Рухани мәдениет – Әлемді жаңартудың кілті 26. 10. 2013 «Рухани мәдениет – әлемді жаңартудың кілті. Рухани келісімнің шыңына шығудың 20 жылы»



Дата22.01.2020
өлшемі75.65 Kb.
РУХАНИ МӘДЕНИЕТ – ӘЛЕМДІ ЖАҢАРТУДЫҢ КІЛТІ

26.10.2013


«Рухани мәдениет – әлемді жаңартудың кілті. Рухани келісімнің шыңына шығудың 20 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Агенттік төрағасы Қ.Лама Шарифтің сөйлеген сөзі (Астана қ., 18 қазан 2011 ж.)

Құрметті форумға қатысушылар!

Бүгінгі Қазақстан – экономикасы орнықты дамыған, саяси ахуалы тұрақтанған, қоғамдық келісім орныққан көп ұлтты және көп конфессиялы мемлекет.

Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында 130 ұлт өкілдері тұратын елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ұлтаралық және дінаралық қатынастар саласында бейбітшілік пен келісім салтанат құрды.

Бүгінгі күні дін рухани өмірдің негізі, қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Өздеріңізге белгілі, XX ғасырдың соңында кеңестерден кейінгі кеңістікте жаңа қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени ортаның қалыптасуы бұрынғы кеңестік республикаларда ұлттық сана-сезімнің өсуіне және рухани бағдарлардың өзгеруіне себепші болды. Мұны осы елдердегі халықтың діни құндылықтар мен дәстүрлерге жаппай бет бұруынан айқын аңғаруға болады.

Бұл үдеріс Қазақстанға да тән болып табылады, ел халқының діни сана-сезімінің арта түсуі бүгінде біршама үйреншікті жағдайға айналды. Оның үстіне, қазақстандық қоғамның белгілі бір бөлігі үшін дін тек ұлттық бірегейліктің маңызды факторы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік мінез-құлықты реттейтін табиғи нормативтік-құндылықтық құраушысы ретінде қалыптасты.

Қазақстандық қоғамның басты ерекшеліктерінің бірі – Қазақстан халқының діни дәстүрлерінің жаңару үдерісі Қазақстанның өз мемлекеттілігін жаңғыртуымен тұспа-тұс келді. Бұл ретте Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының үлкен жетістігі еліміздің тәуелсіздік алуы мен діни дәстүрлердің жаңғыруы сияқты параллель үдерістердің дау-жанжалсыз өтуі болып табылады.



Құрметті әріптестер!

Кез келген мемлекетте, әсіресе көп этникалы және көп конфессиялы қазақстандық қоғам жағдайында рухани бейбітшілік пен келісімнің болуы аса маңызды. Олар Қазақстан халқының бірыңғай азаматтық қоғам ретінде бірігуінің факторы болып табылады, оның әлеуетін жұмылдырады. Біз өз елімізде осындай бірлік пен қоғамдық келісімге қол жеткіздік. Бұл – біздің бәсекелестіктегі артықшылығымыз.

Еліміздегі ұлтаралық және конфессияралық бейбітшіліктің тиімді үлгісі бүгінде Қазақстанның жылдам жаңғыру үдерісінің және оның әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіруінің қажетті шарты мен тірегі ретінде қызмет етіп отыр.

Қазіргі уақытта мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары – барлық ұлттық, конфессиялық топтардың өкілдері үшін тең құқықтарды қамтамасыз ету және олардың мәдени орталықтары мен діни бірлестіктерінің қызмет етуіне қолайлы жағдайлар жасау. Осы ұстанымдардың арқасында Қазақстанда жиырма жыл бойы бейбітшілік пен келісім берік орнықты.

Қазақстан көп ұлтты және көп конфессиялы мемлекет ретінде шығу тегі әртүрлі және түрліше діни сенімдегі адамдардың бейбіт өмір сүруінің мүмкін екендігін дәлелдеді, бұған қоса діндердің ғаламдық сұхбатын қалыптастырудың алаңына айналды. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астанада әлемдегі негізгі конфессиялардың рухани басшылары бас қосқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі үш мәрте өткізілді.

Елбасымыз ү.ж. 21 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында сөйлеген сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші съезін келесі жылдың мамыр айында БҰҰ-ның қамқорлығымен өткізуді ұсынды. «Бұл біздің бүкіл әлемдегі өзара сенімді күшейтудегі ғаламдық сұхбатқа қосқан үлесіміз» деп атап өтті Қазақстанның тұңғыш Президенті.

Бұл маңызды іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 30-дан астам елдердің өкілдері, ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизмнің және басқа да діни ағымдардың ұстанушылары қатысады. Съездер барысында діни сенім бостандығы, халықаралық қауіпсіздікті күшейтудегі діни қайраткерлердің рөлі туралы мәселелер талқыланады. Әртүрлі конфессиялардың басшылары алдына рухани дағдарысты жеңіп шығу, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу мақсатында әлемдік діндердің күштерін біріктірудің маңызды мәселелері қойылуда.

Көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамда толеранттылық пен келісімді сақтаудың қазақстандық тәжірибесі әлеуметтік-экономикалық өрлеуге қоғамдағы рухани келісім мен ынтымақтастық аясында жетуге болатынын айғақтайды. Рухани-өнегелік құндылықтарға бағдарлану әлеуметтік перспективаны ары қарай дамудың негізі ретінде қалыптастыруға мүмкіндік туғызбақ.



Құрметті форумға қатысушылар!

Бүгінгі күні Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына табысты түрде төрағалық етуі біздің Қазақстан мұсылмандарының тарихи және рухани құндылықтарын жаңғыртуда исламның оң әлеуетін пайдалануына қажетті жағдайлар жасауға дайын екенімізді тағы да дәлелдеп отыр.

Қазір Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) 1,5 миллиардтан астам халқы бар 57 мемлекетті біріктіреді. Төрт құрлықты: Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Американы қамтиды. БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі халықаралық ұйым болып табылатын ИЫҰ 1969 жылы құрылған сәттен бастап тек саяси ғана емес, мәдени, әлеуметтік, экономикалық, техникалық және ғылыми сипаттағы әртүрлі мәселелерді шешіп, кең ауқымды қызмет етіп келеді.

ИЫҰ мұсылман елдері арасындағы ынтымақтастықты арттыруға және бірлескен жұмыстарды іске асыруға ерекше көңіл бөле отырып, ұйымға мүше елдердің тұрақты дамуы мен тұрмысының жоғарғы деңгейін қамтамасыз етуге ұмтылады.

Әлемдік діндер өзара ынтымақтастықта дамитыны белгілі. Зайырлы мемлекет ретінде қалыптасқанымен Қазақстан мұсылман өркениетінің ажырамас бөлігі болып табылады. Біздің тарихымыз қазақ халқының рухани мәдениетінің негізгі құрушысы саналатын ислам дінімен ғасырлар бойы тығыз байланысты болып келеді.

Жаңғырған, қуатты Қазақстан мұсылман әлемінің құрамына оның өркендеуі мен дамуына ықпал етуде. Қазақстан 1995 жылы ИЫҰ-ға кіргеннен бастап Ұйымның көп қырлы қызметіне белсенді түрде араласып, оның рөлі мен маңызын арттыруға өз үлесін қосуға ұмтылып келеді.

Бүгінгі күні Қазақстан ИЫҰ-ның мұсылман әлемі елдерінің тиімді және беделді форумы ретінде күшеюі үшін атсалысуда. Еліміз исламды бейбіт және ілгерішіл дін ретінде қарастыра отырып, ИЫҰ-ның жаңғыртуды, біртекті әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізу және ИЫҰ-ның демократияны, азаматтардың құқықтары мен азаматтық қоғамды дамытуға қатысу үдерісі арқылы білім беру деңгейін арттыруды, кедейлікті жоюды қолдайды.

Қазіргі кезеңде Қазақстанның ИЫҰ-на төрағалық етуі мұсылман қауымдастығы тарапынан елімізге жоғары сенім білдіріліп, беделі мойындалғанының куәсі болып табылады.

Қазақстан өзінің Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше-мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төрағалық етуіне аса үлкен мән беріп, аталған халықаралық ұйымындағы қызметін мұсылман әлемі мен Батыс арасында ынтымақтастықты дамыту үшін барынша тиімді пайдаланады.

Осылайша, ИЫҰ-ның қызметінде белсенді қызмет ету Қазақстанға әлем халықтарының күн тәртібіне белсенді түрде әсерін тигізіп, халықаралық өзекті мәселелерді шешуге ықпал етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан мұсылман әлемінде келісімнің, тұрақтылықтың, демократия мен бостандықтың үлгісі болуға мүдделі. Сонымен қатар, біз өз тәжірибемізді басқа ислам мемлекеттерімен бөлісіп, адамзаттың жаһандық мәселелерін шешуге ықпал ететін ортаға айналғымыз келеді.

Құрметті қонақтар!

Таяуда ғана елімізде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Бұл заңда мемлекет діннен және діни бірлестіктерден бөлінген деп атап көрсетілген. Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді. Оған қоса, заңның алғысөзінде Қазақстан халқы мәдениетінің дамуы мен рухани өмірінде ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлі танылатыны, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндердің құрметтелетіні атап көрсетілген. Бұл ереже діни бірлестіктердің бір-бірінен артықшылығын туғызбайтындықтан, олардың тең құқықтығын бұзбайды.

Қазақстандағы діни ахуалдың жағымды факторы ретінде ислам мен православие діндерінің ғасырлар бойы қатар өмір сүруінің нәтижесінде белгілі бір дәрежеде діни мүдделер үйлесімі мен діни тепе-теңдік орнағандығын атап өту қажет. Осы үйлесім аясында аталған діндердің әрқайсысы әлеуметтік өзара байланыс арналары мен конфессияаралық сұхбатты дамыта отырып, қоғам өміріндегі өз орнын ала білді.

Бұл феноменнің пайда болуына тарихи, мәдени және әлеуметтік-саяси сипаттағы бірқатар факторлар ықпал етті. Бұл факторлардың негізгісі Еуразия кеңістігіндегі түрік-славян халықтарының ұзақ уақыт бойғы тығыз әрі белсенді мәдениетаралық байланыстарының негізінде қалыптасқан этно-тарихи, мәдени ортақтығы болып табылады.

Осы дәстүрлі діндердің қоғамымыздағы рөлі туралы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ислам және православие – Қазақстан руханиятының қос қанаты» деп қысқа да нұсқа пікір білдірген болатын. Қазақстанның зайырлы мемлекет бола тұра, Құрбан айт және Рождество мейрамдарын ресми демалыс күндері ретінде белгілеуі де кездейсоқтық емес.

Қазақстандағы рухани сала осындай этникалық және діни негіздер арқылы қалыптасқан. Ислам, батыс және шығыс мәдениеті құндылықтарының үйлесімді қосындысы қазіргі жаһандану үстіндегі әлемде Қазақстан Республикасының сапа белгісіне айналған қазақстандық толеранттылықты қалыптастырды.

Қазақстанның этноконфессиялық әртүрлігі – бұл үлкен байлық, қазақстандықтарға мәдени жетістіктерін басқа халықтармен бөлісуге қолайлы мүмкіндік туғызатын бүкіл қоғамымыздың ортақ мақтанышы екендігін біз жақсы түсінеміз.

Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Қазақстанда ұлтаралық және дінаралық қатынастардың азаматтық сананың, дәстүрлі қазақ менталитеті мен ұлттық өзіндік сана ерекшеліктерін үйлесімді түрде қамтыған тиімді әрі табиғи жүйесі қалыптасты. Бір-бірімен өзара байланыс нәтижесінде саяси демократия, құқықтық және әлеуметтік әділдік нормалары, шынайы діни құндылықтар, жоғары моральдық және адамгершілік идеалдар, ғылым жетістіктері тәрізді жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесін тереңірек тани түсуге болады.

Мұндай өзара байланыс көбінесе Қазақстан халқының рухани және сана деңгейіндегі бірлігінің нәтижесі болып табылады. Еліміздегі әрбір этнос бір-бірі үшін адамгершілік үлгісі болып табылады – ешбірі өзін жоғары санамайды, ешбірі төмендетілмейді де.

Қазақстан азаматтары ұлтының, діни сенімінің, саяси көзқарастарының әртүрлілігіне қарамастан, «руханилық, адамгершілік, мәдениет және заңдарға деген құрмет – қоғамды тазартатын және жаңғыртатын негіздер» деген ортақ көзқарасты ұстанады. Ал, толеранттылық пен рухани келісім – дүниетанымдық идеалдар мен Қазақстан қоғамының күнделікті өмір нормаларын бекіте түсетін негізгі идеялар болып табылады.



Мемлекеттегі толеранттылық пен рухани келісім – тұтастық, тұрақтылық, әділеттілік қағидаларынан бөлінбейтін біртұтас ұғымдар. Толеранттылық пен рухани келісім – мемлекетте қақтығыстар мен қайшылықтардың орын алуына тосқауыл болатын негіздер. Осыған орай, конфессиялық кеңістіктегі рухани келісім мен толеранттылық қазақстандық қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды құраушылары болып табылады. Мұның барлығы Қазақстан халқының жоғары дамыған азаматтық санасының, ең алдымен, Елбасымыздың байсалды да парасатты саясатының нәтижесі екені баршамызға мәлім.

Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет