Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет11/13
Дата25.04.2016
өлшемі2.47 Mb.
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Бұл сөздің ешқандай ақылға сыймайтыны анық, бірақта 71 алаш азаматын құрбандыққа шалған «дәлел» болғандықтан да әрі кеңестік сот жүйесінің қоясын барынша ашып көрсету үшін еріксіз хатқа түсіріп отырмыз. Тіпті Дінмұхамедтің осылай деп айтқанына да күдікпен қарайсың. Өзге айыпкерлерді қайдам, Дінмұхамед Әділевтің тергеушілер жағынан қатты қыспаққа түскенін, неше түрлі қинаудан өткенін ең оның қарама-қайшы айғақтар беруінене-ақ болады. Үш жылға созылған ұшы-қиырсыз тергеу оны әбден қажытып, жайшылықта күйгелек адамның мінезін одан бетер жұқартып жібргені айдан анық. Әбден мезі болып, түрлі қинаулардан жаны түршіккен Дінмұхамедтің мына “мінездемелерін” әбден ашынған соң және енді құтылмасына көзі жеткен соң, азаптап құтылу үшін айтқан жансебілдік қана деп түсінуге де болады. Әйтпесе, далада бой тасалап соғыс жүргізудің заманының өткенін өзге-өзге Байтұрсынов пен Дулатов, Ғаббасов пен Есполов білудей-ақ білетін. Күні кеше, он-он екі жыл бұрын: патшаға қарсы көтерілісте бостан-босқа қырылып қаласыңдар – деп зар қақсаған солар болатын.

Бұдан кейін Әділев пен Павлов астыртын ұйымның шет елмен байланысқан тамырын таратады. Онсыз тергеулдің шарты толмайтыны анық. Бұрынғы айтылғандардың бәрін де заңдастыруға ұмтылады. Павлов сонау Қазақстандағы Саенко мен Альшанскийден шенінің жоғары екенін дәледеуі тиіс. Бұл арада Дінмұхамедті ұрып-соғып, қорлап көндірді ме, жоқ па, онысын құдай білсін, хаттамаға қарағанда екеуінің де мүддесі бір жерден шыққан. Дінмұхамед одан әрі:

Содан кейін Дулатов маған: Шоқаев Парижде көрінеді, онда Түркияның елшілерінің хатшысы болып істейді екен, - деп хабарлады. Бұл мәліметті қайдан алғаны туралы әңгіме кезінде маған айтпады. Шоқаев туралы пікірлескенде ол тек қана жалпылама ғана мағұлмат беріп: көрдің бе біздің адамдар барлық жерде де бар, олар өздерінің қал-қадерінше шамасына қарай әрекеттеніп жатыр, - дегендерді білдіру мақсатын ғана көздеді. Дулатовтың айтуынша, мысалы, Шоқаев Женевада Ұлттар Лигасына барып ұсыныс жасапты, Берлинде болыпты, бүкіл Европаны аралап шығыпты, бір сөзбен айтқанда тынбай әрекеттеніп жүр екен” – деп жауап береді.


Дінмұхаедтің көрсетуіне қарағанда Міржақып Дулатов оған жасырын ұйымның есебін беріп отырған. Ал, Дінше болса оны мақұлдап отырған адам іспетті (ҮІ том. 142-бет). Дінмұхамедтің желдей есіп, ұстатқызбай бара жатқанын Павлов та біліп, айғақ іздеп, одан Дулатовтың жасақтары туралы сұраса керек. Сонда ғана Дінмұхамед кілт тоқтап:

Өзінің Торғайдағы жасақтарының ұйымдастырылуы жөнінде маған Дулатов ештеңе демеді. Тек жоғарыда көрсетілгеніндей, Есполовтың, Байтұрсыновтың, Ғаббасовтың қырға шығатынын ғана ескертті. Содан кейін ол маған сыртта көрмеде тұрған атын көрсетіп: Әне, менің сәйгүлігімде дайын тұр, өзгелер де жақсы ат іздеп жүр,” – деп айтты».


Иә, мұның барлығы да ертегі. Өз сөзін өзі қызықтап, лағып кеткен. Алайда, айтылар сөз айтылды. Атылған адам атылып кетті. Одан қайран жоқ. Тек соның астарын ашып, кейінгілердің содан жиренуі үшін нақты шындықты баяндап беру ғана біздің сыбағамызға тиіп отыр. Бір назар аударарлық нәрсе: ҮІ томдағы тергеу ісінде жоғарыдағы адамдарың аты жиі аталып, әр сұрақта ауызға алынып отырған, Неге? Демек, бұл адамдар Алматыдағы тергеуде өз кінәсін мойындамаған. Енді Мәскеуге келген соң оларға қосымша айып тағу үшін барын салдған. Әйтпесе, өзгелердің аты неге аталмайды. Бұл да есте ұстарлық жай.

Д.Әділев күн сайын жауапқа шақырылып, әр кезекте жаңа сұрақ беріп, бұрынғы жауаптарындағы мәліметтерді қайтадан анықтап, тәптіштеп, оның айналасын қаза түседі. Оның астарына үңілген Дінше жоқ, айылын жимай еркін көсілген. Дулатовты: өзінің ағасы Байсейіт Әділевтің түрмеден қашуына көмектесті. Жаһанша Дінмұхамедовтен ақша алып берді – дей келіп ауылдағы оқиғаларды қайыра баяндап, бұрынғыдан бетер өсіріп хикаялайды. Тіпті алдыңғы сөзінен соңғы сөзі асып түседі. Сөзінің соңында:

Е, жаңа ғана Ғаббасов туралы Дулатовтың айтқаны есіме түсті, ол: біз бәріміз қырға шығып кеткеннен кейін барып Ғаббасов салт атпен бүкіл даланы кесіп өтіп Семей губерниясындағы өз аулына барады. Бүкіл даланы кесіп салт атпен аралап өтуінің өзіндік мақсаты бар, ол “тірі байланыс” орнатып, бүкіл халықты көтеруге тиіс еді,- дейді Дінмұхамед өзінің Шымкенттен Шуға салт атпен барғанын есіне түсіріп.
Біріншіден: Халел Ғаббасов ең соңынан емес, ең бірінші боп өзінің ауылына “отарбамен” барғанын және сол ауылында жүріп Дінмұхамедтен бұрын ұсталып кеткен. Екіншіден: “тірі байланыс”- дегеніңіз- бір ауылдан екінші ауылға хабар беретін шабармандардың іс-әрекеті болса, онда мұны неге Халел Ғаббасов өз мойынына алады? Оның саяси қайраткер ретіндегі атқаратын міндеті бұл емес еді ғой. Үшіндіден: Халел Ғаббасов Семейге барғанша өзге жерде көтеріліс басталып кетпей ме? Сонда, “Алаштың” атын алып отырған және “Алаштың” астанасы ретінде танылып отырған Семей елі ұлт-азаттық көтерілістен тыс қала ма жән тек қана Семей губерниясының өзін аралап шығу үшін кемінде үш ай уақыт керек. Дәл осы арасы Дінмұхамедтің де, Павловтың да есінде болмапты. Бірақ, айыптың айғақтылығы емес, айқайы керек боп тұрған оларға, мұның бәрі де пәлендей маңызды себеп емес-тін. Сондай-ақ, Дінмұхамед өзі туралы өте жоғары пікірде екен. Тергеудің алғашқы екі жылында онша әдептен аттамаған Дінмұхамед Әділев: “Астыртын ұйым менің мұнда келгенімді білуге тиіс, жоқ, біледі”- деп толық сеніммен айтады.

Міне, Дінмұхамедтің Мәскеудегі тергеушіге берген жауабы осындай серпінмен аяқталады. Әрі қарай не күтіп тұр? Белгісіз.

Әрине, біз үшін белгілі. Ал тұтқындар үшін ше?

Істің насырға шапқанын олар да сезген.

Барлық айыпкерлер Мәскеуге Бутырька түрмесіне жиналған соң олардың арасында белгілі бір дәрежеде келісім болған іспеті. Сондай-ақ, олар істің аңдысын аңдып отырып, мұның түбі атумен аяқталатынын біліп, тәуекелге барып, ойындағысын айтуға бекінген. Неге мұндай өзгеріске түсті? Оны түсіндіріп бере алмаймыз. Тек түрмедегі “қолға түскен” бір хатта Міржақып Дулатов өзінің ойын қағазға қазақша, араб қарпімен 1929 – жылдың 19 қарашасы күні:

«Мемлекеттік саяси мекеменің Күншіғыс бөліміне тұтқын Дулатұлы Міржақыптан Мәлімдеме

Мен абақтыға жатқаннан бері неше рет жауап бердім. Бірақта әдейі болсын, қаталасып болсын, ұмытқаннан болсын, білгенімді түгел айтқаным жоқ” деп өзі хат жазған.
Міржақыптың мұндай мазмұндағы баяны бірнешеу. Алғашқысы 5 бет. Аудамасы машинкамен төрт бет. Көк сиямен сарғыштау қағазға жазылған. Солардың соңында мынадай өтініш бар.

«ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығына тұтқын Дулатовтан мәлімдеме.

Мен өзімнің 32 беттен тұратын қазақ тілінде жазылған жауабымды ұсына отырып бұл жауапты орыс тілінде аудартуыңызды және содан кейін маған қарап шығып, қатесін түзетуге мұрсат меруіңізді сұраймын.

Міржақып Дулатов.

30/ХІ-29 жыл».
Неге мұндай шешімге келді? Оған нақты жауап бере алмаймыз. Зады, Москвадағы тергеушілердің әділдігіне сеніп, Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелеуге ұмтылған сияқты. Одан өзге жол жоқ екенін бәрі де білген. Сондықтан неден де болса тайынбай шындықты айтуға бекінген.

ҮІІ том:. Қосымша айғақтар


Бұл томда негізінен қамауға алынғандардың жеке хаттары, құжаттары сақталған. Түптемелердің арасынан жұлынып алынған сияқты. Хаттардың кейбіреуінің түпнұсқасы жоқ, бірақ та орысша аудармасы бар. Біз мүмкіндігінше сарғайып кеткен сол хатттардың түпнұсқасын пайдаландық. Ал кейбір жерлерде оның аудармасын бердік. Мұның өзі тікелей қажеттіліктен емес, мәжбүрліктен туды. Біріншіден: хаттағы жазулар өше бастаған, оны ажыратуға кейде бір-екі күн қажет еді. Ал біздің уақытымыз шектеулі болатын. Екіншіден: орысша аударылған хаттар тасқа басылған еді. Бұл жұмысты жеңілдетті. Сондықтанда біздің амалсыздықтан барған бұл лажымызды түсінер деп ойлаймыз. Кейін мұның барлығын асықпай, түбегейлі зерттейтін мезгіл туар. Сонда бәрі де орынына келер деп үміттенеміз. Біз кейбір хаттарды тәржімалау барысында сол адамның сөйлесу, жазу мәнерін және оның сөздік қолданысын сақтауға тырыстық. Біз бұл хаттар тақырыпқа байланысты тарауларда пайдаланылатын болғандықтан да, ішінара ғана іріктеп келтірдік.
Жүсіпбек Аймауытовтың хатының жалғасы. Әдебиет туралы екінші хаты. Араб харпінде жазылған қазақша текстінің көшірмесі. Жазу таңба сияқты, анық сұлу жазылған.

Жаман аяғымен, жақсы төсенішін былғайды. Тілегенін сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектер де байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкін бе? Сірә, біздің жас марксшілер үлкен кітаптарды оқып алады да: мынау қазаққа келеді екен – деп жалшының не мұжықтың көзімен қазақты өлшейді. Марксті біздің жігіттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болумен тәжірибешіл болудың арасы алыс. Біздің Ғаббас алдыңғысы болар деймін. Әуелі қазақты оқу керек. Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз, оны мен Бройданың кітабынан көріп отырмын. Біз анық біле алмай, көмескіленген нәрселерді ол анық айтып отыр. Қазақ – ұйымсыз, қазақ - берекесіз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда біз де даудың шегі болмайды.



Тағы бір қосылмайтын жерім: ақын – таптыкі ғана болады. Бірақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады – деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге діншіл болуға міндетті? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па еді. Жерінен бай да, кедей де қуылған жоқ па еді? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгені өлген жоқ па еді. Ұлт мұңы бұрын бір емес пе еді? Бір болса, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Міржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкіметіне қарсы болып келген жоқ па еді? Осы өткен ақындардың бәрін байшыл, кедейшіл қылып алып, одан кейін Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелі (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, (?..) байшыл, Бейімбет кедейшіл деген сөз бола ма? Төңкерістен бұрын деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейімбет те бәрі де болып ұлтшыл болып жазып жүрсе, енді кедейді бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттің сұйылуы боялудан шығады деп білемін. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етікші. Рас, пікір жүре өзгереді. Орыс жазушылары да төңкерістен кейін кей бірі жарамсақтанған, оларда жарамсақтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пікірі соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткені төңкеріске біз көлденеңнен қосылдық. Ащысы, тұщысы тауқымешін-тауқыметін басымыздан көшіргеміз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерістің маңызын, дәнін тата алмай (?..) қалдық. Сол дүрмекпен әлі келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзіміз үйлеспей жатыр. Мен өз басымдағыны айтайын. Өзім нағыз кедейдің баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көріп өстім. Балаң орыс болып кетеді, солдатқа алып қояды деп, немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүріп, мені оқытпаған. Сөйтіп мен, байға, жуанға өш болып өстім. Бірақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдің де орыстан көрген қорлығын көрдім. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңірегіндегі қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектер алды, оны мен естідім де, көрдім де. Орыс стражниктерінен, полицейлерінен қазақтың талай таяқ жегенін көрдім. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келіп жүрген Жетпісбайлар есімде. Хохол жоғалған малы үшін оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. Сотқа беретін неме екенсің деп, қақолдар оның аулына жиналып келіп өлтірмек болған. Содан (ҮІІ том 148-бет) қорқып, қыстай үйіне жолай алмай жүрді ғой. Ақмола үйезінде Төкіш деген бір кедей әнші бар еді. Жақ жоқ әнші еді. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкішті тепкілеп өлтірген. Бұлар 22-23 жылдардағы оқиға. Осыларды көріп, естіп тұрып, қалай тапқа кісенделерсің? Кеше ғана осы жылдың сентябірінде Қарқаралының алты кедейі Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бір орысқа жалданып келс, мұнда келген соң орыс ақысын бермей қашқан да кеткен. Олар мені тапты. Біреуі ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, мені білетін Сәбікей деген жігіт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кетті. Қолдарында түк белгі жоқ. Не қыларсың? Осының бәрі жүзден бірі, бәрін көріп, естіп жүрсің. Қай қазақ хохолдың жерін тартып алды, үйінен бездірді? Ауылына ат ойнатты, өлтірді, ақысын бермей, сауырға бір салып қоя берді? Мұнша зорлықты кім істеп отыр? Осының бәрін көре - біле тұра – кімшіл болу керек?.. Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзім байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бірақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менің миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден миымдағы іздер де бар. Ол іздермен жүрмесіме мүмкін бе? Ғаббас қалай жүргізбейді екен? Құлағымнан, көзімнен миға хабар жеткізетін жүйкелерімді (нерв) кесіп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемді мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзінше ойлатам деу қиянат.

Рас, қазақ кедейі теңдікке жетті, жетілді. Жаңа тұрмысқа аяқ басты. Бірақ екі зорлықтан әлі айырылған жоқ, жуықта арыла алмайды – бірі: өз байынан көретін зорлық, бірі - жатынан көретін зорлық. Соңғыны айтайын десең, ұлтшыл болып шығасың, ендеше, байшыл боласың. Бастапқыға қанағат етуге болмайды. Қашаннан қалып қалған нәрсе, тұрмыс талқысымен болмаса, бұдан оңай шыға қоймайды. Шыға қойса, әлгі алты кедей неге сандалып қалды? Қағаз жүзі мен өмір жүзін айыру керек. Ғаббас, Әбдірахмандар қағаз жүзін алса, мен өмір жүзін алғым келді. Міне, менің пікірім осы.

Мен осы пікірімді газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өріс берер, бермесін білмеймін. Ішімде қайнап жатқанша тым болмаса, сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пікіріңді жаз. Теріс, бұрысын көрсет! Бұл пікірімді Ғаббасқа да айт. Жөні келсе, керек жерін оқып жібер.

Ордадан хат-хабар алмаймын. Сенімен жазысып тұрайық. Сен не оқып жүрсің? Жақсы кітап болса маған жібер. Мұхтардың адресін білсең жазып жібер. Балалар аман. Тұрмыс сәл, жалақы –72 сом. Тезірек хат жазарсың.

Қош, сүйдім. Жүсіпбегің.

Адрес: Орынбор, Совет көшесі, дом 51. Астыңғы қатар. Маған. Орынбор , 2 январь”.
Арабша жазылған. Қара сиямен. Бұл адамға арнаған екінші хаты. “Кәкебай” дейді , бұл кім? Қошкеме, жоқ, басқа біреу ме?
«Жүсіпбек!

Көрмегелі көп айдың жүзі болды” дегендей бір-бірімізді көріспегелі көп уақыттар болып қалды-ау. Сенің биылғы жазған хатың маған кешігіп тиді. Сондықтан саған іле жаза қоймадым. Өйткені сенің адресің өзгерген шығар деп ойладым. Және де Ташкенге барған соң қапшықтың аузын бір-ақ шешіп, жаздайғы бастан кешкенді бір көйтермін-ау деуші едім.



Не керек, жолыға алмадық. Сені Қызылорда да кездестіремін деген оймен Қызылордаға соқтым. Мен келген күні таңертең Жақаңдыкіне барсам, Ж: “Жүсіпбекті шығарып жаңа ғана вокзалдан келдім”- деп отыр. Санды бір-ақ соқтым. Сені Ташкен мен Қызылорданың бірінде болар деп ойлап едім. Болмаған себебіңді Жақаңнан естідім. Ж. айтуынша, “Дәлелі- дәлел”- дейді. Және Женяның (жеңгенің) науқасы Т-т (Ташкент – авт.) әуесін жақтырмайтындығы екінші себеп болса керек еді. Қалайда Орынборда оқшауырақ тұрып қалдың, енді орнығып қалған шығарсың. Әйтсе де, сені Шымкентке шақыртуы күшті көрінеді (Шымкент педтехникумының бастығына жолығып едім), өзің ырза болсаң, олар тұрмыс жағынан мұңсыз қылар едік деп ынтық-ақ болып отыр. Әуесі жақсы жер, барсаң да теріс болмас еді. Әлі де кеш емес қой.

Енді әңгімені өз жағыма аударайын. Жаз ай жарым елде болдым, 2 ай шамасы Қызылжарда болдым. Көңіл- күй жақсы. Әзірше ойлаған нысанаға дәл тиіп келеді. Ана жағын айтам. Бізге қырын қарайтын (өсек айтпаса іші кебетін бір адамдардан келген хабар болса керек ) біреу, ол туралы саған теріс информация берген сықылды. “Онымен мен қосылыппын, ол менен өзгеріп қалса да, сырттағы бір күш еріксі...”- деген сықылды. Бұл сөздердің источнигі атақты қу атышулылардан шыққан көрінеді. Әминаның сіңілісін Байділдин алды. Ол тұқыммен біз ежелден дұрыс болмайтұғынбыз. Дұрысында бұрынғы күйімізден еш бір өзгеріс болған жоқ. Қайта одан көрі өмір қызығырақ болған сықылды. Бірақ саған ол күйді суретті түрде сездіруге қалам шабан ғой. Өзің ауызға салып жіберсең, “иә, солай”- дер едім. Қалайда, көңіл тынды. Ресми тұруды оның оқуын бітіруіне байлап қойдық. Ол жағынан қысқаша хал- жайымыз осы.

Мағжанға жолықтым. 15 күндей бірге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенің соңғы жазғандарыңа қанағаттанды. Осы күнге шейін айызым қанған сәулетші қалам “Нұр күйі” болды. қызыққандықтан әлденеше оқыдым” – дейді. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менің ойларымды нық бекітті. Қуандым. Онымен түрлі мәселелер туралы көп кеңестім. Соны пікірлері бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: “Түбінде жалғыздар тобы жасайды, біз жалғыздар тобының құрамасымыз” – деп жазады екен. Бұл пікірді Мағжан да қуаттайды. Екпіні күшті қалам, сиқырлы сөз, негізі берік пікір түбінде алып та, шалып та жығады – деп ақын шалқып-ақ жүрген көрінеді. Оның настроениесін көтеріп отырған Мәскеу. Мәскеуде әдебиет туралы пікір жарысы бар, майдан бар сықылды. Европа әдебиетшілерінің де соны пікірі жарыққа шығып қалатын шақтары болады –дейді. Марксшылдыққа қарсы пікірді қолдайтын әдебиетшілер де пікірлер ұсынатын сияқты. Тегінде бірезулік қылмай, ғылыми жетіп, сығалап жүріп таңдап ала алса, пікір, пікір тудыратын майдан ашылағандай. Қапелімшіл желөкпелер көп ағымның арасында кез-келгенінің біреуіне қақтығып, саломдай салмақпен біеуіне еріп жүре беретіндей сияқты. Біздің Қызылорданың ВАП-ы да сондай бір ағымға еріп бара жатқандай деседі. Түрлі әдебиет ағымдарымен таныстыру үшін олардың программаларының жинағы басылып шығыпты, Мағжан маған жібермек болды. Сен де сұрап алып таныс.

Мағжан саған жазудан қажитын емес дейді, өзің де енді шет тұрғаннан кейін жазудан тартынбассың. Мағжан, Әлекең (Әлихан Бөкейханов – авт.) “Восиздаттың” науч. сотрудниктері. Мүмкін бұлар арқылы жазуға кітапта аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кітаптарын қазақшаға аудару керек дейді, оларды осы күннен сұрауың керек сықылды.

Мұхтар: әдебиет соңынан жарық алып түстім. Оқимын - деп Ленинградқа кетіпті. Оның “Таңдағы” соңғы жазған әңгімелерін оқыған шығарсың. Мен анық байқай алмадым, әйтсе де, жақсы-ау! Мұхтар Мағжанмен жиі жазысып тұрған екен, пікірлерін оқыдым. Олардың енді бір ойы: сол ұйымдардың бір қазаққа қолайлы деген біреуіне қатынасып, қазақ әдебиетіне лайықты жол деген жолдарын ұсынбақ. Баяндамалар жасап, пікірлерін тыңдатпақ. Мағжан жаза бастапты. Мәскеуде бірнеше қырғыз, қазақ тілдерінде шыққан әдеби кітаптарға сын жазған екен, олар да басылыпты. Мағжан биыл бұл жағына күрделі кірісемін деп отыр.

Ташкенде тұрмыс жағынан биыл қыс ауырлық көрмеспіз. Қошке институтқа әдебиет сабағын беремін деп барып еді. “Жәшейке қабыл алмады ”- деп жүгермектер қабыл алмады. Қошке военный школға кірді. Мен орыншамын. Менің мұндағы қуанышым: педфак түзеліпті, программа жақсы. Әдебиет тарихы. Тәрбие жағы күшті. Әзірге оқу басталған жоқ.

Жалғызсырайтын емеспіз. Жолдастар бар. Әйтседе, сенің орының бөлек. Биылғы хатың мені көп желпілдірді. Жазып тұр. Не жазайын демессің. Өміріміздің қою-сұйығы , ащы-тұщысы бір-бірімізге мәлім шығар деп ойлаймын. Туғаныңды көргем жоқ, өлгеніңе жыламаймын - дейтін жеріміз жоқ. Достық пен махаббатқа сауда жоқ деген иман қайсымызда болса да бар. Достың таза сөзінен қымбат нәрсені мен өзім әзірге білмеймін. Жалғыз-ақ, шын достық санаулы екенін білемін. Бірақ достықты тар кезең, талма жер көрсететін көрінеді ғой.

Жап-жақын жайшылықта көп достарды,

Мен неге жамандықта сирек көрем -

дейтін ақынның сөзі сүзіліп өткен таза сөздің нақ өзі шығар деп ұғамын. Сенің жақсылығыңа - мерей өсіп қуана алмаған, жамандығыңа - жаны ашып күйзеле алмаған ерлігі жоқ ездердің не керегі бар.

Жарайды жазып тұр.

Жәнеге (Женя, Евгения - Жүсіпбектің әйелі - авт.) жақсылап сәлем айт. Бектұр, Мәруа, Жанақ жолдастарға сүйіп сәлем. Анық адресіңді жазып жібер. Абдолладан сәлем. Ғабдолла. 12/ІХ» .
Мағжанға Жүсіпбек пен Молдағалидың жазған хаты.

«Орынбор . 1924-жыл. Майдың –16.

Ардақты Мағжан!

Сенің Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.

Ақылды не ақылы қысқан аға айтады, не жан ашыр дос-жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақта туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос-жарандық білдіргелі, ақындығыңа біз бір ақылсымақ айтқалы келеміз.

Сен ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің “көгіне өрмелеп шығып күн болатын” үміткер ақын сенсің. “Жаралы жанды ”, “Қорқытты”, “Баянды” берген ақыннан одан да зор күтеміз. Қазақ әдебиетінде артынан мүрида етуге, өзіндік дәуір жасауға сенің қаламыңнан басқасының дәмесі жоқ. Ақындығыңа мін тағуға болмайды. Сенен “әттең ғана” деп табарлық бір кемшілік: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегің “сұм өмір” деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үміт күтпейсің, “бүгінен» жиренесің, безесің, түңілесің, өткенді жоқтап алданыш етесің. Өмірден түңілген, өмірге қол сермеген сары уайым, сары қайғыға түсіп барасың. Мұндай сары уайымшылық (пессимизм) ақынның бойын өсіре ме? Өріс ұзарта ма? Үмітсіз, тілексіз өмірде не мағына бар?

Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бірақ Байрон заманындағы қара күн (реакция) Байронның шеккен жиһан күйігі (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса күйінсе, оны “жиһан күйігі” деп санауға бола ма? Ол тар көзділік болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұру мүмкін бе?

Рас, қазақ ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қазақты сүйесің, қазақпен бірге күйесің. Қам көңілді қайғыртып, уайым төгіп, қаяу салғаның қалай? “Торық па, жабықпа, түңілме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) “от” бар – деп көңілін көтеріп, демеу (ҮІІ том. 153-бет) бермегенің қалай? Болғанды –“болды”-деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз - әдебиет неге керек? Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйрегендей сөз іздейміз. Өткенді өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша еді?

Пушкинді Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңілі, өмірді дұрыс бағалай білгендігі ғой. Сен - туысың қазақтың, адымың - қарға, елің - мешеу болса да, өмірге ашық көзбен қарайтын 20-ғасырдың ұлы емессің бе. “Қу өмір, сұм жалған”, “жауыз жазым” дәуірі сұйылып, өмірдің қожасы, тақтың Алласы - адам болған заманда, адамға жаңа тілек, жаңа арман, жақсы салт-сананың заманында сен сықылды күшті ақынның (?..) өзгеріс кірмейді деуге көңіл бармайды.

Сарыуайымшыл болса да, бүгінде Байронды төңкеріс ақыны деп санап отыр. Төңкерісшіл болмаған ақынның өркені өспейді. Өркеніңнің өсуіне тілектес болғандықтан, дос-жараның сөз айтып, көңілдегі мүддемізді шығарып отырмыз.

Жүрекке, идтихатқа, иманға қолқа салу кімге болса да зорлық, әсіресе, ақынға зорлық. Сүйтсе де себепсіз нәрсе болмақ емес қой: таяу тұрған нәрсеге түткідей себеп болсақ, біздің мақсұтымыздың орындалғаны.

Жүсіпбек.

Бауырларың:

Молдағали”.
Бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да Молдағали жазған болуы керек. Не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым таңбасын пайдаланып отырған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық.

Әлихан Бөкеханов пен Ахмет Байтұрсыновтың екеуара жазысқан хаттарының біразы сақталған, біразының фотокөшірмесі бар, ал кейбіреуінің аудармасы ғана сақталған. Түпнұсқаның кейбірі танылмады..


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> ҮШінші бөлім: «БҰзылған бесік » «Бізді аямасаң да жолыңда жатқан бесікті аясаң болмай ма?!»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абайдың шәкірттері туралы. 1951 жылы, 6-апрель күні Алматыда қорғалған «Абайдың әдебиет мектебі»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай туралы Ә. Бөкейханов,
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Сонымен, 1951 жыл. Жиырма үшінші ақпан. Жазушылар жиналысы. Бұл жолы сөздің кезегі бірінші болып өмірінде бірінші рет Сәбит Мұқановтан бұрын Мұхтар Әуезовке берілді
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Ііі том. 93 бет. 6 түптеме
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> МҰхтар әуезов пен сәбит мұҚанов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Стенграмма: Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ. Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13


©netref.ru 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет