ШЫҒыс түркістан республикасы және оспан батыр



Дата17.05.2020
өлшемі109.5 Kb.
С.Қ.ШІЛДЕБАЙ,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты,

тарих ғылымдарының кандидаты
ӘОЖ: 368.08+94(574)
ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЖӘНЕ ОСПАН БАТЫР
Аннотация

Мақалада Кеңес Одағының Шыңжаңға қатысты саясаты және Шығыс Түркістан Республикасының құрылу тарихы мен Алтай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы болған Оспан батырдың тарихи тұлғасына қатысты ғылыми талдау жасалады.



Түйін сөздер: Шыңжаң, Шығыс Түркістан Республикасы, түрікшілдік, Алтай, Үш аймақ, Сталин, Оспан батыр, Чойбалсан, Шен Щисай, Мао Цзедун, Чан Кайши.
Кіріспе. Бүгінгі таңда Шыңжаң аталып кеткен Қытайдың солтүстік-батыс аумағының Іле, Алтай және Тарбағатай аймақтары ежелден қазақ жері еді. ХVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында Жоңғар хандығының күшеюі барысында біртіндеп дүрбіт-ойраттардың қоластына өткен бұл жерлер Абылай ханның 1749-1752 жылдардағы және 1756-1757 жылдардағы жорықтары нәтижесінде түбегейлі қазақтарға қайтарылды. 1757-1758 жылдары Жоңғар хандығын жер бетінен жойып, 1759 жылы Шығыс Түркістанға қарасты Жаркент, Қашғар қалаларын басып алған Цин империясы 1760 жылы бұл жерге «Синь-цзян» («жаңа жер») деген атау беріп, өзінің территориясы ретінде иемдене бастады. Бірақ, Жоңғария жойылған соң өзінің атамекеніне келіп емін-еркін қоныстанған қазақ рулары да Іле, Алтай және Тарбағатай аймақтарын түгел иеленді. Цин императоры мен Абылай ханның арасында жүрген келіссөздердің нәтижесінде, Қытай тарабы қазақтардың бұл аймақты еркін қоныстануына келісім берді.

Ал тәуелсіздік жолында үздіксіз ұлт-азаттық күресін жүргізген ержүрек ұйғыр халқы XVIII-ХХ ғасырларда тәуелсіздік үшін Қытайға қарсы 400-ден аса көтеріліс жасады. Әсіресе, ХІХ ғасырдың өн бойында үздіксіз жүрген ұйғыр қожалары басқарған көтерілістер көлемі мен саяси мақсаты жөнінен жойқын болды. Бірақ, 1851 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы Құлжа келісімінен кейін өзара қарым-қатынасын жақсартқан екі империя онсызда басы қосылмай жатқан Ұйғыр хандықтары мен сұлтандықтарын екі жақтан талай бастады. Ал 1864 жылдың 7 қазанындағы Ресей мен Цин империясы арасындағы Шәуешек келісімі бүтін отырған қазақ жұртын тұңғыш рет бөліске салды. Міне осы кезден бастап «Ресей қазақтары» және «Қытай қазақтары» деген атау пайда болды. 1871 жылы Ресей империясының әскерлері Іле сұлтандығын басып алғанымен, 1879 жылғы Ливади келісімі бойынша ол аймақты Қытайға қайтарып берді. 1884 жылы Цин империясы Ұйғырияға қайтадан «Синьцзян» деген атау берді.



Талқылау. Ресей патшасының 1916 жылғы атышулы жарлығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азияда болған ұлт-азаттық көтерілістерден кейін, патша өкіметінің жазалаушы әскерлерінен қашқан қазақтар мен басқа да түрік халықтары Шыңжаңға өтіп кетті. Ал 1918 жылдан бастап большевиктерден жеңілген ақ әскерлер Шыңжаңға өтіп, ол жердегі орыс эмигранттарының үлкен шоғырын құрады. Міне, осы кезеңнен бастап РК(б)П ОК Саяси бюросы Шыңжаң мәселесін ерекше назарда ұстады. Шыңжаңдағы Қытай билігі де кеңестік Ресеймен жақсы қарым-қатынас жасауға мүдделі болды. Себебі, Шыңжаң экономикасында басты рөл атқаратын сыртқы сауда-саттықта Ресей негізгі басымдыққа ие болатын.

Деректері және әдістері.

Нәтижесі.

1920 жылы Шыңжаң өкіметі Пекиннің келісімі бойынша Құлжаға кеңестік сауда-дипломатиялық миссиясын келіссөздерге шақырды. Соның нәтижесінде, 1920 жылы 27 мамырда Құлжа қаласында Шыңжаң ұйғыр автономиялық республикасы мен кеңестік Ресей арасындағы сауданы реттеп отыратын кеңестік агенттікті ашу жөніндегі Іле келісімі жасалды. Келісім бойынша екіжақты сауда Қорғас арқылы өтетін жалғыз жолмен жасалатын болды. Міне, осы кезден бастап, ШҰАР билігі Кеңестік Ресейдің айтқанын істеп, Шыңжаңға шоғырланған ақгвардияшылардың негізгі ошағын жоюға көмектесті. Олардың А.И.Дутов, Б.В.Анненков, Н.А.Денисов сияқты басшыларының көзі жойылды. Екі ел арасында аса үлкен маңызға ие болған керуен саудасы орнады. Кеңес мемлекетінен Шыңжаңға қант, сіріңке, мұнай өнімдері, маталар, жіптер, темір мен шойыннан жасалған бұйымдар, ыдыс-аяқ және т.б. шығарылса, ол жақтан былғары, тері, жүн, өңделмеген жібек, мақта, шәй, темекі, жылқы, ірі қарамал, кепкен жеміс-жидектер тасымалданды. 1926 жылы екіжақты сауда 1913 жылғы деңгейге жетсе, 1929 жылы ол деңгейден 63,2 пайызға асып кетті.

Кеңес Одағы басшылығының ХХ ғасырдың 30 жылдарында Шыңжаңға қатысты қабылдаған шешімдеріне қарап, Шыңжаңның толықтай КСРО дотациясына көшкенін көруге болады. Әсіресе, 1933 жылы ақгвардияшылардың көмегімен Шыңжаң билігіне келген Шен Шицайдың кезінде кеңес-ШҰАР қарым-қатынасы ерекше қарқынмен дамыды. 1933 жылдың тамызы күні өткен БК(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінде Шыңжаң экономикасын дамыту жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылданды. Саяси бюро Шыңжаңға 4 пайыз жылдық өсіммен 5 млн алтын рубль қарыз беріп, оны алтын, қалайы, тері, жүн және т.б. тауарлар арқылы қайтаруды міндеттеді.

Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік архивінде сақталған Шен Шицайдың И.В.Сталинге жазған хаттарын оқи отырып, оның шексіз жағымпаздығы мен «көпшік» бола білерлік қабілетінің кереметтігіне тәнті болдық. Оның хаттары «Менің ең сенімді жолбасшыларым Сталин, Молотов, Ворошилов...» деп басталып, «Марксизм-ленинизмге және Сталинге берілген және Сіздің нұсқауларыңызды жүзеге асырушы Шен Шицай» деп аяқталады екен. Екінші жағынан, Саяси бюро Шыңжаңдағы антикеңестік элементердің көзін жою кезінде осы Шен Шицайдың көмегіне жүгінді. Жергілікті мұсылман халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын басуда асқан қатыгездігі және аярлығымен көзге түскен Шен Шицай КСРО басшылығының қолтығына кіре отырып, өзінің Шыңжаңдағы саяси билігін нығайтты. КСРО отызыншы жылдардың екінші жартысында Шыңжаңның экономикасын толық монополиялап, тіпті жергілікті валютаның курсына әсер ете бастады. Тіпті, 1933 жылдың жазында Сәбит Дамолла және Мұхаммед Эмин Бұғра басшылығымен құрылған Шығыс Түркістан Ислам Республикасының өзі ақгвардиялық әскерлердің киімін киген ОГПУ-дың 13-ші Алматы полкы мен 10-шы Ташкент полкы әскери қызметкерлерінің күшімен талқандалды. Осындай жағдайда, жергілікті қытайлық билік өкілдерінің өзі Шыңжаңның КСРО-ға қосылуы туралы мәселені бірнеше рет көтереді.

Біз архивтерден Қытайдың Шыңжаң аймағына қатысты Саяси бюроның ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы саясаты мен Үш аймақ (Іле, Алтай, Тарбағатай) қазақтарының, оның ішінде Оспан батыр бастаған қазақтардың көтерілісі тарихын тереңірек түсінуге ықпал ететін материалдар жинастырдық. Себебі, осы уақытқа дейін Қазақстанда Оспан батыр туралы жарық көрген әдебиеттер мен тарихи зерттеулер Қытай және моңғол деректеріне негізделіп, Шыңжаң мұсылмандары құрған екі республика (Шығыс Түркістан Ислам Республикасы (1933) және Шығыс Түркістан Республикасы (1944-1949 жж.) олардың ұлт-азаттық қозғалысының нәтижесі ретінде көрсетіліп, КСРО-ның Шыңжаңға қатысты саясаты толық ашылмай келген болатын. Бүгінгі таңда да Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві қорындағы И.В.Сталиннің, В.М.Молотовтың, Л.П.Берияның «ерекше папкаларында» сақталған құжаттардың 80 пайызға жуығы «совершенно секретно» грифімен жатыр. Тек қана алуға мүмкін болған Шыңжаңға қатысты архив құжаттарының өзінен ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап КСРО Шыңжаңға қатысты арнайы жоспарлар әзірлеп, оларды жүзеге асыру үшін қаржы-қаражаты мен күш-қуатын аямай жұмсап отырғанын көруімізге болады.

И.В.Сталиннің, В.М.Молотовтың, Л.П.Берияның «ерекше папкалары» мен Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік архивіндегі Саяси бюро хаттамаларының «ерекше папкасынан» алынған Шыңжаңға қатысты құжаттар ерекше маңызды. Бұл құжаттардан Шығыс Түркістан Республикасы және Оспан батыр көтерілісі тарихының жаңа беттерін жазуға болады. Мысалы, Л.П.Берияның «ерекше папкасында» 1946 жылы 6 тамызда «Жолдас И.В.Сталинге» беру үшін даярланған баянхат (докладная записка) жобасында БК(б)П ОК Саяси бюросының 1943 жылдың 4 мамырындағы Қытай билігінің отаршылдық саясатын әшкерелеу және Шыңжаңда мұсылмандардың кең көлемді ұлт-азаттық қозғалысын өрістету туралы шешімінің орындалуы туралы төмендегілерді баяндайды:



- ХХ ғасырдың 30-жылдарының өн бойында И.В.Сталиннің қолтығына кіріп, кеңестік саясаттың қолжаулығына айналған Шыңжаң дубаны Шен Щисай 1942-43 жылдары ашық антикеңестік бағыт ұстанып, Чан Кайши билігін қолдай бастайды. Шен Щисайдың осындай саясатынан кейін Кеңес Одағы жоғарыдағы шешімді қабылдауға мәжбүр болды. Л.П.Берия, С.Круглов, В.Абакумовтардың аталмыш баянхатында жоғарыдағы шешімді орындау үшін тиісінше жұмыстың жүргізілгені және соның нәтижесінде 1944 жылдың күзіне қарай Қытайға қарасты Шыңжаңның Алтай және Іле аймақтары мұсылмандарының Қытайға қарсы қарулы көтерілісінің басталғаны айтылады;

- Алтай және Іле аймақтарынан бастау алған осы көтерілістің нәтижесінде 1944 жылы 7 қарашада мұсылмандардың біріккен (қазақ, ұйғыр, дұңған, қырғыз және т.б.) жасақтары Қытай әскерінің тас-талқанын шығарып, 1944 жылы 12 қараша күні Құлжа қаласында Шығыс Түркістан Республикасын жариялады. Мұсылмандардың ұлт-азаттық қозғалысының кең көлемде қанат жаюынан қорыққан Қытай билігі орталық Қытайдан әскер жинап, Шыңжаңдағы әскерінің санын 75 мың адамға жеткізіп, көтерілісті басып-жаншуды ойластыра бастайды;

1944 жылы 6 желтоқсанда Кеңес Одағы Жұмысшы-шаруа Қызыл армиясы Бас барлау басқармасының Арнайы тапсырмалар бөлімінің бастығы, Шыңжаңдағы арнайы іс-әрекет тобының жетекшісі генерал-майор Владимир Степанович Егнаровтың (Шыңжаңдағы ресми аты – «Иван Иванович») басшылығымен КСРО ІІМ-МҚМ шұғыл іс-қимыл тобы Шыңжаңға аттандырылды. Бұл топқа көтерілісшілердің күшін ұйымдастырып, қытайлықтарды талқандау және мұсылмандардың ұлт-азаттық қозғалысын кеңейту міндеті қойылды. Осы Иван Ивановичтің тікелей басшылығымен аз уақыттың ішінде ШТР мұсылмандарынан 20 мыңдық тұрақты армия жасақталып, олар тез арада үйретіледі. Осының нәтижесінде 800 мыңнан астам халқы бар Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтарында қытай әскерлері талқандалып, аталған аймақтар толықтай қытайлардан тазартылды;

1944 жылдың 24 желтоқсанынан бастап 1945 жылдың 15 қазанына дейін көтерілісшілердің армиясы қытай әскерлерімен болған ұрыстарда қарсыластың 26 жаяу және атты әскер полкін талқандады. 8140 қытай өлтіріліп, 8907 қытай жауынгері мен офицері тұтқынға алынды. Көтерілісшілер қытай әскерінің үлкен көлемдегі қару-жарағын тартып алды. Атап айтқанда, 36 самолет, 13 зеңбірек, 53 миномет, 2 бронемашина, 23 танкетка, сондай-ақ, ірі қару-жарақ және түрлі мүлкі бар қоймалар қолға түсті. Ал көтерілісшілер тарапынан осы уақыт ішінде 692 адам қаза тапса, 13 адам тұтқынға түсті;

- 1945 жылы тамыз айында жасалған кеңес-қытай келісімінен кейін, 1945 жылы 14 қыркүйекте БК(б)П ОК шешімі бойынша Шыңжаңдағы соғыс қимылдары тоқтатылды. Осы уақытта 26500 жауынгері мен командирі бар көтерілісшілер армиясы Шыңжаң астанасы Үрімші қаласынан 135 км. жерде тұрды. 1945 жылы 12 қазанда көтерілісшілер мен Орталық қытай үкіметі өкілдерінің арасында келіссөздер басталды. Осы келіссөздерді жүргізуде Кеңес одағы бітістіруші рөлін атқарды. Келіссөздер 8 айға созылып, 1946 жылы 5 маусымда көтерілісшілер делегациясы мен орталық қытай өкіметі өкілдерінің арасында бітім жасалумен аяқталды. Ол бойынша: Шыңжаңда құрамы 25 адамнан тұратын аймақтық жаңа үкімет құрылды; үкіметке жетекші орындарды иеленген 15 мұсылман кірді; мұсылмандар Шыңжаңда құрамы 12000 адамдық 6 полктен тұратын ұлттық әскер ұстау құқығын алды; бұл бөлімдерді қытай үкіметі қаржыландыратын болды; Шыңжаң халықтарына жергілікті билікке (губернаторлыққа, уезд бастықтарына және т.б. орындарға) сайлану құқығы берілді. Көтерілісшілер билігі орнаған аймақтардағы билік сақталатын болды.

«Осылайша, - дейді баянхат авторлары, - БК(б)П ОК-нің 1943 жылдың 4 мамырындағы, 1945 жылдың 22 маусымындағы және 14 қыркүйегіндегі Шыңжаң бойынша шешімдері КСРО ІІМ-МҚМ арнайы шұғыл тобы тарапынан орындалды. Арнайы іс-әрекет тобының Шыңжаңда жүргізген 20 айлық жұмысы барысында жергілікті мұсылман ұлттарынан біздің жұмыс бағытымызға қажетті көптеген әскери және саяси қызметкер мамандар даярланды және тәрбиеленді. Шыңжаңдағы жұмыс бойынша БК(б)П ОК тапсырмаларын табысты орындағаны үшін ерекшеленген қызметкерлерді үкіметтік марапаттармен марапаттауды қажет деп санаймыз». Баянхат авторлары осыған қоса КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы жарлығының жобасын қоса ұсынып, И.В.Сталин шешімін күтеміз деп аяқтайды. Жарлық жобасында үкіметтің арнайы тапсырмасын табысты орындағаны үшін генерал-майор В.С.Егнаров бастаған 140 адам әртүрлі дәрежедегі мемлекеттік марапаттарға ұсынылды. Осы баянхаттан КСРО-ның Шыңжаңда жүргізген диверсиялық саясатының мазмұны толық көрініп тұр.

Кеңес одағының басшылығы Қытайдағы «ақ эмигрант» және ұжымдастыру кезінде өтіп кеткен барлығы 25 мың орысқа қатысты ерекше шешім шығарып, 1945 жылдың күзінде БК(б)П ОК оларға КСРО азаматтығын беру туралы қаулы қабылдады. Бұл қаулыны шығаруға Қытайдағы ақ эмигранттардың Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағына тілеулес болып, отаншылдық танытқаны себеп болды деп көрсетілді. Біздің ойымызша, тек бұл ғана емес, ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бастап «ақ эмигранттардың» барлығы дерлік ЧК, ГПУ, ОГПУ тыңшылары мен қызметкерлеріне айналып, КСРО-ның Қытайдағы саясатын жүргізуге ерекше көмектескені негіз болған сияқты.

Сонымен қатар, И.В.Сталиннің, В.М.Молотовтың, Л.П.Берияның «ерекше папкаларын» қарау барысында Қазақстанға және Шыңжаңға қатысты біз бұрын білмеген көптеген құнды құжаттарды кездестірдік. Мысалы, КСРО Ішкі істер министрі С.Кругловтың В.М.Молотовқа 1947 жылдың 20 маусымында жазған хатында Шыңжаң аймағынан Қазақ КСР территориясына жақсы тұрмыс іздеген 510 заңсыз мигранттың өткенін, олардың 120-сының кәмелеттік жасқа толмаған балалар екені, бұлардың көпшілігі қытайларға күйеуге шығып, 1937-38 жылдары күйеулерінің визасы бойынша қытайға өтіп кеткен орыс әйелдері екені көрсетілген.

Кеңес Одағының арнайы жобасы ретінде құрылған ШТР алғашқы күнінен бастап Сталиннің тікелей қамқорлығына алынды. КСРО мен Қытай арасында құрылған қалқан мемлекет – Моңғолия сынды мемлекеттік құрылым болуы тиіс ШТР Чан Кайчи үкіметі Қытайда жеңген жағдайда сөзсіз сақталып қалар еді. Бірақ, Қытай КП Мао Цзедун басшылығымен жеңіске жете бастады. Міне, осы кезден бастап КСРО басшылығы ШТР басшыларына Мао Цзедун билігін мойындап, солармен бірлесе Гоминьданға қарсы күресуді міндеттей бастады. Әсіресе, 1945 жылғы тамызда жасалған кеңес-қытай келісімінен кейін Шығыс Түркістан тағдыры толықтай шешілген болатын.

Ал 1944 жылдан бастап Алтай қазақтарының ханы ретінде мойындалған Оспан Исламұлы ШТР басшылығына бағынудан бас тартты. Өз кезегінде, 1940 жылдардан бастап Коминтерн мен КСРО ЖШҚА БББ тарапынан Хорлоогийн Чойбалсан арқылы әскери көмек пен қару-жарақ алып тұрған Оспан Батыр Х.Чойбалсанды тыңдаушы еді.

1945 жылдың 15 қазанында КСРО Сыртқы істер халкомы В.Молотовқа жазған хатында КСРО Ішкі істер халкомы Л.П.Берия Чойбалсанға Оспан Батырдың Қытайға қарсы белсенді соғыс қимылдарын тоқтату жөнінде нұсқау беруін сұрады. "Оспан батыр, - дейді, Л.Берия, - тек Чойбалсанды ғана тыңдайды. Өйткені Чойбалсан 1944 жылы Оспан батырға Алтай жеке мемлекет болады, ал сен оның ханы болып тағайындаласың уәде берген көрінеді. Біздің өкілдің ұсынысымен ШТР Алтай аймағының губернаторы болып тағайындалған Оспан Батыр осыған сүйене отырып, Чойбалсанның өзін Алтай аймағының ханы ретінде тағайындауға уәде бергенін алдыға тартып, оны тыңдаудан бас тартты".

Иә, 1940 жылдары-ақ Алтай қазақтарының көсемі ретінде таныла бастаған Оспан батырды керейлердің хан ретінде мойындағаны және Алтай керейлері өздерін ата-бабамыздың жерінде өмір сүреміз және жеке мемлекет құруға хақылымыз деп санайтындықтары КСРО ЖШҚА БББ мәлім болатын.

Ата-бабасының жерінде дербес мемлекет құруға ұмтылған Алтайдың соңғы ханы - Оспан Исламұлының тұлғасын объективті тану, оның күресіне тарихи баға беру аса ауыр. Алып империялардың геосаяси мүддесіне барып соқтығысатыны аздай, Шыңжан қазақтары арасында болған азамат соғысы аясындағы руаралық қақтығыстар да тарихи жадымыздан өшкен жоқ. Бірақ, КСРО, ҚХР, АҚШ, Англия, Жапония және Моңғолия арасындағы саяси ойын аренасында қалып, өз халқының азаттығы жолында арыстандай арпаласқан Оспан Батырдың тұлғасын тарихи құжаттар негізінде танып-білу аса өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ол енді алдағы уақыттың еншісі...

Москва қаласының 3 мұрағатынан жинаған құжаттарымызға қарай отырып, дүниежүзілік социализм идеясымен ауырған И.В.Сталин басқарған КСРО-ның Шыңжаң мұсылмандарының тағдырымен ойнағанын, өздері құрған мемлекетті өз қолдарымен тұншықтырып, 1949 жылы ШТР басшыларының көзін жою арқылы өздерінің екіжүзді саясатын жасырғанын айқын түсіндік. Міне, И.В.Сталин басқарған Саяси бюроның Шыңжаңға қатысты осындай шешімдері өрескел саяси қателік болды. КСРО Саяси бюроның басшылығымен Мао Цзедун басқарған ҚХР-ның дамуына жан-жақты қолдау көрсетті. Саяси бюроның «ерекше папкаға» жинақталған құпия шешімдерінен ҚХР әскерінің, қорғаныс жүйесінің, әуеге қарсы қорғанысының, радио-телеграф жүйесінің және т.б. халық шаруашылығы салаларының тікелей Кеңес Одағы тарапынан қамқорлыққа алынғанын және кеңестік мамандардың ХХ ғасырдың 50-жылдарында қытай экономикасын қалай көтергенін көруімізге болады.



1953 жылы И.В.Сталиннің көзін жойған Н.С.Хрущев тобы 1956 жылы өткен партияның ХХ съезінде «жеке басқа табынушылықты» айыптады. Міне осы кезден бастап КСРО мен ҚХР билігі арасынан қара мысық жүгіріп өткен болатын. Мао Цзедунның Н.С.Хрущевке қатысты нашар көзқарасы екі елдің де саяси басшылығы өкілдеріне белгілі бола бастады.

Осы кезеңде Қытай Компартиясы жүргізген «Үлкен секіру» атты солақай саясаттың кесірінен 1960 жылы Қытайда ашаршылық басталды. 1960 жылдың 16 шілдесінде КСРО өз тарапынан мәлімдеме жариялап ҚХР-мен жасалған көптеген экономикалық келісім-шарттарын тоқтатып, Қытайда жұмыс істеп жатқан 1390 маманын бір ай ішінде кері қайтарып алды. Қытайға берген несие қарыздарын қайтару туралы талап қойды. КСРО тарапының мұндай саясаты Қытайдың жағдайын одан ары қиындата түсті. Қытайдың Іле, Тарбағатай аймақтарының тұрғындары аштық азабын тарта бастады. Осыны пайдаланған КСРО-ның Құлжа, Шәуешек, Үрімшідегі консулдық қызметкерлері Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың Қазақстанға келуіне болатынын насихаттап, көшуге ықыласты жұртты даярлап, оларға паспорт тарату шараларын жасады. Осындай даярлықтан кейін, 1962 ж. мамырдың соңында КСРО тарапы Іле және Тарбағатай шегарасын ашып тастап, Қытайдан көшкен жұртты шегарадан еркін өткізе бастады. 29 мамыр күні Қытай тарапы шегараны тарс жауып, ол жақтағы дүрліккен елді тоқтатты. Осы азғана уақытта 110 мыңнан астам қазақ өзінің тарихи отанына оралды.

Міне осы оқиғадан бастап екі елдің арасы салқындап, идеологиялық текетірес басталды. 1964-67 жылдары Лоб-Нор полигонында ядролық, термоядролық сынақтар өткізіп, баллистикалық ракеталарға қол жеткізген ҚХР аса қуатты әскери державалар қатарына қосылып, сол кездегі АҚШ, КСРО, Ұлыбритания мемлекеттері арасында 1963 жылы жасалған ядролық сынақтарды жерде, суда, әуеде жүргізбеу туралы шартқа қосылудан бас тартты. Атом қаруының күшімен ҚХР басшылығы көршілеріне жерге қатысты талаптар қоя бастады. Қиыр Шығыстан Тәжікстанға дейін созылған мұндай даулы жерлер көлемі 33 мың шаршы км. алып жатты.

1964 жылы Қытай жағы екі ел арасындағы шегара туралы келісімге қол қоюды ұсынды. КСРО тарапы келісімнен бейресми бас тартты. КСРО мен ҚХР компартиялары арасында халықаралық саясат пен социалистік құрылысты дамыту мәселелері бойынша да келіспеушіліктер орын ала бастады. Мемлекеттік қатынастардың шиеленісуі барысында 1969 жылы 2 наурызда Қиыр Шығыстағы Даманск жартыаралында шегара дауынан туған қарулы қақтығыс орын алды. Бұл қақтығыста тек КСРО жағынан 58 жауынгер қаза тапты. Осы оқиғадан кейін Кеңес-қытай шегарасының екі жағында да әскери күштерді шоғырландыру жұмысы басталды. 1969 жылы 24 маусымда КСРО Орта-Азиялық әскери округін қайта құрып, соғысқа шындап даярлана бастады. Тәңіртаудағы Қазақстан мен Қытайды қосып тұрған асулар мен белдерге әскери техникалар шоғырландырылып, түрлі әскери-инженерлік құрылыстар салынды.

1969 жылы тамыздың 12-нен 13-не қараған түнінде Қытайдың 15 жауынгері шегарадан жасырын өтіп, «Жалаңашкөл» заставасы маңындағы шегарашылар «Каменная» деп атайтын биіктікке окоп қазып бекініп алады. Ол кезде көл жағасындағы шағын кентте шегарашылар мен гидрометеорологиялық станция қызметкерлері тұратын. Күн шыға шегараны бұзған қытай жауынгерлерін байқаған сержант М.Дулепов пен жауынгер Н.Егоровцев заставаға хабар береді. Дабыл қағылып, көрші заставалардан көмек шақырылады.

Мұны көрші жатқан «Рудниковая» заставасының шегарашылары да байқайды. Шегарашылар қытай тарапынан тағы 100-ге жуық диверсанттың шегараға жақындай бастағанын анық байқайды. Осы кезде шегара штабынан подполковник И.Никитенко бастаған офицерлер тобы тікұшақпен заставаға келіп жетеді. Кеңес тарапы бірінші болып оқ атпау жөнінде бұйрық береді. Лейтенант Е.Говор дауыс зорайтқыш арқылы орыс және қытай тілдерінде қытай жауыргерлерінен кеңес жерін тастап шығуды талап етеді. Жауап орнына қытайлықтар биіктіктен оқ жаудыра бастайды. Міне, осылайша, таңғы сағат 07.55-те атышулы «Жалаңашкөл қақтығысы» басталды.

Қытай тарихында бұл оқиға «Теректі өзені түбіндегі шиеленіс» деп аталады екен. Қытай жағынан тағы да 60-70 жауынгер биіктіктегі өз тобына көмекке ұмтылды. Кеңес шегарашылары екі БТР арқылы биіктікті екі жағынан атқылап, бір мезгілде бірнеше тараптан шабуылдай отырып, 65 минутқа созылған шайқас барысында жеңіске жетті. Ресми мәлімет бойынша Қытай диверсанттары бірнеше жауынгерінен айрылып, кері шегінуге мәжбүр болды. Биіктікте 4 ТТ пистолеті, 9 СКС крабині, РПД пулеметі, 4 танкіге қарсы және 27 қол гранаталары, 6 кумулятивті снаряд, радиостанция, 2 кинокамера, бірнеше фотоаппарат пен оқ-дәрілер қолға түсті. 19 қытайлық қайтыс болып, үшеуі жараланып қолға түсті. Оның екеуі сол жарақатынан қайтыс болды.

Бірнеше күннен кейін екі ел өкілдерінің келісімі бойынша олардың денелері Қытайға қайтарылды. Қақтығыс барысында кеңестік 2 шегарашы қайтыс болып, 12 жауынгер жараланды. Қайтыс болған сержант Михаил Дулепов пен ефрейтор Виталий Рязанов 15 тамыз күні Үшарал ауылы жанындағы қорымға жерленді. Осы қақтығыстан кейін 1969 жылы қыркүйекте КСРО тарапынан А.Н.Косыгин Пекинде ҚХР үкіметінің төрағасы Чжоу Эньлеймен кездесіп, екі ел арасында қарулы қақтығыстарға жол бермеу және шегара дауларын бейбіт келіссөздер арқылы реттеу туралы келісімге келді.

Бір сөзбен айтқанда, Сталин басқарған Саяси бюроның өрескел саяси қателігі Шыңжаң халықтарының тағдырына және кеңес-қытай қарым-қатынастарына кері әсер етті. Ол жердегі түркі-мұсылман халықтары 1944 жылы қол жеткізген саяси тәуелсіздік бесігінде тұншықтырылды. Шығыс Түркістан түркілері азаттығынан мәңгіге айырылып, қытайландыру саясатының құрбаны болды.

Қорытынды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

References:

1 Аdyrbekuly K. Alty Alashtyń ardaqtysy: tarıhı-tanymdyq kitap. – Almaty: «Toġanai T», 2018. – 240 b.; Aldajumanov Q. Turar Rysqulov: omiri men qyzmeti // Rysqulov T.R. Shyġarmalarynyń tolyq jınaġy. Polnoe sobranıe sochınenıı. T.1. – Almaty: «Qazyġurt» baspasy», 2007. – 392 b. (5-27-b.); Ábiltaıuly M., Ábildaev N. Turar Rysqulov Monġolıada. Almaty: Qazaqstan, 1994. – 84 b.; Qońyratbaev O. Turar Rysqulov: Qoġamdyq-saıası jáne memlekettik qyzmeti. Túrkistan kezeńi. – Almaty: Qazaqstan, 1994. – 448 b.; Qońyratbaev O. Turar Rysqulovtyń omiri men qyzmetiniń kúnderegi. – Taraz: Júsip Balasaġun atyndaġy Túrkistan ólkesiniń tarıhyn zertteý ortalyġy, TarMPI baspasy, 2014. – 1-том (1894-1919 j.j.) – 216 b.; Qońyratbaev O. Turar Rysqulovtyń omiri men qyzmetiniń qysqasha ocherki // Túrkistan jınaġy = Týrkestanskıı sbornık. Ǵylymı maqalalar men ocherkter jınaġy. 2 tom. / Jalpy red. basq.: t.ġ.d. prof. D.P.Qojamjarova; Ǵylymı red.: t.ġ.k. O.M.Qońyratbaev. – Taraz: Júsip Balasaġun atyndaġy Túrkistan ólkesiniń tarıhyn zertteý ortalyġy, TarMPI baspasy, 2015. – 235 b. (30-64-b.).; Qońyratbaev O.M., Júnisbaev A.Á Musylman Bıýrosy – egemendik ıdeıasynyń jarjysu (1919-1920 jyldar). – Almaty: IP «Ýathanov» baspasy, 2011. – 246 b..; Sábden O., Jápek M.S. Turar Rysqulov pýblısıstıkasyndaġy ekonomıkalyq kózqarastary / O.Sábdenniń ġylymı redaksıalaýymen. – Almaty: Ekonomıka ınstıtýty ǴKBǴM, 2014. – 356 b.; Ýstınov V.M. Týrar Ryskýlov: (Ocherkı polıtıcheskoı bıografıı). – Almaty: Kazahstan, 1996. – 464 s.

2 Bolshebıstskoe rýkovodstvo. Perepıska. 1912-1927. Sbornik dokýmentov / Sostavıtelı: A.V.Kvashonkın, O.V.Hlevnıýk, L.P.Kosheleva, L.A.Rogovaıa. – M.: ROSSPEN, 1996. – 423 s.

3. Qozybaev M.Q. Ǵasyr taýqymetin arqalaġan arystar // Tulġalar tuġyry / Qurast. I. Qozybaev. – Almaty: QazAqparat, 2009. – 540-b. (229-244-b.).

4 Ryskýlov T. K otkrytıý Vsekırgızskogo sıezda // Izvestıa (Tashkent). 1919, 25-dekabrıa.

5 Qońyratbaev O. Turar Rysqulov: Qoġamdyq-saıası jáne memlekettik qyzmeti. Túrkistan kezeńi. – Almaty: Qazaqstan, 1994. – 448 b.

6 Tretıa oblastnaıa partkonferensıa Djetysý. Stenografıcheskıı otchet. – Almaty, 1923. – 88 s.

7 Rysqulov T.R. Shyġarmalarynyń tolyq jınaġy. Polnoe sobranıe sochınenıı. T.3. – Almaty: «Qazyġurt» baspasy», 2007. – 360 b.

8 Aıdaralıev Q. Nurbapa Ómirzaqov. – Almaty: «Qazaqstan», 1993. – 72 b. (22-24-b.).

9 Ýstınov V.M. Týrar Ryskýlov: (Ocherkı polıtıcheskoı bıografıı). – Almaty: Kazahstan, 1996. – 464 s. (S. 284.).

10 QRPA, 141-q.,1-t., 486-is, 29-29-a.p.; 1039-is, 50-50-a.p.

11 QRPA, 141-q.,1-t., 486-is, 111-p.; 1039-is, 174-p.

12 QRPA, 141-q., 1-t., 492-is, 97-p.

13 RGASPI, 17-q., 67-t., 327-is, 145-146-p.

14 QRPA, 141-q., 1-t., 492-is, 106-a.p.

15 Sonda, 486-is, 147-p.

16 Sonda, 492-is, 118-p.

17 Sonda, 175-177-p.

18 QRPA, 141-q., 1-t., 487-is, 1-3-p.

С.К.ШИЛДЕБАЙ,

Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч.Валиханова,

кандидат исторических наук, S.Shildebai@mail.ru
ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ ТУРАРА РЫСКУЛОВА В КАЗАХСТАНЕ
Резюме

Статья посвящена лидеру национально-освободительного движения тюркских народов, видному общественному и государственному деятелю, публицисту, историку и дипломату Турару Рыскулову. Он боролся за единство и свободу тюркских народов Советской империи. Т.Рыскулов крупный теоретик и мыслитель, выдвигавший политические права и свободу народов Туркестана, поднимал равноправность тюркских народов с европейцами и проблемы революции на Востоке. Работал полномочным представителем исполкома в Монголии, участвовал в работе Великого Народного Хурала Монголии, принимал участие в разработке первой Конституции Монгольской Народной Республики.

Т.Рыскулов всю свою сознательную жизнь боролся за светлое будущее родного народа. Но его официальная работа в Казахстане длилась всего два месяца. Апрель-июнь 1926 года он возглавил Отдел печати Казкрайкома ВКП(б) и работал редактором газеты «Энбекши Казах». В статье на основе новых архивных материалов анализируется деятельность Т.Рыскулова в Казахстане.

Ключевые слова: Рыскулов, тюркизм, Туркестан, Ташкент, Казахстан, народное просвещение, разоружение, Турккомиссия, Мусбюро, Казкрайком.

S. SHILDEBAY,

CH. Valikhanov Institute of history and ethnology,

candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, S.Shildebai@mail.ru


ACTIVITY OF TOURAR RYSKULOV IN KAZAKHSTAN
Summary

The article is dedicated to the leader of the national liberation movement of the Turkic peoples, a prominent public and statesman, publicist, historian and diplomat Turar Ryskulov. He fought for the unity and freedom of the Turkic peoples of the Soviet empire. T.Ryskulov, a prominent theorist and thinker who put forward political rights and freedom of the peoples of Turkestan, raised the equal rights of the Turkic peoples with Europeans and the problems of the revolution in the East. He worked as a plenipotentiary representative of the executive committee in Mongolia, participated in the Great People’s Hural of Mongolia, and participated in the development of the first Constitution of the Mongolian People’s Republic.



T.Ryskulov all his conscious life fought for bright future native people. But his official work in Kazakhstan lasted for two months. In April-June 1926, he led a division of print Kazkrajkoma Communist Party and worked as editor of the newspaper "Enbekshi Kazakh". Article on the basis of new archival assesses Т.Ryskulov in Kazakhstan.

Keywords: Ryskulov, Turkism, Turkestan, Tashkent, Kazakhstan, public education, disarmament, Turkkomissiya, Musbyuro, Kazkraykom.
Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2186 -> 2019
upload -> Талдыбаев ж. ҚАзақ халқЫ: КӨші-қон тарихының демографиясы
upload -> Казахское ханство в системе международных отношений евразии
upload -> «Қозы көрпеш – баян сұЛУ» эпосы көне дүниенің кескіндемелі қолданбалы өнерінде
upload -> КҮРЕҢбел өҢіріне этно-тарихи экспедиция
2019 -> Әож 94 (574) жаһанша досмұхамедов – алаш қОЗҒалысының Өршіл қайраткері түйін Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры»
2019 -> ТҮркістан өлкесіндегі қОҒамдық-саяси ұйымдардың большевиктермен қатынасы


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет