Орынбор темiржолының Қазалы стансасынан 35 шақырым жерде. Қазалы стансасы мен көне шаhарға дейiнгi аралықтағы жол жөнделген.

Жанкент қалашығын басқа да туристік объектілермен салыстыруға болады. Салыстыру объектілері ретінде Қазақстан жерінен Сарайшық қаласын және әлемдік деңгейдегі "Горгиппия" мұражайын қарастырдық.

Қазақ даласындағы ең көне тарихи орындардың бірі-Сарайшық қаласы, тарихшы ғалымдар оның пайда болуын XIII ғасырда, яғни Шыңғыс хан мен Батудың жасаған шапқыншылығымен байланыстырады. Белгілі деректерге сүйенсек, бұл орын туралы жазба мәліметтер XIV ғасырдың алғашқы жартысынан басталады, жазбаларда Сарайшық сол кездегі қолөнер мен сауда орталығы болғандығы айтылады. Республика ғылым академиясының 1950 жылы Батыс Қазақстанға жүргізген археологиялық экспедициясының қорытындысы негізінде белгілі археологтар С.П. Толстов пен Г.И. Пацевич Сарайшықтың өмір сүру дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөледі: 

1.X-XI ғасырларда қала іргесінің қаланып бой көтеруі. 

2.XIII-XIV ғасырларда Алтын Орда өмір сүрген кезеңдегі Еуропаны, Орта Азия, Қазақстанда, монғолдар және Қытаймен жалғастырған ірі сауда орталығы болуы, яғни қаланың гүлденіп, өркендеу дәуірі.

3.XV-XVI ғасырлар Ноғай ордасының орталығы болып, қазақтарға жасалған шабуыл әсерінен күйреп, қирауы [8].

Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан өзінің 1950 жылы жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде «қала XII ғасырда салынған» деп еш бұлтаңсыз дәл айтады. 
Бұл пікірді, соңғы жылдары қала орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген Республикалық археология институтының ғалымдары дәлелдеп отыр. Сарайшық қаласында тарихи – мемориалдық кешен құрылысы 1999 жылы 2 мамыр күні басталып, сол жылы 3 қыркүйекте ашылу салтанаты болды. Кешен 1999-2000 жылдары Атырау облысының әкімі, қазіргі Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрі Иманғали Тасмағамбетов бастамасымен салынды. Кешен құрамына: 

1. Хандар Пантеоны кіреді. Бұның биіктігі 17 метр, 8 қабырғалы. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арналып құлпытастар қойылған. Бұл құлпытастарға, қара мраморға жазылған хандардың аттары мен хандық құрған жылдары жазылған. Бұл хандар: Мөңке темір (1266-1282ж.ж), Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312ж.ж.), Жәнібек (1343-1353 ж.ж.), Әмір Оқас (14 -1447ж.ж), Қасым Хан (1511-1518 ж.ж), Ших Мамай (1549-1554 ж.ж), Жүсіп Хан ( 1549-1554 ж.ж).

2. Мешіт. Мешіттің ұзындығы 13 метр, ені 6 метр 50 см. Мешіттің іші толықтай жасақталып Михраб, Мінбарлар қойылған. Мешіт ішінде Құран, тағы басқа діни кітаптар қойылған. Әрбір жұма намазы өтіледі. Келушілер әуелі мешіт үйіне кіріп Құран оқытып, дұға етеді. Мешітке азан шақырылатын техникалық құралдар қойылған.
3.Мұражай. Мұражай ішіне Сарайшық қазбасынан шыққан тарихи жәдігерлер қойылған. 14 ғасырдағы Сарайшық қаласының макеті жасақталған.

Горгиппия Ежелгі қала орнына, синд тайпасының орталығында негізі қаланған. Горгиппия атауы Боспорлық І Левконның ағасы, патша өкілі Горгипп құрметіне аталған. Қала ауданы шамамен 40 гектардан асатын, ол биік қамалмен қоршалған. Б.з.д. І – ІІ ғасырлардың соңында қалада өз шақалары, яғни монеталары соғылды. Қала Боспор патшалығының кәсіпкерлік және сауда орталығына айналған уақыты б.з. І-ІІ ғасырда біршама өрлей бастады. Варвар тайпасының шабылдауы нәтижесінде шамамен 240 жылы қала қирады. Қазіргі Анапа қаласының орталығында сол кездегі қалашық орны қалған. Қала махаллалары және әлеуметтік жағынан біршама жоғары болған жерлеу орындары егжей-тегжейлі зерттеліп, қазылды. Шеберханалар орны мен шарапхана орны, қолтаңбасы бар мраморлы тақталар, тұрғын үйлердің орны, тас төселген көшелерден ашық аспан астындағы «Горгиппия» мұражайы ұйымдастырылды. 1975 жылы Анапа орталығында шұңқырлар мен қазаншұңқырларды қазып, зерттеу жүргізу барысында антикалық мәдениеттен ескерткіш грек ойшылының табыты табылды. Бұл табыт Гераклге тиісті болғандықтан, «Геракл табыты» деп атап кеткен. Тек бұл ғана емес, сонымен қатар 2 бойжеткеннің табыты табылған. Табыттың жанынан табылған заттарға назар аудара отырып, бұлардың әулетті отбасыдан шыққандығын айуға болады.



1977 жылы РКФСР министрлер кеңесі шешімімен Анапа археологиялық музейі құрылды. Ол Е.Д.Филицынаның атындағы Краснодар мемлекеттік тарихи-археологиялық музей-қорықша болып табылады [9].

"Антикалық Горгиппия қаласы" грек өркениетінің мұрасы және қазіргі еуропалық мәдениеттің негізі болып табылады, жыл сайын 150 мыңнан астам адамдар тамашалауға келеді, олардың біршама көбісі-орыстар болып табылады.

Жоғарыда салыстыруға ұсынылған объектілермен Жанкентті салыстыра отырып, Жанкентті туристік объектке айналдыруға болатынына көз жеткізуге болады. Төменде Жанкентті туристік нысан ретінде қарастыруға SWOT-талдау жасалды (Кесте 1).

Кесте 1. Жанкент қорғанын туристік нысанына SWOT талдау

Күшті жақтары

Әлсіз жақтары

- тартымдылығы мен тарихы маңыздылығы бар археологиялық құндылықтардың көптеп табылуы;

- орта ғасырдағы сауда-саттық, мәдениет орталығы болғандығы;

- Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандығы;

- туристерді қызықтырарлықтай аңыз - әңгімелер, киелі де қасиетті жер.

- көлік қатынасы дамымыған;

- жолдары жөндеу жұмыстарын талап етуі;

- сервистік қызмет көрсету орталықтарының болмау.


Мүмкіндіктері

Қауіп-қатерлері

- археологиялық құндылықтарға бай;

- ортағасырлық тарих беттеріне шолу жасауға болады.

- ауа-райының құбылмалылығы;

- тым шалғайда орналасуы.


Жанкент туралы мағлұматтарды ұсына отырып, мынадай ұсыныстарды беруге болады:

- толық археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу;

- Жанкент маңындағы Жент, Хора, Кердері қалашықтарына қазба жұмыстарын жүргізу;

- Жанкентті ғылыми-танымдық туризм орталығына айналдыру;

- Жанкентті қала-мұражайға айналдыру, яғни, ашық аспан астындағы мұражай ашу;

- Жанкентті ДТҰ-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу;

- көлік қатынасын реттеу;

- сервистік қызметті дамыту;

- қонақ үйлер мен орналастыру орындарын салу.

"Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына" сүйене отырып болашақта осы ұсыныстар нәтижесінде туристерді орналастыру орындары , сондай-ақ туристердің келу саны мен түнеушілер саны артып, туризм саласындағылар жұмыспен қамтылу көрсеткіші артады, ғылыми-танымдық туризм орталықтары ашылады деп сенуге болады. Нәтижесінде басқа да көне тарихи орталықтардың туризм орталықтарына айналуына ықпал етеді.

Жанкент қалашығының зерттелуі бүгінде біршама елдердің археолог-ғалымдарын қызықтырып отыр. Басқалардың қызығушылығын тударған ежелгі мұрамызды сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу қажет. Сондықтан, Жанкенттің құпияға толы тарихын жарнама ретінде пайдалана отырып, осы жерге өзгелердің қызығушылығын бұрынғыдан да бетер арттыра түсу қажет. Осылайша, Жанкентті зерттеп, туризм орталығына айналдыруға кеткен шығындарды бірнеше жыл ішінде-ақ қайтарып алуға болады.

Сонымен қатар, туризмді дамыту ел экономикасына оң жағынан тигізер пайдасы зор болмақ.



Қолданылған әдебиет

1. ҚР Президентінің "Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты" атты 2012 жылғы жолдауы

2. "Мәдени Мұра" бағдарламасының 2003-2012 жылдар аралығында өткізілген іс-шараларына талдау

3. https://ru.wikipedia.org/wiki/

4. http://www.362kz.kz/kk/news/zhankent/

5. BNews.kz

6. Қазақстан тарихы. 2012 ж, 3 басылым

7. С.Ө.Біләлов. Отағасырлық Жанкент қаласында жүргізілген археологиялық жұмыстар.



8. http://visitkazakhstan.kz/kk/guide/places/view/230/

9. http://otdih.nakubani.ru/muzej-gorgippiya/
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> ТӘуелсіздік жылдарынан кейінгі сыр өҢірі мерзімді басылымдар: бағыт-бағдары мен бет-бейнесі
publications -> Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының аға оқытушы ф.ғ. к. Есқараева Айгүл Дүйсенғалиқызы “абай жолы” эпопеясындағЫ Әйелдер бейнесі
publications -> О. Сүлейменов және қазақ кино өнері
publications -> Абай мен Пушкин шығармалары
publications -> Темірбек жүргеновтің Өмірі мен қызметі (Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде) Оразбақов Айтжан Жұмабайұлы
publications -> «Мәңгілік ел – ұлттық идеясының қазақ әдебиетінде көркемдік көрініс табу дәстүрі мен инновациялық жаңашылдық мәселелері» атты Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары
publications -> Қазақ стиль типологиясының Қалыптасуы қорқыт ата атындағы Қму доценті А. Е. Айтбаева
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы
publications -> Абай танымындағы сопылық
publications -> Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет