Шәкәрім Құдайбердіұлы Ақылдың жауабы



Дата04.05.2020
өлшемі20.98 Kb.
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Ақылдың жауабы

Шын ақыл,
Бiр мақұл,
Түсiрдi ой маған.
Мақсұтың,
Ындының
Еркiн ғой саған.
Жаралыстың берген еркi сол,
Талап ет сен таза жол.

Бұзыққа
Қызықпа,
Ындыныңды тура жолға сал.
Жетсең де,
Кетсең де,
Мақсатыңды бұзба, осыны ұғып ал!

Бұл өмiр
Екi айыр
Өзендей ағар,
Сең қаққан
Әр жақтан
Кез келер қағар.
Таза жолдан таймай барғаның –
Жетпесең де, алғаның.

Құбылсаң,
Бұзылсаң.
Не қызығып, не именумен.
Қайта алмай,
Байқалмай,
Себепке ерiп, жетектелiп өлдiң сен.

Мiне еркiң,
Шын көркiң.
Ындынды таңба.
Болмасқа,
Толмасқа
Мақсұтты салма!
Талабыңды себеп билесе,
Жанса, мейлi, күймесе,

Ие бол,
Тура жол
Бердi хабар анық. Ақыл, нан.
Терең ой,
Ыңдын қой,
Мұны табар сезiмi ояу, естi жан.

Анық пен танық

Ойлаңыз, ақыл-бiлiм қайда болмақ,
Денеде қандай орын-жайда болмақ?
Бiлу, нану, ұнату – ақыл ici,
Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?

Тән сезiп, құлақ естiп, көзбен көрмек,
Мұрын иiс, тiл дәмнен хабар бермек.
Бесеуiнен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр iстi сол тексермек.

Ой сонда неше толғау шимай салмақ,
Қайтсе жөнi келер деп өлшеуге алмақ.
Дәл солай қылайын деп ұнағанда,
Әдiлеттi жүрегiң бiр қозғалмақ.

Бiр билiк сол жүректен шығарылмақ,
Денеге ол шымырлап әсер қылмақ.
Ойыңды дұрыс дей ме, терiс дей ме,
Сол арасын анықтап байқа, бiрақ.

«Жарайды»‚– деп ұнаса, бас иземек,
Жек көрсе, жиiркенiп дiрiлдемек.
Жүрегiңнiң тiлi жоқ, ымбалы сол,
Ұғып ал да бола көр соған көмек.

Қазақта жоқ ақылмен ой бекiтпек,
Нәпсi ұнаса болғаны, бәрi бiтпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.

Табамын деп талпынып ойына алмақ,
Өз әлiнше о дағы сынға салмақ.
Аз ойланса‚ қазақтың басы қатып,
Зиян iстi пайда деп қойып қалмақ.

Сен ғылымға болсаң ынтық...


Сен ғылымға болсаң ынтық,
Бұл сөзімді әбден ұқ.
Білгеніңнің жақсысын қыл,
Білмегеніңді біле бер.

Білген ердің бол шәкірті,
Білмегенді қыл шәкірт.
Үйренуге қылма намыс,
Үйретуге болма кер.

Өнеріңді құр шірітпе,
Орнына анық жұмсамай.
Өкініші кетпес оның,
Өз ойыңда босқа өлер.

Қай ғылымды білсеңіз де,
Қазір оны елге жай.
Құр ішіңде кеткенінше,
Пайдалансын өзгелер.

Шын наданға білгеніңді
Ұқтырам деп ойлама.
Қанша бидай шашсаң-дағы,
Болмас егін тасты жер.

Тотыға тіл үйретілсе,
Cөзi –адам, өзi –құс.
Сол сықылды ол наданды
Ермек үшін сөйлетер.

Қара тасты қанға малсаң,
О да маржан бола ма?
Тесік ыдыс су құйылса,
Өзі қалар, су кетер.

Шын залымға берме ғылым,
Ол алар да оқ қылар.
Қаруым дер, кісі атып жер,
Ол ғылымды айла етер.

Адамдық борышың

Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.
Талаптан да бiлiм мен өнер үйрен,
Бiлiмсiз,
Өнерсiз,
Болады ақыл тұл.
Мақтанға салынба
Мансаптың тағы үшiн.
Нәпсiңе билетпе
Басыңның бағы үшiн.
Өмiрiңдi сарп қыл өлгенiңше,
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшiн.
Қайтадан қайрылып
Қауымға келмейсiң.
Барыңды,
Нәрiңдi
Тiрлiкте бергейсiң.
Ғибрат алар артыңа iз қалдырсаң –
Шын бақыт‚
Осыны ұқ,
Мәңгiлiк өлмейсiң!

Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет