С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


Бастыққа қатысты күш қолдану іс-әрекеттері (369-бап)



бет28/29
Дата25.04.2016
өлшемі4.55 Mb.
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

Бастыққа қатысты күш қолдану іс-әрекеттері (369-бап)
Қылмыс объективтік жағынан алғанда бастықтың әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде немесе осы міндеттерді атқаруына байланысты оған қатысты жасалған ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру немесе өзге күш қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде бастыққа күш қолдану әрекеттері екі түрлі жағдайда:

  1. бастықтың әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде;

  2. немесе осы міндеттерді атқаруына байланысты жүзеге асырылады.

Әскери қызмет міндеттерін атқару деп бастықтың ұрыс әрекеттеріне қатысуы, лауазымдық міндеттерін атқаруы, әскери кезекшілікті атқаруы, қызметтік жағдайына байланысты әскери бөлімнің аумағында белгіленген уақыт ішінде міндетін өтеуі, қызметтік іс-сапарда болуы кезінде өз борышын өтеуін айтамыз. Осы міндеттерді атқаруға байланысты бастыққа қатысты күш қолдану іс-әрекеттеріне кінәлының оның қызмет бабын атқаруына көңілі толмаудан немесе одан кек алу, я болмаса басқадай өзара қақтығыстықтан пайда болған өшпенділікті жүзеге асырулар жатады. Көрсетілген қылмыс бастықтың қызмет бабына байланысты жасалады. Және оған қарсы күш қолдану әрекетімен ұласады. Күш қолдану ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру жолымен немесе өзге де күш қолдану (қолын бұрау, байлап қою, бетін тырнау т.с.с.) арқылы көрініс табады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады. Дәл сол әрекеттер: а) адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасаса; б) қару қолданып жасаса; в) денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян немесе өзге ауыр зардаптар келтірсе, осы қылмыс құрамының ауырлататын түріне жатады (369-баптың 2-тармағы). Бұл көрсетілген жағдайлардың түсінігіне Қылмыстық Кодекстің 363-бабын талдағанда тоқталғанбыз. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әрекеттер көрсетілген қылмыстың аса ауырлататын түрі болып табылады (369-баптың 3-тармағы).
Бір-бірінің арасында бағыныштылық қатынастары болмаған кезде әскери қызметшілердің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұзу (370-бап)
Қылмыс объективтік жағы бойынша бір-бірінің арасында бағыныштылық қатынастары болмаған кезде әскери қызметшілердің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру немесе өзге күш қолдану, не ар-ожданы мен қадір-қасиетін кемсіту немесе жәбірленушіні масқаралауға байланысты бұзу арқылы сипатталады. Заң бір-бірінің арасында бағыныштылық қатынастары болмаған кезде әскери қызметшілердің арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелер шеңберінде жүзеге асырылуын талап етеді, бұл ережелерді бұзып осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеу көрсетілген қылмыстың құрамын құрайды. Көрсетілген ережелерді бұзу нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық әрекеттерімен немесе жәбірленушінің киім-кешегін, тамағын, басқа заттарын тартып алумен ұштасқан жағдайда кінәлының іс-әрекеті қылмыстардың жиынтығын құрайды. Дәл сол әрекеттер: а) бірнеше рет (Қылмыстық Кодекстің 11-бабын қараңыз).

б) екі немесе одан көп адамға қатысты жасалса;



в)адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы немесе ұйымдасқан топ жасаса (Қылмыстық Кодекстің 31-бабы). г) қару қолданып жасаса; д) денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірсе (Қылмыстық Кодекстің 104-бабы), осы талданып отырылған қылмыс құрамының ауырлататын түріне жатады (370-баптың 2-тармағы). Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттерге (370-баптың 3-тармағы) талданып отырылған қылмыстың өте ауырлататын түріне жатады. Ауыр зардаптарға мәжбүрленушінің денесіне ауыр дене жарақатын келтіру, абайсызда кісі өлімінің болуы, жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруі жатады. Осындай іс-әрекеттен қасақана кісі өлтіру болса, онда іс-әрекет Қылмыстық кодекстің 96-бабы бойынша саралануға жатады.


Әскери қызметшіге тіл тигізу (371-бап)
Қылмыс объективтік жағынан әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде немесе оны атқарумен байланысты бір әскери қызметшінің екіншісіне тіл тигізу арқылы сипатталады. Тіл тигізу деп әскери қызметшінің ар-намысын аяққа басатын, қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсітетін әрекеттерді айтамыз. Көрсетілген баптың диспозициясына сәйкес бір әскери қызметшінің екінші бір әскери қызметшіге тіл тигізу қылмыс деп қарастырылады. Бұл қылмыс құрамы бойынша іс-әрекетті саралау үшін күш қолданудың орын алуы шарт емес, Әскери қызметшінің тіл тигізу жәбірленушінің әскери қызметін атқарумен байланысты немесе әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде болуы қажет. Егер бағыныштының бастыққа, сол сияқты әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде немесе оны атқарумен байланысты бастықтың бағыныштыға тіл тигізуі орын алса, онда мұндай іс-әрекеттер осы қылмыстың ауырлататын түріне жатады (371-баптың 2-тармағы). Көрсетілген қылмыс субъективтік жағынан алғанда тікелей қасақаналықпен істеледі.
Әскери қызметті өтеу тәртібіне қарсы бағытталған қылмыстар. Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен

тастап кету (372-бап)
Қылмыс объективтік жағынан шақыру бойынша әскери қызмет өткеруші, әскери қызметшілер жұмыс жасаған бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты бөлімнен босатылған кезде, тағайындау, ауыстыру кезінде, іссапардан, демалыстан немесе емдеу мекемелерінен қызметке екі тәуліктен ұзақ, бірақ он тәуліктен артық емес уақытқа дәлелді себептерсіз мерзімінде келмеу-арқылы сипатталады. Әскери қызметшінің бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен бастықтың рұқсатынсыз тастап кетуге құқы жоқ. Бөлім немесе қызмет орнына әскери бөлім орналасқан жерлер, аумақтар жатады. Сондай-ақ қызмет орнына әскери бөлім орналасқан жерлерден тысқары жерлерде әскери қызметшілердің әскери міндетін өтейтін орындары да (уақытша жұмыс орны: эшелон, поезд, жылжымалы маршрут т.с.с.) жатады. Әскери қызмет өткеруші бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кетсе, сол сияқты бөлімнен рұқсат бойынша босталған кезде, тағайындау, ауыстыру кезінде, іссапардан, демалыстан немесе емдеу мекемелерінен қызметке екі тәуліктен ұзақ, бірақ он тәуліктен артық емес уақытқа дәлелді себептерсіз келмесе онда оның әрекетінде осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген қылмыс құрамы бар. Бұл құрамның субъектілері шақыру бойынша әскери қызмет өткеруші-жауынгерлер, матростар, сержанттар, старшиналар. Қылмыстық кодекстің 372-бабының 2-тармағының субъектілері болып тәртіптік әскери бөлімде жазасын өткеріп жатқан әскери қызметшілер танылады. Шақыру бойынша немесе келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқарушы әскери қызметшілер жасаған бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты қызметке 10 тәуліктен артық, бірақ 1 айдан көп емес уақытқа дәлелді себептерсіз мерзімде келмеу үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстіңтің 372-бабының 3-тармағында көзделген. Баптың бұл бөлігінің субъектілері болып шақыру бойынша әскери қызмет өткеруші-жауынгерлер, сержанттар матростар, әскери құрылысшыларды, старшиналар немесе келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеруші жауынгерлер, матростар, әскери құрылысшылар, сержанттар, старшыналар, прапорщиктер, кәсіптік әскери білім беретін мекемелердің курсанттары, мамандар, офицерлер танылады. Ауыр жағдаяттарға әскери қызметшінің ауыр науқасқа душар болуы, жақындарымен болған бақытсыздық оқиғалар, жарғылық қатынастарға байланысты емес қатынастардан пайда болған өмір мен денсаулыққа төнген қауіптің болуы, тойтарылмайтын күштердің әсер етуі т.с.с. жатады.
Қашқындық (373-бап)
Қылмыстық заңда қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында әскери бөлімді немесе қызмет орнын тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу деп белгіленген (373-баптың 1-тармағы). Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Отанды қорғау әрбір азаматтың міндеті және азаматтық борышы, әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы заңдарға сәйкес азаматтар Қарулы күштер қатарына олардың еріктілік жағдайында шақыру бойынша немесе келісім-шарт бойынша жүзеге асырылады. Заңмен белгіленген тәртіп бойынша әскери қызметші болып танылғандар өз бетімен әскери қызметтен заңсыз жалтару мақсатымен әскери бөлімді немесе қызмет орнын тастап кетуге, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке демалыстан, іссапардан, емделіп шыққаннан кейін келмей қоюға қақысы жоқ. Бұл міндеттерді орындаудан жалтару қашқындық деп танылады. Қашқындық құрылысы жөнінен формальдық құрамға жатады және ол созылмалы қылмыс болып табылады. Қылмыс әскери қызметшінің бөлімді немесе қызмет орнын тастап кеткен немесе белгіленген мерзімде қызметке келмеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қашқындық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен-әскери қызметтен жалтару арқылы сипатталады. Қылмыстың субъектісі-әскери қызметші шақыру немесе келісім-шарт бойынша өтеп жүрген әскери қызметшілер. Қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында әскери бөлімді немесе қызмет орнын тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу осы қылмыс құрамының ауырлататын түрі болып табылады (377-баптың 2-тармағы). Соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған қашқындық үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстің -373-бабының 3-тармағында көзделген. Қылмыстық Кодекстің- 373-бабының ескертуіне сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген қашқындықты жасаған әскери қызметші, егер қашқындық ауыр жағдайлардың себептерімен болса және егер ол әскери қызметті одан әрі өткеру үшін өз еркімен келген болса, сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін. Ауыр жағдайлардың түсінігіне Қылмыстық кодекстің 373-бабында талдау жасағанда тоқталғанбыз.
Дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе өзге тәсілмен әскери қызметтен жалтару (374-бап)
Қылмыс объективтік жағынан әскери қызметшінің ауруды сылтау ету немесе өзіне қандай да бір болмасын зақым келтіру (дене мүшесін зақымдау), не денсаулығына өзге зиян келтіру немесе жалған құжат жасау немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет міндеттерін атқарудан жалтаруы арқылы сипатталады. Ауруды сылтау етуге өтірік соқыр, керең, мылқау болып көрінулер арқылы әскер қызметі міндетін өткеруден жалтарады. Өзінің әскери қызметті міндетін өтеуден жалтару мақсатымен дене мүшесін зақымдауға кез келген затпен, құралмен, қарумен немесе улы, зәрлі нәрселерді қолдану арқылы өзіне -өзі немесе біреу арқылы зақым келтіруді айтамыз. Жалған құжат жасауға-әскери қызметті немесе міндетті өтеуден босатуға негіз боларлық өзі немесе басқа біреу арқылы дайындалған шындыққа сай келмейтін құжаттарды жасау жатады. Өзгеше алдауға-әскери қызметті өтеу мерзімін қысқарту үшін жоғары білімі туралы жалған құжат көрсету, әскери қызметтен жалтару мақсатымен лауазымды адамды сатып алып, өзіне қолайлы іс-әрекеттер істеткізу т.с.с. жатады. Қылмыстық Кодекстің 374-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық жауаптылық әскери қызметшінің дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе өзге тәсілмен әскери қызметтен уақытша жалтарғаны (қарауыл қызметін атқарудан, әскери кезекшіліктен, қауіпті әскери операцияға қатысудан, алыс іссапарға барудан) үшін туындайды. Баптың бұл бөлімі бойынша қылмыс субъектісі болып шақыру бойынша немесе келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүргендер танылады. Егер осы көрсетілген адамдар әскери қызмет міндеттерін атқарудан толық босану мақсатында жоғарыда көрсетілген әрекеттерді-ауруды сылтау ету, өзге де алдау жолымен жасалса, онда олардың іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 374-бабының 2-тармағы бойынша сараланады. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әрекеттер-үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 374-бабының 3-тармағында көзделген. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсат әскери қызмет, міндетті атқарудан уақытша немесе толық босану арқылы жүзеге асырылады.
Әскери кезекшілікпен және басқа да арнаулы қызмет тәртібіне қарсы қылмыстар. Жауынгерлік кезекшілікті

атқарудың ережелерін бұзу (375-бап)
Қылмыс объективтік жағынан Қазақстан Республикасына кенеттен жасалған шабуылды дер кезінде байқау және тойтару бойынша не оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік кезекшілікті (жауынгерлік қызмет) атқарудың ережелерін бұзу, егер де бұл әрекет мемлекеттің қауіпсіздігі мүдделеріне зиян келтірсе немесе зиян келтіруі мүмкін болуы арқылы сипатталады. Жауынгерлік кезекшілікті атқару ережелері Ішкі қызмет Жарғысымен, Қорғаныс министрі, Бас Штаб бастығы, Қарулы күштер түрлерінің Бас қолбасшысының бұйрығымен және директиваларымен белгіленеді. Жауынгерлік кезекшілік атқару ережелерін бұзуға Қазақстан Республикасына кенеттен жасалған шабуылды дер кезінде байқау және тойтару бойынша не оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік кезекшілікті атқару қызметтерін бұзулар жатады. Жауынгерлік кезекшілік атқару құрамына кезекшілік уақытында қызмет орнынан ауытқуға, бөгде жұмыспен айналысуға, өз бетімен кезекшілік орнын тастап кетуге, кезекшілік орнын басқа біреуге уақытша болса да беріп кетуге, әскери техниканың дайындығына бөгет келтіретін істермен айналысуға тыйым салынады, сондай-ақ жауынгерлік кезекші өз қызметін атқару кезінде спирт ішімдіктерін, есеңгірететін, уытқұмарлық заттарды пайдалануға, байқау аппараттарын өз бетімен алып тастауға немесе келіп түскен бұйрықты орындамауға құқылы емес. Қылмыс құрамы жағынан формальдық-материалдық құрамға жатады. Өйткені қылмыс жауынгерлік кезекшілікті атқару ережелерін бұзудан мемлекеттің қауіпсіздігі мүдделеріне зиян келтірсе немесе зиян келтіруі мүмкін болған реттерде аяқталған деп танылады. Мемлекет қауіпсіздігі мүддесіне зиян келтірілгені немесе келтірілу қаупі болғаны нақты жағдайларға байланысты анықталады. Жауынгерлік кезекшілік ережелерін бұзумен мемлекет мүддесіне келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның арасындағы себепті байланыс анықталуы тиіс. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен істеледі. Ауыр зардаптарға- Қазақстан Республикасының аумағына шет мемлекеттердің әскери барлау ұшақтарының, су асты, су үсті соғыс кемелерінің еніп кетуі, адамдардың қазаға ұшырауы, әскери техниканың істен шығуы, маңызды әскери шаралардың жүзеге аспай қалуы жатады.
Шекаралық қызмет атқарудың ережелерін бұзу (376-бап)
Қылмыс объективтік жағынан шекаралық нарядтың құрамына кіретін немесе шекаралық қызметтің өзге де міндеттерін атқарушы адамның шекаралық қызмет атқарудың ережелерін бұзуы, егер бұл әрекет мемлекеттің қауіпсіздігі мүдделеріне зиян келтірсе немесе зиян келтіруі мүмкін болуы арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы Заңына сәйкес мемлекеттік шекараны күзету. Мемлекеттік шекара әскерлеріне жүктелген және осы аталған заңда мемлекеттік шекарада қызмет атқарудың ережелері де белгіленген. Шекаралық қызмет атқарудың ережелерін бұзу әр түрлі болуы мүмкін. Бұларға мысалы, мемлекеттік шекараның күзетілетін объектісін өз бетімен тастап кету; мемлекеттік шекара тәртібін бұзған адамды ұстау шараларын қолданбау; қару қолданудың белгіленген ережелерін сақтамау т.с.с. жатады. Шекаралық қызмет атқарудың ережелерін бұзу мемлекеттің қауіпсіздігі мүдделеріне зиян келтірсе немесе зиян келтіру қаупін келтірсе ғана қылмыс құқықтық жазаланушылық сипатқа ие болады. Қылмыс құрамы-формальдық материалдық. Қылмыстық әрекеттен келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиян мөлшері нақты жағдайларға байланысты анықталады. Ауыр зардаптарға дұшпандық әрекеттер жүргізу мақсатымен шетелдік азаматтың еліміздің аумағына кіріп кетуі; шекаралық қызмет құралдарының істен шығып қалуы; мемлекеттік шекара арқылы контрабандалық тауарлардың өткізілуі; халықаралық қатынастардың шиеленісуі т.с.с. жатады. Көрсетілген қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-арнаулы шекаралық нарядтың құрамына кіретін немесе шекаралық қызметтің өзге де міндеттерін атқарушы адам. Осы баптың ескертуіне сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекетті алғаш рет жасаған әскери қызметші қылмысты жеңілдететін мән-жайларда қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Қарауыл қызметін (вахта) атқарудың жарғылық

ережелерін бұзу (377-бап)
Қарауыл (вахта) қызметі Қазақстан Республикасы Қарулы күштердің қарауыл қызметі жарғысымен реттеледі. Қарауыл қызметі жауынгерлік міндетті атқаруға жатады және жеке құрамнан Жарғыда көрсетілген барлық талаптарды мүлтіксіз орындауды, аса қырағылықты және батылдықты талап етеді. Қарауыл қызметі мемлекеттік немесе әскери объектілерді, әскери жасауларды, тәртіптік батальон мен гауптвахтаны күзету үшін белгіленеді. Қарауыл қызметіне соғыс-теңіз флоты корабльдеріндегі вахталық қызметтер де жатады. Қарауыл қызметіне Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскер қызметі жүзеге асыратын аса маңызды мемлекеттік объектілерді, арнаулы жүктерді түзеу мекемелерін, тұтқындағылар мен сотталғандарды күзету қызметтері де жатады. Заң бойынша қарауыл құрамына кіретін адамның қарауыл қызметінің жарғылық ережелерін бұзуы, егер бұл әрекет қарауыл күзететін объектіге зиян келтіруге немесе өзге зиянды зардаптардың болуына әкеп соқса қылмыстық жауаптылық пайда болады. Келтірілген зиянға күзетілетін объектіден әскери мүліктің талан-таражға түсуі; әскери техниканың бүлінуі немесе жоғалуы; гаупвахтадағы пайда болған бей-берекетсіздік т.с.с. жатады. Қылмыс құрамы материалдық, қылмыс қарауыл қызметін атқарудың жарғылық ережелерін бұзудан зиян келтірілген сәттен аяқталған деп танылады. Ауыр зардаптарға әскери жасауды ұрлау немесе бүлдіру, күзетілетін мемлекеттік немесе әскери объектілердің өте қатты бүлінуі, әскери қару-жарақты ұрлау, адамдардың қаза болуы, тұтқындағы немесе сотталған адамның қашып кетуі т.с.с. жатады.
Ішкі қызмет атқарудың және горнизонда патруль болудың жарғылық ережелерін бұзу (378-бап)
Қылмыс объективтік жағынан бөлімнің тәуліктік нарядына (қарауыл мен вахтадан басқа) кіретін адамның ішкі қызмет атқарудың жарғылық ережелерін бұзуы, сол сияқты патруль нарядының құрамына енген адамның гарнизонда патруль болудың жарғылық ережелерін және осы ережелерді дамытуға шығарылған бұйрықтар мен өкімдерді бұзуы, егер ол зиянды зардаптарға әкеп соқса, оның алдын алу осы адамның міндетіне кіретін болса деп сипатталған. Ішкі қызмет атқарудың ережелерін бұзуға тәуліктік нарядқа кіретін адамның ішкі қызмет атқарудың жарғылық ережелерін орындамауы немесе тиісті дәрежеде орындамауы (мысалы, қызмет орнын өз бетімен тастап кету; талан-тараждың жолын кесуге шара қолданбау; әскери қызметшілердің жарғыға сай келмейтін әскери қатынастары, бөлімнің аумағына бөтен адамдардың кіруі; бөлім орналасқан жерден көліктерді тексермей шығару т.с.с. әрекеттер жатады. Гарнизонда патруль болудың жарғылық ережелерін бұзуға патруль нарядының құрамына енген адамның өз қызметін мүлдем орындамауы немесе тиісінше орындамауы (мысалы патруль кестесінен немесе маршрутынан бас тарту; заңсыз қару қолдану; біреуді негізсіз ұстау; спирт ішімдіктерін ішу; әскери тәртіпті бұзған әскери қызметшіге сақтандыру шараларын қолданбау) жатады. Қылмыс құрамы материалдық. Көрсетілген жарғылық ережелерді оның алдын алуға міндетті адамның бұзуы зиянды зардаптарға әкеп соқса қылмыстық жауаптылық туындайды. Ауыр зардаптарға-адамның абайсызда қаза болуы, жәбірленушіге ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілуі, патруль наряды құрамына кіретін адамның жауапсыздығынан қоғамдық тәртіптің өрескел бұзылуы т.с.с. жатады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен жүзеге асырылады. Абайсыздықпен жарғылық ережелерді бұзу қылмыс құрамын түзбейді. Қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ережелерін бұзу осы міндеттерді жүзеге асыруға міндетті әскери нарядтың құрамына кіретін адамдардың өздеріне жүктелген міндеттерді орындамауынан, соның салдарынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру арқылы көрініс табады. Қылмыс құрамы материалдық. Көрсетілген ережелерді бұзу мен одан орын алған зардаптың арасын байланыстыратын себепті байланыс болуы шарт. Ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстің 379-бабының 2-тармағында көзделген. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен жасалады. Қару-жарақ, сондай-ақ заттар мен нәрселер, әскери мүліктерді, техниканы пайдалану мен оны сақтаудың ережелеріне қарсы қылмыстар.


Әскери мүлікті қасақана құрту немесе бүлдіру (387-бап)
Қылмыстың заты қару-жарақ, оқ-дәрі, әскери көлік құралдары, түнде көретін приборлар, өзге де әскери мүліктер. Қылмыс объективтік жағынан қару-жарақты, оқ-дәріні, қозғалыс құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлікті қасақана құрту немесе бүлдіру арқылы жүзеге асырылады. Құрту деп көрсетілген заттарды толық жою арқылы оны өзінің тікелей мақсатында пайдалана алмайтын жағдайға келтіруді айтамыз. Бүлдіруге-көрсетілген заттардың өз қажеттерін едәуір жоғалтуы, оны қалпына келтіру үшін біршама шығынның қажет болуы жатады. Қылмыс құрамы материалдық. Қылмыс әскери мүлікті қасақана құртқан немесе бүлдірген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет-бұзақылықтан, бастыққа кек қайтарудан, әскери қызметке көңілі толмаудан болуы мүмкін.
Әскери мүлікті абайсызда құрту немесе бүлдіру (388-бап)
Бұл қылмыс құрамының субъективтік жағының белгісінен басқа белгілері бойынша Қылмыстық кодекстің 387-бабының 2-тармағында көрсетілген қылмыс құрамымен дәлме-дәл сәйкес келеді. Қылмыстық кодекстің 388-бабындағы қылмыс кінәның абайсыздық нысаны арқылы жасалады.
Әскери мүлікті жоғалту (389-бап)
Қылмыс объективтік жағынан қызметте пайдалану үшін сеніп берілген қару-жарақты, оқ-дәріні немесе әскери техника заттарын сақтау ережелерін бұзуы, егер бұл олардың жоғалуына әкеп соғу арқылы сипатталады. Қылмыс әрекет немесе әрекетсіздік арқылы істелуі мүмкін. Жоғалту мүлікті қарамай тастаудан, оның сақталу ережелерін бұзудан, ұрлатып немесе басқадай жолдармен иеліктен шығарып алу арқылы болуы мүмкін. Қылмыс материалдық құрамға жатады. Мүлікті пайдалану ережелерін бұзу мен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыс анықталуы қажет. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей немесе жанама қасақаналықпен жасалуы мүмкін.


Айналадағыларға қауіп туғызатын қару-жарақты, сондай-

ақ заттар мен нәрселерді ұстау ережелерін бұзу (390-бап)
Айналасындағыларға үлкен қатер туғызатын қару-жарақты, оқ-дәрілерді, радиоактивті материалдарды, жарылғыш және өзге де заттар мен нәрселерді ұстау ережелерін бұзу, егер бұл абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы залал келтірсе, әскери мүліктің жойылуына не өзге ауыр зардаптарға әкеп соқса осы қылмыс құрамы орын алады. Қылмыс объективтік жағынан заң диспозициясында көрсетілген ережелерді бұзу мен зардаптың арасындағы себепті байланыстан тұрады. Қылмыс құрамы материалдық. Ауыр зардаптарға-ірі көлемдегі материалдық залал келтіру; әскери техниканың істен шығып қалуы; құнды әскери немесе азаматтық объектінің жойылуы немесе бүлінуі; әуе, су жер кеңістігінің улануы; аса маңызды әскери шаралардың болмай қалуы жатады. Қылмыс субъективтік жағынан кінәның абайсыздық нысаны арқылы (немқұрайдылық немесе менмендік) жасалады.
Машиналарды жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзу (391-бап)
Қылмыстың затына әскери: арнаулы немесе көліктік машиналар жатады. Әскери машинаға танкі, бронекөлік, өздігінен қозғалатын ракеталық және артиллериялық қондырғылар, арнаулы машинаға-құрылыс, өрт сөндіру, медициналық, жөндеу жұмысын жүргізуге пайдаланылатын техникалар жатады. Көліктік машинаға жеңіл, жүк көліктері жатады. Қылмыс объективтік жағынан әскери арнаулы немесе көліктік машинаны жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзу, абайсызда адамның денсаулығына ауыр (Қылмыстық Кодекстің 103-бабының 1-тармағы) немесе орташа ауырлықтағы зиян (Қылмыстық Кодекстің 104-бабының 2-тармағы), абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне (391-баптың 3-тармағы) әкеп соқса, көрсетілген ережелерді бұзу мен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыстың болуы арқылы сипатталады. Көлікті жүргізу ережелерін бұзуға-оның жылдамдығын үдету, басып озу ережесін бұзу, тыйым салған бағдаршам белгісін бұзып, жүріп кетулер жатады. Көлікті пайдалану ережелерін бұзуға-мас адамды көлік жүргізуге жіберу, техникалық ақауы бар көлікті пайдалануға шығару, жабдықталмаған техникамен адам тасу т.с.с. жатады. Қылмыс құрамы материалдық. Субъективтік жағынан қылмыс абайсыздықпен істеледі.
Ұшу немесе оған даярлау ережелерін бұзу (392-бап)
Ұшу немесе оған даярлану, сондай-ақ әскери ұшу аппараттарын пайдалану Қазақстан Республикасы Әуе кодексімен, тағы да басқа арнайы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Қылмыс объективтік жағынан абайсызда кісі өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан ұшу немесе оған даярлану ержелерін бұзу, сол сияқты әскери ұшу аппараттарын пайдалану ережелерін бұзу арқылы көрініс табады. Яғни қылмыстың объективтік жағының белгілері: 1) ұшу немесе оған даярлану ережелерін, сол сияқты әскери ұшу аппараттарын пайдалану ережелерін бұзу; 2) одан қылмыстың зардабы абайсызда кісі өлімі немесе өзге де ауыр зардаптардың орын алуы; 3) көрсетілген ережелерді бұзу мен одан пайда болған зардаптың арасындағы себепті байланыстың болуы болып табылады.

Ұшу ережелерін бұзуға ұшу бағыттарынан ауытқу; ұшу немесе қону ережелерін бұзу; әр түрлі әуе кеңістігі шараларын жүзеге асырудағы жіберілген қателіктер т.с.с. жатады. Ұшуға даярлану ережелерін бұзуға-ұшу аппараттарын экипаждың алдына қойған міндеттерін дұрыс жүзеге асыруға даярламау (мысалы, ұшу аппаратына техникалық қызмет көрсетудің тәртібін бұзу; оны жанармаймен толық қамтамасыз етпеу т.с.с.) жатады. Әскери ұшу аппараттарын пайдалану ережелерін бұзуға-ұшу аппаратын өз мақсатына пайдаланбау; ұшу аппаратына жүк тиеу ережелерін бұзу; ұшу аппараты экипажы мүшелігіне медициналық тексеруден өтпеген адамды жіберу сияқтылар жатады. Ұшу немесе оған даярлану ережелерін бұзу мен одан пайда болған қылмыстың зардабы-кісі өлімі арасындағы себепті байланыста анықталуы қажет. Өзге де ауыр зардаптарға экипаж мүшелерінің немесе басқа адамдардың денсаулығына ауыр немесе орта дәрежелі жарақат келтірілуі; ұшу аппараттарының бүлінуі немесе жойылуы; аса маңызды әскери шаралардың жүзеге аспай қалуы т.с.с. жатады. Қылмыс субъективытік жағынан абайсыздықпен жасалады.


Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> А. Ф. Зейнулина филология ғылымдарының кандидаты, профессор
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте әдебиетті білімденудің инновациялық технологияларымен оқыту
transactions -> МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері
transactions -> М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қазақ – шығыс және орыс (еуропа) Әдебиеті байланысы
transactions -> Қазақ фольклорын зерттеу мәселелері: ХХ ғасырдың бірінші жартысы
transactions -> Табиғи орта жағдайын бақылау «Мониторинг принциптері және типтері»
transactions -> МӘШҺҮртану ғылыми-практикалық орталығЫ
transactions -> Р. М. Муталиева қазіргі қазақ әдебиеті


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет