Тоты мантаева, ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану кафедрасының



Дата03.04.2016
өлшемі74.45 Kb.

Тоты МАНТАЕВА,

ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану кафедрасының

PһD докторанты

Абай, Шәкәрім және Мағжан шығармашылығындағы ислам тақырыбы


Жаратылыс – ұлы жұмбақ. Жаратылыс – ақиқат. Абай, Шәкәрім, Мағжан сол Жаратылыстың сырын, мәңгілік ұлы жұмбағын шешуге талай жылдық ғұмырын, ұйқысыз түнін, күлкісін сарп етті. Олар сол бір «өте күрделі формуланы» жүрек көздерімен ұғынды, түсінді, халыққа ұғындыруға, түсіндіруге ұмтылды. Бізге кейде олардың өмірге келген миссиясы адамзатты (өз ұлтын) әлемді Жаратушыға сендіріп, сендіріп қана қоймай, Жаратушы мен Адам арасын байланыстырушы секілді көрінеді. «Адам Құдайдың туындысы». Ал «Құдайдың туындысы» – Адамның, талантты шығармашылық иелерінің қағаз бетіне түсірген ең әдемі туындылары Құдайға арналады. «Өзін-өзі таныған адам Құдайды таниды» дейді. Демек, өзін, өзінің жандүниесін зерттей алмаған, өз болмысына, өзі өмір сүріп жатқан қоғамға, өз ортасына, өзін қоршаған адамдарға баға бере алмаған адам Жаратушыны да іздемесе керек. Абай айтады: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас». Данышпан ақынның «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деген екі-ақ жол өлеңіне өмірдің шынайы философиясы, адамның болмысы, күрделі табиғаты сыйып кеткен. Адам «жүрегінің түбіне терең бойлау арқылы» ғана өзін-өзі іздейді, адамдық пен надандықтың арасалмағын таниды.



Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес.

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін.

Абай философиясы: бірінші – Алланы сүю («Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй сол Алланы жаннан тәтті») , екінші – адамзатты сүю («Адамзаттың бәрін сүй «Бауырым!»), үшінші – әділетті сүю («Және һақ жолы осы», – деп әділетті»). Ол Алланы ынталы жүрекпен, шын көңілмен сүйді, («Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі хаққа жол емес») адамзатты биік парасатпен, ыстық ықыласпен, терең мейірімділікпен сүйді, ал әділетті ең бірінші өз болмысынан іздеді. Дәлірегі, әділетті өзінің турашыл, шыншыл мінезімен сүйді. Абайдың қара сөздері қазақ үшін Құраннан кейінгі қастерлі кітап және біз солай болуға тиіс деп пайымдаймыз. Ғұламаның қара сөздеріндегі шындық (ұлттың болмысы) – Абай түйсінген шындық деп қана түсіну үлкен қате. Бұл – өткен ғасырдағы қазақтың табиғаты деп өзімізді өзіміз алдап, жұбатуға болмайды, Абай көзге шұқып көрсеткен ұлттық мінез-құлқымыздағы жаман қасиеттеріміз – бүгінгі қазақтың да қасіреті.

«Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы – жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: әуелі – «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым – береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – Құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.


Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.
Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?». Қазақтың досы Абай сынаған, Абай таныған қазақ өзгерді ме? Қазақтың санасындағы «сілкініс» ғұламаның ғұмырлы сұрақтарына жауап бере ала ма?  «Бірақ жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен» деген Абай «мәңгілік өмірді» парасатты дүниетанымымен талдайды. Түсінген адамға Абай «толық адам» философиясы арқылы қазақты бұл өмірге ғана емес, «мәңгілік өмірге» де дайындап, тәрбелейді.

Шәкәрімнің «Үш анығының» сөз басы былай басталады:

«Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс — ұждан. Ұждан дегеніміз — ынсап, әділет, мейірім.

Кетті, келді,

Толды, семді,

Өзгеленді бұл ғалам.

Туды, өлді,

Жанды, сөнді,

Өршіп өнді қайтадан.

Дөңгеленткен,

Өңгеленткен,

Түк білімсіз күш пе екен?

Тіпті мінсіз,

Кемшіліксіз,

Есті қылған іс пе екен?

Жан деген не,

Мүлде еле ме,

Шын жоғалып сөне ме?

Дене жөн деп,

Жоғары өрлеп,

Жаның мен деп келе ме?

Сұрақ. Сұрақтар? Шәкәрім қойған сұрақтармен ілім іздеген, Жаратушыны тануға ұмтылған адамзаттың бетпе-бет келетіні анық. Шәкәрім «таза ақыл», «жүрек көзі» арқылы адамзат ақиқатты таниды деп сенеді. «Сау ақыл менің иманым». (Шәкәрім) Ақиқат. «Социализм мен Шәкәрім ымыраға келмейтін өлшемдер». (Ғарифолла Есім) Шындық.



«Өлген соң елім мұтсын деп, Атымды қойдым: «Мұтылған» дегенде Шәкәрім не айтқысы келді екен? Шәкәрім туындыларына терең зерттеу жасаған ғалым Ғарифолла Есім «Мұтылған» философиясы мақаласында «Шәкәрім өзінің белгілі бір кезеңдерде ұмытылатынын көре білген» деген пікір айтады. Діншіл, қажы Шәкәрімде өз болашағын болжай білетін әулиелік қасиет барын жоққа шығаруға болмас. Оның ұзақ уақыт ұмыт қалғаны да шындық. Осы орайда бізде өз пайымдауымызды ортаға салып көрелік. Ол осы өлеңінде барлық «Меннің» жеңіліске ұшырайтынын және солай болуы тиіс екенін, себебі Жаратушының ғана мәңгілік екенін терең түйсінген.

«...Ендеше аңғару, ойлау ерiктi хайуанның бәрiнде бар. Ерiктi хайуан дегенiмiз – өсiмдiктен бөлек барша жандылар ғой. Өсiмдiк бөтен жерде жүре алмайтын болғандықтан, оны ерiксiз хайуан деймiз. Бiрақ олардың да бiрi естi, бiрi бiрiнен шебер. Оның жәйi әркiмге белгiлi. Ал адамның көбi сол хайуан естi болмаса да, толық зерек, терең ойлы ақыл адамнан шығады. Бiрақ сол адам табиғаттан артық шебер емес» деген Шәкәрім жаратылыс заңдылықтарын, метафизиканы, жалған өмір мен мәңгілік өмірдің қарым-қатынасын, өмір құбылыстарын терең зерттеп, түрлі болжамдар жасайды. Меккеге барып, қажы атанған Шәкәрім мәңгілік сауалдарға жауап іздейді және оқушысына да іздетеді.

Мағжан Жұмабаев шығармашылығындағы өлім мен өмір, (жалғандық пен мәңгілік), Жаратушы мен адам қарым-қатынасы әдемі, үйлесімді өріледі. Мағжан өлімді көп жырлаған ақын. Ол өлімді жырлау арқылы адамзатты өмірді сүюге, бағалауға, жақсылыққа үндейді. Тіпті Мағжанның «түңілуінің» өзінен өлімге құрметпен қарауды сезінуге болады.

 Жел, күңіренбе, жасың тый,



Өлім күйі – тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйге,

Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!»    

Жаны ізгілікке, сұлулыққа құштар жан өлімді күйге теңейді. Мағжан «Мені де, өлім, әлдиле, Әлдиле, өлім, әлдиле!» деп «әлдиін» айтып отырып, өлімнің адамға жат еместігін, өмірді ғана емес, ақылы толысқан адам ажалға да бір сәт құрмет қарау керектігін ұқтырады.

Әсия Бағдәулетқызы «Мағжанның молалық лирикасы» атты мақаласында «О баста Еуропадағы «өлім биі» ақындардың жанына үрей себетін. Келе-келе өлімге ғашық болатын Вийон шықты. Өлім зұлымдықтан құтқарады деген Бодлер болды. Өлімді «қалыңдық» деген «күміс ғасырының» тарланбоздары келді. Мағжан солардың бәрін оқыған, кейбірімен тең тұрған, кейбірінен озған. Әуезовтің ол туралы: «Мағжан – культурасы зор ақын» дегенде меңзегені де сол еді.

Мағжан молалық лирикаға қалай келді? Қуғын-сүргіннен көз ашпаған ол алдымен өмірдің баянсыз, рақымсыз екенін таныды» деп ой түйеді.

Мағжанған қоғамынан жапа шеккен «қайғылы сұлуды» «жерлік емес, жұмақтық гүлге» теңесе, «алдан сұлудың» болашағына алаңдап, күңіренеді. «Әйел» жырында «Қорқыныш, қатер, қайғы өтті, Ұмытты адам Алласын» деп қайғырады. Жұмақты аңсау – адамзатқа тән. Өмірді өзгеше қабылдайтын Мағжанға да тән.
 «Тәңірі» де жоқ, «тәубе» жоқ,                                                   

Жаным қалай тазарсын?

Тұрмыста нәпсіз сәуле жоқ,

«Тәңірі» де жоқ, «тәубе» жоқ.

Өмір деген – шірік шөп,

Қай үмітпен қазарсың?

«Тәңірі» де жоқ, «тәубе» жоқ,

Жаным қалай тазарсын?

(«Қоңыр жыр». «Күнә» айтқызды)

«Тәубәсіз жаның тазармайды» дейді Мағжан. Мағжан жырын оқымай қазақтың да жаны тазармайды. Мағжан жыры – Жаратқанды іздеу, мәңгілікті іздеу.

    Мағжан шығармашылығы туралы сөз болғанда «Тәңірі» жырын аттап өтуге қақымыз жоқ.

Зор Тәңірі, күштісің сен, сенеміз біз,                                                           

Әділ деп, әр ісіңе көнеміз біз.

Өз құлын өзі еңіретпес тура Ие деп,

Өзіңе ерік тізгінін береміз біз.

Ауыздан Алла атыңды тастамаймыз,                                                       

Алласыз ешбір іске бастамаймыз.

«Әділ хан, бұйрығыңа бойсұндық» - деп,

Бұйрықсыз бір адым да аттамаймыз.

Кеш, Тәңірім, болса сөзім пендешілік,                                                      

Мінекей, айқын зұлым, қайда әділдік?

Соншама кең рахметтен құр тастайтын,

Баласы алты Алаштың – біз не қылдық? 

Осы жырында ол Жаратушыға өз қарақан басының қамын айтып жыламайды, халқының мұңын айтып зар қылады. Орысқа бодан болып, оқымаған, қараңғы халқын ойлап, қамыққан ақын Алла мұң шағады. Жыр соңында Тәңірден кешірім сұрап, тәубе етеді.

Қорыта айтқанда, Абай, Шәкәрім, Мағжан шығармашылығы Жаратушыны ақылмен тануға талаптандырып, мәңгілік сұрақтарға жауап іздетеді.

 
  Пайдаланылған әдебиеттер

1.Абай. Қара сөз. По­эма­лар. Ал­ма­ты: Ел, 1993  

2. Абай. Өлеңдер жинағы. Алматы, 1995

3. Шәкәрім. Өлеңдер жинағы. Алматы, 1990

4. Шәкәрім. Мұсылмандық шарты. Алматы, 1993

5. М.Жұмабаев. Өлеңдер жинағы. Алматы, 1998

6. Ғ.Есім. «Мұтылған» философиясы. Егемен Қазақстан, 30 қаңтар, 2008 



                             

Каталог: files
files -> Шығыс Қазақстан облысындағы мұрағат ісі дамуының 2013 жылдың негізгі бағыттарын орындау туралы есеп
files -> Анықтама-ұсыныс үлгісі оқу орнының бланкісінде басылады. Шығу n күні 20 ж
files -> «Шалғайдағы ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды жалпы білім беру ұйымдарына және үйлеріне кері тегін тасымалдауды ұсыну үшін құжаттар қабылдау» мемлекеттік қызмет стандарты
files -> «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты Жалпы ережелер «Наркологиялық ұйымнан анықтама беру»
files -> Регламенті Жалпы ережелер 1 «Мұрағаттық анықтама беру»
files -> «бекітемін» Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы А. Шаймарданов
files -> «бекітемін» Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы А. Шаймарданов
files -> Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2012 жылға арналған операциялық жоспары
files -> Тарбағатай ауданының ішкі саясат бөлімі 2011 жылдың 6 айында атқарылған жұмыс қорытындысы туралы І. АҚпараттық насихат жұмыстары


Достарыңызбен бөлісу:


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет